Акционерлік қоғамдар туралы


белгіленген мәмілелер жасасуының салдары



бет7/7
Дата20.06.2016
өлшемі495.5 Kb.
#148971
1   2   3   4   5   6   7

              белгіленген мәмілелер жасасуының салдары

      1. Iрi мәмiленi және мүдделiлiк болуына орай жасалатын мәмiленi жасау кезiнде осы Заңда көзделген талаптарды сақтамау, сондай-ақ Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұза отырып, өзге де мәмілелер жасау Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен және негіздерде, мүдделi тұлғалардың талап қоюы бойынша сот тәртiбiмен осы мәмiлелердi жарамсыз деп тануға әкеп соғуы мүмкін.


      2. Мәміле жасасудың осы Заңда көзделген тәртібіне қойылатын талаптарын, сондай-ақ лауазымды адамдар қызметінің қағидаттарын бұза отырып қоғаммен мәміле жасалуына мүдделі тұлға қоғам алдында өзінің қоғамға келтірген залалы мөлшерінде жауапты болады. Мәмілені бірнеше тұлға жасаған жағдайда олардың қоғам алдындағы жауапкершілігі ортақ болады.
      3. Осы Заңда және қоғамның жарғысында белгіленген талаптарды бұза отырып қасақана ірі мәміле жасаған тұлғаның, егер мұндай талап пайдакүнемдік немесе жауапкершіліктен жалтару ниетінен туса, мәмілені жарамсыз деп тануды талап етуге құқығы жоқ.
      4. Осы тараудың талаптары осы Заңда жасалуына қатысты ерекше шарттар белгіленген, ұлттық басқарушы холдингтің тобына кіретін ұйымдардың арасында "Ұлттық әл-ауқат қоры туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жасалатын мәмілелерге қолданылмайды.
       Ескерту. 74-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2009.02.13 N 135-IV(қолданысқа енгізілу тәртібін 3-баптан қараңыз), 2011.02.10 N 406-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

8-тарау. Қоғамның қаржылық есептілігі мен аудиті

      75-бап. Қоғамның қаржылық есептілігі

      1. алып тасталды.


      2. Қоғамның бухгалтерлік есебін жүргізу мен қаржылық есептілігін жасау тәртібі Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы заңнамасымен және қаржылық есептіліктің халықаралық стандарттарымен белгіленеді.
      Ескерту. 75-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 28 ақпандағы N 235(қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2012.07.05 N 30-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      76-бап. Қоғамның жылдық қаржылық есептілігі

      1. Атқарушы орган жыл сайын акционерлердiң жалпы жиналысына талқылау және бекiту үшiн аудитi Қазақстан Республикасының аудиторлық қызмет жөнiндегi заңдарына сәйкес жасалған өткен жылғы жылдық қаржылық есептiлiктi табыс етедi. Атқарушы орган қаржылық есептiлiктен басқа жалпы жиналысқа аудиторлық есептi табыс етедi.
      2. алып тасталды.
      3. Жылдық қаржылық есептілікті директорлар кеңесі акционерлердің жылдық жалпы жиналысы өтетін күнге дейін отыз күннен кешіктірмей алдын ала бекітуге тиіс.
      Қоғамның жылдық қаржылық есептілігін түпкілікті бекіту акционерлердің жылдық жалпы жиналысында жүргізіледі.
      4. Қоғам шоғырландырылған жылдық қаржылық есептiлiктi, ал еншiлес ұйымы (ұйымдары) болмаған жағдайда шоғырландырылмаған жылдық қаржылық есептiлiктi және аудиторлық есептi уәкiлеттi орган белгiлеген тәртіппен және мерзiмдерде бұқаралық ақпарат құралдарында жыл сайын жариялауға мiндеттi.
      Iрi мәмiле және (немесе) мүдделiлiк болуына орай жасалатын мәмiле туралы ақпарат қаржылық есептiлiктiң халықаралық стандарттарына сәйкес жылдық қаржылық есептiлiкке түсiндiрме жазбада жария етiледi, сондай-ақ осы Заңның 79-бабының талаптарына сәйкес акционерлер мен инвесторлардың назарына жеткізіледі. Нәтижесінде қоғам активтері мөлшерінің он және одан да көп пайызы сомасына мүлік сатып алынатын не иеліктен шығарылатын мәміле туралы ақпаратта мәміленің тараптары, мәміленің мерзімдері мен талаптары, тартылған адамдардың қатысу үлесінің сипаты мен көлемі туралы, сондай-ақ мәміле туралы өзге де мәліметтер қамтылуға тиіс.
      Ескерту. 76-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2005.07.08 N 72(қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2007.02.28 N 235(қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2009.07.11 N 185-IV(қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2011.02.10 N 406-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2012.07.05 N 30-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      77-бап.


      Ескерту. 77-бап алып тасталды - Қазақстан Республикасының 2005.07.08. N 72(қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      78-бап. Қоғамның аудиті

      1. Қоғам жылдық қаржылық есептіліктің аудит жүргізуге міндетті.
      2. Қоғамға аудит директорлар кеңесінің, атқарушы органның бастамасы бойынша қоғам есебінен не ірі акционердің талап етуі бойынша оның есебінен жүргізіледі, бұл ретте iрi акционер аудиторлық ұйымды дербес анықтауға құқылы. Iрi акционердiң талап етуi бойынша аудит жүргiзiлген жағдайда, қоғам аудиторлық ұйым сұратқан барлық қажеттi құжаттаманы (материалдарды) беруге мiндеттi.
      3. Егер қоғамның атқарушы органы қоғамға аудит жүргізуден жалтарса, аудит кез келген мүдделі тұлғаның талап-арызы бойынша сот шешімімен тағайындалуы мүмкін.
      Ескерту. 78-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2005.07.08. N 72(қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

9-тарау. Қоғамның ақпаратты жария етуі.


Қоғамның құжаттары

      79-бап. Қоғамның ақпаратты жария етуі

      1. Қоғам өзінің акционерлері мен инвесторларының назарына қоғамның мынадай корпоративтік оқиғалары:
      1) акционерлердің жалпы жиналысы қабылдаған шешімдер;
      1-1) директорлар кеңесі мәселелер тізбесі бойынша қабылдаған шешімдер, бұл мәселелер туралы ақпарат қоғамның ішкі құжаттарына сәйкес акционерлердің және инвесторлардың назарына жеткізілуге тиіс;
      2) қоғамның акциялар мен басқа да бағалы қағаздарды шығаруы және уәкілетті органның қоғамның бағалы қағаздарын орналастыру қорытындылары туралы есептерін, қоғамның бағалы қағаздарын өтеу қорытындылары туралы есептерін бекітуі, уәкілетті органның қоғамның бағалы қағаздарының күшін жоюы;

      3) қоғамның ірі мәмілелерді және жасалуына қоғам мүдделі мәмілелерді жасасуы;


      Нәтижесінде қоғам активтері мөлшерінің он және одан да көп пайызы сомасына мүлік сатып алынатын не иеліктен шығарылатын мәмілені жасасу туралы ақпарат мәміленің тараптары, сатып алынатын немесе иеліктен шығарылатын активтер, мәміленің мерзімдері мен талаптары, тартылған адамдардың қатысу үлестерінің сипаты мен көлемі туралы мәліметтерді, сондай-ақ мәміле туралы өзге де мәліметтерді қамтуы тиіс;

      3-1) осы қоғам активтерінің бес және одан да көп пайызын құрайтын сомаға қоғамның мүлкін кепілге (қайта кепілге) беруі;

      4) қоғамның өз капиталының жиырма бес және одан да көп проценті болатын мөлшерде қоғамның қарыз алуы;

      5) қызметтің қандай да бір түрлерін жүзеге асыруға қоғамның рұқсаттар алуы, қызметтің қандай да бір түрлерін жүзеге асыруға қоғамның бұрын алған рұқсаттары қолданысының тоқтатыла тұруы немесе тоқтатылуы;

      6) қоғамның заңды тұлға құруға қатысуы;

      7) қоғам мүлкіне тыйым салынуы;

      8) нәтижесінде баланстық құны қоғам активтерінің жалпы мөлшерінің он және одан да көп проценті болатын қоғам мүлкі жойылған төтенше сипаттағы мән-жайлардың туындауы;

      9) қоғамның және оның лауазымды адамдарының әкімшілік жауапқа тартылуы;

      9-1) сотта корпоративтік дау бойынша іс қозғалуы;

      10) қоғамды мәжбүрлеп қайта ұйымдастыру туралы шешімдер;

      11) қоғамның жарғысына, сондай-ақ қоғамның бағалы қағаздар шығару проспектiсiне сәйкес қоғам акционерлерiнiң және инвесторлардың мүдделерiн қозғайтын өзге де оқиғалар туралы ақпаратты жеткізуге міндетті.

      2. (алып тасталды)

      2-1. Жария компания осы баптың 1-тармағының 1), 2), 3), 4), 5), 6), 7), 9) және 9-1) тармақшаларында көрсетілген корпоративтік оқиғалар туралы ақпаратты корпоративтік веб-сайтқа орналастыруға міндетті.

      2-2. Қоғам депозитарийдiң интернет-ресурсында Қазақстан Республикасының бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк туралы заңнамасына сәйкес айқындалған қаржылық есептiлiкті, корпоративтiк оқиғалар туралы ақпаратты, қоғамның жылдық қаржылық есептiлiгiн және аудиторлық есептерді, акционерлік қоғамдардың үлестес тұлғаларының тізімін, сондай-ақ жыл қорытындылары бойынша атқарушылық орган мүшелері сыйақысының жиынтық мөлшері туралы ақпаратты уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiсiнде белгiленген тәртiппен және мерзiмдерде орналастыруды қамтамасыз етедi.


      Бағалы қағаздары қор биржасының тізіміне енгізілген қоғам осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген ақпаратқа толықтыру ретінде Қазақстан Республикасының бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк туралы заңнамасына сәйкес айқындалған қаржылық есептілік депозитарийінің интернет-ресурсында тоқсан сайынғы қаржылық есептілікті орналастыруды қамтамасыз етеді және қор биржасының интернет-ресурсында жариялау үшін барлық корпоративтік оқиғалар туралы ақпаратты және тоқсан сайынғы қаржылық есептілікті қор биржасына оның ішкі құжаттарында белгіленген тәртіппен ұсынады.
      Қоғам қор биржасының ішкі құжаттарында айқындалатын тәртіппен корпоративтік веб-сайтта ірі акционерлер туралы ақпаратты, сондай-ақ қоғамның басқару органының басқа заңды тұлғада басшы лауазымды немесе өзге де негізгі қызметті қоса атқаратын мүшелерінің басқа заңды тұлғадағы өкілеттіктері мен міндеттері туралы ақпаратты көрсете отырып, олар туралы мәліметтерді орналастыруға міндетті.

      3. Корпоративтік оқиғалар туралы ақпарат беру осы Заңға және қоғамның жарғысына сәйкес жүзеге асырылады.


      Егер осы Заңда және Қазақстан Республикасының басқа да заңдарында ақпаратты жариялау (акционерлердің назарына жеткізу) мерзімдері көзделмесе, осы ақпарат пайда болған күнінен бастап үш жұмыс күні ішінде жарияланады (акционерлердің назарына жеткізіледі).
      Акционерлерге сотта корпоративтiк дау бойынша iс қозғалғаны туралы ақпарат соттың корпоративтiк дау жөнiндегi азаматтық iс бойынша тиiстi хабарламасын (шақыруын) қоғам алған күннен бастап жетi жұмыс күнi iшiнде берiлуге тиiс.
      Қоғам қызметтiк немесе коммерциялық құпияны құрайтын ақпаратты иеленуші қоғам қызметкерлерiнiң тiзiмiн мiндеттi түрде жүргiзудi қамтамасыз етедi.
      4. Қоғам директорлар кеңесі қабылдаған шешімдер бойынша мәселелер тізбесін белгілейтін ішкі құжатты әзірлеуге және қоғамның басқару органы оны бекітуге міндетті, бұлар туралы ақпарат акционерлер мен инвесторлар назарына жеткізілуге тиіс.
      Ескерту. 79-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2005.07.08 N 72(қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2007.02.19 N 230(қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2008.07.05 N 58-IV(қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2011.02.10 N 406-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2011.12.28 № 524 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); 16.05.2014 № 203-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 22.04.2015 № 308-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 24.11.2015 № 422-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 29.03.2016 № 479-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      80-бап. Қоғамның құжаттары



      1. Қоғамның өз қызметіне қатысты құжаттарды қоғам өзі қызмет еткен бүкіл мерзім ішінде қоғамның атқарушы органы орналасқан жерде немесе оның жарғысында белгіленген өзге де жерде сақтауға тиіс.
      Мына құжаттар:
      1) қоғамның жарғысы, қоғам жарғысына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар;
      2) құрылтай жиналысының хаттамалары;
      3) құрылтай шарты (жалғыз құрылтайшының шешімі), құрылтай шартына (жалғыз құрылтайшының шешіміне) енгізілген өзгерістер мен толықтырулар;
      4) алынып тасталды - ҚР 2012.12.24 N 60-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен;
      5) алынып тасталды - ҚР 2010.03.19 № 258-IV Заңымен;
      6) қоғамның белгілі бір қызмет түрлерімен айналысуына және (немесе) белгілі бір әрекеттер (операциялар) жасауына рұқсаттар;
      7) қоғамның өз балансында тұратын (тұрған) мүлікке құқығын растайтын құжаттар;
      8) қоғамның бағалы қағаздарын шығару проспектілері;
      9) қоғамның бағалы қағаздар шығаруын мемлекеттік тіркеуді, бағалы қағаздардың күшін жоюды растайтын құжаттар, сондай-ақ қоғамның бағалы қағаздарын орналастыру мен өтеу қорытындылары туралы уәкілетті органға табыс еткен есептерін бекіту;
      10) қоғамның филиалдары мен өкілдіктері туралы ереже;
      11) акционерлердің жалпы жиналыстарының хаттамалары, дауыс беру қорытындылары туралы хаттамалар мен бюллетеньдер (оның ішінде жарамсыз деп танылған бюллетеньдер), акционерлердің жалпы жиналыстарының күн тәртібіндегі мәселелер жөніндегі материалдар;
      12) акционерлердің жалпы жиналысын өткізу үшін табыс етілген акционерлер тізімі;
      13) директорлар кеңесі отырыстарының (сырттай өткізілген отырыстар шешімдерінің) хаттамалары мен бюллетеньдер (оның ішінде жарамсыз деп танылған бюллетеньдер), директорлар кеңесінің күн тәртібіндегі мәселелер жөніндегі материалдар;
      14) атқарушы орган отырыстарының (шешімдерінің) хаттамалары;
      15) бар болған жағдайда, корпоративтік басқару кодексі сақталуға тиіс.
      2. Өзге құжаттар, оның ішінде қоғамның қаржылық есептілігі Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес белгіленген мерзім ішінде сақталады.
      3. Акционердің талап етуі бойынша қоғам оған осы Заңда көзделген құжаттардың көшірмесін қоғамның жарғысында белгіленген тәртіппен, бірақ қоғамға осындай талап келіп түскен күннен бастап он күнтізбелік күннен кешіктірмей беруге міндетті, бұл орайда қызметтік, коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпия болып табылатын ақпаратты беруге шектеулер енгізуге жол беріледі.
      Құжаттардың көшірмелерін беру үшін төленетін ақы мөлшерін қоғам белгілейді және ол құжаттардың көшірмелерін дайындауға жұмсалған шығыстар құны мен құжаттарды акционерге жеткізіп беруге байланысты шығыстарды төлеу ақысынан аспауы керек.
      Қоғамның қызметтік, коммерциялық немесе өзге де заңмен қорғалатын құпияны құрайтын ақпарат қамтылған бағалы қағаздарын шығару, орналастыру, айналысқа шығару және айырбастаудың жекелеген мәселелерін регламенттейтін құжаттар оның талабы бойынша танысу үшін акционерге берілуге тиіс.Z030000461 
      Ескерту. 80-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2007.02.19 N 230 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2010.03.19 № 258-IV, 2011.02.10 N 406-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2012.12.24 N 60-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 16.05.2014 № 203-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

10-тарау. Қоғамды қайта ұйымдастыру және тарату

      81-бап. Қоғамды қайта ұйымдастыру

      1. Қоғамды қайта ұйымдастыру (біріктіру, біріктіру, бөлу, бөлініп шығу, қайта құру) Қазақстан Республикасының заң актілерінде белгіленген ерекшеліктер ескеріле отырып, Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне сәйкес жүзеге асырылады.


      2. Қоғам бөліну немесе бөлініп шығу арқылы қайта ұйымдастырылған кезде қайта ұйымдастырылатын қоғамның кредиторлары осы қоғам борышкер болып табылатын міндеттеменің мерзімінен бұрын тоқтатылуын және залалдардың өтелуін талап етуге құқылы.
      3. Егер қоғам қайта ұйымдастырылған жағдайда өз қызметін тоқтатса, оның акциялары шығарылымының Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен күші жойылуға тиіс.
      Ескерту. 81-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2005.07.08. N 72(қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      82-бап. Қоғамдардың бірігуі

      1. Екi немесе бiрнеше қоғамның өз қызметiн тоқтатып, бiрiгу туралы шарттың негiзiнде және өткiзу актiлерiне сәйкес өзiнiң бүкiл мүлкiн, құқықтарын және мiндеттерiн беру арқылы жаңа қоғамның пайда болуы қоғамдардың бiрiгуi деп танылады.

      2. Қоғамдарды бiрiктіру жолымен құрылатын қоғамның жарғылық капиталы қайта ұйымдастырылатын бір қоғамның инвестициялары қайта ұйымдастырылатын басқа қоғамға шегеріле отырып, қайта ұйымдастырылатын қоғамдардың өз капиталдарының сомасына тең болады.

      3. Құрылған қоғамның акциялары қайта ұйымдастырылатын қоғамдардың акционерлерi арасында мынадай тәртiппен орналастырылады:

      1) құрылған қоғамның әрбiр қайта ұйымдастырылатын қоғам акционерлерi арасында орналастырылатын жарияланған акцияларының саны сол қоғамдардың өз капиталдарының арақатынасына сүйене отырып айқындалады;

      2) әрбiр қайта ұйымдастырылатын қоғамның акционерлерi арасында бөлiнетiн, осы тармақтың 1) тармақшасына сәйкес айқындалатын акциялар саны әрбiр қайта ұйымдастырылатын қоғамның акционерлерi арасында олардың қолында болған қайта ұйымдастырылатын қоғам акциялары санының осы қоғамның орналастырылған (сатып алынғандарын шегере отырып) акциялары санына арақатынасына барабар мөлшерде орналастырылады.

      3-1. Негізгі ұйым мен орналастырылған акцияларының жүз пайызын негізгі ұйым иеленетін еншілес ұйым біріккен жағдайда, құрылған қоғамның акциялары негізгі ұйым акционерлері арасында орналастырылады.

      4. Қайта ұйымдастырылатын әрбiр қоғамның директорлар кеңесi бiрiгу нысанында қайта ұйымдастыру туралы, бiрiгу нәтижесiнде құрылатын қоғамның акциялар шығарылымын мемлекеттiк тiркеу және оларды орналастыру тәртiбi туралы мәселенi акционерлердiң жалпы жиналысының қарауына ұсынады.

      5. Бiрiгу туралы шешiм қайта ұйымдастырылатын қоғамдар акционерлерiнiң бiрлескен жалпы жиналысында әрбiр жеке қоғам акционерлерiнiң айқын басым көпшiлiк даусымен қабылданады. Акционерлердiң жалпы жиналысының осы шешiмiнде:

      1) қайта ұйымдастырылатын қоғамдардың әрқайсысының атауы, орналасқан жерi, акцияларды орналастыру тәртiбi туралы мәлiметтер және бiрiгудiң өзге де талаптары көрсетiлетiн бiрiгу туралы шартты бекiту туралы ереже;

      2) бiрiгу нәтижесiнде құрылатын қоғамның акциялар шығарылымын мемлекеттiк тiркеу туралы ереже болуға тиiс.

      6. Бiрiгу туралы шартқа қайта ұйымдастырылатын қоғамдардың барлық акционерлерi қол қоюға тиiс.
      Өткiзу актiсiне атқарушы органдардың басшылары мен қайта ұйымдастырылатын қоғамдардың бас бухгалтерлерi қол қояды және қоғамдардың мөрлерiмен (олар болған кезде) куәландырылады.

      7. Қайта ұйымдастырылатын қоғамдар өздерiнiң барлық кредиторларына қайта ұйымдастыру туралы жазбаша хабарламалар жiберуге және бұқаралық ақпарат құралдарында тиiстi хабарландыру беруге мiндеттi. Хабарламаға өткiзу актiсi қоса тiркеледi.


      Ескерту. 82-бап жаңа редакцияда - ҚР 2005.07.08 N 72 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.12.28 № 524 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      83-бап. Қоғамның біріктірілуі

      1. Біріктірілетін қоғамның біріктіру туралы шарттың негізiнде және өткiзу актiсiне сәйкес бүкiл мүлкiн, құқықтары мен мiндеттерiн басқа қоғамға бере отырып, өз қызметiн тоқтатуы қоғамның басқа қоғамға біріктірілуі деп танылады.
      Қосылу жүзеге асырылатын қоғам қосылатын қоғам акциялары сату бағасының қосылу жүзеге асырылатын қоғам акцияларының осы баптың 2-тармағына сәйкес айқындалатын орналастыру (өткiзу) бағасына арақатынасына барабар өз акцияларын қосылатын қоғамның акционерлерiне орналастыру (өткiзу) арқылы оның акцияларын сатып алады.
      Біріктірілетін қоғамның барлық акциялары сатып алынғаннан кейiн аталған акциялар жойылады, ал біріктірілетін қоғамның мүлкi, құқықтары мен мiндеттерi атқарушы орган басшылары мен қайта ұйымдастырылатын қоғамдардың бас бухгалтерлерi қол қойған және қоғамдардың мөрлерiмен (олар болған кезде) куәландырылған өткiзу актiсiне сәйкес біріктірілу жүзеге асырылатын қоғамға берiледi.

      2. Біріктірілетін қоғам акцияларын сату бағасы біріктірілетін қоғамның өз капиталының оның орналастырылған (қоғамның сатып алғандарын қоспағанда) акцияларға арақатынасына қарай айқындалады.


      Біріктіру жүзеге асырылатын қоғам акцияларын орналастыру (өткiзу) бағасы біріктіру жүзеге асырылатын қоғамның өз капиталының оның орналастырылған (қоғамның сатып алғандарын қоспағанда) акцияларының санына арақатынасына сүйене отырып айқындалады.

      3. Біріктірілетін қоғамның директорлар кеңесi біріктіру нысанында қайта ұйымдастыру туралы, біріктірілетін қоғамның акцияларын сату тәртiбi, мерзiмi және бағасы туралы мәселенi акционерлердiң жалпы жиналысының қарауына шығарады.


      Біріктіру жүзеге асырылатын қоғамның директорлар кеңесi өзiне басқа қоғамды біріктіру нысанында қоғамды қайта ұйымдастыру туралы, акцияларды орналастыру (өткiзу) тәртiбi, мерзiмi және бағасы туралы мәселенi акционерлердiң жалпы жиналысының шешуiне енгiзедi.

      4. Біріктіру туралы шешім өзіне біріктіру жүзеге асырылатын қоғам мен біріктірілетін қоғам акционерлерінің бірлескен жалпы жиналысында әрбір жеке қоғамның дауыс беретін акцияларының жалпы санының айқын басым көпшілігімен қабылданады.


      Акционерлердің бірлескен жалпы жиналысының біріктіру туралы шешімінде біріктіруге қатысатын қоғамдардың әрқайсысының атауы, орналасқан жері, біріктірілетін қоғамның акцияларын сату бағасы, өзіне біріктіру жүзеге асырылатын қоғамның акцияларын орналастыру (өткізу) бағасы туралы мәліметтер, біріктірудің өзге де шарттары мен тәртібі қамтылуға тиіс.
      Біріктіру туралы шартқа қайта ұйымдастырылатын қоғамдардың атқарушы органдарының басшылары қол қоюға тиіс.

      5. Біріктірілетін қоғам, сондай-ақ біріктіру жүзеге асырылатын қоғам өзiнiң барлық кредиторларына біріктіру нысанында қайта ұйымдастыру туралы жазбаша хабарлама жiберуге және бұқаралық ақпарат құралдарында тиiстi хабарландыру беруге мiндеттi. Хабарламаға өткiзу актiсi, сондай-ақ біріктіру жүзеге асырылатын қоғамның атауы мен орналасқан жерi туралы мәлiмет қоса тiркеледi.


      Кредиторларға тапсыру актісін қоса бере отырып, жазбаша хабарламалар жіберу туралы талап «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес олардың біреуіне қатысты қайта құрылымдау жүргізілген банктерді біріктіру нысанындағы қайта ұйымдастыру жағдайларына қолданылмайды. Олардың біреуіне қатысты қайта құрылымдау жүргізілген банктерді біріктіру нысанындағы қайта ұйымдастыру туралы ақпарат тапсыру актісімен кредиторларды таныстыру уақытын, орнын және тәртібін көрсете отырып, бұқаралық ақпарат құралдарында және қайта ұйымдастырылатын банктердің корпоративтік веб-сайтында жариялануға тиіс.
      6. Егер қайта ұйымдастырылатын банктердің біреуі өзіне қатысты «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес қайта құрылымдау жүргізілген банк болып табылатын болса, банктерді біріктіру нысанында ерікті түрде қайта ұйымдастыру кезінде осы баптың біріктірілетін қоғамның акцияларын сату бағасына және оған біріктіру жүзеге асырылатын қоғамның акцияларын орналастыру (өткізу) бағасына қатысты ережелері (оның ішінде қоғам органдарының осы бағаларды айқындауы, қарауы және бекітуі жөніндегі ережелер) қолданылмайды.
      Ескерту. 83-бап жаңа редакцияда - ҚР 2005.07.08. N 72 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); өзгеріс енгізілді - ҚР 19.03.2014 N 179-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      84-бап. Қоғамның бөлінуі

      1. Қоғамның жаңадан пайда болатын қоғамдарға өзiнiң бүкiл мүлкiн, құқықтары мен мiндеттерiн бере отырып, өз қызметiн тоқтатуы қоғамның бөлiнуi деп танылады. Бұл орайда бөлiнетiн қоғамның құқықтары мен мiндеттерi бөлiну балансына сәйкес жаңадан пайда болатын қоғамдарға ауысады.
      Қоғамның бөлiнуi нәтижесiнде пайда болған акционерлiк қоғамдардың жарғылық капиталдарының сомасы қайта ұйымдастырылатын қоғамның өз капиталының мөлшерiне тең болады.

      2. Қайта ұйымдастырылған акционерлiк қоғамның барлық акционерлерi қоғамның бөлiнуi нәтижесiнде пайда болған қоғамдардың әрқайсысының акционерлерi болып табылады.


      Қоғамдардың бөлiнуi нәтижесiнде пайда болған акциялар осы қоғамдардың акционерлерi арасында қайта ұйымдастырылатын қоғамның акционерлерге тиесiлi акциялары санының қайта ұйымдастырылатын қоғамның орналастырылған (сатып алынғандарын шегере отырып) акциялары санына арақатынасына барабар мөлшерде орналастырылады.

      3. Қайта ұйымдастырылатын қоғамның директорлар кеңесi қоғамның бөлiнiп шығуы нысанында қайта ұйымдастырылуы, бөлiнiп шығу тәртiбi мен талаптары және бөлiну балансын бекiту туралы мәселелердi акционерлердiң жалпы жиналысының қарауына енгізедi.

      4. Қайта ұйымдастырылатын қоғам акционерлерiнiң жалпы жиналысы бөлiну нысанында қайта ұйымдастыру, бөлiну тәртiбi мен талаптары туралы, бөлiну балансын бекiту туралы шешiм қабылдайды.

      5. Акционерлердiң жалпы жиналысы бөлiну туралы шешiм қабылдаған күннен бастап екi ай мерзiмде қоғам өзiнiң барлық кредиторына бөлiну туралы жазбаша хабарлама жiберуге және бұқаралық ақпарат құралдарында тиiстi хабарландыру беруге мiндеттi. Хабарламаға бөлiну балансы қоса тіркеледi.


      Ескерту. 84-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2005.07.08. N 72 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      85-бап. Қоғамның бөлініп шығуы

      1. Қайта ұйымдастырылатын қоғамның қызметiн тоқтатпай, мүлкiнiң, құқықтары мен мiндеттерiнiң бiр бөлiгiн бөлiну балансына сәйкес бiр немесе бiрнеше қоғамға бере отырып, оларды құруы қоғамның бөлiнiп шығуы деп танылады.
      Бөлiнiп шығу кезiнде қайта ұйымдастырылатын қоғамның жарғылық капиталы кемiмеуге тиiс.
      Қайта ұйымдастырылатын қоғам бөлiнiп шыққан қоғамдарды әдiлет органдарында тiркеу жөнiндегі iс-шараларды жүзеге асырады.

      2. Қайта ұйымдастырылатын қоғам бөлiнiп шыққан қоғамның жалғыз құрылтайшысы болып табылады.


      Бөлiнiп шыққан қоғамның жарғылық капиталының мөлшерi қайта ұйымдастырылатын қоғам бөлiну балансына сәйкес оған берген активтер мен мiндеттемелердiң арасындағы айырмаға тең болады және ол осы Заңның 11-бабында белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

      3. алып тасталды - ҚР 2011.12.28 № 524 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

      4. Қайта ұйымдастырылатын қоғамның директорлар кеңесi қоғамның бөлiніп шығуы нысанында қайта ұйымдастырылуы, бөлiнiп шыққан қоғамның акцияларын орналастыру (өткiзу) бағасы, бөлiнiп шығу тәртiбi мен талаптары туралы мәселелердi, сондай-ақ бөліну балансының жобасын акционерлердiң жалпы жиналысының қарауына енгізеді.

      5. Қайта ұйымдастырылатын қоғам акционерлерінің жалпы жиналысы бөлiнiп шығу нысанында қайта ұйымдастыру, бөлініп шыққан қоғамның акцияларын орналастыру (өткізу) бағасы, бөлініп шығу тәртібі мен талаптары туралы және бөлiну балансын бекiту туралы шешiм қабылдайды.

      6. Акционерлердiң жалпы жиналысы бөлiнiп шығу туралы шешiм қабылдаған күннен бастап екi ай мерзiмде қоғам өзiнiң барлық кредиторына бөлiнiп шығу нысанында қайта ұйымдастыру туралы жазбаша хабарлама жiберуге және бұқаралық ақпарат құралдарында тиiстi хабарландыру беруге мiндеттi. Хабарламаға бөлiну балансы, сондай-ақ бөлiнiп шыққан әрбiр қоғамның атауы, орналасқан жерi туралы мәлiметтер қоса тiркеледі.
      Ескерту. 85-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2005.07.08. N 72 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз),  өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.12.28 № 524 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

      86-бап. Қоғамды қайта құру

      1. Қоғам (акционерлiк қоғамның ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған коммерциялық емес ұйымды қоспағанда) шаруашылық серiктестiгi немесе өндiрiстiк кооператив болып қайта құрылуға құқылы, қайта құрылатын қоғамның барлық құқықтары мен мiндеттерi өткiзу актiсiне сәйкес оған ауысады.
      Қоғам «Назарбаев Университеті», «Назарбаев Зияткерлік мектептері» және «Назарбаев Қоры» мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес дербес білім беру ұйымы болып, сондай-ақ «Инновациялық технологиялар паркі» инновациялық кластері туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес дербес кластерлік қор болып қайта құрылуға құқылы.
      2. Қайта құрылатын қоғамның директорлар кеңесі қоғамның қайта құрылуы, қайта құруды жүзеге асырудың тәртібі мен талаптары, шаруашылық серiктестiгіне қатысушылардың қатысу үлестерiн немесе өндiрiстiк кооператив мүшелерiнiң пайларын айқындау тәртібі туралы мәселені акционерлердің жалпы жиналысының қарауына енгізеді. Шаруашылық серiктестiгiне қатысушының қатысу үлесi немесе өндiрiстiк кооператив мүшесiнiң пайы осы қатысушының қайта құрылатын қоғамда ие болған қоғам акциялары санының қоғамның орналастырылған (сатып алынғандарды қоспағанда) акцияларының жалпы санына арақатынасына барабар айқындалады.
      Шаруашылық серіктестігінің немесе өндірістік кооперативтің жарғылық капиталының мөлшері қайта ұйымдастырылатын қоғам өткізу актісіне сәйкес оған берген активтер мен мiндеттемелердiң арасындағы айырмаға тең болады және Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

      3. Қайта құрылатын қоғам акционерлерінің жалпы жиналысы қоғамның қайта құрылуы, қайта құруды жүзеге асырудың тәртібі мен талаптары, шаруашылық серiктестiгiне қатысушылардың қатысу үлестерiн немесе өндiрiстiк кооператив мүшелерiнiң пайларын айқындау тәртібі туралы шешім қабылдайды және өткізу актісін бекітеді.

      4. Қайта құру кезінде құрылатын жаңа заңды тұлғаның қатысушылары өздерінің бірлескен отырысында Қазақстан Республикасының  заң актілеріне сәйкес оның құрылтай құжаттарын бекіту және органдарын сайлау туралы шешім қабылдайды.

      5. Акциялар шығарылымының күші жойылған күні қоғамның тіркеушісі жасаған акционерлер тізіміне енгізілген тұлғалар акционерлік қоғамнан қайта құрылған жаңа заңды тұлғаның қатысушылары болады.


      Ескерту. 86-бапқа өзгертулер енгізілді - ҚР 2005.07.08 N 72(қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2007.02.19 N 230(қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан қараңыз), 2011.01.19 N 395-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi), 2011.12.28 № 524 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); 10.06.2014 № 208-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      87-бап. Қоғамды мәжбүрлеп қайта ұйымдастыру туралы


              сот шешімін орындамаудың салдары

      1. Егер қоғамның сот шешімі бойынша бөліну немесе бөлініп шығу нысанында мәжбүрлеп қайта ұйымдастыруды жүргізуге уәкілетті органдары қайта ұйымдастыруды осындай шешімде белгіленген мерзімде жүзеге асырмаса, сот біліктілік талаптарына сай келетін сенімгер басқарушы тағайындайды және оған бөліну немесе бөлініп шығу нысанында қайта ұйымдастыруды жүзеге асыруды тапсырады.


      2. Сенімгер басқарушы тағайындалған кезден бастап оған директорлар кеңесі мен акционерлердің жалпы жиналысының осы Заңның 84 және 85-баптарында көзделген қайта ұйымдастыру талаптарын айқындау жөніндегі өкілеттіктері ауысады.
      3. Қоғам атынан әрекет жасайтын сенімгер басқарушы бөліну балансын жасайды және оны бөліну немесе бөлініп шығу нәтижесінде құрылған қоғамдардың жалпы жиналысында бекітілген құрылтай құжаттарымен бірге соттың қарауына береді. Қайта ұйымдастыру нәтижесінде құрылған қоғамдарды мемлекеттік тіркеу сот шешімі негізінде жүзеге асырылады.

      88-бап. Қоғамды тарату

      1. Қоғамды ерікті түрде тарату туралы шешім Қазақстан Республикасының заң актілеріне сәйкес кредиторлармен келісімдер бойынша және олардың бақылауымен тарату рәсімін белгілейтін акционерлердің жалпы жиналысында қабылданады.

      2. Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделген жағдайларда қоғамды мәжбүрлеп таратуды сот жүзеге асырады.


      Егер Қазақстан Республикасының заң актілерінде өзгеше көзделмесе, қоғамды тарату туралы талапты мүдделі тұлғалар сотқа ұсынуы мүмкін.

      3. Соттың немесе жалпы жиналыстың қоғамды тарату туралы шешімімен тарату комиссиясы тағайындалады.


      Тарату комиссиясы қоғамның таратылуы кезеңінде оны басқару және тізбесі Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген іс-әрекет жасау жөніндегі өкілеттіктерге ие болады.
      Ерiктi тарату кезiнде тарату комиссиясының құрамына қоғам кредиторларының өкілдері, ірі акционерлердің өкілдері, сондай-ақ акционерлердің жалпы жиналысының шешіміне сәйкес өзге де адамдар енгізілуге тиіс.

      4. Қоғамды тарату рәсімі және оның кредиторларының талаптарын қанағаттандыру тәртібі Қазақстан Республикасының заңдарымен реттеледі.

      5. Қоғамды тарату кезінде оның жарияланған, оның ішінде орналастырылған акциялары Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен жойылуға жатады.
      Ескерту. 88-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2005.07.08. N 72 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      89-бап. Таратылатын қоғамның мүлкін акционерлер


              арасында бөлу

      1. Таратылатын қоғамның кредиторлардың талаптары қанағаттандырылғаннан кейін қалған мүлкін акционерлер арасында бөлуді тарату комиссиясы мынадай кезектілікпен жүзеге асырады:

      1) бірінші кезекте - осы Заңға сәйкес сатып алынуға тиіс болатын акциялар бойынша төлемдер;

      2) екінші кезекте - артықшылықты акциялар бойынша есептелген және төленбеген дивидендтерді төлеу;

      3) үшінші кезекте - жай акциялар бойынша есептелген және төленбеген дивидендтерді төлеу.
      4) (алып тасталды)
      5) (алып тасталды)

      2. Әрбір кезектің талаптары алдыңғы кезектің талаптары толық қанағаттандырылғаннан кейін қанағаттандырылады.


      Егер таратылатын қоғамның мүлкі есептелген, бірақ төленбеген дивидендтерді төлеуге және артықшылықты акциялардың құнын өтеуге жеткіліксіз болса, аталған мүлік, осы Заңның 13-бабы 2-тармағының талаптары ескерiле отырып, түгелдей осы санаттағы акционерлер арасында оларға тиесілі акциялардың санына қарай бөлінеді.
      Ескерту. 89-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2005.07.08. N 72 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

11-тарау. Қорытынды және өтпелі ережелер

      90-бап. Өтпелі ережелер

      1. Осы Заң қолданысқа енгiзiлгенге дейiн құрылған қоғамдар осы Заң қолданысқа енгiзiлген күннен бастап үш жыл iшiнде өздерiнiң құрылтай құжаттарына тиiстi өзгерiстер енгiзуге және қоғамның жарғылық капиталының мөлшерiн осы Заң қолданысқа енгiзiлген күнге тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгiленген айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiн негiзге ала отырып, осы Заңның 10-бабына сәйкес келтiруге не қоғамды қайта ұйымдастыруға немесе оны таратуға мiндеттi.

      2. Қоғам осы баптың 1-тармағында белгiленген талаптарды орындамаған жағдайда, уәкiлеттi орган оны мәжбүрлеп тарату не оны қайта құру нысанында қайта ұйымдастыру туралы сотқа өтiнiш беруге құқылы.

      3. Осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін акциялар ұстаушылардың тізілімін жасауды, жүргізуді және сақтауды дербес жүзеге асырған қоғам осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап үш айдың ішінде қоғамның тіркеушісін сайлау туралы шешім қабылдап, оған қоғамның акцияларын ұстаушылардың тiзiлiмдер жүйесін құрайтын құжаттарды беруге міндетті.


      Ескерту. 90-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2005.07.08. N 72 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      91-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі

      1. Осы Заң оның ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
      2. "Акционерлік қоғамдар туралы" 1998 жылғы 10 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1998 ж., N 17-18, 223-құжат; 1999 ж., N 20, 727-құжат; N 24, 1072-құжат; 2001 ж., N 23, 321-құжат; 2002 ж., N 10, 102-құжат) күші жойылды деп танылсын.

      Қазақстан Республикасының


      Президенті


© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" ШЖҚ РМК

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет