2. Қасиетті кітаптары және кітап туралы түсінігі
Сабийлер діни әдебиеттерге аса бай. Деректік әдебиеттері маден тілінде жазылған. Күнделікті өмірде арабша сөйлесетін сабийлер маден тілін тек құлшылық тілі ретінде қолданады. Құлшылықтарда қолданылған маденшенің мағынасын білетін және түсінетін адамдар өте аз дерлік. Құлшылықтарда қолданылатын маден тілін монахтардың тек кейбіреуі ғана түсінеді. Сабийлер теріге жазуға тыйым салынғандықтан, қасиетті жазбаларды, жалпы, папирус немесе металл тақтайшаларға жазады. Қасиетті жазбаларды жазу ісі тек монахтарға жүктелді. Жазу кезінде қолданылатын қалам ерекше дайындалады, қолдынылмай тұрып қасиеттеледі. Кез келген қарапайым сабийлерге қасиетті жазбаларды оқып-жазуға кеңес берілмейді. Бұл монахтардың ақша табу үшін жасаған амалдары болса керек. (қасиетті жазбаларды жазу монахтардың күнделікті нәпақасына айналған). Қасиетті жазбаларда жазылған доктриналарды бөгде, жат адамдардың көруіне оң қабақ таныта қоймаған. Қасиетті жазбалардың білікті мамандарынан басқаларға көрсетілуі – күпірлік іске жатады. Осы түсінікке байланысты сабийлер қасиетті кітаптарын барынша жасырын, құпия ұстауға тырысты.
Сабийлердің ең маңызды қасиетті кітаптары – Гинза. Гинза – Гинза Рабба (Үлкен қазына) немесе Сидра Рабба (Үлкен кітап) сияқты атаулармен аталады. Гинза екі бөлімнен тұрады:
1. Оң Гинза (Гинза Иымина): Гинзаның басым бөлігін құрайды; әлем, ғарыш туралы және мифологиялық сюжеттерге құрылған.
2. Сол Гинза (Гинза Смала): Рух, Рухтың еркіндікке қауышуы және «о дүниемен» байланысты сюжеттерді қамтиды. Бұл бөлімді «рухтар кітабы» деп те атайды. Мадақтау жырлары түріндегі бұл бөлім қайтыс болғандарға арналған салтанатты діни рәсімдерде оқылады.
Сабийлердің тағы бір маңызды кітабы – Жақияның доктринасы (Драшия д Жақия). Бұл кітап 37 бөлімнен тұрады. Бұл кітаптарда жалпы алғанда түрлі сюжеттерге құрылған мифологиялық көріністер орын алған. Сабиилердің басты кітаптарының тағы бірі – коласта. «Коллекция» және «Мадақтау» деген мағынаны білдіретін коласта күнделікті құлшылық кітабы болып табылады. Онда әр түрлі дұғалар, тәңірді мадақтау жырлары, (бойдәрет) шомылдыру және өліктерге қатысты рәсімдер жазылған.
Аталған кітаптардан басқа шығармалар жинағы, түсініктемелер, тәпсірлер, сиқыр және магиямен байланысты жазбалары да бар. Сиқыр мен магияға қатысты жазбалар – жалпы, ауру-дерттерден, төтеннен келген пәлекеттерден, арам пиғылды рухтардан, зұлым күштерден және қас-дұшпандардан қорғап, шипа беретін жазбалар.
Достарыңызбен бөлісу: |