Анар Бекмырзақызы Салқынбай Қазақ тілінің тарихи грамматикасы оқу-әдістемелік кешен



бет11/21
Дата18.10.2023
өлшемі0.71 Mb.
#480980
түріБағдарламасы
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   21
истрграмматика-кешен-1 (1)

Пәннің негізгі міндеттері. “Қазақ тілінің тарихи грамматикасы” курсын оқу барысында студент қазақ халқының этногенездік құрамына сәйкес халық тілінің қалыптасу ерекшеліктерін, дыбыстық сипаты мен грамматикалық құрылымының ғылыми негіздерін, ұлт тілі ретінде өсу, даму жолдарын онтологиялық бағдарда кешенді түрде меңгереді. Тілдің даму жолдарын айқындау арқылы оның танымдық желісін таниды.
Қазақ халқының этногенездік құрамына сәйкес халық тілінің қалыптасу ерекшеліктерін, тіл дамуының негізгі кезеңдері мен жолдарын білумен қатар, қазіргі қазақ тілінің құрылымынан жаңа құбылыстар мен көне тілдік күйдің қалдықтарын ажырата білу, қазіргі тіл құрамындағы синонимдік, антонимдік, көпмағыналылық сияқты құбылыстардың болу себебін, омонимнің, варианттардың, дублеттердің, пайда болуы мен оның ерекшеліктерін ғылыми тұрғыда түсінеді.
Сондай-ақ, Орхон-Енисей жазба ескерткіштері мен ортағасырлық мұралар тілін лексикалық, фонетикалық, грамматикалық жағынан талдай білуі, қазіргі қазақ тілімен, басқа түркі тілдерімен салыстыра отырып, даму ерекшеліктерін саралауы, этимологиялық, этнолингвистикалық талдаулар жасай алуы қажет.
Тарихи грамматика қазіргі қазақ тілінің лексикасы, фонетикасы, грамматикасы пәндері бойынша алынған білімді тереңдете жүйелей келіп, болашақ маман иесіне тілдегі барлық деректерді, заңдылықтарды, тілдің жүйелі құбылыстарды дұрыс танып, оның тарихи қалпын, тарихи даму жолын саралауға мүмкіндік береді.
“Қазақ тілінің тарихи грамматикасы” курсының ұсынылып отырған бағдарламасы қазақ тілінің мемлекеттік мәртебе алып, халық тарихын зерттеуге үлкен маңыз беріліп отырған кезеңге сәйкес, халықтық таным, дүниетаным, ұлттық менталитеттің қалыптасуындағы негізгі тұғыр тірегі – тіл екенін бағамдап, тіл тарихы оқытылуының ауқымдылығы мен мәнін ескеруге міндетті болады.
Ерекше ескерілген жай – түркологияда, сондай-ақ қазақ тілі білімінде соңғы кездердегі жарық көрген ғылыми зерттеулердің жаңа теориялық қорытындылары мен тұжырымдары. Олардың қазақ тілінің тарихын зерттеудегі ерекше сипаты мен өзгешелігі айқындалып көрсетілуі тиіс.
Тіл – таным нәтижесі. Табиғаттағы заттар мен құбылыстарды танып-білу нәтижесіндегі ұғымды бейнелеуде қолданылатын таңбалар жүйесі – тілді құрайды. Тіл тек қарым-қатынас жасау құралы емес, жад қалыптастыру, хабар жинау, жеткізу де құралы. Тіл арқылы адам баласы өзі жинаған білімі мен білігін, танымы мен түсінігін, әдеті мен ғұрпын, салты мен санасын, т.б. болашаққа мирас етіп қалдыра алады.
Адам танымының өсуіне, кемелденуіне сәйкес, тіл де үнемі дамып, әр түрлі сапалық өзгерістерге түсе жетіліп отырады. Сондықтан да тілді танып-білудің басты шарты – уақыт факторы. Уақыт факторы арқылы тілдегі лексикалық, фонетикалық, грамматикалық өзгерістердің себебі мен салдарын, олардың түрлері мен тұлғалануындағы айырмашылықтарды айқындауға болады. Кез келген тіл тұрақтылық пен айнымалылықтың, динамикалық пен статикалық қалыптың жиынтығы болып табылады. Статикалық қалып – қозғалыста, динамикалық – қашанда эволюциялық болып келеді.
Тіл номинативтік, коммуникативтік, экспрессивтік, кумулятивтік қызмет атқару барысында дамиды. Қызмет пен даму қасиеті тілдің екі түрлі көрінісі болып табылады. Сондықтан тілдің тарихи дамуында сөздің қызметі, сөйлемде қолданылу жүйесі, мағыналық сипаты маңызды рөл атқарады.
Қазақ тілінің тарихи грамматикасы” пәнінің зерттеу нысаны – тілдің бүкіл құрылымындағы тілдік бірліктер, олардың қалыптасу, даму жолы мен тіл жүйесіндегі тарихи өзгерістер. Тарихи грамматика пәнінің негізгі теориялық тұжырымдары көне әдеби жазба ескерткіштер тілі мен халықтың сөйлеу тілі, диалектілік ерекшеліктері негізінде жасалады. Сондай-ақ адамзат тілі даму сатысының ең көне, ежелгі заманаларындағы қалыбын да ретроспективті, перспективті, типологиялық, салыстырмалы-тарихи т.б. әдістер арқылы жобалап, бағдар жасайды.
Қазақ тілінің тарихи грамматикасы” пәні өзге пәндермен байланысы.
Тарих ғылымымен байланысы. Тіл тарихы сол тілде сөйлейтін халық тарихымен тығыз байланысты. Тіл тарихы – ел тарихы. Халықтың белгілі уақыт ішінде бастан өткізетін экономикалық, саяси, мәдени өзгерістері мен жаңалықтары тілде өзінің таңбалық көрінісін қалдырады, тіл арқылы бейнеленіп, ұрпақтан ұрпаққа жетеді.
Тарих тілде көрініс табады. Халық күрделі оқиғалар мен тарихи ұлы жорықтарды жазбаша немесе ауызша тілде сақтап, шежіре, жылнама, тарихи құжат, ауыз әдебиеті т.б. арқылы кейінгіге мұра етеді. Демек, тіл мен тарих ғылымының байланысы екі жақты байланыс.
Этнологиямен байланысы. Тіл тарихын дұрыс анықтап, тану үшін этнологиялық ғылымның да маңызы зор. Бұл, әсіресе, қазақ халқының таным-түсінігін байыптауда, ұлттық болмысын тануда таптырмайтын дерек, дәлел. Этнологиялық бірліктерді зерттеу арқылы тарихи лексикологияның бір саласы этнолингвистика дамиды. Сөздердің этно-этимологиясын айқындауда да этнологияны оқып-үйренудің мәні ерекше.
Мәдениеттану ғылымымен байланысы. Қоғамда, мемлекетте тіл мәдениеті саласында қолданылатын арнайы идеологиялық принциптер мен оларды жүзеге асыру шараларының жиынтығы болады. Тілдің дамуы немесе дамымай, бірте-бірте өлі тілге айналу процесі – елде жүргізілетін саясатпен тығыз байланысты. Тіл саясаты – мемлекеттік саясаттың құрамды бір бөлігі ретінде жүзеге асырылады. Қоғам мен тіл өзара байланысты, бір-біріне тәуелді өмір сүреді. Қоғам тілге, тіл қоғамға әсерін тигізеді. Тіл – көркем әдебиет арқылы қоғамның дамуына ықпал жасайды. Қоғамда тіл саясатын белгілеу үшін алты түрлі жағдай керек: этникалық, этнопсихологиялық, лингвистикалық, әлеуметтік, географиялық және саяси жағдай. Тіл саясаты әуел бастан мемлекетпен байланысты туындаған категория.
Философиямен байланысы. Тіл – қоғамдық құбылыс, адамдар арасында хабар жеткізуші, байланыс жасаушы құрал ретінде қызмет атқаратындықтан, философиялық категориялармен тығыз баланыста түсіндіріледі. Кез келген тілдік бірліктің тұлғалық, мағыналық, мазмұндық жағының болуы – философиялық сана мен материя ұғымына алып барады. Тілдің пайда болуы, дамуы, ойлаумен ара қатынасы, тілдегі жалпы және жеке құбылыстардың байланысы т.б. – бәрі оның философиямен тығыз байланысын анықтай түседі. Жалпы тіл білімінде аналитикалық философия саласының қарастыратын мәселелердің негізгісі де тілге байланысты. Қазіргі АҚШ-та өрістеп отырған семантикалық философия өкілдері (Чейз, Хайакава) тіл мен ойлаудың ара қатынасын зерттейді.
Фольклормен байланысы. Фольклор тілі – халықтың сөйлеу тілі негізінде жасалған тіл. Фольклорлық шығармалар арқылы тіл дамуындағы болып жататын лексикалық, грамматикалық ерекшеліктерді дәл мерзімін тап басып, айқындай алмағанымен, тілдік өзгерістердің себебі мен жағдайын ұғу үшін фольклорлық шығармадағы жалқы есім, жалпы есім атаулары этнолингвистика мен ономасиология саласына мол деректер бере алады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   21




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет