Сабии құлшылық орындарын манди және манда дейді. Қасиетті жазбаларда «манда»–«биманда» немесе «битманда» деп аталап өтіледі. Сондай-ақ сабии жазбаларында ғибадатхана үшін машкна сөзі қолданылады.
Сабииліктегі құлшылық орны өзге діндердегі сияқты көпшілік боп құлшылық ететін белгілі бір орын емес. Ол көбінесе символдық мәні бар орын. Сондықтан құлшылық орны ғибадатханаға қарағанда діни рәсім ордасы саналады. Бұл діни ордаға белгілі бір күндері тек қана монахтар кіре алады, басқалардың кіруіне тыйым салынады. Құлшылық орындары өзен жағасына салынған, солтүстікке қараған терезесіз қарапайым орын. Ал оның есігі оңтүстік жағында. Оның құрылысына темір, шеге қолданылмайды. Құлшылық орнының алдында шомылдыру рәсімі үшін арнайы қауыз жасалған.
Сабиилер діни рәсім және құлшылық орнын әлемдегі ең таза, ең қасиетті мекен санайды.
Сабиилікте монах, монах әйел деп айырмайды. Қасиетті жазбаларда монах әйелдерді де кездестіруге болады. Бірақ қазіргі кездегі сабиилердің ішінен әйел монахтарды таба алмайсың, діни қызметкер ретінде тек монахтар ғана қызмет етеді. Монахтардың өзі төрт топқа бөлінеді. Олар:
Монахтың көмекшісі.
Монах (Тармида).
Бас монах (ганзибра).
Лидер (риш ама).
Сабии жамағатына кірген әрбір адамның екі есімі болады. Бұл есімдердің бірі жасырын аты (астрологиялық есім), екіншісі дүниелік есім. Бір сабиидің жасырын аты (малваша), оның діни рәсімдердегі аты болып саналады. Аталарына дұға және жалбарыну олардың жасырын есімімен жасалады. Сабиилікке кірген әрбір адам жасырын есім қағидасына мойынсұнуға міндетті. Сабиилікке кіру рәсімі жоқ. Сабии отбасында дүниеге келген әрбір бала сол жамағаттың мүшесі болып саналады. Қасиетті кітаптарында тыйым салынбаған болса да, сырттан ешкімнің сабии болуы мүмкін емес.
Сабиилікте жеп-ішуге байланысты өздерінің ережелері бар. Адамды мас қылатын алкогольді ішімдіктерді пайдалануға, өздігінен өлген немесе басқа бір жануардың шабуылынан өлген жануарлардың етін жеуге, діни қағидаларға сай бауыздалмаған және сабиилікке жатпайтын біреудің сойған малдың етін жеуге қатаң тыйым салынады.
Достарыңызбен бөлісу: |