Айкөзов сейдулла ибадуллаұлы қазақстанның оңтүстік және оңтүстік-шығыс аймақтарындағы аграрлық реформалар


«Ауыл шаруашылығын дамытудағы стратегиялық жоспарлау»



бет3/5
Дата13.06.2016
өлшемі494.5 Kb.
#132857
түріДиссертация
1   2   3   4   5

«Ауыл шаруашылығын дамытудағы стратегиялық жоспарлау» деп аталатын үшінші тарауда, «Қазақстан-2030» Стратегиясында қазіргі заманғы мемлекеттік басқарудың құрылымы мен кәсіби деңгейін жақсарту мемлекеттің ең шешуші міндеттерінің бірі ретінде белгіленген. Осы құжатта атап көрсетілгендей, үкімет неғұрлым маңызды және жалпы мемлекеттік міндеттерді шешумен айналысып, әрбір министрлік пен басқарушы орган өздеріне тән емес функцияларды орталықтан аймақтарға және мемлекеттен жеке секторға бере отырып, олардан арылу арқылы өз жұмысын жетілдіре беруге міндетті болды.

Соңғы жылдары мемлекеттік басқарудың тиімділігін қамтамасыз етудің өзекті мәселелері көптеген қазақстандық саясаткерлер мен ғалымдардың талдаулары мен пікір-таластарының ерекше тақырыбына айналып, бұқаралық ақпарат құралдарында бұл мәселені шешу туралы көптеген пікірлер айтылып, әртүрлі тәсілдер ұсынылуда.

Солардың бірі ретінде жергілікті және аймақтық өзін-өзі басқару мекемелері мен жергілікті басшылықтар, қоғамдық мекемелерді құрылымдық жетілдіру жүйесін одан әрі демократияландыру мәселесі қарастырылады. Бұл мәселелерді шешудің көп ғасырлық әлемдік тәжірибесі бар екенін ескере отырып, оны ғылыми жағынан талдау мен пайдалы тұстарын өзімізде қолдану да бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналып отыр. Қазіргі экономикасы, ғылымы мен техникасы, ақпараты мен пікір алмасу үрдісі қарқынды дамып келе жатқан қоғамда басқаруды бұрынғысынша орталықтандыра берудің мүмкін еместігі күн санап дәлелденіп келеді. Сондықтан 2003 ж. 4 сәуіріндегі Парламент палаталарының бірлескен отырысында жария етілген Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауында демократияны және жергілікті басқаруды жетілдіру мәселелерінің жан-жақты көрініс табуы жайдан-жай емес. Онда елімізді демократияландыру мен тиімді басқару мәселелері қозғалып, соның ішінде саяси және құқықтық реформалардың басым бағытын қамтитын жергілікті мемлекеттік басқару өкілеттігін және оның қаржылық мүмкіндіктерін кеңейту сияқты міндеттер қойылды. Осыдан барып мемлекеттік биліктің түрлі деңгейлері арасындағы қызметтер аясын, функциялары мен жауапкершіліктерін нақты ажыратуды қамтамасыз ететін заңдарды одан әрі жетілдіріп, сонымен бірге жергілікті мемлекеттік басқарудың тиімді жұмыс істеуі үшін жағдайлар туғызу басты мақсатқа айналды.

Елімізде нарықтық қатынастардың қалыптасуы экономиканы басқару жүйесінің өзгеруіне әсер етіп, оны жетілдіре беруді бірбеткей орталықтандыру жүйесінің икемсіздігіне байланыстыра қарастыруды талап етіп отыр. Бұл талапты орындау аясында ұйымдастырушылық-басқарушылық өкілеттіліктерді еліміздің аймақтарына біртіндеп беру арқылы жергілікті мәселелердің тиімді әрі уақытында шешімін табуының, оның арқасында халық мүддесінің толығымен ескерілуінің негізгі жолдары іздестірілуде. Жергілікті басқаруды қалыптастыруды, дамытуды және жетілдіруді қамтамасыз етпейінше және сол арқылы жергілікті мәселелер кешенін тиімді тетіктер көмегімен шешіп отырмайынша тұтастай экономиканың тиімді дамуына қол жеткізу мүмкін еместігі де аян болып отыр. Осындай мәселелер күн тәртібіне қойылып отырғандықтан, оларды шешу жолдары мен тетіктерін ғылыми негіздеу керектігі туындайтыны түсінікті.

Жергілікті басқару мен қоғамдық мекемелерді құрылымдық жетілдіру шараларын жүзеге асырар алдында әрбір әкімшілік-аумақтық аймақты (облыс, қала, аудан) кешенді түрде зерттеу міндетті іске айналуы керек.

Бұл мәселелер әзірге кешенді зерттеулер нысанына айнала қойған жоқ. Оның, біздің ойымызша, екі басты себебі бар. Біріншіден, жергілікті мемлекеттік басқару жөнінде Қазақстан Республикасының Заңы (23 қаңтар 2001 ж.) ресми қабылданғаннан кейін ғалымдар бұл мәселеге аса қызығушылық таныта алмай отыр. Бірақ, бүгінгі тәжірибе көрсетіп отырғанындай, ол заңның жүзеге асырылуы мен осы үрдістен туындайтын күрделі мәселелердің шешілуі барысында кездесуі әбден мүмкін киындықтарды (олардың көбі жергілікті шаруашылық құрылымының сансыз ерекшеліктеріне байланысты болып келеді) уақытында еңсере жеңіп отыру әлгіндей басқарудың жетілдіру жолдарын күнілгері қарастырып, оның тетіктерін ғылыми тұрғыдан оңтайластыруды талап етеді. Екіншіден, жергілікті мемлекеттік басқару мен жергілікті шаруашылықты басқарудың аражігін ғылыми тұрғыдан ашып беруге, сөйтіп екінші мәселенің шешілу жолдары мен тетіктері біріншісінікінен басқа екендігін дәлелдеуге жете көңіл бөлінбейді. Осындай олқылықтардың орнын толтыру жаңағыдай жолдар мен тетіктерді ғылыми зерттеу нысандарына айналдыру арқылы жүзеге асар еді.

Мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру мәселесінің бүгінгі күн тәртібіне өткір қойылып отырғаны – жергілікті шаруашылықтың ғылыми-құқықтық негіздерін қалыптастыруға, оны жетілдіруге бірден-бір бастама болып табылады. Егер де, тарихқа үңілсек, Қазақстандағы мемлекеттік басқару үрдістерінің еркіндік, дала демократиясы үлгісінде дамығанына көзіміз жете түседі. Бұлардың идеологиялық-руханилық, мәдени-құқықтық, әлеуметтік-экономикалық негіздері баршылық. Одан кейінгі кезеңдерде, еліміздің басқару құрылымы Кеңес үкіметі тұсында көптеген өзгерістерге ұшырады. Әсіресе, жергілікті басқару мәселесі жөнінде сөз етудің өзі артық. Ал керісінше, еліміз егемендігін алғаннан кейін жүргізіліп жатқан экономикалық реформалар басшылыққа алына отырып, жергілікті басқаруды жетілдіру мақсатында алғышарттар жасалып та жатыр.

Жергілікті шаруашылықты басқарудың ғылыми-құқықтық негіздерін қарастырғанда, «Жергілікті мемлекеттік басқару» заңы мен «Жергілікті өзін-өзі басқару туралы» заң жобасынан бастаймыз. Себебі, жергілікті шаруашылықты басқару үшін оның заңнамалық негізінің қалануы маңызды. Тарихқа тағы да бір тоқталып өтсек, жергілікті шаруашылықтың даму жолы былайша өрбиді: жергілікті басқару билігінің қайта қалыптасуы бұрынғы Кеңес дәуірінің соңғы 1990-1991 жж. «КСРО жергілікті өзін-өзі басқару және жергілікті шаруашылықтың жалпы басталуы туралы» Заңының қабылдануы елімізде жергілікті басқарудың қалыптасуына негіз болды. 1990 жылдың 15 желтоқсанында қабылданған «Қаз КСР-дағы меншік туралы» Заңы меншікті үш түрге бөлді, олар: жалпыодақтық; республикалық; жергілікті.

1991 жылғы 15 ақпанында «Жергілікті өзін-өзі басқару» және «Қазақ Советтік Социалистік Республикасының жергілікті кеңестерінің халық депутаттары» туралы Заңы қабылданғанымен, ол заң бұрынғы кеңестік дәуірдің үрдісін жалғастырды. Бұл заңда мемлекеттік басқару мен жергілікті басқарудың аражігі ажыратылмаған. Жергілікті мемлекеттік органдар мемлекеттік биліктің бірлігі қағидасының негізінде құрылып, мемлекеттік биліктің жергілікті органдары – халық депутаттарының Кеңестеріне жергілікті халық өкілдері сайланды (ауыл, село деңгейіне дейін). Осы өкілетті органдар жергілікті атқарушы органдарды қалыптастырды деп берілген. 1992 ж. 13 каңтарында «Жергілікті өзін-өзі басқару және Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының жергілікті кеңестерінің халық депутаттары туралы» заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы қабылданды. Бұл заңдағы өзгерістер «Жергілікті органдардың үстемдігін» «өкілетті және атқарушы-бөлуші органдардың функциялары мен өкілеттіктерін ажыратумен» алмастырумен шектелген. Кез келген деңгейдегі халық депутаттарының Кеңестері «әкімшілік әкімдерінің өкілеттігіне жататын мәселелерді өз қарауларына алуға және керісінше, әкімшілік әкімдері «халық депутаттарының жергілікті Кеңесінің өкілетіне қарайтын мәселелерді өз қарауларына алуға құқықтары болмайтындығына» заңда ерекше назар аударылған. 1992 ж. 7 ақпанында «Экономикалық реформалар жағдайында мемлекеттік басқару органдарының іс-әрекеті мен оны ұйымдастыруды жетілдіру туралы» Жарлыққа Президент қол қойды. Ал, 1993 ж. 28 қаңтарында Жоғарғы Кеңес Қазақстан Республикасының тәуелсіз мемлекет ретінде алғашқы Конституциясын қабылдады. Бірақ онда жергілікті басқару, жергілікті шаруашылық туралы ешқандай мәселелер айтылмағанымен, жергілікті жерлерде аумақтық қауымдастықтарда қоғамдық өзін-өзі басқару комитеттерін құру жөніндегі мәселелер біршама қарастырылған.

Қазақстан Респбликасында соңғы жылдарда аграрлық секторда жүргізіліп жатқан маңызды өзгерістер орын алуда. Олар жаңа қажеттіліктерді қанағаттандыратын технологиялар мен техникалық құралдардың пайда болуымен тығыз байланысты. Соның бірі инновациялық үрдіс. Қазақстан Республикасының 2002 ж. 3 шілдеде жарық көрген «Инновациялық іс туралы» қолданысқа енуімен қатар Үкіметтің 2004-2006 жылдарға арналған Бағдарламасында да осы мәселеге көп көңіл бөлінген. Мемлекетіміздің 2005-2015 жж. белгіленген индустриялық-инновациялық даму стратегиясын жүзеге асыруда мыналар көзделген: ғылым мен білімнің бүгінгі заманғы және тиімді жүйесін жасау; шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту; өндірістік және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту; халықты зейнетақымен және әлеуметтік тұрғыдан қамтамасыз етілуін одан әрі жетілдіру т.б. [34].

Инновацияның дамуына қозғаушы тетік — бірінші кезекте нарықтық бәсекелестік болып табылады. Нарық жағдайында өнім өндірушілер немесе қызмет көрсетушілер әрдайым өндірістік дағдарысты болдырмаудың жолы мен тауарын өткізетін жаңа нарықтарды қалыптастыру, іздестірумен болады. Сондықтан, инновацияны бірінші болып тиімді игерген кәсіпорындар өз бәсекелестері алдында басымдыққа ие болады. Бүгінгідей жаңа өнім түрлері өсіп, тұтынушы талғамы артып отыратын уақытта, әсіресе шағын кәсіпорындардың икемділік қабілеттерін күшейту аса қажет екендігін көрсетіп отыр.

Қазіргі кезде республикада инновациялық қызмет мемлекет тарапынан және экономикалық мемлекеттік емес секторы тарапынан да ғылыми-техникалық өнімге төлем қабілеті төмен сұраныстың әсерінен кешеуілдеп отыр, өйткені экономиканың мемлекеттік емес секторы үлкен коммерциялық тәуекелге барудың салдарынан және оны көбінесе техникалық жағынан анағұрлым қарапайым және арзан.

Шағын инновациялық кәсіпкерліктің дамуындағы тежелудің негізгі себебі шағын кәсіпорындарының, ірі кәсіпорындармен салыстырғанда бәсекеге қабілетті өнімдер шығара алмауында болып отыр. Шағын кәсіпкерлікті ірі кәсіпорындармен біріктіру, яғни кооперациялау мақсатында табиғи монополия субъектілерінің негізгі қызметіне қатыссыз қызметтер көрсету жөніндегі функцияларын шағын бизнес субъектілерінің бәсекелестік ортасына беру тетігін әзірлеу қажет және оларға жағдай туғызу керек.

Осы негізде әр аймақ қазіргі таңда жүргізіліп жатқан аграрлық реформалар жағдайында иновациялық ғылыми-зерттеу жетістіктерін жергілікті және аймақтық басқару мекемелерінде кеңінен қолданып қана қоймай, иновациялық белсенділікті арттыру қажет.

Қазіргі кезде аграрлық реформалау нәтижесінде бұрынғы жоспарлы экономика тұсындағы кеңшарлар мен ұжымшарлардың орнында жеке меншікке негізделген агроқұрылымдар ынталы жұмыс істей бастады. Олардың бұдан былайғы кезеңде онан әрі дамып жетілуін қамтамасыз ететін тиісті заңдар мен нормативтік заңдылықтар жасалды, кажетті агроинфрақұрылымдар қалыптасып келеді. «Соңғы 7 жылда - деп көрсетті Елбасы Н.Ә. Назарбаев өзінің Қазақстан Конституциясының жеті жылдығына арналған салтанатты жиналысқа жасаған баяндамасында, - елде мазмұны жағынан аса терең әлеуметтік-экономикалық және саяси реформалар жүзеге асты». «Егер сол кезде, - деп атап өтті Мемлекет басшысы сөзін жалғастыра келіп, - біз мұны істемеген болсақ, экономиканы реформалай да, елді дағдарыстан шығара да алмаған болар едік» [35].

Жалпы алғанда, жергілікті және қоғамдық мекемелерді құрылымдық жетілдіру, мемлекеттік басқаруды орталықсыздандыру жолы арқылы көшу.

Мемлекеттік басқаруды орталықсыздандыру ұлттық деңгейде басқару өкілеттілігін жергілікті деңгейге беруді білдіреді. Әзірге жергілікті басқару толығымен шешілмеген, барлық талаптарға толыққанды жауап бере алмайды. 1998 ж. 30 қыркүйегінде Президент Н.Ә. Назарбаевтың халыққа жолдауында мемлекеттік құрылысты орталықсыздандыру бойынша нақты шараларды ұсына келіп былай деген еді: «...біз барлық деңгейлердің жетекшілерін сайлаудың сатылы бағдарламасын әзірлеуіміз керек. Бұл жерде кейбір мемлекеттерді басқарылмайтындай деңгейге жеткізген революциялық төңкеріске жол беруге болмайды. Жақын арада деңгейлері мен сатылары нақты анықталған бағдарлама дайындауға көшуге тиіспіз. Сондай-ақ, жергілікті өзін-өзі басқару үлгісі әлі де болса, нақты өмірден қашықта. Бізге осы тұсты да қайта қалыптастыруға тура келеді». Осыған қарағанда мемлекеттік басқаруды орталықсыздандыру өзі ұзақ әрі күрделі үрдіс, ол сатылар мен деңгейлерге бөлінетіні ақиқат.

Сонымен, ауыл шаруашылығындағы реформалардың басты ерекшелігі – бұл жеке меншік нысанына негізделген кәсіпкерлікті дамыту болды. Алайда, жеке меншікке қарағанда ауыл шаруашылық тауар өндірушілеріне мемлекет тарапынан қолдау көрсету және өндірілген өнімді үлестіру құқы маңыздырақ деп саналады. Мемлекетімізде жеке меншік институтын толығымен енгізу үшін әлі де болса жағдай қалыптаспаған. Ел экономикасы тұрақтанбайынша және сол жерде жұмыс істейтін тұлғалар қолындағы жердің сақталуын қамтамасыз ететін шектелуі тетіктері қалыптаспайынша, жаппай түрдегі жер нарығының қызмет етуін болдырмау керек.

Ауыл шаруашылығын жүргізудің әрбір ұйымдық-құқықтық нысаны, өндіріс тиімділігін барынша көтеруге мүмкіндік беретін экономикалық қатынастар жүйесінде өз орнын табады. Шаруашылық жүргізу нысанын таңдағанда келесі басты факторлардың ықпал тигізетіні анықталды: шаруашылық жүргізу үшін қажетті қаржылар және материалды ресурстардың жеткіліктілігі; шаруашылықтағы жұмыскерлерінің акция сатып алу мүмкіндігінің, өндірістің дамуына қажет материалды ынталандыру шарттарының деңгейі болуы; интеграциялық, индустриалдық байланыстардың дамуы.

Ауыл шаруашылық кәсіпорындарын бөлшектеу бағыты өндірісте қалыптасқан технологиялық үрдістерге нұқсан келтірді. Бұнымен бірге, агроқұрылымдар санының артуы бәсекенің пайда болуына алып келмей, ауыл шаруашылық өнімін өткізумен айналысатын арадағы жүрген делдал фирмалардың шамадан тыс көбеюіне, ауыл шаруашылық өнім бағаларының әрдайым өсіп отыруына, ал ол, өз кезегінде, инфляцияның үздіксіз өсуіне мүмкіндік берді. Бұл жағдайлар материалды-қаржылай ресурстардың аз болуын, өндірісті дамытудағы қызығушылығын, ынталандыруды, ауыл шаруашылық кәсіпорындарының өзара және басқа да салалар кәсіпорындарымен кооперациялануы мен интеграциялануына кері әсерін тигізуде.

Әйтсе де, жер мен еңбек, материалдық ресурстарды барынша тиімді, ұқыпты пайдалану, өндіріс пен еңбекті ұтымды ұйымдастыру ұжымдардың-үлестік нысанын нығайтуға, ауыл шаруашылығындағы жүргізіліп жатқан реформа ауыл еңбеккерлерінің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайының деңгейін көтеруде оң өзгерістерге қол жеткізуде. Оны агроқұрлымдық нысандардың көбейуі мен ауылшаруашылық өнімдерінің көрсеткіш деңгейінің өсуі және ауыл аймақтардағы мал шаруашылығының дамуынан көруге болады. Мысалға, Жамбыл облысы бойынша ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі – 2001-2005 жылдар аралығында 10,7 пайызға, оның ішінде өсімдік шаруашылығында – 7 пайызға артқан. «Ауыл» мемлекеттік аграрлық азық-түлік бағдарламасын іске асыруға негізделген 2003-2005 жылдары Жамбыл облысына мемлекеттік бюджеттен 6,5 млрд. теңге, ал жергілікті бюджеттен 367,2 млн. теңге бөлінген. Осы қаржының есебінен облыста тұқымдардың сапасын тексеру мен таңдаулы тұқымдарды алу, минералды тыңайтқыштар мен гербициттердің және суармалы су жеткізудің құны төмендетілді.

Өсімдік шаруашылығы саласында 2005 жылы 2001 жылмен салыстырғанда 273,4 мың тонна дән, 20,5 мың тонна картоп, 82,1 мың тонна көкөніс, 37,3 мың тонна бақша мен 15 мың тонна майлы дақылдар артық өндірілді.

Ауыл шаруашылығын дамыту мен агронысандарды шаруашылық және құрылымдық жетілдіруде Оңтүстік Қазақстан облысы да көптеген жетістіктерге қол жетуде. Облыстағы ауыл шаруашылық құрылымдарының санының көрсеткішіне тоқталсақ; өңірде 1995 жылы 8275 болса, 2005 жылы 74349-ға, ал 2008 жылы 72015 болған. Оның ішінде: ауылшаруашылық кәсіпорындары – 1995 жылы 978, 2005 жылы – 3639, 2008 жылы – 2537, шаруа қожалықтары – 1995 жылы 7297 болса, 2005 жылы –70710, ал 2008 – жылы 69478, жұртшылықтың жеке қосалқы шаруашылықтары – 1995 жылы – 237569 бірлік болса, 2005 жылы – 343165, 2008 жылы – 354922-ге жетті.

Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі, 1995 жылы – 19160,5 млн. теңгені, 2005 жылы – 95218,3 млн.теңгені құраса, ал 2007 жылы – 118669,4 млн. теңгеге жетті. Оның ішінде: өсімдік шаруашылығы – 1995 жылы – 11605,3 млн. теңгені, 2005 жылы – 59589,1 млн. теңгені құраса, ал 2007 жылы – 68738,1 млн.теңге, мал шаруашылығы – 1995 жылы – 7555,2 млн. теңгені, 2005 жылы – 35629,8 млн. теңгені құраса, ал 2007 жылы – 49931,3 млн.теңгенің өнімін өндіруге қол жеткізді.

Осы тұрғыда мемлекет басшымыз еліміздің агроөнеркәсіп кешенін дамытуға және бүгінгі жаһандық дағдарыс жағдайында берік азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге айрықша басымдық жасау қажеттігін үнемі басты назарға қойып келеді. Оның айғағы, соңғы жылдарын мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығы саласына бұған дейін болмаған қаржылық қолдаулар көрсетіліп қана қоймай агронысандарды жетілдіру мақсатында кең көлемді әрі ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне тиімді инвестиция көздері қарастырылып өз кезеңдерімен шешімін табуда.

«Қазақстанның оңтүстік және оңтүстік-шығыс аймақтарындағы аграрлық реформалардың әлеуметтік-экономикалық нәтижелері» деп аталатын төртінші тарауда Қазақстан Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 2006 жылғы Жолдауы «Қазақстан өз дамуындағы жаңа серпіліс жасау қарсаңында. Қазақстанның әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына кіру стратегиясы» [36] ұзақ мерзімді «Қазақстан-2030» Стратегиясын жүзеге асыру жолына бағытталған болатындығы айтылған.

Қазақстанда соңғы жылдарда қоғамдық өмірінің барлық салаларында айтарлықтай өзгерістер болды. Қазақстан дүниежүзі қауымдастығының толық құқылы серіктестігіне айналып, дербес тәуелсіз мемлекет болуына қол жеткізді.

Астық дақылдарын өсіру мен сүтті және етті-сүтті мал шаруашылығы үшін мал азығын өндіруге табиғат жағдайлары қолайлы Қазақстанның солтүстік облыстарында ауыл шаруашылығы астық өндірісін сүт, ет өндірісімен үйлестіре отырып мамандандырылды. Ал қуаңшылық территорияларда ауыл шаруашылығы мал шаруашылығы мен астық өсіруге маманданды. Оңтүстікке қарай, барынша құрғақ климат жағдайында ауыл шаруашылығы қой – ірі қара шаруашылығы мен астық өсіру бағытында дамыды. Оңтүстіктің суармалы жерлерінде күріш, мақта, қант қызылшасы, темекі, жеміс-жидек, жүзім өсіру интенсивті сүтті-етті мал шаруашылығымен үйлестіріле отырылып жүргізілді.

«Ауыл» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысы мен аграрлық реформалаудың нәтижелігін, Үкіметіміздің 1999 ж. 24 сәуіріндегі «Қазақстан Республикасында бірінші ұлттық ауыл шаруашылығы санағын жүргізу туралы» № 463 қаулысына сәйкес 2006-2007 жж. елімізде жүргізілген тұңғыш санақ аңғартады. 2007 жылды 2003 жылмен салыстырсақ, 2003 жылдың басында ауыл шаруашылығының 150.696 – кәсіпорын болып, оның ішінде 126 – мемлекеттік шаруашылықтар, 4822 – шаруашылық серіктестіктері, 285 – акционерлік қоғамдар, 2866 – өндірістік кооперативтер, 141328 – шаруа (фермер) қожалықтарды қамтыса [37], 2007 ж. бұл көрсеткіш республика көлемінде екі есе өсті [38]. Мысалға, Қызылорда облысында агроқұрылымдар саны – 2045, онын ішінде ауыл шаруашылық кәсіпорындары – 224, мемлекеттік шаруашылықтар – 3, серіктестіктер (ЖШС) – 152, акционерлік қоғамдар – 14, өндірістік кооперативтер – 23, шаруа (фермер) қожалықтары – 2471 [39] болса, Жамбыл облысында агроқұрылымындар саны – 15 мыңнан аса, онын ішінде ауыл шаруашылық құрылымдары – 390, мемлекеттік шаруашылықтар – 4, акционерлік қоғамдар – 17, серіктестіктер –211, өндірістік кооперативтер – 90, шаруа қожалықтары – 14674 қалыптасқан, 36452 – шағын кәсіпкерлік, 4874 – заңды тұлға, 31526 – жеке кәсіпкелер мен шаруа қожалықтары [40] тіркелген. Қазіргі қоғамның даму кезеңінде, Оңтүстік Қазақстан облысында ауыл шаруашылық өнімін өндірушілердінің саны, барлық меншік нысанында 70,8 мың агроқұрылымдар жұмыс істеуде. Оның ішінде: ауыл шаруашылық кәсіпорындар барлығы – 3,7 мың көбірек, шаруа (фермерлер) қожалықтары – 67,1 мың, өндірістік кооперативтер – 1949, шаруашылық серіктестіктері – 1583, акционерлік қоғамдар – 16, мемлекеттік шаруашылықтар – 18 [41]. Агроөнеркәсіп кешенінің рыногының әртүрлі жағдайын ескере отырып Қазақстан Республикасында аймақтық-республикалық – 76 агроқұрылымның, қант қызылшасына – 3, мақта шаруашылығына – 2, майлы дақылдарға – 12, көкөніске – 13, картопқа – 15, бақша өнімдеріне – 10, ет өндіретін – 61, сүт өндіретін – 41, жүзім-жидек өндіретін – 62 кластерлік жүйе құру жобаланып отыр. Оның ішінде оңтүстік аймақтағы үш облыста – 72 кластер құру белгіленген. Мақта-тоқыма кластерін құру, «Оңтүстік» еркін экономикалық аймақтың құрылуы бұл саланы дамыту мен мақта шаруашылығының тиімділігі 40-45 пайызға көтеру мүмкіндігіне ие.

Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 1990-1999 жж. аралығында 45 пайызға төмендеді. Әсіресе мал шаруашылығында жалпы өнім көлемі 55 пайызға құлдырады. 1990 жылмен салыстырғанда 2000 жылдың басында ірі қара 5820 мыңға немесе (60 пайыз), қой мен ешкі 26017 мыңға (73 пайыз), шошқа 2268 мыңға (71 пайыз), жылқы 667 мыңға (41 пайыз) азайған. 1999 жылдың соңына қарай аграрлық реформаның оңды жетістіктері орын ала бастап ауыл шаруашылығы өндірісінің едәуір өсіміне қол жеткізілді: ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 1998 жылмен салыстырғанда 28,1 пайызға, оның ішінде егін шаруашылығы өнімі 66 пайызға, мал шаруашылығы өнімі 1,8 пайызға ұлғайды [42].

Ондаған жылдар бойы қалыптасқан ауыл шаруашылығының экономиканың басқа да секторларымен салааралық байланыстары едәуір деңгейде бұзылып, бұл тек ауыл шаруашылығының ғана емес, сондай-ақ онымен технологиялық үйлескен салалардың да дамуына келеңсіз әсер етті. Әсіресе, бұл жағдай ауыл шаруашылығы машина жасау саласы және тыңайтқыш өндірісінде байқалатын еді.

Минералды тыңайтқыш қолданудың нашарлығы әлі де жалғасып келеді. Негізгі себептері: республикада олардың өндірісінің қысқаруы мен жоғарғы бағада сатылуы. Нәтижесінде 1998 жылы 1990 жылмен салыстырғанда ауыл шаруашылық дақылдарына минералды тыңайтқыштарды енгізу көлемі 34 есе қысқарған. Органикалық тыңайтқыштарды қолдану бойынша 1990 ж. барлық ауыл шаруашылық дақылдарына 22,4 млн. тонна енгізілген болса, 1997 ж. тек ғана 103 мың тонна, ал 1998 ж. 57 мың тонна, яғни 1990 жылға қарағанда, 1997 жылғы деңгей 47 пайызға кем [43].

Ауыл шаруашылығында қалыптасқан ауыр жағдайдың негізгі себебі ауылдағы өндірістік және әлеуметтік инфрақұрылымның әлсіз дамуы, осыған қарай жеке ауыл шаруашылық өндірушілердің өздерінің іскерліктері мен еңбек нәтижелеріне қызығушылықтарын толық жүзеге асыра алмауында. Сонымен қатар қаржы-несие ресурстарының жетіспеушілігі, тиімді несиелеу тетіктерінің жоқтығы, ауыл шаруашылық өнімдерінің бәсекелікке қабілетсіздігі мен техникалық агросервистің әлсіздігі және материалды және энергетикалық ресурстарды жеткізушілердің үстемдігі де өздерінің кері ықпалын тигізді.

1998 ж. ауыл шаруашылығына берілген инвестиция көлемі 1992 жылмен салыстырғанда 41 есе, оның ішінде мемлекеттік кәсіпорындар мен ұйымдар қаржылары есебінен – 38 есе, мемлекеттік емес кәсіпорындар мен ұйымдардың қаржылары 50 есе қысқарса, 1992 ж. 29 маусымда Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесінің № 1449-XII қаулысымен мемлекеттік бағытталған 52 млрд. сом несиені 2 шілдеге дейін игеру жөнінде қаулы қабылдаған еді. Ал 1993 ж. «Қазнанөнімдері» концерні – 120 млрд. сом, Ауылшаруашылық министрлігіне – 70 млрд. сом, «Казагрореммаш-холдинг» компаниясына – млрд. сом несие берген [44]. Эксимбанктің несие желісі бойынша 630 «Джон-Дир» астық жинайтын комбайндарын сатып алуға шетелдік инвестицияның едәуір бөлігі бөлінгенімен ол өз уақытында қайтарылмаған. Ауыл шаруашылық кәсіпорындарының шаруашылық қызмет қорытындысының шығындылығы, қарыздардың мақсатсыз пайдаланылуы мемлекет 1999 ж. 418.958 мың доллар қайтаруы тиіс қарыздылыққа алып келді. 1999 жылы 90 жылмен салыстырғанда инвестиция көлемі 479 есеге төмен болды, ал жалпы инвестиция көлеміндегі олардың үлесі бұл кезеңде 22,5 пайыздан 0,5 пайызға немесе 45 есеге төмендеген [45].

1998 ж. ауыл шаруашылық кәсіпорындарының қаржылық шаруашылық қызметінің қорытындысы шаруашылық категорияларының экономикалық жағдайының төмендеп кеткенін көрсетіп отыр. Бұл жылы республика шаруашылықтарының 79 пайыз шығынмен аяқтаған, оның мөлшері 27,6 млрд. теңге, оның ішінде Қостанай облысында сәйкесінше 93 пайыз және 8,9 млрд. тенге, Ақмола облысында 89 пайыз және 3,8 млрд. тенге, Батыс Қазақстан облысында 92 пайыз және 2,2 млрд. тенгені құраған. Ауыл шаруашылығы өнімін өткізуден шеккен шығын деңгейі республика бойынша 25,7 пайыз, оның ішінде егін шаруашылығы 28,1 пайыз, мал шаруашылығы 32,1 пайыз. Осыған орай 1998 ж. пайдамен бірде-бір аймақ аяқтамаған

АӨК салаларын дамытуда өндірісті ұйымдастыру, басқару, жоспарлаудың маңызы зор. Шаруа қожалықтарының қаржы шаруашылық қызмет қорытындысы Қазақстан үшін аграрлық өндірістің қолайлы, әрі тиімді болатын жалғыз формасы ретіндегі фермерліктің елімізді азық-түлікпен қамтамасыз ете алатындығы жөніндегі идеяны жоққа шығарып отыр. 1999 ж. басына шаруа қожалықтарының саны 79 мыңға жеткен, яғни барлық ауыл шаруашылық құрылымдарының жалпы санының 92 пайызын құрайды. Ауыл шаруашылғына жарамды жердің 23,4 пайызына иелік ете отырып 1998 ж. ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің 13,9 пайызын өндірген [46].

Мал мен құстың өнімділігі төмен күйінде қалып отыр. Мысалы бір сиырдан сауылатын сүт мөлшері 1998 ж. небәрі 1636 кг. құраған, яғни үй шаруашылығына қарағанда 158 кг. (9 пайыз) және ауыл шаруашылығы кәсіпорындарына қарағанда 22 кг. (1,3 пайыз) кем. Шаруа қожалықтарындағы өнімділіктің төмендігі өнімді сатудан түскен түсіммен өндіріске кеткен шығынды жабуға мүмкіндік бермейді. Нәтижесінде 1998 ж. шаруа қожалықтарының 12 пайызы пайдамен, ал 27 пайыз шығынмен аяқтаған. Дамыған Европалық елдердің өндірістің бұл формасын ғасырлар бойы әлпештеуі таңқаларлық емес, тіпті бай американдықтарға бұл жұмыс үшін біржарым ғасыр уақыт кеткен. Солай бола тұрса да ұсақ тауарлы жанұялық фермерлер аграрлық секторда басты рөль атқармай отыр. Қазіргі кезде мұнда 2 млн. фермерлік шаруашылықтардың 70 пайыз негізгі ауыл шаруашылық қызметі бойынша шығынды, тағы 10 пайызы қауіпті аймақта орналасқан және мемлекеттік қолдаудың әртүрлі формалары есебінен қүн көруде. Тек ғана 20 пайызы орта, ірі және өте ірі ауыл шаруашылық кәсіпорындары тауарлы өнімнің 80 пайызын өндіреді. Сонымен қатар фермер категориясына жатқызуға болмайтын ірі фермерлердің 50 мыңға жуығы (2 пайыз) ауыл шаруашылық өнімдерінің жартысын өндіреді.

Қазақстанда аграрлық реформа жүргізудің нәтижесінде мамандандыру құрылымында айтарлықтай өзгерістер болды, ең алдымен шаруашылықтардағы егіс алқаптарының көлемі қысқартылды, мал басынын саны елеулі түрде кеміді. Айталық, кейбір аймақтарда сол аймақта өндірілмейтін ауыл шаруашылығы өнімдері өндіріле бастады, бұл әрине өнім өндірудегі шығындардың өсуін тудырды. Бірақ біз бәсекеге қабілетті өнім өндіргіміз келсе, ауыл шаруашылығы дақылдарын өңдеу мен малдарды өсіру аумақтарының мамандандырылуын міндетті түрде ескеруге тиіспіз.

Аграрлық саладағы мемлекеттік қолдаулар, әсіресе даму деңгейі төмен аймақтарда, негізгі күнкөріс тағамдарына (нан, ет, сүт) икемсіз сұраныс жағдайында жетіспеуі немесе артық өндірілуі, оған бағаның жиі ауытқуына әкеліп соқтырады. Оның үстіне нарықты қатынастарға өтуге байланысты қоғам көлемінде жіктеліну, яғни біреудің баюы, екіншілердің күйзеліске ұшырап, қайыршылануы әлеуметтік қолдау мұқтаждығын тудырады. Екіншіден, ауыл шаруашылығы өндірісінің қарқындылығының төмен деңгейі, инфрақұрылымды дамытуға деген әлеуметтік және экономикалық сұраныстың өсуі, дүние жүзілік рыноктағы өзгерістер мемлекеттік реттеудің объективті қажеттілігін күшейте түседі.

Халықты қажетті тағамдармен қамтамасыз ету мемлекет пен жергілікті басқару орындарының басым бағыты. Сондықтан «барлық стратегиялық басымдылықтардың ішіндегі бастысы агроөнеркәсіпті дамыту» [47] - деп, Елбасы орынды көңіл бөледі. Қазақстан Республикасы Президентің халыққа Жолдауында «Қазақстан - 2030» - ауыл мәселесі, ел қауіпсіздігінен кейінгі, екінші орынға қойылуы кездейсоқ емес [48].

Мемлекеттің тапсырысы салааралық байланыстар ерекшелігін білдіре отырып, өңдеуші өнеркәсіппен сауда құрылымын, халықтың тауарларды сатып алу қабілеті мен ауыл шаруашылық өнімін өндіретін кәсіпорындардың мүмкіндігін ескергені жөн.

Осы салада 1987 жылы ауыл шаруашылық өнімдерін тұрақты жоспар бойынша сатып алу енгізілген еді. Мұнда нормативтерге сай жердің экономикалық жағдайын, негізгі қорлармен қамтамасыз етілу деңгейі және еңбек ресурстары т.б. назарға алынған болатын. Бұл норматив өндірістің қуатын жиынтық бағамен есептеп, аймақ және өндірістің мамандануы мен орналасқан жағдайын толық сипаттай алмады.

Одан кейін орын алған, кәсіпорындар үшін дәстүрлі, міндетті тапсырыс өткен бес жылдық өнімнің 70 пайызын жоспар бойынша тұрақты бағамен мемлекетке өткізу кәсіпорындарды ауыл шаруашылық өнімдерін көбейтуге мүдделі етпеді. Сондықтан 1993 ж. республика Жоғарғы Кеңесі шешімі бойынша келісім-шарт негізінде, мемлекеттің мұқтажын қанағаттандыру мәселесін кәсіпорын қаракетінің 30 пайыз рентабельділігін қамтамасыз ете отырып, шешуге бет алды. Ал 1994 ж. мемлекеттік тапсырыс тек астық өнімдерін ғана сақталды. Кеңес Одағы ыдырағанға дейін (1991 ж) республиканың мемлекетке астық өткеру көлемі жылына 14-16 млн. тонна болса, 1992 ж. –13,2 млн. тонна, 1993 ж. – 6,6 млн. тонна, ал 1994 ж. – 5 млн. тонна болған еді. Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетінің 1994 жылғы қаулысы бойынша 1995 жылдан бастап ауыл шаруашылығындағы барлық кәсіпорын нысандарынан мемлекет үшін ауыл шаруашылық ресурстарына тапсырыс тоқтатылды.

Қазір ауыл шаруашылығы өнімдерін сату мен материалдық-техникалық жабдықтауға тапсырыстың барлық жүйесінің көпжылдық тәжірибесі тоқтап, мемлекет ауыл шаруашылық кәсіпорындары міндеттемелері үшін жауапкершілік алмайды. Сондықтан еркін де тікелей келісім желілер кезеңі басталып, дамуда. Енді биржалар арқылы «өндіруші - сатып алушы аукциондар немесе еркін баға бойынша, сыртқы және ішкі нарықтық байланыс арналары арқылы өткізеді. Ал, күнделікті өмірде, мемлекет пен ауыл шаруашылық өнімдерін өндірушілер арасындағы күрделі қатынастар жиі кездеседі. Сондықтан аграрлық саладағы әрекетте мемлекеттің тұрақты ықпалы үзілмейді. Оның дәлелі ретінде мына фактілерді келтіру жеткілікті.

Біріншіден, мемлекеттік басқару органдары мемлекеттік тапсырыстың мөлшерін азайту жолымен ауыл шаруашылығы кәсіпорындарына көмектесуден шеттеп қалды. Осының салдарынан ауыл тауар өндірушілеріне ретсіз жағдай мен бақылаусыз базар тіркелді. Олар мемлекеттік келісім-шарт бойынша өнім өндіру мен өткеру үшін, қажетті материалдық-техникалық ресурстарды өз беттерінше ала беріп, жеткізіп беру мен өзара есеп айырысуды жүзеге асыратын коммерциялық құрылымдардың, қорғаушылық салалар монополиясына тәуелді болып қалды.

Екіншіден, бұрын мемлекет бағаны тағайындауда халықты әлеуметтік қорғау мақсатында өнімнің өзіндік құнын халықтың табысына сәйкестендіретін еді. Енді баға ырықтандырылып, ұсыныс пен сұранысқа сәйкес тағайындалады. Ал, нарықты қатынасқа енген өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы нысандарының бастапқы жағдайы әр түрлі, оның үстіне өндірістің құлдырауы қосылды. Мысалы, ауыл шаруашылық машиналарын өндіретін кәсіпорындар бағаны шығын тетіктеріне сай тағайындаса, ауыл шаруашылығы кәсіпорындары жергілікті орындар тағайындаған, белгілеген бағамен сатуға мәжбүр. Сондықтан реформаның барысында (1992-1994 жж.) өнеркәсіп өнімдерінің бағасы 1500 рет өсті. Осының нәтижесінде 1991 жылы ел экономикасында ұлттық табыс өндіруде өнеркәсіп өнімінің үлесі 1980 ж. - 20,9 пайыз болса, 1994 ж. - 50,3 пайыз өсіпті. Ал ауыл шаруашылығының үлесі осы мерзім ішінде - 41,6 пайыздан 16,2 пайызға дейін төмендеді [49]. Ауыл шаруашылығы машиналарын жасау мен басқа да өнеркәсіп салаларында тауарларға баға жыл бойына ғана емес, ай сайын, тоқсан сайын, ал ауыл шаруашылығының көптеген өнім түрлері (астық, ет, жүн, көкөніс, тағы басқа) белгілі бір қысқа кезеңде (жаз, күз) ғана өткеріледі. Өндірушілермен тұтынушылар арасына делдалдардың ұзын шынжыры (кейде 6-7 буын) қойылатындығы жағдайды ауырлата түсуде. Сонымен қатар төлем-тапсырманың бұрынғы нысандары ауыстырылуы салдарынан барлық өнеркәсіп кәсіпорындары қазір қосымша төлем төлеуді талап етеді. Ауыл шаруашылық өнімдері ұзақ сақтауға келмейді. Содан өндірушілер қосымша төлемсіз өткеруге мәжбүр. Мұндай жағдайда техниканы, мұнай өнімдерін, жанар және жағар май және басқа да құралдарды сатушы монопалистер пайда болады. Олар ауылдағы өндірушілерден, өндірістің өсуі үшін ештеңе қалдырмастан, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының қосымша өнімін, бүкіл табысын дерлік қалталарына салады. Мысалы, Қазақстан Республикасы монополияға қарсы бағытталған саясат және мемлекеттік баға комитетінің мәліметтері бойынша, соңғы өнім нанның бағасының 18,9 пайызы астық өндірушілерге, 10 пайызы бөлшек саудада, қалған 70 пайызы мемлекеттік акционерлік компания «Астыққа» тиесілі, себебі АҚ қолында көтерме астық сатып алудың және оны өндеу кәсіпорындары бар [50]. Осындай жағдайлардан кейін тамақ өнімдеріне жоғарғы сұраныс болуына қарамастан, аграрлық сектор шығынды және төлемге қабілетсіз болып отыр.

Үшіншіден, инфляция нәтижесінде ауыл шаруашылық өнімдерін сатып алу бағасы жиі өзгерді. Мысалы, бір тонна бидайдың бағасы 1992 жылы 1991 жылмен салыстырғанда 15 рет өзгерсе, 1993 жылы 1992 жылмен салыстырғанда 5,5 peт өзгерді. Сөйтіп, 1994 жылы 1 тонна бидайдың бағасы 568 теңге, 1995 жылғы наурыз айындағы келісім-шартқа сәйкес ол 1250 теңге, ал астық жинау науқаны кезінде 2900 теңге (55-60 доллар) болды. Бұндай тенденциялар жалғасуда. Сондықтан да ауыл шаруашылығы өнімдерінің жекелеген тауарлардың баға қатынасы мемлекеттік реттеуді талап етеді. Мысалы, 1995 ж. баға 6ойынша Алматы о6лысы шаруашылықтарында картоп өндіру - 10,3 пайыз, күнбағыс - 56,7 пайыз, дәнді дақылдар - 4,7 пайыз, сүт -50,6 пайыз, ірі қараның салмақ қосуы - 56,6 пайыз, шошқаның салмақ қосуы - 43,9 пайыз, жүн - 65,7 пайыз шығынға батты. Мұндай бағаның қиғаштығында ауыл шаруашылығын әсіресе мал шаруашылығын дамыту тиімсіз.

Бұл шаруашылық жүргізудің кейбір нысанының мүддесіне нұқсан келтіріледі. Қаржыландыру несие беру және салық жүйесінің өзінде кемшілік жетерлік. Мысалы, қазіргі Алматы облысына қарасты Талдықорған аймағы (бұрынғы Талдықорған облысы) 1992 ж. шаруа шаруашылықтары жеңілдік несие ала алмаса, ұжымдық кәсіпорындар - 1994 жылы өзара есеп айырысуға дер кезінде рұқсат шешім ала алмады. Сол сияқты 1995 ж. республика көлемінде мал шаруашылығын дамытуды қолдауға қажетті 892 млн. теңге, 9 ай ішінде өндірушілерге жетпеді. Осы мәселе Ресей тәжірибиесінде оңды шешілуде, үйрену артық болмас еді.

Қазақстан экономикасын жаңа деңгейге көтерудің шешуші шарты – ауылды (селоны), агроөнеркәсіп кешенін барынша дамыту, ел тұрғындарының азық-түлікпен ешкімнен тәуелді болмауын қамтамасыз ету. Осы тарапта Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың «Дағдарыстан жаңару мен дамуға» атты үндеуі 2009 ж. 6 наурыздағы Жолдауы болып табылды. Онда Қазақстан халқының алда тұрған ауқымды міндеттері – дағдарыс салдарын еңсеріп қана қоймай ел экономикасының өсуіне әзірлену мәселелері кеңінен қозғалды.

Жолдаудағы негізгі мәселелер қатарында агроөнеркәсіптік кешенді одан әрі дамыта отырып, аса маңызды екі міндет – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамыз ету мен экспортты әртараптандыруды қатар шешу жолдары аталды [51].

Мемлекеттің халық шаруашылығының барлық салаларының ішінде ауыл шаруашылығында біразға созылған экономикалық дағдарыстан шығуы бірте-бірте өз нәтижесін беріп келеді. Дегенмен, өндірістің негізгі саласының бірі – азық-түлік және шикізат проблемасын шешетін ауылшаруашылығында өнім өндіру өсімі әліде болса төмен деңгейде. Өндірістерде қалыптасқан жағдайларды сараптай және талдай келе аграрлық сектордағы шешілмей жатқан мәселелерді зерттеу, ауыл шаруашылық өндірісінің экономикасына әсер ететін іс-шараларды (тиімділігін көтеретін, бәсекелікке ылайықты өнім өндіру т.б.) жүзеге асыру нарық жағдайындағы келелі мәселелердің негізгісі болып отыр.

Қоғамның даму жағдайы, өндірістердегі күрделі өзгерістер шаруашылық жүргізудің барлық деңгейінде басқару мен экономикалық ынталандырудың барынша тиімді жолдарымен әдістерін іздестіруді және қолдануды талап етуде. Шаруашылық жүргізудің тетіктерін нарық қатынасына бейімдеу, ұдайы өндіріс көрсеткіштерінің, атап айтқанда, өндірістің тиімділігі, өнімнің сапалы түрде көлемінің өсуі, еңбек өнімділігінің көрсеткіштері, өндіріс, айырбас, тұтыну, үлестіру жүйелерін қалыптастыру қазіргі күннің алғы шарттары мен өзекті мәселелерінің бірі болуда.

Қазақстан Республикасы әлемдік шаруашылық байланыстарына қосылған ел, сондықтан, Бүкіл дүниежүзілік сауда ұйымына (БСҰ) кіретіні шүбә келтірмейді. Өз қызметін 1995 ж. қаңтарынан бастаған бұл ұйымға мүше елдердің көпшілігінің ауылшаруашылық және азық-түлік өнімдері импорттық саудада жоғары тарифтермен мықтап қорғалған.

Осыған орай, Елбасы Н.Ә. Назарбаев 2009 жылғы халыққа Жолдауында сала басшылығы мен мамандарының алдына ауыл шаруашылығын бәсекеге қабілетті өнімдерді мол өндіріп, оны экспортқа шығарып еліміздің бюджетін тұрақты түрде толықтырып отыратын рентабельді салаға айналдыру міндетін қойды. Осы және әлемдегі экономикалық және қаржы дағдарысынан шығу мақсатында 2009-2011 жж. арналған 3 жылдық бюджетте жыл сайын ауыл шаруашылығына 1 млрд. АҚШ доллары көлемінде қаржы қаралды. Сонымен бірге, 2009 ж. Ұлттық қордан экономиканы тұрақтандыру үшін бөлінген 10 млрд. АҚШ долларының 1 млрд. ауыл шаруашылығын дамыту үшін «КазАгро» ұлттық холдингіне бөлінді.

Жалпы Елбасының тапсырамасымен Агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға 280 млрд. теңге, инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға 120 млрд. теңге бөлінді [51].

Республикамыздың агроөнеркәсіп өндірісінің даму дәрежесі мен тиімділігі халықтың ауыл шаруашылығы тауарларына деген сұранысын қанағаттандыруға әсерін тигізумен қатар қазіргі жаһандық қаржы дағдарысында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен отандық тамақ және жеңіл өнеркәсіптерді дамыту, әлеуметтік тұрақтылықты сақтауда маңызы аса жоғары.

Қазақстанның оңтүстік және оңтүстік-шығыс аймақтарын аграрлық реформалау барысында қайта құрылған агроқұрылымдар мен шаруашылық нысандары және қосалқы, жеке шаруашылық түрлерін жетілдіруде қаржы-несие жүйесінде мемлекеттік қолдау жөнінде жүргізілген талдаулар барысын төмендегідей көрсетуге болады:



  • қаржы-несие жүйесі арқылы ауылшаруашылық нысандары мен қосалқы және жеке шаруашылықтар мемлекеттік несие қорларына қол жеткізеді;

  • ауыл шаруашылығына арналған негізгі қорлардың көп үлесі толыққанды өндірістік үрдіске жаратылады, өндірістік қамсыздандырудың материалдық-техникалық базасы сақталады және кеңейеді;

  • мемлекеттік қолдау барысында ауылдық несиелік тұтыну кооперативтеріне қатысушылардың ынтымақтастықпен бірігуі қарыздарды қайтармау тәуекелін ең аз мөлшерге дейін төмендетеді;

  • қазіргі жаһандық қаржы дағдарысында мемлекеттік қаржысыз ауылдық (село) несие кооперативтерінің қызмет істеуі мүмкіндігі төмен;

Ауыл шаруашылығына бөлінген қаржы негізінен, ауыл шаруашылығын өнеркәсіптік негізге көшіруге жұмсалады. Атап айтқанда, дамыған экспорттық инфроқұрылымдары бар жылыжай, көкөніс, мал бордақылау мен тауарлы-сүт кешендері, құс фабрикалары салынады. Яғни, бір сөзбен айтқанда, жұмыстар ауыл шаруашылығын индустрияландыруға бағытталады. Бұл – біздің келешегіміз.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет