2 ҚАЗАҚ ӨЛЕҢ МӘТІНДЕРІНДЕГІ ТРОП ПЕН ЭПИТТЕТТІҢ ҚОЛДАНЫЛУЫ
2.1 Дулат ақын өлеңдерінің тілдік және ұлттық сипаты
Жазба поэзияның іргетасын нық қалаған Абай атамыз болса, осы іргетасты қалай қалау керек екендігін, алғашқы үлгісін көрсеткен қазақ поэзиясының ХІХ ғасырдағы алыптарының бірі - Дулат Бабатайұлы.
Дулат – жыраулық мектептен шығып, ақындық мектепті күшейткен суреткер. Бұл – жыраулықтың төмендігінен, әлсіздігінен емес, заман талабынан туған бетбұрыс. XIX ғасырдағы қазақ поэзиясы үшін енді өлең сөз арқылы ақыл, насихат айтатын дидактикалық сипат пен заман, қоғам, адам туралы жалпы философиялық толғаныстар аздық етеді. Қазақтың тамаша ақтаңгер жүйрік ақыны, халқымыздың ой-санасынан алыстай түсіп тарих қойнауына сіңіп кеткен жыраулық поэзияның өкілі Дулат Бабатайұлының мол мұрасы осы күнге дейін жетіп халқымыздың рухани байлығына айналып отыруы бүгінгі ұрпақ үшін зор бақыт. Өмір сүрген дәуірі небары екі жүз жылдан азғана асқанымен Дулат ақын туралы айтқанда орта ғасырларда ғұмыр кешкен алыс заманның адамындай көріп санамызда оның дәуірі мен кезеңі жайлы көмескі де бұлыңғыр уақыттың адамы қылып көз алдымызға елестететуіміз оны бізден алыстата түсетіндей. Тарих үшін екі ғасыр азғана уақыт екенін есептесек ақынның өмір сүрген дәуірі туралы көптеген ойларды дұрыс танып болжауға болатынына көзіміз жетеді. Ақын еңбектерін қазіргі күн тұрғысынан жақынырақ танып, жас ұрпақтың санасына сіңіріп оқытуға әлі күнге дейін бөгет жасап келе жатқан бұрынғы ескі көзқарастар бойымыздан әлі арылып біткен жоқ. Бұған бірнеше тарихи себептер бар екенін көзі ашық оқырман біледі»[15,267-б]. Әдебиеттің өткенінен азды-көпті хабардар, халқымыздың кейінгі орыс бодандығына енген үш жүз жылға жуық тарихында рухани өмірімізде болған өзгерістерді білетін саналы оқырман бұл сұраққа ойланып барып жауап іздері белгілі.
Кешегі тәуелсіздік кезеңіне дейінгі заманда Дулат, Шортанбай, Мұрат сияқты ақындардың ел мұңын басым жырлап, халқымыздың алдында күтіп тұрған қилы замандар туралы ескертіп жазған өлеңдері кеңестік жылдарда «кертартпа» көзқарас болып саналуы заңды еді. Өйткені кеңестік биліктегі кертартпа саясатқа өзінің жөнсіздігін көрсетіп тұрған шындық поэзиясы әзірейілдей болып көрінетін. Олардың заңды жалғасы болып дүниеге келген көркем әдебиеттегі Абай дәуірі, одан кейінгі алаш кезеңі кеңестік солақай саясаттың құрбаны болып жетпіс жыл жабық жатқанына тарих куә болғаны кеше ғана. Бірақ осылардың бәрінің алдын алып, жақын көршіден келе жатқан тар заманды алғашқы болып ескерткен Дулат поэзиясының құдіреті бұлардың ешқайсынан кем емес. Тіпті күштірек әрі алғыр, көркем, ерекше затты, тот баспайтын дерлік текті өнер. Бүгінде Абайдың ұстазы деп заңды аталып жүрген Дулат өлеңдерінде жаңашылдық, ескі дәстүр, заманының күрделі мәселелеріне үн қатып адамды ойландыру, келешек заман туралы ой тастау сияқты жыраулық поэзияға тән үздік қасиеттердің барлығы да бар деп жазу аздық етеді, осы қасиеттер оның өлеңдерінде тамаша қолданыстарын тауып, Дулатты қазақ поэзиясында ешкім жетпеген биіктерге көтеріп тұр десек оған ешкім де дау айтып таласа қоймас еді. Амал бар ма әртүрлі уақыттардың кедергілерінен өтіп бізге келіп жеткені ақынның бір ғана томға толар-толмас мұрасы заман туралы толғау-арнаулары, өлеңдері болып оның барша шығармаларының жинағын құрайды. Ал осы уақытта оның шығармалары туралы жазылған пікірлер мен зерттеулер, қазақ поэзиясына қосқан жаңалықтары мен тілімізді көркейтуге сіңірген еңбегі туралы айтылған пікірлер, зерттеулер мен білдірілген көзқарастар ойымызды еріксіз қозғайды, осы бір тамаша ақынның қадіріне жетіп әлі күнге дұрыстап құрмет көрсетерлік дәрежеде оны насихаттай алмай жүрміз бе деген ойға жетелейді.
Ендігі жердегі поэзиядан нақтылыққа көшіп, заманға ілесіп отыру, жалпы насихаттан гөрі сынау, күйіну, сүйіну сияқты нақты суреттерге бару талап етіледі. Дулатты кейде тіпті, жырау деп атағанымен және сырт қарағанда өлең жырлары 7-8 буынды жыр ағымындағы өлшеммен келгенімен, ол жырау емес, ақын. Ал, ақындық жағынан Дулаттың өлеңдері бұрынғы жырауларды былай қойғанда, тіпті кешегі Бұқар толғауларынан, одан қалды өзімен тұстас ақындардың туындыларынан мүлде өзгеше дүниелер.
Орынсыз күлер күлкім жоқ,
Есепсіз ұйықтар ұйқым жоқ...
Қорған құрыш сөзім бар.
Бұлттан өтіп мұнарды
Болжайтұғын көзім бар.
Кеудем – ақыл сарайы,
Кірем десең, кел, міне! –
деп бұдан бір жарым ғасырдай бұрын өзінің ақыл сарайына кіруге шақырған Дулаттың адамдық, ақындық әлеміне толық бойлап болдық па? Тіпті, Дулаттың өз сөзімен айтқанда, «сорғалаған нөсердей жырын» танып-біліп болған күннің өзінде әр кез сүйсіне оқып, осындай да алыбымыз болған деп сүйсіне атап жүрміз бе? Осы сауалдарға еш бүкпесіз жауап беретін болсақ, әрине, Дулаттай ақынымыздың мұрасын біз жеткілікті дәрежеде әлі де танып болған жоқпыз деп айтуға әбден болады. Сондықтан да Дулат Бабатайұлының тілін зерттеу, қарастыру, оның ерекшеліктерін айқындау – бүгінгі күнде өз өзектілігінен арылмаған іс болып табылады. Жалпы ақын тілінің ерекшеліктеріне, енгізген жаңалықтарына келетін болсақ, ол – бұрынғы ауызша таралып келген жыраулар поэзиясының дәстүрі мен Абай атамыз қалыптастырған жазба поэзияның арасындағы көпір іспеттес. Бұның себебі, Дулаттың әдеби мұрамызды, ауызша әдебиет үлгілерін, жыраулық дәстүрді сақтай отырып, жыраулар қалыптастырған лексикалық қорды орынды пайдаланып, онымен қоса, өзі жаңалық қосып, тың тіркестер мен образдар жасай білуінде.
Дулаттың шығармашылығында өзі өмір сүрген Аягөз – Семей өңіріндегі жер-су атаулары жиі кездеседі [16, 216-б]. Шығармаларында туған өлкенің тамаша бейнесі жасалады. Алайда, өлеңдерінде бейбіт дала көріністерінен гөрі отаршылдықтың езгісінен қисайып, сұлулығы мен сәнінен ,бастысы еркіндігінен айырылып бара жатқан өлкесі суреттеледі. Дулаттың өлеңдерінде Аягөз, Сандықтас, Ақжайлау, Сарыарқа, Сыр, Бұхар, Қаратау, Түркістан, Арыс, Келес, Талас, Шу, Тұран, Тарбағатай, Алатау, Көксала, Бақанас, т.б. деген жер-су атаулары кездеседі. Ақын жер мәселесін жырлау арқылы ұлттық, халықтық намысты жандырып, жігерді шыңдайды. Осы орайда ол кең даласының кешегісі мен бүгінін, қазіргісі мен ертеңін салыстырып,терең қорытындылар жасайды. Мысалы:
Ақжайлау мен Сандықтас –
Атамның қонған қонысы:
Түн асса тұтам түгі өскен
Басылмайтын сонысы!
Бұдан басқа, Дулат Бабатайұлы шығармаларында ономастикалық атаулар да кездеседі. Ақынның өлеңдері кей кездерде жалпылықтан арылып, қоғам дертіне байланысты елді азғырып жатқан жекелеген адамдардың мінез-құлқын, әрекеттерін суреттеуге арналатындықтан, Барақ, Ешен, Сүлеймен, Ақтан деген замандастарының есімдері, сонымен қоса, ел тарихына қатысты шығармаларында Ақсақ Темір, Абылай, Әбілмансұр хан, Хан Кене, Еспембет, Ер Қосай, Қабанбай, Ақтамберді, Саббас, Сасан, Әбілпейіз хан, Жолымбет, Ақтайлақ, Құттыбай, Нарынбай, Байғара, Сәтімқұл би, Құлмамбет, Жанғұлы, т.б. тарихи адамдардың есімдері кездеседі. Сондай-ақ, Найман, Жолымбет, Сыбан, Байжігіт, Төлеңгіт, Қалмақ, Төре, Арғын, Қаракерей сияқты ру атаулары да топонимдер жүйесінде ерекше қолданысқа ие.
Дулаттың ұлтжандылығына, елжандылығына байланысты оның шығар-
маларында ел, жұрт, халық, қазақ, алаш сияқты жалпы ұғымдардың қолданылуы көрініс табады. Өлең мәтіндеріндегі әлеуметтік терминдердің жиі қолданылуы да өлең тақырыбы мен мазмұнына сәйкес келеді. Бұл әлеуметтік терминдер мыналар: патша, атқамінер, сұлтан, қазы, бай, кедей, би, болыс, старшын, хан, дуан, ұлық, бек, батыр, аға сұлтан, сопы, пір, абыз, падыша, майыр, т.б. Ақын өлеңдерінде көрініс табатын лексикалық қабаттың тағы біреуі – бұл этнолингвистикалық терминдер» [17, 118-б.]. Олардың ішінде туыстық атаулар болып келеді. Яғни, өлеңдерінде ел мәселесі, отан мәселесі отбасы, жанұя мүддесімен бірлікте қаралады. Бұл орайда ата-ана, қарындас, немере, шөбере, әке, қыз, ұлан, бәйбіше, жеңге, ақсақал, абыз, шеше, әже сияқты туыстық атауларды әрбір өлең мәтінінен кездестіреміз:
Бәйбіше – тантық, бай –сараң,
Бозбаласы – бошалаң,
Қырсыға туда қыз балаң.
Дулат өмір сүрген заман – оның өлеңдерінде бар қырынан көрініс табатын құбылыс. Оның шығармашылығы заманының айнасы болып келетіндіктен, көшпелі салтпен тұрмыс кешкен, төрт түлік малды өзінің негізгі кәсібіне айналдырған, басқа да шаруашылық түрімен айналысқан халқының тынысын танытатын тұрмыстық лексика қабатының мол болуы заңдылық. Өлең мәтіндерінде қақпан, жемтік, құрық, егіс, терлік, бұйда, аспап, сайман, кетпен, балта, ара, қысқыш, балға, келі, бесік, тұғыр, сондай-ақ, Дулат өзі өмір сүрген өңіріндегі адамдарға ғана түсінікті болып келетін диалектизмдер – керсен, бұл, үме, кілеңдей, сінелі, жүремете, жобалаң, шайырлы, тарлаулары, ызу, іш құста,т.б. бар. Дулат шығармашылығының құнарлы қабатын қазіргі кезде тарих еншісіне көшкен көнерген сөздер – архаизмдер мен историзмдер құрайды. Мысалы, тобышық, шөңгел, қолаба, алал сопы, күскен, көбең, қаразы, ғайып ерен, қырық шілтен, әулие жар, имам, молда, алла, тәңір, шариғат, намаз, ораза сияқты діни сөздердің ұшырасуы да ұлттық ой танымымен байланыста болып келеді. Ал, кірме сөздер туралы айтатын болсақ, араб, парсы тілінен еніп, тілімізге әбден сіңісіп кеткен арман, жар, асыл, фәни, дүние, бақыт, ақыл, қаріп, қайғы, намыс, тағдыр сөздері, ал орыс отыршылдығына байланысты қолданысқа түскен майыр, солдат, шен, Сібір, кіреші, старшын, болыс терминдерін лингвопоэтикалық дәстүрмен шебер қолданған. Сондай-ақ, тарихи жағдайларға байланысты, өз елін, жерін қорғау қажеттілігінен туған, қолданысқа түскен жауынгерлік лексика да наркескен қылыш, найза, дөдеге, селебе, семсер, оқ, мылтық, шеп, сапы, сауыт, сүңгі, берен, кіреуке, адырна, дабыл соғу, ұран шақыру, жекпе-жек сынды сөздер арқылы көрініс тапқан. Бұдан бөлек, ақын шығармаларында фрезеологиялық тіркестер, тұрақты тіркестер, дисфемизм сөздер, антонимдер, синонимдер көптеп кездесіп жатады.
Көркем сөз дүниесіндегі жаңалықтардың бірі – образдар саласында. Образ тіл элементтері арқылы жасалады. Соны образ – тілдік тұлғалар мен тәсілдерде өзгерістер мен жаңалықтар әкеледі. Дулат бұл орайда да екі қырынан көрінеді: бірі – бұрынғы қазақ поэзиясы қолданып, қазақ әдеби тілінде нормаға айналған материалды еркін және орынды пайдаланған тұста, екіншісі – тың, жаңа сападағы образдарды ұсынған сәттерінде [18, 13 б.].
Біріншіден, Дулат қара қылды қақ жару, арғымақ аттай аңқылдау, қыран құстай саңқылдау, көл қорыған қызғыштай, еңбегі еш, тұзы сор, бел шешпей жорту, айдын ала ту алып жауға тию немесе ту ұстап тұлпар жарату, аузын айға білеу сияқты кәнігі образдарды шебер пайдаланады.
Тіпті кей тармақтарда:
Толғаулы найза қолға алып,
Тұйғын құстай толғанып,
Сары садақ асынып,
Егескен жауды қашырып,-деп, халық ауыз әдебиетінің батырлар жырында қолданылатын тіркестер мен оралымдар арқылы сөз ойнатады.
Дулат ақын тек поэтикалық образдар жасауда ғана емес, сонымен қатар, тұрақты тіркестер мен эпитеттерді қолдануда да өзіндік ерекшелігімен қатар бай қазақ ауыз әдебиетінің мұрасын пайдаланумен сипатталады. Оның өлеңдерінде мынадай тіркестер мен эпитеттер қолданылады: тұғырдан түсу, шепті бұзу, олжаны ортаға салу, жағасы сөгілу, қара қазан, сары бала, кең дүние, жалған дүние. Дулат та өзінің алдында жасаған ақын-жыраулар сияқты өзінің шығармаларында қару-жарақ, сауыт-сайман, жауға мінер аттардың атауларын эпитеттермен қолданады. Бұл жердегі оның ерекшелігі – Дулат дайын анықтауыштардың орнына өзінің тың баламаларын ұсынады. Салыстырып көрейік: айбарлы ақ орда, шаншулы найза – Дулатта, еңсесі биік боз орда, қалайылаған қасты орда, толғамалы найза – Қазтуғандарда.
Сонымен қоса, Дулат ақын қазақ өлең мәтініне жаңа сапалық өзгерістер де енгізді. Оның фразеология саласына енгізген екі жаңалығы бар. Біріншісі – жаңа перифрастикалық тіркестер жасуы болса,екіншісі – жаңа фразеологизм-
дер ұсынуы. Перифраз (немесе перифраза) дегеніміз – бір нәрсені немесе құбылысты сол нәрсенің (құбылыстың) бір белгісін, қасиетін көрсетіп, сурет-
теп атау. Мысалы, дүние, әлем дегенді «сегіз қиыр шар тарап», ал өмірді «жалған дүние» деп айту – осы перифрастикалық тіркеске жатады. Бұрынғы ақын-жыраулар бұл тәсілді өнімді қолданбаған болатын» [19, 141- б].
Ал, Дулат болса осы тәсілді едәуір жандандырған ақын. Ол өз заманын «толқынды теңіз» деп атайды: қазақ қоғамының өз тұсындағы саяси-әлеуметтік күй-жағдайын ой-пікірде, іс-әрекетте, саясатта, талап-талғамда жел қайық сияқты жеңіл дүниелерді бетінде қалқытпайтын «толқынды теңізге» балап атайды. Жекпе-жекке шыққан екі батырдың біреуінің жеңіліп, қаза табуын «тіршілік пен өлімнің ұзақ дауы шешілген» деп суреттеуі де соны перифраз: адам өмірінің өзі – «тіршілік пен өлімнің дауы, ұзақ дауы», өлім – сол даудың шешілуі, дауласушы жақтардың біреуінің жеңуі. Немесе арман-аңсағанына жете алмай, тірлікте тапқан рухани олжасынан гөрі, өкініші басым болып кеткен өмірді «құмар ойнап ұтылған саудагер сарт» деп атуы да дәл айтылған, тың перифраз. Заманындағы әр алуан қайшылықтарды шеше алмай қиналған, ел басшысы – пысықтарға разы емес ойшылдың образын беруге «саулы иіп Дулат жүр, місе тұтып тұлыпты» деген перифраздарды ұсынады. Міне, осы типтес образдар Дулатта едәуір мол және жеке окказионалдық қолданысын дәйектейді.
Дулат Бабатайұлының тағы бір ерекшілігі – мағыналары бір-бірімен жанаспайтын сөздерді тіркестіріп, жаңа лексикалық тіркесімділік құруы. Мысалы, оның «Баласына айтқаны» деген өлеңінде мынадай жолдар бар: «Әкеңнің айтқан бұл сөзін Құтысына көңліңнің, Төгіп алма, дәлдеп құй».Бұл жерде ақын көңілдің құтысы, сөзді құю деген жаңа лексикалық тіркестер жасайды. Мағыналары жағынан «көңіл», «құты» сөздері бір-бірінен алшақ тұрған дүниелер болғанымен (құты – сауыт, оған нақты, деректі заттар ғана салынады: оқ-дәрінің құтысы, т.б. ал көңіл қолмен ұстап, көзбен көруге болатын нақты зат емес, дерексіз ұғым болып табылады) ақын бұл жерде екі сөзді шеберлігімен өте тиімді пайдаланып, соны тіркес жасап тұр. Тура сол сияқты сөз деген де зат емес, оны сүт не су сияқты құюға болмайды, алайда Дулат «дәлдеп құй» тіркесі арқылы осындай қабыспайтын дүниелерді қабыстырып, жаңа образ жасайды. Жалпы, бұл тәсіл қазақ әдеби тілінде XIX ғасырдың ортасынан бастап жиі көріне бастады.
Дулаттың жоғарыда көрсетілген тіркестерінен басқа мынадай тіркестер бар: жырдан алқа тағу, әділетке шөлдеу, көкірегінде қонақ жоқ, сұлулық сәулетінің сағымы, ұйқы беріп, қайғы алу, жырмен жуыну, жетімдіктің белі. Бұлар – сөздің экспрессиялық қуатын арттырған жаңа тың образдар, поэтикалық тың тіркестер. Қазақ әдеби тілінде осындай жаңа поэтикалық образдар мен сөздердің қолданылуы Дулатта басталғанымен, жүйелі түрде көркемдегіш құралға айналуы Абайдың еншісіне тиді.
Көргеннің көзі тойғандай,
Топты ортадан ойғандай,
Сәулетіңнің сағымы
Бұтағына шынардың
Күнді әкеп іліп қойғандай.
Сәндісің, жаным, сәндісің.
Сән салмақ сені азапқа
Бұл өлең жолдарында Дулат ақын әйел сұлулығын жырлауды жаңаша үлгіде көрсетті. Әйел сұлулығын жырлау қазақ поэзиясы үшін кәнігі тақырып болғанмен, оны асып кетсе айдай сұлу ақ ерке, ақ жүзің аппақ екен атқан таңдай деген теңеулерден аспай келген-ді, енді Дулат сұлу әйелдің ажары, ақ жүзі демей, сәулеттің сағымы деп бейнелейді , сол сағымды шынардың бұтағына іліп қойған күннің өзіне теңейді. Бұндай оқыс теңеу – қазақ поэзиясында бұрын-соңды кездеспеген образ. Мұнда әр сөз қосалқы образға ие: шынар – ең биік ағаш, сондықтан оның бұтағына ілінген затқа қол жетпейді – сұлу қыз да екінің бірінің қолы жете бермейтін жан, демек, бұл жердегі шынардың өзі образ» [20, 34 б.]. Сол сияқты күн нұрын шашып, айналасына жарық түсіреді, сұлулық та күн сияқты нұр себеді – әсемдікке деген сүйсіну сезімін туғызады, демек, мұнда күн сөзі де образ үшін алынған. Сол әсемдік жерде жатқан дүние емес, ие болғың келсе, қолыңды созып көр, шынардың ең биік бұтағына жеткізе аласың ба – сұлу да сол деген астарлы образды бұрын-соңды қазақ поэзиясы білген емес. Бұл өлеңнің тағы бір тосын сыры – мұнда көркемдеу құралдарының байырғысы мен жаңасының түйістірілуінде. Сырт қарағанда өлең шу дегеннен баяғы өлеңдер сияқты көрінеді: топты ортадан ойғандай, қараса көз тойғандай дегендер бұрынғы таныс образдар, ал келесі үш жол, жоғарыда көрсеттік, мүлде тың образдар. Бұл шоғырдағы ең соңғы тармақ – алдыңғы алты жолдағы тезистің қорытындысы: қол жетпейтін сұлулығың сені азапқа салады: жұртты қызықтырады, таластырады, айттырады, мал берген «мықтылардың» біріне пенде болып кете барасың деген түйін.
Салыстыру, теңеу деген көркемдеуіш құралдар да қазақ әдебиетінде бұрыннан қолданылып жүрген тәсілдер болып табылады. Дулат ақын бұл орайда да өз қолтаңбасын салды. Оның Дүние – жемтік, мен – төбет, Соны бақпай не бақтым дегені жасалу формасы (қалыбы) жағынан бұрынғыдай болып келеді: шендестірілетін құбылыстың біреуі – адам, екіншісі – табиғат; ал одан туатын ассоциация тың: бұрын-соңды дүниені ешкім жемтікке теңемеген, ал ақынды сол жемтікті аңдып жүрген төбетке балау – мүлде антитезалық жаңа құбылыс.
Метафораның теңеуден негізгі айырмасы – онда салыстырылған екі нәрсе екі бөлек болып көрінбей, көбінесе екеуі тұп-тура бірігіп, бір бейнеге айналғандай болады да, екі нәрсені біреуі ғана айтылып, екіншісі емеурін жасау арқылы-ақ айқын елес беріп тұрады. Мысалы: «Қазаншының еркі бар қайдан құлақ шығарса».Күрделі жасалған әдемі метафора суреттелген әр бейне, сипат өз мағынасының шеңберінен шығып, айтылған, көрсетілген жайлар арқылы тасада тұрған, туралап айтылмаған көп жайларды айқын аңдап сезінуімізге мүмкіндік береді. Мысалға Сұлтанмахмұттың өлеңінен үзінді келтірелік:
Ден сау болса, тағдырдың
Көкке ұшырам күлдерін.
Қоям ба екен сүлдерін,
Аждаһадай ақырып,
Алдымнан қарсы шықса да,
Естімеймін үндерін!
Серпіп тастап түндерін,
Жігермен талап еткен соң
Ден сау болса, тұрмыстың
Маған салған құрығын
Байлап алып кетермін...
Қаңқылдатып қаздарын,
Туғызамын күндерін,
Шығарармын жаздарын.
Осындағы тағдырдың күлін аспанға ұшыру, ақырған үнін естімеу, өмірдің түнін түріп тастап, күнін туғызу, жазын шығару – бәрі де алуан түрлі астарлы мән беріліп айтылған.Метафорадабалама бейне арқылы нені, кімді суреттеп отырғаны кейде тура айтылатыны да болады. Мысалы:
Мен – тауда ойнаған қарт марал,
Табаным тасқа тиер деп,
Сақсынып шыққан қиядан.
Жолбарысша жорыттым,
Етіне құлан тоям деп,
Мен – құстан туған құмаймын,
Бір тұлпарға жұбаймын.
Сауырыма қамшы тиер деп,
Шаппай нағып шыдаймын?
Мен – түбін кескен бәйтерек,
Толқын соқса құлармын.
(Махамбет)
Осы үзінді келтірілген өлеңінде Махамбет өзін басқа нәрсемен тікелей салыстырған. Айталық, қарт маралдың табаным тасқа тиер деп, қиядан сақсынып шығуын айту адамның іс-әрекетін аңғартарлық астарлы мағына туғызады. Өзін жолбарыс бейнесінде алып отырған соң, құлан етіне тоям деуі де қисынды көрінеді. Өзін тұлпарға балап, шабысқа әзір екенін айтса, өзін бәйтерекке балап, қасқой қара күш иелері дендеп кетсе («толқын соқса»), құлармын дейді. Бұл келтірілген мысал метафорадағы салыстыру әрі қарай қалай толығып, дамытылып отыратынын жақсы байқатады.
Метафораның өзгешелігі жәй ғана екі нәрсені теңестіруде емес, балама бейне туғызуда екендігін, балама болып алынған нәрсенің сипат белгілері негізгі айтпақ нәрсеге телініп отыратынын осындай ұлғайған метафорадан көруге болады. Метафора бірде мағына ауыстыру, бір нәрсенің, құбылыстың орнына соған ұқсас екінші нәрсені, құбылысты айту түрінде жасалса («қазаншының еркі бар, қайдан құлақ шығарса»), енді бірде бір нәрсені екінші нәрсеге телу, балап айту түрінде қолданылады («мен – тауда ойнаған қарт марал..., мен – құстан туған құмаймын.., мен – түбін кескен бәйтерек»).Метафораның осы соңғы түрі теңеуге өте жақын көрінеді. Сырт қарағанда, оларды ажырату да оңай емес секілді. Ал бірақ оның теңеуден үлкен айырмасы – ол бір нәрсені екінші нәрсеге жай ғана ұқсатумен шектелмейді. Сол айтылып отырған нәрсе басқа нәрсенің кейпіне түсіріліп бейнеленеді. Сондықтан мұнда салыстыру үшін алынған нәрсенің сипат-қасиеттерін, әрекет-қимылын негізгі суреттеліп отырған нәрсеге теліп көрсету мүмкіндігі туады. Мысалы:
Ой, Ардақ, сен ақ қоян шыңнан қашқан,
Артыңда мен – ақ сұңқар түлеп ұшқан.
Қан қылмай ақ жүніңнен бір ілгізші.
Тамаша қарап тұрсын қас пен дұшпан.
Міне, осы өлеңді айтушы сүйікті қызын ақ қоянға балайды да, одан әрі қызды адам кейпінде емес, қоян кейпінде алып, ойын үдете береді. Бұл айтылғаннан біздің байқайтынымыз мәселе тек метафораның көбінесе сыңары жоқ, бір мүшелі болып, кейде ғана теңеу секілді қос мүшелі болып келуінде емес. Теңеуде салыстыра суреттеп отырған нәрсе бар да және соны ұқсатып отырған екінші нәрсе бар, бірақ олардың арасы жымдасып кетпей, әрқайсысы өз алдына дара тұрады. Біреуі шығармада айқындап сипаттауды қажет етеді де, екіншісі алдыңғыны осыған ұқсату үшін дайын күйінде, бар қалпында алынады. Ал метафорада салыстырылған екі нәрсенің көбінесе жігі білінбей, кірігіп кетеді.
Олардың арасындағы тікелей ой-әсер жалғастығы, бір ой не көріністен екінші ой не көрініс-бейне туындайтындай іліктестік –метафораға тән ең басты ерекшелік. Метафора қос мүшелі болып құрылса да немесе бір мүшесі ғана көрсетіліп, екіншісі тек емеурін арқылы сезілсе де, қалайда екі нәрсенің, екі құбылыстың арасындағы ұқсастыққа негізделеді.Метафора немесе теңеубірнеше эпитетпен жалғасып, ұласып келсе, күрделі метафора, күрделі теңеу, не тұтасқан сөз өрнегі жасалады. Тегінде, қандай да болсын бейнелі сөздер, әсіресе эпитет пен теңеу, эпитет пен метафора, бір-бірімен жалғас, қат-қабат алынып қолданыла береді.
Қаптаған қара бұлыттай,
Қайнап біткен болаттай.
Тұлғасына қарасам,
Сайдан шыққан бұлақтай.
(«Ер Тарғын»)
Бұл мысалдан эпитеттің теңеуге оп-оңай қосарланып отыратынын көреміз.Жорғамын шаршы топта самғайтұғын дегенді алсақ, мұның өзі тұтасқан көркем бейне. Жорғамындеген балама бейне – метафора десек, шаршы топта самғайтұғын деген сипаттама сөз – эпитет. Бұл тек жүйрік аттың бейнесін ғана беріп қоймайды, жарыса шапқан аттарды, ентелеген топты да елестетеді.Кейде теңеуге метафора түрінде қолданылған бейнелеу де ілесетуады. Мысалы, Ақтан (Керейұлы) ақын: «Қатты жауған жаңбыр
дайалдарыңда қаптайын» деген сөзі бейнелеу теңеуден басталып, метафораға ауысқан. Ақын өзін алдымен жаңбырмен жай ғана салыстырса, одан әрі сөзді төгілтіп, саулатайын деген ойын қалың жаңбырдай қаптайын деп астарлап айтады.Метафорада астарлы, ауыспалы мағына екі нәрсенің ұқсастығы негізінде туатын болса, метонимияда
олардың бір-бірімен жалғастығы, байланысы негізінде туады. Әйелді – «ақ жаулық», әскерді – «қол» (қалың қол), малды – тұяқ («қара тұяқ қарында жатпас»), бүркітті – «ақиық», «мұзбалақ», қылышты – «наркескен» деу осыны көрсетеді. Ойы ұшқыр, сезімі өткір, тілі шешен деудің орнына «қаламы жүйрік» деу немесе жазушының шығармасын ұнатамын, жақсы көремін деген мағынада оның өзін, мысалы, Гогольді немесе Бейімбетті жақсы көремін деу де сол секілді. Көбінесе заттың, нәрсенің орнына оның бір белгісі, сипаты, кейде бүтіннін орнына бөлшегі алынады. Әйтеуір бір нәрсенің орнына қалайда оған жалғас, сабақтас екінші нәрсе айтылады. Метонимия – бір нәрсемен екінші нәрсені алмастырып айтудың өте ұтымды тәсілі. Мысалы, әскерді қол деудің өзі әншейін айтыла салмаған. Әскери адамның қарулылығын, күш көрсете алатынын, қорғаушы бола алатынын осылай айту арқылы бірден-ақ аңғартып тұр.Символдегеніміз балама бейне. Оған негізгі ойды, айтқалы отырған нәрсені, құбылысты сол балама бейне, сурет арқылы тұспалдап көрсету тән.Символ көбінше адамның тұрпат-тұлғасын, кескін-кейпін, сымбатын тұтас алып сипаттайды, егер бір белгі-сипатын ғана алса, оны бүтінге балап, тұтас бейне орнына алады. Символдағы екі нәрсені ұқсату, жақындастыруда шарттылык, бар және бұл жағынан ол метафора, метонимия секілді бейне леу тәсілдерімен салыстырғанда оқшаулау тұрады. Мұнда ақынның бейнелеп керсететін тұспал суреті басқа ештемемен байланысы жоқ, өзімен-өзі жатқан бөлек дүние болып та көрінуі ықтимал. Оның нені мезгеп отырғанын тек ишарат арқылы ғана сеземіз, бірақ осы шарттылықтың өзі, айтылатын жағдай, суреттеу, тура, дап-дайын, сипат-белгілері ап-айқын күйінде көрінбей, тұспал сурет арқылы елес беруі адамның ой-қиялын шарықтатып, сезімін қозғайды. Шынайы көркем, мағынасы терең символ әлде қандай бір дерексіз өмір шындығын аңғартқандай ғана болмай, сөз жеткісіз нәзік жайды басқа бір тұспал бейне, сипаттар арқылы сездіріп, адам жанына аса күшті әсер етеді. Олай болса, символдың көркемдік қасиеті ондағы суреттеу тәсіліне тән шарттылықтан, астарлы мағына туғызудан келіп шығады, демек символдың мазмұндылығы, көркемдігі дегеніміз – сол тұспал бейненің, суреттің ой-сезімге толы, астарлы мағынасы терең, әсерлі болып келуі.Тегінде символ, аллегория, кейіптеу сияқты балама, тұспал бейнелердің қай-қасысында болсын аталған, суреттеліп отырған нәрсенің, заттың тура, нақтылы мағынасы солғын тартып, ығысып, көмескіленгендей болады да, ымбамен нұсқап, ұқтырып отырған құбылыстың мағынасы жарқырай түсіп, айқын сезіледі. Бұл өзгешеліктің өзі де ылғи бір қалыпта бой көрсетпейді, сан құбылып отырады. Символ мен аллегорияны осы тұрғыдан алып салыстырсақ, соңғысында шарттылық жағы басым екенін аңғарамыз. Көркем символда айтылып отырған нәрсе ишаратпен білдірілген жаңа мағынамен жарыса, әрі өзінің табиғи қалпында көрініп отырады. Мысалы, қазақшаға Абай аударған Лермонтовтың «Жалғыз жалау жалтылдап» атты өлеңін алайық, мұндағы табиғат суреті: теңіз де, толқын, желкен де – бәрі ақиқат өмірдің нақтылы көріністері, тек осы көріністер тікелей көрсетілген сурет бейнелерден тыс үлкен ойды мезгеп, күресті, әрекетті аңсайтын адам тұлғасын тұспалдап елестететін болғандықтан, өлеңдегі тура мағынадан туынды, астарлы мағынаның маңызы асып түсіп отыр. Символда өмірдің нақтылы көрінісінің бейнесі мен туынды мағынаның қатарласа келіп, бірлестік табуы оның құрылысы, жасалу жолы аса күрделі болуы мүмкін екенін дәлелдейді.
Достарыңызбен бөлісу: |