3-бөлім бойынша тұжырым
Зерттеу жұмысының үшінші бөлімінде қазіргі қазақ прозасындағы қалалардың көркем моделі, қазіргі шетел және қазақ прозасындағы әлем астаналарының моделі, қазіргі қазақ прозасындағы қала адамының тұлғалануы қарастырылды.
Жоғарыда аталғандарды негізге ала отырып, төмендегідей тұжырымдарды атап өтуімізге болады:
Біріншіден, қазіргі қазақ прозасында қала тақырыбы өрісін кеңге жайып, даму үстінде деген тұжырымға келдік. Бұл сөзімізге Дүкенбай Досжан, Асқар Алтай, Роза Мұқанова, Айгүл Кемелбаева сынды жазушылардың шығармаларындағы қала адамдарының бейнесінің жан-жақты ашылып, қаладағы тыныс-тіршіліктің, дүниетанымның айқын суреттелгендігі мысал бола алады.
Екіншіден, жазушылардың қаладағы тіршілікті суреттеудегі тәсілдерінің алуан түрлілігі байқалды. Айталық, Асқар Алтайдың «Қаладағы құтпандар» повесінде қаладағы тіршілік иттердің көзімен суреттеледі. Ал, Талаптан Ахметжанның «Төрт кәнден» әңгімесінде иттер шығарма кейіпкерлеріне айналған. Осы арқылы қазақ әдебиетінде қаланы суреттеудің жаңаша әдісі пайда болғандығын аңғардық.
Үшіншіден, жазушы Асқар Алтайдың «Қаладағы құтпандар» повесінде ХХ ғасырдың аяғында қазақ қоғамында орын алған нақты тарихи фактілерге сілтеме түрінде ұсынылған тарихи-әлеуметтік реминисценциялар шығарманың көркемдігін күшейтіп, баяндаудың тарихи-әлеуметтік алғышарттарын жасайтындығын, бұған қоса автордың бұл оқиғаларға қатысты өзінің жеке пікірін білдірмейтіндігін айқындадық.
Төртіншіден, жазушы Айгүл Кемелбаеваның 2002-2003 жылдары Сорос-Қазақстан қоры ұйымдастырған «Қазіргі заманғы Қазақстан романы» конкурсында жүлдегер атанған «Мұнара» романынан келесі қала модельдерін анықтадық: «қала – сауық-сайран»; «қала – студенттік өмірдің куәсі»; «қала – саяси өмірдің кеңістігі»; «қала – үлкен мүмкіндіктер»; «қала – күйбең тіршілік»; «қала – аштық»; «қала – тоқтық»; «қала – жат».
Бесіншіден, жазушы Дүкенбай Досжанның 2005 жылы жарық көрген «Ақ Орда» романында келесі қала модельдері көрініс тапқандығын көрдік: «қала – тұлға», «қала – астана», «қала – жаңа мемлекеттің символы». Роман Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өмір жолына, Тәуелсіздік алған тұста ел өмірінде орын алған тарихи оқиғаларды кеңінен суреттеуге арналады.
Алтыншыдан, әлемдік әдебиеттануда көркем шығармадағы астананың образын зерттеу өте маңызды деген байламға келдік. Өйткені, белгілі бір елдің басты қаласы туралы жазылған шығарманы зерттеу, бір жағынан, қала өмірі, қала адамдарының менталитеті мен психологиясы, олардың өмір сүру жағдайлары туралы түсінік берсе, екінші жағынан, сол шығарманы тудырған жазушының танымы арқылы қаланың белгілі бір кезеңдегі тарихын білуге мүмкіндік береді.
Жетіншіден, әлем астаналары туралы жазған авторлардың шығармаларынан астананың түрлі типтегі образын байқадық: ағылшын авторының романында астана – тарихи материалдар мен мәдени зерттеулерден тұрады; француз жазушысының романында Батыс әдебиетіне тән болып келетін мегаполистегі кейіпкерлердің жалғыздығы мәселесі суреттеледі; орыс жазушысының романында ХХ ғасырдың екінші жартысындағы орыс әдебиетінің көптеген шығармаларында көрініс табатын кейіпкердің қаладан ауылға оралуы баяндалады; қазақ жазушысының шығармашылығында – ел басшысының бейнесіне сүйсіну және ен даладан жаңа Астананың пайда болуы баяндалады.
Сегізіншіден, көркем шығармадағы автор, кейіпкер мәселесін терең зерттеген зерттеушілердің еңбектерінің негізінде автордың шығармашылық тұлғасы шығарма мазмұнындағы күллі кейіпкер атаулының мінез-құлқы, іс-әрекеті, болмыс-бітімі арқылы танылады деген тұжырымға келдік. Шығармашылық тұлғасы қуатты автордың туындысында бас қаһарманнан бастап барлық кейіпкерлердің жүйелі, әрқайсысы өзіне тән, бір-біріне ұқсамайтын ерекше болмысымен ұйымдасқан түрде әрекет ете отырып автордың идеясына жетекшілік ететіндігін айқындадық.
Тоғызыншыдан, тұлғаның көркем концепциясы – әдеби шығарманың этикалық және эстетикалық категориясы, оның ішінде жазушының әдеби кейіпкерге қатысты философиялық, онтологиялық, діни және адамгершілік көзқарастарының жүйесі екендігі Дүкенбай Досжанның «Ақ Орда» романының, Мір Шайырдың «О, Данышпан дүние» трилогиясының, Сәбит Досановтың «Жиырмасыншы ғасыр» (төртінші кітап) роман-эпопеясының негізінде дәйектелді. Жазушылар өз туындыларында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өмірбаяндық және психологиялық портретін нақты тұжырымдайды.
Оныншыдан, қазіргі қазақ прозасында саяси тұлғалардың өмірі мен қайраткерлік қызметін шынайы суреттеуде роман жанрының ең қолайлы, тиімді жанр болып табылатындығы анықталды. Ал оның көркемдік дәрежесі автордың сол тұлға туралы жеке концепциясының кемелдігіне байланысты анықталмақ. Сондықтан Дүкенбай Досжанның, Мір Шайырдың, Сәбит Досановтың Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев туралы жазған романындағы тұлға концепциясы елдің ынтымағы мен бірлігін нығайтуға, қоғамдық сананы кемелдендіруге қызмет ететін ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтарға негізделген деп толық сеніммен айта аламыз.
Достарыңызбен бөлісу: |