3. Азық- түлік тауарларының сапасы және оны бақылауды қамтамасыз ету
Азық-түлік өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігінің мәселесі – күрделі мәселенің бірі. Бұл мәселелер көптеген күш-жігерді тек ғалымдар – биохимиктер, микробиологтар тарапынан ғана емес, сондай-ақ өндірушілер, санитарлық-эпидемиологиялық қызметтер, мемлекеттік органдар мен тұтынушылар тарапынан да талап етіледі. Азық-түлік өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесінің өзектілігі жыл сайын артуда. Себебі, азық-түлік өнімдері мен өндірістік шикізаттардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету халықтың денсаулығы мен гендік қорының сақталуын анықтайтын негізгі факторларының бірі болып табылады. Азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігі соңғы жылдары елімізде аса көңіл бөлініп жүрген мәселелердің бірі болып келеді. Тамақ өнімдерінің ассортименті мен өндірісінің түрлілігінің кеңеюі тұтынушыларға азық-түлік өнімдері өндірісінің барлық сатыларында және сатылымында жоғарғы сапа мен қауіпсіздігінің кепілінің қажеттілігіне әкеп соқтырады.
Әрбір адамға оның тұтынатын азық-түлік өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігі маңызды. Сол себепті, біз қаншалықты сапалы өнім тұтынсақ, солғұрлым денсаулығымыз жақсарып, өмір жасымыз ұзақ болады. Осы ретте, «сапа мен қауіпсіздікті қамтамасыз етуді қалай жүзеге асыруға болады?» деген сұрақ туындайды. Әлемдік қоғамда бұл мәселені шешу үшін көптеген жаңа тәсілдер әзірленген. Шығарылатын өнімдер өндірісінің барлық сатысында сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін әртүрлі халықаралық стандарттар белгіленген. Азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігі мен сапа менеджмент жүйесі құрылды. Ол – сапаны қалыптастыратын және өнім қауіпсіздігін қамтамасыз ететін ұйымдастыру шаралар комплексі.
Сапа – күрделі ұғым және оны қамтамасыздандыру ғылыми күштердің бірлестігін, мамандардың творчестволық потенциалы мен тәжірибесін талап етеді. Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі – белгiленген жарамдылық мерзiмi iшiнде тамақ өнімдерін пайдалану.
Тамақ өнімдерін, азық-түлік өнімдерін, бұйымдар мен материалдарды бөлшек саудаға жіберетін және қоғамдық тамақтану саласында қызмет атқаратын жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар сатып алушылар мен тұтынушыларға, мемлекеттік қадағалау органдарына азық-түлік өнімдерінің, бұйымдардың және материалдардың сапасы мен қауіпсіздігі туралы толық және шынайы ақпарат беруі қажет, нормативтік құжаттар талаптарына сәйкес өнімдердің өндірілуі мен айналымын жүргізуі керек.
Бұл тек жоғарыда айтылған тұлғаларға ғана емес, әрі уәкілетті органдарға да жүктелетін жауапкершілік екені белгілі. Стандарттау, метрология және сертификаттау, халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы, ветеринария және фитосанитария саласындағы уәкілетті органдар өз құзыреті шегiнде жеке және заңды тұлғаларды:
-тамақ өнімдерінің, материалдар мен бұйымдардың сапасы мен қауіпсіздігі;
-тамақ өнімдерінің, материалдар мен бұйымдардың сапасы мен қауіпсіздігіне талаптар белгiлейтiн нормативтiк құжаттар;
-тамақ өнімдерін, материалдар мен бұйымдарды мемлекеттiк тiркеу;
-тамақ өнімдерінің, материалдар мен бұйымдардың нормативтiк құжаттардың талаптарына сәйкестiгiн растау туралы;
-сапасыз және қауіпті тамақ өнімдерін, материалдар мен бұйымдарды сатудың алдын алу жөніндегі шаралар туралы ақпаратпен қамтамасыз етедi.
Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі деп оларды пайдалану кезінде адам денсаулығы үшін қауіптілігі тұрғысынан қатты жағымсыз әсер етуі (тағамдық улану және тағамдық инфекциялар), әртүрлі кейін көрінетін зардаптардың (канцерогендік, мутагендік және тератогендік әсер) тұрғысынан да қауіптіліктің болмауы деп түсіну керек. Басқаша айтқанда, қазіргі және болашақ ұрпақтың денсаулығына зиянды, қолайсыз әсер етпейтін тамақ өнімдерін қауіпсіз деп санауға болады. Адам ағзасына азық - түлікпен бірге оның денсаулығына қауіпті заттардың едәуір мөлшері келіп түсуі мүмкін. Сондықтан тұтынушылардың денсаулығы үшін олардың қауіпсіздігіне кепілдік беретін тамақ өнімдерінің сапасын бақылаудың тиімділігі мен объективтілігі үшін жауапкершілікті арттыруға байланысты өзекті проблемалар болып тұр. Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі биологиялық объектілерді, қауіпті химиялық қосылыстарды, радионуклидтер мен зиянды өсімдік қоспаларын қамтитын гигиеналық нормативтер бойынша бағаланады. Олардың тамақ өнімдерінде болуы зерттелетін өнімнің көрсетілген салмағында (көлемінде) рұқсат етілген деңгейден аспауы тиіс. Көрсетілген қауіпсіздік көрсеткіштері өнімнің 11 тобы үшін белгіленген:
1. ет және ет өнімдері; құс, жұмыртқа және оларды қайта өңдеу өнімдері;
2. сүт және сүт өнімдері;
3. балық, балық өнімдері және олардан өндірілетін өнімдер;
4. астық( тұқым), ұн-жарма және нан-тоқаш өнімдері,
5. қант және кондитерлік өнімдер;
6. жеміс-көкөніс өнімдері;
7. майлы шикізат және майлы өнімдер;
8. сусындар;
9. басқа өнімдер;
10. тағамға биологиялық белсенді қоспалар;
11. балалар тағамы
Достарыңызбен бөлісу: |