А. Ж. Куватов тоғЫЗҚҰмалақ Ұлттық ойыны әдістемелік нұсқаулар



бет3/5
Дата03.03.2016
өлшемі470 Kb.
#35673
1   2   3   4   5

Енді қостаушы отауларындағы 8 құмалақты қазанына салып, ойынның есебін жүргізеді. Есеп 76-86. Қостаушы ұтты.

3. Егер "атсырау" жағдайында қосымша жүріс жүрілген кезде, құмалақтар амалсыздан қарсыластың отауларының біріне түсіп, жүріс беретін болса, ойын әрі қарай жалғаса береді. Сонымен қатар ойыншы ойын барысында 82 құмалақ жинаса да, нәтиженің дәлдігі үшін ойынды соңына дейін ойнауы тиіс.
2.2 Ойын ережелерінің танымдық мәні
Әрине, бұл ережелер бірден қалыптаса қойған жоқ. Уақыт талқысына ұшырап, өзгеріске түсті. Кейде шарттылыққа (№9 отаудан тұздық алмау) да ұрынды, кейде кейбір ережелерді (мәселен, қоздату) алып тастауға да тура келді. Бірақ ойынның қазіргі нұсқасының қалыптасуына да көп уақыт кетті және республикалық деңгейде мойындалып, негізгі ережеге айналды. Сонымен катар жоғарыда айтылған ережелердің әрқайсысын қабылдаудың өзіне қаншама ғасырлар кетсе де әлі күнге дейін осы ережелердің танымдық мәні арнайы қарастырылмай отыр. Көне түркілік дүниетаным, салт-дәстүр, әдет-ғұрыппен байланысты жақтары жеткілікті дәрежеде сөз етілген жоқ.

Қазан төңкерісіне дейінгі кезеңде ойын ережелері ұрпақтан-ұрпаққа ауызша жеткендіктен, жазбаша түрдегі мұрагерліктер қалмаса, XX ғасырдың басынан еліміз тәуелсіздік алғанға дейінгі кезеңде жазылған еңбектерде тоғызқұмалақ қойшылар ойыны ретінде қарастырылып, ойын ережелері мал шаруашылығына қатысты ұғымдардың аясында ғана көрсетілді. Ал мал шаруашылығының өзі көшпенді өркениеттің бір бөлшегі екенін білгенімізбен, "қойшылар ойыны" деген догматикалық кағида ұлттық өнерімізді жаңаша бағытта қарастыруға мүмкіндік бермеді. Мүмкіндік болғанымен қасаң сана бұдан басқа тұжырымдардың болуын жоққа шығарды.

Ал тоғызқұмалақты көне түркілік дүниетаныммен бірлікте қарастыру еліміз тәуелсіздікке шыққаннан кейінгі жылдары ғана көрініс табуда[5.481 – 482].

Ойын ережелерінің танымдық мәнін жеке талдап көрсетуге де, жалпы қозғалыс ойындарының ережелерімен салыстырып қарастыруға да болады. Бұл екі бағыт та тиімді болғандықтан, алдымен шетелдік козғалыс ойындарына тоқталайық. Мәселен, египеттік калах, арабтық манкала ойындарында жүріс жасау үшін орнына құмалақ қалдырмай, отаудағы барлық құмалақ солдан оңға қарай бір-бірлеп таратылады. Екіншіден, құмалақ ұту үшін ойыншы өз жағындағы бос тұрған отауға құмалақ түсірсе жеткілікті. Сонымен қатар ойын барысында ойыншының бірі атсырауға ұшыраса, қосымша жүріс жасалмай ойын бірден тоқтатылып, нәтижелері есептеледі.



Бұдан не байқалады? Тоғызқұмалақ ойынының калах, манкала ойындарымен ұқсастығы бағыты, атсырау ережесінде болғанымен, айырмашылықтары өте көп. Ең бастысы шетелдік ойындарда тұздық ережесі кездеспейді. Ал осы ойындардың шығу тегі бір болғанның өзінде, оның ережелеріндегі ерекшеліктер қайдан шықты? Әрине, бұл алдағы зерттеулердің еншісінде, бірақ осы ерекшеліктердің өзінен тоғызқұмалақ ойынының даралығын және көнелігін байқауға болады.
2.2.1 Бағыт мәселесі
Тоғызқұмалақ ойынындағы жүріс жасау бағыты дәстүрлі дүниетанымдық негіздерден туындаған. Мәселен, Қ.Сапарбеков: "Қазақ атқа мінгенде үзеңгіге сол аяғын салып, оң аяғын ердің оң жағына асырып түсіреді. Былайша айтқанда оң жағына бағыт ұстайды. Сол секілді тоғызқұмалақшылар да құмалағын жүріс кезінде оң жағындағы отауларға салып отырады. Бұл жерде кейбір халықтар оң жақты басқаша түрде ескереді. Мысалы, орыстар аттың оң жағынан мінеді, сиырдың оң жағынан сауады. Дәл осы жерде еске ұстарлық нәрсе сол – қазақ тоғызқұмалақ жүрісін өз бағытына үйлестірген" – дейді[6]. Ұлттық ойындарды зерттеуші Б.Төтенаев ойындағы жүріс бағыты туралы: ”...батыстың дәстүріне, яғни сағат тілінің бағытына қарсы жүріледі” – дейді[7.110].
2.2.2 Отауға бір құмалақ қалдыру
Шетелдік басқа қозғалыс ойындарынан ұлттық ойынның тағы бір ерекшелігі – жүріс жасағанда отауға бір құмалақ қалдыру. Бұл ереже түркі халыктарының дәстүрлі ұғымындағы "қара шаңырақты" сақтап қалу сеніміне байланысты шыққан болуы керек. Ата-ана әркашан кенже ұлды немесе сүйікті ұлдарының бірін қолына қалдырып, үрім-бұтағы жұрттың орнын жоғалтпай қара шаңырақтың иесі болып отырған.
2.2.3 Жұптың табысты болуы
Тоғызқұмалақ ойынындағы ұтып алынатын құмалақтар санының жұп болып келуі – дәстүрлі дүниетаным аясында қызықты болжамдар жасауға негіздейді. Көне түркілік дәстүрлі ұғымда бабаларымыз аспанды – әке, жерді – ана деп санаған. Немесе Нұх пайғамбардың кемесінен түскен жан-жануарлардың жұп-жұбымен түсіп, тіршіліктің әрі қарай жалғасуына баспалдақ болғаны белгілі. Сонымен қатар ғалым Қ.Сартқожаұлы "Екі негіз" ұғымы туралы қызықты пікір айтады: “Екі негіз ұғымы байырғы түркілердің әлемді түсіну философиясы. Көне түркілер пайымында әлем – аталық пен аналықтан тұрады. Аталықтың көктегі символы – күн, аналықтікі – ай, жердегі символы – тау, аналықтың символы – су"[8.31] және "Түркілер "екі негіздік" дүниетанымды ұстана отырып, түркі әлемінің барлық бітім-болмысын осы жұптық жүйеге негіздейді. Түркілердің мемлекеттік жүйесіндегі төлес пен тардуш (сол және оң қанат); басқару жүйесіндегі явғу мен шад; қоғамдағы иерархия; моральдық нормадағы бод пен ұмай, күйдегі қос ішек, әдебиеттегі (поэзиядағы) қос ұйқас (ежелгі түркі өлеңі қос жолдан құрылған); сурет өнеріндегі аталық және аналық символдар; ауызекі сөйлеу жүйесі және графика жүйесіндегі дыбыстың сингармонизмі мен консонантизмі т.с.с."[7.32]. Бұған тоғызқұмалақ ойынындағы "жұп" мәселесін қосуға да болады. Әрине, "екі негіз" ұғымы әлі де тереңдей зерттеуді қажетсінеді, бірақ жұптасып өмір сүрудің өзі табиғи түрдегі – табысқа жетудің жолы екенін бабаларымыз ерте кездерден пайымдаған. Мәселен, тек қана "бас екеу болмай, мал екеу болмайды" деген қанатты сөздің өзі осы дәстүрлі дүниетанымнан алыс кетпейді. Ал калах және оған ұқсас ойындарда табысты жүріс үшін жалғыз құмалақ жеткілікті. Ал түркілік дүниетанымда "жалғыздың үні шықпас", "жалғыздық құдайға ғана жарасқан" деп жалғыздық мәселесіне оң шырай танытпаған.
2.2.4 Тұздық алу ережесі
Тоғызқұмалақтан басқа ойындарда кездеспейтін қызықты ерекшеліктердің бірі – тұздық ережесі. Мәселен, калахта тұздықтың орнын қазан атқарады. Осы ойындағы арнайы тұздықтың болмауы, әр өткен сайын өз қазаныңа бір құмалақ салып отыру да – ойынның тез бітуіне де әсер етеді. Ал тоғызқұмалақты тұздықсыз елестету қиын. Ойын да көбінесе тұздықтар тартысына құрылады. Сонда тұздық ережесі қалай пайда болды?

Түркі халықтары діни сенімінде ерте кезден Тәңірге табынған және оның ризашылығы үшін құрбандықтар берген. Құрбандықтар жаратушы иеге, Ұмай анаға, аруақтар әлеміне ризашылықпен шалынып отырған. Олар осы киелі күштердің жебеп, қолдап жүретіндеріне сенген. Міне, ұлттық ойындағы тұздық алынған отауға жүріс жасаған сайын бір құмалақтың салынып отыруы (сапарға шығу алдында Тәңірге құрбандық шалу) – осы құрбандық беру ғұрпын елестетеді.


2.2.5 Тұздықтың ойында бір рет алынуы
Тұздық ойында бір-ақ рет алынады. Шахматта 8 жаяу әскердің сегізі де уәзірге айнала алса, ұлттық ойында ондай мүмкіншілік жоқ. Бұл ереженің қалай шыққаны туралы мәліметтер жоқтың қасы. Сонда да болса осы ерекшелік арқылы құрбандық шалу салтына қатысты ойларымызды тереңдете аламыз.

Ежелгі сақтар болсын, ғұндар болсын құрбандыққа ақ боз ат шалатын болған және осы арқылы жолымыз оңғарылады деп сенген. Ал құрбандыққа шалынған аттың бұл дүниемен қоштасып, аруақтар әлеміне баратыны белгілі. “Халықтар арасында жалпы жаратылысты тігінен алғанда Жоғарғы әлем – Тәңірлер әлемі, Ортаңғы әлем – Адамзат әлемі, Төменгі әлем – аруақтар әлемі деп үшке бөлген”[9.5]. Сондықтан болса керек, тоғызқұмалақ ойынында тұздық – отауда 3 құмалақ болған жағдайда ғана алынады. “Тұздық” деген сөздің негізгі мағынасы да – “тұзды үй” дегенді білдіреді, яғни “тұз-дәмі таусылатын орын”. Ал аруақтар мекен ететін орын бір ғана – аруақтар әлемі.


2.2.6 Маңдайдан және аттас отаулардан тұздықтың алынбауы
Шахмат және дойбы ойындарында тек сегізінші шаршыда ғана уәзірге шығуға болады немесе би алуға мүмкіндік беріледі. Тоғызқұмалақта тұздықты кез келген отаудан алуға болады. Яғни бұл мәселеде көшпелілік пен еріктілік сипаты бар. Тек №9 отаудан алуға болмайды, бірақ бұл кейіннен шыққан ереже. Бұл өзгеріс қай кезеңде болғаны белгісіз. Түркілік кезеңде ме, әлде қазақ хандығы дәуірінде ме? Қазақы дүниетанымда маңдайың ашық болсын деген ұғым бар. Міне, осы түсінік – тоғызқұмалақтағы №9 отаудан тұздық алмау ережесіне жақын келеді. Көнедегі тәжірибелі ойыншылар - маңдайдан тұздық алу, ойында ұтылумен пара-пар деп есептеген. Ал аттас отаулардан тұздық алмау сыры – ойынның даралығын, құндылығын арттырудан туындаса керек.
2.2.7 Атсырау ережесі және соңгы жүріске мүмкіндік беру
Атсырау ережесі – халқымыздың адамның өмірден өтуіне байланысты "дәм-тұзы" таусылды мағынасына келетін секілді. Өйткені атсыраудың – өзі жүріс сұрау, ат сұрау, күш сұрау. Күші таусылған, демі таусылған пенде өмірден өтеді. Ондай кезде оның барлық иелігі жарық дүниеде қалып, басқа біреулердің меншігіне өтеді. Оның өзіне тиесілі еш нәрсе қалмайды. Тек осы уакытқа дейін жинаған абыройы (тоғызқұмалақта қазандағы құмалақ мөлшері) ғана қалады. Сондықтан атсырауға ұшыраған ойыншының қарсыласы қосымша бір жүріс жасап, барлық отауларындағы құмалақтарды өз қазанына салып алады.

Егер қосымша жүріс жасағанда жүрісі таусылған карсыластың отауларына құмалақ түссе, ойын жалғаса береді. Шынында бұл да өте қызықты ерекшелік. Калах пен манкалада жүріс таусылса, ойын тоқтатылады. Ал ұлттық ойында ойыншыға тағы да бір мүмкіндік беріледі.Оның қайтадан тірілуіне, қайтадан күш алуына мұрсат бар. Тоғызқұмалақ тарихында қосымша бір жүріс арқылы ойынның қайтадан жалғасып, атсырап отырған ойыншының қайтадан ұтып кеткен мысалдары көптеп кездеседі.

Әрине, тоғызқұмалақтың танымдық мәселелері бір айтылғандармен шектелмейді. Ұлттық өнердегі негізгі ерекшеліктер тек калах пен манкала ғана емес, дүние жүзінде кездесетін басқа да қозғалыс ойындарының барлық түрлерімен салыстырылып зерттелуі тиіс. Және де ойын ережелерімен қатар, ойындағы түрлі атаулар да арнайы қарастырылуы керек. Мысалы, "қазан", отау аттарының мағыналық ерекшеліктері және тағы басқалар.
3 Ойнды жазу тәртібі және тоғызқұмалақ әліппесі
3.1 Жазу тәртібі
Ойынды жазып ойнау тәртібін үйренудің еш қиындығы жоқ. Жазуды меңгеру – ойналған ойындарды есте сақтауға, жүрілген жүрістерді талдауға көп көмектеседі. Шебер ойыншылардың ойындарын талдау арқылы өз шеберлігін арттыруға, жіберілген кемшіліктерді екінші жолы қайталамауға болады. Жарыс барысында қарсыластың алдап кетуінен сақтанып, әр ойынның сырын тереңінен ашуға септігі тиеді. Жазып жүрудің екі түрлі тәртібі бар. Толық жазу және қысқа жазу тәртібі.

Толық жазу үлгісі төмендегі ретпен жүргізіледі:

1. Жүрілетін отаудың нөмері көрсетіледі.

2. Отаудағы құмалақтар саны жазылады.

3. Соңғы құмалақ түскен отаудың нөмері.

4. Ондағы құмалақтар саны.

5. Тұздық алынған жағдайда X белгісі қойылады.

6. Қос нүкте (:) – табысты жүрісті, сызықша (–)

– жай жүрісті бейнелейді.

7. Леп белгісі (!) – күшті жүріс.

8. Сұрақ белгісі (?) – қате жүріс.

9. 2 леп белгісі (!!) – өте күшті жүріс.

10. 2 сұрақ белгісі (??) – өте қате жүріс.

11. Сұрақ және леп белгісінің қатар келуі (?!)

– ойландыратын жүріс.
Енді осы жазу үлгісін нақтылы мысалмен талдап көрелік. Мысалы, бастаушы ойыншының 1.79:610 жүрісін жасаса, онда 7 – отаудың нөмері, 9 – сол отаудағы құмалақ мөлшері, : – табысты жүріс, 6 – сонғы құмалақ түскен отаудың нөмері, 10 – ондағы құмалақ мөлшері.

Қысқа жазу үлгісінде тек отау нөмірлері ғана көрсетіледі. Мәселен, №1. 76.

Сонымен қатар турнир нотациясы туралы С.Тілеубаевтың "Тоғызқұмалақ әліппесі" кітабында:

"Турнир нотациясында жүріс басталған және аяқталған (соңғы құмалақ түскен) отау номерлері қосылып, екі таңбалы санмен өрнектеледі. Жүріс кезінде тас (құмалақ) алынып, ол табысты болса, онда жүріс таңбасынан кейін үтір қойып, тағы да қазанға жиналған барлық тас санын (қорды) көрсететін екі таңбалы санды жазамыз, яғни жүріс үтірмен бөлінген төрт таңбалы сан болады. Мысалы, 6 отаудағы тастар жүріліп, қарсыластың 1 отауындағы тастарды ұтып алғанда, өз қазанынан жинаған тастар саны (қоры) 35 болса, онда жүріс 61,35 цифрларымен көрсетіледі.

Егер жүріс кезінде тұздыққа тас (құмалақ) түссе, онда түскен тас санын (1,2 цифрларын) ғана жүрістен кейін жазып, үтірмен бөліп қояды", – дейді[9.9].

Осы айтқандарды С.Тілеубаевтың "Тоғызқұмалақ әліппесі" кітабындағы мысалмен түсіндірейік. Мәселен, Имакеев Н. (Қырғызстан) – Момбеков Б. (Қазақстан) ойынында қырғыз корғанысының негізгі жүрістері жасалды. Осы ойынның 10 жүрісінің жазу тәртібін С.Тілеубаев нұсқасы бойынша көрсетелік. Сонда:


1. 76,10 98

2. 66 87,4

3. 12, 22 76, 8

4. 78 78

5. 58, 26 92, 22

6. 36Х 15Х

7. 94, 2 92.

8. 16 49,29

9. 86,2 13,1

10. 79 82

Осы жүрістерден кейін тақта басында төмендегіше жағдай қалыптасады.














30













4

1

5

X

17

2

17

6

1

4

7

6

19

X

5

1

2

2













33












Енді осы жүрістердің кейбірін жазу тәртібі бойынша талдап көрейік. Мәселен, 1.76,10 жүрісі. Бұл жағдайда 7 – жүріс жасалған отаудың номері, 6 – соңғы құмалақ түскен отаудың номері, ал үтірден кейінгі 10 – ұтып алынған құмалақ саны болуымен қатар, қазандағы құмалақ мөлшерін де көрсетеді. 6. 36Х жүрісіндегі X – тұздық белгісі болуымен катар, бастаушы ойыншының №6 отаудан тұздық алғанын білдіреді. 7. 94, 2 және 9. 86, 2 жүрістеріндегі үтірден кейінгі 2 – тұздыққа түскен құмалақтардың мөлшерін білдіреді.

Әрине, С.Тілеубаев ұсынған бұл жазу тәртібінің тиімді жақтары болуымен қатар, кемшілік тұстары да жетерлік. Мәселен, осы ойындағы 7, 9 жүрістердегі үтірден кейінгі – 2 саны тұздыққа түскен құмалақ мөлшерін білдіргенімен, қарсыластардың тұздығының қайсысына тиесілі екенін нақтылы анықтай алмаймыз. Сондықтан осы ерекшеліктерді ескере отырып, ойынды жазу тәртібінің жаңа бір түрі ұсынылады.

Бұл жазу тәртібінің ерекшелігі – әр жүрістен кейін ұтып алынған құмалақтар мөлшері қазандағы құмалақтар мөлшеріне қосылып, жалпы саны жазылады. Сонымен қатар қарсыластардың тұздығына түскен құмалақтар да бірден қазандағы құмалақтар мөлшеріне қосылып жазылып, үнемі көрсетіліп отырылады және құмалақтар кімге тиесілі екені арнайы таңбалар аркылы бірден белгілі болады. Ол үшін ойыншы өзінің тұздығына түскен құмалақты – кішкене х-пен, ал қарсыласының тұздығына түскен құмалақ үшін жүріс жасалған отаулар арасына – дефис белгісін қояды. Сонымен катар, жай және табысты жүрістен басқа, ойынның табиғатына жақын жүрістің ерекше түрі – тұздықты жүріс шығады. Енді осыны Н. Имакеев және Б.Момбеков ойынының алғашқы 10 жүрісімен түсіндіріп көрсетейік.

1. 76 (10) 98

2. 66 87 (4)

3. 12 (22) 76 (8)

4. 78 78


5. 58 (26) 92 (22)

6. 36Х (29) 1–5Х(25)

7. 94х (31) 92

8. 1–6 4–9х (29)

9. 8–6х (33) 13 (30)

10. 79 82

Ойынды жазу тәртібін ұсынған С.Тілеубаевтің нұсқасына біздің ұсынып отырған үлгіміз 6 жүріске дейін ұқсас болғанымен, ары қарай ерекшелене бастайды. Мәселен, 9. 8–6х (33) жүрісінде 8 саны – жүріс жасалған отаудың реттік нөмірі, дефис – қарсылас ойыншының тұздығына түскен құмалақты, 6 саны – соңғы құмалақ түскен отаудың реттік нөмірі, ал х – құмалақтың өз тұздығына түскенін білдіреді. Жақша ішіндегі 33 – құмалақтардың казандағы мөлшерін білдіреді. Кейде байлық таратылғанда бірден 2–3 құмалақ тұздыққа түсуі мүмкін. Мұндай кезде құмалақтардың мөлшері қазандағы құмалақ мөлшеріне қосылып жазылады.
3.2 Тоғызқұмалақ әліппесі
Тоғызқұмалақ ойынындағы 5 құмалақтан 2 құмалақ ұтып алу тәсілі – тоғызқұмалақ әліппесі деп аталады. Өйткені шағын сипаттағы комбинация жасауға осы мөлшердегі құмалақ керек. Оның 2 қалыпты жағдайы бар.
I. № 8 отауда 3 құмалақ, № 9 отауда 2 құмалақ.
1. 81 --

2. 92 23


3. 89 34

4. 91 13


5. 91 (2)
II. № 8 отауда 4 құмалақ, № 9 отауда 1 құмалақ.
1. 91 --

2. 82 23


3. 89 34

4. 91 13


5.91 (2)

Бұл тәсіл көп жағдайларда ойыншы атсырауға ұшыраған кезде қолданылады. Мысалы,
















72













2

2

1

























1

2

2













80












Осы тақтадағы жағдайда қарсыластар құмалақтарын № 9 отауға жинаса, бастаушының 4 жүрісі, қостаушының да 4 жүрісі бар. Егер бастаушы осыны ескермей, № 9 отауға құмалақтарын жинаса, атсырауға ұшырап ұтылып қалады.

1.89 89

2.89 89


3.78 78

4.89 89


5.93 12

6. 91 12. Ұтыс кара жағында 72-90.

Сондықтан бұл жағдайда ақ жағы 5 құмалақтан 2 құмалақ алу тәсілін пайдаланып, ұтысқа ие болады. Ол үшін 1. 78 жүрісін жүріп, жоғарыдағы бірінші жағдайға келтіреді. Сонда есеп 82-80 болады.
4 Тоғызқұмалақ отауларының аттары және тұздық бағалау көрсеткіштері
Адамзаттың ақыл-ойының жемісі болып табылатын әрбір интеллектуалдық ойында – күрделі тартыстық жағдайлар көп туындайды. Бұл сәттерде тақта басында пайда болған әрбір позицияны терең есептеген, мұқият зерделеген ойыншы табысқа жетеді. Әрине, тоғызқұмалақшыға алғашқы жүрістен бастап ойынның мақсаты мен мәні, ондағы негізгі күштер мен оларды бағалау құндылықтарын қалай меңгергені әсер етеді. Сондықтан ойынды қандай теориялық негіздерге сүйеніп ойнау керектігі туралы ақпарат алудың маңызьі зор.

Бірқатар зияткерлік ойындарда негізгі құндылықтар мен оларды бағалау сатылары туралы толық ақпараттармен қарулануға мүмкін болса, кейбір ойындарда мұндай ақпаратқа ие болу шартты түрде жүзеге асады. Мысалы, шахмат ойынындағы фигуралар, олардың ара салмағы, орналасу реті, бағалау көрсеткіштері толығымен зерттеліп, нақтылы талданған. Немесе жапонның госы мен орыстың дойбысында да тақта басындағы құпиялық толык сақталмайды. Мәселен, дойбыда тақтаның сегізінші қатарында ғана биге шығу мүмкіншілігі ойыншыларға бірдей.

Ал калах, манкала ойындарында тұздықтың болмауы және оның қызметін жартылай қазан атқаруы да жұмбақ емес. Сіздің әрбір шарды калах-қазанға тұрақты түрде салып отыратыныңыз алдын ала белгілі. Ақпараттық құпиялылық сақталмайды.

Тоғызқұмалақ ойынында тұздық ережесінің барлығы және оның көшпелі сипаты ойынның тартысты болуымен қатар, негізгі күштердің құпия сақталуына да әсер етеді. Сіз қарсыласыңыздың қай отаудан тұздық алатынын ойын басталған сәттерде алдын ала бағамдай алмайсыз. Өйткені кейде тұздық алуды сіз жоспарлағаныңызбен, кейде қарсыластың өзі ұсынады. Ойын бағытын таңдау да – отаулардағы құмалактардың орналасу ретіне, тұздықтардың ара салмағына байланысты. Сондықтан тоғызқұмалақ ойынындағы ең негізгі мәнге ие құндылық – тұздық. Олардың атқаратын қызметін жетік меңгеру – ойын барысында туындайтын түрлі сәттерді дұрыс аңғаруға әсер етеді. Өйткені әрбір жүрістен кейін тақтадағы құмалақтардың отаулардағы орналасу реті өзгеріске ұшырап отырады.

Тоғызқұмалақ ойынында 18 отау бар. Бұл отаулар екі жаққа тоғыз-тоғыздан бөлінген. Ойыншының бірінің тоғыз отауына берілген атау екінші жақтың да отауларының аты болып табылады. Калах ойынында отауларға реттік нөмірлеу қойылса, ұлттық ойындағы отау аттары ұзақ жылдар ойнаған шебер ойыншылардың тәжірибесіне сүйеніп қойылған. Әрбір отау атын ойлап тапқан ойыншының аты белгісіз болғанымен, бабаларымыздың бұл қойған аттарынан ойынды терең меңгергені байқалады.

Тоғызқұмалақ ойынындағы отау аттары қазіргі кезде төмендегіше аталады:

№ 9 отау – маңдай

№ 8 отау – көкмойын

№ 7 отау – қандықақпан

№ 6 отау – белбасар

№ 5 отау – бел

№ 4 отау – атсыратар

№ 3 отау – атөтпес

№ 2 отау – тектұрмас

№ 1 отау – арт.

Бұл отаулар тоғызқұмалақ ойынынан хабарсыз жандар үшін ешқандай мәнге ие емес, ал шебер ойыншылар үшін түрлі жорамалдар жасауға негіздейді.

Көрнекті түрколог С.Аманжолов отау атаулары және олардың ойын барысындағы қызметі туралы: “1. Солдан оңғай қарай 1-отауды “Құйрық” я “Арт” дейді. Себебі, ондағы құмалақтар көпке дейін өзгермей, түгел қалып отырады.

2-отауды – “Тектұрмас” дейді. Себебі жүріс көбінесе осы отаудан басталады.

3-отауды “Атөтпес” дейді. Оның себебі, қарсы жақтың аты бұған түспей кете алмайды.

4-отауды “Жаман үй” дейді. Себебі қарсы жақтың адамы бұл жерден үнемі жеп отырады.

5-отауды “Бел” дейді. Бұл екі орталық аса қауіпті емес.

6-отауды “Сары дала” дейді. Себебі бұл жүріске де, “тұздық” алуға да ыңғайлы жер.

7-отауды “Қосан жылаған” дейді. Оның себебі – бұрынғы заманда Қосан деген ойыншыны тағы бір ойыншы дәл осы 7-отауда әлденеше рет “тұздыққа” отырғызыпты, соған ыза болып жылапты-мыс.

8-отауды “Көкмойын” дейді. Себебі мұнда да көптен-көп “тұздық” алынатын көрінеді және бұл жерге көп құмалақ жиналып қала береді.

9-отауды “Аққасқа” дейді. Себебі, бұл шұңқырда құмалақ көп жатады. Ойыншы бұл отаудан өз құмалағын шығарса-ақ, қарсы жақтың отауына түседі, бірден оған аттап түсу ойыншыға пайдалы болмайды. Өзін жауып кетіп барып жүрсе, әрине, тиімді болады”[3], – дейді.

Ал Т.Сұлтанбеков болса: “Отау аттары кездейсоқ қойылмаған. Мәселен, ойынның алды және арты болады. Алды тоғызыншы отау – Маңдай, Арты – бірінші отау, екінші отаудың Тектұрмас аталуының себебі – онда құмалақ көп жатпайды. Бұл отау – қарсы жақтың шабуыл объектісінің бірі. Оған көбінесе “тұздық” жасалу қаупі туып отырады (тұздық дегеніміз – отау беру, яғни сол отаудан айырылып қалу). Үшінші отау – Ат өтпес. Бұлай аталу себебі бұл отаудан – ат, яғни құмалақ ешқашан айырылмайды. Төртінші отау – Атсыратар (жүрістің, құмалақтың таусылуы).Бұл отаудың атсыратар болып аталуының себебі – ойын аяғы осы отаудан басталғанда, құмалақ тез таусылады. Сол сияқты ойын басында осы алғашқы үш отаудан ойын бастаған ойыншы да жүрісі таралып, тез атсырауға түседі. Бесінші отау – бел. Нағыз орта болғандықтан, бел деп аталады. Алтыншы отау – Белбасар. Белбасар аталуының себебі – ойын басында бұл отаудың құмалағы қарсы жақтың беліне дәл жетіп жатады. Жетінші отау – Қандықақпан. Көбінесе есептен жаңылдыратын қауіпті отау. Бұл отаудың “тұздығы” позицияда үлкен осалдық тудырады. Сегізінші отау – Көкмойын. Қандықақпаннан кейінгі осал жер. Бұдан да “тұздық” беру аса қауіпті. Кейбір ойыншылар бұл отауды алқым деп атайды. Тоғызыншы отау – Маңдай. Бұл отаудың өзіндік қасиеті басқа отаулардан ерекше, яғни бұдан “тұздық” алынбайды” – дейді[2.186]. Шыныда бұл тұжырымдар ойынның өзіндік заңдылықтарынан алынып отыр. Бірақ ойындағы отау аттарын басқаша қарастыратындар да кездеседі. Мәселен, кентаулық шебер Т.Құдияров тоғызқұмалақты әскери ойынға жатқызып, осы отаулардың орналасу ретіне өзгеше көзқарас ұстанады.

Яғни ойындағы 9 отау – белгілі бір мемлекеттің көшпенділер үшін қағанаттың құрылымы. Мәселен, № 1 отау – жаяу әскер. Бұл отаудағы құмалақ бірден жойылып отырады. № 2 отау – шекара. Бұл отаудағы құмалақ үнемі шабуылға ұшырайды. № 3 отау – қорған. Бұл отаудан аттап өту үшін қосымша күштер /құмалақтар/ керек. Алдындағы қос отауда құмалақ бір-бірден жатса, қорғаннан аттай алмайды. № 4 отау – штаб. Артқы және алдыңғы шепті байланыстырады. № 5 отау – уәзір орны. № 6 отау – мұрагер (ханзада) орны. № 7 отау – ханның сарайы. № 8 отау – қор-қазына. Барлық дүние-мүлік, байлық осы орында сақталады. № 9 отау – халық мекендейтін орын. Бұл отаудан тұздық алынбайды.

Әрине, бұл тұжырымның да жаны бар шығар, оны дәлелдеу уақыт еншісінде. Бірақ бір нәрсе айқын. Ойын – көшпенді өмір салтының негізінде шыққан және әскери ойынның көріністері де бар.

Ал енді тұздық күштерінің ара салмағы қандай? Тұздық күштерін бағалау қандай тәртіппен жүргізіледі?

Негізінен алғанда тұздықты бағалау оның атқаратын қызметіне байланысты жүзеге асады:

1. Тоғызқұмалақ ойынының басты мақсаты – құмалақ көп ұту болғандықтан, тұздық күшін бағалаудын бірінші сатысы – тұздық алынған отауға түскен құмалақ мөлшеріне байланысты анықталады.

2. Бағалаудын келесі сатысы – алынған тұздық жүрісті қаншалықты қысқартатынына байланысты.

3. Үшінші сатыда қарсылас отауларындағы құмалақ ыңғайлы орналасып, құмалақ ұтуына кедергі жасайтын тұздық күші бағалануы тиіс.

Енді осы қағида сатылары бойынша тұздық күштерінің ара салмағын анықтайық:

1. Ең күшті тұздықтар – № 5, № 6, № 7 отауларынан алынған тұздықтар болып есептелінеді. Өйткені бұл отаудағы тұздықтарға құмалақ көп түседі, жүрісті көп қысқартады және қарсыласқа құмалақ ұтуына мүмкіндік бермейді. Ал бұл тұздықтардың іштей өзара салмағы хан, мұрагер және уәзірдің хандыққа ие болу таласын елестетеді. Ханда – билік, мұрагерде – болашақ, уәзірде – айла бар. Әрине, бұл шартты түрдегі салыстыру, бірақ көптеген шебер ойыншылар көп жағдайларда № 6 отаудағы тұздыққа басымдық береді.

2. Одан кейінгі орындарда № 3 және № 4 отаудан алынған тұздықтар басым мәнге ие. Бұлар жүрісті көп қысқарта алғанымен, құмалақ мөлшерін аз ұтып алатындықтан кейінгі орында түр.

3. Келесі кезекте № 2 және № 8 отауларынан алынған тұздық. Бұларға құмалақ көп түскенімен, қарсылас жүрісін қысқартуға пайдасы аз.

4. № 1 отаудағы тұздыққа көбінесе тек өз отауларындағы құмалақтар ғана түседі.

Міне, тұздық күштерінің ара салмағын да зерделедік. Бірақ бұл бағалау сатылары ойын барысында өзгеріске де ұшырап отыруы мүмкін. Күшті отаудан тұздық алып, қамсыз ойнаған талай шебер ойыншылар ұтылуға мәжбүр болған сәттер де баршылық. Сондықтан қай отаудағы тұздыққа ие болсаңыз да барынша есептеп ойнау керек.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет