Аллаберген тарих және баспасөЗ (Қазақ мерзімді баспасөзінің зерттелу тарихынан) Екінші кітап


Қайраткер қаламгердің қарымдылығы туралы жаңа кітап



бет14/15
Дата25.02.2016
өлшемі1.13 Mb.
#20331
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   15

2. Қайраткер қаламгердің қарымдылығы туралы жаңа кітап
Мұхтар Әуезов – творчествосы ұлттық шеңберден шығандап көтеріліп, әлемдік мәдениеттің қымбат қазынасына толымды қор болып қосылған ұлы суреткер. Сондықтан бүгінгі таңда туған жекелеген байсалды еңбектерге қарағанда, оның мұрасы әлі ұзақ уақыт жан-жақты, сан алуан, әр бағытты зерттеулердің обьектісі болуы қажет. Табысына таңдай қағып, тапшысына бас шайқау- әдебиеттанудың марқайған кезіне жараспайтын мінез. Қазақ тарихында ерекше құбылыс – М. Әуезов туындылары идеялық-көркемдік, образдық, жанрлық ретпен де, ізденіс өрістері, қаламгерлік эволюция тұрғысынан да ақтара қарап, саралауды талап етеді.

Қазір де Әуезовтың ауызға алынбай, аз зерттеліп жүрген бірталай еңбектері бар. Олар – жас Мұхтардың қаламгерлік жолындағы алғашқы публицистикалық шығармалары. Міне, осы жайында биыл «Ана тілі» баспасынан филология ғылымдарының кандидаты Бауыржан Жақыптың 8,5 баспа табақ көлеміндегі «Мұхтар Әуезов - публицист» деген зерттеу монографиясы жарық көрді. Кітаптың алғы сөзін жазған республикамызға кеңінен танымал ғалым Шериаздан Елеукенов еңбекке: «Жас зерттеуші еңбегінің тағы да бір аталып өтілуге тиісті жері – оның жазушы публицистикасын ғылыми кең арнада зерделей білгендігі. Ол Әуезов қаламынан туған әр мақаланы журналистика тарихындағы оқиға деп бағалайды да, оның туу, жазылу тарихын, тақырыбын, мазмұнын сол кездегі қоғамдық-саяси жағдай фонында, публицистің яки мақала авторының өмірбаянымен, тіпті жазушының көркем повестерінің дүниеге келуі жайымен тығыз байланыстырады. Осының нәтижесінде Мұхтар Әуезов публицистикасының алғашқы он бес жылының жемісі көз алдыңа жайнап шыға келеді. Оның бер жағында сол бір кездердегі қазақ баспасөзінің ахуалына қанығамыз»,-деп өте жоғары баға береді.

Шынында да автордың, М. Әуезовтың публицистикасын, оның ішінде алғашқы шығармаларын талдап көрсетуге, тың ойлар айтып, батыл шешімдер жасауға жан-жақты дайындықпен келгенін, кітапты толық оқып, зерделеп шыққан соң көзіңіз жетеді. Мәселен, бұрын белгілі себептерге байланысты заңғар жазушының «Алаш», «Сарыарқа», «Абай» газет-журналдарында жарияланған алғашқы еңбектері туралы аз айтылады, немесе мүлде ауызға алынған жоқ.

Бірақ, сол алғашқы мақалаларының өзінде-ақ, жас Мұхтар қазақ халқына өзіне кім екендігін байқатып үлгерген. Ол «Алаш» газетінде жарияланған тырнақалды «Қазақтың өзгеше мінездері» мақаласында-ақ сол уақыттағы қазақ арасындағы ірі қоғамдық құбылыстар жайлы сөз қозғап, халық тұрмысының өсіп-дамуы жағдайларын әңгімелеп және соған келтіріп отырған «ұйымсыздық, күндестік, парақорлық, партия, әділетсіздік, әйелдің жолы» деген сияқты түрлі кесел-кемшіліктерін сынап, оның себептерін, сол дерттерден арылудың жолын іздейді.

Ал, жас Мұхтардың екінші бір алашорда басылымы болған «Сарыарқа» газетінің беттерінде «Адамдық негізі - әйел», «Оқудағы құрбыларыма», «Қайсысын қолданамыз» сияқты публицистикалық мақалалары жарық көрген. Мәселен, осы «Адамдық негізі - әйел» мақаласы жайында сырлы әдебиет бетінде болмай, жалпы газет, журнал мақалаларынан басталды. Ең алғашқы баспаға шыққан статьям «Сарыарқа» газетінде: «Адамдық негізі - әйел» деген нәрсе еді...» деп жазған ғой.

Кезінде М. Әуезов жалпы ғылым, білім, ілім жайында да ірі-ірі проблемалар көтеріп, басқаларға жөн-жосық көрсете алған. Бұл туралы кітап авторы былай деп жазады: «Журналдың («Абай» журналын айтып отыр.-Қ.А.) бірінші санында басылған «Ғылым» атты мақаласында Әуезов адамзат тарихынан мысалдар келтіріп, ғылымның қалай пайда болғанын баяндайды. Сөйтіп, ғылымның зор тәжірибеден, өмірлік қажеттіліктен туғанын нанымды дәлелдейді. «Шын ғылым жолына түсінсе, шын көздеген мақсаты адамдық, ақтық болар еді» - деген жолдар арқылы қаламгер ғалымның тіршілікте атқарар қызметінің айрықша екендігін көрсетеді. Бұл мақалада да адамшылық, ағартушылықты негізгі лейтмотив етіп ала отырып, публицист өзінің саяси-әлеуметтік көзқарасын танытады».

Осы және М. Әуезовтың 30-жылдарға дейінгі шығармашылығы кітаптың алғашқы «Мұхтар Әуезов публицистикасындағы қоғамдық-саяси көзқарастың қалыптасуы» деген бөліміне кірген. Ал «публицист шеберлігі» деп аталатын екінші бөлімде 30-жылдардан кейінгі, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы, және одан кейінгі кезеңдегі толыққан, шыныққан, кемерінен асып түсіп жатқан шын мәніндегі қайраткер қаламгердің публицистика саласындағы тұтас та, құнды шығармалары туралы сөз болады.

Бір сөзбен айтқанда, бұл оқулық-монография келешекте М. Әуезовты танып, білем деген студенттерге ғана емес, мен қазақпын деген бүкіл оқырманға жолбасшы, өткен тарихтан хабаршы бола алатын құнды еңбек деп бағалауға тұратын ізденістің қорытындысы дерлік.


3. Парасаттылық парызын пайымдау
Филология ғылымының кандидаты, доцент Т. Бекниязовтың «Қазақ университеті» баспасынан үстіміздегі жылы жарық көрген монографиясы «Парасат пен парыз» деп аталады. Зерттеушінің бұл еңбегінде халқымыздың рухани көркемсөз әлемі мен оның тұлғалары туралы баяндалады.

Төрегелдінің бұдан басқа да сонау 1973 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітіріп, алғаш еңбекке араласқаннан бергі ширек ғасыр ішінде республиканың баспасөз беттерінде ғылыми мақалалары мен әңгіме, очерк және жоғары оқу орындарының филология, журналистика факультеттері студенттеріне арналған көмекші оқу құралдары, материалдары жарияланып, кітап болып шыққан.

Ол еңбек жолын Қазақ радиосында редактор болып бастап, одан соң бес-алты жыл бойы аға газетіміз «Егемен Қазақстанның» мектебінен өткен. Осында жүргенде Т. Бекниязовтың 1978 жылы «Жалын» баспасынан балаларға арналған «Сырғанақ» атты тұнғыш әңгімелер жинағы жарық көрді.

Т. Бекниязов ғылымға 1985 жылдан бастап араласа бастады. Ол 1993 жылға дейін Қазақстан Ғылым академиясының М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында ғылыми қызметкер бола жүріп, кандидаттық диссертация қорғады. Соның нәтижесінде 1996 жылы «Әдебиеттану терминдерінің сөздігі» (авторлар ұжымы) және 1997 жылы «Кейіпкердің адамгершілік проблемасы» деген монографиясы дүниеге келді. Бұл еңбектердің қазіргідей егемендік алып, рухани байлықтарымызды қалпына келтіріп жатқан кезеңде жұртшылыққа қажеттігі айтпаса да түсінікті.

Алғашында Басқару академиясында қазақ тілі мен фольклордан дәріс берген. Т. Бекниязов өзі білім алған алтын ұясы - Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетінде ұстаздық қызметін жалғастырып жүр, бүгінде доцент.

Міне, ол осылайша жемісті еңбек етуде. Осы жылдар аралығында факультет студенттеіне «Журналистика терминдері», «Еуропа журналистикасының тарихынан», «Журналистің творчестволық лобораториясы» атты көмекші оқу құралдары мен әдістемелік талдаулары басылып шықты. Оған қоса студенттерді журналистикада баулып, қазақ радиосынан берілетін «Сана» радиохабарында жетекшілік етіп келеді. Бұл ҚазМҰУ - дің өзінде құрылған студия.

Публицист ретінде де Төрегелдінің тариғи тұлғаларға арналған эсселері газет-журналдарда жарияланып жүр. Бұл орайда Қорқыт, Бабыр сияқты бағзыда өткен бабаларымыз туралы оның қызығушылықпен қалам тербеуі құптарлық. Ал Төле, Қазбек, Әйтекелермен бірге жүрген Мүсірәлі (Софы Әзиз) әулие туралы, сондай-ақ әйгілі «Кенесары- Наурызбай» дастанын жазған Нысанбай жырау мен Кенесары қолбасшыларының бірі болған Бұқарбай батыр жайында тың деректер, айтарлықтай мағлұматтарды халқымызға ұсынуы да игі нышан.

4. Т. Бекниязовтың кітабы хақында
Журналистік, онан кейін жазушылық жолдан өткен Төрегелді Бекниязов ғылымға 1985 жылдан бастап араласа бастады. Ол 1993 жылға дейін Қазақстан Ғылым академиясының М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында ғылыми қызметкер болып жүріп, кандидаттық диссертация қорғады. Соның нәтижесінде 1996 жылы «Әдебиеттану терминдерінің сөздігі» (авторлар ұжымы) және 1997 жылы «Кейіпкердің адамгершілік проблемасы» деген монографиясы дүниеге келді. Араға жыл салып «Парасат пен парыз» атты екінші бір зерттеуі оқушысының қолына тиді. Сондықтан бұл еңбектердің қазіргідей егемендік алып, рухани байлықтарымызды қалпына келтіріп жатқан кезеңде жұртшылыққа қажеттегі айтпаса да түсінікті.

Ұстаз ретінде алғашында ҚР Басқару академиясында қазақ тілі мен фольклордан дәріс берген Т. Бекниязов қазір бір кездері өзі білім алған алтын ұясы - әл-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік Ұлттық университетінің журналистика факультетінде доцент, деканның орынбасары.

Осы жылдар аралығында оның факультет студенттеріне арналған «Журналистика терминдері», «Еуропа журналистикасының тарихынан», «Журналистің творчестволық лабораториясы» атты көмекші оқу құралдары мен әдістемелік талдаулары басылып шықты.

Біздің қолымызға қалам алдырып, мақала жазуға итермелеген басты себеп – Т. Бекниязовтың өткен жылы «Қазақ университеті» баспасынан шыққан «Өмірге құштарлық» атты мазмұнды да көлемді монографиялық әрі шығармашылық бағыттағы еңбегі болып отыр. Себебі, мұнда оның ширек ғасыр ішінде жазған зерттеулері мен сыни мақалалары, повестері мен әңгімелері және очерктері жинақталып берілген. Сондықтан көлемі 21 баспа табақ бұл кітап оның өз оқырмандары алдындағы есеп беруі немесе өткен еңбек жолының бір қорытындысы, түйіні сияқты.

Еңбектің бірінші бөлімінің алғашқы тарауы «Журналистика жайынан» деп аталады. Онда «Жазушылар және қазақ публицистикасы», «Шоқан бастаған жолсапар очеркі», «Байтұрсыновтың «көсемсөз» ұғымы туралы», «Тұлғалар жайлы жазбалар», «Жаңашыл журналистика жолында», «Журналистің шығармашылық ізденістері хақында», «БАҚ, заң, ұлттық тәрбие» және «Меруерт – «Қыз Жібек» деген тақырыптар қамтылған.

«Жазушылар және қазақ публицистикасы» деген зерттеуінде автор қазақ публицистикасының пайда болу, қалыптасу, даму кезеңдерін сөз етеді. XIX ғасырдың екінші жартысындағы Шоқан, Ыбырай, Абайлардан бастап, XX ғасырдың басында олардың ізбасарлары болған Ахмет, Әлихан, Міржақып, Жүсіпбек, Шәкәрім, Сәкен, Ілияс, Бейімбеттермен қатар, XX ғасырдың ірі тұлғалары – Мұхтар, Сәбит, Ғабит, Ғабидендердің бұл салада сіңірген еңбектерін паш етеді. «Шоқан бастаған жолсапар очеркінде» автор Шоқанның бұл салада тұңғыш болғандығын оның «Жоңғария очеркінен», «Іле өлкесінің географиялық очеркі», «Қырғыздар туралы жазбалары» очерктерінен нақты мысалдар келтіре отырып дәлелдейді. Соған орай мақаласында «Сайып келгенде, Шоқан шығармалары аса мазмұнды, ойға бай, көркемдігі шырайлы болып келеді. Бұған қоса оның публицист ретіндегі аңғарғыштығы, терең ойлылығы, өз заманының қыр-сырын жан-жақты толғаныспен жаза алатын қалам-қарымы тәнті етпей қоймайды. Бұл солай болу керек екені де ақиқат. Себебі, Шоқан біртуар тұлға, аса сирек дарын иесі. Ол - өзінің ұлылығын өзі дәлелдеп кеткен! Оған соңында қалған құнды да, бай мұрасы куә», - деп аяқтайды.

Осы еңбегінде автор халықаралық термин «Публицистика» деген ұғымның қазақшасын «көсемсөз» деп берген. Бұл туралы автор кітабында «... Ахаңның ғасыр басында публицистика терминін «көсемсөз» деп қазақи балама тапқанның өзі неге тұрады! Мұнда тапқырлыта айқын көрініп тұрған жоқ па? Мән-мазмұн да қабысып жатыр. Ғылыми тұрғыда бұған өзге пікір айту қиын. Мүмкін, болашақта осыған орай басқа да балама ұғым табылып қалар, бірақ әзірге Ахаңнан артық публицистика атауын тауып тұрмағанымызды да лажсыздан мойындауға тура келеді. Ендеше, бұл бүгінгі журналистиканың да ізденістік міндеті болып шығады. Ахаң негіздеген ұғым мәңгілік қала бермек!», - деп жазады.

Кітаптың бірінші бөлімінің екінші тарауы «Әдебиет әлемінен» деп аталып, онда «Проза: классиктер үлгісімен», «Әуезовке арналған роман-эссе», «Ақтаңдақтар ақиқаты», «Майдан жырлары», «Халық пен тарих бейнесі», «Тіршілік һәм тартыс», «Елдік тағылымы», «Шығыс әдебитінің зерттеушісі», «Сырдағы жырды жинаған», «Жас кейіпкер әлемі» деген сын мақалалар топтастырылып берілген.

«Проза: классиктер үлгісімен» зерттеуінде автор қазіргі қазақ повестеріндегі қаһарман проблемасы туралы: «Қазіргі қазақ жазушылары өздерінің повестерінде алдыңғы классиктерімізден үлгі ала отырып, бұл күндері қаһарман образын жасауда жан-жақты суреттеу тәсілдерімен таңылып келеді. Олардың өзге ұлт әдебиеттеріндегі секілді өзіндік суреткерлік машығы, көркемдік-эстетикалық қуаты, поэтикалық бейнелеу құралдары қалай зерттеуге де негіз бола алады. Айталық, С. Мұратбековтың, Ә. Кекілбаевтің, М. Мағауиннің, Ә. Таразидің, Қ. Жұмаділовтің, Д. Досжановтың, О. Бөкеевтің, М. Сүндетовтың, т.б. шығармалары атап айтуға тұрарлық. Олардың: «Қалың қар», «Шеткері үй», «Құс қанаты», «Өткінші», «Тілегімді бере гөр», «Сайтан көпір», «Қар қызы», «Гармония, симметрия және Марат», т.б. аталатын повестері қазақ әдебиетінің жетістігі саналады...», - деп ой қозғайды.

Мұны тиянақты дәлелдеп шығу үшін Ә. Таразидің «Дауа. Жеті. Қырық жеті», С. Мұратбековтің «Қалың қар», О. Бөкеевтің «Атау кере» шығармаларын, ондағы негізгі қаһармандар бейнесін талдап, оқырмандар назарына ұсынады.

«Әуезовке арналған роман-эссе» мақаласында академик-жазушы Зейнолла Қабдоловтың өзінің ұстазы Мұхтар Әуезов туралы жазған «Менің Әуезовім» атты роман-эссесіне жан-жақты тоқталса, «Ақтаңдақтар ақиқатында» академик Серік Қирабаевтың «Әдебиетіміздің ақтаңдақ беттері» деп аталатын монографиясын жүйелі түрде талдайды.

Т. Бекниязовтың «Өмірге құштарлық» кітабының екінші бөлімі «Шығармалар» деп аталып, онда повестері мен очерктері берілген. Оның «Мәңгілік пен махаббат» және «Менің атам батыр болған» деген екі повесі де бізге тілінің шұрайлылығымен ұнады.

Алғашқы шығарма мәңгілік өлмес махаббат тақырыбына арналған. өмірдің өзінен ойып алынған Сәулет-құрылыс академиясын бітіріп, Ұлыдария үстінен салынып жатқан көпірге қызметке жіберілген Ақнұр мен сол құрылыста инженер болып істейтін Бекеннің арасындағы достық пен сыйластық шынайы махаббатқа айналып, жоғары адамгершіліктің символын танытады.

Бірақ, өмір бар жерде қуаныш пен қайғы-қасірет те қатар жүреді емес пе?! Міне, сөйтіп талапкер сәулетші, Қадырхан бабасының мүсінін жасап елді елең еткізген, өзінің адал махаббатымен Бекен сияқты жайсаң жігіттің жүрегін баурап алған Ақнұр сынды ару қараниетті қорқаулардың қолынан қаза тапса да, оқырмандарының көз алдына жастық пен махаббаттың мәңгілік көрінісіндей болып қала берген.

«Менің атам батыр болған» повесі балалар өмірінен жазылған. Етек-жеңі ықшам. Мұнда осыдан 56 жыл бұрын аяқталған соғыс жаңғырығы бар. Бесінші сынып оқушысы, кішкентай ғана Ермектің бір кездері Белоруссияда ерлік жасап, батыр атанған нағашы атасының орденін өзі сияқты оқушылардың көмегімен табуы шығармада нанымды бейнеленген.

Бұл кітапқа Б. Бекниязовтың повесть, әңгімелерімен қатар «Абырой», «Замандас шаттығы», «Теңіз толғауы», «Парасат», «Сенім», «Арман асуы» деп аталатын біраз очерктері де енгізілген. Бұл шығармалар негізінен автордың кезінде «Социалистік Қазақстан» газетінде тілші болып қызмет істеп жүргенде жазған туындылары. Онда егінші, малшы, шахтер, мұнайшы, болат балқытушы туралы өмір суреттері берілген.

Ғалым, жазушы, публицист Т. Бекниязовтың бұл еңбегі сәтті шыққан. Кітаптың әр бөлімінде түрлі мәселелер қозғалса да оның саяр ойы біреу-ақ. Ол тәуелсіз еліміздің, өткені мен бүгіні және ертеңі туралы сенімді уәжге құрылған шығармашылық жарқын ойлар.

5. Марапаттауға лайық шығармалар
(Ерлан Мұхтарұлы Арынның тікелей басшылығымен немесе жеке авторлығымен жарық көрген басылымдар мен публицистикалық еңбектер туралы)
3-томдық «Қазақ мәдениеті» атты энциклопедиялық басылымның алғашқы томы «Қазақ тілі» деп аталады. Бұл басылымда 900-ге жуық ұғымдар мен терминдер, 400-ден аса тілші-ғалымдар жайлы есімнамалық мақалалар енген; 100-ге тарта суретпен және 80-ге жуық суретті дүниеліктермен толықтырылған.

«Қазақ тілі» энциклопедиясы мемлекеттік тіл жөнінде мол мағлұмат беретін: «Қазақ тілі», «Қазақ тіл білімі», «Ұлттық тіл», «Ана тілі», «Мемлекеттік тіл» білімі түркітану ғылымының бір саласы болғандықтан, түркі тілдерінің генетикалық, құрылымдық сипатын айқындайтын тарихи жазба ескерткіштерге («Орхон ойма жазулары», «Енисей ойма жазулары» (А. Аманжолов), («Көне ұйғыр жазба ескерткіштері» және «Ескі қыпшақ жазба ескерткіштері») арналған біршама еңбектер енгізілген. М. Қашқаридің «Диуани лұғат ат-түрік» еңбегі мен қыпшақ тілдерінің, оның ішінде қазақ тілінің қатысы бар басқа да еңбектер толық берілген. Сонымен қатар «Әлеуметтік тіл білімі», «Тіл», «Тілдік норма», «Тілдік орта», «Тілдердің қарым-қатынастар», «Тілдік жағдай», «Тілдердің топтастырылуы» сияқты тіл білімі ұғымдары да енгізілген. Түркі тілдерінің ерекшеліктерін зерттеуге зор еңбек сіңірген орыс ғалымдары, сондай-ақ қазақ тілінің жан-жақты зерттеліп, дербес ғылымға айналуына үлес қосқан зиялылары Ахмет Байтұрсынов, Халел Досмұхамедов, Жүсіпбек Аймауытов, Қошке Кемеңгеров және тағы басқа ғалымдар жайлы мағлұматтар берілген.

«Қазақ әдебиеті» энциклопедиясы сөз өнерінің, әдебиет пен әдебиеттану ғылымының барлық жанрларын, салаларын қамтитын еңбек болып табылады. Әдебиетіміз туралы сан салалы дерек-мағлұматтарды жинақтап, жүйелі түрде баяндап, ұлттық әдебиетіміз туралы тұтас түсінік қалыптастыратын қомақты еңбек. «Қазақ әдебиеті» энциклопедиясына енгізілген көптеген ғылыми мақалаларда қазақ сөз өнерінің ежелден қалыптасқан дәстүрлерін, ауызша және жазба әдебиетінің қамтитын сипатын, ұлттың өзгешелігін, қоғамдық, танымдық, көркемдік мәнін ашуға жан-жақты мән берілген. 15-18 ғасырлардағы жыраулар поэзиясына, ертегі аңыздарға, батырлық, ғашықтық жыр-дастандарға ерекше назар аударылған. Қазіргі қазақ поэзиясына да тоқталған. Оның жетістіктері нақтылы талданып баяндалған. Соңғы жылдары қалыптасқан ғылыми ұғым-терминдердің маңыздылығы жан-жақты көрсетілген.

«Қазақ өнері» энциклопедиясы жалпы мәдениетпен танысқысы келетін қалың оқушылар қауымына арналған әмбебап басылым. Ұлттық өнеріміздің даму процесі, оның сан ғасырлық тарихи жолын көрсететін энциклопедиялық еңбек. Бұл басылымда ұлттық қолданбалы өнер музыка және би, сәулет пен бейнелеу, XX ғ. өмірге келген кәсіби театр мен балет, кино мен цирк және эстрада өнерінің қалыптасуы мен оның жетістіктері, түркі тілдес елдер өнерімен туыстығы және өзара тығыз байланысты жайында жазылған мақалалар кең қамтылған. Сонымен қатар қазақ жерін мекендеген өзге ұлт өкілдерінің өнері жайлы мағлұматтар берілген. Ғасырлар бойы қалыптасқан өнеріміздің дамуына, өсіп-өркендеуіне өз үлестерін қосқан атақты мәдениет қайраткерлері жайлы қысқаша ғұмырнамалық мақалалар енген.

«Алды-артыма қарайлап өмір кештім» және «Әулиедей ұлын елейді ел» атты екі тараудан тұратын Өзбекәлі Жәнібеков туралы қомақты еңбекті атамай өтуге болмайды. Алғашқы бөлімде Өзбекәлі Жәнібековтың қазақ халқының ұлы перзенттері Қаныш Сәтбаев, Нұртас Оңдасынов, Ілияс Омаров және басқалар туралы жазбалары беріледі. Екінші бөлімде Өзбекәлі Жәнібеков туралы белгілі азаматтардың құнды еңбектері жарияланған.

2001 жылы Мұхаметжан Тынышбаевтың баяндамалары мен мақалаларының жиынтығынан тұратын таңдамалысы шығарылды. Мұхамеджан Тынышбаевтың тарихшы ғалым ретінде жазған еңбектері екінші бөлімде жинақталған. Үшінші бөлімде Мұхамеджан Тынышбаевтың өмір баяны мен қызмет жолына қатысты материалдар берілген.

Келесі еңбек Темірбек Жүргеновтің таңдамалысы. Кітаптың алғашқы тарауында Жүргеновтің әр жылдары жазған мақалалары, екінші тарауында кітаптарынан үзінділер берілген.

Сондай-ақ, Е. Арын Ілияс Омаровтың шығармаларын басып шығаруға көп үлес қосқан. Еңбекте қазақ халқының әдебиеті мен мәдениеті, өнері сөз болады.

Е.М. Арынның басшылығымен жарық көрген келесі бір 9-томдық «Қазақтар» анықтамалығы көпшілік оқырман қауымға арналған құнды еңбек. Анықтаманың бірінші томы «Тарихи оқиғалар» деп аталады. Онда Қазақстан территориясындағы алғашқы тайпалық одақтардан бастап, қазақ хандығының құрылуы, тәуелсіздік алу жолдары қарастырылады. Екінші томында «Тарихи тұлғалар» деген атпен халқымыздың аяулы перзенттерінің ғұмырнамалары берліген. «Шежіре» деп аталатын үшінші томында қазақ халқының белгілі шежіре тарқатушылары мен ғалым-зерттеушілерінің еңбектерінің мәтіндері топтастырылған.

«Асыл сөз» деген 4 томында халқымыздың аталы сөздері берілген. «Ата салт» деп аталатын 5 томы халқымыздың әдет-ғұрып, салт-дәстүрлеріне, алтыншы том «Қазақ» сөзінің шығу төркініне, жетінші томы қазақ даласын зерттеген шетел саяхатшылары мен зерттеушілердің шығармаларына арналған. Сегізінші «Атажұрт» томында жер-су аттарына анықтама беріліп, олардың шығу төркініне тоқталады. Соңғы тоғызыншы том қазақ тарихының түрлі кезеңдеріне арналып жарияланған басылымдар мен мақалалардың библиографиясынан тұрады.

Е.М. Арын басылым беттеріне де түрлі тақырыптарда мақалалар жариялаған. Атап айтсақ «Киелі жердің дарынды перзенттері» атты мақаласында Ертіс өңірінің аяулы тұлғалары Қ.И. Сәтбаев, Ә.Б. Бектұров, Ә.Х. Марғұлан және тағы басқалар туралы мәліметтер береді. Өз өлкесінің мәдени және қоғамдық өмірінің жанашыры болған Мұса Шорманұлы жайлы «Халқына қамқор болған Мұса мырза» деген мақаласы жарық көрді. «Іскер басшы, парасатты педагог» атты Әбікей Сәтбаев туралы мақаласы, ғалым Х.Ж.Жұматовтың 90-жылдығына арналған «Ғылымда үлесі мол еді», академик С.Б. Бейсембаевтың 90-жылдығына арналған «Тарихи ғылымның тұлғалы өкілі», Ш.Ш. Шөкиннің 90-жылдығына арналған «Қаһарман ғалым», академик Ә.Б. Бектұровтың мерейтойына арналған «Ғалым болашаққа көз жіберіп, бүгінгісімен өмір сүреді» атты мақалаларының қоғамымыздан алар орны ерекше.

Қорыта келгенде қазақ халқының тарихын, мәдениетін, өнерін қамтитын еңбектерді дүниеге келтірген, қазақ халқының ұлы перзенттері туралы публицистикалық еңбектер жазған Е.М. Арынның рухани байлығымызды одан әрі дамытуға қосқан үлесі өте мол.




Е.М. Арынның жалпы басқаруымен 1998 жылы «ІРК-ТІПО» баспа-редакциялық орталығынан «Қазақтар. Казахи» деген ортақ атпен шыққан көпшілікке арналған 9 томдық анықтамалық хақында
Анықтаманың бірінші томы «Тарихи оқиғалар» деп аталады. Онда біздің дәуірімізге дейінгі V ғасырдан күні бүгінге дейінгі Қазақстан тарихының негізгі кезеңдері жинақталып берілген. Сонау сақтардың тайпалық одақтарынан бастап Қаңлы мен Үйсіндердің мемлекеттік құрылымдары, Ұлы Түрік және Түргеш қағанаттары, дешті-Қыпшақ мемлекеті, Қазақстанда моңғолдардың жаулап алуы, Қазақ хандығының құрылуы, ақыры ұзақ та қиындығы мен зардаптары мол ғасырлардан соң тәуелсіздікке қол жеткен жылдарды көрсететін деректер кімді болсын селқос қалдырмайды.

Ал «Тарихи тұлғалар» деп аталатын анықтаманың екінші томында қазақ халқының сақ дәуіріндегі ата-бабаларынан бастап күні кешеге дейін ел қамы үшін жан аямай ел есінде қалған Күлтегін, Қорқыт, Әбунасыр Әл-Фараби, Абылай хан, Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би, Кенесары хан, Әлихан Бөкейханұлы, Ораз Жандосов, Ғабит Мүсірепов, Бауыржан Момышұлы, Қаныш Сәтбаев және тағы басқалардың ғұмырнамалары берілген.

Анықтаманың үшінші томы «Шежіре» деп аталады. Онда қазақ халқының белгілі шежіре тарқатушылары мен ғылым-зерттеушілері Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының «Қазақ шежіресі», Шәкәрім Құдайбердіұлының «Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі», Мұхамеджан Тынышпайұлының «Қазақ руларының шежіресі», Сәрсен Аманжоловтың «Қазақ халқының негізін құраған тайпалар мен тайпалық одақтардың тарихына байланысты» деген еңбектерінің толық мәтіндері берілген.

«Асыл сөз» қазақтар кітабының 4 томы. Мұнда ғасырлар бойы жинақталған халқымыздың аталы сөзінің мәйегі берілген. Мәселен, Ж. Баласағұнидың «Нағыз адамның белгісі - кісілік», М. Қашқаридың «Тау тауға қосылмас, адам адамға қосылады», «Кәрі ақсайды ақылдан, ер ақсайды жақыннан», О. Сүлейменовтың «Әлсіз де өлер, қайтесің, алып та өлер», Б. Момышұлының «Отан үшін отқа түс - күймейсің», М. Арынның «Ұлттық рухты жоғалтпауымыз керек, оны өзгертем деп әуре болудың қажеті жоқ» деген ұлағатты сөздері мәңгі ұмытылмас рухани мұра екендігіне дау жоқ.

Сондай-ақ «Қазақтар» кітабының бесінші томы «Ата салт» түгелдей халқымыздың әдет-ғұрып, салт-дәстүріне арналған. Онда негізінен ырым-сенімге байланысты «Ажырасаяқ», «Азан», «Азан шақырып ат қою», ойын сауыққа орай «Ақсүйек», «Алтыбақан», «Аңшылар», «Арқан тартыс», «Асық ойындары» сияқты екі жүзге таяу тақырып қамтылған.

«Қазақтар» анықтамасының алтыншы томы «Қазақ» сөзінің шығу төркіні туралы» деп аталады. Көпшілікке белгілі ғалым-зерттеушілер М. Ақынжановтың «Қазақ халқының аты туралы дерек», М. Арынның «Төртінші анық, тарих», Б. Кенжебаевтың «Қазақ», Ә. Марғұланның «Тамғалы тас» жазуы. Орта ғасырда қазақша тасқа бедерленген белгілер», В. Шахматовтың «Қазақ халқының этногенезі мәселесіне орай» сияқты еңбектері «қазақ» сөзінің шығу төркінін жан-жақты зерттеп, оқырманына мол мағлұматтар береді.

«Қазақстан һәм қазақтар хақында». Бұл «Қазақтар» кітабының жетінші томы. Кезінде Ұлы даланың қасиетті жеріне талай шетел саяхатшылары мен зерттеушілерінің табандары тиген. Олар қазақтар туралы шындыққа толы шығармалар жазып, қазақтардың елі, жері, әдет-ғұрып, салт-дәстүрі туралы өз таңданыстарын жасыра алмаған.

«Атажұрт» ұғымы кімді болсын бей-жай қалдырмайтыны анық. Сондықтан да болар бұл тақырыпқа анықтамалықтың сегізінші томы толықтай арналыпты. Мұнда негізінен елімізде ертеден қалыптасқан жер-су аттарына анықтамалар беріліп, сол атаулардың шығу төркіндеріне түсініктемелер беріледі. Әсіресе, бұл жас ұрпақтар үшін топонимикалық және ономастикалық терминдердің сырын түсінуге ерекше ықпал етеді.

«Қазақтар» анықтамасының соңғы тоғызыншы томы қазақ халқы тарихының түрлі кезеңдеріне арналып жарияланған басылымдар мен мақалалардың библиографиялық көрсеткіштеріне арналған. Бұның өзі мемлекетіміздің өткен тарихын зерттеп, білігісі келетіндер үшін таптырмас білім көзі екендігіне дау жоқ.

Қорыта келгенде осыдан төрт жыл бұрын, небәрі 3-ақ мың тиражбен жарық көрген бұл анықтамалық бүгінгі таңда тек ғалымдар мен жоғары оқу орындары студенттерінің ғана емес, көпшілік оқырманның да іздеп жүріп оқитын энциклопедиялық басылымдарына айналып отыр. Себебі, әрқайсысы 25-30 баспа табақ көлемнен тұратын бұл еңбекте қазақ халқының ұзақ ғасырларға созылған тарихы, шежіресі, әдет-ғұрып, салт-дәстүрі, өткені мен бүгінгісі және ертеңі жатыр.

Сондықтан бұл еңбек, оның жалпы редакциясын басқарған Е.М. Арын қандай да бір болмасын марапаттауға, сыйлық иегері атануға әбден лайық тұлға деп білеміз.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   15




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет