«Үш тұғырлы» тіл жобасына қатысты ғалымдардың пікірінше, Қазіргі таңдағы билік қазақ тілі елдегі тұрып жатқан барлық этнос өкілдері қазақ тілінде сөйлей бастаған кезде ғана мемлекеттік тіл болып дамитынын жетік түсінбейді. Дегенмен де олар мемлекеттік тіл мәселесін шешуден бас тартатындар позициясы күшейіп келеді. Кезінді Қазақстан орыс тіліне мемлекеттік тіл мәртебесін беру мәселесі талқыланған жағдайда қатты сыни талқылаулар көбейіп кетті. Сол себепті билікте отырған сол күштер өздерінің ойларын жүзеге асыру мақсатында «Үштұғырлы тіл» жобасын ұсынған болатын [192]. Сонымен қатар қазіргі кезеңде бұқара ақпарат құралдарында дуалистік бастаманың орын алатыны көзге түседі. Яғни, қазіргі таңда орыс және қазақ тіліндегі бұқара ақпарат құралдары екі түрлі құндылықтарды дәріптеп келеді. Қазақ тілді басылымдарда, телеарналарда, ғаламтор беттерінде этностық ұлтшылдықтың көріністері орын алады. Сондықтан этностық тиістілігіне назар аудармай, халықты біріктіретін жол іздестіру қажеттігі орын алып тұр.
Осылайша азаматтық бірегейлікті қалыптастыру жолында бірінші кезекте бүкіл әлемде ұтымды қолданып жүрген, халықтың жұмылуына бірден-бір басты фактор ретінде мемлекеттік тілді жалпы халықтық қолданыста жүретін тілге айналдыру қажет. Ол үшін мемлекеттік іс-қағаздарды қазақ тілінде ғана жүргізу қажет деп есептейміз.
Сонымен, ұлттық (азаматтық) идентификацияның бөлігі ретінде мемлекеттік тіл мәселесі қазақстандық қоғамында сәтті интеграциялық процесінде маңызды рөл атқарады. Мұнда жаңа азаматтық тұтастықтың негізі ретінде Қазақстан азаматтарының мемлекеттік тілді білуінде болып табылатындығы объективті құбылыс ретінде көрініс табады.
Сонымен бірге қазіргі таңда қазақ бірегейлігін, өзіндік санасын дамытуда Қазақстандағы қазақ тілін латын тіліне көшіру мәселесі үлкен рөл атқаруы мүмкін. Аталған қадам қазақ тілінің отаршылдық әсерден бас тарту ниеті ретінде қарастырылады. Қазіргі кезеңде бүкіл түріктердің ұлы Президенті Кемаль Ататүріктің латын әліпбиіне көшіру қазіргі кезеңдегі түріктерді ұлт ретінде қалыптастыруда үлкен үлес қосқандығы анықталды. Сол себепті қазіргі кезеңде ұлт қалыптастырудың әлемдік тәжірибесін қарастыра отырып, аталған қадамның оң нәтиже беретіндігі байқалады.
Латын тіліне көшіруді қазіргі Қазақстан халқының қолдауы қоғамның бір қырынан «дертіне», екінші қырынан, коммуникация алаңына айналған әлеуметтік желілерде қолданысқа ие бола бастағанынан көрсе болады. Көптеген ғаламтор пайдаланушылар латын тілінде ойларын жеткізуге бет бұра бастағанын байқауға болады. Дегенмен де қазақ тілінің латын тіліне көшуі күрделі зерттеулер мен ұзақ уақытты талап етеді.
Мемлекеттік тіл мәселесі Қазақстан Республикасының әрбір азаматына әсіресе, қазіргі жаһандану үдерісінде өркениетті болашақ үшін өзекті болуда. Себебі мемлекеттік тіл ұлт пен этностардың арасындағы қарым-қатынасты нығайтатын механизм ретінде ынтымақтастықты арттырады. Мысалға, мемлекеттегі өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілді үйренудегі талпынысы өз тілін білмейтін азаматтарға мемлекеттік тілді меңгеруге ынталандыру механизміне айналуы мүмкін. Ал бұл өз бетінде қоғамды бір жүйеге келтіріп, ынта бірлікті нығайтады. Демек, мемлекеттік тіл саясаты бүкіл Қазақстанда тұратын этнос өкілдерін ыдырату мақсатын көздемей, керісінше, бүкіл Қазақстан халқын біріктіруші құрал рөліне ие. Егер кез келген этнос сол халықтың жерінде тұрып жатқанын, оның табиғи, материалдық, мәдени және рухани байлықтарын пайдаланып жатқанын ескеретін болсақ, сәйкесінше, сол халықтың тілін меңгеру, білу міндет. Жоғарыда айтып кеткеніміздей, ортақ тілдің болуы мемлекеттік бірлікті құру мен қоғам тұрақтылығын сақтаудың аса маңызды бөлігі болып саналады [188].
Сондықтан барша халықтың азаматтық бірегейлігін қалыптастыру жолында тілдік интеграцияның маңыздылығын ескере отырып, мемлекет құраушы қазақ ұлты өкілдерінің өзі жаппай қазақ тілінде сөйлеуі қажет. Қазақ халқының барлығы қазақша сөйлей бастаса, басқа ұлттар да қазақ тілін жетік меңгеретіні анық. Өйткені, кез-келген тіл сұраныстың, қажеттіліктің негізінде дамиды. Ал Қазақстан тәжірибесіне келер болсақ, қазақ тіліне деген сұраныс тым аз. Халықтың көп жиналған жерлердің өзінде барша халық орыс тілінде сөйлейтіні үйреншікті жағдайға айналып кеткендей. Аталған мәселені ескере отырып, бірінші кезекте барша қазақ ұлты өкілдеріне қазақ тілінде сөйлеуді міндеттеу қажет. Қазақ тілінің тек қана ресми құжаттарда емес, қоғамның қатынас жасау, өз ойын білдіру мәртебесіне дейін жеткізу қажет.
Азаматтық бірегейлік халықтың мемлекетке деген сүйіспеншілігінен туындайтыны анық. Ал бұл орайда отансүйгіштік сезімге, елге, жерге деген қамқорлық сезімге, болашағы үшін ой-толғамдары тарихсыз жүзеге аспайтындығы анықталып, өткенді біріге отырып, қайтадан саралау арқылы ғана қол жеткізуге болатыны заңдылық. Кеңес Үкіметі заманындағы азаматтық бірегейліктің берік діңгегі осы тарихта үлкен із қалдырған Ұлы Отан соғысы кезіндегі халықтың ортақ басынан кешірген қасіреті біріктіруше фактор ретінде атауға толық негіз бар. Сондықтан азаматтық бірегейлікті қалыптастыруда негізгі компоненттердің ішінен тарихи сананы жандандыруға назар аудару қажет. Қоғамды өткен қасіреттен артық ешнәрсе біріктірмейді.
Халықтың кең байтақ жерді жаулардан қорғау тарихы, ондағы батырлардың ерліктері, хандардың, билердің парасаттылығы, сондай-ақ халықтың отансүйгіштік сезімі, мен ортақ мүддеге қол жеткізудегі бірлігі азаматтық бірегейлікті қалыптастыруда қолдануға болады. Оны Қазақстан қоғамының Рухын жаңғырту жолында мемлекет тарапынан қолға алу үлкен септігін тигізетіні анық.
Диссертация жұмысын орындау барысындағы жүргізілген сауалнама нәтижелерінде Қазақстан Республикасының құрылуынан кейінгі маңызды тарихи оқиға ретінде қазақ хандығының анықталуы да қазақ этностық сананың жанданғандығын көрсетеді.
Сондықтан қазақ бірегейлігін сол арқылы азаматтық бірегейлікті нығайту жолында тарихта орын алған ұлт-азаттық қозғалыстар, «Алаш Орда» ұлттық интеллигенцияның өкілдерін, идеяларын, тәуелсіздік үшін күресін, қазақтың Ұлы ойшыл, ғұламалардың идеяларын ұтымды насихаттау қажет. Өйткені өткен шаққа, тарихқа деген мақтаныш сезім – біздің халықтың басты құраушысы, отансүйгіштік пен Отанға деген құрметтің негізі. Осы тұрғыда көшпенділер тарихы үлкен рөл ойнауы мүмкін. Бұл біздің мақтан тұтатын мәдени-тарихи жетістігімз, ұлттық мақтанышымыз, атап айтсақ брендіміз [193].
Сондықтан қазақстан халқын бір шағырақтың астында біріктіру идеясын жүзеге асыру үшін бірінші кезекте мемлекет құраушы ұлттың өз этнос ішіндегі этностық интеграциясын қамтамасыз ету қажет. Өйткені, этностық тиістілігінен тәуелсіз қазақстандықтардың бір халық ретіндегі анықтамадағы ұлттың бәсекеге қабілетті болуы тікелей қазақ өзіндік этностық санасы мен этноәлеуметтік жүріс-тұрысына тәуелді болып табылады [194, 67б.].
Бұл орайда қазақ бірегейлігін қалыптастыруда нақты механизмдер мен құралдардың жоқтығы кедергі туғызады. Дегенмен де елдегі этносаралық мәселелерді шешіп, қазақ халқының қоғамдағы орны мен рөлін айқындайтын ұлттық идея қажет. Ұлттық идеясыз қоғамның ілгері қарай жылжуы оңайға соқпайды. Сонымен қатар ұлттық идея барша қазақстандықтардың мүдделерін қамтып, олардың заң алдында тең болуын, әділеттілікті қамтамасыз етуі қажет.
Ал ұлттық идеяның іргетасы ретінде қазақ халқының мәдениеті мен тілі, салт-дәстүрлері, тарихи жадысы үлкен рөл атқарады. Сол себепті Қазақстанда ұлтты қалыптастыру қазақтардың өзін этностық тұрғыда қазақиландыру қажет. Сол кезде ғана қазақстандық бірегейлік пен бірлік туралы сөз қозғауға болады. Олай болмаған жағдадй қазақтардың бір қауымдастыққа және халықтың бір ұлтқа бірігуі мүмкін болмайды [195].
Сонымен қатар қазақ бірегейлігіндегі үштік қасиеттің келесісі – қазақ халқының дініне келетін болсақ, бұл арада қазір көптеген мәселелердің орын алғандығын көреміз.
Қазіргі таңда қазақстан халқы, оның ішінде қазақ қоғамы арасында діни біртұтастық жоқ. Бұл елдегі азаматтардың түрлі ағымдардың өкілі болып кете баруында дәлелін табады. Қазіргі қоғам көпдінділік қоғам ретінде анықталады. Өйткені, барша қазақстандықтарды айтпағанда, қазақ ұлтының ішінде бір діни сенімнің жоқтығы бірегейлікті айқындауда үлкен мәселе тудырады. Сонымен қатар, қоғамда дәстүрлік және дәстүрлік емес дінді ұстанушылардың саны күннен-күнге ұлғайып барады.
Қазақстандағы соңғы жылдарда діни экстремистік топтардың да әрекеттері діни бірегейлік мәселелерін шешуді қажет екендігін көрсетеді.
Қазіргі таңда қазақ халқының өзі дәстүрлі ислам, дәстүрлі емес діни ағымдар өкілдері және т.б. болып бөлшектеніп барады. Әр дінді ұстанушылар арасында өзара түсіністік пен диалог орын алмағандығын көруге болады. Қазақстанда араб әлемін тән киім үлгісін киіп жүрген азаматтардың барына көз жеткізуге болады. Бұл қазақ халқының ішінде түрлі діни ағымдар бойынша бөлшектеніп бара жатқандығын көрсетеді.
Қазақстан өзін зайырлы мемлекет ретінде жариялады. Сондықтан қазіргі кезеңде біз әр түрлі діни ағымдардың, діндерді ұстанатын азаматтарға ненің дұрыс немесе дұрыс еместігін үйретуден аулақпыз. Дегенмен де бірегейлік тұрғысынан алып қарағанда, қазір этностық, діни және т.б. шығу тегіне қарамастан азаматтық бірегейлік арқылы ғана қоғамның арасында келісім мен бейбітшілік орната аламыз.
Сонымен қатар дінді рухани бастаманың алғашқы көрінісі ретінде де үлкен мән беуіміз қажет. Өйткені, дін - идеологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қызмет ететін идеологияның бір саласы. Мемлекеттен бөлек болғанымен, қоғамның іргетасын бекітетін идеологиялық құрал. Сондықтан дін - адамзат өміріне, оның дүниетанымдық дамуына пәрменді ықпал жасап отыратын рухани құндылық ретінде қарастыру артық болмайды [122, 65б.]
Достарыңызбен бөлісу: |