Тілдің дамуы барысында болып жататын түрлі құбылыстар, соның ішінде тәуелдік жалғауының түбірге кірігіп, көнеріп, өзінің сөздің грамматикалық тұлғасын түрлендіру қызметінен айырылып, түбірдің дыбыстық құрамының өзгеруін, мағынасының өзгеруін, соған орай синтаксистік қызметінің өзгеруін туғызатын дәрежеге жетуі тілде жиі кездесетін құбылыстарға айналған. Осындай тәуелдік жалғаудың түбірге кірігуі, көнеруі нәтижесінде пайда болған сөздер лексикалық бірліктер ретінде танылып, сөздіктерде реестр сөз ретінде беріліп, дербес лексемалар ретінде танылып жүр. Бұл сөздерді тәуелдік жалғауының түбірге көнеруі арқылы жасалған туынды сөздер деп санаймыз.
Қазақ тіліндегі тәуелдік жалғаудың түбірге кірігу әрекетінен пайда болған сөздердің әрқайсысында болған өзгерістер түрліше сипат алған. Сондықтан да түбірдің өзгеруіне әсер ететін әр тілдік жағдайға жеке-жеке тоқталғанды жөн көрдік.
Фонетикалық өзгеріс Бұл бөлімшеде тәуелдік жалғаудың түбірге кірігу әрекетінде болатын фонетикалық өзгерістермен қатар морфонологиялық өзгерістерді де қамтимыз. Тәуелдік жалғауы түбірге кірігу әрекеті барысында бастапқы түбірдің буын жігіне өзгеріс енгізеді. Мөселен, көбі, түбі тәрізді сөздерді алсақ, бастапқы түбірлері — көп, түп — бір буынды сөздер болса, тәуелдік жалғауының түбірге кірігуі арқылы олар екі буынды сөздерге айналған: кө-бі, тү-бі. Болмаса, керегі сөзін алайық, бастапқы түбір — керек — екі буынды сөз болса, қазіргі туынды сөз үш буыннан тұрады: ке-ре-гі. Осы тұста айта кететін жайт, тәуелдік жалғауы кірігу әрекетінің нәтижесінде ашық буынды бітеу буынға немесе керісінше, бітеу буынды ашық буынға өзгертіп отырады. Дәлел: осы тәсіл арқылы пайда болған қырқы, себебі сөздерін алайық. Бастапқы түбірлер -қы-рық, се-беп түрінде болса, казіргі жағдайда қыр-қы, се-бе~бі түрінде өзгеріске түскен. Яғни, бастапқыда қы-рық сөзі ашық буын мен бітеу буыннан құралса, қазір бітеу буын мен ашық буыннан тұратын сөзге айналған. Ал себеп сөзі де бастапқыда ашық буын мен бітеу буыннан тұрса, бүгінгі күні тек ашық буыннан қалыптасқан сөзге (се-бе-бі) айналған. Аталған сөздердегі буын түрлерінің алмасуына әсер етіп отырған - тәуелдік жалғауының түбірге кірігу әрекеті.
Тәуелдік жалғауы түбірге кірігу арқылы оның құрамындағы дауысты дыбыстың редукциялануына әсер етеді, яғни дауыссыз дыбысқа аяқталған сөзге тәуелдік жалғауының дауысты дыбыстан басталатын көрсеткіштерінің кірігуі арқылы сөз құрамындағы қысаң дауыстыны редукцияға ұшыратады. Мысалы: аузы-мұрны деген қос сөзді алсақ, оның екі сыңары да редукцияға ұшыраған. Ауыз, мұрын түріндегі бастапқы түбірлерге тәуелдік жалғауының дауыстыдан тұратын -ы көрсеткішінің кірігуі арқылы сөз құрамындағы қысаң ы дыбысы түсіп қалған: ау(ы)зы-мұр(ы)ны. Тілде осы тұлғасында қолданылады. Бұдан өзге құрамындағы тәуелдік жалғауының түбірге кірігуі арқылы редукдияға ұшыраған мына сөздерді де атай аламыз: ау(ы)зы-басы, бет-ау(ы)зы, дені-қар(ы)ны, қыр(ы)қы, қаз-қал(ы)пы, мей(і)лі, ажар-көр(і)кі, Қазақ тіліндегі ықшамдалу амалы, яғни үнем принципі тәуелдік жалғауының түбірге кірігу әрекетінде де кездесіп отырады. Жоғарыда айтылғандар – соның алғашқы дәлелдері. Бұлардан басқа тілде тәуелдік жалғауының кірігуі барысында өтетін элезия құбылысын да (сөз ішінде түсірілетін дыбыс) байқай аламыз. Мәселен, тәуелдік жалғауының кірігуі арқылы пайда болған күшім сөзі ықшамдалу заңдылығына ұшыраған. Бастапқы түбір "күшік", оған "-ім" түріндегі тәуелдік жалғауы жалғанған. Қолданылу жиілігінің артуына байланысты және тәуелдік жалғауының түбірге кірігуі негізінде сөз құрамындағы "-/іг" буыны түсіп қалған (күшігім < күш(іг)ім). Қазір ықшамдалған түрі — "күшім" күйінде қолданылады. Мысалы: Еркелете басынан сипап, "күшім-күшім " деп те қойды (М.Сүндетов). Айтылған жайт сөз ішіндегі дыбыстардың түсірілуіне байланысты. Келтірілген деректен тәуелдік жалғауы түбірге кіріге отырып, оның дыбыстық жағынан ықшамдалуына да әсер ететінін байқаймыз.
Тәуелдік жалғауының көрсеткіштері түбірге жалғануы барысында оның құрамындағы қатаң дыбыстың ұяндауына әсер ете отырып, сол күйде түбірге кірігіп кетеді. Мысалы: ардағым, жарығым тәрізді еркелету мәніндегі сөздердің бастапқы түбірлері — ардақ, жарық қатаң қ дыбысына біткен. Ал тәуелдік жалғауының жалғануы, одан әрі кіріге түсуі нәтижесінде қатаң қ дыбысы ұяң ғ-ға айналған. Бұл топқа мына сөздерді де атай аламыз: анық-қанығы (<Қанық+ы), аяғы (<аяқ+ы), бар-жоғы (<жоқ+ы), бас-аяғы (<аяқ+ы), жарықтығым (<жарыҚтық+ым), керегі (<керек+і), көбі (<көп +і), қарағым (<карақ+ым), қол-аяғы (<аяқ+ы), бегім (<бек+ім), себебі (<себеп+і), тегі (<тек+і), түбі (<түп+і), шырағым (<шыраҚ+ым), шет-шегі (ш<ек+і). Бұлардың барлығы да қазір тілде осы тұлғаларында реестр сөз ретінде қолданылады. Сондықтан да жоғарыдағы өзгерістерді көрсетіп отырмыз.
Сонымен тілдің морфонология заңдарының негізінде түбір мен қосымша арасына қыстырма ретінде келіп тұрған тәуелдік жалғауының көрсеткішін түбірге кіріккен деп есептейміз. Себебі, бұл көрсеткіш өзінің бастапқы мағынасын да, қызметін де сақтамаған. Түбір құрамында үнемі осы тұлғасында қолданылуы – өзгермейтін заңдылық және реттік сан есімнің қалыптасуында да белгілі бір деңгейде өзіндік орны бар. Сондықтан да тәуелдік жалғауының бұл қолданысын кірігу әрекетіне қатысты айтып өткенді жөн деп таптық.
Айтылғандардан тәуелдік жалғауы түбірге кіріге отырып, оны түрлі фонетикалық өзгерістерге ұшырататынын байқадық. Бұл тұста ол морфонологияның ықшамдалу және ұлғаю амалдарымен байланыса отырып, жүзеге асатыны да белгілі болды.
Лексикалық мағынаның өзгеруі Тәуелдік жалғауының түбірге кірігуі сол сөздің лексикалық мағынасына да әсер етеді. Көнеру, кірігу әрекетінің нәтижесінде пайда болған сөз бастапқы лексикалық мағынасынан бүтіндей айырылып, жаңа лексикалық мағынаға ие болады. Сол арқылы тілде жаңа туынды сөздер пайда болып, сөздік құрам толыға түседі. Сондықтан да тәуелдік жалғауының түбірге кірігу әрекеті арқылы қалыптасқан сөздердің барлығы біртұтас сөз ретінде сөздіктерде беріліп отырады. Мәселен, "Қазақ тілінің сөздігінде" (Алматы, 1999) кездесетін бірнеше сөздерге тоқталып кетейік.
"Абзалы - дұрысы, шыны деген мәнді білдіретін модаль сөз" [37, 11]. Ол тәуелдік жалғауының III жақ көрсеткішінің түбірге кірігуі арқылы пайда болған (<абзал+ы). Бастапқы түбір "абзал" -қадірлі, асыл, аяулы деген мағынаны білдірген, сын есім тобындағы сөз болса, бүгінде кірігу әрекетінің негізінде сол мәннен айырылып, жаңа туынды мағынаны иеленген. Соған сәйкес сөздікте дербес сөз ретінде беріліп отыр.
"Жарығым - еркелету ретінде айтылатын "шырағым", "сәулем" мәніндегі сөз" [37, 214]. Бұл тәуелдік жалғауының I жақ көрсеткішінің түбірге кірігу әрекетінің негізінде жасалған (<жарық+ым). Бастапқы түбір "жарық" - зат есім, қазіргі білдіріп тұрған туынды мағынасына тәуелдік жалғауының түбірге кірігуі нәтижесінде ие болған. Екі сөз екі түрлі мағынаны білдіреді, сондықтан да сөздікте де әрқайсысы жеке-жеке беріліп отыр.
Айтып өткеніміздей, тәуелдік жалғауының кірігу әрекеті арқылы қалыптасқан сөздер тілімізде өзіндік дербес лексикалық мағынасы бар тілдік бірліктерге айналған. Тілімізде тәуелдік жалғауының түбірге кірігуі арқылы жасалған туынды сөздер мағынасы жағынан түрлі-түрлі. Олардан лексикалық мағыналы сөздердің түрлі мағыналық ерекшеліктерін көруге, кездестіруге болады. Лексикалық мағыналы сөздердің антонимдік қабілеті бары окулықтарда да, ғылыми еңбектерде де зерттеліп, аталып жүргені белгілі. Міне, сөздерге тән бұл мағыналық ерекшелік тәуелдік жалғауының түбірге кірігуі арқылы жасалған туынды сөздерге де тән ерекшелік.
Тәуелдік жалғауының түбірге кірігу әрекеті арқылы пайда болған туынды сөздер ішінен бір-біріне қарама-қарсы мәндегі антонимдерді табуға болады.
Антонимдер – бір-біріне қарама-қарсы мәндегі сөздер. Аталған тәсіл бойынша (тәуелдік жалғауының кірігу әрекеті) қалыптасқан антонимдерді анықтау барысында " Қазақ тілінің антонимдер сөздігін" қарап шықтық [38]. Соның нәтижесінде төмендегі антонимдерді анықтадық.