ОҚУШЫЛАРДЫ ШЫҒАРМА ЖАЗУҒА ДАЯРЛАУ
Жоғарыда айтып кеткеніміздей, |шығарма жаздыру -балаға білім беру ісінің ең күрделі, маңызды жұмыстарының бірі. Шығарманы үйде де, сыныпта да жаздырады. Бағдарламада қанша шығарма жаздыру керек, сағаты беріледі. Тақырыптың ауыр-жеңілі, оқушылардың жас ерекшелігі, сыныбы, дайындығына байланысты шығарма жазудың уақыты белгіленеді. Мысалы, сыныпта 2—3 сағат, үйде бір апта, 10 күнге дейінгі мерзімде.
Мұғалім қосымша сабақ өтеді, жекелеген оқушылармен жұмыс жүргізеді, қосымша материалдар іріктеуге, эпиграф алуға көмектеседі. Оқушы шығарманы үйде жазып жатса, оның алғашқы сұлбасын оқып, ақыл-кеңес береді. Басында үлгісі берілген нұсқау-көмекті естеріне түсіріп, шығармаға қояр талапты кайталайды. Егер тақырып қиын болса, сыныпта немесе қосымша сабақта жоспар кұруға көмек жасайды. Кейде оқушылардың пікірі, ойына ерік беру керек. Қай тақырыпта шығарма жазады, қай тақырып маңызды, өздері шешсін. Шығарма жазу үшін, ең басты мәселе -оқушының сол тақырыпты білуге ғана емес, сонымен бірге білгенін көркем, тиянақты тілмен жеткізу қабілеті, тіл байлығы, сауаттылығы, әдеби талдауы, негізгі мәселелерді дөп тауып, соны тұжырымды бере білуі, дүниетанымы да үлкен рөл атқарады. Қосымша материалдарды пайдалана білу өте алғырлық, зор ептілікті қажет етеді. Сондықтан мұғалім балаларды шығармаға баулуда көп еңбектенуі, тер төгуі қажет.
Шығарма жазуда жоспардың жай, күрделі түрі пайдаланылады. Бірақ, бір ескертетін мәселе, егер оқушы шығармасы мазмұны, тілі, стилі, сауаттылығы жағынан талапқа сай жазылса, жоспар бар ма, жоқ па (эпиграф та солай) -оны негізге алмау керек. Әсіресе, жоғары сыныптарда жоспар өздеріне жай бағыт, бағдар, ой жүйесі үшін ғана қажет, жоспарды да шығармашылық бағытта құруға болады. Ол шығармаға өң беріп, әрлендіріп, әрі қызықтырып тұрады. Егер шығарма осындай жоспарды негізге алып жазылса, сөз жоқ, оның сәтті шыкқандығы.
Мысалы, «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жыры бойынша (9-сынып) «Махаббаттың қос шынары» немесе Қозы, Баян бейнелеріне мынадай жоспар құруға болады (күрделі, әрі шығармашылық бағыттағы жоспар үлгісі);
Кіріспе:
1. «Қозы Көрпеш, Баяндай бір молада өлсем-ай» (жырдың негізгі тақырыбы, идеясы).
Негізгі бөлім:
«Қыпша бел, алма мойын, сұлу Баян» (Баян бейнесі).
«Сенен басқа хор қызы болса да, көз салмаспын» (Қозының бейнесі).
Қорытынды бөлім:
а) Қозы мен Баян бейнесінің маңызы.
ә) Көркем-поэтикалық тілі.
Күрделі жоспар осындай басты-басты үш бөлімнен тұрады. Үш бөлім де ең негізгі тақырыпты, негізгі мәселені қамтиды. Жай жоспарды да дәйексөзбен, шығармашылық бағытта құруға болады.
Мысал-үлгі берейік: «Көкшетау - Отан туралы дастан» (С.Сейфуллиннің «Көкшетау» поэмасы туралы толғау).
1.«Сәкен - сыншыл, тәкаппар ақын» (С.Сейфуллин туралы бір үзік сыр...)
«Арқаның кербез сұлу Көкшетауы» (поэманың негізгі проблемасы, көтерген мәселесі).
«Сұңкардың баласындай торға түскен» (қалмақ қызы).
«Бәйге атша ширатады тұла бойын» (Адақ туралы).
Поэманың маңызы, көркем тілі.
Әдістеме ғылымы - тірі ағза сияқты, үнемі өсіп, дамып отыратын ғылым.. Сондықтан да тіл дамыту, оқушыларды мәдениетті сөйлеуге дағдыландырудың тиімді жолдары көп. Әр мұғалімнің осы мәселеде жинақтаған іс-тәжірибесі қанша ма?! Сондықтан да жаңашыл, шығармашылық бағытта еңбек ететін мұғалім тіл дамытуға, окушыларды сұлу да көркем сөйлете білуге, жаза білуге баулу жұмыстарына ерекше көңіл кояды.
Достарыңызбен бөлісу: |