3.5 Тоғызқұмалақ –логикалық ойын, дамыту негіздері
Тоғызқұмалақ – әлемдік мәдениетінің озық үлгілерімен бой теңестіре алатын зияткерлік (интеллектуалдық) ойын, логикалық ойлау өнері. Археолог-ғалымдарының пайымдауынша ойынның пайда болу мерзімі 4000 жыл шамасын қамтиды. Жасөспірім ұрпақтың дене шынықтыру тәрбиесімен қатар, ақыл-ойынын дамуына да зор мән берген бабаларымыз осы ойынды ойлап тауып, зердегілік және зияткерлік даму құралы ретінде қолданған.
Міне, осындай ұлтымыздың ежелден өшпей бүгінгі күнге жетіп, қазір қарқындап дамып отырған құндылығымыздың бірі, ұлттық ойынымыз – тоғызқұмалақ. Бұл халқымыздың тамырын тереңге жайған төл мұрасы. Бұл спорт түрі – әлемдік мәдениеттің озық үлгілерімен иық теңестіре алатын, қазақ халқының ежелден келе жатқан рухани, логикалық ойлау өнері.
Ойынның шығу тарихы туралы нақты қандай бір дәлме-дәл дерек жоқ. Алайда зерттеуші ғалымдардың пайымдауынша ойын осыдан 4000 жыл бұрын пайда болған деседі. Тоғызқұмалақ көшпелі қазақтың өмірінен көрініс беретін бірден-бір ойын. Себебі ойын көшпенді қазақтың тұрмыс-тіршілігімен және мал шаруашылығы тығыз байланысты. Ерте кезден-ақ халық жерден арнайы отау қазып, ойын жүрісі үшін малдың құмалақтары немесе қиыршық тастарды пайдаланған. Бұл ойынның алғашқы көріністері болып табылады. Кейін заман ағымына сай арнайы тақталар пайда болып, ойынның өзіндік ережелері беки түсті.
Қазіргі уақытта тоғызқұмалаққа тек қазақтар ғана емес шет ел азаматтары қатты қызығушылық танытып отыр. Әлемнің көптеген елдерінде ұлттық ойынымыз кеңінен насихатталып жатыр. Бұл әлемдік деңгейдегі ойын үлгісіне айналып бара жатыр. Сөзімізге дәлел мәселен, Моңғолияда тоғызқұмалақтан мектептерде арнайы олимпиада өтеді екен. Көршілес Қытай, Қарақалпақстан елдерінде ойынның үлгілері сипатталған арнайы кітаптар, ғылыми еңбектер шығарылған. 2007 жылы Македонияның Охрид қаласында өткен Түркі тілдес халықтардың жастар құрылтайында 40 елден келген 240 делегатқа ұлттық ойыннан арнайы семинар, тренингтер өткізілген. Тоғызқұмалақ алты рет 2006 жылы – Лондонда, 2007, 2008, 2009 және 2010 жылдары – Прага мен Пардубицеде (Чехия), 2010 жылы – Каннда (Франция) дүниежүзілік зияткерлік олимпиада мен фестивальдердің бағдарламасына енді. 2009 жылдың 15 қыркүйегінен бастап ең алғаш рет интернетте тоғызқұмалақ ойыны алғаш рет интернетте тіркеліп, онлайн жүйедегі ойнайтын бағдарламасы жасалды. Бүгінде тоғызқұмалақ тек түркі тілдес халықтар арасында ғана насихатталып жатқан жоқ, Англия, Германия, Чехия, Франция сында әлемнің дамыған елдері де үлкен қызығушылық танытып отыр. Осындай ұлттық мұрамыздың кеңінен насихатталып жатқаны да өз тарапынан оң бағасын, жемісін бере білді. Бұның айғағы 2010 жылдың 1-7 қараша аралығында Елорда төрінде алғаш рет тоғызқұмалақтан әлем чемпионаты өтті. Алғашқы әлем чемпионатына Англия, Әзірбайжан, Германия, Испания, Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Өзбекстан, Латвия, Монғолия, Түркия, Түркменстан, Ресей, Чехия, Швейцария, Украина сияқты елдерден барлығы 50-ге жуық спортшы қатысқан. Сол уақыттан бері тоғызқұмалақтан әлем чемпионаты әлемнің өзге де елдерінде ұйымдастырылып келеді. Бүгінде бұл ойынға жастар қызығушылығы да бар. Чемпионаттар өз жемісін беріп жатыр. Ұлттық спорт түрлеріне енгізілген бұл ойынға да Самұрық-Қазына Қоры демеушілік жасап келеді. Бастысы жастар қызықса 4 мың жылдан бері тірі ойын әлі де тірі болып қала бермек.
Тоғызқұмалақ шығармашылығы - зияткерлік ойындардың әдіс-тәсілдерге бай, амал-айлаға мол екендігін көрсете алатындықтан, арнайы зерттеуді, талдауды қажетсінеді. Өйткені шығармашылық жанрыбарлық ойындарда кездесе бермейді. Кейбір тоғызқұмалақ тектес ойындарда этюд және есеп жанры да кездесе беруі мүмкін, бірақ олардың мүмкіндігі шектеулі. Бұл шектеулер - тақтаның құрылысына, отаулардың және құмалақтардың санына байланысты орын алады. Мәселен, овари ойынында - 12 отау, 48 шар, калахта 12 отау, 72 шар бар. Бұл ойындарда этюд жанды бай болғанымен, есеп жанрының түрлері мен амал-тәсілдері шарлардың аз болуына байланысты көп болмайды.
Тоғызқұмалақ шығармашылығы деп - ойын соңында тақтада кездесетін ұтысқа немесе тең ойынға жеткізетін, болмаса нақтылы құмалақ санын ұтуға арналған авторлық туындыларды айтамыз. Ойын соңы мен шығармашылық жанрдың айырмашылығы көркемдік деңгейімен қатар, құрылымынан да байқалады. Мәселен, "ойын соңы" деген ұғым екі ойыншының жарыс барысындағы тақтадағы жағдайына байланысты айтылса, шығармашылық жанр деген түсінік жеке тұлғаның құрастырған есеп не этюд жанрына байланысты қолданылады. Сондай-ақ шығармашылық жанрдың өзіндік идеясымен қатар, отаулардағы құмалақтардың орналасу ретіне байланысты тақырыптары болады.
Тоғызқұмалақ этюдтері есептерге қарағанда идеяға бай, тақырыптары сан алуан. Егер есептерде нақты құмалақ санын ұтып алуға негізделетіндіктен, көбінесе комбинация жасауға итермелесе, этюдтерде жүріс ұтудан бастап атсырауға дейінгі аралықтағы барлық амалдар кеңінен пайдаланылады. Этюдті шешу жоғары шеберлік деңгейді талап етеді. Этюдтің жауабын тапқан кездегі эстетикалық сезім, адамның рухани жан-дүниесіне әсер етеді.
Қолдарыңыздағы еңбекте алғаш рет тоғызқұмалақ шығармашылығы есеп және этюд жанры ретінде бөлініп берілді. Олардың нақтылы өзіндік ерекшеліктері арнайы мысалдармен көрсетіліп, тақырыптары мен идеялық ұқсастықтары мен айырмашылықтары назарларыңызға ұсынылды. Тоғызқұмалақ ойынының шығармашылық жанрын қалыптастырған Ә.Ақшораевтың еңбегінің құнды тұстарын сараладық.
Қорыта айтқанда, қазақ халқының әлемдік этноматематикаға қосқан үлесін қарастыру үшін алдағы уақытта мангала ойындары қалыптасқан орталардың өзіндік мәдениеті мен танымын, ұлттық зияткерлік ойындардың ерекшелігін зерттеу керек. Сонда ғана тоғызқұмалақ ойынының ережелерінің әсемдігі, қалыптасу ерекшеліктері, М.Әуезов, Қ.Қуанышбаев бастаған қоғам қайраткерлерінің қоғамдық қызметі мен ойлау жүйесінің ерекшеліктері тек елімізде ғана емес, әлемдік деңгейде бағасын алатын болады.
Достарыңызбен бөлісу: |