§5Тараптардың еркі
Шетел элементімен шиеленіскен азаматтық-құқықтық шарт тараптарына (соның ішінде халықаралық коммерциялық шарт тараптарына) әр түрлі мемлекеттердің материалдық құқығын таңдау. Тараптар кез-келген мемлекеттің құқығын өздерінің шарттық міндеттемелеріне қолданылуы туралы келісе алады.
Тараптардың таңдау құқығы жалпы танылған «тараптардың еркі» туралы қағиданың көрінісі болып табылады, ол тараптарға шарттың мазмұнын, оның шарттарын, бекітуге мүмкіндік береді, әрине құқық белгілеген шектерде. Бұл шетел элементімен шиеленіскен шартқа қолданылатын құқықты таңдауға таралады. Соңғы нұсқада «тараптардың еркі» тіркеу формуласы (коллизиялық қағида) ретінде болады, ол шарттық міндеттемелерде басты ұстанымдарды алады. «Тараптардың еркі» коллизиялық тіркеу формуласы ретінде – lex voluntatis өзінің дамуын көптеген мемлекеттердің заңнамасында тапты (Швейцария, Түркия, Польша, Германия, Венесуэлла, Венгрия, Австрия мемлекеттерінің халықаралық құқық туралы заңдары, 1999 жылғы Қытайдың шарттар туралы заңы, 1995 жылғы Вьетнамның Азаматтық кодексі және басқалары).
Мысалы, 1998 жылғы халықаралық құқық туралы Венэсуэлла заңының 29-бабына сәйкес « шарттық міндеттемелер тараптармен көзделген құқықпен реттеледі» немесе 1987жылғы халықаралық құқық туралы Швейцария заңының 116-бабына сәйкес «шарт тараптар таңдаған құқыққа бағынады». Осыдан келесі туындайды, тараптар кез-келген мемлекеттің құқығын таңдай алады, таңдалған құқық нақты шарттық міндеттемелерді реттейді. Егер де «тараптардың еркі» атты коллизиялық қағида белгілі бір мемлекеттің ішкі құқығында бекітілмесе, онда ол халықаралық құқық әдеттер нысанында құрылған құқық нормасы ретінде тәжірибеде қолданылады.
«Тараптардың еркі» шарттық міндеттемелерді реттеуге өкілетті құқықты таңдау әдісі ретінде осы сұраққа қатысты барлық халықаралық шарттарда көзделген. Солардың ішінде: 1928 жылғы Бустаманте кодексі, «тауарларды халықаралық сатып алу-сатуға қолданылатын құқық туралы» 1955 жылғы Гаага конвенциясы, 1978 жылғы «агенттік келісімдерге қолданылатын құқық туралы» Гаага конвенциясы, 1980 жылғы «шарттық міндеттемелерге қолданылатын құқық туралы» Рим конвенциясы, 1986 жылғы «халықаралық тауарларды сатып алу-сату шартына қолданылатын құқық туралы» Гаага конвенциясы, 1994 жылғы «халықаралық контрактілерге қолданылатын құқық туралы» Американаралық конвенциясы және тағы басқалары.
Тәжірибеде жиі пайда болатын тараптардың еркін білдіру нысаны туралы сұрақты солардың қатарына жатқызуға болады. Тараптар шарттың өзінде немесе басқа (жеке) құжатта өздерінің міндеттемелерін белгілі бір мемлекеттің құқығына бағындыра алады. Бұл жағдайда тікелей білдірілген тараптардың еркі туралы сөз болады – expresiss Verbis.
Бірақ құқықты таңдау, тараптардың міндеті болып табылмайды және олар тәжірибеде бұл құқықты жиі пайдаланбайды. Бұл жағдайда көптеген мемлекеттердің заңдары мен халықаралық шарттар «үндемей білдірілген» тараптар еркін қолдану мүмкіндігін көздейді, яғни тараптар өздерінің міндеттемесін қандай да бір мемлекеттің құқығына бағындыруды ойлады деген қорытынды мәміленің мазмұнынан туындаса.
Елеулі және практикалық маңызды сұрақтар тараптар еркінің білдіру шегімен байланысты. Бұнда бірнеше аспект бар: уақыт шегі, міндеттеменің мазмұнымен байланысты шектер, кеңістік шектері. Кеңістік туралы шектер келесіге тіреледі: тараптар қолданылатын құқық ретінде кез келген мемлекеттің құқығын таңдай алады ма, яғни шексіз немесе шарт байланысты мемлекеттер шегінде ғана ма. Көптеген мемлекеттердің заңдары,сонымен қатар шарттық міндеттемелерді коллизиялық реттеуін унификациялайтын халықаралық шарттар кеңістік бойынша тараптардың еркін шектемейді.
Уақыт шектері тараптардың құқықты таңдау кезеңімен байланысты. Тараптар қолданылатын құқықты кез келген уақытта, шарт жасасу кезінде де, одан кейін де таңдай алады. Тараптар шартқа қолданылатын құқықты өзгерту туралы да кез-келген уағдаласа алады.
Тараптар еркінің негізгі шектеулері шарттық міндеттемелердің мазмұнымен түсіндіріледі. Бұл шектеулер міндеттемелік статуттың мазмұнымен байланысты.
Тараптар еркінің соңғы шектеуі шетел мемлекеттің құқығын таңдағанда пайда болады. Бұл шектеу халықаралық жеке құқықтың жалпы танылған институты – жария тәртіп туралы ескертпемен байланысты. Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 1090-бабы жария тәртіп туралы ескертпе деп аталады. Онда:
1. Шетел құқығы оны қолдану Қазақстан Республикасы құқықтық тәртібінің негіздеріне (Қазақстан Республикасының жария тәртібіне) қайшы келерлік жағдайларда қолданылмайды. Бұл жағдайларда Қазақстан Республикасының құқығы қолданады.
2. Шетел құқығын қолданудан бас тартуды тиісті шет мемлекеттің саяси немесе экономикалық жүйесінің Қазақстан Республикасының саяси немесе экономикалық жүйесінен айырмашылығына ғана негіздеуге болмайды.
Сонымен қатар императивтік нормалар туралы бап бар. Жария тәртіп және императивтік нормаларды қолдану туралы баптар тараптар таңдаған құқықтың қолданылуын шектейді. 1091-бап императивтік нормаларды қолдану деп аталады. Онда:
1. Норманың өзінде көрсетілуі салдарынан немесе азаматтық айналымға қатысушылардың құқықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерін қамтамасыз ету үшін олардың ерекше маңызды болуына байланысты, қолданылуға тиісті құқыққа қарамастан, Қазақстан Республикасы заңдарының тиісті қатынастарды реттейтін императивтік нормаларының қолданылуына бұл бөлім ережелерінің қатысы болмайды.
2. Осы бөлімнің ережелеріне сәйкес, қандай да болсын бір елдің құқығын қолданған кезде сот, егер сол басқа елдің құқығына сәйкес мұндай нормалар, қолданылуға тиісті құқыққа қарамастан, тиісті қатынастарды реттеуге тиіс болса, басқа ел құқықтарының қатынасымен тығыз байланысы бар императивтік нормаларын қолдана алады. Бұл орайда сот мұндай нормалардың мақсаты мен сипатын, сондай-ақ оларды қолданудың салдарын назарға алуға тиіс.
Азаматтық кодексте тараптардың еркіне қатысты арнайы норма (1112-бап) бар. Ол шарт тараптарының келісімімен құқықты таңдау деп аталады. Онда:
1. Егер Қазақстан Республикасының заң актілерінде өзгеше көзделмесе, шарт тараптардың келісімімен таңдалған елдің құқығымен реттеледі.
2. Тараптардың қолданылуға тиісті құқықты таңдау туралы келісімі, айқын көрсетілуге немесе шарттың және оларды жинақтап қарайтын істің мән-жайларының ережелерінен тікелей туындауға тиіс.
3. Шарттың тараптары түтас алғанда шарт үшін де, оның жекелеген бөліктері үшін де қолданылатын құқықты таңдай алады.
4. Шарттың тараптары қолданылатын құқықты кез келген уақытта, шарт жасасу кезінде де, одан кейін де таңдап алуы мүмкін. Тараптар шартқа қолданылатын құқықты өзгерту туралы да кез келген уақытта уағдаласа алады.
Бұл норма жеке құқықтық қатынастарға қатысушы тараптардың таңдаған құқығы қолданылады дегенді білдіреді. Осындай құқықты таңдау әдісі тек қана жеке құқықтық қатынастардың бір тобына тән – шарттық міндеттемелерге. Бұл нормалардың пайда болуына көп болмаса да, қазіргі уақытта ол жалпы танылған болып есептеледі. Ұлттық коллизиялық нормалар сияқты халықаралық шарттар да шарттық міндеттемелер аясында пайда болған мәселелерді қарастыруда шешуші рөлге тараптардың еркі ие деп есептеледі.
Жоғарыда келтірілген баптың (1112-бап) мазмұнынан тараптардың еркі басымдылыққа ие екені көрініп тұр, одан кейінгі баптарда көзделген құқықты таңдау әдістері тараптардың келісімі болмаған жағдайда ғана қолданады.
Осылайша, шарттың бір мемлекеттің құқығымен байланысы тарапты кез келген, басқа мемлекеттің құқығының таңдау мүмкіндігінен айырмайды (шарттың сол мемлекетпен ешқандай байланысы жоқ болса да). Бірақ таңдалған құқықпен қатар шартпен байланысы бар елдің императивтік нормалары қолданылуы керек.
Достарыңызбен бөлісу: |