Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар. Қазақстанның оңтүстік және оңтүстік-шығыс аймақтарында ХХ ғасырдың соңы мен ХХI ғасырдың басындағы ауыл шаруашылығын дамытудағы аграрлық реформалауды зерттеу нәтижесінде қорғауға мынадай тұжырымдар ұсынылады.
-
Қазақстан Республикасындағы ауыл шаруашылығын дамытудың тарихи мәселелеріне теориялық талдау жасауда аграрлық реформалау тұжырымдамасының өзіндік ерекшеліктерін ескеру қажет;
-
Қазақстанның оңтүстік және оңтүстік-шығыс аймақтарының ауыл шаруашылығы жоспарлы шаруашылықтан нарықтық қатынастарға бейімделуіндегі аграрлық реформалаудың нақтылығын зерттеуде теориялық-методологиялық мәселелер айрықша маңыз алады;
-
нарық жағдайында агроөнеркәсіп кешенін дамыту мен құрылымдық жетілдіруде шетелдік тәжірибелерге ғылыми талдау қажет;
-
ауыл шаруашылығын ұйымдық-құқықтық жетілдіруде заңнамалық құжаттарға ғылыми талдау жасап, оларды ұдайы жаңартып отырылуы қажет;
-
Қазақстанның оңтүстік және оңтүстік-шығыс аймақтарын аграрлық реформалауда шаруашылықты жүргізу тетіктері көрініс алды;
-
аграрлық секторды дамытуда ауылшаруашылық бірлестіктері мен серіктестіктерінің тарихи құндылығы және қағидаларына назар аудару қажеттігі айқындалды;
-
аграрлық реформалау барысында Қазақстанның оңтүстік және оңтүстік-шығысында аймақтық басқару мен жергілікті мекемелерді құрылымдық жетілдіру серпін алды;
-
Қазақстан Республикасындағы аграрлық реформалардың әлеуметтік-экономикалық нәтижелеріне өзіндік тұжырым жасалынды;
-
аграрлық реформалау агроқұрлымдық нысандардың шаруашылық жетілуіне елеулі ықпалын тигізді;
- ауыл шаруашылығын дамытуды стратегиялық жоспарлау мен мемлекеттік аграрлық бағдарламалардың маңыздылығы ғылыми тұрғыдан талданған;
-
Қазақстанның оңтүстік және оңтүстік-шығыс аймақтарындағы агроқұрлымдардың шаруашылық жетілуін аграрлық реформалар жүзеге асырды;
-
жеке және қосалқы шаруашылықтардың дамуы аграрлық реформалау барысында қарқын алды;
-
Агроөндірістік кешеннің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етудегі шаруашылық қызметіне баға берілді;
-
аграрлық реформалауда агроқұрлымдарды шаруашылықтық жетілдірудегі қиғаштықтар мен мемлекеттік реттеу қажеттілігі айқындалды;
-
Қазақстанның оңтүстік және оңтүстік-шығыс аймақтарының жекелеген аудандарында салалық коммерциялық емес ауылшаруашылық серіктестіктерді құрудың қажеттігі жөніндегі ұсыныстар маңызды болып табылады.
Зерттеу жұмысының қолданбалы маңызы ретінде Қазақстан Республикасындағы аграрлық реформалар тәуелсіздік жылдарындағы қалыптасуы мен жүзеге асу тұрғысында бай деректік материалдар негізінде жасалынған негізгі тұжырымдар мен қорытындыларды, алынған нәтижелерді ғылыми еңбектер, оқулықтар, оқу-әдістемелік құралдар дайындауға, сол сияқты әлеуметтік-гуманитарлық бағыттағы болашақ доктор, магистр, бакалаврлар үшін Отан тарихының теориялық және әдістемелік мәселелеріне байланысты арнайы курстар дайындауда қолданылатындығын айтуға болады. Сол сияқты зерттеу жұмысында қалыптасқан әдістемелік тәсілдер, Қазақстанның оңтүстік және оңтүстік-шығыс аймақтарындағы аграрлық реформалардың жүзеге асуы мен ауыл шаруашылық серіктестіктерінің тарихи құндылығы мен қағидаларын жан-жақты зерттеп, Қазақстанның өзге аймақтарымен салыстырып, саралап, тарихи таным нысанына айналдыруға мүмкіндік береді.
Диссертациялық жұмыстың деректік негізі. Отандық тарихнамада Қазақстанның оңтүстік және оңтүстік-шығыс аймақтарында аграрлық реформалардың тәуелсіздік жылдарындағы қалыптасуы мен жүзеге асуына қатысты арнайы зерттеулердің болмауы және тарихи таным қағидаларының өзгеруі тақырыптың деректік негіздерін сұрыптаудың біршама күрделі сипатын айқындады. Осыған байланысты зерттеу жұмысының деректемелік негіздері бірнеше бағыттарға топтастырылды. Атап айтқанда: ауыл шаруашылығына қатысты республикалық және облыстық статистикалық жинақтар; мерзімдік басылымдар мен ғылыми журналдар.
Деректік негіз ретінде мұрағат материалдары пайдаланылды. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Орталық Мемлекеттік мұрағаты қ-5 (Қырғыз АКСР-і Кеңестерінің Орталық атқару комитеті), қ-279 (1927-28 жылдардағы Қазауылодақ), қ-2199 (01.12.1985-20.12.1990 жж. Қаз КСР-нің мемлекеттік агроөндіріс комитеті), қ-2270 (29.04.1991 жылғы Қаз КСР-нің азық-түлік және ауылшаруашылық министірлігі). Қазақстан Президентінің мемлекеттік мұрағаты қ-5Н (Аграрлық мәселелер бөлімі), Қ-7 (Қаз КСР-нің халық шаруашылық комитеті ), қ-708 (Қаз КСР-нің мемлекеттік агроөндіріс комитеті), Жамбыл облыстық мемлекеттік мұрағаты қ-21(Жамбыл облысының ауыл шаруашылық басқармасы), 150, 282, 399, 851. Оңтүстік Қазақстан облыстық мемлекеттік мұрағаты, қ-40 (Оңтүстік Қазақстан облысының ауыл шаруашылық басқармасы). Қызылорда облыстық мемлекеттік мұрағатының 367-қоры, (Қызылорда облысының экономикалық комитеті), 585-қоры, (Қызылорда облысының статистикалық және талдау басқармасы), 589-қоры, (Қызылорда облысының ауыл шаруашылық басқармасы) құжаттық деректері ғылыми айналымға енгізілді.
Аталған мұрағат қорларының құжаттары мен деректік материалдар авторға зерттеу барысында кеңестік тарихнамадағы ауыл шаруашылығының бірлестіктері мен агроөнеркәсіп кешеніне қатысты мәліметтерді талдап, оған ғылыми баға беруге мүмкіндік жасады.
Сол сияқты зерттеу мақсатына сай Қазақстан Республикасының статистика жөніндегі агенттігі және облыстық статистикалық басқармасының жылдық есептері, Қазақстан Республикасының Ауылшаруашылық Министрлігінің ағымдық мұрағаттары, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік мүлік жөніндегі комитетінің хабарламалары мен облыстық ауыл шаруашылық департаментінің мәліметтері, Оңтүстік Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық жағдайы (Оперативтік мәліметтер 1994-2004 жж.), Оңтүстік Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық жағдайы. Бірінші ұлттық ауыл шаруашылығы санағының алдын ала қорытындылары. Қызылорда, 2007. Жамбыл облысының статистикалық басқармасы. Тараз, 2007 т.б. дерек көзі ретінде қолданылды.
Қазіргі кезеңдегі нарықтық қатынастың даму барысы мен тәуелсіздіктің өткен жылдарында ауыл шаруашылығын дамытудың өзекті мәселелері мен тың ойларды түйіндеген мерзімдік басылымдардың «Егемен Қазақстан», «Заң», «Казахстанская правда», «Предприниматель и права», «Нұр-Астана», «Жетісу», «Оңтүстік Қазақстан», «Сыр бойы», «Ақ жол» «Знамя труда» газеттерімен бірге «Қазақ тарихы», «Международный сельскохозяйственный журнал», «Қаржы-қаражат», «Ақиқат», журналдарында қоғамдық-саяси үдерістің мазмұнын айқындайтын құнды деректер жарияланады.
Зерттеудің сарапталып, сыннан өтуі. Диссертациялық жұмыстың негізгі нәтижелері мен қорытындылары 2 ғылыми монографиялар және республикалық ғылыми-практикалық конференцияларда баяндалған 32 мақала Қырғызстан, Өзбекстанда жарық көретін басылымдарда жарияланды. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті ұсынған тізімге енген 5 түрлі басылымда 10 мақала, 3 шетелдік басылымдарда, сондай-ақ 19 мақала әртүрлі республикалық басылымдар мен республикалық және халықаралық ғылыми конференция материалдарының жинақтарында жарық көрді.
Диссертация ҚР БҒМ Ғылым комитетінің Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында орындалып, институттың Қазіргі заман тарихы және ғылыми ақпарат бөлімі мен Кеңес дәуіріндегі Қазақстан тарихы бөлімінің кеңейтілген мәжілісінде талқыланып, қорғауға ұсынылды.
Диссертацияның құрылымы. Алға қойған мақсаттар мен міндеттерге байланысты диссератциялық жұмыстың құрылымын кіріспе, 4 тарау және қорытынды мен пайдаланған әдебиеттер тізімі құрайды.
НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Кіріспеде диссертациялық жұмысқа жалпы сипаттама беріліп, тақырыптың өзектілігі негізделіп, жұмыстың зерттеу нысаны, мақсаты мен міндеттері, ғылыми жаңалығы, методологиялық негіздері, хронологиялық ауқымы, практикалық маңызы және қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар көрсетілген.
«Қазақстанның оңтүстік және оңтүстік – шығыс аймақтарындағы аграрлық реформалауды зерттеудің теориялық-методологиялық негіздемесі, тарихнамасы мен дерек көздері» деп аталатын бірінші тарауда тақырыптың теориялық-методологиялық мәселелері мен тарихнамасы қарастырылып, мәселенің дерек көздеріне талдау жасалды.
«Мәселенің теориялық-методолгиялық негіздемесі» атты тараушада зерттеу жұмысына қатысты методологиялық ұстанымдар, тұжырымдар баяндалды.
Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығын реформалаудың тарихы тәуелсіздік қарсаңындағы және алғанан кейінгі кезеңдегі оқиғалардың нәтижесімен анықталады. Өйткені еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі түрлі өзгерістер өндірістік қатынастарды мүлдем жаңа сипатта қалыптастырды. Тәуелсіз Қазақстанның алдынан шыққан нарықтық қатынастарды игеру әлемдік қауымдастық пен саяси, экономикалық сұхбатқа қол жеткізу, қосалқы және жеке меншік шаруашылықтарының құқықтық-нормативтік және саяси-рухани базасын қалыптастыру сйяқты мәселелер біз сөз етіп отырған кезеңдегі ауылшаруашылығын реформалаулардың тарихын зерттеудің жаңа да тың теориялық-әдістемелік негіздерін қолға алу міндеті күн тәртібіне қойылды.
Қарастырылған кезеңдегі аграрлық реформалар тарихының тарихнамасының барынша ала-құла болуы – бұл тақырыптың саналуандылығы, мазмұнының сыңаржақ тұжырымдамаларды насихаттауға құрылуы, мәселенің саяси астарына баса мән берілуі түрінде көрініс табуынан. Ең басты себебі – ғылыми тұжырымдалған теориялық-әдістемелік негіздің орнықпауы деп білеміз. Әрине еліміздегі аграрлық реформаларға негіз қалаған қайта құру, жариялылық кезеңіндегі ғылыми әдебиеттерде біз атағандай бірыңғай, орныққан және қоғамдық пікірдің қолдауына ие болған теориялық-әдістемелік негіздің болмауы түсінікті. Өйткені, М.С. Горбачевтің билік басына келуімен басталған қайта құру құбылысының өзі ойластырылмай ғылыми-теориялық тұжырымдамасыз басталғандығы және іске асырылғандығы жасырын емес.
Осы заңдылықтар Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы жылдарындағы кезеңнен де көреміз. Бұл кезеңдегі тарихи даму үрдісі турасында С.Ф. Мажитов былай дейді: «ХХ ғасырдың аяғы мен ХХI ғасырдың басында жаңа қазіргі деңгейдегі мемлекетті құру тек егемендік туралы декларациямен шектелмейді, ол үлкен әрі күрделі үрдістермен баяндалады» [3]. Елімізде нарықтық қатынастарды игерудің түрлі қиындықтары алдан шықты: жоспарлы экономикадан бас тартып нарықтық жағдайына көшудің нақты тұжырымының жасалмауы. Сондай-ақ жеке меншік институтын енгізудің отандық тәжірибесінің болмауы, ең бастысы халықтың кеңестік өмір салты кезінде қалыптасқан саяси-рухани кешендерін жоюдың психологиялық кедергілері аграрлық реформалардың бірден іске асып, жедел нәтиже беруін қиындатты. Міне, осындай қиындықтардың себеп-салдарлы заңдылықтарын ғылыми тұрғыда жүйелеу және сыныптау аграрлық реформалар тарихын ғылыми зерттеу нысанына айналдырудың әдістемелік негізіне сүйенуді талап етеді.
Зерттеудің теориялық және әдістемелік негіздемесі, зерттеу барысында талдау және жинақтау, индукция мен дедукция, тарихи-салыстырмалы, жүйелік-құрылымдық, теориялық таным, модельдеу мен типтендіру, статистикалық өңдеу, қисындылық сияқты жалпы ғылыми, философиялық, әлеуметтану, экономикалық салыстырмалау және негізінен тарихи зерттеу тәсілдері қолданылды. Методологиялық мәселелердің дұрыс қойылуы ғылымда оқиғалар мен құбылыстарды шынтуайттылық тұрғыдан терең зерттеуге жол ашады. Маркстік-лениндік методологияның ескіруіне байланысты бұл мәселе өзекті бола түседі. Әрине, маркстік-лениндік методологиядан бас тартып, жаңа методологияны қалыптастыру оңай міндет емес. Осыған орай методологиялық мәселелердің кешегісі мен бүгінгісі жайында өз пікірімізді білдіріп, оның өзекті тұтастарына тоқталуды мақсат еттік.
Методологияның анықтамасын беруде ресейлік тарихшы ғалымдардың пікірлеріне де сүйеніп қарастырдық. Оның себебі методологиялық зерттеулерде олар біршама белсенділік танытып, дәйекті ғылыми көзқарастар білдірді. Мәселен, В.В. Журавлев «...тарихи зерттеу методологиясы – бұл тарихи білімді дүниеге келтіру және олардың қағидаларын реттеу. Методология бұл тұста ғалымның қарамағындағы малай немесе құлдық ұруды талап ететін патша емес. Яғни методологияны «не істесем де өзім білемін» деген қағиданы ұстанып, оны біржақты дәріптеуге немесе елеусіз қалдыруға болмайды. Нағыз тарихшы ең алдымен өмір бойы методологиялық жағынан жетіледі. Ол ғылымда жинақталған методологиялық қазынамен бірге өседі, ал соңғысы ғылымның күш қайратының арқасында молаяды» дейді [4]. Ғылымда методологияны «тарихи танымның теориясы» ретінде айқындайтын интерпретатция да кездеседі [5]. Сондай-ақ, қазіргі кезеңде аграрлық мәселені зерттеуде тарихилық қағиданы басшылыққа ала отырып, өткен дәуірдегі билік органдарының жерге байланысты ұстанымдарына назар аударылуы тиіс. Қағидалар дегеніміз – ғылымның негізгі, жетекші ұғымдары. Олар тарихтың шынтуайтылық заңдарын оқып-үйренуден туындайды, соның нәтижесі ретінде саналады және осы мағынада заңдылықтар іспеттес болады [6].
Қазақстан Республикасының оңтүстік және оңтүстік-шығыс аймақтарындағы ауылшаруашылығында нарықтық қатынсатарды қалыптастыру жолына түсуімен қатар бұрынғы посткеңестік елдердің «постиндустриалды үрдіспен» байланысты аграрлық секторды реформалау барысындағы алда тұрған түйіндерін зерттеуге ғылыми тұжырымдалған диссертациялық жұмыс мынадай бағыттарды топшалайды:
Біріншіден, аграрлық сектордың жоспарлы шаруашылықтан нарықтық қатынасқа беймделуінде қосалқы және жеке меншік шаруашылықтарының құқықтық-нормативтік және саяси-рухани базасын қалыптастыру мәселелері біз сөз етіп отырған кезеңдегі ауылшаруашылығын реформалаудың тарихын зерттеудің жаңа және тың теориялық-әдістемелік негіздемесін жасауды талап етті.
Екіншіден, қарастырылған кезеңдегі аграрлық реформалар тарихының тарихнамасының барынша күрделі болуы – бұл тақырыптың саналуандылығы, мазмұнының сыңаржақ тұжырымдамаларды насихаттауға құрылуы, мәселенің саяси астарына баса мән берілуі түрінде көрініс табуының басты себебі ғылыми тұжырымдалған теориялық-әдістемелік негіздің орнықпауынан.
Үшіншіден, еліміздегі тәуелсіздік жылдарында жүргізіп жатқан аграрлық реформаларды бөліп және дербес құбылыс ретінде қарастырудан бұрын оның тарихи қалыптасуының алғышарттарын және тәжірибие жүзіндегі қолданбалылығына ғылыми талдау жасауда әдістемелік маңызға ие.
Еліміздің тәуелсіздік жылдарында жүргізіп келе жатқан аграрлық реформаларын бөліп және дербес құбылыс ретінде қарастырудан бұрын оның тарихи қалыптасуының алғышарттарын және тәжірибие жүзіндегі қолданбалылығына ғылыми талдау жасаудың әдістемелік тұрғыда маңызы зор және оны тақырыптың мазмұнын ашу үшін үлкен қажеттілік деп білеміз.
«Қазақстанның оңтүстік және оңтүстік – шығыс аймақтарындағы аграрлық реформалауды зерттеудің теориялық-методологиялық негіздемесі, тарихнамасы мен дерек көздері» деген бірінші тарауда тақырыптың зерттелу деңгейі талданып көрсетіледі.
Қазақстанның ауыл шаруашылығының тарихына көптеген жұмыстарда үкіметтің жекелеген аграрлық саясатындағы мәселелер карастырылған. Мәселен, республиканың аграрлық саласындағы қайта құрулар мен колхоз құрылысының даму тарихына арналған Б.А. Төлепбаевтың, М.Т. Кенжебаевтың және Ж. Жұмабеков пен К. Нұрпейіс, Г. Халидуллин, Р. Исатаевтың ғылыми-зерттеу жұмыстары бар. Онда ауыл шаруашылық өндірісінің даму мәселелерін қамтыған. Зерттеу тақырыбының толық тарихнамасын игеру үшін, жалпы республикадағы ауыл шаруашылығындағы аграрлық қатынастар мен ауылдың әлеуметтік-экономикалық жағдайына көңіл аударғанды жөн көрдік.
Қазақстанның аграрлық дамуын талдауға жасалынған қадамдардың бірі –деп К.Ә. Берденова, С.И. Иманбердиеваның «Аграрная политика тоталитарного государства как фактор кризисного состояния сельского хозяйства Казахстана» деген бірлескен зерттеуін атап өтуге болады. Бұл еңбекте 60-80 жылдар аралығындағы Қазақстандағы ауыл шаруашылығындағы дамуы тарихта сыңайы қөзқараспен талдау жасалынған [7]. Бұл жұмыс жаңа тарихи қағидалық тұрғысында жазылып, 60-80 жылдардағы бүкіл Кеңес Одағындағы аграрлық салада етек алған тоқыраудың себептері айқындалған. Оның негізгі себептерін зерттеушілер ауыл шаруашылығы саласындағы социалистік меншіктің орын алуының аграрлық теория мен практиканың алшақтығы салдарлары ретінде түсіндіреді. Ауыл шаруашылығын басқарудағы әміршіл - әкімшіл әдіспен ұйымдастырылып, мемлекеттік ресми органдардың толық біржақты үстемдігіне негізделгенін, ол жағдайда аграрлық салада ешқандай да нарықтық тетік қажет еместігін айқындап берді. Әйтседе ғалымдардың зерттеуінде тоталитарлық жүйе кезеңіндегі аграрлық өндірістегі келеңсіз мәселелерге және олардың себептерін толық ашу әлі де жеткіліксіз деуге болады.
Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуын, Кеңес өкіметінің ауыл шаруашылығын басқаруда жүргізген саясатын арнайы зерттеп ортаға салған еңбектер мен осы тақырыпты ғылыми түрде зерттеуге үлес қосқан тарихшылар С.Жолдасов, С.А. Байтілен, К. Рыспаев, Қ.Қ. Байсаринаның еңбектері үлкен қызығушылық тудырады. Зерттеуші С.А. Байтілен «Кеңес мемлекетінің Қазақстандағы аграрлық саясаты: ауыл шаруашылығындағы экстенсивті бағдар және дағдарыс (1965-1990 жылдар)» деген тақырыпта жазылған докторлық диссертациясында Кеңес қоғамының аграрлық салада ғана емес, қоғамның барлық саласында дағдарыстық құбылыстар орын алғандығын атап көрсетеді [8]. Осыған байланысты, тарих ғылымдарының докторы, Қ.Қ. Байсаринаның «Қазақстанда ауыл шаруашылығының дамуы: тарихы және сабақтары (1946-1965 жж.) деген такырыпта жазылған докторлық зерттеу жұмысында соғыстан кейінгі жылдарда ауыл шаруашылық өндірісін дамытудың басты бағыттары, оның қайшылықты тағдыры, өмірге енгізілу әдісі, түрі мен тәжірбиелері сол секілді аграрлық саясаттың ащы сабақтары, қиыншылыктары мен зардаптары зерттеліп сарапталған [9]. Кеңес өкіметі тұсындағы ауыл шаруашылығында жүргізілген реформалар, өндірісті ұйымдастыру мен ұйымдық шарауашылық мәселелері, соның ішінде колхоз құрылысының тарихы жөніндегі мәселеге объективті баға берген зерттеулер назардан тыс қалған жоқ. Осы тақырыптарға ғылыми түрде үлкен үлес қосып жүрген тарихшы ғалымдар: Т. Медеуов [10], О.Х. Мұқатова [11], Б.Т. Берлібаев [12]. Аграрлық сектордағы меншік және шаруашылық нысандардың қалыптасып дамуы, олардың тиімділігін арттыру мәселесі сонау XX ғасырдың басынан-ақ Н.К. Кондратьев [13], А.В. Чаянов [14] және тағы басқа ғалымдардың еңбектерінде көп мән берілген. Кең көлемдегі материалдар арқылы мемлекеттік ауыл шаруашылық кәсіпорындарын реформалау және нарықтық мәндегі жаңа шаруашылық құрылымдарын құру жолдары, олардың кызметін мемлекеттік реттеу тегеуріні көрсетіліп, аграрлық азық-түлік нарығы, агробизнестің маркетингтік сфера мәселелері талданған.
Дегенмен, республика өңіріндегі аймақтардың табиғи, әлеуметтік-экономикалық ерекшеліктеріне байланысты аграрлық қатынастарды қалыптастыру, дамыту, олардың тиімділік мәселелері әлі де толық зерттелмеген. Ауыл шаруашылығына тікелей қатысты шешімін таппаған мәселелердің барын жоққа шығара алмаймыз. Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасында аграрлық саясаттың негізіндегі жаңа ережесі – жерге меншіктік құқықтың болуы аса маңызды болып табылады. Сондықтан, жер кодексінің мәні, сол заң арқылы ауылдың әлеуметтік экономикалық жағдайының әсерін айқындайды. Қазіргі кездегі Қазақстан аумағындағы жер қатынастарының даму тарихы – бұл өте күрделі, әрі ауқымды тақырып.
Реформалау үрдісінде қалыптасқан жерде меншік пен шаруашылық жүргізу түрлерін талдау мен жер қатынастарын жетілдіру мәселелерінің маңыздылығы сөзсіз. Аталған мәселе бойынша іс жүзінде әлі де толығымен зерттелмеген деуге болады. Алайда, бұл тақырып көптеген ғалымдарды, саясаткерлердің ғылыми қызығушылығын тудырады. Бұған дәлел ретінде, бірқатар жазбаша қайнар көздерді, тарихи мәліметтерді айтуға болады. Қазақстанда феодалдық жер қатынастарының дамуын көптеген қазақстандық және шетелдік ғалымдардың тұжырымдары сарапталынып ғылыми айналымға енгізілді.
Отандық және шетелдік ғалымдардың тұжырымдамасын топшылай келе Қазақстан Республикасындағы қазіргі таңда аграрлық салада жүргізілген реформа нәтижесін екі тұрғыда баға беруге болады: біріншіден, агроөнеркәсіптік өндірісте көпукладтылық қалыптасты, шаруашылық субъектілеріне толық дербестік беріліп, олардың өз қызметтерін жүзеге асыруына және өндірген өнімдерін бөлуіне мүмкіндік жасалынды, нарықтық қатынастардың дамуы бір орталықтан басқару жүйесін толықтай дерлік әлсіретті; екіншіден, асығыс жүргізілген институционалдық өзгерістер, экономикалық қатынастардағы салааралық диспаритеттің (теңсіздіктің) күшеюі, агроөнеркәсіптік интеграция мен кооперативтердің дамуы үшін жағдай жасаудың орынына ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуші және қызмет көрсетуші кәсіпорындарды жекешелендіру, ауыл шаруашылық өнімдерін өндірушілердің басым бөлігінің ұсақ, жеке өндіріске бағыт ұстауы нәтижесінде барынша тиімді ұйымдық құрылымдардың қалыптаспауы, қажетті агроинфрақұрылымды қалыптастырмастан нарықтық қатынастарға өту ауылдық тауар өндірушілердің негізгі бөлігін нарықтан ығыстыруға, өнімдерді бөлу функциясының делдалдарға өтуіне, өңдеуші және сауда ұйымдарының нарықтағы монополиялық жағдайының күшеюіне алып келді.
Біз қарастырып отырған аймақтардағы аграрлық секторды зерттеуге қатысты мерзімді басылымдарда жарияланған дерек көздері мәтін-деректер болып табылады. Олардың қатарынада жарияланған аграрлық салаға қатысты заң актілері, статистикалық агенттіктер мен облыстық ауыл шаруашылық департаменттерінің мағлұматтары т.б.
Сондай-ақ, мұрағаттық құжаттарды жинастыру ісі Қазақстан Республикасындағы 7 мемлекеттік мұрағатары мен 1 ағымдық мұрағат қорларының құжаттық деректері ғылыми айналымға енгізілді.
Зертеу тақырыбына байланысты дерек көзі ретінде қазіргі кезеңдегі нарықтық қатынастың даму барысы мен тәуелсіздіктің өткен жылдарында ауылшаруашылығының өзекті мәселелері мен тың ойларды түйіндеген мерзімдік басылымдар мен журналдардағы қоғамдық-саяси үдерістің мазмұнын айқындайтын құнды мәліметтер мәтін-дерек көздері ретінде пайдаланылды.
«Оңтүстік және оңтүстік-шығыс Қазақстандағы мемлекеттік аграрлық саясат» атты екінші тарауында ауылшаруашылығы – ел экономикасының негізгі буыны, ежелден бар байлығымыздың бастауы ретінде қарастырылады. Халықтың әл-ауқатының жақсаруы, әлеуметтік-экономикалық жағдайдың тұрақтануы және дамуы негізінен ауыл шаруашылығына тікелей байланысты екендігі, ауыл шаруашылығында қазіргі қалыптасқан әлеуметтік-экономикалық жағдайы ғылыми тұрғыдан терең зерттеуді қажет ететіндігі, саланы кешенді дамытудың жолдары туралы жан-жақты дәлелденген қорытындылар келтіріліп, байыпты тұжырымдар жасау мәселесі туралы айтылады. Мұның өзіне тән тарихи, демографиялық және экономикалық себептер де бар. Жалпы олар – аграрлық сектордың кеңестік экономиканың кембағарлығынан көрген зардаптары, нарықтық қатынастарға көшу кезеңінде кездескен қиындықтардан көрген залалы деген түйін жасалынған.
Еліміздің тәуелсіздігі жарияланғаннан кейін, қазақ халқының алдағы тұрған өзекті де күрделі мәселесінің бірі ауыл шаруашылығын дамыту болғандығы ақиқат. Оған негізгі себеп, ауыл шаруашылығында экономиканың өзге де саласы сияқты нарықтық қатынастарға негізделген басқару жүйесін қалыптастыруға деген қажеттілік туды, олай дейтініміз социалистік кезеңде болған құрылымдар енді нарық талаптарына жауап бере алмады.
Нарықтық экономикаға өту барысында ауыл шаруашылығы саласында меншіктің әр түрін қалыптастыру, тауар өндірушілерге еркіндік беру, кәсіпкерлікті дамыту бағытында күрделі мәселелердің тұрғаны белгілі. Сондықтан, елімізді азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін нарықтық қатынастарға икемді өнім өндіруші жеке тұлғаларды қалыптастыру мен дамытудың маңызы зор. Соның ішінде, шаруа (фермер) қожалықтары басқа шаруашылықтарға қарағанда еркін, шағын және сапалы өнім түрін шығаруға едәуір қолайлы болып келеді. Оны шетел тәжірибелерінен анық көруге болады.
Ауыл шаруашылығы АӨК өндірушілері қоғамның экономикалық өмірінің басқа нысандарымен, әсіресе нарықтық қатынастағы әріптестерімен бірдей жағдайда емес еді. Олар бір-бірінен алыс жатқандықтан ақпарат жетіспеушілігін сезінеді. Олардың тағдыры көбінесе табиғат жағдайларына байланысты, сондықтан, саяси құрылымы мен әлеуметтік-экономикалық жағдайларға қарамастан, әр мемлекет ауыл шаруашылық тауарларын өндірушілерге белсенді қолдау көрсетуі қажет болды.
Елімізде ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру ісі қалыптасқан тарихи шаруашылықты аймақ болатын. Себебі, Қазан төңкерісіне дейін қазақ ауылының 98,8 пайызы ауыл шаруашылығымен айналысқан [15] болса, 1992 жылы ауыл тұрғындары бар халықтың 43,3 пайызын құрады.
Ел экономикасын басқарудың қалыптасқан әкімшіл-әміршіл тәртібінен ең әуелі ауыл шаруашылығы, оның ішінде, әсіресе, байырғы өріс мал шаруашылығы көп зардап шекті. Жоспарлау жұмыстарында, көп жағдайда ауыл шаруашылығының тек осы салаға тән ерекшеліктері, оның ауа райының құбылмалығымен тікелей байланыстығы, қаржы құрылымының тым төмен дәрежесі, маусымдық т.б. толығымен ескерілмеді. Мәселен, сол жылдары қарастырылған қой шаруашылығын дамытудың келешегі туралы мәселені алып қарайық. 70-ші жылдардың аяғында қабылданған Бағдарламалар бойынша республикада қой санын 1985 ж. 41 млн., ал 1990 ж. 50 млн. басқа жеткізу алға қойылды. Бірақ кеңестік ысырапқорлық экономиканы үстемдік құрған заманында мұндай межеге жетудің мүмкін еместігі есепке алынбады.
Республика агроөнеркәсібінің тауарлы өндірісінің бірі болып саналатын қой шаруашылығы негізгі аймақтарда экстенсивтік өндірістермен жүргізілді. Негізгі факторлар: саланың материалды-техникалық базасының, техника күштерінің, жабдықталған мал суаттары мен құдықтардың, т.б. тапшылығы, өндірістік кадрлардың арасында ынталы да білікті жастардың бірен-сарандығы т.б. Бұдан басқа, маусымдық жайылымдардың жетіспеуі, оларды тиімді пайдаланудағы кемшіліктер (мәселен, 20 млн. гектарға жуық құнарлы қой өрісі әскери сынақтар мен «жабық аймақтар» шеңберінде қалып қойды), малшылардың әлеуметтік тұрмыс жағдайындағы олқылықтар, т.б.
Ауыл шаруашылық бірлестіктерін әміршіл-әкімшіл әдіспен ұйымдастыру мемлекеттік ресми органдардың толық, біржақты үстемдігіне негізделді. Басқарма төрғаларының бұрын өндірісте істеген іс-тәжірбиесі ескерілмеді. Соның салдарынан, колхоз өндірісінің құлдырауы, мамандардың тұрақтамауына әкеліп соқты. Айталық, Республика көлемінде он бірінші бесжылдықта 284 колхоздың төрағасы ауыстырылса, 1986-87 жылдары бұл көрсеткіш 125-ке жетіп, 1987 жылдың өзінде 69 колхоз төрағасы ауыстырылды [16].
Колхоз құрылысының дағдарыстарының терең тамыры мемлекеттік әкімшіл-әміршіл жүйеде жатыр еді. Ал, жалпы республика бойынша он бірінші бесжылдықа Ақтөбе, Ақмола облыстарында 80 пайыз, Қостанай, Талдықорған, Жамбыл облыстарында 70-75 пайыз, Алматы, Орал, Шығыс Қазақстан облыстарында 50-60 пайызға дейін колхоз төрағалары ауысқан [17]. 1988 ж. 1 қарашасындағы мәлімет бойынша колхоздардың иелігінде 140.648.30 мың гектар жер болса, оның 417.686 мың гектары шабындық, 816.423.5 мың гектары жайлымдық жерді иеленген [18].
Ауыл шарушылығының дамуы ел тұрғындарын азық-түлікпен тұрақты қамтамасыз етуде суармалы егіншілік маңызды рөл атқарды. Республикамызда 70-жылдардың аяғында суармалы жердің көлемі 1760 мың гектарға жеткізілді, онда тиімді техникалық дақылдар, адам өміріне аса пайдалы көкөніс, бау-бақша және тағы да басқа өнімдер өндірілді. Бірақ, осының бәріне қарамастан, халықтың азық-түлік жөніндегі талап-тілегін қанағаттандыру өткірде әрі өзекті мәселеге айналды. Тамақ өнімдерін, ауыл шаруашылығының тұтынуға дайын басқа да тауарларын (тіпті астыққа дейін) шет елдерден тасып әкелу дағдыға айнала бастады, олардың көлемі жылдан жылға өсіп отырды. Шетелдік бұйымдарды сатып алуға валюталық қаржы орасан зор көлемде жұмсалды.
Экономикалық мүдделер жүйесінде тек қана қоғамдық мүдде приоритетті саналып, ауылшаруашылығы өнімдерін өндірушілердің экономикалық мүдделерінің роліне қысым жасалды. Шаруашылық жүргізудің ұжымдық формасы шаруалар тарапынан белсенді қолдау көре алмады. Ұжымшар тек бір нәрсені жасады: ауданы жағынан алып егістіктер себілді, адамға емес, техникаға кеңістік берілді. Ол техникалық жағынан басымдыққа ие болғанмен, мұның бәрі жеке адамның мүддесі ескерілмегендіктен кеш болатын [19].
Ауыл шаруашылығы салаларын интенсивтендірудің негізгі мақсаты қолда бар ресурстарды (егістік, мал басын, шабындық т.б.) техниканы, жаңа технологияны, ғылыми жетістіктерін тиімді пайдалану арқасында өндірісті жетілдіріп, арттыру. Оған жетудің жолы күрделі қаржыны барған сайын көп мөлшерде жұмсау.
Мемлекеттік жоспарлаудың басты формасы ретінде бес жылдық жоспар бекітілді, колхоздар мен совхоздарда шаруашылық есеп ауқымын кеңейту қарастырылды, экономикалық ынталандыру жүйесін жетілдіру жөнінде шаралар көрсетілді. Ауылшаруашылық өнімдерінің өнімділігін арттыру мақсатында Қазақстанда 43 ғылыми зерттеу орталықтары құрылып, «Астық», «Малшаруашылығы», т.б. ірі ғылыми-техникалық бағдарламалар әзірленді [20]. Сонымен қатар, жылдан-жылға инвестиция көлемі өсіп отырды.
Қолайсыз табиғат жағдайлары мен ауыл шаруашылық өнімдерін сату шарттарының күйзелісінен ауылшаруашылық өндіріс көлемі 1991-92 жылдары 7 пайызға оның ішінде бидай өндіру 26 пайызға қысқарды [21]. 1991 жылы әр гектарына небәрі 5,2 центнерден астық жиналды [22]. Жалпы ішкі өнім көлемі төмендеді. 1992 жылы әр гектарына 12,2 центнердің орнына 5,2 центнер астық, 113 центнердің орнына 99 центнер картоп, 154 центнердің орнына 118 центнер көкөніс, 239 центнердің орнына 160 центнер қант қызылшасы жиналды [23].
1991 жылы республиканың қаржы жағдайына тоқталсақ, шығыс – 33,7 млрд. сомды құраса, кіріс-небәрі 16,4 млрд. сомға тең болды, яғни мемлекеттік шығын – 17, 3 млрд. сомды немесе 52 пайызды құрады [19,5-б]. Аграрлық сектордағы реформалар ауыл шаруашылығынан мемлекет пайдасына жоғарғы салықтар, баға диспаритеті, монополиялар құру арқылы табыстар мен пайданың алынуы есебінен жүзеге асырылды. Аграрлық секторда өндіргіш күштер мен өндірістік қатынастардың дамуы өндірісті қоғамдастыру деңгейін жоғарылатуға алып келген жоқ. Ал кәсіпорындардың шаруашылық дербестігінің шектеулілігі мен дамымаған тауар-ақша қатынастары тұсында ауыл шаруашылығы өндірісін шоғырландыру кооперация мен интеграцияның дамуы өндірістік ұжымдар мен әртүрлі өндіріс үрдісі арасындағы шаруашылық байланыстарды нығайта алмайды. Ауыл шаруашылығын индустрияландыру жаңа тиімді технологияға көшу мен техникалық құралдардың сапалы параметрлерін арттыруды көздемеген экстенсивті негізде жүргізілді. Бұл ауыл шаруашылығы өнімдерінің өзіндік құнын арттырып, өз кезегінде еңбек өнімділігі деңгейінің төмендеуіне әкеліп соқтырады. 1991 жылдың 1 жартысында мал өнімдерін өндіру 670 мың тоннаны яғни 1990 ж. 95 пайызын, сүт өндіру 1830 мың тонна, 1990 жылдың 95 пайызына тең болса, ет пен сүт өндіру 7-10 пайызға кеміді [24]. Бұдан жалпы колхоз, совхоздардың рентабельділік деңгейі төмендеп, әртүрлі үстемелер бекіту мен сатып алу бағасын арттыру қажеттілігін тудырды. Еңбек өнімділігінің артуына кедергі келтіретін факторлардың бірі жұмысшылардың өздерінің еңбек нәтижелеріне деген материалдық қызығушылығының жеткіліксіздігі еді.
Экономиканы кең ауқымды мемлекеттендіруге, тауар-ақша қатынастарын жеткілікті елемеуге, басқарудың әкімшіл-әміршіл әдістерінің күшеюіне байланысты өсіп бара жатқан жағымсыз тенденцияны жеңу ауылдағы экономикалық қатынастарды түбірімен өзгерту жөніндегі шаралардың жүйесі ретінде аграрлық реформа қажет болды.
Сондай-ақ, Қазақстан Республикасындағы жекешелендіру және мемлекет иелігінен алудың басты ерекшелігінің бірі - жалпы тұжырымдамалық негіздері орнығып бітпей жатып, бірнеше кезеңге бөлініп (шағын жекешелендіру, ақшалай жекешелендіру, жаппай жекешелендіру, тұрғын үйді жекешелендіру) жүргізілуінен туындайтын объективті қайшылықтардан қалыптасты. Жекешелендіру түрлерінің уақыт жағынан ұштасуы бірегей негізде жүзеге асырылмауы, мақсат-міндеттерінің әрқилы бағытта айқындалуы, жалпы тұжырымдаманың толық орыңдалмауы, біршама сәтсіздікке әкелді. Мысалы, ауыл-селолық жерлерде аса ірі тұрмыстық қызмет көрсету орындары, мәдениет ошақтары жекешелендіріліп, өз жұмыстарын тоқтатты.
Мемлекеттік ауыл шаруашылық кәсіпорындарын жекешелендіру барысында шаруашылық жүргізудің әралуан ұйымдастыру құқықтық формалары қалыптасты. Негізі мемлекеттік меншікті жекешелендіру және ұжымшар-кооперативтік меншікті реформалау болып табылатын аграрлық реформаның нәтижесінде Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығында 1990 ж. бастап меншік пен шаруашылық жүргізудің әртүрлі формаларына сүйенетін көп укладты экономика қалыптасып, шаруашылық серіктестіктер, өндірістік кооперативтер, акционерлік қоғамдар, шаруа (фермер) қожалықтары сияқты шаруашылық жүргізудің жаңа формалары, басқаша айтқанда аграрлық қатынастардың жаңа субъектілері өмірге енді. Осы тұрғыда 1990 жылы КСРО Мемлекеттік жоспарлау төрағасының орынбасары Б.М. Никитиннің мәлімдеуінше «...арнайы жер телімдері бөлініп Литва КСР-да 1,5 мың, Қазақ КСР-да 264 шаруа қожалықтарының болғандығын мәлімдейді [25]. Шаруашылық жургізудің нарықтық типіне бағыттайтын алғашқы «Аренда туралы» (ақпан 1990 ж), «Шаруа қожалығы туралы» (мамыр 1990 ж.), «Жер реформасы туралы» (маусым 1991 ж.), «Жер салығы туралы» (желтоқсан 1991ж.), «Мемлекеттік ауыл шаруашылық кәсіпорындарының мүлкін жекешелендірудің ерекшеліктері туралы» (ақпан 1992 ж.) заңдары, сондай-ақ Президенттің бірқатар жарлықтары мен Үкімет қаулылары колхоз-совхоздарды реформалаудың негізін қалады.
Ауыл шаруашылығының АӨК-нің басқа да салаларымен тығыз технологиялық және экономикалық тәуелділігі ескерілмей, бағаны ырықтандыру саясаты монополизмнің өршуін тудырып, ауыл шаруашылық өнімдерін өндірушілердің жағдайының төмендеуіне әкеліп соқтырды [26]. Нарықтық қатынастарға өтумен аграрлық секторда өндіргіш күштер мен өндірістік қатынастардың дамуына елеулі ықпал ететін жер қатынастарының өзгеру үрдісі жүрді. Жердің тікелей тауар өндірушілерге берілуіне байланысты аграрлық саясаттың ерекшеліктерін анықтайтын жер рыногі, тауар-ақша қатынастарының баға және басқа да тетіктерін пайдалану, оның ішінде ренталық қатынастар, салық саясаты облысында жер қатынастарының жаңа сипаты туындайды.
1990 ж. дейін агроөнеркәсіп өндірісінің үлесіне барлық негізгі өндірістік қордың 40 пайызы тиесілі болса, саланың тауарлы өнімдері есебінен ұлттық табыс 30 пайыз, мемлекеттік бюджет кірісінің үштен бірі құраған. Сондай-ақ, бюджетке дебитерлік қарыз 1991 жылдың 1 қаңтарында республика бойынша 17,0 млн. сомға жетсе, жекелеген облыстарда мысалға, Жамбыл облысында 8,9 млн.сомды құрады [27]. Жеңіл өнеркәсіптің 50 пайыздан астамы, ал тамақ өнеркәсібінің қызметі түгелдей ауыл шаруашылығы шикізаттарының есебінен атқарылған болса, 2002 ж. агроөнеркәсіптің жалпы ішкі өнімдегі үлес салмағы 8,0 пайызға, экономиканың барлық салаларындағы өндірістік қорлардағы орны 3,2 пайызға дейін қысқарды [28].
Ауыл шаруашылығындағы мұндай және басқа да дағдарыс көріністері ел тұрғындарын тағамдық өнімдермен қамтамасыз ету, еңбеккерлердің хал-ахуалдары, тұрмыс-тіршілік деңгейіне кері әсерін тигізе бастады. 1990 ж. республикамызда астық 28,5 млн т., ет (сойыс салмағымен) 1.560 мың т., сүт 5.642 мың т. көлемінде өндірілсе [29], 2002 ж. бұл көлем екі және екіден аса азайды.
Қазіргі уақытта өңдеуші кәсіпорындардың монополизмі оның екі жақтылығына – өндірушінің және тұтынушының монополизміне байланысты тұрақты сипатқа ие болып отыр. Еліміздегі мемлекеттік меншікті мемлекет иелігіне алудың және жекешелендірудің басы мынадай нормативтік құқықтық актілер қабылдады: «1991 жылдың 22 маусымындағы «Мемлекет иелігінен алу және жекешелендіру туралы» және 1991 жылғы 19 қыркүйектегі Қазақ ССР Президентінің Қаулысымен бекітілген, 1991-1992 жылдарға арналған (1-ші кезең) Қазақ ССР-інде мемлекеттік меншікті мемлекет иелігінен алу және жекешелендіру бағдарламасы [30]. Бағдарламаның «Агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік меншікті мемлекет иелігінен алу және жекешелендіру» деп аталатын жетінші тарауы АӨК кәсіпорындарының жекешелендіру ісіндегі алғашқы заңды құжаты болды. Бағдарламаны жүзеге асыруда бұрынғы қабылданған «Қазақ ССР-індегі меншік туралы», «Шаруа шаруашылығы туралы» (21 наурыз 1990), «Кәсіпорындар туралы» (13 ақпан 1991), «Жалға алу туралы» (13 ақпан 1990), «Шаруашылық серіктестіктері және акционерлік қоғамдар туралы» (10 ақпан 1990), сондай-ақ 1991 жылғы 28 маусымдағы «Жер реформасы туралы» Қазақ ССР Заңы қолданылды.
1991 жылғы 1 тамыздағы Қазақ ССР-інің Мемлекеттік мүлік жөніндегі мемлекеттік комитетінің № 101 қаулысымен мемлекеттік кәсіпорындарды мемлекеттік акционерлік қоғамдар етіп қайта құру туралы Ереже, Бірінші кезекте жекешелендірілуге тиісті нысандардың тізбесі, 1991-1992 жылдары жекешелендіруге жатпайтын кәсіпорындар мен ұйымдар тізбесі, жекешелендірілуге тиісті мемлекеттік мүлік құнын бағалау туралы уақытша Ереже, т.б. бекітілді. Сөйтіп, 1992 ж. қаңтар айында «Мемлекеттік ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының мүліктерін жекешелендірудегі ерекшеліктер туралы» Қазақстан Республикасының Заңы және Агроөнеркәсіптік кешеннің қайта өңдейтін және қызмет көрсететін мемлекеттік ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының мүліктерін жекешелендіру жөніндегі кейінге қалдыруға болмайтын шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы (1992 жыл, ақпан) қабылданды, олар ауыл шаруашылығы нысандарын жекешелендірудің ерекшеліктерін де айқындады.
Алайда, жекешелендіру үрдісі бірінші кезеңінде (1991-1993 жылдың басы) әдістемелік, ұйымдастырушылық жағынан өрескел кемшіліктерге жол берілді.
1993 жылы республикадағы жекешелендіру саясатына белгілі бір дәрежеде түзету енгізу 1993-1995 жж. (II кезең) арналған Қазақстан Республикасындағы мемлекет иелігінен алу және жекешелендірудің ұлттық бағдарламасы туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығын, Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің осы Жарлықты жүзеге асыру жөніндегі № 633 Қаулысын, сондай-ақ «Агроөнеркәсіптік кешеннің қайта өңдейтін және қызмет көрсететін, дайындайтын мемлекеттік ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының мүліктерін жекешелендіру жөніндегі қосымша шаралар туралы» (20 шілде 1993) Қазақстан Республикасы Президенті Жарлығын, «Мемлекет иелігінен алу және жекешелендіру туралы» (12 сәуір 1993) және «Мемлекеттік ауыл шаруашылығы кәсіпорындары мүліктерін жекешелендірудің ерекшеліктері туралы» (21 қазан 1993) қолданыстағы заңдарға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды қабылдау жолымен жүргізілді.
Бірақ, бәрібір де бұл директивалық құжаттар жеке меншіктің түрлі нысандарында мемлекеттік меншікті мемлекет иелігінен алу және жекешелендіру шараларын жандандыруға септігін тигізе алмады.
Жер үлесін бөлудегі мәселелердің шешімі заңдармен және заң аясындағы актілермен қалай қамтамасыз етілді және қандай қателіктер мен олқылықтар жіберілді.
«Жер реформасы туралы» (28 шілде, 1991 жыл) Қазақ ССР Заңы мына тұжырымдарға тиісті нақтылау жасап, айқын сипат енгізді: «Берілген жер учаскесінің мөлшері бір жұмыскерге есептелген, аталған шаруашылықта қалыптасқан орташа жер үлесіне қарай белгіленеді. Орташа жер үлесі Халық депутаттарының аудандық кеңесі бекіткен еңбек ұжымының шешімімен белгіленеді» [31].
«Шаруашылық жұмыскерлерімен қатар жер учаскесін алуға шаруашылықпен еңбек қарым-қатынасын зейнеткерлікке шығуына байланысты тоқтатқан ауылдық жерлердегі азаматтар, сондай-ақ, аталған шаруашылықтың әлеуметтік-мәдени және өндірістік салаларында қызмет көрсететін тұлғалар да құқылы» (14-бап, 2 т.). Осы уақыт аралығында бұл тармақтың екінші азат жолы екі рет өзгерді.
Бірінші рет бұл ереже жоғарыда аталып кеткен 1993 жылғы 20 шілдедегі № 633 «1993-1995 жылдарға арналған Мемлекет иелігінен алу мен жекешелендірудің ұлттық бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі шаралар туралы» (II кезең) Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинеті Қаулысының № 3 «Агроөнеркәсіп кешеннің кәсіпорындарын мемлекет иелігінен алу және жекешелендіру тәртібі» қосымшасы өзгерді.
Бұл қосымшада «Жер үлесін анықтау» былай жазылған: «Еңбек ұжымының шешімі бойынша орташа жер үлесін анықтау кезінде шаруашылықпен еңбек қарым-қатынасын зейнеткерлікке шығуына байланысты тоқтатқан азаматтар, аталған шаруашылықтың әлеуметтік-мәдени және өндірістік салаларында қызмет көрсететін тұлғалар ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізген жағдайда, сол аумақта тұратын адамдар есепке алынуы мүмкін» [32]. 1995 ж. 22 желтоқсанында «Жер туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Заң күші бар Жарлығының қабылдануына байланысты, аталған ережеге тағы да өзгерістер енгізілді. 77-баптың 4-тармағы былай жазылды: «Колхоз немесе мемлекеттік ауыл шаруашылығы кәсіпорындары мүшесі болып табылмайтын азаматтарға фермерлік шаруа қожалықтарын жүргізу үшін арнайы жер қорынан жер учаскелері беріледі». Бұл заң, көп селолық аудандарда, негізінен жер үлестері белгіленіп болған кезде ал арнаулы жер қоры әлдеқашан бөлініп болған және бұрынғы совхоздар мен колхоздардан артылған ешнәрсе қалмаған кезде шықты. Тап осындай жағдай еңбектің негізгі нысан – жер, тұрғындардың негізгі табысы-егіншілік болып келетін халық тығыз орналасқан аймақтарда түгелдей дерлік қамтыды.
Совхоздар мүлкінің бір бөлігін директорлар меншігіне беру туралы» 1994 ж. 9 наурыздағы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы мен «Азаматтардың жеке меншігіне мемлекеттік ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын сату туралы» 1994 ж. 24 ақпандағы Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің Қаулысы өз жер үлесін алғысы келгендердің тілегін күрделендіріп жіберді. Сырт қарағанда дұрыс болып көрінетін шынайы меншік иесін тәрбиелеу идеясы «қызыл директорлардың» қандай жолмен болмасын билікті жаулап алу жағдайын тағы да туындатты. Жарлықтың Қаулының ережелерін пайдаланған директор 10 пайыздың орнына 20 пайыз тегін жер алған жайттар бар, ал бұған көңілі толмағандары, болар-болмас бағаға тағы да 31 пайыз жер үлесін сатып алды. Ірі мүліктік пай мен жер үлесінің иесіне айналған олар, мүлік пен жердің тиімді де пайдалы үлесін қамтып, еңбек ұжымынан бөлектене бастады [33].
Егер жерді иелену мен пайдалану құқықтарын заңнамалық қамтамасыз ету туралы айтар болсақ, өз жер үлесін иелену құқығы алғаш рет 1993 ж. 1 сәуірдегі «Мемлекет иелігінен алу және жекешелендіру туралы» Заңда көрсетілгенімен Үкіметтің нормативтік актілері кешігіп және жүйесіз шықты. Оларда пайдалану, сондай-ақ жалға беру құқықтары, осы құқықтарды сыйға тарту, сату мәселелері толық қамтылмады. Мысалы, Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің 1994 ж. 10 маусымдағы «Мемлекеттік ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын жекешелендіру кезінде жер үлесіне жеңілдік құқықтарының тәртібін бекіту туралы» Қаулысы. Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің «Қазақстан Республикасы азаматтарының және заңды тұлғаларының өмірлік мұраға иелену құқықтарын, жер учаскелерін иелену немесе жалға беру құқықтарын сатып алу-сату тәртібін бекіту туралы» Қаулысы - 1994 ж. 10 маусым, яғни, жер қатынастарын реттейтін алғашқы нормативтік актілерді әзірлеу үшін бір жыл уақыт керек болды. Иммиграциялық жер қорын құру тәртібі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1994 ж. 2 тамыздағы Қаулысымен, Арнаулы жер қорын құру және бөлу тәртібі 1996 жылғы 30 қазандағы Қаулысымен бекітілді - 2,5 жылдан кейін және «Жер туралы» Жарлық шыққан соң он айдан кейін жер үлесін белгілеу тәртібі, сондай-ақ «Азаматтар мен занды тұлғаларға жер учаскелерін беру нормаларын бекіту туралы» (8 сәуір 1996), «Азаматтар мен заңды тұлғаларға жер учаскесіне меншік құқығы, жерді тұрақты пайдалану құқығы актілерін беру туралы» (8 сәуір 1996), «Ипотекалық несиемен қамтамасыз етуде жер учаскелерін кепілге қою тәртібі мен жер пайдалану құқықтарын бекіту туралы» (6 маусым 1996) және одан да көп мерзімге кешігіп шықты. Егер заң жобасы Парламентке заңнан туындаған актілерімен бірге келгенде мұндай жағдай болмас еді.
Қазақстан Республикасында заң шығару үрдісі үздіксіз және осы кездегі ауылшаруашылық серіктестіктері мен кооперациялардың қызметін реттейтін республиканың барлық негізгі заң актілері қабылданды.
Аграрлық реформалау барысында әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, аграрлық сектордағы серіктестіктер мен жеке қожалық және мемлекеттік нысандардың өте тиімді дамуы тек дотация, субсидия, жеңілдетілген несие, салық жүйесінің ұтымды түрі, мемлекеттік қолдау баға жөніндегі жүйесінде халық шаруашылығының басқа салалары сияқты мәселелер оң шешуін тапқанда ғана мүмкін.
Ауыл шаруашылығын реформалаудағы мақсат әлеуметтік-экономикалық қатынастардың тұрақтылығын, конъюнктуралық ауытқуларға төзімділігін қамтамасыз ету болып табылады. Бұған барлық меншік нысандарының қызмет етуі аркылы ғана жетуге болады. Бір меншік пен шаруашылық жүргізудің нысанының монополиясы арқылы аграрлық секторды дамытудың тиімділігін қамтамасыз ету мүмкін емес. Қаншама тиімді болмасын, жеке бір меншік нысанын бөліп алып, оны дамытуға бар күш-жігерін салу қате, бұдан гөрі түрлі меншік нысандарына негізделген кәсіпкерлік қызмет түрлерінің біртұтас өміршең, икемді секторын қалыптастырып, дамыту маңыздырақ.
Қазіргі кезеңдегі ұжымдық түрдегі кәсіпкерлік халыққа қызмет көрсетуі жағынан өндірістің тұрақты дамуын қамтамасыз етеді. Мұнда жұмыскерлер саны технологиялық қажеттіліктермен анықталып, еңбекті алмастыру мүмкіндігі бар болады.
Достарыңызбен бөлісу: |