Айжамал ибрагимқызы құдайбергенова


«1917-1939 жж. Қазақстандағы көші-қон үдерістері: түрлері, демографиялық дамуға тигізген әсерлері»



бет3/5
Дата25.02.2016
өлшемі393.5 Kb.
#20325
түріДиссертация
1   2   3   4   5

«1917-1939 жж. Қазақстандағы көші-қон үдерістері: түрлері, демографиялық дамуға тигізген әсерлері» деп аталатын екінші тараудың «Кеңес өкіметінің орнауы қарсаңындағы Қазақстандағы ахуал мен көші-қонның негізгі үрдістері» деп аталатын бөлімінде кеңес дәуірі қарсаңындағы қазақ жерінде жүрген көші-қон үдерістері мен халықтану мәселесінің неден бастау алғаны сараланады. Кеңес дәуірі қарсаңында сақталған әкімшілік-аумақтық өзгерістерге, Қазақстанның саяси-экономикалық ахуалына қысқаша шолу жасалып, елдің демографиялық жай-күйі мен көші-қон қозғалыстарын туғызған факторлар анықталады.

Кеңес өкіметі орнау қарсаңындағы көші-қонның ерекшелігі - ішке Ресейдің орталық аймақтарынан келген шаруалар көші-қонының жалғасуы мен, одан кейінгі ең ірісі – 1916 ж. көтерілісті басып-жаншу шараларынан қашқан қазақтардың Қазақстаннан сыртқа көші-қонының бұған дейін қалыптасып қалған көші-қон маршруттары арқылы жүзеге асуы. Жұмыста диссертациялық жұмысымыздың бастау алар негізгі шекарасы болған 1916 ж. Ұлт-азаттық көтерілістің демографиялық салдарлары қарастырылады.

«1917-1939 жж. әкімшілік-аумақтық өзгерістер және көші-қон үдерістерінің басқарылуы» деп аталатын бөлімде халықтың орналасуы мен тығыздығына, сандық және сапалық көрсеткіштерінің динамикасы мен демографиялық көрсеткіштердің өзгерістеріне тікелей әсер ететін әкімшілік-аумақтық өзгерістер, осы кезеңдегі көші-қон үдерістерінің құқықтық қамсыздандырылуы, үдерісті басқарушы мемлекеттік органдардың түрлері мен қызметтері талданды.

Кеңес үкіметі орнаған кезде патшалық қоныстандыру саясатының салдары мен нәтижесі өз күшінде еді. Торғай-Орал, Ақмола, Семей, Сырдария және Жетісудан тұратын Қазақстандағы қоныс аударатын бес ауданда ашылған қоныстандыру мекемелерінің көші-қон үдерісін реттеудегі отарлаумен ұштастырылған әдіс-амалдары мен қолданылатын терминдері кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында ерекше өзгеріске ұшырамады. Көші-қонға қатысты қабылданған қарар-құжаттарда қоныстандыру-отарлау термині жапсарлас қолданылса, көші-қон үдерісіне қатысты мемлекеттік органдар да патшалық кезеңнен халық санасына сіңірілген қоныстандыру-отарлау деген атаулармен қызмет жасады. Яғни, көші-қон үдерісіне қатысты ұғымдар ХХ ғ. 20 жж. ортасына дейінгі барлық кеңес үкіметінің декреттерінде, қаулылары мен шешімдерінде отарлау деген сөзбен баламаланып, ашық қолданылып отырды. Тек, ұлттық езгіні жою мүддесіне қайшы келуіне орай қоныстандыру ұғымын отарлау ұғымымен теңестіруге болмайтындығы туралы пікірлердің әсерінен соң 1925 ж. көші-қон үдерісін бақылап-реттеуші орган – Орталық отарлау комитеті (Центрколком) Бүкілодақтық қоныстандыру комитеті болып, Мемлекеттік отарлау ісі ғылыми-зерттеу институты (Госколонит) – Жерге орналастыру және қоныстандыру институты болып атауларын өзгертті. Бірақ, ғасырлар бойы отарлаудың арқасында жүргізілген қоныс аударулар бірдей мағынада қолданыла берді. Мысалы, Қазақ Егіншілік халық комиссариаты жанындағы қоныс аудару ісімен айналысатын Жерге орналастыру бөлімінде Отарлау бюросы, Отарлау және қоныстандыру бюросы немесе Қоныстандыру бөлімшесі деп атауын бірнеше рет өзгерткен бөлімше қызмет жасады. Ал, жергілікті жерлерде отарлау мен қоныс аудару ісімен айналысатын облыстық және губерниялық жер басқармалары мен осы мақсат үшін арнайы құрылған отарлау экспедициялары, қоныс аудару пункттері, орталық өкілдік берген агенттер қызмет жасады [19, 19-б.]. Яғни, кеңес үкіметі орнағанға дейін империяға бағынышты халықтардың санасын деформациялаған отарлаушылардың үстем идеологиясы кеңес билігі орнағаннан кейін де қазақ жеріне қоныстандыру ісінде басымдық танытты. Соны түсіне білген ұлт зиялылары қазақ халқын рухани сақтау мен жаңғыртудың бір жолы ретінде қазақ жеріне орыс шаруаларының қоныс аударуларын тоқтатуды ұсынды. Қазақстанға сырттан келімсектердің келуі күшейген сайын, қазақ ұлтының дербестігіне нұқсан келетінін, езілген халын жақсарта алмайтынын түсінген ұлттық басшылар сырттан көші-қоншыларды келтіруге әртүрлі деңгейде қарсылық жасап отырды. 1916 ж. Ұлт азаттық көтеріліс, кеңес өкіметінің орнауы мен азамат соғысы жылдарында Қытайға кеткен босқындарды қайтару шаралары 1925 ж. аяқталды [20]. 1924-1925 жж. Қазақ Орталық Атқару комитеті мен Халық комиссарлар кеңесі Қазақстанға сырттан көшіп келушілер мен өз ішіндегі көшіп-қонуды тоқтату туралы шешімдер қабылдайды [21]. Бірақ, өлкелік партия басшылығына Голощекин келгеннен кейінгі шешім-шаралар көші-қон үдерісінің жаңа кезеңін бастап береді.

«1917-1926 жж. көші-қон үдерістері: негізгі факторлары, түрлері және халық құрамына тигізген әсері» деп аталатын бөлімде 1917 ж. мен 1926 ж. Бүкілодақтық халық санағы арасын қамтыған бірінші кезеңдегі көші-қон үдерістерінің негізгі факторлары, түрлері мен халықтың құрамына тигізген әсерлері, демографиялық салдарлары талданады.

Бұл кезеңде саяси оқиғалардың ықпалы мен нәтижесімен тұтасқан экономикалық және әлеуметтік, мәдени, діни, этностық және тұрмыстық факторлар кешені көші-қон қозғалысының белсендірілуіне ерекше әсер етті.

1916 ж. ұлт азаттық қозғалысқа қатысқандарды қудалаудан қашқандардан басталған қазақтар көші-қоны кеңес өкіметінің жеңісінен кейін де байқалды. Кеңес өкіметі орнағаннан кейін 1917-1918 жж., 1921-1922 жж. ашаршылықтар нәтижесінде сыртқы көші-қондағы тұрғылықты халықтың көші-қоны Қазақстаннан сыртқа қарай бағытталса, европалық ұлт өкілдерінің көші-қоны, керісінше, Қазақстанға ағылуын жалғастырды. Бұл кезеңде бұрынғы патша өкіметінің отарлауынан бастау алған көші-қон жаңа кеңестік түрге ауысты, бірақ патша өкіметі кезіндегідей көші-қоншылардың лек-легімен келуі өндірістендіру басталғанға дейін тоқтатылды. Қазақстанға өз бетінше көші-қонға тыйым салынды. Соған қарамастан, орыс, украин және т.б. қазақ жеріне көші-қоны тоқтаған жоқ. Бірақ, Қазақстанға қарай бағытталған көші-қон қарқынының саябырсуына орай, бұл кезеңде қазақтар халық құрамындағы артықшылық үлесін сақтады – 1926 ж. санақта 58,5% болды. Сондықтан, бұл кезеңді, салыстырмалы түрде, Қазақстанға сырттан бағытталған көші-қонның саябырсу кезеңі деп атаймыз.

1916 ж. ұлт-азаттық көтеріліс кезіндегі халықтың сыртқа көші-қоны 1917-1918 жж. Түркістан Республикасын жайлаған аштық пен 1921-1922 жж. Қазақстан аумағын түгел қамтығын ашаршылықтан туындаған стихиялы көші-қонмен ұласты. Бұл кезеңде де Қазақстаннан сыртқа қашқандар – қысым көрген жергілікті ұлт өкілдері де, сырттан келгендер – патшалық билік кезеңінен отарлық қоныстандыру ұғымы бойына сіңген европалық көші-қоншылар. 1917-1918 жж. Түркістан жеріндегі ашаршылық пен оның халыққа әкелген демографиялық апатты салдары, халықтың табиғи және механикалық қозғалысының барысы, бағыттары, нәтижелері осы бөлімде талдауға түсті.

Сонымен бірге, жұмыста көші-қоншылардың сырттан ағылуын тоқтатуға қатысты мәселеде мүдделес болған М. Тынышбаев, Т. Рысқұлов, С. Қожанов, О. Жандосов, Ж. Мыңбаев, С. Садуақасов және т.б. ұлттық саяси элита өкілдерінің көші-қонға байланысты көзқарасы мен іс-шаралары ашылады.

Осы жерде Столыпиндық қоныс аударулардан кейін 1925 ж. дейін ірі көші-қон ағындары болған жоқ және 1920 жж. көші-қон үдерістері Қазақстанның халық санының өзгерістеріне ерекше әсер етпеді деген кейбір тарихшылардың пікірімен келіспейтіндігімізді айта кетейік [22]. Себебі, 1926 ж. санақ 1,6 млн. көші-қоншыларды тіркесе, оның 800 мыңы 1916-1926 жж. көшіп келген. Яғни, жылына орта есеппен 80 мыңнан адам келіп отырған. Ал, 1897-1916 жж. 1301,4 мың адам немесе жылына орта есеппен 68,5 мың адамнан келген еді. Яғни, 1925 ж. дейін де көші-қон қозғалысына түскен көші-қоншылар аз болмады. Соның ішінде, қазақтардың да сыртқа және ішке көші-қоны бар. 1917 ж. кейінгі есептерде жаппай көшіп-қонбағанымен, көрші республикаларға көшкен қазақтар саны көрсетіледі. Сонымен бірге, 1920-1921 жж. ашаршылық кезіндегі өлім мен сыртқа көші-қон елдегі шаруашылықтың 14%-ын (119970) жойды: 1920 ж. 857480 болса, 1921 ж. 737510 шаруашылық қалды.

Бұл кезеңге тән сипат – туудың төмендігі, өлім-жітімнің көбеюі және халық өсімінің азаюы. Алдыңғы кезеңге қарағанда табиғи өсім біршама көтерілді. 1924 ж. орыстар мен қазақтардың табиғи өсімі, тиісінше, 25‰ мен 16,1‰, 1927 ж. 32,9‰ және 27,1‰ болды.

1926 ж. санақ материалдарын халық құрамын жастық-жыныстық белгілеріне сәйкес талдау республиканы әртүрлі кезеңде тітіренткен тарихи оқиғалардың әсерін көрсетеді. Ғасырдың саяси, экономикалық катаклизмдері жылдары туылғандар мен сол кезеңді басынан өткізгендер, өздерінен кейін туылғандарға қарағанда, санақ материалдарында аз мөлшерде болды: 0-4 жастағы 1923-1926 жылғылар 1921-1922 жж. аштықтан кейінгі компенсаторлық кезеңде туылғандар басқа жас топтарындағылардан анағұрлым көп. Ал, 1921-22 жж. балалар мен кәрі жастағылар көп өлген. Бұдан кейінгі санақтарда да 1921-1922 жж. туылғандар мен ерлер үлесі төмен болды. Ашаршылық пен жұт жылдарының нәтижесі санақтарда құлдырау кезеңдері болып көрінеді. 1921-1922 жж. ашаршылықтан кейін, жаппай сипат алмағанымен, Қазақстанның көптеген аймақтарында халықтың ашығуы тоқтамады. 1920-жж. өн бойындағы саяси-экономикалық реформалардан еңсесін көтере алмаған қазақ елі 1920-жж. соңында осы үдерістің шарықтау шегі болатын ашаршылыққа ұшырады.

1917-1926 жж. көші-қон үдерісін зерттегенде анықтағанымыз, осы кезеңдегі көші-қон құбылыстарының патшалық дәуірден мұралыққа қалған қоныстандырудың бағыттарымен, нәтижесі мен саяси мәнімен ұқсастығы. Таптық езгіні жоюға бағытталған жаңа қоғам орнату жолындағы күрес барысында Қазақстанға бағытталған көші-қон қазақ ұлты мен ел халқының қалыптасуы мен дамуында, халық құрамындағы сандық және сапалық көрсеткіштер мен үлестік арасалмақта дәуірлік өзгерістер туғызды. Ал, 1917-1926 жж. саябырсыған көші-қон үдерісі өлкелік партия басшылығына Голощекиннің келуімен жаңа қарқын алып, көші-қон үдерісіндегі жаңа кезеңнің басталуына әкелді. Сонымен, 1917-1926 жж. бұрынғы патша өкіметінің отарлауымен тұтасқан көші-қон саясаты жаңа кеңестік түрге ауысты.

«1926-1939 жж. көші-қон: жалпы сипаттамасы, халықтың әлеуметтік-ұлттық құрамына тигізген әсері мен демографиялық салдарлары» атты бөлімде Қазан төңкерісінен кейінгі Қазақстанға көші-қонның қайта өрлеген 1926-1939 жж. аралығын қамтитын екінші кезеңнің үдерістері талданады.

Қоныстандыру шараларының белсендірілу кезеңін бастаған орталықтың арнайы қаулылары мен республикадағы іс-шаралары [23], 1929 ж. республика үкіметі жанынан құрылған Қоныс аудару басқармасы мен көшіру-қоныстандыру мекемелерінің құрылымы, жұмыс істеу принциптері мен қызметі сараланады [24].



1929 ж. 13 ақпанында Қазөлкелік БКП(б) бюросы жанынан құрылған Қоныстандыру басқармасы өлкедегі қоныстандыру шараларын жүргізу жоспарын жасаған болатын. Кеңес үкіметінің көші-қон саясатында бірден екі бағыт пайда болды – ерікті және мәжбүрлі. ХХ ғ. 20-30 жж. Қазақстан Кеңес Одағын аграрлы елден индустриалды елге айналдыру жоспарындағы негізгі өндірісті-шикізатты өлке болды. Ауыл шаруашылығына өзгерістер енгізіп, өлкенің пайдалы қазбалары мен энергетикалық ресурстарын шаруашылық айналымға тарту сырттан жұмыс күшінің үздіксіз келуіне жол ашты. Еңбек ресурстары қазақтың дәстүрлі шаруашылығын ұжымдастыру, отырықшыландыру арқылы жою және белсенді көші-қон саясатын жүргізу мен ГУЛАГ жүйесіне бағындырылған еңбек қоныстарын, түрмелер, еңбекпен түзеу лагерлері мен колонияларын ұйымдастыру секілді екі жолмен жинақталды.

Өндірістік көші-қон. 1927 ж. Қазақстанның ауыр индустриясындағы жұмысшылар саны 10,2 мың адам болса, 1939 ж. қарай 192,4 мың адамға жетті. Өндірістендіру нәтижесінде ерекше Орталық және Шығыс Қазақстанның шаруашылығын жаңаландыру шаралары жүргізілді. Мысалы, 1913 ж. салыстырғанда 1939 ж. өндіріс өнімі Қазақстан бойынша 16,9 есе, Солтүстік Қазақстанда 6,8 есе, Қарағанды облысында 27,7 есе өскен. Бұл жерде Солтүстік Қазақстанның өндірістендірілу деңгейі төмен көрінгенімен, Қазақстанның басқа аймақтарымен салыстырғанда жоғары. 1932-1940 жж. республиканың индустриялық саласына жұмысшыларды ұйымдастыру негізінде 559 мың адам келді [25]. Түрксіб, Қарағанды, Балқаш және басқа күрделі құрылысқа қарай ағылған жұмысшылардың стихиялық көші-қонын есепке алып, реттеу мүмкін болмады. 1928-1939 жж. механикалық өсім 1,8 млн. адамнан асты, оның 1150 мыңы (69%-ы) ірі индустриялық орталықтарға орналасты [26]. Қазақстанға сырттан халықтың ұйымдастырылған және стихиялы түрдегі көші-қоны қазақтардың темір жолдар мен ірі кәсіпорындардың құрылыстарына тартылуына кедергі келтірді. Міне, осындай жағдайлар өндірісте, қалалар мен жұмысшы поселкелеріндегі ұлттық мамандардың санының өсуіне кедергі келтірді.

1920-жж. соңы мен 1930-жж. басында кулактарды тап ретінде жою ісін жүзеге асыру мақсатында Ресей мен Украинадан репрессияланған шаруалар әкелініп, аграрлық қоныстандыру саясаты да қатар жүрді. 1928-1930 жж. Қазақстанда құрылған кеңшарлар жұмысына КСРО-ның әралуан түкпірінен 65 мың отбасы көшіп келді [27].

Бұл кезеңдегі қазақтарды сыртқа ағылтқан ірі көші-қон ұжымдастыру кезіндегі 1929-1933 жж. ашаршылықтың зардабынан туындады. 1929-1931 жж. Қазақстанда 80 мың адам қатынасқан 372 көтеріліс қазақтардың республикадан тыс жерлерге көшуімен жалғасты. Ашаршылық жылдары республикадан 1130 мың адам кетті, олардың 676 мыңы қайтпай қалды, 454 мыңы кейінірек Қазақстанға қайта оралды. 1930-1933 жж. Қазақстанда ауыл халқы 2351,6 мың адамға кеміді [28]. Ресми мәліметтер бойынша, 1930 ж. 121,2 мың, ал 1931 ж. 1074 мың қазақ немесе қазақтардың үштен бірі көшіп кеткен. Ірі көтерілістерге қатысқаны үшін 1929-1931 жж ОГПУ органдары арқылы 5551 адам жазаға тартылды, оның 883-і атылды [29, 14-б.]. Күштеп ұжымдастырудың алдында 4836 мың адам болған Қазақстандағы қазақтардың ашаршылықта 1933 ж. 1149 мыңнан астамы босқынға айналған болып шығады.

Жұмыста босқыншылыққа ұшырап, шетке кеткен қазақтарды қайтарып, орналастыру жөніндегі Қазақстан басшылығының 1932-1933 жж. және 1935-1936 жж. шешім-шаралары жан-жақты талданады [30].



Еңбек көші-қоны. 1918-1920 жж. азамат соғысы жылдары «әскери коммунизм» саясатының көрінісі Қазақстан жерінен Ресейлік орталықтағы шаруашылық қажетіне адам ресурсын алу болды. 1920-21 жж. да кеңес үкіметі шаруашылық майданына адамдарды жұмылдырды.

Қазақстанға келген көші-қоншылардың негізгі дені өз еркімен келген жоқ. Мәжбүрлі көші-қонға 1929 ж. бастап келе бастаған саяси жазаланғандар, бұрынғы кулактар, арнайы қоныстанушылардың көші-қонын жатқызамыз. Өндірістендіру қарқыны, кең көлемдегі құрылыс, инфрақұрылымның жоқтығы арзан, ең дұрысы, тегін, тәртіпті және кез келген уақытта айдап алып кете беретін жұмыс күшін қажетсінді. Міне, осы кезде социализм құрылысына кең көлемде «халық жаулары» тартылды. ОГПУ-ІІХК-ның ГУЛАГ-тағы арнайы қоныстанушылар бөлімінің мәліметі бойынша республикаға 46091 отбасы немесе 180 мыңнан аса адам жер аударылған [29, 12-б.]. 1936 ж. саяси «сенімсіз» поляктар, 1937 ж. 21 тамыздағы қылмысты бұйрықтың шешімі бойынша (№ 1428-326 ЕҚ) корейлер, 1938 ж. қараша-желтоқсан айларында Әзірбайжаннан 1621 ирандық отбасы қуғын-сүргін депортацияны бастады. Лагерлер континенті шамадан тыс толып кетті. Мысалы, Қарлагта тұтқындар саны 1935-1936 жж. 12 мыңға (25127 адамнан 37958 адамға өсті) [31].

Осы кезеңдегі ашаршылықтың зардабының тағы бір қыры - республикаға келген көші-қоншылар легі халық санын 1,3%-ға ғана өсірді. Салыстырсақ, Украинада 6,6%-ға, РКФСР-да 16,0%-ға, Қырғызстанда 45,6%-ға, Тәжікстанда 43,8%-ға, Арменияда 45,5%-ға, ал, КСРО-да 16,0%-ға өскен [32, С. 21-22].

Сонымен, 1926-1939 жж. көші-қон үдерістері қазақ халқын демографиялық апатқа әкелген саяси оқиғалармен өзара байланыста өрбіді. Демографиялық катаклизмдер басым бөлігі қазақ ұлты болып табылатын азиялық ұлт өкілдерін Қазақстаннан сыртқа көшірсе, ірі өнеркәсіптік және аграрлық көші-қондар, репрессиялық сипаттағы кулактық жер аударулар европалық ұлт өкілдерінің Қазақстанға қарай бағытталған көші-қонын күшейтті. Бұл кезеңнің соңына қарай республикадағы қазақтар үлесі төмендеп, 38,0%-ға түсті.



«1939-1945 жж. көші-қон үдерісі: факторлары, түрлері мен салдарлары» атты тарауда көші-қон үдерісінің үшінші кезеңдегі тарихи факторлары, түрлері мен салдарлары, көші-қон үдерісінің Қазақстан халқының құрамы мен демографиялық дамуына тигізген әсері қарастырылады.

Ұлы Отан соғысы жылдарындағы көші-қон үдерістерін саяси мәніне, қарқындылығы мен бағыттарына қарай топтастыра отырып, соғыс алдындағы және соғыс жылдарындағы республика шаруашылығын көтеру мақсатында жүргізілген көші-қон, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы майданға мобилизациялау мен демобилизациялауға негізделген көші-қон; халықтардың эвакуациясы мен реэвакуациясы; этникалық белгілеріне қарай тұтастай халықтарды жер аудару – депортация; Еңбек армиясының қатарын толықтыру мақсатындағы, соғыс тұтқындарының әкелінуіне негізделген көші-қон және т.б. түрлері талданды. Сырттан келген көші-қоншылар есебінен бұл жылдары халқының өсу қарқыны жөнінен Қазақстан КСРО бойынша тұрақты 1-орында болды (одақтық көрсеткіштен 7 есе артық). Қазақстан халқы 1939 ж. 6394 мың адамнан 1959 ж. 9295 мың адамға көтеріліп, 2901 мың адамға (145,4%-ға) өскен.

Республика ішіндегі көші-қон одақтық қажеттілікке тәуелділікте жүрді. Мысалы, өз бастауын патшалы Ресейдің отарлау-қоныстандыру саясатынан алған Мырзашөлді игеруге негізделген науқанға байланысты көші-қон, кен орындары мен өндіріс орындарының құрылысы мен оны игеру сыртқы көші-қонмен бірге ішкі көші-қонды да белсендірді. Ішкі көші-қон сырттан келгендердің келгеннен кейінгі аймақтарда орын ауыстыруларынан, республика халқының өз ішіндегі көші-қондық қоғалыстарынан, халықтың экономикалық, әлеуметтік жағдайы мен соғыс жағдайына бейімделген қатаң тәртіптің ашаршылықтарға душар еткенінен туындады. Соғыс жылдарында соғыс қарсаңында басталған жоспарлы қоныстандыру шаралары тоқтатылды.

1941-1945 жж. Қазақстан халқы 599,8 мың адамға немесе 10%-ға кеміді. Ал, 1946 ж. 1 қаңтарында республикада есептелінген 5933,8 мың адам 1941 ж. 1 қаңтардағы мөлшердің 92,4%-ына ғана жетті [33].

Көші-қон үдерістерінің ауқымы, барысы мен нәтижелері, сол қозғалысқа итермелейтін себептері тарихи кезеңдеріне орай алуан түрлі болып келеді. Мысалы, соғыс жылдарында тұтастай «қауіпті» халықтарды күштеп жер аударулар жаңа, ерекше қарқынмен және қатыгездікпен жүргізілгені, сондай-ақ, мобилизация мен демобилизация, өнеркәсiп орындарымен бiрге халықтың эвакуациясы мен реэвакуациясы және ішкі көші-қон шұғыл түрде жүрді.

Соғыс жылдарында Қазақстанға келген көші-қоншылардың басым бөлігі (1939 ж. 55,3%-ы, 1941 ж. 41,3%-ы және 1946 ж. 51,7%-ы) тұрақтап қалды. Тек, реэвакуация белсенді жүрген 1944 ж. ғана көші-қон 59,4 мың адамдық кері айырымды көрсетіп, осы жылғы көші-қоншылардың тұрақтану коэффиценті -38,7%-дық кері айырымға тең болды.

Ұлы Отан соғысы жылдарындағи табиғи қозғалыстың негізгі үрдісін анықтауда көптеген зерттеулер туу төмендеп, өлім-жітім өсті, сол себепті табиғи өсім төмендеді деп көрсетеді. Осы жерде анықтап кетер жай, табиғи қозғалыс көрсеткішін талдасақ, онда табиғи өсім мен туу көрсеткішінің кемігені нақтыланады да, бірақ өлім-жітімнің өскені дәлелденбейді. Керісінше, соғыс жылдарында өлім-жітім көрсеткіштері де төмендеген.

1943 ж. және 1944 ж. республика халқының өсу үрдісін екі жыл бойы тоқтатты: 1944 ж. бойғы реэвакуация мен табиғи өсімнің төмендігі 1944-1946 жж. республика халқын 104, 1 мың адамға кемітті [33]. 1941-1945 жж. республикаға 1257,6 мың адам келіп, 902,2 мың адам кетіп, 255,4 мың адам (келгендердің 20,3%-ы) тұрақтап қалды [34]. Ауыл халқының саны кеміп, қала халқы көші-қон есебінен 13,3%-ға өсіп, 1939 ж. (27,7%) салыстырғанда 1945 ж. (37,8%) үлесі 11,1 пунктке көтерілдi. Соғыстан кейінгі жылдары да эвакуацияланғандар қайтып жатты, бірақ механикалық қозғалыс өзінің оң көрсеткіш көрсетуін жалғастырды: 1946 ж. Қазақстан халқы көші-қон есебінен 164,0 мың адамға өсті.

Ұлы Отан соғысы жылдарында елдің саяси, экономикалық және әлеуметтік жағдайымен тығыз байланыста жүрген көші-қон республика халқының көпұлттану үдерісін жеделдетіп, халықтың жастық-жыныстық құрамындағы арасалмақты өзгертті. Осы кезден бастап, жастық-жыныстық құрылымның арасалмағында әйелдердің, қарттар мен жас балалар үлесінің басым болу үрдісі басталды.

1946-1959-жж. көші-қон үдерісінің демографиялық салдарлары» атты тарауда 1946 ж. мен 1959 ж. Бүкілодақтық халық санағы аралығын қамтитын төртінші кезеңдегі көші-қон үдерістерінің саяси аспектілері, халықтың саны мен құрамының динамикасына, табиғи өсімнің негізгі үрдістеріне әсер еткен көші-қон қозғалысының бағыттары, түрлері, оның қазақстандық қоғамның даму салалары мен ұлттардың даму ерекшеліктеріне ықпалы қарастырылады. Соғыстан кейінгі демобилизация, отбасылардың бірігу мен некеге тұрудың өсуі табиғи қозғалыста компенсаторлық кезеңді туғызды. Халық шаруашылығын қалпына келтіру, жаңа өндіріс орындары (шикізаттық бағыттағы) мен әртүрлі көлік жолдарын іске қосу, жаңа қалалар мен қала типтес поселкелердің құрылуы, ауыл шаруашылығындағы реформалар, тың және тыңайған жерлерді игеру және т.б. негізіндегі көші-қон республика халқын 3360,2 мың адамға, ерекше 1955-1960 жж. 2346 мың адамға өсірді. 1939-1959 жж. республикадағы ауыл халқы 19,0 %-ға, тың өлкесінде 83 %-ға өсті. Тың жерлері игерілген облыстардағы механикалық өсiмнің бүкiл республикалық өсiмдегі үлесі 1952 ж. 2,3%, 1953 ж. 4,0% ғана болса, 1954 ж. 31%-ға, 1955 ж. 47%, ал 1956 ж. 49,9%-ға дейiн көтерiлді. Тың қазақты тұқыртып, 1959 ж. санақта 29,7%-ға түсірді. Тың игеру кезінде ұлттық фактор есепке алынбады, көшіп келушiлер iшінде қазақтар саусақпен санарлықтай болды. Көші-қоншылар ішінде 1954-1962 жж. шетелден келген отандастарымыз да бар. Олар саяси идеологияның қатаң бақылауында жүріп-ақ, қазақтың этномәдениетіне өзіндік үлес қосты.

Диссертацияда әр түрлi себептермен ерiктi адамдар қатарына босатыла бастаған арнайы қоныстанушылардың мәселесі де талданады.

Бұл кезеңдегі Қазақстан халқының демографиялық көрсеткіштерінің өзгерістерінде сырттан келген көші-қоншылардың демографиялық мінез-құлқы шешуші рөл атқарды. Халық құрамында славян типтес халықтардың үлесі көтерілген сайын табиғи өсім көрсеткіштеріндегі олардың шешуші рөлі жоғары болды. Мысалы, тың және тыңайған жерлерді игеру шарасының нәтижесінде сырттан келгендер ішінде еңбек ету және некеге тұру жасындағылар үлесі мен әлеуетінің басым болуы 1956-1964 жж. туу көрсеткіштерінің күрт өсуіне, табиғи өсім мен халық өсімінің көтерілуіне әкелді.

Сонымен, 1917-ж. бастап 2004 ж. дейін Қазақстандағы демографиялық ахуалдың жай-күйіне шешуші ықпал еткен сырттан келген көші-қоншылар болды. Сырттан келген көші-қоншылардың негізгі дені 20-35 жастағылар және ер адамдар болғанымен, жыныстық арасалмақта ерлердің жетімсіздігін туғызған Ұлы Отан соғысынан кейінгі жағдай түзелмеді: 1959 ж. ерлер 47,5%, әйелдер 52,5% болды. Ерекше тың және тыңайған жерлері игерілген, өндірісі дамыған аймақтарда 25-49 жастағылар үлесінің жоғары болуына сәйкес некелесу көэффициенті де жоғары болды. Диссертацияда осы көрсеткіштердің ұлттық және аймақтық ерекшеліктері де қарастырылады.

Қоғамдық ұйымдастыру жолымен көші-қон үдерісін мемлекеттік көлемде реттеу шараларының жетілмегендігінен елдегі әлеуметтік қайшылықтардың ұлтаралық жанжалдар түрінде көрінуі де осы кезеңге тән. Мысалы, Теміртау оқиғасы осының дәлелі.

Осы тарауда көші-қоншылардың республика қала, село және аймақтар бойынша орналасуы, республика iшіндегi көші-қон үдерісінің барысы сараланады. Ішкі көші-қондағы басты үрдіс ауыл-қала бағыты, аймақтық ерекшеліктер мен экологиялық көші-қонның туындауының эндогендік факторлары көрсетіліп, урбанизациялау үдерісінің ішкі-сыртқы көші-қонмен тығыз байланысы нақтыланады.



«1959-1991-жж. көші-қондық қозғалыс: түрлері, бағыттары мен демографиялық дамуға тигізген әсері» деп аталатын тарауда қазақстандық тарих ғылымындағы жаңа көзқарастарға сай, кеңес дәуіріндегі көші-қон үдерісінің басты бағыттарына, үрдістері мен салдарлары байланысты анықталған 1959-1970 жж. арасындағы бесінші және 1970-1991 жж. қамтитын алтыншы кезеңдердегі ерекшеліктері зерттеледі.

«ХХ ғ. 1959-70-жылдарындағы көші-қонның халықтың әлеуметтік және этно-демографиялық дамуға тигізген әсері» атты бөлімде Қазақстандағы 1959-1970 жж. көші-қон үдерісінің негізгі факторлары, барысы, бағыттары, демографиялық салдарлары талданады.

1959 ж. және 1970 ж. Бүкілодақтық халық санақтары аралығында Қазақстанға сырттан келушілердің көші-қоны аздап саябырлай бастады. Бұл кезеңде көші-қон айырымында кері айырым болмағанымен, көші-қон қозғалыстарының бәсеңдеу кезеңі дейміз. Сырттан қазақтардың келуі оқиғалары осы кезеңде орын алды. Бұл кезеңде қазақтардың табиғи өсімін көтерген «демографиялық жарылыс» деп тарихта аты қалған туу көрсеткіштерінің күрт өсуі тұрғылықты ұлттың мөлшерін 2,9 пунктке ғана көтерді. Қазақ жеріндегі қазақтар үлесі 1970 ж. 32,6%-ға жетіп, халық құрамында азшылық ұлт мәртебесін жоя алмады.

Бұл кезеңнің аяғында ғасырдан астам уақыт бойы қазақ жеріне бағытталған көші-қон қозғалысы кері бұрылды. Ресей мен КСРО-ның басқа республикаларынан Қазақстанға көшіп келушілердің әлеуеті сарқылды. Сонымен, бірге, енді Қазақстаннан тек КСРО республикаларына ғана емес, «темір перденің ысырылуымен» шет елдерге халықтың көші-қоны орын ала бастайды.

Кеңестік жүйенің алғашқы қырық жылы ішінде республика халқы механикалық қозғалыс негізінде өссе, ендігі өсім табиғи қозғалыс арқылы жүзеге асырылды. 1955-1970 жж. Қазақстан халқы 8,3 млннан 13,2 млнға көтеріліп, 15 жыл ішінде 5,5 млнға көбейген. Урбанизация үрдісі қала халқын 15 жылда екі еселеді: 1955 ж. 3368 мың, 1970 ж. 6725 мың адам болып, 199,7%-ға өскен [35].

Жұмыста республикадағы қоныс аудару мәселесімен айналысатын арнайы органдардың осы кезеңдегі іс-шаралары да қарастырылады



Бұл кезеңде Қазақстанның көп салалы индустриясы ірі халық шаруашылық міндеттерін шешіп жатты. Жоспарлы түрде дамушы салалармен бірге жаңадан республикалық және одақтық маңызы бар өнеркәсіп орындары қалыптасты.

Осы бөлімде көші-қон үдерістерінің аймақтар бойынша барысы мен демографиялық салдарлары да сараланады. ХХ ғ. 1950-60 жж. Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарының дамуы қарқынды болды. Осы екі аймақтық-өнеркәсіптік кешен республикалық және одақтық экономикада маңызды рөл атқарды. Одақ бойынша еңбек ресурстарын тарту аймақтар мен республика халқының әлеуметтік құрамындағы терең өзгерістерге әкелді.

1959-1970 жж. қазақ халқының демографиялық тарихында «алтын кезең» деп бағаланады. XX ғ. бірнеше демографиялық апатты кезеңдерден кейінгі жағымды құбылыс – 1958-1962-жж. демографиялық «жарылыс» орын алды. Осы жылдары республика тарихыңда табиғи өсім ең жоғары көрсеткіштерге жетті: 1960 ж. дүниеге 371,8 мың сәби, әрбір 1000 адамға шаққанда 37,2 сәби, ал ең көп сәби туылған 1961 ж. 377 мың сәби келген, әрбір мың адамға шаққанда 36 сәби, 1960 ж. салыстырғаңда 1000 адамға шаққаңдағы үлесі төмен болғанымен өлім-жітіммен салыстырғандағы айырым есебінен 308,4 мың адамдық оң айырым көрсетіп, табиғи өсімде осы жиырма жыл ішіндегі ең нәтижелі жылы болды. 1958-1962 жж. Қазақстанда 10-12 балалы отбасылар көп болды. 1959-1970 жж. аралығында табиғи өсімнің (2918,6 мың адам) жоғары болуының басты себебінің бірі - тың және тыңайған жерлерді игеру мақсатында республикамызға қоныс аударғандардың басым көпшілігі табиғи өсімді бере алатын жастағы жас жігіттер мен қыз-келіншектер, негізінен 20-35 жас аралығындағылар.



1959-1970 жж. сыртқы көші-қон айырбасындағы жағымды өсім қысқарды (794,4 мың адамдық оң айырым). Соған қарамастан, 1959-1970 жж. көші-қон есебiнен халық саны 3713 мың адамға (20%) өстi. Бұл одақтық көрсеткіштен 2,5 есе жоғары болды [36].

Урбанизациялау процесі бұл кезеңде ішкі көші-қонды ерекше белсендірді. Ендігі жердегі көші-қондық әлеует республика ішіндегі ресурстардан тұрды. Қала халқының саны 10 жыл ішінде 1,3-2,1 есе аралығында өскен. Сондай-ақ, халық саны 500 мыңнан асатын ірі қалалар пайда болды. Көші-қон қозғалысына түсушілер, әдетте еңбек жасындағылар және көбінесе жастар мен ер адамдар болып табылады. Мысалы, 1970 жж. көші-қон қозғалысына түскендердің 60%-ы 16-28 жас аралығындағылар. Өнеркәсібі дамыған қалаларда өндіріс орындары салынбаған аймақтарға қарағанда 20-34 жастағылар мен 0,5 жастағылар үлесі жоғары, 14-19 жас арасындағылар аз мөлшерде. Сонымен бірге, өндірісі дамыған аймақтардың жастық құрылымында еңбек жасындағы ер адамдар үлесі жоғары болды.

Республика ішіндегі көші-қонда негізінен, «ауыл-қала» бағытындағы оң айырым көрсеткен түрі басымдық танытты. Сырттан келген көші-қоншылардың негізгі дені Қазақстанға тұрақтап қалды. Мысалы, 1960-1964 жж. келгендердiң 83,8 % тұрақтаған [37].

1960 жж. екінші жартысынан бастап сыртқы көші-қон қозғалысында Қазақстанда тұрақтаушылар саны төмендей бастады: 1966-1970 жж. Қазақстанға 416,0 мың адам келіп, кеткенi 387,8 мың адам, айырым 28,2 мың адамдың оң көрсеткішті көрсетті. Осы жылдары республика халқының 10%-дан астамы көші-қон қозғалысына түсті. Ішкі көші қонда оң айырым көрсеткендер, қарқындылығының ретіне қарай көрсетсек, Алматы, Павлодар, Талдықорған, Гурьев, Жамбыл, Целиноград, Қостанай, Қызылорда облыстары. Бұл облыстар арасындағы көші-қон айырбасы анағұрлым белсенділік танытты.

Осы екі санақ аралығында республика халқы 1959 ж. 9294,7 мың адамнан 1970 ж. 13008,7 мың адамға жетіп, 3714,0 адамға (39,9%) өскен. Қазақтар осы кезенде 1446,9 мың адамға, яғни 51,9%-ға өскен. Орташа жылдық өсімі 131532 адам, ал республика тұрғыңдары табиғи өсімнің есебінен жылына 258 мың адамға өсіп отырған, республикадағы үлестік салмағы 1959 ж. - 30%, 1970 ж. - 32,5% құрайтын қазақтар, осы он жылда республика тұрғындарының жалпы өсімінің З8,96%-ын берсе, қалған этностар 61,04%-дық өсім берген, әрине бұл республика көлемінде қазақ этносының санының және үлестік салмағының тез өсуіне жайлы демографиялық ахуалдың туыңдауына жол ашты. Осы кезеңнің қазақтар үшін тағы бір жайлы ерекшелігі, 1970 ж. санақ бойынша, он жасқа дейінгі қазақтар саны 1574972 адам болып, республикадағы қазақтардың 37,2%-ын, ал республикадағы сол жастағылардың 47,9%-ын, ал, қазақтарды қосқанда республика халқының 25,2%-ын (3284863 адам) құрады. Болашақтағы қазақ халқының демографиялық өсу әлеуетінің негізі 1950-1960 жж. демографиялық дүмпу кезінде қаланды [38].



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет