Қабылдаған: Арайлым Умбетова Пәні: Психология Орындаған


«Эмоциялық интеллект» ұғымына қалыптасқан көзқарастар



бет3/7
Дата11.05.2024
өлшемі132.67 Kb.
#500872
1   2   3   4   5   6   7
Ақжол жфз

2.«Эмоциялық интеллект» ұғымына қалыптасқан көзқарастар.
Шетелдік психологияда П. Салоуей, Дж.Мэйер және Д. Карузо бойынша: «эмоциялық интеллект – әлеуметтік интеллектінің компоненті, өз сезімдері мен өзге адамдар сезімін қадағалау, оларды ажырата білу және ол ақпаратты өзінің ой, әрекеттерін басқару үшін қолдану қабілеті, эмоциялық интеллектінің дамуы тұлғаның үйлесімді, тұлғалық дамуына игі ықпалын тигізеді. Нақтырақ айтқанда, эмоциялық интеллект – эмоциялық ақпаратты өңдеу, түсіндіру (интерпретациялау) және қолданумен байланысты интеллект түрі». Д. Гоулман (ЭИ мәселесін анағұрлым терең зерттеген ғалымдардың бірі): «эмоциялық интеллект – тұлғаға өзін-өзі сезінуге, түрткілендіруге, көңіл-күйін басқаруға, импульстік көріністерді бақылауға, фрустрациядан бекіну, күнделікті өмірде табыстарға қол жеткізуге мүмкіндік беретін факторлар жиынтығы; өз интеллектісін көрсету тәсілі». Р. Бар-Он: «қоршаған орта талаптары мен әсерлеріне (қысымына) оңтайлы жауап бере алу қабілеттілігі, ортаға оңай бейімделуге ықпал ететін эмоциялық, жеке және әлеуметтік қабілеттер жиынтығы».
Д. Майерс: «эмоциялық интеллектуалды адамдар өзіндік санасының жоғары дәрежеде дамуымен ерекшеленеді. Олар өз эмоциясына дисфункционалды депрессия, мазасыздық, ашу арқылы нұқсан келтірмеуге тырысып, өмір сүреді. Олардың жанашырлық (эмпатия) көрсете білу қабілеті айналадағы адамдардың эмоциясын дұрыс түсініп, олармен үйлесімді қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік береді – олар достарына, әріптестеріне қалай қолдау көрсету керектігін, дау-жанжалды қалай шешу қажеттігін біледі». Шетелдік психолог-зерттеушілер пікірінше, «эмоциялық интеллект» — өзінің және өзгелердің эмоциясын тани білу, оларды басқара алу; эмоцияны басқару мүмкіншілігі – адамдардың тұлға аралық өзара әрекеттесуіне анағұрлым тиімді бейімделуге көмектеседі.
Ресейлік психологиялық ғылымда «эмоциялық интеллект» ұғымын алғаш қолданған Г.Г.Гарсковая. Ғалым бұл ұғымды енгізу үшін екі негіздемені келтіреді: «интеллект» ұғымының біртекті, ұқсас болмауы және интеллектуалды операциялардың эмоциямен жасалуы.
И.Н. Андрееваның пікірінше, «эмоциялық интеллектіні дамыту – аса өзекті мәселе, себебі эмоцияның бейімделуші табиғаты индивидтің белсенді өмір сүруіне мүмкіндік жасап, тұлғаның белгілі бір ортаға бейімделу қабілетін және оның қоғаммен үйлесімді қатынасын арттырады. Эмоциялық интеллект – эмоциялық ақпаратты талдауға, өңдеуге және қолдануға интеллектуалды қабілеттердің жүйелі көрінуі болып табылады. Эмоция тұлғалық құрылымдармен, тұлғалық иденттілікпен тығыз байланысты, адамның негізгі мотивациялық жүйесін бейнелейді. Сондықтан, эмоциялық интеллектіні дамыту тұлғаның үйлесімді, тұлғалық дамуына зор ықпалын тигізеді».
И.Н. Андреева «эмоциялық интеллект» ұғымының шығу тарихын зерттей отырып, өзінің зерттеу жұмыстарының бірінде А.Р. Лазарус концепциясынан келесідей қағидаларды келтіреді:
1)әрбір эмоциялық реакцияның айрықша тану немесе бағалау қызметі бар;
2)эмоциялық жауаптың белгілі бір синдромы бар, оның әрбір компоненті жалпы эмоциялық реакцияның қандай да бір күйін білдіреді.
Жоғарыда аталған концепция авторы Р. Лазарус пікірінше, эмоцияның пайда болу реті келесідей: «қабылдау – алғашқы бағалау – зерттеу белсенділігі – (бағаланатын жағдаяттағы эмоциялардың жеке маңызы) – екінші бағалау – әрекет жасауға тенденция – әсерлену, физиологиялық өзгерістер және моторлық реакцияларға тенденция көрінісі ретіндегі эмоция».
Эмоциялық интеллект – өзінің және өзге адамдардың эмоциясын түсіну, сондай-ақ өзгермелі қоршаған орта және өзгермелі талаптарға эмоциялық бейімделу қабілетінен тұрады. Эмоциялық интеллект деңгейі жоғары адамдар өзге адамдардың эмоциясы мен сезімдерін едәуір жақсы түсінеді, өзінің эмоциялық өрісін басқара біледі, сондықтан олардың қоғамдағы мінез-құлқы анағұрлым лайықты, икемді болып келеді әрі айналадағылармен өзара қарым-қатынаста өз мақсаттарына оңай қол жеткізеді.
Ресейлік психологияда «эмоциялық интеллект» терминіне О.К. Тихомировтың зерттеу нысанына алған «эмоциялық ойлау» ұғымын ұқсас деп санауға болады. О.К. Тихомиров эмоциялық ойлау ерекшелігін сипаттай келе, эмоциялық күйлердің міндеттерді шешу үрдісіне қатысатындығын тұжырымдаған. Ғалымның анықтауынша, ақыл-ой іс-әрекетімен барлық эмоциялық құбылыстар – аффект, эмоция, сезімдер байланысты. Эмоцияның ойлау үрдісімен өзара байланысы – барлық эмоциялық күйлердің ойлау үрдісінде басқарушы, эвристикалық қызмет атқаратынынан көрінеді. Сонымен қатар, О.К. Тихомировтың зерттеулері ақыл-ой іс-әрекетінің эмоционалды басқарылатындығын, яғни эмоциялық белсендіру – интеллектінің жемісті іс-әрекетінің шарты болып табылатындығын дәлелдейді.
М.А. Манойлова пікірінше, эмоциялық интеллект – ішкі тұлғалық және тұлға аралық бағыттылығы бар когнитивті, рефлексивті, мінез-құлықтық, коммуникативті қабілеттердің өзара байланысқан жиынтығы. Эмоциялық интеллект – адамның ішкі жай-күйінде, айналадағыларға деген эмпатиялық қатынаста, идентификацияда, эмоциялық күйлермен мінез-құлықты бақылау және рефлексиялауда, эмоциялық ақпаратты айналадағы адамдармен қарым-қатынаста қолдануда, мақсатқа жету тәсілдерін таңдауда көрінеді.
Эмоциялық интеллект келесі құрылымдық компоненттерден тұрады:
1)Өзінің эмоциясын тану. Субъектінің эмоциялық тәжірибесі үшін эмоцияны сезіну мен оны сөзбен жеткізе білу (анықтау) аса маңызды. Эмоцияларды сөзбен айтыпжеткізудің негізгі қызметтерін бөледі. Олар: тәжірибе, тұлғааралық коммуникация, эмоциялық экспрессия.
2)Эмоцияларды тану алекситимияға шалдыққан адамдарда қиындық тудырады. «Алекситимия» («сөзсіз сезім») терминін америкалық психиатр Сифнес енгізген. Алекситемияның маңызды белгілері мыналар болып табылады: өз сезімдерін сипаттап бере алмау; сезімдерді және дене түйсіктерін ажырата алмау; қиялдың жетімсіздігі, ебедейсіздік.
Эмоцияларды тану – эмоцияларды дұрыс қабылдап, анықтауға, сипаттауға мүмкіндік беретіндіктен, анағұрлым тиімді коммуникация, яғни қарым-қатынас орнатуға зор ықпалын тигізеді.
Эмоцияны меңгеру – өзін-өзі бақылаумен байланысты. Дұрыс эмоциялық экспрессия физикалық және психикалық денсаулықты сақтаудың маңызды факторы болып саналады. Эмоцияларды тежеу әртүрлі аурулардың пайда болуына әкеліп соғады. Онымен қоса эмоциялық экспрессияны бақылай алмау тұлға аралық қарым-қатынасты қиындатады. Сондықтан, эмоциялық экспрессияны бақылай алмау мәселесі субъектінің өзі үшін ғана емес, оның айналасындағы адамдар үшін де қолайсыз болып келеді. Сонымен қатар, эмоционалды экспрессия тұлғааралық қатынастар сапасына да ықпал етеді. Мәселен, белгілі бір жағдайларда аса ұстамдылық, шыдамдылық көрсеткен адам немқұрайлы, селқос, тәкаппар болып танылады, бұл өз кезегінде өзге адамдарда таңдану немесе жақтырмау сияқты жағымсыз қатынасты қалыптастырады.
Я. Рейковский эмоцияларды көрсету (білдіру) қиындықтарының келесі себептерін келтіреді:
1)адамдар қоғамда қалыптасқан эмоция көріністері түрлерін меңгермеген;
2)өзін-өзі бақылай алмаудан қорқумен байланысты өз сезімдерін білдіріп қоюдан немесе айналадағы адамдардың жазғыруынан күлкіге қаламын-ау деген ойдан қорқу (абыройын түсіруден немесе мазақ болудан қорқу);
3)туа біткен факторлар;
4)отбасында және өзіне жақын ортада үстемдік ететін мінез-құлық нормаларын игеру.
Эмоцияларды түсіну. И.А. Романованың анықтауынша, өзін-өзі түсінудің эмоциялық, сезімдік, эмпатиялық сипаты бар, әрі өзін-өзі тану тереңдігі эмоциялық қабілеттердің даму деңгейімен байланысты, ол өз кезегінде эмоцияларды ұғынуды қамтамасыз етеді. Эмоцияларды ұғыну – оларды санаға бекітуді меңзейді. Дегенмен, санаға кез келген эмоционалды үрдіс бекітіле бермейді немесе керісінше болуы мүмкін. Осыған байланысты, эмоцияларды ұғынуға байланысты екі құбылысты бөлуге болады:
1)іс-әрекет ағымына және субъективті әсерлерге ықпал ететін дербес және біріккен үрдістің көрінуі (бұл жағдайда адам әлдебір нәрсені сезініп жатқанын біледі, бұл сезім бұрынғыдан ерекшеленеді);
2)шын ұғыну – сөздік (белгілік) категорияларда көрінетін жеке жай-күйлері туралы білімдермен нәтижеленеді. Ұғынудың бұл екінші түрі эмоциялары басқару үрдісі, эмоцияларды алдын ала көру қабілеті негізінде жатыр.
Эмоцияларды түсіну – оларды көрсете, білдіре алу мүмкіндіктерімен байланысты. Эмоция тілін меңгеру – сол мәдениетте қалыптасқан эмоция көріністерін меңгеруді, сондай-ақ адамның өмір сүретін және жұмыс істейтін ортасындағы адамдар эмоцияларының жеке көріністерін түсінуді талап етеді. Эмоцияларды түсіну оларды білдіруден әлдеқайда күрделі.
Эмоцияларды түсіну – эмпатияның даму деңгейімен де байланысты. К. Роджерс бойынша басқа тұлғамен қарым-қатынастың эмпатиялық тәсілінің бірнеше қыры бар. Эмпатия өзгенің жеке әлеміне ену және ол әлемде өзін «өз үйіндегідей» сезіну. Эмпатия қарым-қатынастағы серіктесінің өзгермелі жан тебіреністеріне деген сезімталдықтан тұрады. Бұл дегеніміз өзгенің өмірімен уақытша өмір сүруді бейнелейді. Эмпатияға қабілеттілік, жанашырлық – жауапкершілікті, белсенділікті, жігерлікті, нәзіктікті, қайырымдылықты, кішіпейілділікті білдіреді.
Өзге адамдардың эмоцияларының жеке-дара ерекшеліктерін түсіну қиындықтарының келесідей себептерін бөлуге болады:
1)өзінің жеке басына ғана көңіл бөлу – өзге адамдардың эмоциялық күйін байқай алмауға және дұрыс бағаламауға әкеледі;
2)өзге адамдардың эмоциясымен байланысты үрейлену сезімі;
3)өзге адамдардың эмоцияларын түсінбеуден қандай да бір пайда табу.
Эмоциялық интеллект (EQ) – стрессті түсіру, айналадағылармен тиімді қарым-қатынас орнату, қиындықтарды жеңу және жанжалдарды бәсеңдету үшін эмоцияларды позитивті және конструктивті бағытта түсіну, анықтау, қолдану және басқару. Эмоциялық интеллект – күнделікті өмірімізге, мысалы күнделікті жүріс-тұрысымызға, өзге адамдармен дұрыс қарым-қатынас орнатуға қажет. Егер адамда эмоционалды интеллект деңгейі жоғары болса, онда ол өзінің және өзге адамдардың эмоциялық күйін тани біледі, адамдарды өзіне жақын тартып, баурап алады. Эмоцияларды түсіну – өзге адамдармен дұрыс қатынаста болуға, қызметте үлкен табыстарға қол жеткізуге және толыққанды өмір сүруге мол мүмкіндік береді.
Ғалым-зерттеушілердің анықтауынша, эмоциялық интеллектінің төрт атрибуты бар:
1)Өзіндік сана. Тұлға өз эмоциясын және өз ойлары мен мінез-құлқын, өзінің күшті және әлсіз тұстарын ұғына біледі, өзіне-өзі сенеді.
2)Өзін-өзі басқару. Тұлға өзінің импульсивті сезімдері мен мінез-құлқын бақылай алады, эмоцияны позитивті бағытта басқарып, бастамашылдық көрсете біледі, өз міндеттерін орындайды және өзгермелі жағдайларға оңай бейімделеді.
3)Қоғамдық сана. Адам өзгелердің эмоциясын, қажеттіліктері мен қызығуларын түсінеді, эмоциялық сигналдарды аңғара біледі, әлеуметтік қатынастарда өзін қолайлы сезінеді.
4)Қатынастарды басқару. Басқалармен жақсы, үйлесімді қатынастарды дамыту әрі сақтау, оларды шабыттандырып, қолдау көрсету, жанжалды басқара білу.
Сонымен эмоциялық интеллект ықпал етеді:
1)Жұмыстың нәтижелі болуына. Эмоциялық интеллект жұмыс орнында әлеуметтік қиындықтарға бағдарлануға, басқаларды басқаруға және оларды түрткілендіруге, жетістіктерге жетуге көмектеседі. Сондықтан эмоциялық интеллектіні кәсіби мүмкіндік ретінде қарастыруға болады.
2)Физикалық денсаулыққа. Егер стресс жағдайын басқара алмаса, ол қиын мәселелердің туындауына әкеледі. Стрессті қадағалап, басқара алмаудан қан қысымы көтеріліп, иммундық жүйе әлсірейді, жүрек ұстамасының тәуекелдігі артады, қартаю үрдісі тездейді.
3)Психикалық денсаулыққа. Басқарылмайтын стресс психикалық денсаулыққа да әсер етпей қоймайды, адам мазасыздық, депрессияға бұрымтал болып келеді. Егер адам өз эмоцияларын басқара алмаса, ұнжырғасы түсіп, көңіл-күйі де болмайды. Оның үстіне басқалармен берік қатынастар орната алмаудан адам жалғыздық күйін кешеді.
4)Қарым-қатынасқа. Егер адам өз эмоцияларын түсініп, оларды бақылай білсе, өзгелерге де түсіністікпен қарап, жеке өмірінде де, қызметте де үйлесімді қарым-қатынас орната алады.
Психолог Д.В. Люсин 2004 жылы эмоционалды интеллекттің жаңа моделін ұсынды. Автор эмоционалды интеллектті өзінің және басқа адамдардың эмоциясын түсіну және оларды басқару қабілеті (қабілеттер жиынтығы) деп анықтайды.
Эмоцияны түсіну қабілеті өзінің эмоцияларына және басқалардың эмоцияларына бағытталуы мүмкін және бұл адам:
• эмоцияны тани алады;
• эмоцияны анықтай алады және оны сөзбен жеткізе алады;
• эмоцияның себептерін және оның салдары қандай болатындығын түсінеді.
Эмоцияны басқару қабілеті өзінің эмоцияларына және басқалардың эмоцияларына бағытталуы мүмкін және бұл адам:
• эмоциялардың қарқындылығын басқара алады;
• эмоциялардың сыртқы көрінісін реттей алады;
• Қажет болса, ерікті түрде сол немесе басқа эмоцияны тудыруы мүмкін.
Д.В. Люсин бойынша эмоцияны түсіну және басқару қабілеті эмоциялар сферасына жалпы жеке бағдарланумен, мінез-құлықтың психологиялық себептерін талдау үрдісімен, эмоционалдық тәжірибемен анықталатын құндылықтармен тікелей байланысты.
Д.В. Люсиннің тұжырымдамасында «эмоциялық интеллект» - бұл психиканың қасиеті, ол өмір барысында оның нақты жеке ерекшеліктері мен деңгейін анықтайтын әр түрлі факторлардың әсерінен қалыптасады.
Нақты жеке ерекшеліктер мен эмоциялық интеллект деңгейін анықтайтын факторлардың үш тобы бар:

  1. Танымдық қабілеттер (эмоциялық ақпаратты өңдеу дәлдігі мен жылдамдығы);

  2. Эмоциялар туралы идеялар (құнды және маңызды ақпарат көзі ретінде);

  3. Эмоционалдылықтың ерекшеліктері (эмоциялық тұрақтылық және эмоциялық сезімталдық).

Д.В. Люсин эмоциялық интеллект құрылымына жеке сипаттамаларды енгізбейді, бұл модель эмоциялық интеллекттің аралас модельдерінен түбегейлі ерекшеленеді. Автор жеке ерекшеліктерге және эмоциялық интеллект деңгейіне тікелей әсер ететін жеке сипаттамаларға ғана мүмкіндік береді.
Біз эмоциялық интеллекттің бірнеше ең танымал модельдерін сипаттадық.
Біріншісі Дж.Майер, П.Саловей және Д.Карузоның моделі болды. Оған ақпаратты өңдеумен байланысты қабілеттер ғана кіреді (танымдық қабілеттер), осыған байланысты бұл модель қабілеттер моделі ретінде анықталған. Олардың теориясы «Майер, Саловей, Карузо эмоциялық және интеллектуалды қабілеттер теориясы» деп аталады. Содан кейін Д.Гоулман өзінің эмоциялық құзыреттілік теориясында Саловей мен Майер қабілеттерінің моделін толықтырды, ол танымдық қабілеттерге жеке сипаттамалар қосты.
Эмоциялар мен интеллектке байланысты емес көптеген белгілер араласатын, ал эмоциялық интеллекттің негізгі идеясы көптеген басқа тұлғалық белгілермен араласатын модельдердің мұндай түрлері эмоциялық интеллекттің аралас модельдері деп аталады. Эмоциялық интеллекттің тағы бір аралас моделі – оның эмоционалды интеллекттің когнитивті емес теориясындағы Bar-On эмоциялық интеллект моделі. Д.В.Люсиннің екі компонентті теориясындағы эмоциялық интеллект моделі жоғарыда келтірілген модельдерден түбегейлі айырмашылыққа ие (ол біріншіге де, екінші типке де қатысты емес).
Жоғарыда аталған эмоциялық интеллект теорияларын талдау негізінде ЭИ-ді оның әлеуметтік-психологиялық бейімделуіне арналған жеке тұлғаның эмоционалды-танымдық қабілеттерінің жиынтығы ретінде анықтауға болады.
Эмоциялық интеллектісі жоғары адамдар өздерінің эмоцияларын түсіну және басқару және басқалардың эмоцияларын түсіну қабілеттерінің арқасында әлеуметтік салада жақсы бейімделген және өздерінің мақсаттарына жетуде табысты.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет