мөлшері
Қоғамның жарғылық капиталының ең төменгі мөлшері тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы Қазақстан Республикасының заңында белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 50000 еселенген мөлшерінде болады.
Осы баптың бірінші бөлігінде қоғамның жарғылық капиталының ең төменгі мөлшері бойынша белгіленген талаптар өз қызметін инвестициялық жекешелендіру қоры ретінде жүзеге асыратын қоғамға қолданылмайды.
11-бап. Қоғамның жарғылық капиталы
1. Қоғамның жарғылық капиталы құрылтайшылардың (жалғыз құрылтайшының) акцияларды олардың нақтылы құны бойынша және инвесторлардың осы Заңда белгiленген талаптарға сәйкес айқындалатын орналастыру бағалары бойынша төлеуi арқылы қалыптастырылады және ол Қазақстан Республикасының ұлттық валютасымен көрсетiледі.
Қайта ұйымдастыру нәтижесiнде құрылған қоғамның жарғылық капиталы осы Заңда белгiленген талаптарға сәйкес қалыптастырылады.
2. Акцияның құрылтайшылар алдын ала енгiзетiн төлем мөлшерi қоғамның жарғылық капиталының ең төменгi мөлшерiнен кем болмауға және оны құрылтайшылар қоғам заңды тұлға ретiнде мемлекеттiк тiркелген күннен бастап отыз күн iшiнде толық төлеуге тиiс.
3. Қоғамның жарғылық капиталын ұлғайту қоғамның жарияланған акцияларын орналастыру арқылы жүзеге асырылады.
Ескерту. 11-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2005.07.08. N 72(қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.
4-тарау. Қоғамның акциялары және басқа да
бағалы қағаздары
12-бап. Қоғамның бағалы қағаздары туралы жалпы
ережелер
1. Қоғам жай акциялар, не жай және артықшылықты акциялар шығаруға құқылы. Акциялар құжатсыз нысанда шығарылады.
2. Акционерлік қоғамның ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған коммерциялық емес ұйымдардың артықшылықты акциялар шығаруға құқығы жоқ.
3. Акция бөлінбейді. Егер акция ортақ меншік құқығымен бірнеше тұлғаға тиесілі болса, олардың бәрі бір акционер деп танылады және өзінің жалпы өкілі арқылы акциямен куәландырылған құқықтарды пайдаланады.
4. Егер осы Заңда өзгеше белгіленбесе, акцияның бір түрі оны иеленетін әрбір акционерге осындай акциялар түрінің басқа иелерімен бірдей көлемде құқықтар береді.
5. Қазақстан Республикасының заң актілерінде:
1) қоғамның акцияларымен мәмілелер жасасуға;
2) қоғамның бір акционерге тиесілі акцияларының ең көп мөлшеріне;
3) қоғамның акциялары бойынша бір акционерге берілетін ең көп дауыс санына шектеулер белгіленуі мүмкін.
6. Қоғам басқа да бағалы қағаздар шығаруға құқылы, оларды шығару, орналастыру, айналысқа салу және өтеу талаптары мен тәртібі Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар рыногы туралы заңдарымен белгіленеді.
13-бап. Акциялардың түрлері
1. Жай акция дауыс беруге енгізілетін барлық мәселелерді шешкен кезде акционерге дауыс беру құқығымен акционерлердің жалпы жиналысына қатысу құқығын, қоғамда таза табыс болған жағдайда дивидендтер, сондай-ақ қоғам таратылған жағдайда Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен оның мүлкінің бір бөлігін алу құқығын береді.
2. Артықшылықты акциялардың меншік иелері - акционерлердің жай акциялардың меншік иелері - акционерлеріне қарағанда қоғамның жарғысында белгіленіп, алдын ала айқындалып кепілдік берілген мөлшерде дивидендтер алуға және қоғам таратылған кезде осы Заңда белгіленген тәртіппен мүліктің бір бөлігіне басым құқығы бар.
Орналастыру кезеңінде қоғамның артықшылықты акцияларының саны оның орналастырылған акцияларының жалпы санының жиырма бес процентінен аспауға тиіс.
3. Осы баптың 4-тармағында белгіленген жағдайларды қоспағанда, артықшылықты акция акционерге қоғамды басқаруға қатысу құқығын бермейді.
4. Егер:
1) қоғам акционерлерінің жалпы жиналысы ол бойынша шешім артықшылықты акцияларды иеленуші акционердің құқығын шектеуі мүмкін мәселені қараса, артықшылықты акция акционерге қоғамды басқаруға қатысу құқығын береді. Орналастырылған (сатып алынғандарын шегере отырып) артықшылықты акциялардың жалпы санының кемінде үштен екісі шектеу қоюға дауыс берген жағдайда ғана мұндай мәселе бойынша шешім қабылданды деп есептеледі.
Олар бойынша шешімдер қабылдау артықшылықты акцияларды иеленуші акционердің құқығын шектеуі мүмкін мәселелерге:
артықшылықты акциялар бойынша төленетін дивидендтердің мөлшерін азайту не мөлшерін есептеу тәртібін өзгерту;
артықшылықты акциялар бойынша дивидендтер төлеу тәртібін өзгерту;
артықшылықты акцияларды қоғамның жай акцияларына айырбастау туралы мәселелер жатады.
1-1) қоғам акционерлерінің жалпы жиналысы қоғам артықшылықты акцияларды ұйымдастырылмаған рынокта осы Заңға сәйкес сатып алған кезде олардың құнын айқындау әдістемесіне (егер құрылтай жиналысы әдістемені бекітпесе, оны бекіту) өзгерістерді бекіту туралы мәселені қарайды;
2) қоғам акционерлерінің жалпы жиналысы қоғамды қайта ұйымдастыру не тарату туралы мәселені қараса;
3) осы Заңның 22-бабының 5-тармағындағы негіздер бойынша дивиденд есептелмеген жағдайларды қоспағанда, артықшылықты акция бойынша дивиденд оны төлеу үшін белгіленген мерзім өткен күннен бастап үш ай ішінде толық мөлшерінде төленбесе, артықшылықты акция акционерге қоғамды басқаруға қатысу құқығын береді.
4-1. Осы баптың 4-тармағының 3) тармақшасында көзделген жағдайда акционердің - артықшылықты акциялардың меншік иесінің қоғамды басқаруға қатысу құқығы оған тиесілі артықшылықты акциялар бойынша дивиденд толық мөлшерде төленген күннен бастап тоқтатылады.
5. Құрылтай жиналысы (жалғыз құрылтайшының шешімі) немесе акционерлердің жалпы жиналысы жарғылық капиталды қалыптастыруға және дивидендтер алуға қатыспайтын бір "алтын акцияны" енгізуі мүмкін. "Алтын акция" иесінің акционерлердің жалпы жиналысының, директорлар кеңесі мен атқарушы органның шешімдеріне қоғам жарғысында белгіленген мәселелер бойынша вето қою құқығы болады. "Алтын акция" куәландырған вето қою құқығы басқаға берілмеуге тиіс.
Ескерту. 13-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2005.07.08. N 72(қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2009.02.13. N 135-IV(қолданысқа енгізілу тәртібін 3-баптан қараңыз), 2011.12.28 № 524 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); 24.11.2015 № 422-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
14-бап. Қоғам акционерлерінің құқықтары
1. Қоғам акционерi:
1) осы Заңда және (немесе) қоғамның жарғысында көзделген тәртiппен қоғамды басқаруға қатысуға;
1-1) қоғамның дауыс беретін акцияларының бес және одан да көп пайызын дербес немесе басқа акционерлермен жиынтықта иеленген кезде, осы Заңға сәйкес директорлар кеңесіне акционерлердің жалпы жиналысының күн тәртібіне қосымша мәселелерді енгізуге;
2) дивидендтер алуға;
3) қоғамның қызметi туралы ақпарат алуға, оның iшiнде акционерлердiң жалпы жиналысында немесе қоғамның жарғысында айқындалған тәртiппен қоғамның қаржылық есептiлiгiмен танысуға;
4) қоғамның тiркеушiсiнен немесе номиналды ұстаушыдан оның бағалы қағаздарға меншiк құқығын растайтын үзiндi көшiрмелер алуға;
5) қоғам акционерлерiнiң жалпы жиналысына қоғамның директорлар кеңесiне сайлау үшiн кандидатуралар ұсынуға;
6) қоғамның органдары қабылдаған шешiмге сот тәртiбiмен дау айтуға;
7) қоғамның дауыс беретін акцияларының бес және одан да көп пайызын дербес немесе басқа акционерлермен жинақтап алғанда иеленген кезде, осы Заңның 63 және 74-баптарында көзделген жағдайларда, өз атынан сот органдарына қоғамның лауазымды адамдарының қоғамға келтірілген залалдарды қоғамға өтеуі және қоғамның лауазымды адамдарының және (немесе) олардың аффилиирленген тұлғаларының ірі мәмілелер және (немесе) мүдделілік болуына орай жасалатын мәмілелер жасасу (жасасуға ұсыныс) туралы шешім қабылдау нәтижесінде алған пайданы (табысты) қоғамға қайтаруы туралы талаппен жүгінуге;
8) қоғамға оның қызметi туралы жазбаша сұрау салуға және қоғамға сұрау салу келiп түскен күннен бастап күнтізбелік отыз күн iшiнде дәлелдi жауаптар алуға;
9) қоғам таратылған кезде мүлiктiң бiр бөлiгiне;
10) Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, осы Заңда белгiленген тәртiппен өз акцияларына айырбасталатын қоғамның акцияларын немесе басқа да бағалы қағаздарын артықшылықпен сатып алуға;
11) акционерлердің жалпы жиналысының осы Заңда көзделген тәртіппен қоғам акцияларының санын өзгерту туралы немесе олардың түрін өзгерту туралы шешім қабылдауына қатысуға құқылы.
2. Ірі акционердің, сондай-ақ:
1) акционерлердің кезектен тыс жалпы жиналысын шақыруды талап етуге немесе директорлар кеңесі акционерлердің жалпы жиналысын шақырудан бас тартқан жағдайда оны шақыру туралы талап-арызбен сотқа жүгінуге;
2) алып тасталды - ҚР 29.03.2016 № 479-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);
3) директорлар кеңесінің отырысын шақыруды талап етуге;
4) өз есебінен аудиторлық ұйымның қоғам аудитін жүргізуін талап етуге құқығы бар.
3. Акционерлердің осы баптың 1 және 2-тармақтарында белгіленген құқықтарын шектеуге жол берілмейді.
Акционерлердің осы баптың 1-тармағында көзделген құқықтарынан басқа, қоғамның жарғысында акционерлердің қосымша құқықтары көзделуі мүмкін.
4. Осы баптың 1-тармағының 1-1) тармақшасында көзделген талаптарды жалпы жиналысты шақыратын орган немесе тұлға орындауға міндетті.
Ескерту. 14-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2007.02.19 N 230(қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2007.08.07 N 321, 2011.02.10 N 406-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2011.12.28 № 524 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 29.03.2016 № 479-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
15-бап. Қоғам акционерлерінің міндеттері
1. Қоғамның акционері:
1) акцияларды төлеуге;
2) осы акционерге тиесілі акцияларды қоғамның тіркеушісіне және нақтылы ұстаушыға қоғамның акцияларын ұстаушылардың тiзiлiмдер жүйесiн жүргізуге қажетті мәліметтердің өзгерісі туралы он күн ішінде хабарлауға;
3) қоғам немесе оның қызметі туралы қызметтік, коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпия болып табылатын ақпаратты жария етпеуге;
4) осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заң актілерінде белгіленген басқа да міндеттерді орындауға міндетті.
2. Акционердің осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасында белгіленген талаптарды орындамауының салдары үшін қоғам мен қоғамның тіркеушісі жауапты болмайды.
Ескерту. 15-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2005.07.08. N 72(қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2007.02.19. N 230(қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.
16-бап. Қоғамның бағалы қағаздарын басымдықпен
сатып алу құқығы
1. Жарияланған акцияларды немесе қоғамның жай акцияларына айырбасталатын басқа да бағалы қағаздарды орналастыру, сондай-ақ бұрын сатып алынған аталған бағалы қағаздарды сату ниетi бар қоғам осы туралы шешiм қабылдаған күннен бастап күнтізбелік он күн iшiнде өз акционерлерiне жазбаша хабарлама жiберу немесе бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау арқылы бағалы қағаздарды өздерiнде бар акциялар санына барабар тең жағдайларда бағалы қағаздарды орналастыру (өткiзу) туралы шешiм қабылдаған қоғамның органы белгiлеген орналастыру (өткiзу) бағасы бойынша сатып алуды ұсынуға мiндеттi. Акционер қоғамның акцияларын орналастыру (өткiзу) туралы хабарлаған күнінен бастап күнтізбелік отыз күн iшiнде акцияларды не қоғамның акцияларына айырбасталатын өзге де бағалы қағаздарды басымдықпен сатып алу құқығына сәйкес сатып алуға өтiнiм беруге құқылы.
Бұл ретте қоғамның жай акцияларын иеленуші акционердің жай акцияларды немесе қоғамның жай акцияларына айырбасталатын басқа да бағалы қағаздарды басымдықпен сатып алуға құқығы бар, ал қоғамның артықшылықты акцияларын иеленушi акционердің қоғамның артықшылықты акцияларын басымдықпен сатып алуға құқығы бар.
Акционер басымдықпен сатып алу құқығы бойынша сатып алынатын акциялардың немесе қоғамның жай акцияларына айырбасталатын басқа да бағалы қағаздардың ақысын төлеуді оларды сатып алуға өтінім берген күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде жүзеге асырады. Қоғамның жарғысымен акциялардың ақысын төлеудің өзге де мерзімі көзделуі мүмкін, ол акциялар орналастырыла бастаған күннен бастап күнтізбелік тоқсан күннен аспауға тиіс.
2. Жарияланған акцияларды орналастыруға, сондай-ақ бұрын сатып алынған акцияларды өткізуге ниетi бар қаржы ұйымы уәкілетті органның талабы бойынша пруденциялық және Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген өзге де нормалар мен лимиттерді орындау мақсатында акцияларды орналастыру туралы шешiм қабылдаған күннен бастап бес жұмыс күні iшiнде өз акционерлерiне жазбаша хабарлама жiберу немесе бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау арқылы бағалы қағаздарды өздерiнде бар акциялар санына барабар тең жағдайларда бағалы қағаздарды орналастыру (өткiзу) туралы шешiм қабылдаған қоғамның органы белгiлеген орналастыру (өткiзу) бағасы бойынша сатып алуды ұсынуға мiндеттi. Акционер қоғамның акцияларды орналастыру (өткiзу) туралы хабарлаған күнінен бастап бес жұмыс күні iшiнде акцияларды не қоғамның акцияларына айырбасталатын өзге де бағалы қағаздарды басымдықпен сатып алу құқығына сәйкес сатып алуға өтiнiм беруге құқылы.
Қаржы ұйымының басымдықпен сатып алу құқығы бойынша сатып алынатын акцияларына ақы төлеуді акционер оларды сатып алуға өтінім берген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде жүзеге асырады. Акциялардың немесе қоғамның жай акцияларына айырбасталатын басқа да бағалы қағаздардың ақысын төлемеген жағдайда аталған мерзім аяқталғаннан кейін өтінім жарамсыз болып есептеледі.
3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарында белгіленген басымдықпен сатып алу құқығы бойынша сатып алынатын акциялардың немесе қоғамның жай акцияларына айырбасталатын басқа да бағалы қағаздардың ақысын төлеу мерзімдері бойынша талаптар Қазақстан Республикасының Үкіметі республикалық мемлекеттік меншікке иелік етуге уәкілеттік берген мемлекеттік органның акцияларды сатып алу жағдайларына қолданылмайды.
Қазақстан Республикасының Үкіметі республикалық мемлекеттік меншікке иелік етуге уәкілеттік берген мемлекеттік орган басымдықпен сатып алу құқығы бойынша сатып алатын акциялардың немесе қоғамның жай акцияларына айырбасталатын басқа да бағалы қағаздардың ақысын төлеуді оларды сатып алуға өтінім берген күннен бастап он екі ай ішінде жүзеге асырады.
4. Акциялардың немесе қоғамның жай акцияларына айырбасталатын басқа да бағалы қағаздардың осы баптың 1, 2 және 3-тармақтарында белгіленген мерзім өткенге дейін ақысын төлемеген жағдайда өтінім жарамсыз болып саналады.
5. Қоғам акционерлерінің бағалы қағаздарды басымдықпен иелену құқығын іске асыру тәртібін және одан бас тартуды уәкілетті орган белгілейді.
6. Осы Заңның 83-бабында көзделген тәртіппен оған басқа қоғам біріктірілген кезде қоғамның акцияларын орналастыру (өткізу) кезінде қоғамның акционерлеріне басымдықпен сатып алу құқығы берілмейді.
Ескерту. 16-бап жаңа редакцияда - ҚР 2011.12.28 № 524 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); өзгеріс енгізілді - ҚР 24.11.2015 № 422-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
17-бап. Алып тасталды - ҚР 2005.07.08. N 72(қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.
18-бап. Қоғамның акцияларын орналастыру
1. Қоғам өз акцияларының шығарылымы мемлекеттiк тiркеуден өткеннен кейiн акциялардың жарияланған мөлшерi шегiнде оларды бiр немесе бiрнеше орналастыру арқылы орналастыруға құқылы.
Қоғамның жарғысында осы мәселе акционерлердiң жалпы жиналысының құзыретiне жатқызылған жағдайды қоспағанда, қоғамның жарияланған акцияларының саны шегiнде оның акцияларын орналастыру туралы шешiмдi қоғамның директорлар кеңесi қабылдайды.
Акцияларды орналастыру акционерлердің акцияларды немесе қоғамның жай акцияларына айырбасталатын басқа да бағалы қағаздарды басымдықпен сатып алу құқығын іске асыруы, бағалы қағаздардың ұйымдастырылмаған рыногында өткiзiлетiн жазылу немесе аукцион не бағалы қағаздардың ұйымдастырылған рыногында өткiзiлетiн жазылу немесе аукцион арқылы, сондай-ақ осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде көзделген жағдайларда қоғамның бағалы қағаздарын және (немесе) ақшалай міндеттемелерін қоғамның акцияларына айырбастау арқылы жүзеге асырылады.
2. Акционер артықшылықпен сатып алу құқығына сәйкес оған акцияны немесе қоғамның жай акцияларына айырбасталатын басқа да бағалы қағазды сатып алуға өтінім беру үшін берілген күнтізбелік отыз күннің ішінде акцияны немесе қоғамның жай акцияларына айырбасталатын басқа да бағалы қағазды иеліктен айырған кезде, егер бұрынғы меншік иесі мұндай өтініш бермеген жағдайда бұл құқық акцияның немесе қоғамның жай акцияларына айырбасталатын басқа да бағалы қағаздың жаңа меншік иесіне өтеді.
3. Акцияларды орналастыру туралы шешім қабылдаған қоғамның органы осы орналастыру үшін белгілеген акцияларды орналастыру бағасы осы акциялардың сатылуы мүмкін ең төменгі бағасы болып табылады.
Акционерлер акцияларды басымдықпен сатып алу құқығына сәйкес қоғамның орналастыру туралы шешiм қабылдаған органы белгiлеген осы акциялардың бiрыңғай ең төменгі орналастыру бағасы бойынша сатып алады.
Қоғамның акциялары осы орналастыру шегiнде акцияларды жазылу арқылы сатып алатын барлық тұлғалар үшiн бiрыңғай баға бойынша сатылуға тиiс.
4. Қоғамның уәкілетті органы орналастырылатын акциялардың санын ұлғайту және (немесе) басымдықпен сатып алу құқығын іске асыру шеңберінде акционерлерге ұсынылған бағаны азайту арқылы жарияланған акцияларды орналастыру туралы бұрын қабылданған шешiмнің талаптарын өзгерту туралы шешімді қабылдаған жағдайда, қоғам акционерлерге осы акцияларды басымдықпен сатып алу құқығын қайта ұсынады.
Ескерту. 18-бап жаңа редакцияда - ҚР 2011.12.28 № 524 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.
19-бап. Қоғам акцияларын ұстаушылардың тізілімдер жүйесі
1. Қоғам акцияларын ұстаушылардың тiзiлiмдер жүйесiн жүргiзудi тіркеуші ғана жүзеге асыра алады.
2. Қоғам акцияларын ұстаушылардың тiзiлiмдер жүйесiн жүргiзу, сондай-ақ ол бойынша уәкілетті органға ақпарат беру тәртібі Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар рыногы туралы заңдарында белгіленеді.
3. Қоғам өз акциялары шығарылымын мемлекеттік тіркеу мақсатында уәкілетті органға құжаттар табыс етілгенге дейін қоғамның акцияларын ұстаушылардың тiзiлiмдер жүйесiн жүргiзу жөніндегі қызмет көрсету туралы қоғамның тіркеушісімен шарт жасасуға міндетті.
4. Орналастырылатын акция толық төленгенге дейін қоғамның осы акцияны қоғам акцияларын ұстаушылардың тiзiлiмдер жүйесiндегi (нақтылы ұстаушыны есепке алу жүйесiндегi) оны сатып алушының жеке шотына есептеу туралы бұйрық беруге құқығы жоқ.
Ескерту. 19-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2005.07.08. N 72 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2011.12.28 № 524 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.
20-бап. Қоғам акцияларын орналастыру қорытындылары
туралы есеп
1. Қоғам уәкілетті органға:
қоғамның жарияланған акцияларын толық орналастырғанға дейін не оларды толық орналастырғаннан кейін әрбір алты айдың (есепті жарты жылдық аяқталғаннан кейін бір ай ішінде) қорытындылары бойынша өз акцияларын орналастыру қорытындылары туралы есептерді;
қоғамның орналастырылған акцияларының бір түрін осы қоғам акцияларының басқа түріне айырбастаған жағдайда акцияларды айырбастау рәсімдерін аяқтағаннан кейін бір ай ішінде өз акцияларын орналастыру қорытындылары туралы есептерге өзгерістер мен толықтыруларды беруге міндетті.
2. Акцияларды орналастыру қорытындылары туралы есептің және оған өзгерістер мен толықтырулардың мазмұнын және оларды табыс ету тәртібін, сондай-ақ осы есепті қарау және бекіту тәртібін уәкілетті орган белгілейді.
Ескерту. 20-бап жаңа редакцияда - ҚР 2011.12.28 № 524 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.
21-бап. Қоғамның орналастырылатын акцияларына төлем
жасау
1. Осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, қоғамның орналастырылатын акцияларына төлем жасауға ақша, мүліктік құқықтар (оның ішінде зияткерлік меншік объектілеріне құқықтар) және өзге де мүлік енгізілуі мүмкін.
Ақшадан басқа, өзге де мүлікпен (бағалы қағаздан басқа) төлем жасау Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес берілген лицензия негізінде әрекет ететін бағалаушы айқындайтын баға бойынша жүзеге асырылады.
Қоғамның орналастырылатын акцияларына қор биржасында айналыста болатын бағалы қағаздармен ақы төлеу қор биржасының бағалы қағаздарды бағалау әдістемесіне сәйкес қор биржасы айқындайтын нарықтық баға бойынша жүзеге асырылады. Акцияларға ақы төлеуге енгізілетін бағалы қағаздардың түріне қатысты көрсетілген әдістеме бойынша қор биржасы есептеген мұндай бағалы қағаздардың нарықтық бағасы болмаған жағдайда, олардың құнын бағалауды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес берілген лицензия негізінде әрекет ететін бағалаушы жүргізеді.
2. Егер қоғамның орналастырылатын акцияларына төлем жасауға мүлікті пайдалану құқығы енгізілсе, мұндай құқықты бағалау осы мүлікті пайдалануға төленетін ақының мөлшері негізге алына отырып, қоғамның оны пайдаланған бүкіл мерзіміне жүргізіледі. Аталған мерзім аяқталғанға дейін қоғам акционерлері жалпы жиналысының келісімінсіз мұндай мүлікті алып қоюға тыйым салынады.
3. Акцияларды орналастырған кезде қоғамға:
1) орналастырылатын акцияларды сатып алуға;
2) шарттарында (шығару шарттарында) эмитент орналастырылған акцияларын эмитенттің сатып алу құқығы немесе міндеті көзделетін шарттар жасасуға (туынды бағалы қағазды сатып алуға) тыйым салынады.
Ескерту. 21-бап жаңа редакцияда - ҚР 2011.12.28 № 524 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); өзгеріс енгізілді - ҚР 24.11.2015 № 422-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
22-бап. Қоғамның акциялары бойынша дивидендтер
1. Артықшылықты акциялар бойынша дивидендтерді қоспағанда, қоғамның акциялары бойынша дивидендтер акционерлердің жалпы жиналысында қоғамның дауыс беретін акцияларының жай көпшілігімен дивидендтер төлеу туралы шешім қабылданған жағдайда ақшалай немесе қоғамның бағалы қағаздарымен төленеді.
Қоғамның артықшылықты акциялары бойынша бағалы қағаздармен дивидендтер төлеуге жол берілмейді.
Қоғамның акциялары бойынша оның бағалы қағаздарымен дивидендтер төлеуге акционердің жазбаша келісімі болған кезде осындай төлем қоғамның жарияланған акцияларымен және ол шығарған облигациялармен жүзеге асырылатын жағдайда ғана жол беріледі.
Дивидендтерді алуға құқығы бар акционерлердің тізімі дивидендтер төлеу басталатын күннің алдындағы күні жасалуға тиіс.
Төленбеген дивидендтері бар акцияларды иеліктен алу, егер акцияларды иеліктен алу туралы шартта өзгеше көзделмесе, акцияның жаңа иесінің оларды алу құқығымен жүзеге асырылады.
2. Қоғамның акциялары бойынша дивидендтер төлеудің кезеңділігі қоғамның жарғысымен және (немесе) акцияларды шығару проспектісімен белгіленеді.
3. Қоғамның акциялары бойынша дивидендтер төлеу төлем агенті арқылы жүргізілуі мүмкін. Төлем агентінің қызметіне ақы қоғам есебінен төленеді.
4. Орналастырылмаған немесе қоғамның өзi сатып алған акциялар бойынша, сондай-ақ егер сот немесе қоғам акционерлерiнiң жалпы жиналысы қоғамды тарату туралы шешiм қабылдаса, дивидендтер есептелмейдi және төленбейдi.
5. Қоғамның жай және артықшылықты акциялары бойынша:
1) өз капиталының теріс мөлшері болған жағдайда немесе егер қоғамның өз капиталының мөлшері оның акциялары бойынша дивидендтер есептеу нәтижесінде теріс болса;
2) егер қоғам Қазақстан Республикасының оңалту және банкроттық туралы заңнамасына сәйкес төлем қабiлетсiздiгi немесе дәрменсiздiк белгiлерiне сай келсе не аталған белгiлер қоғамда оның акциялары бойынша дивидендтер төлеу нәтижесiнде пайда болса, дивидендтерді есепке жазуға жол берілмейді.
2-1) «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» және «Сақтандыру қызметі туралы» Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда;
3) (алып тасталды)
6. Акционер, осы баптың 5-тармағындағы негіздер бойынша дивиденд есептелмеген жағдайларды қоспағанда, қоғам берешегінің жиналып қалу мерзіміне қарамастан, алынбаған дивидендтердің төленуін талап етуге құқылы.
Дивидендтер оларды төлеу үшін белгіленген мерзімде төленбеген жағдайда акционерге дивидендтердің негізгі сомасы және ақша міндеттемесін немесе оның тиісті бөлігін орындау күніне уәкілетті органның қайта қаржыландырудың ресми мөлшерлемесін негізге ала отырып есептелетін өсімпұл төленеді.
7. Акционерлік қоғамның ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған коммерциялық емес ұйымдар өз акциялары бойынша дивидендтерді есептемейді және төлемейді.
Ескерту. 22-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2005.07.08. N 72(қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2007.02.19. N 230(қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2012.07.05 N 30-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 07.03.2014 N 177-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 24.11.2015 № 422-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
23-бап. Жай акциялар бойынша дивидендтер
1. Егер қоғамның жарғысында осындай төлем көзделген жағдайда, қоғамның жай акциялары бойынша тоқсан немесе жартыжылдық қорытындылары бойынша дивидендтер төлеу тек қана қоғамның тиісті кезең үшін қаржылық есептілігіне аудит жүргізілгеннен кейін және акционерлердің жалпы жиналысының шешімімен жүзеге асырылады. Жалпы жиналыстың жай акциялар бойынша тоқсан немесе жартыжылдық қорытындылары бойынша дивидендтер төлеу туралы шешімінде бір жай акцияға төленетін дивиденд мөлшері көрсетіледі.
Қоғамның жай акциялары бойынша жыл қорытындысы бойынша дивидендтер төлеу туралы шешімді акционерлердің жылдық жалпы жиналысы қабылдайды.
Қоғамның акционерлерінің жалпы жиналысы қоғамның жай акциялары бойынша дивидендтер төлемеу туралы шешім қабылдап, оны қабылдаған күнінен бастап он жұмыс күнi ішінде бұқаралық ақпарат құралдарында міндетті түрде жариялауға құқылы.
2. Қоғамның жай акциялары бойынша дивидендтер төлеу туралы шешім қабылданған күннен бастап он жұмыс күні ішінде бұл шешім бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануға тиіс. Бұл ретте жария компаниялар осы шешімді өздерінің корпоративтік веб-сайтында да жариялауға тиіс.
3. Қоғамның жай акциялары бойынша дивидендтер төлеу туралы шешімде мынадай мәліметтер:
1) қоғамның атауы, орналасқан жері, банк және өзге де реквизиттері;
2) дивидендтер төленетін кезең;
3) бір жай акцияға шаққандағы дивидендтің мөлшері;
4) дивидендтер төлеудің басталатын датасы;
5) дивидендтер төлеудің тәртібі мен нысаны болуға тиіс.
4. Дивидендтерді төлеу акционердің тиісті деректемелері туралы мәліметтер болған жағдайда, жай акциялар бойынша дивидендтерді төлеу туралы шешім қабылданған кезден бастап 90 күннен кешіктірілмей жүзеге асырылуы тиіс.
Акционердің тиісті деректемелері туралы мәліметтер болмаған жағдайда, жай акциялар бойынша дивидендтерді төлеу акционер қоғамға өтініш берген кезден бастап 90 күн ішінде жүзеге асырылуы тиіс.
Ескерту. 23-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2005.07.08. N 72(қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2007.02.19. N 230(қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2012.07.05 N 30-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.03.2016 № 479-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
24-бап. Артықшылықты акциялар бойынша дивидендтер
1. Қоғамның артықшылықты акциялары бойынша дивидендтер төлеу қоғам органының шешімін талап етпейді.
Артықшылықты бір акцияға дивидендтер төлеу кезеңділігі және дивидендтің мөлшері қоғамның жарғысымен белгіленеді. Артықшылықты акциялар бойынша есептелетін дивидендтердің мөлшері жай акциялар бойынша осы кезең үшін есептелетін дивидендтердің мөлшерінен аз болмауы керек.
Қоғамның артықшылықты акциялары бойынша дивидендтер толық төленгенге дейін оның жай акциялары бойынша дивидендтер төленбейді.
2. Артықшылықты акция бойынша дивидендтің кепілдікті мөлшері оның мәні тұрақты және жалпы қолжетімді болған жағдайда қайсыбір көрсеткішке қатысты белгіленген түрінде де, индекстеу арқылы да белгіленуі мүмкін.
3. Артықшылықты акциялар бойынша дивидендтер төлеу мерзімінің басталуы алдындағы бес жұмыс күні ішінде қоғам бұқаралық ақпарат құралдарында осы Заңның 23-бабы 3-тармағының 1), 2), 4), 5) тармақшаларында тізіп келтірілген мәліметтерді көрсете отырып, дивидендтер төлеу, сондай-ақ қоғамның бір артықшылықты акцияға шаққандағы дивиденд мөлшері туралы ақпарат жариялауға міндетті.
Ескерту. 24-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2005.07.08. N 72(қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2011.12.28 № 524 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.
25-бап. Қоғамның акцияларымен мәмілелер жасасу
1. Бағалы қағаздардың қайталама рыногында қоғамның дауыс беретін акцияларының отыз немесе одан көп пайызын дербес немесе өзінің үлестес тұлғаларымен бірлесе отырып сатып алғысы келетін не дауыс беретін акциялардың өзге санын сатып алу нәтижесінде осы тұлғаға дербес немесе өзінің үлестес тұлғаларымен бірлесе отырып қоғамның дауыс беретін акцияларының отыз немесе одан көп пайызы тиесілі болатын тұлға бұл туралы қоғамға және уәкілетті органға ол белгілеген тәртіппен хабарлама жіберуге міндетті. Хабарламада сатып алынатын акциялардың саны, болжамды сатып алу бағасы туралы мәліметтер және уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерімен белгіленген өзге де мәліметтер болуға тиіс.
2. Акционерлердің қоғам акцияларын сатуына қоғамның кедергі жасауға құқығы жоқ. Қоғамның акцияларын сатқысы келетін тұлғаға қоғамның оларды қоғамның өзінің немесе үшінші тұлғалардың ұсынылған бағадан жоғары баға бойынша сатып алуы туралы ұсыныс жасауға құқығы бар. Сатып алу туралы ұсыныста акциялардың саны, бағасы және акцияларды үшінші тұлғалар сатып алған жағдайда сатып алушылардың реквизиттері туралы мәліметтер болуға тиіс.
3. Бағалы қағаздардың қайталама рыногында қоғамның дауыс беретін акцияларының отыз және одан да көп процентін дербес немесе өзінің аффилиирленген тұлғаларымен бірлесе отырып сатып алған не дауыс беретін акциялардың өзге санын сатып алу нәтижесінде осы тұлғаға дербес немесе оның үлестес тұлғаларымен бірлесіп, қоғамның дауыс беретін акцияларының отыз немесе одан көп пайызы тиесілі болатын тұлға сатып алған күннен бастап отыз күн ішінде қалған акционерлерге қоғамның оларға тиесілі акцияларын сатуға ұсынысты бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауға міндетті. Бұл ретте жария компанияның акционерлеріне ұсыныс корпоративтік веб-сайтта жариялануға тиіс. Акционер өзіне тиесілі акцияларды сату туралы ұсыныс жарияланған күннен бастап отыз күннен аспайтын мерзімде оларды сату туралы ұсынысты қабылдауға құқылы.
Акционерлерге оларға тиесілі акцияларды сату туралы ұсыныста аттарын (атауларын), тұрғылықты жерін (орналасқан жерін), оларға тиесілі акциялардың санын қоса алғанда, қоғамның дауыс беретін акцияларының отыз және одан да көп процентін сатып алған тұлға және оның аффилиирленген тұлғалары туралы және осы Заңның 69-бабының 2-тармағына сәйкес айқындалатын, акцияларды сатып алудың ұсынылып отырған бағасы туралы деректер болуға тиіс.
Акционердің өзіне тиесілі акцияларды сату туралы жазбаша келісімін алған жағдайда сатып алу туралы ұсынысты жариялаған тұлға акцияларды отыз күн ішінде төлеуге міндетті.
Акцияларды сатып алудың осы тармақта аталған тәртібі сақталмаған жағдайда қоғамның дауыс беретін акцияларының отыз және одан да көп процентін иеленуші тұлға (тұлғалар) өзімен (өздерімен) аффилиирленбеген тұлғаларға қоғамның дауыс беретін акцияларының жиырма тоғыз процентінен асатын акцияларының оған (оларға) тиесілі бір бөлігін иеліктен шығаруға міндетті.
4. Қоғамның өзіне тиесілі акцияларды сату туралы ұсынысқа жауап ретінде өтініш берген акционері осы ұсынысты жариялаған тұлғаның акцияларды сатып алудан бас тартуына сот тәртібімен шағымдануға құқылы.
Ескерту. 25-бапқа өзгертулер енгізілді - Қазақстан Республикасының 2005.07.08. N 72(қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2007.02.19. N 230(қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2011.12.28 № 524 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.
26-бап. Орналастырылған акцияларды қоғамның
Достарыңызбен бөлісу: |