1.3 Ұлттық демократиялық мемлекетті қалыптастырудағы азаматтық бірегейліктің рөлі
Қоғамның қазіргі даму сатысында халықтың санасында «ұлт» түсінігінің мәні күннен-күнге артып барады. Бұл мемлекетті құру, мемлекеттің шынайы егеменділігін қамтамасыз ету мәселелер шеңберінде орны ерекше феномен болып табылады. Қоғамдық-саяси ғылымдарда «ұлт» түснігіне байланысты ғылыми жұмыстар аз емес, дегенмен аталған саяси категорияның бірыңғай анықтамасының болмауы нақты қорытынды тұжырымдама жасауға кедергі келтіреді.
Көптеген ғалымдар «ұлтты» қоғам дамуының, нақтылап айтқанда, индустриалды қоғам жағдайында этностық қауымдастықтың дамуының ең жоғарғы сатысы деп анықтайды. Қазіргі таңда ұлт мемлекетті құраушы басты элемент ретінде қарастаратын ғалымдар саны да аз емес. Дегенмен көптеген мемлекеттерде ұлтты мемлекет қалыптастыру қажет пе, әлде ұлт мемлекетті құрау қажет пе деген мәселе әлі күнге дейін өз жауабын таппай келеді. Әрине, қазіргі таңдағы «ұлттық мемлекеттер» түсінігі мемлекетті ұлт қалыптастыратын тенденция, яғни төменнен жоғарыға бағытталған даму үдерісі бойынша сипатталады, ал кейбір мемлекеттер керісінше, жоғарыдан төменге бағытталған, азаматтық қоғам, ұлт құру сияқты мәселелерді шешумен айналысады. Әрине, мемлекеттің пайда болуының немесе басқа сөзбен айтқанда, мемлекеттің негізгі көрсеткіші ретінде территория, бірыңғай орталықтанған егеменді билікпен қатар, ерекше орынды саяси ғылымда сол мемлекеттің ұлтының болуы да есептеледі. Осы орайда жалпы қазіргі таңда «ұлт» түсінігін қалай тұжырымдауға болады?
Ұлт – бұл адамдардың біртұтас азаматтылықпен біріккен, бірыңғай мемлекеттік-ұлттық бірегейлік негізінде пайда болған ұлттық мемлекетті қалыптастыратын әлеуметтік-экономикалық және саяси қауымдастығы болып табылады. Ол өзіне бір тіл, бірегей саяси және әлеуметтік институттар мен нақты белгіленген және жария етілген шекараны қамтиды. Әдетінше, өзінің келесі көрсеткіштері болады: бір ұлттық тіл, бірегей ұлттық мейрамдар, білім беру стандарттары және т.с.с. [112]. Көптеген дамыған елдерде «түпкілікті емес тұрғындар» мәселесін мемлекет «ұлт» және «мемлекет» түсініктерін теңестірілетін бірдей азаматтықты енгізу арқылы шешеді [113, 10б.].
Қазіргі ғылым ағымдарында «ұлт» түсінігінің бір жақты анықтамасы жоқ. Бұл өз кезегінде біздің мемлекетіміз үшін ұлтты құру бағыты бойынша саясаттың жетік әрі оңтайлы жүргізілуіне өз кедергісін келтіріп отырғанын көрсетеді. Өйткені қазіргі кезеңде бұрынғы «фашистік» ұлттың қалыптасуы, сонымен қатар ұлттық (этностық) мемлекет бағытын тез арада және кесілді таңдаған мемлекеттердегі тәжірибе (этносаралық жанжалдар) «ұлт» сөзінің адамдар санасында негативті қырынан қабылдауға себеп болды. Осы орайда ұлт түсінігі қарамағында біршама дау, дискуссиялар орын алады.
Дегенмен бүгінгі әлеуметтік ғылымда ұлт ұғымы екі жақты мағынада пайдаланылады:
а) әлеуметтік теория қоғамды таптық, топтық кәсіби жіктермен бірге этностық қауымдастықтар мен этностық топтарға да бөледі, оларды кейде ұлт деп атап жатады.;
ә) ұлт терминін саяси ұлт мағынасында да, мемлекет азаматтарының қауымдастығы ретінде де пайдаланылады. Мемлекеттің ұлттық құрамы жөнінде сөз болса, біз қазақ, орыс, татар және басқаларды ұлттар, этностар деп айта береміз, ал Батыс ілімінде «ұлт» пен «мемлекет» ұғымы синонимдер [114].
Қазіргі заманғы саяси тарихта ұлттың пайда болуы және өміршеңдігі, дамуы мен шарықтау және құлдырау кезеңдері жалпы «ұлт» түсінігінің мазмұнын ашады. Өйткені, ұлт ол белгілі бір кезеңде пайда болуына алғышарттар жасалып, ұзақ уақыт бойы даму сатыларынан өтеді. Сонымен қатар, Арын Ризат өзінің зерттеу жұымысында ұлттық - мемлекеттік идея қандай да болмасын мемлекетке қажет деп тұжырымдайды. Алуан түрлі этностық топтарды біріктіріп, азаматтық қоғамды бағыттап, басқара алатын жүйеленген ілімді ұлттық-мемлекеттік идея деп атауға болады [113, 10б.].
Осы тұста ұлттық мемлекет идеясының астарында қандай басты көрсеткіш жатуы қажет мәселесі өзекті болып отыр. Өйткені, қазіргі саяси тарихты алып қарасақ, көптеген ұлттық мемлекеттердің құрамы полиэтносты болып келеді. Яғни бұл орайда академик А.С. Балғымбаевтың сөзімен айтқанда, «саяси ұлт» түсінігінің аясында қарастырылады.
Кейбір ғалымдар ұлттық мемлекеттің пайда болуына екі жол әкеледі деп тұжырымдалады: біріншісі, азаматтық ұлтшылдық; екіншісі, этностық ұлтшылдық. Бірінші ұлтшылдықтың түрі Батыста орын алған либералды дәстүр бағытында азаматтардың тең құқықтары, еркіндіктері мен бостандықтары, этностық немесе басқа да түрлерге бөлінбей заң алдында біртұтас ұлт құрау мақсатын көздейді. Ал этностық ұлтшылдық мемлекеттегі төл этностың басымдыққа ие болуы, этностық көрсеткіш бойынша ұлтты құрау және т.с.с. мақсаттарды көздейді. Екі жақ мемлекеттің тек ұлттық болуы керектігін мойындайды, бірақ мемлекеттік-құқықтық мағынада ұлт ұғымы нені білдіреді деген сауалға жауап беруде бір-бірімен қарсыласады. Біреулері, азаматтық бірегейлікті этносаралық айырмашылықтардан басым түсетін, сондықтан да саяси ұлт болып шығатын бірегей халықтың мемлекеті мемлекет болады деп санайды. Олардың қарсыластары мемлекет тек төл ұлттың мемлекеті болып табылады және осы жағдайда ғана мемлекет ұлттық болып саналады деп пайымдайды. Дегенменде, азаматтық бірегейлік пен этностық бірегейлік бір-біріне қарама-қайшы келетін емес, бір-бірін толықтыратын түсініктер [57].
Б.Дүйсембінің пікірінше, алғашқы қауымдастықтар мен мемлекет қаңқасын құруға мұрындық болған тайпалар мен халықтар болса, қазіргі кезеңде мемлекеттерді сол аймақта тұрып жатқан этностар өкілдерін өз маңына біріктіріп, тек бір ұлт құрайтыны белгілі [115].Сондықтан да ұлттық мемлекет түсінігі қазіргі кезеңде өзінің аясын кеңейтуді талап етеді. Дегенмен де ұлтты (саяси мағынада) біріктіруші бірегей көрсеткіштер болуы тиіс. Ол бірінші кезекте, тіл, мәдениет.
Еуропадағы «ұлт» ұғымы бір тілде әлеуметтік қарым-қатынас жасайтын, мәдени құндылықтар жүйесі мен этностық тегі ортақ, тұтас аймақты мекендейтін адамдардың сана-сезіміндегі топтық даралық ретінде қалыптасты. Дамушы елдердегі ұлтшылдықты терең зерттеген аз ғалымның бірі – үндістандық әлеуметтанушы Дауа Норбу. Оның айтуынша, ұлтшылдықтың үш қыры бар: біріншісі, халықты өткенімен байланыстыратын және үзілмей келе жатқан өзектің бар екенін еске салатын дәстүр; екіншісі, бүгінгі әлеуметтік мәселелерді шешуге жәрдем қылатын ортақ мәдени-экономикалық мүдде; үшіншісі, ұлтты болашақпен жалғап тұратын саяси идеалдар [116].
Осы тұрғыда ғалым Амангельді Айталы «ұлт» түсінігінің этностық және саяси қырынан ажырату қажет деп есептейді. Өйткені, «ұлт мәселесі», «ұлт саясаты», «ұлтаралық қатынастар» кеңес заманынан қалған ескірген түсініктер болып отыр. Оның айтуынша, мәселе бүгін үзілді-кесілді ұлттың этностық мәнінен бас тартып, мемлекеттік, азаматтық мәнін ғана мойындауға итермелеуде болып отыр [114].
Ал ұлттық демократиялық мемлекет дегеніміз не? Ол мемлекет саясатының мемлекет құраушы ұлттың саяси, экономкалық, әлеуметтік мүддесін қорғауға бағытталған түрі. «Тарихи энциклопедияда» былай деп жазады: «Ұлттық демократия. Ұлттық демократиялық мемлекет дегеніміз –отарлық тәуелділіктен енді ғана құтылған елдің саяси және қоғамдық құрылысының түрі». Ал «Философиялық энциклопедия» бұл ұғымды тереңдете түседі: «Ұлттық демократиялық мемлекет – ұлт-азаттық революция үдерісінде туындаған және революцияны қозғаушы күш ретіндегі топтық одаққа арқа сүйейтін ауыспалы сипаттағы мемлекет; ұлт-азаттық революцияны одан әрі дамыту, тереңдету және аяғына дейін жеткізуді қамтамасыз ететін, имперализмнің отарлау жүйесінің құлауына орай саяси тәуелсіздікке қол жеткізген елдердің мемлекеттік дамуының формасы» [117].
Ұлттық-мемлекеттік идея демократия дәстүрлеріне негізделген жағдайда ол толерантты қоғамның әлеуметтік-саяси тұрғыда қарқынды дамуына жол ашады. 2007 жылы өткізілген әлеуметтік сауалнама нәтижелері бойынша, болашақта ұлттық-мемлекеттік идеясының негізін, адамдардың құқықтары мен еркіндіктерін сақтау идеясы құрайды деуге толық болады. Респонденттердің 27% осы идеяға дауыс берсе, 25% теңдік идеясы мемлекеттің ұлттық идеясына ену қалауы керек деп ойлайды. Білімділік пен кәсіпкерлік қандай болмаса да мемлекеттің басты идеяларының біріне айналатынына 25,1% респонденттер сенеді [113, 10б].
Жалпы ұлт дегеніміз – білгілі бір нақты территорияда тарихи мекен ететін, ортақ бірегейлікпен ұйымдасқан, бірегей мәдениеті бар, және өздерінің ұлттық мемлекеті бар адамдар қауымдастығы болып табылады деген қорытынды жасай отырып, осы ұлттың қалыптасуына азаматтық бірегейліктің орны мен рөлін талдау жөн екендігіне көзіміз жетіп отыр.
Өйткені, бірегейлік қазіргі кезеңде кез-келген ұлттық мемлекеттің өмір сүруінің басты шарты болып табылды [118, 6б.].
А.К. Сәдуақасованың пікірінше, ұлт бірлігінің негізгі үш принципі бар:
-
бірлік принципінің операционализациясы – азаматтық бірегейлік – бір мемлекетке тиісті болу, мемлекеттің азаматы ретінде өзіне құқықтар мен міндеттемелерді қамту, ортақ нормалар мен құндылықтарды бөлісу;
-
барлық азаматтардың олардың этностық және басқа да шығу тегінен, сенімі мен әлеуметтік мәртебесінен тәуелсіз теңдігі: дискриминацияның болмауы, толеранттылық, әлеуметтік жетістік;
-
біріктіруші және нығайтушы бастама ретінде Ұлт рухының нығаюы мен дамуы (дәстүр, тіл). Ұлт рухының ортақ өлшемі ретінде рухани құндылықтар, дәстүр, тіл, мәдениет, дін табылады [119].
Америка Құрама Штаттарындағы бірегейлік мәселелерінің жетекші эксперті Чикаго университетінің профессоры Синтия Капланның пікірінше, азаматтық ұлттың қалыптасуының нәтижесі ретінде пайда болған азаматтық бірегейліктің өзіндік ерекшелігі бар. Ол ерекшелік Америкадағы ұлттық бірегейлік (азаматтық) Қазақстандағы азаматтық бірегейлік арасындағы паралелль жүргізу арқылы екі тәжірибенің түйіспейтіндігін айтады. АҚШ-тағы бұрыннан келе жатқан этнос – индеецтер, ал қалғандары мигранттар. Тек олар ғана «Бұл біздің мемлекетіміз, жеріміз» деп айта алады. Бірақ, мемлекеттің пайда болып, дами бергені сайын қазіргі таңда ол этнос ассимиляцияға ұшырап кетті. Қазақстандағы жағдай басқаша. Қазақстанда төл этнос бұрыннан өмір сүріп келе жатыр деп тұжырымдайды [120]. Бұл азаматтық бірегейлікті, ұлттық бірегейлікті қалыптастыруда бір елдің басқа елге мысал бола алмайтынын, бірегейлікті қалыптастыру механизмдерінің бір болуы мүмкін еместігін дәлелдейді. Осыдан шығатын қорытынды азаматтық бірегейліктің бір қалыптасқан үлігіс жоқ. Ол әр мемлекеттің ұлттық ерекшеліктері, тарихы, ұлтының менталитеті, дәстүрі мен мәдениеті тікелей байланытсы болып келеді. Сондықтан қазақстан қоғамының бірегейлігін қалыптастыруда біздің халықтың менталитетіне, тарихына, дәстүр-мәдениетіне назар аударған жөн.
Қазақстан Республикасындағы ұлтты қалыптастыру мәселелері төңірегінде азаматтық бірегейлік ұғымын анықтауда көптеген даулар орын алуда. Азаматтық бірегейліктің сынға ұшырауы батыс мемлекеттерінің ғалымдарының пайымдауындағы азаматтық бірегейлік бір этностық мәдениетке мән бермей, этностық әралуандылық идеясын ұстану мүмкіндігімен анықталады. Сол себепті кейбір ғалымдар азаматтық бірегейлік азаматтық ұлттың қалыптасуына әкеледі. Бұл орайда азаматтардың этностық көрсеткіштерінің негізінде емес, азаматтардың тиістілігі негізінде ұлт қалыптасады деген тұжырым орын алады.
Қазіргі кезеңде азаматтық бірегейлік төл этностың басымдыққа ие болуына кедергі болады, немесе азаматтық ұлттың Қазақстан үшін қажеті жоқ деген пікірлер бар. Яғни, Қазақстандағы қазақ төл этносы үшін туатын қатер ретінде қарастырылады. Дегенмен де, қазіргі саяси шындықта кез-келген мемлекеттің легитимділігі үшін азаматтық бірегейліктің орны ерекше болып табылатыны анық. Мәселе тек ол азаматтық бірегейліктің индикаторларында немесе мазмұнында жатыр. Азаматтық ұлттардың пайда болуы, азаматтық ұлтшылдық идеялары тарих дамуымен қатар өздерінің сипаттамаларын өзгертіп келеді.
Осылайша, ХХ ғасырдағы ұлтшылдықтың либералды (азаматтық) түрі индивид үшін оның мәдени-ұлттық бірегейлігінің маңыздылығына негізделген пікірді ұстанатын ұлтшылдардың талаптарын қолдауға қажеттіліктің болуын талап етеді [121, 173б.]. Осы тұрғыдан азаматтық бірегейлік тек қана азаматтардың азаматтық тиістілігіне ғана емес, сол мемлекеттегі ортақ тіл мен мәдениеттің негізінде қалыптасу идеясы пайда болады.
Қазіргі кезеңде ұлтты қалыптастыру мәдени, әлеуметтік, руханидан гөрі саяси астарының жоғары болуына көз жеткізуге болады. Ұлт мәселесін, ұлттық идея мәселесін зерттеп жүрген кейбір қзақстандық ғалымдардың пікірінше, ұлт саяси мақсаттарға жету құралы ретінде қарастырылады. Мысалы, ұлттық идеяның қалыптасуына саясаттанулық талдау жасаған ғалым А.Қайдарованың ойынша, ұлт мәселесін зерттегенімізде көз жеткізгеніміз «ұлт» ұғымын саяси күштер өздерінің көкейкесті, стратегиялық мақсаттарына тікелей байланыстырып, соларға тәуелді етіп ұғындыруға тырысады. Мысалы, коммунистер үшін «ұлттардың өзін-өзі билеуі» доктринасы пайдалы болды. Бұл идея халықты революцияларға тарту үшін қолайлы болатын. Либералдар, демократтар үшін «мәдени-ұлттық автономия» идеясы қолайлы еді. Бір мемлекет ішінде әр этнос өз тілін, дәстүрін, мәдениетін дамытуы. Ал, трансұлттық корпорациялар мен әлемдік олигархиялық топтар үшін, және әлемдік державалар үшін «қайнаушы қазан» доктринасы қолайлы. Әлемдік бірігу ұранымен дамушы елдердің табиғи ресурстарын сору, тонау оңай боғандықтан бұл шын мәніндегі ассимиляторлық идея [122, 69б.].
Сондықтан мемлекеттің егеменділігі мен өзіндік ерекшелігін, ұлттық мүдделерін қорғау мақсатында халықты жұмылдырудың оңтайлы жолы ретінде азаматтық бірегейлікті қалыптастыру жөн болып табылады. Өйткені азаматтық ұлтшылдық ұлттық-этностық көрсеткіш бойынша дискриминация жасамай, төл этносты құрайтын этностық көпшілік пен этностық азшылықтардың құқықтары арасында баланс орнатады. Саяси шешім қабылдауда демократиялық принциптер бойынша азаматтардың ортақтығы мен бір мүдделі болуын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, билік легитимділігін нығайтуда, демократия принциптерінің жүзеге асуына септігін тигізеді.
Әйгілі ағылшын ғалымы Эрнест Геллнер ұлтты қалыптастыруда оны құрайтын үш компонент арқылы қарастырады. Біріншіден, нақты бір ұлттық (этностық) қауымдастықпен адамдардың бірегейленуі (ерік-жігер компоненті). Аталған компонентке сәйкес, ұлттар оларды құрайтын мүшелердің бар болған кезге дейін, яғни бір тұтас қауымдастыққа мүшелігін сезінген жағдайда, ортақ тарих, дәстүр, тіл ерекшеліктері орын алған кезде ғана өмір сүреді. Екіншіден, ұлттық қауымдастықтың мүшелері арасында әлеуметтік коммуникацияның құралы болып табылатын стандартталған («жоғары») мәдениеттің болуымен сипатталады. Ол ұлтты қалыптастырудағы мәдени компонентін құрайды. Үшіншіден, қауымдастықтың мәдени және саяси шекараларының түйісуін қамтамасыз ететін ұлттық мемлекеттің құрылуы (саяси компонент) [123, 187б.]. Осы үш компонент орын алған жағдайда ғана ұлтты толық қалыптасқан, өзінің ерекше объективті сипаттамалары бар феномен ретінде қарастыруға болады.
Жалпы азаматтық бірегейлікті ұлтқа қатысты талдау барысында оның екі жақты сипаттамасының болуын байқаса болады. Бірінше кезекте азаматтық бірегейлік адамның бір мемлекетке өзінің тиістілігін сезінуді білдірсе, екінші жағынан азаматтық бірегейлік мемлекетте ұлттық мүдделерді қамтамасыз етудегі белсенділігі мен саяси жүйедегі саяси шешім қабылдауда орнының маңыздылығын білдіреді. Яғни, ел азаматтары өздерінің санасы арқылы мемлекеттің егеменділігін сақтап қалу мүмкіндігін береді. Осы тұрғыда азаматтық бірегейлік барыншы мемлекет тарапынан қолдауға ие болуды қажет етеді.
Бұл орайда азаматтық бірегейлік – саяси жүйенің қызмет етуінің маңызды механизмі, саяси өмір мен бұқара сананың фундаменті, қоғамның саяси тұрақтылығының басты факторы ретінде қабылданады [56].
Азаматтық бірегейлікті түсіндіруде негізгі үш критерий бойынша анықтау мүкіндікке ие болады. Осыған сәйкес, азаматтық қауымдастыққа мүше болу келесі критерийлер арқылы жүзеге асуы мүмкін: бір қауымға мүшелікті сезіну, қауым өміріне қатысу, қауым өміріне қатыса отырып, қоғамда болып жатқан саяси үдерістерге өзінің тиістілігін сезіну. Ең соңғысы билікке деген сенімнің арқасында ғана жүзеге асуы мүмкін. Өйткені, азаматтылық елдегі саяси, қоғамдық мәселе төңірегінде шешім қабылдауға өз әсері бар болған жағдайда ғана орын алады.
Азаматтылық және азаматтық бірегейлік саяси теория мен саяси психологияда ерекше орын алады. Біз азаматтық бірегейліктің әр түрлі мәндерін зерттейміз. Соның нәтижесінде азаматтық біргейлік концепциясы субъективті және этикалық маңызы бар саяси аспект ретінде қарастырамыз. Азаматтық бірегейлік азаматтылықтың қалыптасуына маңызды әсер етеді. Сонымен қатар, біз жаһандану мен көшіп-қону туралы даудың өзегі болып табылатын азаматтылықтың контекстінде жүзеге асырылады.
Қазіргі кезеңдегі көптеген ғылыми еңбектер азаматтық бірегейлік әр түрлі көзқарастардың тіке-тіресінде ерекше орын алатынын көрсетеді. Яғни, ол психология, әлеуметтану, философия сынды ғылымның емес, саясаттану ғылымының да зерттеу объектісіне айналып бара жатқандығын көрсетеді. Азаматтық біртұтастық түрлері туралы білу тек моральдық жағынан ғана емес саяси тұрғыда да өте қажет.
Азаматтық бірегейлік азаматтылық және азаматтық қатысу жалпы ұғымдарының негізінде жатыр. Оның мәні болып өз еркімен мемлекетке деген азаматтылық жауапкершілікті сезіну, яғни бір жағынан, сайлауларға қатысу, ұлттық мүдделерді қорғау үшін саяси өмірге белсенді атсалысу табылады. Азаматтық бірегейлік азаматтық жүріс-тұрысқа мән беріп, белсенді әрекет етуге итермелейді. Осы орайда Д.Лейдет «күшті азаматтық тұлға өз мемлекетіндегі азаматтарды қоғамның саяси өміріне белсенді араласуға әсер етеді» деп есептейді [124].
Сондықтан да азаматтық бірегейлік азаматтылық пен ұлттық тарихтың негізі ретінде қоғам өмірін жігерлендіруде аса зор орын алады.
Жоғарыда айтылғандай бірегейлік түсінігі жиі әлеуметтік дискурста қолданылып келеді. Осының нәтижесінде ғылымда көптеген мәндері пайда болды. Солардың бірі Р.Брубейкер мен Ф.Купердің пікірінше, бірегейлік ұғымы жеке мүдделерден тұратын көптеген мүдделерді білдіру үшін саяси дискуссияда қолданылады деп есептейді. Мысалға, «поезды жаксы көретін адаммын», «бір топтың мүшесімін» деп есептейтін адам, «әлеуметтік немесе саяси қозғалыстарда қалыптасатын әлеуметтік рөл, нақты аспектілерді білдіреді [125].
Бұл орайдағы «Мен» үғымы әлеуметтік немесе уақыт жағдайына байланысты әрқашан өзгеріп отырады. Р.Брубейкер мен Ф.Купер бірегейлік терминінің қолданылуы әрқашан бір-біріне сәйкес болуы міндетті емес деп табады. Сондықтан да, түрлі ғылыми облыстарда «тұлға» термині әр түрлі мәндерге ие болды. Сондықтан азаматтық бірегейлікті қалыптастыруда тек қана ішкі саяси, әлеуметтік, экономикалық, мәдени жағдайды ғана емес, сонымен қатар әлемдегі уақыт кеңістігінде сол уақыт арасында маңызды, шешуші ретінде сипатқа ие болатын идеологиялық жағдайға да зор назар аударған жөн. Өтйкені, қазіргі бірегейлік мәселесі өзінің мемлекеттік шекарасынан өтіп, аймақтық бірегейлік түрлеріне өтетіндігі байқалуда. Сондықтан ішкі бірегейлік сыртқы саяси жағдаймен де ұштасуы қажет деп есептейміз. Өтйкені, кейбір жағдайда мемлекет өзінің егеменділігін сақтап қалуда азаматтық бірегейлікті қалыптастыруға ұмтылуы тиіс. Дәл осы жағдай біздің қоғамымызда қазіргі таңда өте өзекті болып табылады.
Философия ғылымында азаматтық бірегейлік уақыт кеңістігі тұрғысынан зерттеледі. Мысалы, тұлға көптеген философиялық әдебиеттерде уақыт кеңістігінде адамдар мен объектілердің сақталуын білдіреді. Ал адам объектілерін құрайтын элементтер ретінде тумысынан пайда болған әлеуметтік, мәдени құндылықтар табылады.
Адам өзінің болашағы туралы ойының негізінде уақыттың өзгеруінен тәуелсіз өзінің құндылықтарының өзгермеуі жағдайында ғана «тұлға» деп атауға болады. Бұл орайды, бірегейлікті қалыптастыру үшін адамның жынысы, этностық құрамы және де басқа да қасиеттері туралы сөз қозғалады. Бірегейлік туралы бұл түсініктер, әсіресе әлеуметтік психологияда, тұлға туралы ой-пікірлермен сәйкес келмеуі мүмкін.
Екінші келіспеушілік бірегейлікті анықтаудағы тұлғаның авторитеті арқылы анықтауда жатыр. Кейбір ғалымдар бірегейліктің өзін адамның көзқарасына сілтеме жасайтын жолмен түсіндіреді. Яғни адам кәсіби, топтық немесе мүшелік қатынасы бар белгілі бір бірегейліктің иесі ретінде қабылданады. Мысалы, Азия елдерін зерттейтін адам Азия елдерімен ешқандай да ынтымақтастығы, мәдениетімен ешқандай жақындығы болмаса да «азияттық» деп аталып кетуі мүмкін. Тұлғаны осылай түсіндіретін ғалымдар ең бастысы ретінде осындай әлеуметтік өзара байланыстар, адам өмірінің түрлі аспектілерін есептейді. Егер де адам оны «азияттық» деп атаса ол анықтама оның тәжірибесі мен өмірімен тығыз байланысты болғаны. Басқа философтар мен психологтар тұлғаға қатысты адамның көзқарастары субъективті болуы қажет деп санайды. Яғни, міндетті түрде адамның өзі туралы өзінің жеке ойына байланысты болуы шарт.
Біздің ойымызша, азаматтық бірегейлік қоғам өмірінде бір мүше ретінде адамның өзін сезіну туралы көзқарастар мен сезімдерімен түсіндіріледі. Қоғам өміріне қатысу формалары азаматтылықтың сипаттамалырмен түсіндіріліп, мыналарды қамтиды: дауыс беру, саяси өмірге қатысу, саяси шешімге әсер ету және т.с.с. Бұл қатысу формалары адамның өзінің ішкі дүниесімен өте тығыз байланыста болады. Мысалы Оңтүстік Африка сайлаушысы өзіне ақ нәсілді адамдармен қатар тұрып сайлауға баруы қаншалықты қиын болса, да ішкі ниеті күшті болғандығын жасырмайды. Яғни қоғамды дамытуда азаматтылықтың үлкен рөлі көрсетіледі. Азаматтылық тұлғаның белсенді түрде саяси жүйеде субъект ретінде танылуына негіз болады. Азаматтылық ол тек қана іштей өзін белгілі бір мемлекеттің азаматы ретінде түсіну ғана емес, ол өзіне жүктелген міндеттер мен құқықтарды толық орындауы болып табылады. Осы орайда азаматтылық кейде азаматтардың сайлауға баруымен анық анықталады. Бір қырынан, ол саяси мәдениеттің көрінісі ретінде қабылданса, екінші қырынан, өзін ортақ мүддеге, жауапкершілікке негізделген азаматтармен бірегейлендіру ретінде жүзеге асады.
Ирактың азаматы сайлаудың тәуекелді тұстары мен ұтымдылығын саралай отырып, «лаңкестіктер не істемесе де мен бәрібір сайлауға барар едім» деп топшылайды [126]. Сайлау бұл азаматтар үшін ішкі жан-дүниесінен шығады. Айтылған цитаталардың барлығы азаматтық қатысудың азаматтық бірегейлікте алатын орнынын ерекшелегін көрсетеді. Азаматтық бірегейліктің сезімі тарихи кезеңдерде және әр түрлі мемлекеттерде бір адамнан екінші адамға беріледі.
Әдетінше азаматтық бірегейлік қоғамдағы қауымдастықтармен тығыз байланысты. Олардың әр қайсысы нақты бір географиялық кеңістікте орын алады. Адам өзінің ауданының, қаласының немесе мемлекетінің белсенді мүшесі ретінде өзін мақтан тұтатын адам ретінде есептейді.
Осы орайды философтардың назарын аударатын басты мәселе бұл «Азаматтық бірегейліктің географиямен тығыз байланыста болуы қажет пе әлде болмауы шарт па?» деген сауал. Мысалға, «әлемнің азаматы» деп көп жағдайда тек қана өзін ойлайтын емес, бүкіл әлемнің денсаулығын, өсіп-өркендеуін ойлайтын адамды есептейміз. Ғылымда философтардың азаматтық бірегейлік, азаматтылық және бір нақты қауымдастық туралы көзқарастары әр түрлі болып келеді.
Яғни, кейбір ғалымдар азаматтық бірегейлік пен азаматтылық негізінде бірінші кезекте тіл жатуы тиіс деп есептейді. Тіл азаматтық қатысуды жандандырып, азаматтық бірегейліктің жоғары болуына тиімділік танытады деп біледі [124].
Келесі ғалымдар тобы азаматтық бірегейлік пен азаматтық сезімі тек қана бір жерге немесе әлеуметтік топқа ғана байланысты болуы тиіс емес деп санайды. Мысалға, В.Кумликаның пайымдауынша, әділеттілікті талап ететін адамдар белгілі бір саяси топтың шеңберінен шығып кетуі немесе территориядан ауытқып кетуі мүмкін деп есептейді [93]. Бұл орайды азаматтық бірегейлік нақты қауымдастық пен қоғамнан алшақ болады. Ол кең адамгершілікті бағдар алып, әмбебап моральды құндылықтармен тығыз байланыста болып табылады. Сондықтан да азаматтық бірегейлік тек бір ғана территорияда орын алатын әлеуметтік топтармен тығыз байланыста болған жағдайда ғана бізге аса пайдасы зор болып есептеледі. Дегенмен де, азаматтық бірегейлікті қоғамдағы әлеуметтік топтармен теңдестіріп түсіндіруден бас тартуымыз керек.
Мысалға азаматтық бірегейлік ұлттық бірегейліктен ерекшеленеді. Адамдар азаматтық істерге араласуға аса назар аудармай, өздерін белігілі бір мемлекеттің мәдениетін бойын сіңіретін «американдық», «неміс» ұлты бола алады. Азаматтық біргейлік бірінші кезекте қоғамдық өмірге араласуды білдіреді.
«Әлем адамы» сияқты моралдық бірегейлікке қарағанда азаматтық бірегейлік нақты бір әлеуметтік топтармен тығыз байланыста болады. Ұлттық бірегейлікке қарағанда азаматтық бірегейлік қоғамдық өмірдегі атқаратын іс-қимылды, әрекетті білдіреді. Бұл орайда адамдарға ең басты мәселе ретінде барлықтарының құқықтары мен міндеттері қарастырылады [127].
Азаматтық бірегейліктің маңызын азаматтылық түсінігін дәстүрлі көзқарастармен анықтау дұрыс. Осы орайда батыс ғылымдарының ойынша, азаматтылық көп жағдайда үш қасиеттен тұрады: мүшелік, құқық, қатысу [128].
Мүшелік адамның ұлт пен қауымдастыққа өзін азамат ретінде жатқызуды білдіреді. Азаматтар мүше болуға құқылы және де сол құқықтарды қалыптастыруға өздері қатысады.
Толық азаматтылық адамның қоғам өмірінде белсенді қатысуын білдіреді. Бір жағынан азаматтылық басқа азаматтармен ұқсасуды, бір болуды меңзейді. Демократиялық мемлекеттерде қатысу азаматтылық жиі сайлаумен, яғни дауыс беру мен сынасуға қатысқан адамдармен бірге мемлекеттілікті құрайтын адамдар мен құрылымдардан тұрады. Шынында да, көп жағдайда сайланбалы лауазымдарды иеленіп отырған адамдардың өздерінің халқы немесе мемлекет үшін жұмыс жасағанда ғана жақсы жұмыс істейді деп есептелінеді. Саясаткерлердің жеке мүдделерінің бар болуына қарамастан, кез-келген әрекеттері (психологиялық немесе материалдық болсын) қоғамдық әл-ауқатты арттыруға бағытталуы қажет. АҚШ және де басқа мемлекеттерде мемлекеттік шенеуніктің өзінің жеке мүдделерін қоғамдық игілік арқылы жүзеге асыруға қатаң тиым салынған. Сонымен қатар, бірегейлік сезімі азаматтылықты қалыптастыруға басты қажетті шарт ретінде қарастырылады. Сайлаушылар мен үміткерлер қаншалықты өздерінің жағдайларын көп ойлағанмен де азаматтылық сезім қоғамның, мемлекеттің мүдделерін де назардан тыс қалдырмауға көмек береді.
Алдында айтылғандай қалыптасып келе жатқан демократия үшін мемлекеттің азаматтары өзгерістерге, дамуға өздерінің үлестерін тигізетінін сезіну аса қажет. Ондай сезімнің жоқтығы азаматтық өмірді төмендетеді, соның нәтижесінде барлық азаматтар ортақ қоғам игілігі туралы ой, іс-әрекеттерден аулақ болады. Бұл демократияның да дамуына нұқсан тигізеді. Дегенмен де өзін мемлекеттің дамуына ешбір үлесін қоспайтын адамды да «азамат» деп атауға болады. Бірақ та бұл демократиялық мемлекеттерде құпталмайды.
Қорытындылай келе, толық азаматтық бірегейлік төменгі үш құрамдас бөліктерден тұрады: мүше болу, қатысу және мемлекеттің болашағын қалауға ортақтасу. Мысалы ұлттық бірегейлік сияқты азаматтық бірегейлік өзіне мүше болу мәнді қамтиды; сонымен қатар ол моральдық бірегейлік сияқты сезімді де қамтиды. Ал азаматтық бірегейлік қоғамдық өмірге белсенді қатысуда негізделіп, адамдарға жігер береді.
Азаматтық бірегейлік өзіне мемлекеттің болашағына ортақтасу, көзқарастар мен эмоциялар, мүшелікке, құқық пен қатысуға қатысты мәселелерді біріктіреді [128]. Дегенмен, Осы айтылған үш қасиет концептуалдық түрде бір-бірімен өзара байланысқан, психологиялық тұрғыда да бір-бірінен тәуелсіз болуы мүмкін. Осы орайда мемлекеттің даму стратегиясы үлкен рөл атқарады. Бұл концептуалдық тұрғыда әбден мүмкін. Мысалы, азаматтарды біріктіру үшін оларды жұмылдыратын ортақ мәселе болуы шарт. Олардың қатарына азаматтардың құқықтары, қоғам өмірі, саяси қатысу жатуы мүмкін.
Азаматтық бірегейлік адамдарды жұмылдырып, тәуелсіз даму траекториясына бағыттауы мүмкін. Сонымен қатар, олардың әр қайсысының маңызы, мәні әртүрлі әсер етуде көрініс табады. Мүше болу және бір құқыққа ие болу адамда ерте кезден бастап пайда болады. Мысалы, М.Баррет, Х.Уилсон мен У.Лайонс 5 жастағы ағылшын оқушыларының Британ азаматтарын Германия мен Америка Құрама Штаттарының азаматтарынан айыра бастағанын зерттеулерінде дәлелдейді. Олардың пайымдауынша, ұлттық бірегейлік бала жастан бастап аса маңызға ие болып өсе берген сайын күшейе береді [129].
Азаматтық бірегейлік пен азаматтылық қазіргі кезеңде әлеуметтік, экономикалық және саяси өмірдің жаһандану атты ірі жүйеге өзгеру жағдайында аса өзекті мәселе болып табылады.
Этностық және нәсілдік көптүрлілік мемлекеттегі тұрақтылықты шайқалтуы әбден мүмкін, себебі түрлі нәсіл мен этностық топтың адамдары бір-бірімен шектеулі игілік үшін тайталасқа түседі. Мұндай үрдістер өздерін барынша толерантты деп есептейтін мемлекеттерде де көрініс табады деп тұжырымдайды [130].
Кейбір ғалымдардың пікірінше, бұл мәселені шешудің ең ұтымды жолы ретінде қалыптасқан мемлекеттік құрылыс моделін өзгерту, яғни біртіндеп этностық бірегейлікті төмендете отырып, ұлттық бірегейлікті қалыптастыру болып табылады [131, 178б.].
Дегенмен де этностық бірегейлікті төмендету әлемде жүзеге аспағандығын көрсетеді. Өйткені, ұлттық бірегейлік әрқашан да бір этностық бірегейлікке негізделеді. Ортақ құндылықтар жүйесі этностық ерекшеліктер негізінде пайда болады. Осы тұста Андерсонның пайымдауынша, қоғамды біріктіру жолында жасанды мәдени құндылықтарды ойлап тауып, іске асыру еш нәтиже бермейді. Этностық бірегейліктің жоғарғы деңгейі мен ұлттық бірегейліктің төмен деңгейі модернизацияның әсерінен ғана жойылып кете салмайды. Сонымен қатар этностық бірегейлікті төмендету, әсіресе, кедей және этностық топтары мол елдерде қиынға соғатыны белгілі.
Қазіргі заманғы пікірлерді саралайтын болсақ, азаматтық бірегейлік әлеуметтік және саяси жағдайларға аса тәуелді болып саналатынын байқаймыз. Және олардың әрқайсысында өзіндік функциялары болады. Азаматтық бірегейліктің психологиялық аспектісіне келетін болсақ, бірінші кезекте сенім ерекше орын алады. Сенім – бұл басқа адамдардың әділетті болуына, сенімге ие болу қабілетінің болуына және ол сенімнің қайта өзіне қайтатындығына сену. Бұл азаматтылықтың психологиялық іргетасы болып табылады [132]. Зерттеулер сенімнің азаматтық қатысуға үлкен әсер ететіндігін және азаматтық бірегейліктің маңызды компоненттерінің бірі болып табылатынын көрсетеді. Сонымен қатар, сол сенімнің ұлғайған сайын басқа адамдармен бірегейлену ынтасы да арта беретінін көрсетеді.
Азаматтық білімдер саяси қатысу мен құқықтарды таңдаумен өте тығыз байланысты. Шындығында да, азаматтық білімдердің азаматтылықпен бірігуі көптеген азаматтық бағдарламалардың негізі болып табылады. Өйткені, азамат өзінің білімдерін жүзеге асыруға бар күш-жігерін салады.
Адамзаттың пайда болуы мен өмір сүруіне көз жүгіртетін болсақ, мүше болу қасиеті адамдарды біріктіруге негізгі серпінді күш болып табылады. Осы орайда туындайтын бір мәселе бар. Ол ұлтқа мүше болу ниетінің қаншалықты деңгейінде адамдар азаматтық бірегейлікке әсер ете алатындығында жатыр. Әрине бұл құбылысқа әсер етуші факторлар көп. Мысалы, ұлттық және этностық бірегейлік сияқты.
Азаматтық бірегейлік саяси климаттың да жемісі болуы мүмкін. Дегенмен де ол қоғамда әр түрлі түрде көрініс табады. Ол бәсекелесіп отырған көзқарастарды басу үшін де қолданылуы ғажап емес. Мысалы, Д.Харт пен Р.Галан қоғамдағы саяси белсенділік саяси протестке қоғамның ашық болуына тәуелді болады деп есептейді. Саяси белсенділіктің мүлде болмауы ұлттың және қоғамның өміріне салғырт қарауды білдірмейді. Бұл тек оппозицияға қоғамның жабық болғанынан қорқынышты мойындау ретінде көрініс табуы мүмкін [133].
Ж.Торни-Пурта, Б.Уилкенфелд пен К.Барбер саяси тиімділік азаматтық бірегейлікке қаншалықты әсер ете алу қабілетімен өлшенетініне байланысты деп есептейді. Ал азаматтық құқықтар мен азаматтық еркіндіктер көп мөлшерде берілген сайын саяси тиімділік, яғни саяси әсер ету төмендей береді [134]. Бір жағынан, азаматтардың құқықтарының шеттелмеуі олардың мемлекетпен өзара бір-бірінен тәуелділі болуын тежейді.
Сонымен қатар қазіргі таңда елдегі экономикалық жағдай азаматтардың азаматтық бірегейлігіне елеулі әсер етеді деген пікірлер көбею үстінде. Ондағы анық байланыс экономикалық жағдайдың нашарлауы азаматтық бірегейлік деңгейінің төмендеуімен сәйкес болуында көрініс табады.
Ұлттық экономиканың жай-күйі азаматтық бірегейлікке әсер етуде маңызды рөл атқарады. Яғни, ғылымда экономикалық жағдайдың нашарлануы азаматтық бірегейліктің қалыптасуын баяулатып, азаматтылықты қалыптастырмайды. Күрделі экономикалық жағдайлар түрлі әдістер арқылы азаматтық бірегейлікке кері әсерін тигізеді. Сондықтан елде азаматтардың бойында көші-қон ниеті қалыптасады. Аталған мәселені алдын-алу мақсатында бірінші кезекте елдегі экономикалық жағдайды түзеп алу қажеттігі байқалады. Өйткені, экономикалық, материалдық жағдайсыз азаматтардың азаматтылық сезімі орын алмайды.
Сонымен қатар азаматтылық бірегейлік тікелей этностық бірегейліктің деңгейіне тәуелді болады. Өтйкені, көптеген зерттеулер көрсеткендей, тұрақты даму үдерісімен ерекшеленетін мемлекеттерде этностық бірегейлік азаматтық бірегейліктен төмен тұрады және керісінше. Этносаралық қайшылықтар мен қақтығыстар орын алған мемлекеттер қоғамының бірегейлік иерархиясында этностық бірегейлік азаматтық бірегейліктен жоғары тұрады. Дегенмен де екі бірегейлік түрлері арасында өзара байланыс пен тәуелділік орын алады. Бұл дегеніміз этностық бірегейліктің азаматтық бірегейлікті тежеуді немесе бәсекелесуді білдірмейді. Мемлекет алдында екі бірегейліктің алтын орнын табуға итермелейді. Яғни, олар қазіргі таңда бір-бірін толықтырушы ұғымдар болуы тиіс.
Азаматтық және этностық бірегейлік арасында ортақтықты табу көбіне мемлекет құраушы бір ұлты бар полиэтносты мемлекеттерге тән және қажетті құбылыс болып табылады. Өйткені, төл этностың мүдделерін барша халық мүдделерен тұйыстыру қажет.
Осы тұста этностық біртұтастықтың болмауы адамдарда азаматтылықтың қалыптасуына кедергі жасауы мүмкін. Р.Путман мен С.Хантингтонның ойынша, политэтносты болып табылатын мемлекеттер әлеуметтік капитал мен ұлттық бірегейліктің қалыптасу үрдісінің қиындықтарына тап болады. Бұл жерде барша қоғамға ортақ құндылықтар анықтау мен азаматтылықты қалыптастыру мәселелері қарастырылуы қажет.
Азаматтық бірегейлікпен тығыз байланыста болатын және оған тікелей әсер ететін фактор ретінде халықтың демографиялық көрсеткіштері жатады. Өйткені, Х.Меллер халықтың жастар құрамы басқа жас топтарына қарағанда азаматтық бірегейлікке бейім болып келеді деп есептейді. Оны тархита орын алған азаматтық қозғалыстарға қатысушылардың басым көпшілігі жастар болғандығымен түсіндіреді. Оның пайымдауынша, жастар түрлі қоғамдық қозғалыстарға аса қызығушылық танытып, тез іліп алып кетеді [135].
Сонымен қатар, жастардың қоғамдық өмірде алатын орындарын Д.Харт өзінің еңбегінде атап кеткен. Оның ойынша қоғамда ересек адамдарға қарағанда жастар пайызының жоғары болуы қоғамда түсініксіз, негізделмеген өзгерістерге алып келеді. Себебі, қоғамда ересек адамдар саяси мәдениет пен азаматтылықты келесі ұрпаққа жеткізу қызметін атқарады. Ал ондай топтың аз болуы есебінен жастар азаматтық тұрғыда өздерін толыққанды мемлекеттің азаматы деп есептемейді. Соның салдарынан қоғам мен мәдениет туралы білімдері саяз болып келеді де, саяси және әлеуметтік үдерістерді радикалды түрде өзгертуге тырысады. Ғалымдардың пікірінше, азаматтық білімнің төмен болуы жастар тобын саяси өмірдің экстремистік түріне қатысуға алып келеді [136]. Халықтың демографиялық құрылымы жағынан қарастырғанда, азаматтық немесе этностық құндылықтарды дәріптейтін ұлт зиялылары мен элитанын рөлін айтып кеткен жөн. Өйткені, кез-келген қоғамда идея ұсынушы әрі азаматтарды жетелеуші ретінде зиялы азаматтар тобы қатысады. Осы орайда басты назар әр мемлекеттегі зиялы қауым өкілдерінің әсер ету қабілеті мен саяси элитаның қызметінің тиімділігіне аударылуы қажет деп есептейміз.
Жалпы ағылшын тіліндегі жария болған ғылыми еңбектерде азаматтық бірегейлік пен ұлттық бірегейлік бір ұғымдар ретінде қарастырылады. Өйткені, қазіргі таңдағы көпұлтты мемлекеттер ұлттық мемлекеттер (саяси мағынада) ретінде қарастырылады. Сонымен қатар, ұлт түсінігі «мемлекет», «азаматтар» түсініктерінің синонимі ретінде қабылданады. Ал барлығының бір ортақ қорытындысы: «Ұлт болып қандай қауымдастықты табамыз?» деген сауалға жауап беруде ұлтты құрастырушы ерекшеліктер ретінде тіл, мәдениет, дін, саяси және басқа да институттар, тарих, ортақ тағдырға деген сенім сияқты жауап алдық.
Азаматтық бірегейлік біріктіруші және ажыратушы секілді екі тенденциялар арқылы реттеледі. Біріншісі, адамдардың қауымдастығын басқа қауымдастықтардан ажыратса, екіншісі адамдарды бір қауымдастыққа біріктіретін интеграциялық функцияны атқарады. Ол қоғамда бейнелер арқылы (мемлекеттік рәміздер, тарихи ұлттық батырлар, тарихи және қазіргі заманға мемлекетке аса маңызды жағдайлар, тұрмыстық рәміздер), мемлекет шеңберінде барша халыққа ортақ құндылықтар (егеменділік, тәуелсіздік, жауапкершілік, қоғам дамуына деген үлес, елдің болашағы үшін ой толғау) арқылы қалыптасады. Бір қырынан азаматтық бірегейлік азаматтардың ортақ нормалар мен жүріс-тұрыс ережелеріне сәйкес әрекет етуді білдіреді.
Ы.Смельзердің айтуынша, азаматтық бірегейліктің ұлтты құраудағы басты механизмі этностық бірегейлік арқылы жүзеге асады. Яғни, этностық бірегейліктің функционалды трансформациясының арқасында азаматтық қауымдастыққа мүше болатын қоғамға біріктіру рөлін атқарады. Бұл орайда этностық бірегейліктің өзі құнды, және екіншіден, аймақтық, ұлттық, азаматтық, жалпы азаматтық бірегейліктердің құрамдас бөілігі болып табылады [137]. Сондықтан азаматтық бірегейлікті қалыптастырмас бұрын этностық интеграция мен этностық бірегейлікке үлкен назар аударған жөн.
Ұлттың қалыптасуының басты сатысында болашақ «ұлт» ретінде адамдардың бір этностық қауымдастықпен өзін сәйкестендеруінде этностық бірегейлік маңызды орынға ие [138]. Бұл орайда азаматтарды азаматтық бірегейлендіру үдерісіне этностық ерекшеліктерді тарту мүмкіндігі өз септігін тигізеді.
Қазіргі таңда ұлтты қалыптастыру мәселелерінде көптеген отандық ғалымдар азаматтық бірегейліктің этностық құрамына ерекше назар аударуды талап етеді. Бұл орайда қазіргі кезеңде азаматтық бірегейлік мәселелері бір қырынан елдегі «бірлік көптүрлілікте» принципімен жүзеге асатын елдегі көптеген этностардың мәдениеті мен дәстүрлерін дамытуға мүмкіндік бере отырып, барлығына ортақ қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде, сонымен қатар қазақ халқының белгілік ерекшеліктері көрсетілген мемлекеттік рәміздер, қазақ тіліндегі әнұран сияқты қазақ төл этносының этностық белгілері арқылы азаматтық бірегейлікті қалыптастыру тенденциясы орын алуда.
Әрине азаматтық бірегейліктің этностық компоненті өз маңыздылығын кейбір тарихи кезеңдерінде жоғалтып алса, кейбір қоғам дамуының нақты бір сатысында орны мен рөлінің зор болуын көрсетеді. Ол қоғамның әлеуметтік-саяси, экономикалық, геосаяси факторлары мен ерекшеліктерінен тәуелді болады.
Азаматтық бірегейлік үшін этностық қауымдастықтардың іс-әрекетіндегі ерекшеліктер аса маңызға ие. Өйткені, этностық бірегейлік азаматтардың әрекетіндегі мақсаттылықтың негізі, өзара біріге отырып, ұжымдық мүдделерді білдіруде ерекше мәнге ие болады. Бұл орайда азаматтық бірегейлік барлық азаматтарға, ұлтқа ортақ ұлттық болмыс, ұлттық бірлік, ұлттық менталитет, ұлт-азаматтық қозғалыстар сияқты құбылыстар мен категориялармен тығыз байланыста болады.
Дж.Фридманның айтуынша, ұлтты құраудағы бірегейліктің саясаты өткен шақпен тығыз байланыста болуы қажет. Ол тарихи естелік пен жадыда сақталатын немесе пайда болатын миф арқылы жүзеге асады [139]. Осы орайда қоғамның ежелден келе жатқан тарихи жадысын жаңғыртып, ұлттық мақтаныш сезімдерін ояту маңызды болып табылады.
Полиэтностық қоғамда ұлттық-мәдени өзіндік анықтауынсыз түрлі этностық, әлеуметтік, саяси және де басқа күштердің өзара үйлесімділігі мен өзара ұтымды әрекеті жағдайы ретінде азаматтық бірегейлік қалыптаспайды және нығаймайды [98, 43б.] Сондықтан азаматтық бірегейлікті дамытуда түрлі этностық топтардың бір үйлесімге, ортақ құндылықтарға келуі шарт.
Демократиялық мемлекеттерде этностық көптүрліліктің артуы әлеуметтік ынтымақтастық пен азаматтық әлемге мүмкін болатын қауіп-қатер ретінде есептеледі [140]. Өйткені, полиэтносты қоғамдарда демократияны орнату этностық құндылықтардың сақталуы мен дамуына жағдай жасайды. Осы тұста толеранттылық сезімдері нық қалыптаспаған, ортақ мүдделері негізінде бірікпеген қоғамдарда этносаралық қақтығыстар орын алады. Ал оның салдары ретінде кішігірім этностық топтарда азаматтылық деңгейі төмендей береді. Бұл өз кезегінде халықтың бір ұлт болып сақталып, қызмет етуіне кері әсерін тигізеді.
Осы орайда полиэтностық қоғамдарда азаматтық тұжырымдаманың әлеуметтік үйлесімділікке жету мақсатындағы маңыздылығын бірнеше себептермен түсіндірсе болады: ұлттық тиістіліктің мықты сезімі азаматтардың мемлекетке, мемлекеттік институттарға сенімін арттыруға септігін тигізеді, ұжымдық бірегейлік жеке мүдделердің саяси шешімде көрініс табуына көмек береді, сонымен қатар ұлттық бірегейлік кішігірім топтардың ішіндегі бәсекелестікті бәсеңдетеді.
Қазіргі кезеңде этностық ерекшелік арқылы азаматтық бірегейлікті азаматтардың санасында нығайтып келе жатқан Батыс елдерінің саны аз емес. Қазіргі кезеңде көптеген Еуропа, Шығыс Еуропа елдері азаматтық бірегейлік арқылы ұлттық мемлекет құрып келеді. Қазіргі кезеңде азаматтық бірегейлікті зерттеуде орын алған пікір ол - Балтық елдері неғұрлым демократиялық болғанымен соғұрлым ұлтшыл мемлекет болып есептеледі.
Ұлттық мемлекет құрмайынша, отарсыздандыру үрдісін жүргізбейінше, азаматтық қоғам ел ішін ала тайдай бүлдіреді, азаматтық белсенділіктің орнына азаматтық алауыздық бел алып кетері анық [141]. Сондықтан елдің егеменділігін, бірлігін сақтап, дамытуда азаматтылық, азаматтық белсенділікті арттыру қажет. Азаматтарды бір шаңырақ астында біріктіру керек.
Осы орайда ұлттың өзін өзі ұлттық және мәдени анықтауы алғашқы ұлттар мен ұлттық мемлекеттердің пайда болуымен қатар жүреді. Бұл кезекте ұлтты құраудағы азаматтық бірегейлік екі тенденция арқылы жүзеге асты. Бірінші мысал ретінде, азаматтық бірегейлік «қайнаушы қазан» приниципі бойынша ұлттық ерекшеліктерге қарамастан этностықтан жоғары ұлттық-азаматтық бірегейліктің қалыптасуы арқылы жүзеге асса, екінші мысал, ұлт-азаттық қозғалыстардың нәтижесінде, ұлттық, этностық топтың басымдығы арқылы пайда болған азаматтық бірегейлік түрімен сипатталады. Аталған мәселе келесі бөлімде толық қарастырылатын болады.
Осы бөлімдегі біздің мақсатымыз қазіргі замандағы азаматтық бірегейлік туралы түрлі көзқарастарды есекере отырып, азаматтық бірегейліктің сипатын зерттеу және азаматтық бірегейлік пен азаматтылықтың арақатынасын анықтау, азаматтық бірегейліктің ұлттық демократиялық мемлекетке әсерін талдау болып табылатын. Біз анықтағандай азаматтық бірегейлік субъективті және азаматтық қасиеттермен қатар жүреді. Демек, бұл дегеніміз, тұлғаның бір қауымдастықтың немесе ұлттың мүшесі ретінде өзін сезініп, сол топтың әл-ауқатын, жағдайын арттыруға барынша күш-жігерін салып, құқықтары мен міндеттерін толыққанды орындау. Бұл жердегі азаматтық бірегейлік адамның басқа да әлеуметтік топтың ішінде мүше ғана болғандықтан емес өзі туралы ішкі сезіміне негізделеді. Сонымен қатар бірегейліктің басқа да түрлерінен (ұлттық, этностық, моральдық) ерекшеленеді.
Азаматтық бірегейлікке деген қазіргі заманғы қызығушылық жаһандану мен көші-қон салдарынан артып кетті. Бұл орайда мемлекеттің тәуелсіздігі мен беріктігін сақтау жолында азаматтық бірегейлікті қалыптастыруға үлкен мән берілуі қажет.
Ұлттық мемлекет идеясының кристализациясы белгілі бір теорриториядағы халықтың саяси және мәдени бірегейліктерінің сәйкес келуін қамтамасыз етеді және күрделі рәміздік және эмоциялық міндеттемелерді көтереді [142, 47б.]. Азаматтық бірегейлікті қалыптастыру және оның психологиялық маңызы әлеуметтік, демографиялық және саяси факторларға тәуелді болып табылады. Басқа да бірегейлік түрлеріне қарағанда азаматтық бірегейлік адамның мүше болу сезімі, қатысу, азаматтық құқықтар мен міндеттер сияқты психологиялық және әлеуметтік мәселелерге аса назар аударады. Мысалы, жұмыста көрсетілгендей ұлтшылдық азаматтық бірегейліктің бір көрінісі ретінде мемлекет халқының жастар құрамына байланысты болып келеді. Бұл зерттеу азаматтық бірегейліктің қазіргі заманда алатын орны ерекше екендігін көрсетеді. Ол қоғам мен қауымдастықтың жақсы өмір сүруіне бірден-бір себебін тигізеді.
Достарыңызбен бөлісу: |