Жас қызғалдақ секілді жетпей солған,
Көріңдерші, әйелдің мүшкіл халін?!дегенде, әйелді қызғалдаққа теңеу тура емес, ауыс мағынада туған образ. Суарған семсер сияқты, Жастықта жатпа, жайпаңда; Жүрегім жүзге тілініп, Оттай жанып лаулады деген сөйлемдерде ауыспалы мағынаға ие болып тұрған метафоралық теңеулер кездеседі. Метафоралық теңеулерде метафора мен теңеу арасы жуықтай түседі. Сол себепті оған қарап теңеуді троп ретінде қарастыратын ғалымдар да бар. Құбылыстың күйін немесе заттың ерекшелігін асыра айту, әсіресе, қаламгердің эпикалық шығармаларына тән[26, 239-б]. Оны «Жорық» поэмасынан көреміз. Бернияз мұндай гиперболалық теңеулерді қолдануда өзінің алдындағы әдебиеттегі дайын теңеулерді де қолданады. ХҮ ғасырдағы жыраулар поэзиясының ең көрнекті өкілдерінің бірі - Қазтуған жыраудың:
Балығы тайдай тулаған,
Бақасы қойдай шулаған
немесе,
Балдырғаны білектей,
Баттауығы жүректей
деген жолдарын келтіреді. Сондай-ақ, ақынның төл қолтаңбасы болып табылатын авторлық теңеулері де аз емес. Айталық,
Толғандым да долдандым,
Дәу перідей қозғалдым
Албастыдай еліріп,
Жалмауыздай емініп.
Гиперболалық теңеулер шығармаға экспрессивті-эмоционалды реңк үстемелеп, стилистикалық мәнде жұмсалады. Гиперболалық теңеулерге семантикалық жағынан қарама-қарсы литоталық теңеулер де ақын поэзиясының тіліне тән. Ақынның белгілі бір кездегі көңіл күйінен хабар беретін:
Аспан саған алақандай бір уыс,
Жердің жүзі тебінгідей тар қуыс,-деген өлең тармақтарындағы литоталық теңеулер де стилистикалық мәнде жұмсалған.
Б.Күлеевтің келесі поэмасы «Қайда екен?» (444 жол) деп аталып, оған автордың өзі «Қияли поэма» деп айдар таққан, жазылған мерзімі 1922 жылдың август айының 12 жұлдызы деп көрсетілген. Поэма ұлы Абайдың алты аяғы үлгісімен жазылып, алты бөлімге жіктеліп бөлінген. Алғашқы бөлімде ақын қазақ даласын қаймағы бұзылмаған қалпында алады да, сол дәуірді қайтып оралмас, қол жетпес асыл арман күйінде суреттейді. Екінші бөлімде жастық шақ дәурені, жайлау көрінісі, жас арумен өткізген бақытты шақ – бәрі таңғажайып, сиқырлы түс ретінде сипатталады. Үшінші бөлімде жат жерге аттанған басты кейіпкердің өз жарына деген сүйіспендігі мен төртінші бөлімде қоғамдық, саяси өмірдегі өзгерістер бейнеленеді. Бесінші бөлімде аштықтың зардаб-зияны, апаты сөз болып, ең соңғы бөлімде өзінің жастық шағына қайта оралып, жас-қайыңға мұң-зарын шағады. Ы.Дүйсенбаев Б.Күлеевтің «Қайда екен?» поэмасының әдебиетімізге қосқан үлесін әңгіме ете келіп, өз ойын қорытқанда былай дейді: «Қайда екен?» жаңа стильде яғни жазба әдебиеті үлгісінде орындалған аса көркем туынды, ақынның шеберлігі жетіле түскендігінің айқын куәсі» деп жоғары бағалайды. Ал, енді ақынның «Жорық», «Гүл» (аяқталмай қалған) шығармаларын өзіне дейінгі зерттеушілердің «баллада» деп атағанын орынсыз санап, баллада жанрының әуелде Францияның Провансынан Италияға, содан бүкіл Еуропаға тарағанын, тіпті, Ресейде балладаның ХІХ ғасырда кең етек алғанын (В.А.Жуковский, А.С.Пушкин, М.Ю.Лермонтов, т.б.), Кеңес дәуірі кезеңінде Н.С.Тихонов, Э.Г.Багрицкий, К.М.Симоновтың балладаға елеулі үлес қосқанын шолып өтіп, бұл туындыларды «баллада» деп атаудың реті келе бермейтінін ескертеді. Зерттеуші «Гүл» поэмасын да осы өзі ұсынған жүйе бойынша зерттеп, оның осы құрылымдағы мән-мазмұнынан оның аяқталған шығарма екенін дәлелдеуге талаптанғанын көреміз. Автор Б.Күлеев шығармашылығын тұтастай алып бағалағанда: «Бернияз Күлеев қазақ әдебиеті тарихынан келелі орын алатын үлкен дарын иесі, реалистік мектептің өкілі, негізінде демократтық идеяны қолдаған, осы жолда жемісті еңбек еткен талантты ақын» – деген қорытынды жасайды.
Зерттеушілердің осы пікірімен келісе отырып, Б.Күлеевтің ақындық шеберлігін сөз еткенде, ақын өмірі найзағай отындай жарқ етіп сөнсе де, әрі күрделі, әрі мазмұнға бай болғанын көреміз. Ол өзінен кейінгі ұрпаққа асыл қазына, өшпес мұра қалдырды. Бүгінгі оқырман, зерттеушілер талантты ақыннан қалған қасиетті қазынаны қадірлесе, шығармашылық лабораториясын зерттесе,өнеге тұтса, шығармаларын ғылыми-таным тұрғысынан барлау жасаса. ХХ ғасырдың бас шенінде өмір сүріп, әдебиет майданында көрінген көрнекті деген ақын, жазушылардың алдыңғы қатарынан орын алып[27, 128-б], Бернияз шығармалары да ұмытылмай ғылыми айналымнан өз орнын алып, зерттеу нысанасынан өз орнын жоғалтпаса неген ой қорытындылаймыз.
Сайып келгенде дарынды талант иесі, асқақ жырлы Б.Күлеев қазақ өлеңінде өзіндік орны, өзіндік биігі бар ақын. Аз ғана ғұмырында құнары мол құнды дүниелер жазып, ұрпағына өшпес өнеге етті.
Нәзік лиризм мен сентиментализмге құрылған жыр шумақтары оқырманды сезім әлеміне жетелей жөнеледі.
Бернияз Күлеевтің ақындық мұрасын талдау барысында біз оның өлеңдерінің философиялық астарға бай екенін, ақындық шеберлігін, сондай-ақ ұлы Абай үлгісіндегі ақын екендігіне көз жеткіздік. Ең бастысы - оның қазақ поэзиясына әкелген жаңалығы, қосқан үлесі. Бұл тұрғыдан да Бернияз өзіндік қырынан көрінеді.
Ол - символист ақын. Қазақ символизмінде Мағжанмен қатар тұрған. Бернияздың поэзиясы да сын көтерерлік дәрежеде. Өкініштісі - екі талантты жас, бірі аға, бірі іні ақын; Мағжанның есімі, өлеңі әрбір қазаққа етене таныс, жүрегінде сақтаулы, көкейінде жаттаулы. Ал Бернияз... Бернияз ше? Жиырма жастағы жас буынның бойына біткен даралық қасиеті, ақындық шеберлікті әлі күнге ешкім дұрыс бағалай алмай келеді. Шығармалары әлі күнге дейін кереғар пікірлерге толы. Кейбір зерттеушілер Бернияз өлеңдерінде тарығу, зарығу, мұң басым, оны ақын ретінде тану қиын дегендей пікірлер танытуда. Бұған Бернияз айыпты ма?! Заман солай болды емес пе?! Біз Бернияз өлеңдерінің бәрі мұндай сарында деп айта алмаймыз. Өйткені, оның жалынды жырлары бұл пікірлерге кереғар келеді.
Достарыңызбен бөлісу: |