принциптері
1. Қоғамның лауазымды адамдары:
1) өздеріне жүктелген міндеттерді адал орындайды және қоғам мен акционерлердің мүдделерін мейлінше жоғары дәрежеде көрсететін әдістерді пайдаланады;
2) қоғамның мүлкін пайдаланбауға тиіс әрі оны қоғам жарғысына және акционерлердің жалпы жиналысы мен директорлар кеңесінің шешімдеріне қайшы пайдалануға, сондай-ақ оны өз мақсаттарына пайдалануға жол бермеуге және өздерінің аффилиирленген тұлғаларымен мәмілелер жасаған кезде асыра пайдаланбауға тиіс;
3) тәуелсіз аудит жүргізуді қоса алғанда, бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік жүйесінің тұтастығын қамтамасыз етуге міндетті;
4) қоғамның қызметі туралы ақпараттың Қазақстан Республикасы заңдарының талаптарына сәйкес ашылуы мен берілуін бақылайды;
5) егер қоғамның ішкі құжаттарында өзгеше белгіленбесе, қоғамның қызметі туралы ақпараттың құпиялылығын, оның ішінде қоғамдағы жұмыс тоқтатылған сәттен бастап үш жылдың ішінде сақтауға міндетті.
2. Қоғамның директорлар кеңесінің мүшелері:
1) хабардарлық, ашықтық негізінде, қоғамның және оның акционерлерінің мүдделері үшін Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына, қоғамның жарғысы мен ішкі құжаттарына сәйкес әрекет етуге;
2) барлық акционерлерге әділ қарауға, корпоративтік мәселелер бойынша объективті түрде тәуелсіз ой-пікір білдіруге тиіс.
Ескерту. 62-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2007.02.19 N 230(қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2011.02.10 N 406-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2012.02.01 N 551-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
63-бап. Қоғамның лауазымды адамдарының
жауапкершілігі
1. Қоғамның лауазымды адамдары өздерінің іс-әрекеттерінен және (немесе) әрекетсіздігінен келтірілген зиян үшін және қоғамға келтірілген залалдар үшін:
1) қателесуге әкеп соқтыратын ақпарат немесе көрінеу жалған ақпарат беру;
2) осы Заңда белгіленген ақпарат беру тәртібін бұзу;
3) олардың жосықсыз іс-әрекеттері және (немесе) әрекетсіздігі нәтижесінде, оның ішінде олардың не олардың аффилиирленген тұлғаларының қоғаммен осындай мәмілелер жасасу нәтижесінде пайда (табыс) табу мақсатында, қоғамға зиян келтіруге әкеп соқтырған ірі мәмілелерді және (немесе) мүдделілік болуына орай жасалатын мәмілелерді жасасуды ұсыну және (немесе) жасасу туралы шешім қабылдау нәтижесінде келтірілген залалдарды қоса алғанда, бірақ олармен шектелмей қоғам мен акционерлер алдында Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.
Осы Заңда және (немесе) қоғамның жарғысында көзделген жағдайларда, акционерлердің жалпы жиналысының ірі мәмілелерді және (немесе) мүдделілік болуына орай жасалатын мәмілелерді жасасу туралы шешімдер қабылдауы, егер оларды орындау нәтижесінде қоғамға залал келтірілсе, оларды жасасуды ұсынған лауазымды адамды немесе өзі мүше болып табылатын қоғам органының отырысында, оның ішінде олар не олардың аффилиирленген тұлғалары пайда (табыс) табу мақсатында жосықсыз әрекет еткен және (немесе) әрекет етпеген лауазымды адамды жауаптылықтан босатпайды.
2. Акционерлердің жалпы жиналысының шешімі негізінде қоғам немесе қоғамның дауыс беретін акцияларының бес және одан да көп пайызын иеленетін (жинақтап алғанда иеленетін) акционер (акционерлер) өз атынан лауазымды адамға оның қоғамға келтірген зиянды не залалдарды қоғамға өтеуі туралы, сондай-ақ, егер лауазымды адам жосықсыз әрекет еткен және (немесе) әрекет етпеген болса, қоғамға залал келтіруге әкеп соқтырған ірі мәмілелер және (немесе) мүдделілік болуына орай жасалатын мәмілелер жасасу туралы шешімдер (жасасуға ұсыныстар) қабылдау нәтижесінде алынған пайданы (табысты) лауазымды адамның және (немесе) оның аффилиирленген тұлғаларының қоғамға қайтаруы туралы талап-арызбен сотқа жүгінуге құқылы.
Акционерлердің жалпы жиналысы шешімінің негізінде қоғам немесе қоғамның дауыс беретін акцияларының бес және одан да көп пайызын иеленетін (жинақтап алғанда иеленетін) акционер (акционерлер) өз атынан, қоғамның лауазымды адамына және (немесе) үшінші тұлғаға, егер осындай мәмілені жасасу және (немесе) жүзеге асыру кезінде қоғамның осы лауазымды адамы осындай үшінші тұлғамен келісім негізінде Қазақстан Республикасы заңнамасының, қоғамның жарғысы мен ішкі құжаттарының талаптарын немесе оның еңбек шартын бұза отырып әрекет етсе, қоғамның осы үшінші тұлғамен жасаған мәмілесі нәтижесінде қоғамға келтірілген залалдарды қоғамға өтеуі туралы талап-арызбен сотқа жүгінуге құқылы. Бұл жағдайда аталған үшінші тұлға және қоғамның лауазымды адамы қоғамға осындай залалдарды өтеу кезінде ынтымақты борышкерлер ретінде әрекет етеді.
Қоғамның дауыс беретін акцияларының бес және одан да көп пайызын иеленетін (жинақтап алғанда иеленетін) акционер (акционерлер) сот органдарына өтініш жасағанға дейін қоғамның лауазымды адамдарының келтірген залалдарды қоғамға өтеуі және ірі мәмілелер және (немесе) мүдделілік болуына орай жасалатын мәмілелер жасасу туралы шешімдер (жасасуға ұсыныстар) қабылдау нәтижесінде алынған пайданы (табысты) қоғамның лауазымды адамдарының және (немесе) олардың аффилиирленген тұлғаларының қоғамға қайтаруы туралы мәселені директорлар кеңесінің отырысына шығару туралы талаппен қоғамның директорлар кеңесінің төрағасына жүгінуге тиіс.
Директорлар кеңесінің төрағасы осы тармақтың үшінші бөлігінде көрсетілген өтініш келіп түскен күннен бастап күнтізбелік он күннен кешіктірілмейтін мерзімде директорлар кеңесінің көзбе-көз отырысын шақыруға міндетті.
Қоғамның дауыс беретін акцияларының бес және одан да көп пайызын иеленетін (жинақтап алғанда иеленетін) акционердің (акционерлердің) өтініші бойынша директорлар кеңесінің шешімі отырыс өткізілген күннен бастап күнтізбелік үш күн ішінде оның (олардың) назарына жеткізіледі. Директорлар кеңесінің көрсетілген шешімін алғаннан кейін не оны осы тармақта белгіленген мерзімде алмаса, қоғамның дауыс беретін акцияларының бес және одан да көп пайызын иеленетін (жинақтап алғанда иеленетін) акционер (акционерлер) өз атынан аталған мәселе бойынша директорлар кеңесінің төрағасына акционердің өтініш жасағанын растайтын құжаттар болған кезде қоғам мүдделерін қорғау үшін талап-арызбен сотқа жүгінуге құқылы.
3. Мәміленің жасалуына мүдделі және орындау нәтижесінде қоғамға залалдар келтірілген мәміле жасасуды ұсынған лауазымды адамды қоспағанда, қоғамның лауазымды адамдары, егер қоғамның органы қабылдаған, қоғамға не акционерге залалдар келтіруге әкеп соқтырған шешімге қарсы дауыс берсе немесе дәлелді себептермен дауыс беруге қатыспаса, жауаптылықтан босатылады.
Егер лауазымды адамның қоғамның лауазымды адамдары қызметінің осы Заңда белгіленген қағидаттарын сақтай отырып, шешім қабылдау кезінде өзекті (тиісті) ақпарат негізінде тиісінше әрекет еткені және мұндай шешім қоғам мүдделеріне қызмет етеді деп негізді түрде есептегені дәлелденген болса, ол коммерциялық (кәсіпкерлік) шешімнің нәтижесінде туындаған залалдарды өтеуден босатылады.
4. Меншікке қарсы, экономикалық қызмет саласында немесе коммерциялық немесе өзге де ұйымдар қызметінің мүдделеріне қарсы қылмыстарды жасағаны үшін сот кінәлі деп таныған, сондай-ақ көрсетілген қылмыстарды жасағаны үшін қылмыстық жауаптылықтан Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабының бірінші бөлігі 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негізінде босатылған қоғамның лауазымды адамдары заңда белгіленген тәртіппен сотталғандығы жойылған немесе алынған не қылмыстық жауаптылықтан босатылған күннен бастап бес жыл бойы қоғамның лауазымды адамдары, сондай-ақ акционерлердің жалпы жиналысында акционерлердің өкілі міндеттерін орындай алмайды.
5. Егер қоғамның қаржылық есептілігі қоғамның қаржылық жағдайын бұрмаласа, қоғамның осы қаржылық есептілігіне қол қойған қоғамның лауазымды адамдары осының нәтижесінде материалдық зиян келтірілген үшінші тұлғалар алдында жауаптылықта болады.
6. Осы баптың мақсаты үшін айқындама деп мыналар түсіндіріледі:
жосықсыз іс-әрекет, яғни нәтижесінде қоғамға әдеттегі кәсіпкерлік тәуекелмен қамтылмайтын залалдар келтірілген, қоғамның лауазымды адамдары қызметінің осы Заңда белгіленген қағидаттарын бұза отырып, ірі мәмілелер және (немесе) мүдделілік болуына орай жасалатын мәмілелер жасасу туралы қоғам мүдделерінен тыс шешім қабылдау (мәміле жасасуды ұсыну);
әрекетсіздік, яғни нәтижесінде қоғамға әдеттегі кәсіпкерлік тәуекелмен қамтылмайтын залалдар келтірілген ірі мәмілелер және (немесе) мүдделілік болуына орай жасалатын мәмілелер жасасу туралы шешім қабылдау кезінде қоғамның лауазымды адамының қалыс қалуы не дәлелді себепсіз дауыс беруге қатыспауы.
Ескерту. 63-бап жаңа редакцияда - ҚР 2011.02.10 N 406-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді - ҚР 04.07.2014 № 233-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
6-тарау. Қоғамның аффилиирленген тұлғалары
64-бап. Қоғамның аффилиирленген тұлғасы
1. Мыналар:
1) iрi акционер;
2) қоғамның тәуелсіз директорын қоспағанда, осы тармақтың 1), 3) және 8) тармақшаларында аталған жеке тұлғаның жақын туыстары, жұбайы (зайыбы), жұбайының (зайыбының) жақын туыстары;
3) қоғамның немесе, тәуелсіз директорды қоспағанда, осы тармақтың 1), 4), 5), 6), 6-1), 7), 8), 9) және 10) тармақшаларында аталған заңды тұлғаның лауазымды адамы;
4) қоғамның iрi акционерi не лауазымды адамы болып табылатын тұлғаның бақылауындағы заңды тұлға;
5) қоғамның iрi акционерi не лауазымды адамы болып табылатын тұлға оған қатысты iрi акционер болып табылатын не мүлiктегi тиiстi үлеске құқығы бар болатын заңды тұлға;
6) оған қатысты алғанда қоғам iрi акционер болып табылатын не мүлiктегi тиiстi үлеске құқығы бар болатын заңды тұлға;
6-1) оған қатысты осы тармақтың 6) тармақшасында аталған заңды тұлға iрi акционері болып табылатын немесе мүлкіндегі тиiстi үлеске құқығы бар заңды тұлға;
7) қоғаммен бiрге үшiншi тұлғаның бақылауында болатын заңды тұлға;
8) қоғаммен шарт арқылы байланысы бар, қоғам қабылдайтын шешiмдердi сол шартқа сәйкес айқындауға құқылы тұлға;
9) дербес немесе өзiнiң аффилиирленген тұлғаларымен бiрлесiп қоғамның не осы тармақтың 1), 4), 5), 6), 6-1), 7), 8) және 10) тармақшаларында аталған заңды тұлғалардың дауыс беретiн акцияларының (ұйымның қатысу үлесінің) он және одан да көп процентiн иеленетiн, пайдаланатын және оларға билiк ететiн тұлға;
10) Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес қоғамның аффилиирленген тұлғасы болып табылатын өзге де тұлға қоғамның аффилиирленген тұлғасы болып табылады.
1-1. Мыналар:
1) жақын туыстары, жұбайы (зайыбы), жұбайының (зайыбының) жақын туыстары;
2) осы жеке тұлға және (немесе) осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетілген тұлғалар ірі акционері (ірі қатысушысы) және (немесе) лауазымды адамы болып табылатын заңды тұлға;
3) жеке тұлғаның және (немесе) осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетілген тұлғалардың бақылауында болатын заңды тұлға;
4) оған қатысты осы тармақтың 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген заңды тұлғалар ірі акционерлер (ірі қатысушылар) болып табылатын немесе мүлiктегi тиiстi үлеске құқығы бар заңды тұлға;
5) осы тармақтың 2), 3) және 4) тармақшаларында көрсетілген заңды тұлғалардың лауазымды адамдары жеке тұлғаның үлестес тұлғасы болып табылады.
2. Тиісті қоғам немесе өзге заңды тұлға қабылдайтын шешімді анықтау мүмкіндігі қоғамға немесе өзге заңды тұлғаға бақылау жасау деп танылады.
3. Осы баптың ережелері коммерциялық емес ұйым болып табылатын қоғамдарға және кредиттік бюроларға қолданылмайды.
Мыналар:
1) коммерциялық емес ұйымның немесе кредиттік бюроның ірі акционерлері (қатысушылары) болып табылатын тұлғалар;
2) іс-әрекетке қабілетсіз және іс-әрекетке қабілеті шектеулі тұлғалар аффилиирленген тұлғалар болып табылмайды.
Ескерту. 64-бапқа өзгертулер енгізілді - Қазақстан Республикасының 2005.07.08. N 72(қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2007.02.19. N 230(қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2008.10.23 N 72-IV(қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2011.12.28 № 524 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.
65-бап.
Ескерту. 65-бап алып тасталды - Қазақстан Республикасының 2005.07.08. N 72(қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.
66-бап. Аффилиирленген тұлғалардың қатысуымен
мәмілелер жасасу ерекшеліктері
1. Аффилиирленген тұлғаларының қатысуымен қоғамның мәмілелер жасасу ерекшеліктері осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заң актілерінде белгіленеді.
2. Қоғамның аффилиирленген тұлғаларының қатысуымен мәмiле жасасу тәртiбiне осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заң актiлерiнде белгiленген талаптардың сақталмауы кез келген мүдделi тұлғаның талап қоюы бойынша соттың мәмiленi жарамсыз деп тануына негiз болып табылады.
3. Аффилиирленген тұлғалардың қатысуымен мәмілелер жасасу тәртібіне осы Заңда белгіленген талаптарды бұза отырып қасақана мәміле жасаған тұлғаның, егер мұндай талап пайдакүнемдік немесе жауапкершіліктен жалтару ниетінен туса, мәмілені жарамсыз деп тануды талап етуге құқығы жоқ.
Ескерту. 66-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2005.07.08. N 72(қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.
67-бап. Қоғамның аффилиирленген тұлғалары туралы
мәліметтерді ашу
1. Қоғамның аффилиирленген тұлғалары туралы мәліметтер қызметтік, коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын ақпарат болып табылмайды.
2. Қоғам аффилиирленген тұлғаларының есебiн осы тұлғалар немесе қоғамның тiркеушiсi беретiн мәлiметтер негiзiнде (уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен iрi акционер болып табылатын тұлғаларға қатысты ғана) жүргiзуге мiндеттi.
Қоғамның акционерлерi мен лауазымды адамдарының өз аффилиирленген тұлғалары туралы ақпаратты табыс ету тәртiбi жарғымен белгiленедi.
3. Қоғамның аффилиирленген тұлғалары болып табылатын жеке және заңды тұлғалар аффилиирлену туындаған күннен бастап жеті күн ішінде өзінің аффилиирленген тұлғалары туралы мәліметті қоғамға табыс етуге міндетті.
4. Алып тасталды - ҚР 24.11.2015 № 422-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
Ескерту. 67-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2005.07.08 N 72 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); 24.11.2015 № 422-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
7-тарау. Жасалуына қатысты ерекше талаптар
белгіленген қоғамның мәмілелері
68-бап. Ірі мәміле
1. Мыналар:
1) нәтижесінде құны қоғам активтерінің баланстық құнының жалпы мөлшерінің жиырма бес және одан да көп пайызын құрайтын мүлікті қоғам сатып алатын немесе иеліктен шығаратын (сатып алуы немесе иелiктен шығаруы мүмкiн) мәміле немесе өзара байланысты мәмілелердің жиынтығы;
2) нәтижесінде қоғам өзінің орналастырылған бағалы қағаздарын сатып алуы немесе орналастырылған бiр түрдегi бағалы қағаздардың жалпы санының жиырма бес және одан да көп проценті мөлшерінде олардың сатылып алынған бағалы қағаздары сатылуы ықтимал мәміле немесе өзара байланысты мәмілелердің жиынтығы;
3) қоғамның жарғысында ірі мәміле деп танылатын өзге де мәміле ірі мәміле деп танылады.
2. Мыналар:
1) белгілі бір мүлікті сатып алуға немесе иеліктен айыруға қатысты белгілі бір тұлғамен не өзара аффилиирленген тұлғалар тобымен жасалатын бірнеше мәміле;
2) бір шартпен немесе өзара байланысты бірнеше шартпен ресімделетін мәмілелер;
3) жарғымен немесе акционерлерінің жалпы жиналысының шешімімен өзара байланысты мәмілелер деп танылатын өзге де мәмілелер өзара байланысты мәмілелер деп танылады.
Ескерту. 68-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2005.07.08. N 72(қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2012.07.05 N 30-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
69-бап. Мәміленің нысанасы болып табылатын
мүліктің құны
Ескерту. Тақырыпқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.02.10 N 406-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
1. Нәтижесінде қоғам активтері мөлшерінің он және одан да көп пайызы сомасына мүлік сатып алынатын не иеліктен шығарылатын мәмілені жасасу туралы шешім Қазақстан Республикасының бағалау қызметі туралы заңнамалық актісіне сәйкес бағалаушы айқындаған осы мүліктің нарықтық құны ескеріле отырып қабылдануға тиіс.
Егер осындай мәміле нысанасы ақша және (немесе) бастапқы нарықта шығарылатын (орналастырылатын) бағалы қағаздар болса, бағалау жүргізілмейді.
2. Егер нарықтық құнын белгілеу қажет болатын мүлік ұйымдастырылған бағалы қағаздар рыногында айналыста жүрген бағалы қағаздар болса, олардың нарықтық құнын белгілеу кезінде осындай бағалы қағаздармен мәмілелердің осындай рынокта қалыптасқан бағасы немесе осындай бағалы қағаздарға сұраным мен ұсынымның бағасы есепке алынады. Егер нарықтық құнын анықтау қажет болатын мүлік қоғамның өз акциялары болса, олардың нарықтық құнын белгілеу кезінде қоғамның өзіндік капиталының мөлшері де, қоғамның даму жоспарларына сәйкес оның өзгеру перспективасы мен нарықтық құнды белгілейтін адам маңызды деп санайтын өзге факторлар да есепке алынады.
3. Жария компанияларға айналымдағы акциялардың он пайызынан астамын өзара иеленуге тыйым салынады.
Ескерту. 69-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2011.02.10 N 406-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 22.04.2015 № 308-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
70-бап. Қоғамның ірі мәміле жасасуы
1. Қоғам нәтижесінде құны жиырма бестен елу пайызға дейін құрайтын мүлікті иеліктен шығаратын, оның iрi мәмiлені жасасуы туралы шешiмдi директорлар кеңесi қабылдайды.
Кредиторларға, жұртшылық пен акционерлерге ақпарат беру мақсатында, қоғам директорлар кеңесi қоғамның iрi мәмiле жасасуы туралы шешiмдi қабылдағаннан кейiн үш жұмыс күні iшiнде мәмiле туралы қазақ және орыс тілдеріндегі хабарламаны бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауға мiндеттi.
2. Қоғамның жарғысында iрi мәмiлелердiң тiзбесi, сондай-ақ оларды жасасу тәртiбi белгiленуi мүмкiн, оларды жасасу туралы шешiмдi акционерлердiң жалпы жиналысы қабылдайды.
3. Осы Заңда және қоғамның жарғысында белгiленген тәртiппен қабылданған қоғамның iрi мәмiле жасасу туралы шешiмiмен келiспеген жағдайда, акционер өзiне тиесiлi акцияларды қоғамның осы Заңда белгiленген тәртiппен сатып алуын талап етуге құқылы.
Ескерту. 70-бап жаңа редакцияда - ҚР 2005.07.08 N 72 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен; өзгерістер енгізілді - ҚР 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 29.03.2016 № 479-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
71-бап. Қоғамның мәміле жасасуға мүдделілігі
1. Қоғамның аффилиирленген тұлғалары, егер олар:
1) мәміле жасаушы тарап болса немесе оған өкіл немесе делдал ретінде қатысса;
2) мәміле жасаушы тарап болып табылатын немесе оған өкіл немесе делдал ретінде қатысатын заңды тұлғаның аффилиирленген тұлғалары болса, қоғамның мәміле жасасуына мүдделі тұлғалары (бұдан әрі - мүдделі тұлғалар) деп танылады.
2. Мынадай мәмiлелер:
1) акционердiң қоғам акцияларын немесе басқа да бағалы қағаздарын сатып алуы, сондай-ақ қоғамның орналастырылған өз акцияларын сатып алуы жөнiндегi мәмiле;
2) банктiк, коммерциялық немесе заңмен қорғалатын құпияны қамтитын мәлiметтердi жария етпеу туралы мiндеттеме қабылдау жөнiндегi мәмiле;
3) қоғамды осы Заңға сәйкес жүзеге асырылатын қайта ұйымдастыру;
4) қоғамның өз аффилиирленген тұлғасымен Қазақстан Республикасының мемлекеттiк сатып алу туралы заңдарына сәйкес жасайтын мәмілесі;
5) үлгі нысаны Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген, қоғамның өзінің үлестес тұлғасымен шарт жасасу жасалуына қоғам мүдделi болатын мәмiле болып табылмайды.
Ескерту. 71-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2005.07.08. N 72(қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2011.12.28 № 524 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.
72-бап. Қоғамның мәміле жасасуына мүдделілік туралы
ақпарат
Осы Заңның 71-бабының 1-тармағында аталған тұлғалар:
1) үш жұмыс күні ішінде, олардың мәмiле тараптары болып табылатындығы немесе оған өкiл немесе делдал ретiнде қатысатындығы туралы;
2) өздерімен аффилиирленген заңды тұлғалар туралы, оның ішінде дербес немесе өздерінің аффилиирленген тұлғаларымен бірлесіп, дауыс беретін акциялардың (үлестердің, пайлардың) он және одан да көп процентін иеленетін заңды тұлғалар туралы және органдарында өздері қызмет атқаратын заңды тұлғалар туралы;
3) өздері мүдделі тұлғалар болып танылуы мүмкін, өздеріне белгілі жасалған немесе ықтимал мәмілелер туралы ақпаратты директорлар кеңесінің назарына қоғамның жарғысында белгіленген тәртіппен жеткізуге міндетті.
Ескерту. 72-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2005.07.08 N 72 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2011.12.28 № 524 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
73-бап. Мүдделілік болуына орай жасалатын мәмілені
жасасу тәртібіне қойылатын талаптар
1. Мүдделiлiк болуына орай қоғамның мәмiленi жасасуы туралы шешiм оның жасалуына мүдделi емес директорлар кеңесi мүшелерiнiң жай көпшiлiк даусымен қабылданады.
2. Мүдделiлiк болуына орай қоғамның мәміленi жасасуы туралы шешiмдi акционерлердiң жалпы жиналысы:
1) қоғамның директорлар кеңесiнiң барлық мүшелерi мүдделi тұлғалар болып табылған;
2) шешiм қабылдауға қажеттi дауыстар саны болмауына орай, директорлар кеңесiнiң мұндай мәмiленi жасасу туралы шешiмдi қабылдау мүмкiндiгi болмаған жағдайларда оның жасалуына мүдделi емес акционерлердiң көпшiлiк даусымен қабылдайды.
3. Егер қоғамның директорлар кеңесiнiң барлық мүшелерi және жай акцияларды иеленетін барлық акционерлер мүдделi адамдар болып табылған және (немесе) директорлар кеңесі шешім қабылдауға қажетті дауыс санының болмауы себебінен мұндай мәмілені жасасу туралы шешім қабылдай алмаған жағдайларда, мүдделiлiк болуына орай қоғамның мәмiленi жасасуы туралы шешiмді акционерлердің жалпы жиналысы қоғамның дауыс беретін акцияларының жалпы санының жай көпшілік дауысымен қабылдайды.
Бұл ретте акционерлердің жалпы жиналысына негізделген шешімді қабылдауға қажетті ақпарат (құжаттарымен қоса) беріледі.
Егер қоғамның директорлар кеңесiнiң барлық мүшелерi мүдделi адамдар болып табылған және (немесе) директорлар кеңесі шешім қабылдауға қажетті дауыс санының болмауы себебінен мұндай мәмілені жасасу туралы шешім қабылдай алмаған жағдайларда, мүдделiлiк болуына орай қоғамның мәмiленi жасасуы туралы шешiмді жалғыз акционер немесе қоғамның барлық дауыс беретін акцияларын иеленетін адам қабылдайды.
4. Қоғамның жарғысында мүдделiлiк болуына орай жасалатын мәмiлелердiң жекелеген түрлерiн жасасудың өзге де тәртiбi белгiленуi мүмкiн.
Ескерту. 73-бап жаңа редакцияда - ҚР 2005.07.08 N 72 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); өзгеріс енгізілді - ҚР 24.11.2015 № 422-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
74-бап. Қоғамның жасалуына қатысты ерекше талаптар
Достарыңызбен бөлісу: |