62
қайтеді! (Л.Толстой). Бүгін қойды кеш сауып болған ба, немене, ымырт
жабылып қалыпты. Арысыңды, ендеше, арыстан жеді. Қалай, құлағың ашылды
ма? (М.Әуезов) Қыстырма бола алатын бірқатар сөздерді олардың сөйлем
мүшесі болып, немесе күрделі мүшенің құрамында келіп, басқа сөздермен
синтаксистік байланыста тұратын түрлерімен шатастырмау керек.
Сол жақта
берілген қыстырма сөздері бар мысалдар мен оң жақта берілген қыстырма
сөздері жоқ мысалдарды салыстырыңыз: Рас, мен сізді бір рет көрдім
(М.Әуезов). Мүмкін, сәл кідіре тұрарсыз. Айтпақшы, бүгін мен Асқарды
көрдім. Немене, шабыныңды басар деп қорқамысың? Несін айтасың, бұл ат –
осы ауылдың әйгілі жүйрігі. Екінші, ел алатын тәсілді айттыңыз (М.Әуезов).
Әлі есімде, бір күні тауға шықтық. Оның айтқаны рас екен. Оның кешігіп жүруі
мүмкін емес. Мен саған бірдеңе айтпақшы едім. Немене айтып отырғаныңды
өзің түсінемісің! Бұл сөзді бұрын мен естігем, қайталап оның несін айтасың.
Екінші күні жолдың жартысына келдік. Бала кезде естіген ертегілерім әлі
есімде.
Сөйлемдегі сөздермен синтаксистік байланысы жоқ қыстырма сөйлемдер
көбінесе үтірмен бөлінеді: Ұмытып барады екем, жуырда елінен Әміржан келіп
қалды. Сол ниетпен кірсем, неге екенін кім білсін, мені елеген адам болған жоқ
(С.Мұқанов). Осы кезде, Құнанбайға Жексен шаққан болу керек, әкесі Абайға
айғайлады (М.Әуезов).
Сөйлемдегі негізгі ойды, не бір сөзді айқындау,
дәлелдеу, түсіндіру үшін қолданылған қыстырма сөйлемдер не сөз тіркестері
екі жағынан жақшаға алынады (бірінші сөзі жалпы есім болса, кіші әріппен
жазылады): Салжігіттен (Темірбекті ол Салжігіт дейтін еді) неге қалдым? Иесі –
Әбіл (әйелге бұлайша еркек атын қоюды бірінші естуім) дейтін жесір әйел
(С.Мұқанов). Бірақ менімен Раушанның (Рауза деп бірге оқитын жолдастары
атап кеткен көрінеді) оқысында үлкен айырма бар екенін сезгендеймін
(М.Иманжанов). Қыстырма сөйлем лепті не сұраулы болса, екі жағынан
жақшаға алынады да, леп не сұрау белгісі жабылатын жақшаның алдынан
қойылады, жақша ішіне алынған қыстырма сөйлем кіші әріптеп басталып
жазылады: Еміс-еміс естуімше, қыздың бір дұшпаны (неге дұшпан
болатыныайтпай-ақ мәлім!) қызға мен жіберетін өлеңдердің біреуін түсіріп
алады (С.Мұқанов). Жақшаға жалпы сөйлемге тиісті болса, олар жақшаның
сыртына қойылады: – Астапыралда (солай дейтін оның кейде әдеті болушы
еді)! – деді Итбай (С.Мұқанов). Жақшаға алынған қыстырма сөз не сөз
тіркестері бөліп кететін жердегі басқа тыныс белгілері де (үтір, сызықша, қос
нүкте) жақшаның сыртына қойылады: Шыңғыстан Жақып, Шокан (жұртқа
мәлім Шоқан Уәлиханов), Мақы, Махмет туады. Үлкендердің айтуынша,
Қазақтың әкесі (атын ұмыттым) – ноғайлы деген жұрт (С.Мұқанов).
Екі қыстырма сөз қатар келгенде, араларына үтір қойылады: Рас, менің
байқауымша, сіздің халық – ақын халық. Қысқасы, мүмкін, осы дұрыс та болар.
Оңашаланған мүшемен келетін мысалы, айталық, шынында сияқты
қыстырма сөзден кейін үтір қойылмайды (бұл жөнінде § 70-ты қараңыз):
Көктемде жыл құстарының алды, мысалы қаз бен үйрек, келе бастайды.
Географиялық атаулар, айталық тау аттары, бас әріппен жазылады. Қыстырма
сөзбен келген оңашаланған мүше жақша ішінде тұрса, қыстырмадан кейін үтір
63
қойылады: Көктемде жыл құстарының алды (мысалы, қаз бен үйрек) келе
бастайды. Географиялык атаулар (айталық, тау аттары) бас әріппен жазылады.
Мағынасы жағынан қыстырма сөздерге ұқсас келетін, дауыс кідірісімен
айтылатын мынадай сөздер сөйлемнің басында не жай сөйлем ішінде үтір
арқылы бөлінбейді: ал, тіпті,
дегенмен, алайда, бірақ, сонымен қатар, сондай-ақ,
әсіресе, тек. Мысалдар: Ырғызбай ішінде әсіресе осы Қарашоқыға
қызығушылар көп болатын. Тек не бұйырсаң да, тезінен бұйырғайсың. Абай
бірақ қайындап кетті (М.Әуезов). Дегенмен мен жаңылмаппын. Мен оған
күлімсірей қараймын. Ал ол өзінің келешегіне күлімсірей қарайды
(М.Иманжанов). Ал Әмір болса, сол балалар ішіндегі әнші, өнерлісі болып
келеді (М.Әуезов). Ол тіпті көшелі кісі боп қапты (С.Мұқанов). Ал, бірақ,
алайда, дегенмен,
сонымен қатар, сондай-ақ деген сөздер жалғаулық шылау
ретінде екі бірыңғай мүшенің немесе екі жай сөйлемнің арасында келсе,
алдарынан үтір қойылады.
Достарыңызбен бөлісу: