1.2 Азаматтық бірегейлікті түсіндірудегі негізгі теориялық көзқарастар
Азаматтық бірегейлік әлеуметтік бірегейліктің бір түрі ретінде көрініс тауып, қазіргі кезеңде саяси-әлеуметтік ғылымда өзекті мәселелердің біріне айналып келеді. Өйткені, қазіргі қоғамдық-саяси үдерістердің сипаты күрделене бастады. Қоғамды біріктіруші факторларды анықтауға қажеттілік орын ала бастады. Оның ішінде тек қана халықаралық аренада жаңадан пайда болған мемлекеттер үшін ғана емес, көптеген жылдар бойы дамып келе жатқан, ұзақ тарихы бар мемлекеттер үшін де маңызды. Өйткені, қазіргі демократиялық құндылықтардың орын алуы, жаһандық үдерістің әсерінен қоғамның азаматтылығы төмендей бастауда. Бұл мемлекет алдына үлкен мәселелер кешенін дүниеге әкеледі. Оның ішіндегі басты мәселе мемлекеттің егеменділігін сақтап қалу, бірегей ұлт қалыптастыру және т.б. Сол себепті қазіргі таңда азаматтық бірегейлік терең зерттелуді қажет етеді.
Азаматтық бірегейлік ұжымдық бірегейліктің бір түрі ретінде қазіргі таңда ортақ анықтамасының, түсіндірмесінің болмауымен сипатталады. Әр мемлекеттің ғалымдары азаматтық бірегейлікті түсіндірудің өзіндік әдісін дүниеге әкелуде. Бұл тенденция көбінесе ішкі саясатпен тығыз байланысты болып келеді. Өйткені, азаматтық бірегейлікті қалыптасыру мәселелері ішкі саяси тұрақтылық пен тыныштықтың іргетасы ретінде қабылданады, Дегенмен де әр мемлекеттегі азаматтық бірегейліктің анықтамасына назар аударатын болсақ, ортақ принциптерінің барына көз жеткіземіз. Сондықтан қазіргі кезеңде жұмыстың зерттеу объектісі болып табылған азаматтық бірегейлікті зерттеуде ғылымның әр саласында жазылған ғылыми әдебиеттерге талдау жүргізу керек. Өйткені, әр ғылымда өзіндік түсіндірме әдісі біздің зерттеуімізде талданып отырған азаматтық бірегейліктің мәнін, мағынасын ашуға септігін тигізеді.
Азаматтық бірегейлік ең алғаш батыс мемлекеттерінде терең талқылана бастады. Бұл азаматтық бірегейліктің азамат, азаматтық қоғам, мемлекет секілді ұғымдардың алғаш рет сол мемлекеттерде пайда болғандығымен түсіндіріледі. Сондықтан азаматтық бірегейлікті қарастыруда батыс ойшылдарының еңбектеріне назар аударған жөн.
Азаматтық бірегейлік ағылшын тілінен аударғанда «civic identity», яғни азаматтық барабарлық, азаматтық ұйқастық, азаматтық сарындастық ретінде аударылады [85].
Бірақ та азаматтық бірегейлікті зерттеуде ғалымдардың көзқарастырының бөлінгенін байқауға болады. Азаматтық бірегейлікті тек қана аудару емес, оның мән-мағынасын түсіндіруде біршама алшақтықтар орын алуда, Мысалы, батыс мемлекеттерінде көптеген мемлекеттердің ғалымдары азаматтық бірегейлікті ұлт қалыптастыру нәтижесінда пайда болған категория ретінде қарастырады. Бұл кезекте азаматтар өздерін азаматтық ұлттың мүшесі ретінде анықтауы негіз болып табылады. Ал ұлт қалыптасу үдерісі аяқталмаған мемлекеттер үшін азаматтық бірегейлік қоғамды жұмылдыру мен азаматтық ұлтты қалыптастыруда, азаматтық қоғам құруда, патриоттық белгілердің дамуы мен нығаюында септігін тигізетін азаматтардың әлеуметтенуінің нәтижесі ретінде қарастырады. Сонымен қатар азаматтық бірегейліктің мемлекет тұрақтылығының негізі ретінде талдау дәстүрі жүзеге асуда. Бұл орайда азаматтық бірегейлік этносаралық келісім мен бейбітшілік, татулық орнату үдерісінде басты құрал ретінде пайымдалады.
Біздің зерттеуіміздегі азаматтық бірегейлік әлеуметтік бірегейліктің бір түрі ретінде ұлттық мемлекетті қалыптастырудағы бір факторы ретінде қарастырылады. Қазіргі біздің қоғамымызда азаматтық бірегейлікті мемлекеттік бірегейлікпен шатастырып, үнемі этностық бірегейлікке қарама-қарсы қою тенденциясы орын алуда. Мемлекеттік бірегейлік индивидтің белгілі-бір мемлекетке, саяси институт ретінде үкіметке өзін жатқызуды білдіреді және ол көбіне әлемдік сахнада, кеңістікте басқа мемлекеттердің азаматтарынан өзгешелену үшін қолданылады. Осы орайда азаматтық бірегейлік мемлекеттік бірегейліктен мазмұны терең ұғым болып табылады. Бұлай түсіндіру бағыты көп жағдайда көрші Ресейде кең қолданысқа ие. Оны Ресей Федерациясының этносаяси, этнодемографиялық, әлеуметтік жағдайы мен мемлекеттің құрылысының ерекшеліктерімен түсіндірсе болады. Ресей федеративті мемлекет ретінде бірнеше ұлттық мемлекеттерден тұратыны белгілі. Сондықтан азаматтық бірегейлік мәселелері өзіндік қырынан анықталады. Өзінің жеке компоненттерінің болуымен сипатталады.
Ресей ғалымы Л.М.Дробижеваның пікірінше, либералды демократиясы бар мемлекет түрінде мемлекет халық үшін қызмет етеді. Сондықтан ондағы мемлекеттік бірегейлік азаматтық бірегейлікпен сәйкес келеді деп есептейді [86, 10б.].
Дегенмен де азаматтық бірегейлікті анықтауда барша ғылымға ортақ негіздемелердің орын алуына көз жеткізсе болады.
Азаматтық бірегейлік мәселесін талқылау өзінің бастауын сонау антика заманынан алады. Онда азаматтық бірегейлік нақты қазіргі кезеңде қолданыста жүрген терминологияда емес, мемлекеттің азаматы болу қырында қарастырылды. Ол заманға тән құбылыс мемлекеттің, азаматтық қоғамның жаңадан пайда болуы. Сонымен қатар сол қоғамдағы азаматтардың орны мен рөліне жаңаша көзқарас қалыптасып, үлкен мән берілді. Осы орайда адамның «саяси» болмысы идеясын алғаш көтерген Аристотель, Платон еңбектерін атап кеткен жөн. Аристотель өзінің «Никомах этикасында» «адам өзінің болмысы бойынша қоғамдық құбылыс» болып табылады, ал «саясатты» саяси ағза ретінде қарастырады. Ұлы ойшыл адамдардың саяси ағза ретінде дүниеге келіп, қоғамда біріге отырып өмір сүруге инстинктивті ұмтылысы болады деп тұжырымдайды. Тума қабілеттердің теңсіздігі топтарға адамдардың бірігуінің себебі, ал осыдан қоғамдағы адамның орны мен рөлі анықталады деп есептейді [87]. Яғни, Аристотель мен Платон еңбектерінде мемлекеттің қалыптасуы мен қызмет етуінде азаматтың рөлі ерекше бағаланады. Бұл өз кезегінде азаматтық бірегейліктің қалыптасу мәселелерін алғашқы талқылау ретінде қарастырылады. Өйткені, адам олардың пікірінше, қоғамның айырылмас мүшесі болып табылады. Ал мемлекеттің тиімді қызмет етуі әр азаматтың санасындағы ұжымдық бірегейлікке тікелей тәуелді деп есептейді.
Азаматтық бірегейлік мәселесі Николло Макиавелли еңбектерінде де кездеседі. Оның негізгі бірегейлікке қатысты идеясы – билеуші әрқашан кез-келген жағдайда адамдардың мемлекетке және билеушіге деген қажеттілігін сезіндіріп отыру қажет [88]. Сонымен қатар Макиавелли бойынша, мемлекеттік билеуші халықты басқарғысы келсе, бірінше кезекте оның бірігуіне, азаматтардың арасындағы өзара тығыз қарым-қатынасына назар аудару қажет. Өйткені, азаматтық құрылымға біріккен азаматтар тобы мемлекеттік билеушіге қауіп төндіреді деп есептейді. Сондықтан оның пайымдауынша, мемлекеттік билеушілер елді басқару үшін қоғамның арасында ішкі бытыраңқылықты қолдап, елдің жұмылуына кедергі жасайды. Осы орайда қоғамның азаматтық негізде бірігуі өз қырынан мемлекеттік билікке әсер етудің ең ұтымды жолы ретінде қарастырылады.
Бірегейліктің азаматтық қырына аса назар аударған кейінгі ойшылдардың қатарында Дж.Локк пен Т.Гоббсты [89] атауға болады. Бұл ХVІІ ғасырдың философиясында бірегейлікті адамның уақыт пен кеңістіктегі өзімен ұйқас болуын сезінуден бастау алды. Аталған ғалымдардың пікірінше, азаматтардың мемлекетке мүше болып бірігуі қауіпсіздік мәселелерінің орын алуымен түсіндіріледі. Яғни, азаматтардың жеке мүдделерінің қатарында ортақ, жалпы халықтық мүдделер аса маңызға ие болып, басымдық сипат алады. Мұнда азаматтық бірегейліктің либералды түсіндірме әдісінің алғашқы көріністері байқалады деуге болады. Ол бойынша азаматтардың еркіндігі, заң алдында теңдігі, құқығы сияқты категориялар басты назарға алынады.
Сонымен қатар азаматтық бірегейлік мәселерін азамат туралы ой қозғаған неміс классиктерінің ішінде Кант пен Гегельді атауға болады. Олардың еңбектерінде қоғам мен мемлекеттегі азаматтың алар орнына, азаматтың болмысына аса назар аударылады [90, 120б.]. Жеке ғалымдарға келетін болсақ, Кант үшін бірегейлік тұлғаның өзіндік санасымен, санасындағы «Мен» ұғымымен тығыз байланысты. Ғалымның пікірінше, бірегейлікті тек қана тұлға иемденбейді, бірегейлік бір ұлтқа да тән құбылыс. Ал сол бірегейлік тек қана саналы таңдауға ғана емес, азаматтың немесе ұлттың қабілетіне байланысты. Бұл жерде азаматтың немесе ұлттың өзіндік бірегейлігін сақтап қала алу қабілеті туралы сөз қозғалып отыр. Оның ішінде бірегейлікті сақтап қалу мен нығайтуда тілдің маңызы өте зор болып табылатынын дәлелдеген. Кез-келген қауымдастықтың бірегейлігі тілмен анықталады, ерекшеленеді деген тұжырым жасайды [91]. Қазіргі таңда И.Канттың осы тұстағы идеясы тек біздің қоғам үшін ғана емес, барша қоғам үшін өзекті мәселелердің шешімі ретінде қабылданады. Өйткені, кез-келген мемлекет өзінің бірегейлігін анықтауды тілдік ортақтықтан бастуы тиіс. Яғни бір жағынан, тілдік бірегейліктің берік болуынан азаматтық бірегейліктің берік болуы тәуелді. Сол себепті азаматтық бірегейлікті қалыптастыруда И.Кант еңбегінде келтірілетін тұжырымдамалар үлкен ғылыми мағлұматтар береді.
Сонымен қатар азаматтардың бірегейлігінің азаматтық түрі жайлы К.Маркс еңбегінде көрсетілген. Ол бойынша азаматтар өздерін белгілі бір топпен, қауыммен, таппен бірегейлену өте маңызды, өйткені ондай қатынастарда адам өзін субъекті ретінде санап, өзінің жеке мүдделерін қамтамасыз етумен қатар, оларға жетудегі негізгі мақсаттарына қол жеткізуге тырысады.
Қазіргі әлемдік саяси ойлар тарихында азаматтық бірегейлік мәселелері өзінің либералды дәстүрін дамыта бастады деп айтуға болады. Бұл жоғарыда көрсетілген ХVІІ ғасырдағы саяси ғылымдар тарихындағы либерализм бағытының дамуымен сипатталады. Осы орайды жоғарыда аты аталған ойшылдардың еңбектеріндегі ұлттық мемлекетті құраушы азаматтардың санасындағы либералды көзқарастардың басымдыққа ие болған кезеңнің орны ерекше болып есептеледі. Либералды тұжырымдаманың негізгі ортақ категориялары ретінде индивидтердің бостандығы, адам құқықтарының басымдығы, мемлекетті құру мен мемлекет ішіндегі өмір сүру еркіндігі, адам мүдделерінің мемлекет мүдделерінен жоғары тұруы және т.б. анықталады. Сонымен қатар, саяси либерализм бойынша адамдар өздерінің қауіпсіздіктері мен қорғануы үшін өздерінің еркіндіктері мен құқықтарының бір бөлігін мемлекетке береді. Яғни, бұл тұжырымдама мемлекеттің қоғам үшін, қоғамның мүдделері үшін қызмет атқаруын білдіреді.
Либералды тұжырымдама бойынша азаматтар өздерінің мемлекетке азамат ретінде өздерінің құқықтары мен міндеттерін жүзеге асыра отырып, ортақ мүдде үшін бірігуі нәтижесінде азаматтық бірегейлік туындайды. Бұл батыс ғылымында пайда болған саналы таңдау (rаtionаl choice) идеясымен тығыз байланыста болады. Саналы таңдау теориясы бойынша адамдар өздерінің түсініктері бойынша әділетті болып табылатын жеке өз бастарынан, мүдделерінен жоғары тұратын және басымдыққа ие болатын ортақ бірегейлік түрін таңдайды.
Либералды дәстүрдің тағы ғылымға енгізген жаңалығы ол «ұлт» ұғымының «халық» ұғымымен синоним ретінде анықталуында жатыр. Бұл тұжырымдамаға үлес қосқан И.Гердер мен Г.Гегельдің еңбектерін атауға болады. Олар халық пен мемлекет ұғымдарының ұқсас, бір болуы тұрғысынан қарастыруға негіз салады. Мысалы Гердер үшін табиғи мемлекет болып бірегей ұлттық (азаматтық) сипаттағы халықтан тұратын мемлекет табылады. Ал Гегель үшін мемлекеттік құрылымынсыз болған халықта ешқандай тарихы, ерекшелігі болмайды. Олар қазіргі кездегі жабайы ұлт ретінде өмір сүреді деп көрсетеді [49, 36б.].
Сонымен қатар либералды дәстүрдің өкілі Джон Роулз өзінің «Игілік идеясы мен құқық басымдығы» атты еңбегінде әділеттілік идеясы жүзеге асатын қоғамды құруда тепе-теңдік, тежемелік институционалды механизмдерімен қатар қоғамның азаматтық рухы басым болуы қажет деп көрсетеді. Ал азаматтық қасиеттердің қалыптасуы азаматтық қоғамның құрылуының және мемлекеттің демократиялық, либералды құрылысының орнығуының кепілі болмақ. Роулздың еңбегінде маңызы ерекше идея ретінде «әділетті әлеуметтік ынтымақтастық» идеясын атауға болады. Ол бойынша азаматтар демократиялық мемлекеттің мүшелері ретінде сол мемлекеттің саяси институттары жіктеген міндеттемелерді жүзеге асырады [35]. Яғни либералды-демократиялық құндылықтармен қатар қоғамда тұлғаның бірегейлігі мен қауіпсіз ортада мүше болуы қажет деген тұжырымдамаға тоқталады. Тұлғаның өзін қауіпсіз ортада ғана жүзеге асыралатындығы, бірегейлігінің нығаюы байқалады.
Демек, белгілі бір қауымдастыққа, қоғамға мүше болуда бірінші кезекте қауіпсіздік мәселесін шешу қажеттігі анықталады. Сондықтан әлеуметтік ынтымақтастық орнату мақсатында қауымдастықтың барлық мүшелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету керек. Мемлекеттің пайда болуын түсіндіретін кейбір теорияларды осы қауіпсіздік мәселесі ерекше орынға ие болды. Ол теория бойынша адамдар «қасқыр» іспеттес. Осылайша бір-бірінен қорғану үшін, өздерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін өздерінің еркіндіктері мен құқықтарын шектеп, мемлекетке жүктейді. Осы орайда әділетті әлеуметтік ынтымақтастықтың орналуы мүмкін. Азаматтың іс-әрекетіне деген бағаны қауымдастық қалыптастырады. Өйткен, қауымдастық жүріс-тұрыс ережелерін бекітеді. Мысалы Я.Тайлордың айтуынша, «мемлекетке мүше болу жеке бірегейліктің құрамдас бөлігі болып табылады. Адамның өзіне беретін бағасы ортақ қауымдастықта қалыптасқан жағдайға тәуелді болады» деп есептейді [36].
Азаматтық бірегейлікті зерттеудегі либералды әдістің өкілі Уилл Кумлика ғылымға либералды ұлтшылдық (национализм) атты ұғымды енгізді. Ғалымның негізгі идеясы тұлғаның жеке автономиясы тұжырымдамасы болып табылады. Либерализмнің негізгі еркіндіктері барлығына маңызды, өйткені либералды еркіндіктер адамдарға таңдау еркіндігін береді. Осы еркіндіктің көмегімен азаматтар өздерінің өмір жағдайын жақсартатын жолды таңдайды және қайтадан қарастыру арқылы әлеуметтік мәдениетке қол жеткізеді. Кумлика бойынша «әлеуметтік мәдениет» - бұл бір территорияда ұзақ уақыт бойы қалыптасқан, ортақ тілі бар жеке және мемлекеттік өмірді қамтитын институттар жиынтығы. Осылайша әлеуметтік мәдениет таңдау контексті ретінде қарастырылады. Аталған идеяның маңызы адамдардың басым бөлігінің әлеуметтік мәдениеті ортақ авторитетті горизонт болып табылуында жатыр [37].
Сонымен қатар Уилл Кумлика қоғамдағы мәдени қауымдастықтың орнын көрсете отырып, барлық азаматтардың ортақ қауымдастыққа, ортақ мәдениетке бірігу жолын дұрыс деп атайды. Дегенмен де ортақ қауымдастыққа мүше болу кішігірім мәдени ерекшеліктер, бірегейліктер арқылы ғана мүмкін деген тұжырымдама келтіреді. Кумлика Америка Құрама Штаттарындағы ұлттың қалыптасу жолын ең ұтымды деп көрсетеді [92, 4б.]. Өйткені, оның ойынша Америка Құрама Штаттарында ұлтты қалыптастыру кішігірім ұлттық (этностық) бірегейліктерді, жеке мәдениеттерді жою жолымен емес, оларды дамыту мен сақтау жолымен жүріп келді. Нәтижесінде көптеген кішігірім мәдениеттерді біріктіретін ортақ ұлттық бірегейлік дүниеге келді. Кумлика бір қырынан либералды қоғамда әлеуметтік азшылық топтың өз мәдениеттерін сақтауға деген еркіндіктерін қолдай отырып, екінші қырынан, әлеуметтік азшылық топтың үлкен либералды қоғамның мәдениетіне ассимиляциялану арқылы мүше бола отырып, одан да жоғары рахатқа бөленеді деген тұжырымдама жасайды [93].
Бұл орайда азаматтық бірегейліктің ұлттық бірегейлік ретінде түсіндіру жолы сипатталады. Яғни, ұлттың бірегейлігі ұлттық-азаматтық бірегейлікпен толыққандығын білдіреді. Дегенмен де, қазіргі кезеңде ұлттық және азаматтық бірегейлік түрлерінде алшақтықтар байқалады. Олар көбінесе әр мемлекетке тән саяси, әлеуметтік, экономикалық, демографиялық жағдайлармен сипатталады. Өйткені, кейбір мемлекеттер ұлттың қалыптасып болғаннан кейінгі бірегейлік түрін зерттесе, кейбір мемлекеттер үшін бірегейліктің ұлтты қалыптастырудағы орны мен рөліне ерекше назар аударады. Осы тұста азаматтық бірегейлікті түсіндіруде өзіндік әдіс-тәсілдер дүниеге келді. Дегенмен де қазіргі таңда көптеген мемлекеттерде азаматтық бірегейлікті түсіндіруде либералды әдістің көп қолдыналытындығын байқауға болады. Либералды әдіс бұл орайда әмбебап дәстүр негізін салды деп есептейміз.
Либералды зерттеу әдісінде азаматтық бірегейлікті әділеттілік принциптері мен демократияның либералды формасын қолдаудағы ұжымдық әрекет арқылы және азаматтардың «өзара сенімі» арқылы ортақ азаматтық бірегейлікті құруға болады деп көрсетіледі [38]. Бұл орайда азаматтық жүріс-тұрыс мәселелеріне үлкен мән беріледі. Азаматтар демократиялық институттардың қозғаушы күші ретінде есептеледі. Ал олардың бірігуі мен ортақ мақсатқа қол жеткізуі тек «өзара сенім» арқылы жүзеге асады. Сенім тек қана азаматтардың арасында болып қана қоймай, азаматтардың мемлекеттік билікке, және керісінше мемлекеттік биліктің азаматтарға деген сенімінде көрініс табады. Яғни, мемлекетте демократияға ортақ күшпен ғана қол жеткізуге болатыны туралы сөз қозғалады. Осы орайда азаматтық бірегейліктің мазмұнының кеңейе бастағанын көрсе болады.
Либералдық құндылықтар азаматтардың санасында басқаларға деген құрмет пен толеранттылық сияқты категориялармен қатар өздерінің жеке мүдделерінің ішіндегі әлеуметтік қорғау талабын ортаға салады. Бұл орайда американ зерттеушісі Ральф Уолдо Эмерсонның еңбектірендегі зерттеулер елеулі еңбек сіңірді [94]. Ол либералды азаматтылық пен азаматтық достастық мәселесіне саяси талдау жүргізеді. Оның ойынша азаматтық достастық тек бір-бірін жетік түсіну орын алған жағдайда ғана мүмкін. Мысалы азаматтар қоғамда тек қана келісім арқылы ғана бірігіп қоймай, қауымдастыққа өздірінің ашықтығы, басқаларды түсіну, ойын бөлісу арқылы мүше бола алады деп тұжырымдайды. Эмерсон үшін либералды индивидуализм мен ұжымдық индивидуализм арасында Кумликаға қарағанда екіншісіне басымдық береді. Оның пікірінше, қоғамдағы діни, этностық, трайбалистік құбылыстар қоғамның жұмылуына кері әсерін тигізеді. Сондықтан ғалым демократияны түсіндірудің радикалды әдісіне жүгініп, қоғамдағы біріктіретін азаматтық бірегейлік тек қана барша азаматтарға ортақ болатын еркіндік, құқық сияқты үғымдардан тұрады деп есептейді.
Осылайша азаматтық бірегейлікті түсіндіруде либералдық құндылықтардың мазмұны мен қажеттілігі арқылы талдау дәстүрі қалыптаса бастады. Бұл орайда азаматтық бірегейлік бірінші кезекте ұжымдық мүдде, ортақ құндылықтар негізін қалыптасуы тиіс деп табылады.
Ендігі кезекте азаматтық бірегейлікті демократияның дамуымен анықтау мәселесі көтерілді. Соның ішінде Ф.Фукуяманың еңбегі қызығушылық туғызады.
Франсис Фукуяманың ойынша, қазіргі таңдағы бірегейлікті зерттеушілердің басым бөлігі азаматтық бірегейлікті либералды демократия тұрғысынан талқылауы кең етек жайды. Бұл азаматтардың топтық мүддеге басымдық білдіріп жұмылуын білдіреді [39]. Осылайша азаматтық бірегейлікті қалыптастырудың негізі болып заң, құқық, Конституция, қоғамдық игілік табылады. Азаматтардың төмен деңгейлі азаматтық бірегейлігі олардың басқа елге көшіп кетуіне ықпалын тигізеді деп есептейді. Ал оны болдырмас үшін әрбір мемлекетте заң, құқық өз деңгейінде орындалып, сақталуы тиіс.
Осылай батыс әлеуметтік ғылымдарында азаматтық бірегейлікті зерттеудің либералдық әдісі өз дамуын тапты. Аталмыш әдіс бірнеше автономиялы мемлекеттерді біріктірген, мемлекеттік құрылысы бойынша федеративті мемлекеттердің қатарына жататын, көрші Ресейде өз қолдаушылары мен жақтастарын тапты.
Азаматтық бірегейлікті саясаттану ғылымының шеңберінде зерттейтін Ресей ғалымы В.Ю. Журавлева өзінің «Ресей азаматтарының ХХ ғасырдың 20-90 жж. азаматтық бірегейлігінің эволюциясы» атты диссертациялық жұмысында азаматтық бірегейліктің либералды дәстүрін ұлт, ұлттық мемлекет немесе мемлекет-ұлт түсініктерімен қарастырады. Оның ойынша, қазіргі замандағы «ұлт» түсінігі «халық» түсінігімен сипатталады. Ондағы негізгі және басты категория ретінде азаматтылық, азамат табылады. Автор түрлі Батыс елдеріндегі азаматтық бірегейліктің көріністерін сипаттай келе азаматтық бірегейлікті «ұлт» түсінігімен түсіндіру тар және саяси мағына береді, кейбір полиэтносты қауымдастықтарда азаматтық бірегейлену үдерісін толық түсіндірмейді деген қорытындыға келеді [49, 49б.].
Осылайша, азаматтық бірегейліктің либералды түсіндірме әдісі бойынша азаматтық бірегейліктің астарында адам еркіндігі мен бостандығы, мәдени, әлеуметтік ерекшеліктерге қарамастан қоғамдық құндылықтарды жатқызылады [95, 95б.].
Азаматтық бірегейлікті зерттеудегі келесі ірі дәстүр - әлеуметтік-мәдени әдіс. Аталған дәстүрдің шеңберінде азаматтық бірегейлік мәселесі өздерінің мәдени, әлеуметтік ерекшеліктерін сақтап қалуға тырысатын полиэтносты қоғамдарда ұлттық, мәдени ерекшеліктері арқылы сипатталады. Бұл орайда аталмыш әдісті жақтаушылардың ортақ идеясы азаматтық бірегейлікті әлеуметтік-мәдени құндылықтар мен ерекшеліктер негізінде қарастыру қажеттілігінде жатыр. Мысалы, Энтони Смит ұлттық бірегейліктің қалыптасуына құндылықтар жиынтығы, рәміздер, белгілер, естеліктер, миф және дәстүр жатады деп есептейді [40]. Яғни, аталған әдісте азаматтық бірегейлікті ұлттық бірегейлікті қалыптастыру жағынан қарастырылады. Оның ішінде басты мәселе ұлттық мемлекетті қалыптастыру болып табылады. Сонымен қатар ұлттың басты мақсаты ол ұлттық мемлекетті қалыптастыру ретінде анықталады. Осы орайда Э.Смитке сәйкес, ұлттар өздерінің рухы, жігері арқылы өздерінің тағдырын өздері шешуге мүмкіндік алады. Ал ол негізгі үш принциптің негізінде жүзеге асуы мүмкіндігіне ие болады:
-
әлем бірегей органикалық ұлттарға немесе мәдени (тілдік) топтарға бөлінеді;
-
ұлттық өзін-өзі көрсету саяси күрес арқылы жүзеге асады;
-
тұлғаның еркіндігі органикалық мемлекеттің мүддесіне бағынуы тиіс [96]. Бұл орайда азаматтық бірегейлік мәселесі әлеуметтік бірігейліктің құрамдас бөлігі ретінде қарастырылады. Сондай-ақ оның астарында мәдени құндылықтар жатуы тиіс деген қорытындыларға келеді.
Осы орайда ғалым ұлтты бірегейліктің мазмұндық қасиетіне ұлттық естелік, этнобелгіліктің бірқатар бейнелерін (көсем, қаситетті тұлғалар, батырлар, жеңістер мен жеңілістерді) жатқызады [97]. Бұл көбінесе ұлты қалыптасып үлгерген мемлекеттер мысалына тән.
Әлеуметтік-мәдени дәстүр шеңберінде азаматтық бірегейлік категориясының дамуы 1980-1990 жылдардағы этностық бірегейліктің өршуімен сипатталады. Осылайша, этностық тіл, мәдениет, белгілер, стереотиптер және т.с.с. этностық топтық ерекшеліктер басымдыққа ие бола бастады. Бұл өз кезегінде объективті, субъективті себептермен түсіндіріледі. Дегенмен, шығатын қорытынды, бірегейлену үдерісіне мәдениеттің (этностық) ықпалы күшейе бастады. Бұл мемлекеттердегі екі тенденциямен түсіндіріледі: біріншіден, мемлекеттің құрылысы этностық бірегейліктің негізінде (посткеңестік мемлекеттерге тән) жүзеге асса; екіншіден, этностық топтарды саяси үдерістерге араластырып және саяси институттарға тарту әрекетімен түсіндіріледі. Яғни, бірінші кезекте көптеген ұлттардың басын біріктірген КСРО ыдырауымен сипатталады.
Бұл орайда ұлттық және мәдени тұрғыда халықтың өз мемлекеттік құрылысын өзі таңдау құқығының демократиялық келесі бағыттары айқындалады:
-
Ұлттың өз мемлекеттік құрылысын өзі шешу құқығы егеменді мемлекеттердің құрылуына әкеліп соғады;
-
Ұлттың өз мемлекеттік құрылысын өзі шешу құқығы көпұлтты мемлекеттердің құлдырауы мен ыдырауына себеп болады;
-
Ұлттың өз мемлекеттік құрылысын өзі шешу құқығы халықтар мен этностық топтардың федерация немесе одақтарға бірігуіне әкеледі;
-
Ұлттың өз мемлекеттік құрылысын өзі шешу құқығы қоғам өмірінің әр саласын интернационализацияға, егеменді мемлекеттердің конфедерация мен ірі одақтарға қосылуына себепші болады [98, 47б.].
Осы орайда Э.Смит азаматтық бірегейліктің компоненттері ретінде ұлттық патриотизм, ұлттық тарих, азаматтардың тең құқықтары мен бостандықтары, азаматтық тәрбие, саяси рәміздер, саяси мәдениет жатқызады. Смит бойынша азаматтық бірегейлік бұл – белгілі бір жағдайдағы (территориядағы) саяси (институционалды) және мәдени бірегейліктің түрі. Сонымен бірге Энтони Смит азаматтық бірегейліктің критерилері мен көрсеткіштерін, индикаторларын анықтайды.
Кесте 1 – Смиттің азаматтық бірегейлік компоненттерін жіктеуі
Өлшем критерийлері
|
Көрсеткіштер
|
Индикаторлар
|
Саяси
|
Демократия негіздерін білу
|
Демократиялық құндылықтарға қатысты негізгі принциптерді білу, демократиялық құндылықтардың бір-біріне өзара алмасып отыратын машықтары
|
Саяси
|
Азматтылық негіздерін білу
|
Негізгі адам құқықтары мен міндеттерін білу, адам құқықтары мен міндеттері саласында машықтардың болуы, адамгершілік пен мемлекеттілік түсініктеріне қатынасы
|
Әлеуметтік
|
Азаматтардың ұлттық бірегейлігі
|
Ұлттық топтардың болуы туралы білімнің болуы, өздерінің ұлттық топтарына мүше болуы, отан тарихын, мәдениет тарихын, ұлттық рәміздерді, ұлттық сана мен стереотиптерді білу, өзінің этностық тобына қатынасы
|
Мәдени
|
Мәдениетті білу
|
Құндылықтар мен нормаларды мойындау, мәдени тәрбиелі, мәдени жұріс-тұрысты игеру, коммуникативті машықтар
|
Жоғарыда көрсетілген кестеге сәйкес, азаматтық бірегейліктің саяси компоненті демократия негіздерін білу және азаматтылық негіздерін білу сияқты көрсеткіштерден тұрады. Сонымен қатар әлеуметтік критерий бойынша азаматтың бойында өз этносының тобына мүше болу санасы қажет. Ал ол отан тарихын, мәдениет тарихын, ұлттық рәміздерді, ұлттық сана мен стереотиптер арқылы жүзеге асырылады. Сондай-ақ азаматтық бірегейліктің мәдени компоненті барша халыққа ортақ мәдени жүріс-тұрыстың болуымен сипатталады.
Яғни бір сөзбен айтқанда, азаматтық бірегейлікті зерттеудегі әлеуметтік-мәдени дәстүр саяси компонеттермен қатар ұлттың әлеуметтік (Ұлттық топтардың болуы туралы білімнің болуы, өздерінің ұлттық топтарына мүше болуы, отан тарихын, мәдениет тарихын, ұлттық рәміздерді, ұлттық сана мен стереотиптерді білу, өзінің этностық тобына қатынасы) және мәдени (құндылықтар мен нормаларды мойындау, мәдени тәрбиелі, мәдени жүріс-тұрысты игеру, коммуникативті машықтар) құрамдас бөліктерінің маңызы зор екендігін көрсетеді [99].
Ал Смиттің тұжырымдамасындағы этностық бірегейлік тарихи естелік, мәдениеттің ерекше элементтері, ата-баба туралы аңыз, атамекен сияқты компоненттерден тұрады десе, ұлттық бірегейлік компоненттері болып ортақ территория, ұлт, тарихи естелік, ортақ мәдениет, саяси рәміздер табылады деп есептейді. Азаматтық бірегейліктің жоғарыда аталған компоненттері азаматтық бірегейлік азаматтық ұлттың қалыптасуына әкеліп соғады деп тұжырымдайды. Нәтижесінде батыс мемлекеттерінде пайда болған «азаматтық ұлт» құбылысы дүниеге келеді. Кейіннен ол еурапалық бірегейлік атты бірегейлік түрінде көрініс табады.
Шығыс Еуропа мемлекеттеріндегі азаматтық бірегейліктің қалыптасу үдерісін зерттеутін ғалымдардың пікірінше, соның ішінде Александра Латунина өзінің «мультимәдени қоғамдардағы азаматтық бірегейліктің қалыптасуы: әлеуметтік-мәдени әдіс» атты мақаласында азаматтық бірегейліктің қалыптасу түрлерін: шашыраңқы, баламалы, кемеліне жеткен болып бөлінеді деп көрсетеді. Сонымен қатар, ғалым азаматық бірегейліктің қалыптасуының екі үлігісі барын айтады. Бұл орайда азматтық бірегейлік ұлтүстілік тұрғыда ұарастырылады. Бірінші үлгі бойынша азаматтық бірегейлік этностық бірегейлік негізінде қалыптасады, этностық тұрғыда ұлттың мәнін білідіреді. Ал екінші үлгі бойынша мультимәдениеттерді қамтитын, яғни бір ұлтқа басымдық берілмей барлығын «қайнаушы қазан» принципімен біріккен саяси ұлттың қалыптасуын білдіреді. [99]. Екінші үлгідегі азаматық бірегейліктің қалыптасуы Америка Құрама Штаттарындағы ұлт қалыптасу үдерісін анықтаса, бірінші үлгі белгілі-бір этностық топтың, ұлттың негізінде пайда болған ұлттың қалыптасу салдары ретінде қарастырылады. Яғни, бұл жерде азаматтық бірегейлік этностық бірегейлікпен тығыз байланыста болады. Ол ұлттың этностық белгілері бойынша қалыптасуын білдіреді. Дегенмен екі жағдайда да азаматтық бірегейлік бірегей саяси ұлттың қалыптасуының негізінде пайда болады деп көрсетіледі. Ал олардың жету жолдары әрқилы болады. Сондықтан азаматтық бірегейлікті қалыптастыруда әр мемлекеттің өзіндік ерекшеліктері мен тарихи жағдайын ескеру қажет деген қорытынды жасауға болады.
Яғни азаматтық бірегейлік ортақ интеграцияның негізінде пайда болады. Кейбір ғалымдар интеграция деген ұғымды ассимиляциямен шатастырады. Ал интеграция ол ассимиляцияны білдірмейді, керісінше, өз ерекшеліктерін сақтай отырып, белгілі бір қоғамға мүше болуды білдіреді. Бұл кезекте азаматтардың жеке бірегейлігі сақталады. Ал ассимиляцияда азаматтардың мәдени ерекшеліктері мүлдем сақталмауы мүмкін. Сондықтан азаматтық бірегейлік өзіндік интеграцияны білдіреді. Бұл орайда интеграция саяси, экономикалық және тілдік, мәдени интеграция болуы мүмкін деген тоқтамға келеді.
Интеграцияның азаматтық бірегейлікті қалыптастырудағы мәні төмендегі мәселелерді шешуге септігін тигізеді:
-
Азаматтарды мемлекеттің маңызды мүшесі ретінде қабылдап, оның мемлекеттен қашықтанбауын;
-
Ортақ қоғамдық мүддені жүзеге асыру бағытында азаматтардың мақсаттарына жетуге серпіліс беру;
-
Азаматтардың өз этностық, мәдени ерекшеліктерін сақтап, дамытуға үлес қосу;
-
Мемлекетте әр азаматтың мәдениетін сақтай отырып, ортақ мәдени жүріс-тұрыс үлігісін қалыптастыру [99, 608б.]
Қазіргі таңдағы зерттеушілер азаматтық бірегейліктің ұғымын кеңейтіп оның құрылымының компоненттері ретінде саяси бірегейлік, мәдени ерекшелік, этностық бірегейлік, ұлттық бірегейлік, еуропалық бірегейлік және демократия деп көрсетеді. Азаматтық бірегейлікті түсіндіруде мемлекеттің этностық, ұлттық және көпұлтты түрлеріне жіктелетінін ескерген жөн. Осы орайда мемлекетті құру этностық ерекшеліктер, мәдениет пен дәстүр сияқты біріктіруші факторлар ретінде көрсетілсе, көпұлтты мемлекеттердегі халықты саяси құбылыс ретінде ортақ мәдениет пен дәстүр біріктіреді деп түсіндіреді. Бұл жерде екі жағдайда да ұлтты құрайтын негізгі фактор мәдениет табылса, мәдениеттің астары, түсінігі екі түрлі болып келеді. Бірінші мысалда мәдениеттің негізін этностық мәдениет құраса, екінші жағдайда барлық топтарға ортақ (наднациональная культура) ұлттан жоғары мәдениет біріктіреді. Осы орайда батыс ғалымдарының пікірінше, ұлт түсінігінің «шығыс еуропалық» (мәдени, этностық) түрі мен «батыстық» (саяси, азаматтық) болып екі түрлерінің жіктелуіне әкеліп соғады.
Осылай жиырмасыншы ғасырдың соңғы жылдарында ұлтты қалыптастырудың этномәдени аспектілері орын ала бастады. Олар көбінесе Шғыс Еуропа мен Орталық Азия елдеріндегі этностық белгі бойынша мемлекеттердің қалыпатсуымен сипатталады.
Роджерс Бубейкер Шығыс Еуропа посткеңестік мемлекеттердегі ұлттық бірегейліктің қалыптасу үдерісін зерттей отырып, оның этностық түріне басымдық берілгендігін айтады. Ғалым Шығыс Еуропа мен Еуразия мемлекеттерін өтпелі кезеңге аяқ басқан мемлекеттер деп танып, ұлтты құруда этностық белгі бойынша мемлекет құраушы этностық топтың мүддесін қорғауға бет алғандығын айтады [100]. Азаматтық бірегейлікті әлеуметтік-этномәдени тұрғыдан түсіндіру үшін этностық мәдениеті сақталған Шығыс Еуропа мемлекеттер мысалында көрсету жөн деген қорытындыға келеді. Осыдан көретініміз, жаңадан пайда болған демократиялық мемлекеттерде азаматтық бірегейліктің этномәдени негізде институционалиияланғанын көруге болады. Бұл орайда мемлекеттік тіл, мемлекеттік мейрамдар, тарих, мәдениет сынды көрсеткіштер этностық белгі бойынша құрылды. Яғни, бқл орайда азаматтық бірегейліктің қалыптасуы этностық бірегейлік төңірегінде жүзеге асады.
Сонымен қатар ғылымда ұлттық бірегейлік пен азаматтық бірегейлік арасындағы ерекшеліктерге байланысты бірнеше зерттеулер орын алды. Олардың басым көпшілігі ұлттық бірегейлікті азаматтық бірегейліктен жоғары тұратын, оны қамтитын бірегейлік түрі ретінде сипаттайды. Ұлттық бірегейлік этномәдени белгілер бойынша қалыптасқан мәдени ұлттың қауымдастығы ретінде де қарастырылады.
Аталған зерттеу әдісі бойынша ұлттық бірегейлік азаматтық, мәдени, этностық бірегейліктерден тұрады. Бұл орайда азаматтық бірегейлік ұлттық бірегейліктің құрамдас бір компоненті ретінде қарастырылады. Сондықтан Шығыс Еуропа азаматтық бірегейлігінің қалыптасуын зерттейтін ғалымдар азаматтық бірегейлікпен қатар ұлтты қалыптастыруда этнотық және мәдени ерекшеліктерге үлкен мән береді.
Ал олар өз кезегінде келесідей құрылымдық компоненттерден тұрады:
Сурет 1 – Ұлттық бірегейліктің мазмұны (С.Шульман бойынша) [41]
Яғни бұл орайда азаматтық бірегейлік бірегейліктің мәдени, этностық бірегейлік түрлерімен қатар ортақ, ірі ұлттық бірегейлікті құрайды. Аталған зерттеу көбіне Шығыс Еуропа мемлекеттеріндегі азаматтық бірегейлік мәселесі төңірегінде өрбиді. Осылайша төл ұлты бар полиэтносты мемлекеттердегі азаматтық бірегейлік қалыптасуының өзіндік ерекшелігі болады деген тоқтамға келеді.
С.Шульман бойынша Орталық және Шығыс Еуропа мемлекеттеріндегі ұлттық бірегейліктің азаматтық компонентін этностық топтың басым бөлігі қолдауын ұлттық мемлекеттердің азаматтық үлгісінің жағымдылығын және беделді болуымен түсіндіреді. Еуропаның транзитті демократиялық мемлекеттеріндегі этностық топтар ұлттық және мемлекеттік құрылыстың азаматтық үлгісін ұлттың қайта өркендеуінің құралы ретінде, өздерінің мәдениеті мен төл этносты топтар мен элитаның бірегейліктері мен мүдделерінің жүзеге асуы деп біледі [101]. Өйткені ол Батыс мемлекеттеріндегі бірегейлік түрлерін зерттей келе, демократия мен тұрақтылық дәстүрін дәріптеп келген батыс қоғам мемлекеттерінде ұлттық бірегейліктің таза азаматтық бірегейлік түрінің қалыптаспағанын айтады.
Дамыған демократиялы мемлекеттерде мәдени компоненттің де маңызы зор. Ол қоғам арасында мультимәдени саясат пен этностық топтардың ассимиляциясын қолдайтын жақтастардың болмауымен түсіндіреді [41]. Яғни, демократиялық мемлекеттер бір этностық мәдениеттің кішігірім топтардың мәдениетін ығыстырмай, кеірісінше сақталуы мен дамуына мүкіндік береді деп есептейді.
Азаматтық бірегейліктің әлеуметтік-мәдени дәстүрі осылайша нақты мәдени-ұлттық жұмылдырудың үлгілерін көрсетеді.
Азаматтық бірегейліктің мәнін ашудағы қолданылатын келесі маңызды әдіс конструктивистік дәстүр. Негізгі өкілдері Э.Геллнер, Б.Андерсон, Э.Хобсбаум болып табылады. Ғалымдардың пікірінше, батыс ғылымында азаматтық бірегейліктің қалыптасуына мемлекет пен саяси элиталардың рөлі зор болып табылады.
Азаматтық бірегейліктің конструктивизм бағыты мемлекеттік, азаматтық бірегейліктер қоғамда орын алатын ортақ категориялар мен классификациялар арқылы тұлғаның әлеуметтену үдерісі нәтижесінде пайда болады деп тұжырымдайды. Мемлекеттік не азаматтық бірегейліктер этностық бірегейлік іспеттес категоризация үдерісіне тұлғаға құнды болып табылатын білім элементтері негізінде дүниеге келеді.
Осыдан келіп отбасы, мектеп, БАҚ секілді институттардың бірегейлікті қалыптастырушы сегменттері көрініс табады. Яғни, бірігейлікті қалыптастыруда арнайы институттар мен құралдар арқылы қолдан жасалатын құбылыс ретінде сипатталады.
Осы орайда американ саяси антропология саласының ғалымы Э.Геллнер өзінің «Ұлттар мен ұлтшылдық туралы» атты 1980 жылдары жазылған жұмысы конструктивистік бағыттың негізгі түсінігін ашып көрсетеді. Геллнер қазіргі ғылымда көп талқыланатын «ұлт» түсінігіне басқаша анықтама береді. Ол ұлтты түсіндіруде бірегейлік мәселесіне ерекше назар аударады.
Қазіргі кезеңде «ұлт» түсінігіне берілетін анықтаманың көп болуын ескерсек, кейбір ғалымдар осы орайды ұлтты теорриториялық, тілдің біртұтастығы, экономикалық өмір сүру салтының ортақтағы, психологиялық біртұстас елдердің жиынтығы ретінде түсіндіреді. Ал кейбір ғалымдар «ұлт» түсінігін саяси тұрғыдан «саяси қауымдастық» ретінде түсіндіреді. Сондықтан да осындай түсініктің көптүрлілігін ескере отырып, «ұлт» түсінігіне беретін Геллнердің анықтамасы қызығушылық туындатады.
Геллнер ұлтты түсіндіруде территориялық, экономикалық, психологиялық біртұтастыққа аса назар аудармай, ұлтты бірегейленудің конструкциясы ретінде анықтайды.
Ол эмоциялық және бір-бірімен қиын байланыста болатын бір тағдыр, еркін таңдау, ынтымақтастық, еркін бірегейлену сияқты блоктардан тұратын ғылыми конструкциялар арқылы түсіндіруді ұсынады [42]. Сонымен қатар Геллнер өзінің еңбегінде ұлтшылдық, ұлттық азаматтық сананың өршуі қоғамның дамуы сатысы ретінде қарастырады. Бұл орайда мемлекет азаматтарының санасында ұлтшылдық олардың дамуының бір сатысы ретінде көрініс табатынына ерекше мән береді.
Ұлтшылдық термині қазіргі таңда негативті қырынан қабылданатынын ескеретін болсақ, Геллнер бойынша ұлтшылдық бұл қоғамның артта қалуын білдірмейді, керісінше, қоғамның жоғары сауаттылығының көрінісі ретінде бұқара ақпарат құралдары, ұлттық элитаның пайда болуы мен қоғамға кәсіби кадрлардың сұранысында көрініс табады. Яғни, адамдар бірегейленудің жоғары сатысына өтеді, ал ол сатыда бірегейлікті қалыптастыратын элита, БАҚ, кадраларға аса назар аударылады. Осы орайда қазіргі кезеңде ұлт идеясы Геллнер екі жағдаймен түсіндіреді:
1. Екі адам бір ұлттың өкілі болып оларды идеялар жүйесі, шартты белгілер, байланыстар, жүріс-тұрыс және қарым-қатынас әдістері арқылы бір мәдениет біріктірген жағдайда табылады.
2. Екі адам бір ұлттың өкілі болып өздері іштей сол топқа мүше болуын мойындаған жағдайда табылады. Басқа сөзбен айтқанда, ұлтты адамның өзі жасайды, ұлт — бұл адам ойының, сенімінің жемісі [42]. Адамдар тобы бір-бірін біріктіретін ортақ құқық пен міндеттерді анық мойындаған жағдайда бір ұлтты құрай алады. Осындай өзара мойындау оларды бір-бірінің ерекшеліктеріне назар аудармай, басқа ортақ қасиеттердің болуына қарамастан ұлтты құрайтынын білдіреді.
Ұлтты түсіндірудегі жоғарыда көрсетілген екі әдістің де ғылымда орын ерекше. Әрине, ұлтты мәдениетсіз, ортақ құндылықсыз біріктіру мүмкін емес, дегенмен қазіргі кезеңде мемлекеттің негізі болып табылатын азаматтық қоғам тек құқық пен міндеттер, заң негізінде қызмет атқарады. Бірінші жағдай көбіне ұлтты этнографиялық тұрғыда түсіндіреді, ал екінші жағдай нормативті-құқықтық негізде айқындайды. Осы тұрғыда Гоббс пен Локк еңбектеріндегі мемлекеттің пайда болуы мен қызмет етуінің негізі ретінде ортақ мүдде мен жеке мүдделердің шектелуін есепке ала отырып, ұлтты құрайтын ортақ мәдениеттің рөлі де зор екенін айтып кеткен жөн.
Геллнердің айтуынша, ұлтты құрауда ерекше орынды ұлтшылдық ойнайды. Өйткені тек ұлтшылдық қана ұлтты құрайды. Ұлтшылдық жоқ жерден пайда болмайды. Ол бұрын ұмыт болған тілдердің жандануы мен қайта өрлеуі, көптеген мәдениеттердің трансформациялануы негізінде орын алады. Ұлтшылдық – бұл ойдан шығарылып алынған немесе идеологиялы жасанды ой емес, ол ұлттың дамуының факторы, қайнар көзі ретінде қарастырылады.
Азаматтық бірегейліктің қалыптасуы ұлт түсінігімен қабаттас жүретін үдеріс ретінде талқылайтын Геллнер теориясын ары қарай дамытушы ғалым болып Э.Хобсбаум табылады. Ол ұлтты аяқ астынан пайда болған немесе әлеуметтік қауымдастықтың бір мезетте пайда бола салатын феномен ретінде қарастырмай, оның қалыптасып, дамуына нақты тарихи кезең мүмкіндік береді деп тұжырымдайды. Азаматтарды біріктіретін ұлтшылдық бұл орайда тек қана этностық, ұлттық сипатта қабылданбай саяси мағынада қабылданады. Хобсбаум ұлтты әлеуметтік құрылым ретінде қазіргі территориялды мемлекет түрінде түсінеді. Және осы орайда «ұлттық мемлекет» идеясы шеңберінде ұлтты құрастыруда жасанды конструкциялау, мақсатты бағытталған іс-әрекет немесе әлеуметтік инжинерия ерекше рөл ойнайды деп есептейді [44].
Бұл орайда әрине, айтып кететін жәйт, конструктивистік дәстүр азаматтық бірегейлікті азаматтық ұлтшылдық (civic nаtionаlism) ретінде түсіндіруге басым болады. Ал «ұлттық мемлекет» немесе «мемлекет-ұлт» идеясы сол азаматты бірегейліктің жемісі ретінде қарастырылады. Бұл орайда азаматтық ұлтшылдық негізі болып табылатын азаматтық бірегейлік идеясы Батыс тарихында бірінші рет орын алып, қазіргі таңдағы азаматтық бірегейлікті түсіндірудегі дәстүрден алшақтанады. Әрине, қазіргі таңда көптеген ғалымдар азаматтық бірегейлікті сол Батыс мемлекеттеріндегі алынған, қалыптасқан түсінік бойынша әлі де түсіндіріліп келеді. Дегенмен, азаматтық бірегейлік әр мемлекетте өзінің ерекшеліктері мен өзгешеліктерін, түсіндірудегі басқа дәстүрлердің орын алуын естен шығармаған жөн.
Осылайша жоғарыда көрсетілген конструктивистік дәстүрдің басқа да өкілдері азаматтық бірегейлікті арнайы алдын-ала ойластырып жасалатын конструкт ретінде қарастыруға болады деп пайымдайды.
Қазіргі жаһанданып отырған жағдайда конструктивистік дәстүрдің елеулі өкілі Б.Андерсон өзінің «Ұлт пен ұлтшылдық» атты еңбегінде ұлтқа байланысты екі тенденцияны атап көрсетеді: біріншісі КСРО ыдырағаннан кейінгі, әлсіз, экономикалық жағынан қуатсыз ұлттық мемлекеттердің құрылуын мойындаса, екінші жағынан, ұлттық түсініктің жаһандану жағдайында жойылып бара жатқанын айтады [43]. Андерсон өзінің еңбектерінде қоғамның санасында «елес арқылы пайда болатын қауымдастықтың» негізін тіл қалайды деп есептейді. Ол арқылы саяси одақ ретінде мемлекет қалыптасады деген тұжырымдама жасайды. Бірегейліктің ішінде ұлттық бірегейлікке және ұлттық қауымдастықтарға ерекше мән береді.Оның ішінде ұлтты қалыптастыру тілдік конструкт негізінде жүзеге асады деп есептейді.
Осы орайда ұлтты сақтап қалудың негізгі факторы ретінде бірегейліктің орны ерекше болатынын айтады. Өйткені, бірегейлік қоғамның тұтастығын сақтап отыратын субъективті санада көрініс табады. Тілдік біртұтастық, бірегейлік ұлттық бірегейліктің берік діңгегі ретінде анықталады.
Ұлтты, мемлекеттік қалыптастырудағы тілдік конструктімен қатар аталған әдіс шеңберінде Ю.Хабермас еңбектерінің ұлесін атып кеткен жөн деп есептейміз.
Ю.Хабермас осы орайда мемлекет пен ұлттың өзара түйісуі қазіргі кезеңдегі деморкатиялық ұлттық мемлекеттердің пайда болуына септігін тигізеді деп қорытындылайды [102]. Бастапқыда бір мемлекетке мүше болу сол мемлекеттік билікке бағынғандықты білдірген болатын. Кейін демократиялық ұлттық мемлекетті қалыптастыруға ауысқаннан бастап мемлекетке мүше болу принципі басқаша жолмен жүзеге аса бастады. Яғни мемлекеттің демократиялық институттарын дамытуда азаматтың рөлі үлғая бастады. Азаматтардың бір қауымдастыққа, мемлекетке мүше болуы саяси және мәдени мәнге ие бола бастады. Яғни, азаматтылықтың мазмұны тек бағыну ғана емес басқаша қырынан көрініс таба бастады. Бұл әрине, азаматтардың өз өмірін құру мен бақылау, қоғамдық, саяси іс-әрекетке белсенді түрде араласу сияқты азаматтылықтың жаңа мазмұны өмірге келгендігін дәлелдейді.
Осы орайда азаматтылық мәселесі тек қана саяси, құқықтық негізде бірігуі немесе саналы түрде мойындалуы емес, сонымен қатар бір қауымдастыққа мәдени негізде мүше болуды білдіре бастады.
Мемлекет пен ұлт түсінігінің Батыс мемлекеттерінде алғаш пайда болғанын ескере отырып, осы түсініктердің өзіндік даму эволюциясын, әр кезеңде интерпретациясының өзгергенін байқауға болады.
Қазіргі кезеңде көптеген ғалымдар мемлекетті Батыста азаматтық қоғам мен ұлт құрады деп жазады. Ал посткеңестік мемлекеттерде мемлекет ұлт пен азаматтық қоғамды қалыптастырып отыр деген ойлар басымдыққа ие болып отыр. Әрине, біздің көпэтносты және көпконфессилы қоғамымызда жаңадан тәуелсіздік, сонымен қатар басты жағдай демократиялық мемлекеттің пайда болуы, Батыста қалыптасқан азаматтық қоғам түсінігің өзі Қазақстан халқы үшін жаңалық болып табылатындығы анық. Сондықтан ұлттың, оның саяси мәніндегі ұғымы Қазақстан үшін дамытуды, қалыптастыруды қажет етеді.
Сондықтан да қазіргі кезеңде біздің қоғамымызда сол түсініктердің орны мен рөлі, оларды қоғам арасында дамыту үлкен жауапкершілік пен маңызды, ерекше назар аударуды талап етеді.
Конструктивистік әдістің жақтаушылардың ішінде ресей ғалымы В.Тишковтың пікірінше, ұлттық азаматтық бірегейлікті қалыптастырудың әдістері мен жолдары қазіргі заманды ұлтты құрастыруда ұлттық бейнелер мен ресми идеологияны манипуляциялаудағы мемлекеттің рөлін түсінуге көмек береді [46].
В.Тишковтың пікірінше, Ресейде орыс мәдениеті мен тілі ресей мемлекеттігінің басты құраушы элементтері болып табылады. Өйткені, тіл мен мәдениетті ойдан ойластырып, дамыту еш нәтиже бермейді деп тұжырымдайды. Осы орайда ұлтты қалыптастыру белгілі бір ежелден келе жатқан мәдени құндылықтар негізінде қалыптастыру жөн деген тоқтамға келеді.
Азаматтық бірегейлікті түсіндірудегі институционалды дәстүрі азаматтық бірегейлікті қалыптастырудағы саяси өзгерістер мен мемлекеттік билік мәселелеріне аса назар аударып, саясатта немесе саяси мақсаттарда қолданылады деп көрсетеді. Осы орайда Хабермас әлеуметтік саяси қозғалыстарды талдай отырып, олардың негізгі өзара байланысқан екі рөлін көрсетеді:
-
Қазіргі қоғамдағы әлеуметтік қозғалыстар білім алу мен бірегейліктің қалыптасуы жүзеге асатын әлеуметтік үдерісінің динамикалық элементі болып табылады. Мәдени дәстүр мен әлеуметтенудің жаңа формаларында пайда болатын потенциалды қолдана отырып, әлеуметтік қозғалыстар саналылықтың құрылымдарын әлеуметтік тәжірибеге енгізеді. Солардың көмегімен бірегейліктің жаңа түрлері орын алады.
-
Демократиялық жобалар үшін қозғалыс қоғам өмірінің қайта құрылуы, институционалдануы үдерісін бастамашылыққа итермелеу қабілетіне ие болады [103].
Осы орайда азаматтық бірегейлік қоғам өмірін демократияландыру, азаматтық қоғам құруда ерекше рөл ойнайды. Бұл орайда азаматтық бірегейліктің көп қырлы болуы байқалады. Бір қырынан еркіндік пен теңдік ұғымдарын қамтыса, екінші жағынан бір мәдени дәстүрге басымдылық беріп, ортақ мүддеген, бірегейлікке қамту қызметімен ерекшеленеді.
Көп қырлы азаматтық бірегейлік Ю.Г. Волков, В.Драч, В.Е. Давидович, Т.А. Матяш сияқты Ресей ғалымдарының зерттеу объектісі болып табылады. Олар бірегейлік пен бірегейлену үдерісінің мәнін қоғамның идеологиясымен, әлеуметтік, саяси өтпелі кезеңнің моральды, адамгершілікті құндылықтармен түсіндіреді [104].
Сонымен қатар, бірегейлік индивидтің белгілі бір дискурсқа үйлесімді енуінің нәтижесі ретінде қабылданады. Мысалы, В.И.Прижиленскийдің айтуынша, адамның азаматтық бірегейлену үдерісі үш жағдай барысында жүзеге асады: а) өткенді түсіндіру, б) болашақты болжау, в) қазіргі кезеңде іс-әрекетке бағдар беру [105]. Яғни, азаматтық бірегейлікті қалыптастыруда тарихтың үлесі қарастырыла бастады. Қазіргі таңда тарихтың ұлттық бірегейлікті қалыптастыру шеңберінде маңызды фактор ретінде қабылданып келе жатқандығы осыған дәлел болып табылады. Сонымен қатар, азаматтық бірегейлікті қалыптастыруда мемлекеттің стратегиялық жоспарлары, болашаққа деген позитивті ниеттері үлкен рөл атқарады. Мемлекет азаматтардың мүдделерін ортақ басты мемлекеттік мүдде арқылы жүзеге асыру мәселелері қолға алынады.
Осы орайда С.Ю.Иванова бірегейлікті тарихи және қазіргі заманғы азаматтық үдерістің субъектілігімен тығыз байланыста болатын құбылыс пен түсінік ретінде анықтайды [106, 77б.].
Ғылымда азаматтық бірегейлікке қатысты түрлі ғылыми дәстүрлердің болуына қарамастан, қазіргі кезеңдегі жаһандану, саяси және әлеуметтік қарым-қатынастың модернизациясы азаматтық бірегейліктің мазмұны мен түрлерін өзгертті. Сонымен қатар, әр мемлекетте әр кезеңде ішкі әлеуметтік, демографиялық, саяси, экономикалық жағдайды ескере отырып, азаматтық бірегейлік индикаторлары әр түрлі болатыны байқалады.
Бірегейлік мазмұнының өзгеруі, және азаматтық бірегейлікті көп қырынан қарастыруға болатынын білдіреді.
Мазмұнының көптүрлілігі бірінші кезекте, қоғамның барлық салаларында орын алған бұқаралық, унификация және стандартты болуын дүниеге әкелген жаһандану үдерісімен түсіндірілсе, екінші жағынан, қоғам дамуының плюралистік парадигмасының әсерінен қоғам бір-бірінен өзгешеленіп, көптүрлілік қасиетке ие болады. Аталған екі тенденция да азаматтық бірегейліктің трансформациялануына бірден-бір септігін тигізеді, бірегейліктің сатыларын, индикаторларын өзгертіп отырады. Әрине, бұл орайда демократиялық үдерістердің азаматтық бірегейліктің мазмұны мен қалыптасу үдерісіне әсерін және орны мен рөлін атап кеткен жөн. Өйткені, қазіргі кезеңде демократияның басты принциптері ретінде сөз бостандығы, өзіндік жеке таңдау, жүріс-тұрыс (заң шеңберінде) және т.б. болуы бір жағынан азаматтарға еркіндік бере отырып, азаматтық бірегейліктің қалыптасуы мен санада нығаюына деген ықпалдың болмауын білдірсе, қазіргі кездегі көптеген әдебиеттерде сол азаматтық бірегейліктің демократияның бір принципі ретінде, яғни басты көрсеткіші ретінде түсіндіретін әдебиттер аз емес. Азаматтық бірегейлік бұл орайда азаматтық белсенділік, азаматтық қоғам бастауы, саяси мәдениеттің белсенді көрініс табуы сияқты саяси ғылымның категориялары шеңберінде қарастырылады. Мұндай түсіндірме, әсіресе, федеративті немесе көп ұлттан құралған мемлекеттерде басымдыққа ие болады.
Көптеген әдебиеттерде азаматтық бірегейлік адамның өзін ұлт ретінде анықтайтын бір қауымдастыққа топтық мүшелігін сезінуден бастау алады. Осы бірегейлік түрінің арқасында, физикалық қарым-қатынастың болмауына қарамастан азаматтар өздерін бір тілде сөйлейтін, бір территорияда мекен ететін және бір экожүйеге байланысын субъективті тұрғыда сезіне отырып, біртұтас халық ретінде санайды. Оларды көптеген дәстүрлер, өткен заман туралы тарихи жадыда қазіргі таңда жетістіктерге, елдің дамуына деген мақтаныш немесе тарихтағы жеңілістер үшін ұятқа қалу сияқты эмоциялық толқулар біріктіреді [107].
Азаматтық бірегейліктің қалыптасуы мен даму үдерісі негізінде өзін-өзі реттейтін үдеріс болып табылады, сонымен қатар мемлекеттің экономикалық әл-ауқатымен, әлеуметтік саясаттың ұтымды жүргізілуімен анықталады. Дегенмен азаматтық бірегейліктің мәселелері мемлекеттік деңгейде қарастырылып, шешілуді талап етеді. Азаматтық бірегейлік мәселелерін мемлекеттік деңгейде сәтті шешу бүкіл мемлекеттік механизмдердің және қоғамның тиімді қызмет етуінің кепілі болып табылады [56, 4б.].
Сурет 2 - Азаматтық қауымдастықтың өзіндік санасының қалыптасу тенденциялары [108]
Жоғарыда көрсетілген суретте азаматтық бірегейліктің консолидация мен дифференциация қызметтерін атқаратынын айтуға болады. Бір қырынан, басқа мемлекет азаматтарының азаматтық бірегейліктерінен ерекшеленсе, екінші қырынан, бір қауымдастықтың бірігуін жүзеге асырады.
Осы орайда азаматтық бірегейлік азаматтық қауымдастықтың айқындалуының, көрінісінің маңызды элементі болып табылады. Сонымен қатар азаматтық бірегейлік топтық өзіндік сананың негізі ретінде қабылданып, мемлекеттің халқын біріктіреді және мемлекет тұрақтылығының кепілі болып табылады [108].
Ресей ғалымы И.В.Конода азаматтық бірегейліктің қалыптасуында негізгі төрт бағытты анықтайды:
-
мемлекеттің азаматы болу эмоциялы-когнитивті және әлеуметтік-саяси құрамдас бөліктерден тұруы қажет. Бұл орайда мәселе мемлекеттік саясат (ішкі және сыртқы саясат) деңгейде шешілуі тиіс. Аталған бағыт азаматтық бірегейлік мемлекетпен жүзеге асатын саяси әлеуметтенудің контуры ретінде анықталады. Азаматтық бірегейліктің дамуы мемлекеттегі ішкі экономикалық-саяси жағдайлардан, сондай-ақ халықаралық саясатта жүзеге асатын мемлекеттің халықаралық мәртебесі мен имиджіне байланысты болады.
-
Азаматтық бірегейлену билікке қатысты азаматтық-саяси рөлдерді иемдену, саяси әлеуметтену үдерісінде құқықтар мен міндеттерді меңгеру, билік институттарына, жүргізіліп отырған мемлекеттік саясатқа қатысты нақты бір қарым-қатынасты қалыптастыру мен қоғамдық-мемлекеттік басқару жүйесінде өзінің орнын анықтау.
-
Белгілі бір азаматтық топ шеңберінде топаралық қатынастар деңгейінде азаматтық бірегейліктің қалыптасуы. Осы орайда азамат басқа да кішігірім топтар ішінде өзінің азаматтық бірегейлігінің маңыздылығын ортақ ретінде түсіну, қабылдау орын алады. Сонымен қатар, бұл контекстіде этностық, діни және азаматтық бірегейлік түрлерінің өзара қатынасы маңызды болып табылады. Көпэтносты және көпконфессиялы мемлекеттік құрылысты қарастыра отырып, азаматтық бірегейлік осы сарында бір мемлекетке біріктіруші механизм ретінде анықталады.
-
Азаматтық бірегейлік мемлекеттік және билік институттарына, сондай-ақ қоғам алдына өзінің азаматтық функциясын жетік түсінуге септігін тигізеді. Бұл орайда азаматтық белсенділік деңгейі, қоғам өмірі мен мемлекет өмірін өзгертуге деген ниет, жағымды азаматтық белсенділік мәселелері өзекті болып табылады [109].
Яғни, азаматтық бірегейлік мемлекеттің дамуы, билік инстиуттарының сәтті қызмет атқаруы мен азаматтардың мемлекет пен қоғам алдындағы жауапкершілікті сезінуге өз елеулі әсерін тигізеді.
Дегенмен де азаматтық бірегейлік қазіргі таңда саяси, әлеуметтік ғылымда жария болған көптеген әдебиеттерде ұлттық-мемлекеттік немесе ұлтүстілік бірегейлік ретінде қарастыру дәстүрі кең таралуда. Көп жағдайда әлі күнге дейін халықтың ұлт ретінде қалыптаспаған мемлекеттерде азаматтық бірегейлік ұлттық бірегейлік ретінде түсіндірледі.
Бұл дәстүр өз бастауын Солтүстік Америкада тәжірибе жүзінде көрініске ие болып, кейінгі кезде көпұлтты құрамдас мемлекеттердің ішкі саясатында да қолданысқа ие бола бастады. Кейбір ғалымдардың пікіріше, азаматтық бірегейлік пен этностық бірегейлік мәселелері бір-біріне қарама-қарсы ұғымдар, ұлтты құрауда қайсысына басымдық болу қажет сияқты мәселелер ретінде қарастырады. Бұл орайда этностық бірегейлік пен ұлттық бірегейлік, азаматтық бірегейлік ұғымдары мазмұнының ара жігін ажырата алу қажет.
Мысалы, Э.Д.Сүлейменованың пікірінше, азаматтық бірегейлік пен мемлекеттік бірегейлік арасында ешқандай айырмашылық жоқ. Дегенмен де, азаматтық бірегейлік пен мемлекеттік бірегейлікті бір синоним сөздер ретінде қарастыру тек келесі компоненттерге назар аудармаған жағдайда ғана мүмкін: құндылықты бағдар, бірегей мәдениет, ортақ теорритория, бірыңғай тіл және т.с.с. [110, 48б.].
Яғни азаматтық бірегейлік пен мемлекеттік бірегейлік арасында айырмашылықты ажырату үшін олардың әрқайсысының мазмұны мен индикаторларына назар аударған жөн. Этностық бірегейлік бірінші кезекте, адамның белгілі бір этностық қауымдастыққа мүше болу, этнолингвистикалық ерекшеліктермен сипатталатын көрсеткіштер арқылы өзін анықтау, этностық өзіндік сананы білдіреді.
Сонымен қатар азаматтық бірегейлік ұлттық өзіндік санамен тығыз байланыста болатын ұғымдардың әсерінен күрделене түседі. Азаматтық бірегейлікті жалпы азаматтық бірегейлік, ұлттық бірегейлік, мемлекеттік бірегейлік сияқты бірегейлік түрлерін салыстыра отыра анықтаған жөн.
Бірінші кезекте азаматтық бірегейлік пен мемлекеттік бірегейлік арасындағы ерекшелікті анықтап көрелік. Мемлекеттік бірегейлік адамның санасында бір мемлекетке мүше болуды білдірсе, азаматтық бірегейлік бір мемлекетке немесе ұлтқа мүше болумен қатар, сол қауымдастықтың болашағы үшін жауапкершілікті сезіну, қоғамдық, саяси өмірге белсенді араласу, ортақ мемлекеттік тіл, мәдениет, ортақ тарихты сезінуді білдіреді. Көбіне тәжірибе жүзінде мемлекеттік бірегейлік азаматтардың шетелге барған кезде аса анық көрініске ие болатының байқалады.
Азаматтық бірегейліктің екі деңгейі бар: микродеңгей (индивидтің азамат және бір саяси ұлттың мүшесі ретінде) және макродеңгей қоғамдық институттар арқылы азаматтық құқықтардың жүзеге асуын қамтамасыз ететін және саяси ұлттың институционалды негіздемелері. Сонымен қатар «азаматтық бірегейлік» ұғымының астарында азаматтың мемлекеттік-саяси қауымдастыққа мүше ретінде қабылданатын нормативті мазмұн жатыр. Ол азаматтық бірегейлікке эмоциялы мән беріп, саяси іс-әрекетке трансформациялануында көрініс табады [67, 10б.].
Азаматтық бірегейліктің функциялары болып бірегей қоғамға ену, тұлғаның әлеуметтік маңызды іс-әрекетте өзін жүзеге асыру мен өзін көрсету, таныту табылады. Адамды қауымдастықпен біріктіретін «Біз» сезімі қорқыныш пен үрейді жеңуге септігін тигізеді, өзгеріп отырған әлеуметтік жағдайда сенімділік пен тұрақтылықты қамтамасыз етеді, индивидтің мүддесін жалпы әлеуметтік қауымдастықтың мүддесімен біріктіреді. Бұл өз кезегінде тұлғаның саяси және азаматтық белсенділігінде көрініс табатын азаматтық қауымдастыққа өз әсерін тигізеді. Осылайша, азаматтық бірегейлік қорғаныс функциясын және өзін-өзі жүзеге асыру мен өзін-өзі жетілдіру, көрсету функциясын атқарады [111].
Ал ұлттық бірегейлікке келетін болсақ, әрине, бұл тұрғыда ұлттық бірегейліктің екі жақты мағынасын бөліп қарастырған жөн. Саяси ғылымда «ұлт» түсінігінің бірыңғай аудармасының болмауы немесе лингвистикалық ерекшеліктерге сәйкес «ұлт» бірінші кезекте орысша «нация» сөзінен саяси мағынадағы ұлт ретінде аударылады. Ал екінші тұрғыда, «ұлт» «национальность» немесе «этнос» сөздерінің мазмұнын білдіреді. Осы тұрғыда ұлттық (этностық) бірегейлік бір этностың мүшесі ретінде тарихи кезеңде қалыптасқан ортақ тіл, этномәдениет, этнодәстүрлер, этнопсихология сияқты категориялармен тығыз байланыста болатын адамдардың этностық өзіндік санасын білдіреді. Ал ұлттық бірегейліктің саяси мағынадағы ұлт түсінігі ұлттың әлемдік аренадағы ұлттық мүдде, ұлттық экономика, ұлттық білім беру, ұлттық қауіпсіздік категориялармен, яғни басқа ұлт-мемлекеттермен салыстыра отырып, өзінің мемлекеттен жоғары ұлттық сана сезімінің болуын білдіреді.
Осылайша, азаматтық бірегейлік ұғымының кең және күрделі құбылыс екені анықталады. Азаматтық бірегейлік белілі бір мемлекеттің азаматы ретінде барлық борыштарды орындау мен болашағы үшін ой толғау, қауымдастықтың (ұлттың) белсенді мүшесі болуын сезінетін қоғам санасындағы өзіндік субъективті сана-сезім болып табылады. Яғни, қазіргі таңда ұлттық демократиялық мемлекетті құруда азаматтық бірегейліктің алар орны өте зор. Өйткені, ол тек қана белгілі бір бейнелер, стереотиптер, мәдениет арқылы ғана біріктіріп қоймай, мемлекет дамуының қозғаушы күші, азаматтық қоғамның дамуының негізі ретінде анықталады.
Достарыңызбен бөлісу: |