Аллаберген тарих және баспасөЗ (Қазақ мерзімді баспасөзінің зерттелу тарихынан) Екінші кітап



бет3/15
Дата25.02.2016
өлшемі1.13 Mb.
#20331
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   15

7. «СУ ІШКЕН ҚҰДЫҒЫҢА ТҮКІРМЕ»

немесе қазақ баспасөзінің өткені мен бүгінгісі туралы ойлар...
Соңғы кезде қазақ баспасөзінің өткені мен бүгінгісі туралы түрлі пікір білдіріп, шама-шарқынша ақыл-кеңес айтушылар саны көбеюде. Мұның өзі бір жағынан қуанарлық жай. Өткенімізді таразылап, шындыққа апарар жол. Екінші жағынан кейде осының барлығы шын мәнінде ақиқатқа сай ма? Алдамшы көріністер емес пе екен деген көлденең сауалдар да туындайды. Өйткені, осы мәселелер төңірегінде баспасөз бетінде жарыса жарияланып, кейде, тіпті мемлекеттік деңгейде ой айтып, іс тындырып жүрмін деп кеуделеріне нан піскен нарқасқаларымыздың өздері де бұл тақырыпты бүге-шігесіне дейін білмейтін жолбикелер болып шығады.

Сондықтан көбіне қателіктерге ұрынып, оқырмандар арасында кері пікір тудырып, ақырында өздерінің жеке бастары үшін өткен тарихты да, онымен шын мағынасында айналысып жүргендерді де жоққа шығарып, тыңнан жаңадан шежіре жазып, жоқтан бар жасауға тырысады. Оған келтірер мысалдар да жоқ емес. Бірақ әңгімемізді біраз әріден бастап, алдымен бұл тақырыпқа барар жолды күл-қоқыстан жақсылап аршып, тазалап алайық.

Сонымен, бұл арада, ең алдымен, жалпы қазақтарға баспасөз тарихы, оның ішінде журналистика мамандығы қажет пе, жоқ па деген орынды сауал туындайды. Олай дегеніміз егемендік алғалы басқаларды былай қойғанда, қаракөздердің арасынан да бір кездері өздері су ішіп, шөлдерін қандырған «құдыққа» түкірушілер табылуда. Кезінде журналистика факультетінде жаман да болса білім алып, соның арқасында ақын, жазушы атанғандар бүгінгі күні өздерінің қолдарынан әл-қуат кетіп бара жатқан соң «мына еттің сасығын-ай» деп түк көрмеген мысықша көздерін жұмады.

Мәселен «Дат» газетінің бірінші нөмірінде тағы бір данышпан қазақ журналистикасын түп-тамырымен жоққа шығарады. Онысымен қоймай, Қазақстанда журналист кадрларын дайындауды дереу түрде доғарып, дәрігер, заңгер, зоотехник, экономистерді қолдарына қалам алып, газет қызметкерлерін ауыстыруға шақырады. Сонда қалай болғаны. «Дат» газетін шығаратын Шәріп Құрақбаевтан бастап, мүйіздері қарағайдай Нұрдәулет Ақышев, Құмарбек Қыбыраев, Бақытжан Қосбармақовтардың орнына дәрігер Емшібаев, экономист Есенбаев, заңгер Сотқарбаев, зоотехник Малтабаровтарды қысқа курстардан өткізіп, төртінші биліктің басына қонжитуымыз керек пе? Онан соң өзің білмейтін тақырыпта бірдеңе жазып абырой табам деу де бос әурешілік пе деп қалдық. Әйтпесе, бүкіл қазақтың ақын-жазушылары филология факультетінде оқытылатын пәндердің күрделілігінен қорқып, журналистика факультетіне түсіп, қор болып жүр дегенін қалай түсінуге болады. Екіншіден, қазақ баспасөзінің қазіргі жағдайына еліміздің аға газеті «Егемен Қазақстаннан» бастап, жазушылардың «Қазақ әдебиеті» мен еларалық «Заман Қазақстан» басылымдары беттерінде журналистика факультеті туралы көпшілікке белгілі екі ғалымның арасында болған айтыс та біраз көлеңкесін түсіріп кеткен сияқты. Бірақ мұндай айтыстар әр елдің баспасөз тарихында әр кездері болған, болып та тұрады. Осыған қарап бүкіл бір ұжымға, бүкіл бір оқу орнына жеке бастың қамы үшін орынды, орынсыз кінәлар тағып, өш ала беруге бола ма екен?

Үшіншіден, журналист кадрларының сапалық көрсеткіші туралы мәселе. Меңінше, соңғы жылдары тек қана журналист кадрларын дайындау жұмысы босаңсып кетті деу бос сөз. Бұл- бүгінгі таңда елімізде бүкіл білім беру жүйесінде кездесіп отырған нарық қиыншылығының бір көрінісі. Әйтпесе, қазір Қазақстандағы төртінші билікті басқарып, ең басты, негізгі жұмыстарды жүргізіп отырған кімдер деп ойлайсыздар? Әрине, айтпай-ақ белгілі. Жаман, жақсы болсын журналистер. Оның ішінде қазақтың қара шаңырағы журналистика факультетін соңғы 15-20 жыл ішінде бітіріп шыққан жас мамандар. Ал сонда байбалам салушылар кімдер болып шығады. Өздерінің бұрынғы жылы орындарынан уақыттың талабына сай ысырылып шығып, өмір легіне ілесе алмай қалған сақалды мамандар. Немесе кезінде бұл мамандыққа кездейсоқ барып, тілін тістеп қалған бөспебайлар. Сондықтан, жақсы кадрлар жоқ деп ауызды қу шөппен сүрту де орынсыз. Әйтпесе, қайтадан түлеп, оқырмандар алғысына бөлене бастаған «Егемен Қазақстан», «Қазақ әдебиеті», «Заман-Қазақстан», «Ана тілі», «Қазақ елі», «Түркістан», «Жас алаш», «Ақ босаға», күні кеше ғана 50 мың дана болып, өткір ойлылығымен, мазмұндылығымен «Караванмен» тайталасқа түсе ме деп отырған «Дат» басылымдарын шығарып отырғандар негізінен журналистер емес пе?

Ал осыларға қояр кінәләріңіз болса, неге ашығын айтып 20-жылдарғы «Ақ жол», «Еңбекші қазақ» газеттері сияқты ашық әңгімеге көшпеске. Мұның өзі сырттан сөз айтып, бір-бірлерімізді босқа ғайбаттағанша бар күш мүмкіншілігімізді ортақ іске жұмсауға жол ашар еді.

Төртінші мәселе журналист кадрларының білімділігі жайында. Рас, соңғы кезде бұл проблема жиі көтеріліп жүр. Бір жағынан, ол орынды да. Факультетке келіп түсетіндердің кейбірінің (әсіресе сыртқы бөлімдерге) білім деңгейлері тым төмен, тумысында қолдарына қалам алып, екі ауыз сөздің басын құрап көрмегендер. Сөйте тұра, бақтарын білімнен, оның ішінде журналистикадан іздеп, адасып жүргендер. Бірақ қазір біздерде капитализм заманы. Ақша не істетпейді. «Аузы қисық болса да байдың баласы сөйлесін» деп коммерциялық бөлімдер де ашылды. Сөйтіп, олардың біразы қалталылардың балалары болса, біразы әкімдердің (барлық рангыдағы) балалары. Сынақ пен емтихан кезінде әрқайсысының соңынан анау сұрап еді, мынау сұрап еді деп оннан кем шабармен жүрмейді. Олар негізінен қарапайым лаборанттан бастап толып жатқан министрліктерде қызмет істейтін шенеуніктерге дейінгі аралықтағы жанашырлар. Осыдан соң жүз жерден турашыл болсаң да иілмей көр. Бұл көрініс, әсіресе, соңғы кездері тым белең алып бара жатқанға ұқсайды.

Тағы бір қызығы, факультеттің ішкі өмірі туралы баспасөз бетіне майын тамызып жазушылар өз қызметкерлері емес, оған еш қатысы жоқ сырттан шыққан біреулер. Олардың жазатыны сол баяғы бір дұрыс білім бермейді, сапасыз кадрлар дайындайды деген орынсыз байбалам. Сонда дейміз-ау, осы жазғыштар баспасөздің шын жанашыры болса, неге сол өздері айтып отырған кемшіліктерді жоюдың жолдарын айтып, көмек көрсетпейді.

«Тура биде туған жоқ» дейді біздің қазақ. Не де болса шындықты айтып өлейік, өйткені, бір-бірімізге жала жауып, етектен тартып жүргенде басқалардың, Қазақстанда тұратын көп халықты былай қойғанның өзінде-ақ, аз халықтардың өздері де күні ертең төбемізден қарап, мысықтан қорыққан тышқандай қалыпқа түсуіміз ғажап емес...
8. Жұтаған экран, жүдеген журналист
Бұрын «Алатау» мен «Хабар», тіпті қазір толып жатқан «КТК», «31 арна», «НТК», «Рахат», «Таң» сияқты коммерциялық телеарналар болмаған күннің өзінде – ақ жалғыз «Қазақстан - 1»-дің хабарлары жергілікті халықтың сұранымынан шығып жүрді емес пе? Әлі күнге дейін көрерменнің есінде қалып қойған ондаған хабарлары, журналист, жүргізушілері болатын. Ал, қазір болса бұл телеарна жоғарыда айтқан ондаған басқа телеарналардың көлеңкесінде қалып қойған. Не бір тамсанып көрерліктей толыққанды хабары, не бір есте қаларлықтай дұрыс журналист, жүргізушісі жоқ, жұртта қалған жалғыз үйдің кебін киіп жатқан түрі бар. «Жалғыз ағаш орман емес» дегендейін, «Өмір - өзен» сияқты бірен – саран хабарларды есепке алмай отырмыз.

Бұл жерде тағы да «Алатау» арнасын Қазақстан тұрғындарының көпшілігі көрмейтіндігін есепке алсақ, ал «Хабардың» таңертеңгі және кешкі хабарларынан басқа («Жеті күнді» әркім бір жүргізіп, әбден бүлдіріп жүр) әзірге айта қаларлықтай ештеңесі жоқтығын айтсақ, коммерциялық арналардың пайда табумен айналысып, қазақ хабарларына аз уақыт бөлуін немесе өз істерін тындырып алғаннан соң ғана түн ортасында жергілікті ұлт өнерін мазақ еткендей көңіл ашар концерттер мен хабарлар жүргізуі ойланарлық жай.

Оның үстіне әшейінде ауыз жаппайтын, мәжіліс – жиындарда көлденең көкаттылардың төбесінен қарайтын, қолында билігі мен қаражаты бар, халық үшін рас, өтірік болсын жүрегі ауырып жүретіндер осындай қысылтаяң кезде қандастарының жағдайын жақсарту үшін неге қолдарын созбайды? Кешегі ашаршылық, репрессия жылдарында 2.200 мың, одан соң 60 мың арысымыз не үшін, кім үшін кеткен? Ал, қазір болса айтысқа машина тіккені үшін жер, көкке сиғызбай мақтап, қолымызда тұрса, «халық қаһарманы» атағын да кеудесіне таға салуға дайын тұрамыз. Бұл арада Алматының көшесінде қартайған шағында сонау Шымкенттің алыстағы бір ауылынан келіп, пісте мен жер жаңғақ, құрттарын сатып, әркімнен бір сөз естіп жүрген аналарымызды қаперімізге де алмаймыз. Шын мәнінде ол кісілер қартайған шақтарында немерелерінің орталарында теледидардың құлағын бұрап қойып, «Тамаша», «Айтыс», «Қымызхана», «Ән - шашуларды» тамашалап отыратын адамдар емес пе?

Тағы да осы «Дат» гезетінде «Борис Березовский Руперт Мэрдокпен бірігіп, Қазақстанда бір телекомпанияны сатып алыпты. Бірақ ол қай телеарна екені әзірге белгісіз...» деген хабар жарияланды. Осыдан соң – ақ біз Шәріп Құрақбаев ағамыздың жазып отырғанын жәй нәрсе емес, саяси маңызы бар қоғамдық іс екеніне тағы бір рет көз жеткізгендей болдық. Сонымен қазақ теледидарының болашағы бар ма деген сауалдың төңірегінде ой қозғар болсақ, онда бұған біржақты «иә», не «жоқ» деп жауап беру қиын.

Кезінде қазақ теледидарының өзіндік бағыт – бағдары, бет - әлпеті бар – тын. Әсіресе, «Әдеби драма», «Жастар», «Ғылыми – көпшілік» редакциялары бойынша берілетін «Терме», «Айтыс», «Алтыбақан», «Көкпар», «Ән - шашу», «Тамаша», «Қымызхана», «Қазақстан ғылымы», «Көкжиек», «Жоғары класс оқушыларына», «Мен мектепке барамын» және т.б. көптеген хабарлардың өз көрермендері болатын. Онда алдымен хат – хабарлар редакциясы, кейіннен социологиялық зерттеу орталығы жұмыс істеді.

Мысалы, қазақ телевизиясында мен қызмет істеген жылдары халық арасында белді де беделді жазушы, журналист, публицист К.Смаилов, Ғ.Шалахметов, С.Әшімбаевтар төрағалық қызметте болды. Және ол кісілердің маңында жиналғандар да өңкей бір жақсы мен жайсаңдар еді. Жастар солардан тәжірибе алып, соларға ұқсауға тырысатын. Біздер қарапайым қатардағы редакторлар сейсенбі сайын болатын лездемеге қысылып барып, қанаттанып шығатынбыз. Себебі, тәжірибелі журналистер қатты айтса да, жақсы айтатын және жастарға үлкен сенім артатын.

Ал қазір ше? Содан бері көп уақыт өтпесе де (10 – ақ жыл), жағдай неге күрт өзгеріп кетті? Әлде осының бәріне нарықтық экономика кінәлі ме? Енді тәуелсіз елміз ғой. Ешкімге бағынышты, тәуелді емеспіз, кімдерге жалтақтап, кімдерден қорқамыз. Егемендік алдық десек те, шындығын айту керек, кешегі бодан болып жүрген кезіміздегі көптеген жақсы қасиеттерімізден айырылып қалдық қой. Сонда бұл қалай, қазақтар жаңа өмірге бейімсіз, өз беттерімен қайран қыла алмайтын жағдайға жеткен бе? Кеуде керіп, жеті атамызды түгендеп мақтағанда сондаймыз, ал бас қосып ел болуға келгенде басымыздың бірікпейтіні неліктен, әйтпесе айналдырған екі – үш қазақ тілді телеарналардың хабарларын ең құрмағанда елу де – елу дәрежесінде ұстап тұруға болады ғой.

«Қазақ теледидарының болашағы бар ма?» мақаласының авторы бұл жөнінде «Бүгінде телеарналар арасында өткір бәсеке жүріп жатыр. Соған сәйкес олардың әрқайсысы өз ішінде реформалар мен «қайта құрулар» жасауда. Тек бір өкініштісі, бұл бәсекеден қазақша хабарлар тыс қалып қойған тәрізді», - деп дұрыс айтқан. Себебі, бұл тұрғыда қазақ телеарналары басшылары тарапынан істеліп жатқан ешқандай оң өзгерістер байқалмайды. «Құдай басқа салды, біз көндік» деген шарасыздықпен күн өткізіп жатқан түрлері бар. Сонда оларды кім дейміз. Халқы үшін жаны ашығандар сондай бола ма? Ресейдің «Поле чудес», «Угадай мелодию», «Смак», «Час пик» хабарларын көшіріп әуре болғанша, қазақтың әдет – ғұрпына, әдебиеті мен өнеріне, мәдениетіне арналған нашар да болса хабарларын дайындап, көрсетпей ме? Егер бұған шамалары жетпесе, онда олар басқа іскер де тәжірибелі мамандарға орындарын босатпай неғып отыр?

Қазіргідей өтпелі кезеңде жалпы бұқаралық ақпарат құралдары, оның ішінде телевизияның да атқарар рөлі өте зор. Саясат, экономика, қоғамда болып жатқан күнделікті жағдай, нарықтық экономикаға маңдайы соғылып қатты жарақаттанған ауыл адамдары, олардың есебінен байып «жаңа қазақ» атанып жүрген шолақ ойлы белсенділер, күннен – күнге ұмытылып бара жатқан рухани байлығымыз, тіл, дін мәселелері көгілдір экран иелеріне таптырмайтын тақырып емес пе?

Енді интеллигенция арасында орыс тілді қазақтар, қазақ тілді қазақтар деген бөлінушіліктер пайда болды. Ал, қазір қайда болсын, басшылықта отырғандар негізінен орыстілді қазақтар болып саналады. Кейде, көбінесе олармен аудармашылар арқылы тілдесуге тура келетіндігі де жасырын емес. Жуырда ғана қазақ тілді қазақтар орыс тілді қазақтар бұрын айтып жүргендей 40 процент емес, 10 – ақ процент, тіпті одан да аз екен деп бөріктерін аспанға атып қуанып еді. Тегі, бұл шындық болмай шыққанға ұқсайды. Әйтпесе, жоғарыда айтқан мақаланың авторы: «өкінішке орай, өз ұлтымыздың өкілдері басқарып отырған телеарналар осындай «ақтандақтардың» орнын толтыруға асығар емес. Олар бұл салада түк шықпайтынын алдын – ала білетіндей, қазақша жазылған идея, концепцияны оқып, түсіне алмағандықтан болар, бірден ат – тондарын ала қашады. Ал оның орысша көшірмесін көрсетсең, оқып шығып түсінгендей болады.

Бірақ ол қазақша хабарға қатысты болғандықтан және оны қазақ тілді жасаса, одан түк шықпайды. Оны ашық айтпаса да, мақтап, арқаңнан қағып тұрып соны білдіреді. Себебі, орыс тілді қазақтардың арасында қазақ тілді қазақтарды менсінбей қарайтын мінез бар, әлі біраз уақыт солай боп қала да береді», - деп тектен – текке жазбайды ғой.

Бұл арада қалай дегенмен де таяқтың екінші ұшы тележурналистерге келіп тиетін сияқты. «Мешкей деген жақсы ат емес» дегендейін әйтеуір өз мамандығың болғасын, қолыңа қалам алып, ел атынан сөйлеп жүргеннен соң, ішкен асыңа адал болуың керек қой. Қаражат жоқ, жағдайы жоқ деп қаратүнекті төндіріп, өз ісіне жауапкерсіздікпен қарау – төртінші билік иелеріне жат құбылыс.

Екіншіден, телехабарларды көбінесе журналистикадан, оның ішінде тележурналистикадан хабары жоқ басқа мамандықтардың иелері жасайды. Ал мұның өзі қала әкімінің дәрігердің орнына ауру адамға операция жасағанымен бірдей шаруа.

Мен жоғарыда айтқандай бұл салада біраз жыл жұмыс істегендіктен және қазіргі қызметім де осы мамандыққа байланысты болғандықтан, қазақ тележурналистикасында орын алып отырған қазіргі кемшіліктерді тек қана «Кеңес дәуірінен қалған ескі әдет – дәстүрмен» түсіндіруге болмайтын сияқты деп білем. Себебі, бүгінгі таңда қазақ телеарналарын басқарып та отырған және онда хабар даярлап, қызмет істеп жүргендердің көпшілігі оқуларын соңғы 5 – 10 жыл аралығында бітіріп, ұзақ жылдардан жемісті қызмет атқарып келген тәжірибелі журналистерді ауыстырған жас толқындар.

Сондықтан бұл жұмысты жақсарту үшін компания президентінен бастап, телеарналардың басшыларымен қатар әр хабардың редакторларына дейінгі аралықтағы барлық шығармашылық топ бірлесе қимылдауы керек. Айлық, тоқсандық, жылдық, тіпті ұзақ мерзімді перспективалы жоспарлар жасап, оларды дүркін – дүркін сүзгіден өткізіп отырған жөн. Қай бір қызметке болсын туған – туысқандық белгісіне қарап емес, іскерлік, творчестволық қабілетіне қарап конкурстық негізде қабылдау керек. Оған бізде мүмкіндік мол.

Бір сөзбен айтқанда, Қазақ теледидарының қазіргі хал – жайы кімді болсын алаңдатпай қоймайды. Халыққа шындықты айтып, солар үшін қызмет ететін кез жетті. Әйтпесе көптің қаһарына ұшырауымыз мүмкін. Сондықтан миллиондардың өзімізге артып отырған асыл сенімін адал орындайық, ойланайық, сөзден іске көшейік, ағайын!



9. Жалған намыс жарға жығар
Салт-сана, әдет-ғұрпымыздың кіндігі болып саналатын ауылды таратып жіберуге шақ қалдық. Шалғай елде тұратын кәрі-құртаңдар мен бала-шағалар радио естіп, телевизор көруден қалған. Егер сәті түсіп алда – жалда естіп, көріп қалса, құдай сақтасын, төбе шаштарының тік тұратындары анық. Атыс-шабыс , қырып-жою, қала берді, қып-қызыл анайы көріністер.

Бұл-облыстарды былай қойғанда, аудан орталықтарына дейін ашылып, Бұқаралық ақпарат құралдары үшін «сапалы мамандар» дайындап жатқан жалған институттар мен университеттердің «үлесі» деп білеміз. Олай айтпасқа амал жоқ. Екіншіден, соңғы жылдары, әсіресе, радио мен телевизияны ауыл мектептерінде әдебиет пен тарихты зоотехник, агроном, инженер беріп жүргендей басқа мамандықтардың өкілдері жаулап алғандықтары да жасырын емес. Бір сөзбен айтқанда, «Аузы қисық болса да байдың баласы сөйлесіннің» кері.

Он жылдан бері тәуелсіздік алдық деп бөркімізді аспанға атып жүріп, төртінші биліктен қалай қол үзіп қалғанымызды аңдамай жүргендейміз. Радиодан еті сылынып, құр қаңқасы қалған «Қазақ радиосы» бар. Жуырда оған «Шалқар» бағдарламасы келіп қосылды. Бірақ бұрынғы дәрежесіне әлі жеткен жоқ. Оның үстіне әзірге Алматы қаласына ғана хабар таратады. Қайталаулар көп. Қалғандарының барлығы орыс тілді. Телевизиядан қысқара-қысқара қауқарсыз қалған «Қазақстан - 1» бар. Енді-енді бастарын көтеріп жан-жақтарына қарай бастағандай. Бірақ әлі де болса жақсылықтың ауылы алыс сияқты. Ал, Республиканың барлық аймағына тарамайтындықтан «Хабар - 2» - ні мандытып көріп жатқан ешкім де жоқ. Енді «Еларна» болып жаңарғаннан кейін сапалық тұрғыдан өзгермесе. Онда істейтіндер бүгінгі заманның бар мәселесін шешіп тастағандай өз хабарларын «Қырық өтіріктен» бастады. Негізгі айтылар тақырып сыртта қалды. Газеттер де солай. «Егеменді» тек еңбек етіп жүрген екпінділер ғана оқиды. Себебі, жазылу бағасы тым қымбат. «Ана тілі» жүрісінен жаңылып, екі тілді материалдар жариялап, тілден гөрі, мұнай мәселесін тереңірек зерттеп кеткенге ұқсайды. «Жас алаш» та алтын уақыттарын етектері жасқа толып, жұмыс іздеп ауыл мен қаланың екі арасын кезіп кеткен жастарының басын қоса алмай, үлкен орында отырған көкелерімен айқасуға сарп етіп жүргенге ұқсайды. «Қазақ әдебиеті» болса өнер проблемасына көбірек ойысып барады. Оқырмандарының көңілін табу үшін анда-санда жазушы, ғалым, т.б. айтыстырып алатын қасиеті бар.

Кейбір шала сауаттылар біртүрлі «Қызық», біртүрлі «Махаббат», т.т. сияқты бульварлық (сары) газеттер шығарып, жастарымызға мектептерде, жоғары оқу орындарында жүргізілмейтін нәпсі дәрісін екпінді түрде өткізіп жатыр.

Өз ұлтымыздың өкілдері басқарып отырған «КТК», «А-1», «ТАҢ», «31- арна», «Шахар», «ЮСА» деп аталатын радиотелеарналардың да қазақшасы жартымсыз. Соңғы кездері ол арналар қазақша хабарларды түнгі уақытқа қоятын болып жүр. Түнгі бірден таңғы алтыға дейін. Яғни, ең көрілімді уақытта қазақша бағдарламалар беруге сараңдық танытып келеді.

Ал енді осыдан қандай қорытынды шығаруға болады? Түптеп келгенде жалған намыстан не шығады? Өз жерімізде өзіміз неге басқаларға тәуелдіміз? Ақпарат билігін қолдан шығарып алып, кімнен араша сұраймыз? Осыдан бір-екі жыл бұрын Бұқаралық ақпарат құралдарының 50 пайызы қазақша болсын деп аттан салдық. Онымыздан не шықты? Намыс, ар-ұят, абыройдан жұрдай болғанымыз ба? Мұны кешегі репрессия тұсында өмірлерін болашақ ұрпақтары үшін қиған асылдарымыз білсе не дер еді деген сияқты ойлар мазалайды.

«Егемен Қазақстанның» өткен жылғы соңғы нөмірлерінің бірінде «Салам» деп мақала жариялаған автор «Қазақпын деп айтуға ұялам», - дейді. Неге? Осы біздер кімбіз? Екі жарым ғасыр бодандықтан соң санамыз әбден уланып біткен «екінші сорттылармыз ба?», әлде Шыңғыс Айтматовтың әйгілі шығармасындағы «мәңгүрттерміз» бе? Жоқ! Себебі, біз тәуелсіздік алып, егемен ел атандық қой. Анау, өзбек, түрікпен және басқа халықтардан кембіз бе? Мүмкін емес. Абылайдай хандарымыз, Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би сияқты билеріміз, Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай сияқты батырларымыз болған біздерді кімдер тізе бүктіруі мүмкін?!

Сілкінетін кез келді. «Ештен кеш жақсы», - дейді халық. Ру-ру, жақ-жақ, жүз-жүзге бөлінбей, азғантай ғана қазақ бір жұдырыққа біріксек қана ел боламыз. Әйтпесе, баяғы құлдық қалпымызға қайтадан түсеміз. Басқаларға біздің елдігіміз, тіліміз, дініміздің қажеті жоқ. Қанша жерден бауырмал, жүз халықтың лабораториясы болсақ та, ертең басымызға қиын-қыстау күн туа қалса өз қотырымызды өзіміз қаситынымыз анық. Бұл дәлелдеуді қажет етпейтін шындық. Сондықтан, бірігейік ағайын! Өз жерімізде басқаларға тәуелді болуды қояйық. Кешегі іргетасын Ахаңдар (А.Байтұрсынов) қалап кеткен газет-журналдарымызды, радио, телевизияны жоғары сатыға көтеріп, ұлттың көзі, құлағы, тіліне айналдырайық. Есіктен кіріп төрге ұмтылғандарды тайраңдатып қоймай, тілімізді қайтарыңдар деп сауға сұрамай, сөзден іске көшуіміз керек. Сонда ғана басқалар бізді сыйлайтын болады.

Қазір тәуелсіздік алған жылдары балаларын қазақ мектептеріне бергендер, қайтадан орыс сыныптарына ауыстырып жатыр. Неге? Қай мекемеде болсын іс қағаздары, құжаттар орысша жүргізіледі. Немесе сырт көз үшін орысшадан қазақшаға аударылады. Неге? Транспортта, көшеде екі қазақтың басы қосылса барқылдап орысша сөйлесіп жатқаны. Неге?

Қысқасы, біз басқалардан емес, басқалар бізден эфирден 20 пайыз уақыт сұрайтын дәрежеге жетпесек, онда ешқашан дербес мемлекет, тіпті ұлт қатарына жатпайтындығымыз айдан анық. Сондықтан, көпірме сөзден нақты іске көшетін уақыт жетті, ағайын. Әйтпесе, болашақтан үміт күтіп қажеті жоқ. Барлығы да жалған болып шығады.



10. Сапасыз оқулық, ұрлықшы автор

және білімсіз студент
Соңғы жылдары еліміздің білім беру жүйесінде небір жағымсыз құбылыстар орын алып отыр. Соның бірі һәм бірегейі – мектеп оқушылары мен жоғары оқу орындарының студенттеріне арнап оқулықтар жазу проблемасы.
Қазір бәрін кадр емес, қалта шешеді
Біздің елде «Бәрін кадр шешеді» ұраны ұмытылғалы қашан. Қазір барлық мәселені «сыбайластық жемқорлыққа» бас ұрып тұрған алаяқтар мен қалталылар шешіп тұр. Қолдаушың мен қаражатың болса, ректор да, автор да, «үздік мұғалім» де боласың. Сондықтан бүгінде педагогикалық институттарды - инженерлер мен металлургтер басқарса, биологтар – тарихшы, зоотехниктер – жазушы боп, атақ дәрежесі жоқ көлденең көқ аттылардың монография, оқулық жазып, «атың шықпаса жер өртенің» керін келтіріп жүргеніне таңдануға болмайды. Әйтсе де, айналып келгенде осының барлығы келешек ұрпақтың тамырына балта шауып жатқанын ойлағанда, өзіңді кінәлі санап, жаныңды қоярға жер таппай, іштей мүжілетінің тағы бар.

Мемлекеттік тілдегі оқулықтарды жазу туралы, олардың сын көтермейтін сапасы жайында БАҚ беттерінде аз жазылған жоқ. Алайда нәти- жесі болмаған соң, кінәлілер бұрынғыдан да астамсып, өз дегенін одан әрі жалғастырып жүр. Ең үрейлісі, Қазақстанның көптеген жоғары оқу үрдісі әлі күнге дейін ішінара Ресей мемлекетінің оқу бағдарламасы бойынша, солардың оқулықтары мен зерттеу еңбектері негізінде жүргізіледі. Әсіресе гуманитарлық бағытта: тарих, саясаттану, философия, журналистика...одан биология, география, химия сияқты жаратылыстану ғылымдары да қалыспайды. Біраз оқу орындарында өткен ғасырдың 60-80-жылдары аралығында кеңестік идеологияға сәйкес құрылған оқулықтар бойынша дәрістер оқылып, әлі де болса бодандықтың бұғауында шырмалып жатқанымыз байқалады. Бүгінгі әңгіме дамыған алдыңғы қатарлы шетелдерде «төртінші билік» саналып, үкімет пен мемлекеттің кез келген ісіне батыл араласып, халықтық деп аталатын журналистика, яғни, БАҚ мамандарын даярлауға бізде қолданылып жүрген оқулықтар жайлы болмақ.

Қазір еліміздің 22 жоғары оқу орнында журналистика мамандығы бойынша кадрлар дайындалады екен. Алматы, Қарағанды, Астана қалалары мен барлық дерлік облыс орталықтарындағы мемлекеттік және мемлекеттік емес университеттерде. Бұл қуанарлық жағдай. Әсіресе қазақ тілді БАҚ үшін. Себебі, оңтүстік және солтүстік астаналарда оқу бітіргендер облыстарға бармайтыны белгілі. Екіншіден, журналист болғысы келетін небір талантты ұл–қыздардың мынадай күйіп тұрған нарық жағдайында Алматы мен Астанаға барып өздері қалаған мамандық бойынша білім ала қоюы да екіталай. Сондықтан көп талапкерлер өздері туып-өскен аймақ орталықтарынан жаман-жақсы болсын білім алуға мәжбүр. Үшіншіден, бұл мамандыққа деген Білім және ғылым министрлігінің де көзқарасы мәз болмай тұр. Оған жыл сайын қазақ бөліміне бөлінетін 40, орыс бөліміне бөлінетін 20 грант дәлел. Мысалы, биыл грантқа 100 баллдың 98-ін жеңіп алғандар ғана ие болды. Осыған қарамастан соңғы жылдары облыс орталықтарындағы жоғары оқу орындарына журналист мамандығын игерем деушілердің легі толастар емес. Көпшілігі келісім-шарт бойынша оқуға түсіп, өздері қалаған мамандықты игеруге тырысуда. Алайда жергілікті оқу орындарында бұл тұрғыда шешілмеген, бірақ шешілуге тиісті көп проблемалар бар.

Ең бастысы – кадр мәселесі. Атақ-дәрежесі бар ғалым оқытушыларды былай қойғанда, жан-жақты теориялық дайындығы бар маман оқытушылардың өзі жоқтың қасы. Білім және ғылым министрлігі тарапынан оларды даярлау үшін соңғы 3-4 жылдың қарасында облыстарға магистратураға бірде-бір орын бөлінбеген. Естуімізше, бөлінген 30 шақты орынның барлығы Алматы мен Астананың еншісінде кеткен. Екіншіден, сапалы журналист кадрларын даярлау үшін қажетті студия, лаборатория, жан-жақты жабдықталған кабинеттерді іздеп табу оңай емес. Студенттерге газет, журнал, радиотелевизия хабарларын дайындау сабақтары ауызша, әрі кетсе тақтаға схема сызу арқылы түсіндіріледі. Қазіргідей, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың айтуы бойынша мектептердің өзі 98 пайызы спутниктік жүйеге қосылып, интернетті пайдаланып отырған кезде, болашақ «төртінші билік» иелерінің жоғары оқу қабырғасында компьютер мен интернетті игере алмай отырғаны қалай?



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   15




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет