Аллаберген тарих және баспасөЗ (Қазақ мерзімді баспасөзінің зерттелу тарихынан) Екінші кітап



бет8/15
Дата25.02.2016
өлшемі1.13 Mb.
#20331
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   15

2. Қайыржан Бекхожин
Қайыржан Нұрғожаұлы Бекхожин көзінің тірісінде қазақ мерзімді баспасөзінің тарихына арнап 60-тан астам ғылыми мақала мен «Қазақ мерзімді баспасөзінің даму жолдары» атты монографиялық еңбек жазған ғалым. Бүгінгі таңда осы зерттеулерді дүниеге әкелу оған оңайға түсті ме? Кешегі «Қызыл империя» тұсында халқымызға өткен тарихымызды, оның ішінде сол заманның «көзі, құлағы, тілі» болып есептелген баспасөз тарихын өз күйінде жеткізудің сәті түсті ме, жоқ әлде өзіндік қиыншылықтары болды ма деген сауалдар туындайды.

Қ. Бекхожин 1949 жылы алғаш рет «Дала уалаяты» газеті тақырыбына кандидаттық диссертация қорғады. Бірақ, көп өтпей осы еңбекке орай «Социалистік Қазақстан» газетінің 1951 жылғы 17-қарашадағы санында Б. Қорқытов пен Ә. Досбаевтың «Қазақ баспасөзінің тарихын зерттеудегі өрескел қателер» атты көлемді мақалалары жарияланды. Онда Қ. Бекхожиннің жоғарыда аталған «Дала уалаяты- қазақтың тұңғыш газеті» деген кондидаттық диссертациясы қатты сыналды.

Бұл кез жалпы қазақтың тарихына , оңын әдебиеті мен мәдениетіне жанашырлық көрсетіп , оны зерттеуге бет бұрған азаматтардың ізіне түсіп, іздеу салған, халқымыздың өткен тарихы мен мәдени мұрасы жайлы жағымды сөз айтқысы келген ғалым-зерттеушілерге күйе жағып, үйірінен қуылған саяқ жылқыдай жұрттан шеттетіп, шекесіне нұқуға бейім тұратын уақыт болатын. Мәселен, Ж. Сәрсеков өзінің «Тарихи шындық бұрмаламбасын» деген мақаласында /«Әдебиет және искусство» журналының 1951 жылғы, 7-санында жарияланған/: «Революциядан бұрынғы қазақ баспасөзінің бәрі дерлік реакцияшыл, байшыл, ұлтшыл бағытта болды, сондықтан оны зерттеудің қажеті жоқ»,- деген сыңаржақ пікірді ұсынды. Өкінішке орай арада 40 жылдам астам уақыт өтсе де, тәуелсіздік алғаннан соң да өткен көлеңкесінен үркіп, әлі күнге дейін 1917 жылғы Қазан төңкерісіне дейінгі қазақ басылымдары патша өкіметінің саясатын насихаттаудан аспаған немесе сол баяғы байшыл, ұлтшыл, реакцияшыл болған деген ой- пікірден асып кете алмай жүрген зерттеушілер де жоқ емес.

Сөйтіп, осындай жан-жақты қысымнан соң қос ғалым да өздерінің қазақ баспасөзін зерттеудегі «қателіктерін» мойындауға мәжбүр болып, оны «түзету» жолында, яғни партия саясатымен үндес келетін бірізділікке салу үшін біраз еңбектенген. Соның нәтижесінде Б. Кенжебаев жоғарыда аталған кітапшасын түзетіп /сынға іліккен тұстарын/ 1956 жылы «Қазақ баспасөзі тарихынан мәліметтер» деген атпен қайта бастырып шығарса, ал Қ. Бекхожин 1958 жылы «Қазақ баспасөзі совет өкіметі орнау жылдарында» атты пышақтың қырындай 12 беттік кіапшасын оқырмандарына ұсынды.

Бірақ, бұл қос ғалымның майдан алдындағы барлау, қансонар алдындағы із кесу сияқты алдын-ала дайындық жұмыстары болатын. Өйткені, арада біраз тыныштық орнап, «жеке басқа табынушылық» науқаны саябырси бастағаннан-ақ, іштей бір ортақ шешімге келген қос ғалым ғылым майданына білек түре қайтадан араласып кетті.

Ақыры, 1964 жылы сол кездегі қазақ мемлекеттік баспасының Қ. Бекхожиннің 13 баспа табақ көлеміндегі «Қазақ баспасөзінің даму жолдары» /1860-1930 жылдар/ деген монографиялық кітабы жарық көріп, ақ түйенің қарны ақтарылды. Себебі, бұл қазақ баспасөзінің 80 жылдық тұтас тарихына арналған тұңғыш көлемді де, құнды еңбек болатын. Бірақ, автор алғашқымын деп асып-таспады. Қайта ол кітабының алғысөзінде: «Қазақ баспасөзінің бағыт-бағдарына алғаш баға бергендердің бірі – жазушы, академик С. Мұқанов. Ол өзінің 1932 жылғы «XX ғасырдағы қазақ әдебиеті» деген кітабында қазақ баспасөзіне біраз талдау жасайды. Сол сияқты профессор Е. Ысмайыловтың 1941 жылғы «Қазақ әдебиеті» деген оқу құралында, «Қазақ ССР тарихында» /үш рет басылуында да/, Қ. Бейсембиевтің 1961 жылғы «Қазақстанда XIX ғасырдың аяқ шенінде және XX ғасырдың басында болған саяси – идеялық ағымдар» деген кітабында қазақ баспасөзі туралы сөз болады » деп өз еңбегінің тақыр жерден шықпағанын ескерте отырып, одан әрі «Қазақ баспасөзінің тарихын зерттеуге бұрын-соңды басылып шыққан библиографиялық көрсеткіштер көп жеңілдік келтіреді. Бұл жөнінде Алекторовтың /Указатель книг, журнальных и газетных статей и заметок о киргизах. Казань, 1900/, Седельниковтың / Библиографический указатель по казахскому устному творчеству. Вып, 1771-1916, Алма-Ата, 1951/, Сәбитовтың / Библиографический указатель материалов по истории Казахстана. Алма-Ата, 1945/, «Қазақ әдебиетінің библиографиялық көрсеткіші», академик Ә. Марғұлан мен профессор Е. Ысмайыловтың басшылығымен Ү. Сұбханбердина / «Айқап» бетіндегі мақалалар мен хат-хабарлар. Алматы, 1961. Қазақтың революциядан бұрынғы мерзімді баспасөзіндегі материалдар. Алматы, 1963/ құрастырған библиографиялық көрсеткіштерді атап көрсетуге болады» деген сияқты ғылыми құнды материалдардың бастауы қайда жатқандығын көрсетеді де, ақыр соңында: «Қазақстанда коммунистік баспасөздің, яғни қазақ совет баспасөзінің туып, дами бастаған дәуіріндегі қызметін жинақтап, баяндау үшін Т. Амандосовтың /Верныйдағы большевиктік тұңғыш қазақ газеті, 1959/,. С. Имашевтің /Зарождение коммунистической печати в Казахстане, 1961/, Б. Кенжебаев пен Т. Қожакеевтің / Қазақ совет баспасөзі тарихынан, 1962/ кітапшалары және басқалардың еңбектері қосымша құнды материал болғанын автор арнайы атап өтеді»,- деп өзінің басқа да ғалым, зерттеушілерге деген ыстық ықыласын білдіреді.

Еңбек «Қазақтың мерзімді баспасөзінің пайда болуы», «Буржуазиялық-демократиялық революция дәуіріндегі қазақ баспасөзі /«1905-1907 жылдар/», «Қазақ баспасөзі революциялық жаңа өрлеу және дүниежүзілік империалистік соғыс жылдарында /1910-1917 жылдар/», «Қазақ баспасөзі Ұлы Октябрь социалистік революциясының жеңуі және совет өкіметін орнату үшін күресте /1917 жылдың марты – 1918 жылдың июні/», «Қазақ баспасөзі шетел соғыс интервенциясы мен азамат соғысы дәуірінде / 1918-1920 жылдар/», «Қазақ баспасөзі республиканың халық шаруашылығын қалпына келтіру үшін күресте /1921-1925 жылдар/», «Қазақ баспасөзі социалистік индустрияландыру үшін күрес және ауыл-шаруашылығын жаппай коллективтендіру ісін әзірлеу дәуірінде / 1926-1929 жылдар/» деген басты-басты алты таруға бөлінген. Ал тараулар болса сол кездегі тарихи кезеңдерге байланысты қазақ баспасөзінің пайда болу, қалыптасу, даму жолдарына орай іштей бірнеше тақырыпшаларға таратылып берілген.

Мәселен, «Қазақтың мерзімді баспасөзінің пайда болуы» деп аталатын алғашқы тарау іштей «Қазақ публицистикасы мен баспасөзінің негізін салушылар» және «Қазақ тілінде шығарылған алғашқы газеттер» деген екі тақырыпта бөлініп берілген. Алғашқы тақырыпта ш. Уәлиханов, Ы. Алтынсарин, А. Құнанбаевтардың публицистикалық мұраларына терең талдау жасалынуы арқылы, олардың не себепті қазақ баспасөзінің негізін салушылар қатарына жатқызылатындығы дәлелденсе, екінші тақырыпта қазақ тілінде алғаш шығарылған «Түркістан уалаятының газеті» туралы тұңғыш батыл пікір айтып, аз да болса бұл басылымдардың прогрессивтік жақтарына баға беріп, оның ресми емес бөлімінде көтерілген мәселелерге көңіл аударған да, Ә. Бөкейхановтың «Қыр баласы» деген бүркеншік атпен халық ауыз әдебиеті хақында материал жариялап, полемика тудырғанын, М.Ж. Көпеевтің, Р. Дүйсенбаевтың және тағы басқа ол кезде аттары ауызға алына бермейтін ғұламалар туралы дерек беріп, сөз астарына көп мән беру арқылы бұл екі газеттің де халқымыз үшін сарқылмас бұлақ екендігін сездіріп кеткен. Соның бір куәсі соңғы жылдары Ү. Сұбханбердинаның тікелей маңдай терімен жарыққа шығып, рухани байлығымыздың бір белгісіне айналған «Дала уалаяты газетінің» 5 томдық толық мәтіні берілген библиографиялық көрсеткіші. Екінші бір көңіл аударарлық мәселе кітаптың үшінші тарауында XX ғасырдың басында еркін ойлы, биресми тұрғыда шығып тұрған, демократиялық, прогресшіл бағыттағы «Қазақстан» газеті мен «Айқап» журналына деген автордың өзіндік көзқарасы, ұстанған позициясы.

«Қазақстан» газеті туралы автор ә, дегеннен-ақ «1910-1914» жылдардағы революциялық қозғалыстың жаңа өрлеуі Қазақстан жұмысшылары мен шаруаларына ғана емес, сонымен қатар қазақ арасында жалпы демократиялық, мәдени-ағартушылық қозғалыстың жандануына үлкен әсер етті. Мысалы, Орда қаласында алдыңғы қатарлы қазақ интеллегенциясы: мұғалімдері, дәрігерлері т.б. қызметкерлер жасырын кәсіпшілік одақ ұйымдастырады. Одақтың көздеген шаруашылық, саяси мақсаты болды. Осы ұйым баспахана сатып алу үшін елден ақша жинап, жиналған қаржыға А.Н.Щелкованың меншікті баспаханасын ашуға көмектеседі. «Қазақстан» газетінің алғашқы нөмірлері осы баспаханада шығарылады. Бұл көңіл аударарлық, әлі де жете зерттелуін қажет ететін жайт»,-деп бұл басылымға өзінің іш тартатындығын сездіреді.

Бұл тегіннен-тегін емес еді, әттең, заман басқа болды. Ғалым жинаған мол мұрасын еркін пайдалана алмады. Сондықтан, бүтін дүниені жартыкеш қып беруге тура келді. Кезінде Е. Бұйрин, Ғ. Қарашев, Б. Қаратаев, С. Меңдешев сияқты авторлары болған жер, ел тағдыры, тарих, әдебиет, мәдениет күйі, отарлау саясаты туралы қайсыбір жайды ашық жазуға дәрмені барған басылым туралы «Қазақстан» қазақ баспасөзінің тарихынан прогресшіл-демократиялық бағыттағы газет ретінде орын алады деуден, артыққа бара алмады.

Қ. Бекхожиннің бұдан кейінгі зерттеу обьектісі «Айқап» журналы болып табылады. Ол бұл жайында: Қазақ халқының мәдени өмірінде XX ғасырдың бас кезінде болған елеулі оқиғалардың бірі – «Айқап» журналының шығуы. Ол қазақтың тұңғыш қоғамдық-саяси және әдеби журналы болды. «Айқап» өзінің сипаты жөнінен жалпы демократиялық болғанымен, іс жүзінде Шоқан Уәлихановтың, Ыбырай Алтынсариннің, Абай Құнанбаевтың ағартушылық идеялары негізінде дамып келе жатқан қоғамдық ой-пікірінің, әдебиетінің, публицистикасының прогресшілдік және демократиялық дәстүрлерін жалғастырған, ілгері дамытқан журнал болды.

Алайда, бұл журнал туралы әр түрлі пікірлер айтылып келді. Кейбіреулер «Айқап», оның редакторы М. Сералин орыс шаруаларының Қазақстанға қоныс аударуына қарсы болды, оның бетінде буржуазиялық-ұлтшыл, панисламшыл элементтердің мақалалары жарияланып отырды, сондықтан ол кері тартпа журнал болды деп көрсетті. Бұл пікірлердің қате және дұрыс емес екенін филология ғылымдарының докторы, профессор Б. Кенжебаев өзінің «Қазақ халқының XX ғасыр басындағы демократ жазушылары» деген монографиясында дәлелдеді. «Айқап» жалпы алғанда демократияшыл, ағартушы бағыттағы журнал болды деп тұжырымдады», -деп жаза келіп, «Айқаптың» бірқатар оң істерін дұрыс көрсете білген.

Сөйте тұра кітап авторы бұл арада «Айқап» пен «Қазақ» газетінің арасында жер мәселесі туралы болған айтысқа дұрыс баға бере алмаған, әрі «Айқаптың» жабылуын: «Буржуазияшыл-ұлтшылдар «Қазақ» газетінің мерейін үстем ету үшін «Айқап» журналының қыр соңынан қалмай қудалап, жамандап, ақыры оның бұқара алдында беделін түсірді. Біздіңше журналды алушылардың азайып кетуіне «Қазақ» газетінің кесірі тиген.

Көп ұзамай «Қазақ» газеті шын сырын өзі ашты. «Қазақ тілінде шығып тұрған бір газет, бір журнал екеуінің бірі жабылып қалған соң, екіншісін күшейтуге көмек етушілер болыңқырады», - деп мұртын ширатты», - деп «Қазақ» газетінен көрген.

Әрине, бұл жерде біздер белгілі себептерге байланысты кітап авторын кінәлауға еш хақымыз жоқ. Қайта соңдай кезеңде бұл басылымдар туралы өрелі ой айтып, халықтың игілігіне айналдыруға тырысқандығы үшін алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

Кітаптың екінші бөлімі «Қазақ совет баспасөзі» /1917-1930/, деп аталады. Мұндағы алғашқы көңіл аударарлық жай «Тіршілік» газетіне байланысты материалдар. Бұл басылым туралы автор: «1917 жылдың күзінде «Алаш» партиясы, «Алашорда» үкіметі, жер-жерде оның комитеттері құрылды. «Қазақ» газеті алашордашылардың ресми газетіне айналды. Онда «Алаш» партиясының программасы насихатталды. «Алашорда» автономиясы дәріптелді, буржуазиялық құрылтай жиналысына жіберілетін делегаттардың тізімі жарияланды.

1918 жылы 18 январда Орынборды большевиктер алғанда Алашорданың, оның газеті «Қазақтың» басшылары контрреволюцияшыл атаман Дутовтың әскерімен бірге қаладан қашып шығып, Семейге қарай жөнелді. «Қазақ» газеті 1918 жылғы 27 февральдағы бас мақаласында Орынборда Совет өкіметінің орнағанын мақұлдаған бола отырып, Ревкомның оны басқарған большевиктердің жүзеге асыра бастаған шараларын астарлы пікірлермен мұқата, құбыжық ете көрсетеді. Сондықтан да, большевиктер Орынборды алғанда Әліби Жанкелдин «Қазақ» газетінің Советке қарсы бағытта шыққан нөмірінің таралуына тыйым салған болатын.

С. Сейфуллин айтқандай, бөкейліктердің «Ұран» /1917 жылғы қыркүйектен 1918 жылғы мамырға дейін Орда қаласында шығып тұрды/ газеті «Қазақтың» ықпалында болды. Кейде газет қазақ халқын прогресс, өнерлі елдер қатарына жетуге шақырғанымен тұрақты бағыт ұстай алмады.

Бұл кезеңде тек қана «Тіршілік» газеті дұрыс жолда болып, революцияшыл-демократиялық бағыт ұстады. Ол буржуазиялық органдардың кертартпалық, контрреволюциялық әрекеттерін батыл әшкерелеп отырды»,-дей келіп дәлел ретінде Сәкен Сейфулиннің «Бұл газеттер,- «Тіршіліктен» басқаның бәрі бірбеткей болды. Бәрі Орынбордағы «Қазақ» газетінің ықпалымен жүрді. Бәрінің құлақ күйін «Қазақ» газеті бұрап беріп, нұсқау беріп отыратын болды. Бәрінің орталық туы «Қазақ» газеті»,-деген деректі көлденең тартады.

Әрине, бұған кеңес үкіметі тұсында бәріміз имандай сендік. Көзіміз көрмесе де «ұлтшыл» басылымдарды іштей кінәладық. Өйткені саясат та, басқа да соған имандай сендірді. Бірдеңеге күдік келтіруге болмады. Бағымызға орай өз халқының өткен тарихын көрем, білем деушілерге жол да, мүмкіндік те ашылды. Қайыржан Бекхожин сияқты ұлтжанды ағаларымыздың қолы жете алмағандарын зерттеп, айта алмай құса болып кеткендерін кейінгі ұрпаққа жеткізу біздердің еншімізге қалды. Жанған оттай лапылдап тұрған «Қызыл империяның» қиын-қыстау жылдарында бастарын өлімге тігіп, тарихтың қойнауын ақтарып, шындықтың түбіне жетуге тырысқан аға ұрпақтан бізге өнеге етер, үйренер тұстарымыз көп-ақ.

Бұдан әрі автор кітабында ауылшаруашылығын ұйымдастыру және өнеркәсіпті индустрияландыру жылдарында Қазақстанда шығып тұрған «Ауыл тілі» және «Жұмысшы» газеттеріне арнайы тоқталып, бұл басылымдардың сол кездегі шаруалар мен жұмысшы кадрларын дайындау жолындағы игілікті істерін дәріптейді. Мәселен, кітап авторы «Ауыл тілі» газеті туралы: «Бұл газетке Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Сәбит Мұқанов, Бейімбет Майлин, Жақан Сыздықов, Қалмақан Әбдіқадыров, Аманғали Сегізбаев сияқты көрнекті жазушылар мен журналистер белсене қатысты. Олар халыққа түсінікті тілде, қара сөзбен де, өлеңмен де, әңгіме, очерк, сықақ, фельетон жазып, ескіні сөгіп, жаңаны дәріптеді...»,-деп жазса, «Жұмысшы» газеті хақында: «Жұмысшы» газеті 1930 жылға дейін шығып тұрды. Бұл уақыттың ішінде ол бұрын өнеркәсібі болмаған Қазақстанда жаңа өнеркәсіп орындарының көптеп ашылуына, онда қазақ жұмысшылары санының көбеюіне байланысты олардың мәдени-білім дәрежесінің өсуіне ат салысты. Республикамызда маман жұмысшы кадрларын даярлауға қолқабыс етті. Сөйтіп, өзіне жүктелген абыройлы да зор сенімді толық ақтай алды»,-деген Т. Қожакеевтің «Жұмысшы, шаруа газеттері» атты мақаласынан үзінді келтіреді.

Келесі сөз Ташкентте шыққан қазақ тіліндегі газет-журналдар туралы болмақ. Автор еңбегінде 1920-1925 жылдар аралығында осында жарық көрген «Ақ жол» газет, оған қосымша ретінде шығарылған тұңғыш сықақ журналы «Шаншарға», сондай-ақ «Шолпан», «Сана» журналдары мен «Жас қайрат» газетінің шығу тарихына тоқталып, олардың әрқайсысына өз кезеңінің биігінен обьективті түрде баға беруге тырысады.

Өкінішке орай Қ. Бекхожиннің «Қазақ баспасөзі тарихының очеркі» деп аталатын екінші бір монографиялық еңбегі өзі қайтыс болып кеткеннен соң 1981 жылы «Мектеп» баспасынан 13 баспа табақ көлемінде толықтырылып, өңделіп қайта басылып шықты. Бұл монографияда біздің назарымызды аударған «Қазақстан баспасөзі Ұлы Отан соғысы жылдарында» және «Қазақстан баспасөзі соғыстан кейінгі бесжылдықтар кезінде /1945-1958/»,-деп аталатын соңғы екі тарау болды.

Алғашқы тарауда Ұлы Отан соғысы жылдарында қазақ баспасөзінің жеңіске қосқан өзіндік үлесі мен қазақ тіліндегі майдандық газеттер туралы егжей-тегжейлі мәліметтер береді. Мәселен, ол: - «Қазақ тілінде шығарылған майдандық газеттер қазақ баспасөзінің тарихынан елеулі орын алады. Бұл газеттерді шығару ісіне Ахмет Елшібеков, Үмітбай Балқашев, Қасым Шәріпов, Әбу Сәрсенбаев, Қалмахан Әбдіқадыров, Жұбан Молдағалиев, Әнуар Икмағанбетов, Құрманбек Сағындықов, Мұса Дінішев, Төлеутай Ақшолақов, Сағынғали Сейтов, Жекен Жұмақанов, Зейнолла Тұрарбеков, Әбдірашит Бектемісов, Мұзафар Әлімбаев, Қалижан Бекхожин сияқты жауынгер журналистер мен жазушылар редактор, газет қызметкерлері, тілшілер болып қатысты. Міне осылар үлкен жазушыларымызбен қатар қазақ баспасөзінің тарихында тұңғыш рет әскери очерк жанрын қалыптастырды., орнықтырды. Олар жалынды сөздерімен жауынгерлердің жүрегіне жол тапты»,-деп майдангер журналистердің еңбектерін жоғары бағалады.

Ал, бұл кітаптың соңғы он бірінші тарауында болса соғыстан кейінгі бесжылдықтар кезеңіндегі /1945-1958/ қазақ баспасөзінің өткен жолына, тындырған істеріне шолу жасалып, баға беріледі.

Қорытып айтар болсақ Қ. Бекхожин бүкіл ғұмырын қазақ баспасөзінің тарихын зерттеуге жұмсаған азамат. Рас, замана ырқынан аса алмай көп тұста күмілжіңкіреп, кей сәтте тіпті өз жүрегінен шықпаған пікірді тықпалап отырғаны да сезіліп тұрады. Қайыржан Бекхожиннің жеке басын, оның адамгершілік, кісілік келбетін оны танитын замандастары ғалымның өле-өлгенше ұлты, халқы үшін адал қызмет етуге ұмтылып өткенін жақсы біледі. Біледі де әлгідей өкіметтің шылауынан шыға алмай лажсыз айтқан өкінішті пікірлерінің өзіне кешіріммен қарайды. Өйткені, уақыт, заман солай болды...



3. Темірбек Қожакеев
Дүниеге шыр етіп келіп, көзін ашқанда бір жағы қуанған, бір жағы сол кездегі қиын өмірдің тауқыметінен, өздері үшін емес, балалары, болашақтары үшін қорқып, қам жеген әке-шешесі жас сәбидің құлағына қазақ халқының ежелгі салт-дәстүрі бойынша «темірдей берік болсын» деген игі ниетпен үш қайтара Темірбек деп дауыстапты. Ата-анасының сол ақ тілеуі қабыл болып, өмірдің ыстық-суығына төтеп берген бар саналы ғұмырын шәкірт тәрбиелеп, ұзақ жылдар бойы республикамыздың баспасөзі мен қатар бұқаралық ақпарат құралдарында қызмет атқаратын журналист кадрларын дайындауға атсалысып, қарапайым оқытушылықтан ғылым докторы, профессор дәрежесіне көтерілген Қожаке атамыздың Темірбек ұлы бұл күндері жетпіс жасқа толып, өз халқының аяулы ұлдары сапынан, құрметті ақсақалдар қатарынан орын алып, тағы да бір жаңа қырынан танылып отыр.

Бұлай деуіміздің өзіндік себебі де бар. Біріншіден әулие жасы жетпіске келетін де бар, келмейтін де бар. Екіншіден жетпіс жасап халқына танылатыны да танылмайтындары да бар. Үшіншіден жақсы-жаман атану әр адамның өз қолындағы іс! Дәлел жеткілікті. Мәселен жүз жасап, өмір бойы шен-шекпеннен мұқтаж болмаған, тек қана өз жеке басының қамын ойлаған немесе атақ-байлығын қайда жіберерін білмей дал болғанда маңайларына жақын туысқан жатып ішерлер мен тіленшектерді жинай бастайтындардың соңы неге апарып соғатындығын көріп те, байқап та жүрміз. Ондайлар қаншама бақ таластырып, біреулерге жапа шектіріп, уақытша билік жүргізгендермен ешқашанда халықпен тіл табысып олардың қамын ойлап, тарихи тұлға дәрежесіне көтеріле алмақ емес. Міне сондықтан да тек қана елім деп еңіреген, халқым деп қол бастаған олардың мұң-мұқтаждығын талап-тілегін заман ағымына сай түсіне біліп сол үшін күрескен адамның ғана тарихта қалуына, кейінгі ұрпақтың мақтанышына айналуына толық құқығы бар.

Қазақ халқының жарық жұлдыздары Шоқан, Ыбырай, Абайдан бастап кешегі бес арысымыз – Ахмет, Шәкәрім, Міржақып, Мағжан, Жүсіпбектерге дейінгі аралықтағы және олардың ісін алға жалғастырушылар Саттар Баубек, Бауыржан, Мәліктерден қазіргі Сағат, Оралхан, Мұхтар, Фариза, Қайратқа дейінгілердің қаламмен де қалаберді қарумен де еліміздің ішкі – сыртқа жауларына қарсы күрескен, қажет бола қалса күресетін де темір құрсауларымыз екендігін бір сәт те естен шығармағанымыз жөн. Ендеше бұларды қалайша тарихи тұлға ретінде атап, мақтанышқа айналдырмасқа. Міне, осындай еңбегімен де, ісімен де, үлкен жүректі адамгершілігімен де халық қалаулысына айналған аяулы азаматтарымыздың қатарында ғалым, зерттеуші сатирик, жазушы, педагог ең алдымен жастардың жақын, жанашыр қамқоршысы Темірбек Қожакеұлының болуы да заңды құбылыс демекшіміз.

Себебі ХХ ғасырдың екінші жартысынан басталатын қазақ баспасөзінің тарихын зерттеуге (әсіресе 1927-1941 жылдар аралығы) белгілі ғалымдар Б.Кенжебаев, Қ.Бекхожин, Ү.Сұбханбердина және т.б қатар атсалысқан, қазақ сатирасының пайда болу, қалыптасу даму кезеңдеріне арнап ондаған зерттеу еңбектер жазып жариялатқан, кезінде кеңес өкіметі тарихынан байшыл, ұлтшыл алашордашыл деп жала жабылып, тоқтатылып тасталған «Қазақ», «Сарыарқа», «Бірлік туы», «Алаш», «Жас азамат», «Ұран» газеттері мен «Абай» журналында қызмет істеп, материалдарын жариялатқан С.Қожанов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Қ. Кемеңгеорв, Ж.Аймауытов, Н.Төреқұлов, А.Асылбеков, М. Жолдыбаев, Қ.Сарымолдаев, Н.Манаев сияқты бір топ публицистердің еңбек жолдарын, творчестваларын зерттеп, қазақ халқының әдеби, рухани мұрасы ретінде алтынды қоспадан тазартып бергендей қылып туған халқына қайтарып берген жарық жұлдыздай абзал азаматты басқаша атау мүмкін емес сияқты. Мұның өзі, біле білген адамға үлкен ерлік.

Екіншіден, ғылым жолы ой - шұңқыры мен белең - белестері көп те ұзақ, әрі қиын жол. Ғылымда оның осындай оңайлықпен алдырмайтын қиыншылықтарына төтеп берген адам ғана өз еңбегінің жемісін көреді. Дер уақытында болмаса да өмір өзі дәлелдеп отырғандай маңдай термен, күреспен келген атақ-абырой түбінде еш кетпейді, айналып келіп иесін табады. Мұны айтып отырған себебіміз, кезінде бүкіл иісі қазақ халқына ауыр соққы болып тиіп, жарасы оңайлықпен жазылмайтын дертке айналған атақты 1986 жылдың желтоқсан оқиғасы Темекеңді де сырт айналып өткен жоқ. Оған өзі басқарып отырған журналистика факультеті студенттерінің бойына ұлтшылдықты сіңіріп, кеңес үкіметінің жүргізіп отырған оң саясатына қарсы наразылық білдіріп, жастарды алаңға шығаруды ұйымдастырды деген, әбден ойластырылып, ізі жасырылған жала жабылды. Сөйтіп, факультет деканы, ғылым докторы, профессор бұрынғы еңбектері еленбей бір-ақ күнде қызметсіз, атақ абыройсыз қалды. Бірақ жүрегіне дақ түскенмен қайсар қаламгер уақытша қиындыққа мойынсұнып қайсыбіреулер сияқты сары уайымға салынған жоқ. Қайта бар күш-қайратын жинап, архив қазбалап, жазу столына отырды. Кейіннен соның жемісі ретінде Қазақстанның айтулы баспаларынан оның «Жас тілшілер серігі», «Жыл құстары», «Көк сеңгірлер» атты айтуы монографиялары жарыққа шықты. Айтулы деу себебіміз бұл кітаптар соңғы үш-төрт жылдың аралығында ғана сауда айналымына түссе де, қазір оқырмандары үшін таптырмайтын, бір-бірінен сұрап, іздеп жүріп оқитын қат дүниеге айналып отырғанында.

Бұдан Темекең өзінің еңбекқорлығымен, әділеттілгімен барды бар, жоқты жоқ деушілігімен кейінгі кезде ғана танылды, бұрын, әсіресе «қызыл империя» тұсында кезегін күтіп, бұқпантайлап жатты деген ұғым тумауға тиіс. Өйткені, кезінде Абайды қазақ халқына «Бас ақын» ретінде Ахаң таныстырып, Мұхтар бүкіл әлемге паш етсе, Әлихан оны орыс аренасына шығарды. Ал осы Абай данышпанымыздың жаңа бір қыры – сатириктігін қазақ совет әдебиетіне қолынан жетектеп, алғаш әкеп қосқан профессор Қожакеұлы болатын. Екіншіден кезінде Сұлтанмахмұтты танудың атасы марқұм Бисекең көппен жалғыз алысып, шаршаңқырап жүргенде дара суырылып көмекке келген, «Сарыарқанның жаңбырының» да, «Ғайса кіммің?» де ешбір ұлтшылдығының жоқтығын және қайсыбіреулердің бұл өлеңдерді Сұлтанмахмұтты ақтау үшін Кенжебаевтың өзі шығарды деп халықты теріс жолға түсіріп, адастырып жүргенін де жастығына қарамастан, ертеңгі күнін ойламастан баспасөз беттері арқылы ашық айтуға дәрмені жеткен де осы Темекең еді.

Енді Т.Қожакеұлының айналасы, ортасы, ниеттес, тілектес адамдары кімдер? Немесе өзіміз әңгімеміздің басты кейіпкері қылып алып отырған тұлғамыз халықымыздың «Жолдастарыңды айтшы, мен сенің кім екеніңді айтайын» деген мәселеге келетін болсақ, онда ең алдымен қазақ әдебиеттану ғылымынан алатын орны зор, белгілі ғылым Т.Нұртазин мен Т.Қожакеұлының арасындағы ресми, ғылыми, қала берді таза адамгершілік қарым-қатынастарға тоқталамыз.

Темірғали ағамыз кезінде жас ғалымның алғырлығына, еңбекқорлығына риза болып, реті келгенде қамқорлық та жасай білген. Оның үстіне өзі үміт күткен шәкірттің еңбек жолын үзбей қадағалап отырған. Оны мына мысалдан айқын байқауға болады. Мәселен, осыдан отыз жыл бұрын Т. Нұртазин Темекеңнің «Қазақ совет фельетоны» деген еңбегіне «Т. Қожакеев әзірге қазақ фельетонын» зерттеуші алғашқы әрі жалғыз ғалым.

Қазақ фельетонының пайда болу, қалыптасу даму кезеңдерін алғаш қарастырып, оған жол салу құрметі жас ғалымның еншісіне тиді. Ал ол болса, бұл сыннан мүдірмей өтті» - деп жоғары баға берсе, оны екінші бір әдебиеттанудың білігірі Е. Ысмайылов «Күні бүгінге дейін қазақ совет фельетоны туралы жекелеген газет-журнал мақалалары болмаса, арнайы зерттеу еңбектер жоқ-тын. Сондықтан, сатира жанрын зерттеу, біліп-тану қазақ әдебиеттану ғылымының алдында тұрған үлкен міндет еді. Бұл жерде сатираның дамуы қазақ мерзімді баспасөзінің тарихы және практикасымен тығыз байланыста екендігін ұмытпағанымыз жөн. Олай болса, газет-журналымыз болу-болмауы да екіталай екен. Міне, осы үрдіс талабынан көріне білген. Т.Қожакеев студенттер, газет-журнал қызметкерлері мен ізденушілер үшін баға жетпес еңбек жазып шықты», – деп толықтырды.

Осыған іле – шала Темекеңнің революцияға дейінгі қазақ сатирасы туралы «Адам. Қоғам. Сатира» атты монографиясы дүниеге келді. Бұл еңбек туралы қазақ халқының батыр ұлы, ғалым әдебиетші М.Ғабдуллин, Қожакеев көптеген жылдары қазақ сатриасының тарихын зерттеумен айналысып келеді. Автордың сол еңбегінің жемісі ретінде екі бөліктен тұратын «Қазақ сатирасы» деп аталатын зерттеу монографиясын атауға болады. Егер, қазақ әдебиеттанушыларының әлі күнге дейін әдеби жанрлардың тарихын терең талдап, жан-жақты зерттеуге кіріспегендерін еске алсан, онда ғалымының бұл еңбегін тек ғылыми нақты еңбегі деп қана атап қоймай, әдебиет жанрларының құпиясын ашудағы іргелі монографиялық еңбектердің басы деп білгеніміз жөн деп өте салиқалы ой айтқан. Міне, еңбекқорлығымен, іздемпаздығының арқасында осындай дуалы ауыздардың ыстық ықылас – ілтипатына ілінген Т.Қожакеұлы 1980 жылдардың басында жоғарыда айтылған ғылыми зерттеулердің қорытындысы ретінде «Қазақ сатирасы» атты докторлық диссертация жазып бітірді. Оған енді қазақ ғалымдары ғана емес, туысқан республикалардың зерттеушілері де тиісті баға беріп, үн қата бастады. Мәселен, өзбек, қырғыз, әзірбайжан халықтарының Б.Керімжанова, Н.Ахундов, А. Тағаев сынды көптеген зиялылары «Қазақ сатирасы» монографиясына: «Қазақ халқының ауыз әдебиеті мен жазба әдебиетіндегі сатираның барлық даму жолын жүйелі түрде зерттеген, тек тарихи-теориялық ғана емес, сонымен бірге практикалық маңызы да өте зор болып табылатын еңбек. Ол бұл саладағы М.Әуезов, Ә.Марғұлан, С.Мұқанов еңбектерін одан әрі жалғастырып қана қоймай, жаңа ғылыми ашулар жасады»,–деп әділ бағасын берді.

Ал, қазақ әдебиеттану ғылымының қазіргі кездегі ірі өкілдерінің бірі Р.Нұрғалиев болса, өзінің «Кең тынысты барлау» деген мақаласында: «Біздің әдебиеттану ғылымында сатира мен юморды зерттеп, кешегісі мен бүгінгісіне барлау жасап, ертеңгісіне көз жүгіртіп отырған ғалымдарымыз тым аз, тіпті жоқтың қасы. Қазақ совет әдебиетіндегі осы жанрдың қалыптаса бастауынан бері қамқоршысы болып, сатира мен юмордың қашан да басы – қасынан табылып, жүрген жанашыр ғалымымыз – филология ғылымдарның докторы, профессор Т.Қожакеев»,–деп жазды.

Темекең – тек қана сатираның пайда болу, қалыптасу, даму кезеңін зерттеуші, оның теориясын жасаушы адам ғана емес, сонымен қатар фельетон жанрының үлкен жанашыр жаршысы, жазушысы да бола білген жан. Мәселен, осыдан ширек ғасыр бұрын сол кезде «Ара» журналының бас редакторы қызметін атқарған белгілі сатирик жазушы Ж.Алтайбаев өз әріптесі Т.Қожакеұлына:

«Қадірлі Қожакеев!

Келе жатқан жаңа жылмен!

Сәлем соңында айтарымыз, сізді біз «Араның» белгілі «Сарбаздарының» бірі деп санаймыз. Солай болғанмен кейін, әрине, анда-санда болсын, журнал бетінде шаң беріп қойғаныңызды қалаймыз. Жасыратын не бар, осы жағы күні бүгін пәстеу боп келеді.

Сықақ, мысқыл екінің бірінің қолынан келе бермейді ғой. Сол себепті, біз де тек өзіңіз сияқты кейбір жолдастарға үміт артамыз. Нақты фактіге құрылған фельетон ғана емес, шартты фельетон мысқыл және сықақ әңгіме, мысал, миниатюра, ескілікті күлдіргі әңгіме сияқтылар да біздің кәдемізге кәміл жарамды дүниелер. Сол сияқты карикатура салатын ұтымды тақырыптарды да далаға тастамаймыз.

Үмітімізді ақтап, журналдың жұмысына бұдан былай белсене атсалысып, тұрар деп сенеміз. Алғашқы «сәлемдемеңізді» жыл басы – январьда алсақ өте дұрыс болар еді... Солай болса ырымға да жақсы ғой» - деп наз білдіреді.

Мұның өзі ғалым Қожакеұлының жазушы ретінде қалыптасуына үлкен әсер еткен сияқты. Өйткені ортаға он бес жыл салып, Темекең жазушылар Одағына мүшелікке қабылданар сәтте жазушы Е. Әукебаев былай деп кепілдеме беріпті:

«Талантты әдебиетші, ірі ғалым Т. Қожакеевтің творчествосын әріден білемін. Ол совет адамдарының еңбек ерліктері мен жоғары адамгершілік саналылылығын көрсететін елуден астам көркем очерк пен публицистикалық мақалалардың авторы. Сондай-ақ, сатиралық жанрлардың кіші формалары төңірегінде жемісті қалам тартып жүрген қарымды жазушы да. Әсіресе, Т.Қожакеевтің «Социалистік Қазақстан», «Казахстанская правда», «Қазақ әдебиеті» газеттері мен «Вопросы литературы», «Жұлдыз» журналдарының беттерінде жарияланып жүрген қазақ жазушыларының сатиралық шығармаларындағы проблемаларды талдауға арналған мазмұны терең әрі ғылыми салыстыруы жағынан ерекше мақала, зерттеу, монографияларын атап өтпеске болмайды. Т.Қожакеев – мұнымен қоса жиырмадан астам кітап пен брошюралардың авторы. Мәселен, оның 1965-1985 жылдар аралығында «Қазақ мемелекеттік университеті», «Мектеп», «Қазақстан», «Жазушы», баспаларынан «Қазақ сатирасы», «Сатира және дәуір», «Адам, қоғам, сатира», «Сатиралық жанрлар», «Сатира-күштілер қаруы» және т.б. еңбектері шыққан.

Қорыта айтарым, сендіре айтарым Т. Қожакеев сатираның жанрлар сынының дамуына ерекше үлес қосып, келе жатқан және қоса да алатын бірден-дір қаламгер екендігінде».

Кезінде бұл тұрғыда Темекеңді белгілі қоғам қайраткері, қазақ әдебиеттану ғылымының серкесі, академик М. Қаратаев та қостап, өз ойын қағаз бетіне былай деп түсіріпті:

«Филология ғылымдарының докторы, профессор Т. Қожакеев – қазақ сатирасының проблемалары бойынша оннан астам кітап жазған, республика көлемінде әдебиет сыншысы және көркем әдебиеттің сатиралық жанрларының жанашыры, насихатшысы ретінде кеңінен танымал болған жазушы. Оның еңбектері қазіргі сатираның актуальді проблемалары мен оның тәрбиелік маңыздарына арналып құрылған. Баспасөз беттерінде ол сатирик ретінде көрініп, негізінен сатиралық әңгімелер, фельетондар жазады.

Т. Қожакеев – жиырма жыл бойы журналистика факультетінің деканы бола тұрып, бар күшін әдебиетшілерді дайындауға жұмсап, жүрген жан. Әділін айту керек, қазіргі көптеген орта және кіші буын юморларшылар мен сатириктер оның шәкірттері болған.

Т. Қожакеұлы айтулы ғалым, уытты сатириктігімен қатар, танымал сыншы да. Олай деуміздің себебі, Темекең кезінде Е. Ысмайыловтың «Ақын және революция», «Сын мен шығарма», Б.Кенжебаевтың «Қазақ әдебиеті тарихының мәселелері», «Асау жүрек», «Шындық және шеберлік», Б. Шалабаевтың «Қазақ романының тууы мен қалыптасу тарихы», «Қазақ романының тарихы», Х. Сүйіншалиевтің «Ізденіс іздері», «VIII-XVIII ғасырлардағы қазақ әдебиеті», Ж. Алтайбаевтың «Нақ,нақ», С. Адамбековтың «Атылған қыз туралы аңыз», Т. Нұртазиннің «Мұрат» сияқты түрлі жанрда жазылған роман, повесть, зерттеу еңбектеріне әділ сын жазып, жоғардыа айтқанымыздай барын бар, жоғын жоқ деуден таймаған.

Атақты авторлардан бастап, әдебиет майданына келіп, сыншылардан кейде орынсыз таяқ жеп, оң мен солын ажырата алмай жүрген жастар да Темекеңнің турашылдығы мен әділеттілігіне үнемі мойынсұнып отырған. Оны мына мысалдардан айқын байқауға болады.

Мәселен, қазақ әдебиет сынының тарланы Е. Ысмайылов Т. Қожакеұлының өзінің «Ақын және революция», «Сын мен шығарма» атты зерттеу еңбектеріне бірде шүйіріле, бірде шиырыла жазған әділ сынынан соң; «Қазақ әдебиетінің талғампаз сыншысы, ойлы әдебиетші досым Темірбек! Әдебиет сынның жолындағы еңбегің жемісті бола беруіне тілектеспін» - деп ризашылығын білдірсе, қазақ әдебиеті мен баспасөзі тарихын зерттеушілердің бірі Б. Кенжебаев Темекеңнің өзінің «Шындық пен шеберлік» монографиясына жазған сынына орай: «Құрметті інім, талантты әдебиетші Темірбек ! Нені талдасаң, не айтсаң принципің, ұраның шындық болсын. Бізге шындық тағы да шындық керек», - деп жауап қайтарады.

Енді бр сәт біздің назармыз Темекеңнің есіктен төрге, төрден төбеге дейін жиылған бай кітапханасына ауды. Бәрі де қажет кітаптар, қазақ халқының соңғы кездері жоғалтыңқырап алып жүрген рухани байлықтары. Қайсыбірінің мұқабасын ашып қалсаң да кемерінен асып, тасып жатқан ақ тілек, игі ниет, марапаттау мен құрметтеулерге жолығасың. Мұның өзі, кімді болсын бей-жай қалдырмайтын дүниелер. Сондықтан, құрметті оқырман, сіз де бұл құрмет пен тағзымнан шет қалмаңыз.

Сонымен мына бір алғашқы кітаптың мұқабасында «Ерекше дарын, ақылды Темірбекке шын достық жүректен Б. Шалабаев» деп жазылса, екінші бір кітапта «Қадірлі Темірбек! Өмірде қуанышың көп болсын, мейірің ассын. Осы кітапта аттары аталған бабалар аруағы қолдап жүрсін. Автор Х. Сүіншәлиев» деп қол қойылған. Ал, сатираның сардары, Ж. Алтайбаев: «Темеке! Сатира шаруашылығымыздың шын жанашыры – сізге мына «Нақ, нағымды» оң қолымен ұсынамын» десе, прозаның майталманы Д. Досжанов: «Қадірлі Темеке! Сіздің үлкен мәдениетімізге қосқан ұстаздық қаламгерлік үлесіңізді сырттай–іштей сыйлап жүретін жасы кіші ініңізден» деп «Табалдырығыңа табынын» сыйлапты.

Сондай-ақ, М. Қаратаевтың «Маған аса қымбат адамдар Азат пен Темірбекке ағалық махаббатпен деген қолтаңбасы, жазушы Қ. Исбаевтың «Темірбек замандасқа! Балаларыңның өмірі Айқыз өміріне ұқсамасын! Адамгершіліктері аумасын! деген ақ тілеуі, өмірден ерте кетенімен, үлкенге іні, кішіге аға бола жүріп, туған халқының мақтанышына айналған С. Әшімбаев: «Құрметті Темірбек аға! Өзіңіз сияқты еліміздің үлкен Азаматына ініңіз Сағат деген жүрек-жарды ақтарылысы мен осы мақала авторының «Ғалым әрі ұстаз! Жастардың жанашыры, қара қылды қақ жаратын дара тұлға, халық қалаулысы Темірбек ағамызға шәкірті әрі әріптесі Қырықбайдан игі ниетпен ұсынылды» деген жолдарға дейінгі санқилы ізгі тілектерге толы үлкенді-кішілі еңбектер рет-ретімен кітап сөрелерінен саптағы жауынгерлерше орын алыпты, Т.Қожакеұлы кезінде одақтас республикалардың барлық дерлік әдебиетші, ғалымдармен тығыз байланыста болған. Біреулерінен ақыл кеңес сұраса, екіншілеріне көмек беріп отырған. Мәселен, Москвалық ғалым М.С. Черепахов Темекеңе ! «Аса құрметті Қожакеев! Мен сізге «Чернышевский және Маркс» деген мақаламды жариялауға келіскеніңіз үшін әрине, сіздің тарапыңыздан қойылатын талапқа сай болса, алдын-ала алғысымды білдіргім келеді. Оған екі бірдей тарих ғылымдарының докторлары пікір жазып беруге келісіп отыр. Мені бұл арада қинайтыны бірақ мәселе. Ол сіздердің жинақтарыңызға он екі машинкалық парақтан артық көлемдегі материалы қабылданбайды деп естідім. Ал, менің мақалам барлық қысқартулар мен жөндеулерден соң жиырма жеті бет болып отыр. Егер көлеміне бола басылмай қалатын жағдай болса, тым өкінішіті-ақ.

Бірақ, сіздің көмегіңіз арқылы еңбегімнің осы көлемінен қысқармай шығатындығына шүбәм жоқ. Сәлеммен доцент Черепанов деп жазса, екінші бір астаналық жазушы Е.А. Пермяк: Қадірлі Темірбек Қожакеевич! Мен кеше өздеріңіздің қызметкеріңіз В.Н. Усачевтің әжептәуір кітабын Свердловтық М. Бассиннің «Урал» газетінде (1973-№2) жанаталаса қорғаштап, ақтамақ болғаны туралы қомақты да, нақты хат жазып қойып едім. Ал, бүгін таңертең болса, өз хатымды қайтадан оқып шығып, Басиннің бұл жан-жағындағысын көрмейтұғын қанша қоғамға тиесілі ақыл ой байлығын жекеменшіктілікке балап, тар шеңберде түсінуін өзім үшін де, сіз үшін де талқыға салу бекершілік екендігін аңғардым деп басқалардың тарапынан ешқандай тіреу қолдау таба алмай жаны құлазығанда қазақ ғалымын өзіне тартып, ақыл бөліскен...

Т. Қожакеұлы докторлық диссертациясын қорғаған жылы небәрі 44-ақ жастағы қамал бұзар қылшылдаған жас екен. Бірақ, сонысына қарамай ел адамдары да, басқалар да оны халық қамқоршысы, жоқтаушысы ретінде танып үлкен сенім артқан, әр ісіне табыс тілеп, сырттай тілектес болып отырған. Мәселен, академик М. Қаратаев, Р. Нұрғалиев, М. Қозыбаев сияқты қазақтың біртуар зиялылары Т. Қожакеұлының қуанышын да, қайғысын да бірге бөлісіп, үнемі қамқоршы жанашыр аға, іні ретінде көрініп, отырған.

Енді мәселенің осы жағына қарай ауыссақ, онда ең алдымен Мұқаң (М. Қаратаев) Темекеңнің отбасына басқаларға қарағанда бір қадам болса да жақын тұрған адам сияқты. Өйткені жылдың төрт мезгіліне байланысты айтулы даталар мен мерекелрге байланысты күндерде, Азат жеңешеміз бен Темірбек ағамыздың қабырғаларына қасырет болып қатқан қайғысы да Мұхаң мен оның зайыбы Мәкеңнің көздері мен көңілдерімен таса қалмаған. Сондықтан да болар, жасы үлкен аға-жеңге өзінен кейінгі іні, келіндеріне «Мына гүл жайнаған көктемше жарқырай беріңдер, жайнай беріңдер! – деп игі тілек білдірсе, бірде «Айналайын Азат, Темірбек! Сіздерге жан-жүрегімізбен айтар ақ тілегіміз мына жаңа 1984 жыл құтты болсын денсаулық, бақыт, абырой әкелсін! Қабырғаларыңды қайыстырған, қайғылы жыл өзімен кетсін! Енді балаларыңның тек қызық, қуанышына бөленіңдер! Сәлеммен Мәкең, Мұхаң деп қамқоршы ретінде көрінеді.

Сондай-ақ Темекеңнің өзі де басқалардың қайғы –қасіретіне, қуанышы мен игілігіне, базбіреулер сияқты «менің үйім шет жақта» деп немқұрайлықпен қарайтын жан емес. Мәселен, бұл тұрғыдан Т.Қожакеұлының отбасымен ертеден араласып келе жатқан өзбекстандық ғалым Р.Алимова «Қымбатты біздің достарымыз Қожакеевтер! Менің өмірлік серігім, ерім қайтыс болғанда, басымнан қиын сәттер өтіп жатқанда жан-жақты көмек көрсетіп, жанашарлық танытқандарыңыз және биік адамгершілік тұрғыдан ертеңіме сенуіме үлгі-өнеге болғандарыңыз үшін шын жүректен алғысымды білдіре отырып, сіздерге зор денсаулық пен бақытты өмір тілеймін, - дейді.

Т. Қожакеұлына деген өз ішкі сезімдерін құрмет-алғыстарын жыр жолдары арқылы білдіріп, парақ беттерін өлең өрнектерімен кестелген азаматтар да жоқ мес. Мәселен, қазақ оқырмандарына баспасөз беттері арқылы кеңінен танымал Нұреден мен Мәдина Муфтаховтар «Ағасы мен жеңгесінің күміс тойына:

Зымырап жиырма бес жыл өткені ме,

Азаттың әке үйінен кеткеніне?!

Сап алтындай Темекеңді ұстап алып,

Асыл арман, мұратқа жеткеніне?!


Қылығы қыздай әлі жар екен-ау,

Қайыспай жүк көтерер нар екен-ау,

Ағаның профессор атағында ,

Жеңгейдің де үлесі бар екен-ау!


Қосылса қос бәйтерек сән емес пе!

Адамзат өмірінің мәні емес пе!

Айтқанда сән мен мәнді , анау жүрген,

Періштедей ұрпағын алам еске...,

- деп жыр жолдарымен жоралғы жасаса, Темекеңінің көп жылғы ғалымдық, педагогтік еңбегі жоғары бағаланып, орден мен наградталғанда студент –шәкірттері былай деп құттықтау жолдапты:

Мұндайда шаттаныстың шарпып әні,

Шәкірттер тілдеріне бал тұнады.

Құрметі көпшіліктің кеудеңізге,

Құрметті орден болып жарқырады...
Адамның асыл мінез баласы боп,

Даламның дархан көңіл данасы боп,

Бұл күнде қалам тартқан сан қазақтың,

Жүрсіз сіз -әкесі боп, ағасы боп...


Жыл санап, биіктерге өрледіңіз,

Жанды ғой, жанады әлі еңбегіңіз.

Төртінші курстықтар айтар тілек:

«Ал ағай құтты болсын орденіңіз!»

Үлкен адамдардың арасында үлкен жарастық достық та болады екен. Олар да өз қуаныш, сүйініштерін жыр жолдары арқылы жеткізіп, керек кезінде арқалы ақын болып кетеді екен. Темірбек аға әулеті немере көргенде үлкен ғалым М.Қозыбаев үйіндегі жеңгеміз екеуі мынадай жыр жолдарын жазыпты:



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   15




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет