Астық өнімдері кәсіпорындарындағы өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптары


-тарау. Тұрмыстық және қосалқы үй-жайлар



бет3/12
Дата13.06.2016
өлшемі1.03 Mb.
#131502
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12

3-тарау. Тұрмыстық және қосалқы үй-жайлар

1-параграф. Жалпы талаптар
171. Астық өнімдері саласының барлық кәсіпорындарында өндірістік үй-жайлардан тыс орналасқан, жұмысшыларға тозаңның әсер етуімен байланысты өндірістік үрдістерге арналған тұрмыстық және қосалқы үй-жайлар жарақталады.

172. Қызмет көрсетуші персоналға арналған қосалқы үй-жайлар бөлек тұрған ғимараттарда орналастырылады және жылы өтпе жолдармен өндірістік цехтармен қосылады.

173. Тұрмыстық мақсаттағы барлық үй-жайларда ағынды-сорғы желдеткіші қарастырылады.

174. Далада киетін, үйде киетін және арнайы киімді сақтауға арналған киім ілу орындары бөлек шкафтармен жабдықталады.

175. Киімнің тозаңын тазартуға арналған және жұмыс киімдерін жууға арналған үй-жайлар қарастырылады.

176. Арнайы киімді жөндеу үшін жөндеу шеберханасы қарастырылады.

177. Киіну бөлмесі киіну бөлмесінен бастап ғимараттарда орналастырылатын едәуір қашық орналасқан жұмыс орнына дейінгі қашықтық 75 м аспайтындай, ал кәсіпорын аумағында орналастырылған жерден 150 м аспайтындай етіп орналастырылады.

178. Ашық ауада және жылу берілмейтін үй-жайларда жұмыс істейтіндер үшін жылыну үшін үй-жайлар мен кабиналар орнатылады.

179. Жылынуға арналған кабиналар кішкене үстелмен және орындықпен, бөлек үй-жайлар (бөлмелер) үстелдермен, орындықтармен және ауыз сумен қамтамасыз ету құрылғыларымен жабдықталады.

180. Темекі шегу орындарына темекі тұқылдарын жинауға арналған суы қоқыс жәшіктері орнатылады.

181. Респираторларды пайдаланатын 300 адамға дейін жұмысшылар тізім бойынша жұмыс істеген кезде респиратор бөлмелері респираторларды сақтау, қабылдау, беру, тексеру және зарядтау үшін бір үй-жайдан тұрады.

182. Тізім бойынша жұмысшылар саны 50-ден бастап 300 адамға дейін жұмыс істейтін кәсіпорындарда медициналық бекет қарастырылады, тізім бойынша жұмысшылар саны 300 адам және одан астам орындарда фельдшерлік денсаулық сақтау бекеті қарастырылады.



4-тарау. Тиеу-түсіру және қойма жұмыстары

1-параграф. Жалпы талаптар
183. Тиеу-түсіру жұмыстары осы Талаптарға сәйкес орындалады.

184. Астықпен, оны өңдеу өнімдерімен және ыдыс жүктерімен тиеу-түсіру жұмыстары көтергіш-көлік жабдығының және шағын тетікті құралдардың көмегімен механикаландырылған тәсілмен жүргізіледі.

185. Бір орамдағы массасы 80 кг жүктерді көлденеңінен, көлбеу немесе тігінен орнын ауыстыру үшін автомобильдер, автокөтергіштер, автомобиль крандары, шығырлар, механикаландырылған арбалар қолданылады.

186. Массасы 80 кг дейін жүктерді тасымалдау кезінде көлбеу түйіспелер 3 м аспайтын көтеру биіктігі үшін 1:3 аспайтын көлбеу орнатылады.

Жүкті 3 м астам биіктікте ауыстыру кезінде оны көтеру механикаландырылады.

187. Жұмыс аймағының ауасы 1-кестеде көрсетілген қолданыстағы нормалардан артық тозаңданған кезде респираторлар мен қорғағыш көзілдіріктер пайдаланылады, ал микро қоспалармен жұмыс істеген кезде резеңке қолғап қолданылады.

188. Тұздармен, микроэлементтермен және витаминдермен тиеу-түсіру жұмыстары жүргізілетін үй-жайлар ағынды-сорғы желдеткішімен жабдықталады.

189. Минерал тұздарды жүк түсіру құрылғыларының қабылдау шүмектеріне тиеу бойынша жұмыстар қап түсіру құрылғыларының желдеткіші іске қосылған кезде ғана жүргізіледі.

190. Микро қоспалардың қорлары басқа үй-жайлардан оқшауланған үй-жайларда герметикалық ыдыста сақталады және тасымалданады.

Микро қоспалары бар ыдыс тек оларды пайдалану алдында ғана ашылады.

191. Жүктерді орналастыруға арналған алаңдарда қатарлардың, өту жолдарының және өткелдердің арасындағы шектері белгіленеді. Жүктерді өту жолдары мен өткелдерге орналастыруға болмайды.

Түсіру-тиеу жұмыстарын жүргізу орындарында жеткілікті табиғи және жасанды жарық беру болады.

Түнгі уақытта қызмет көрсетуші персонал тасымал шамдармен қамтамасыз етіледі.

192. Тиеу-түсіру жұмыстарын жүргізу орындары жаппай қорғау құралдарымен және қауіпсіздік белгілерімен жарақталады.

193. Тиеу-түсіру жұмыстары кезінде қолданылатын жолдар (басқыштар) мынадай талаптарды қанағаттандырады:

жүкпен өту үшін қызмет ететін жолдар қалыңдығы 40-50 мм металдан немесе тақтайдан дайындалады, ені бір жақты қозғалыс кезінде 0,8 м кем емес, екі жақты қозғалыс кезінде 1,5 м кем емес болады;

жолдардың әрбір 0,3-0,4 м сайын аяқпен басуға арналған аспақтары болады. Аспақтардың қимасы 20x40 мм;

жолдар мен көпіршелер ұзын (3 м астам) болған кезде діріл мен олардың астына майысуынан алдын алу үшін ағаш тіректер-айырлар орнатылады. Өнім салынған қаптарды айыр орнына қоюға болмайды. есептік жүктеме ең жоғары болғанда төсем иілгіші 20 мм аспайды;

ығысуынан сақтандыруға арналған жолдарда бір ұшында вагонның есік рейкасына немесе түсірілетін объектінің өзге де тұрақты элементіне ілу үшін металл ілмектері болады.

194. 1,5 м астам биіктікте орнатылатын жолдар мен көпірлерде баржадан баржаға, жағадан баржаға, кемеге өту үшін қанаттың төменгі бөлігінде 150 мм кем емес көмкермесі (жиегі) бар биіктігі 1 м кем емес қанаттар орнатылады.

Қанат бағандары арасындағы қашықтық 2 м астам болмауы қажет. Бағандардың биіктігі бойымен бір аралық бойлық элемент болады.

195. Жолдардың көрнекі орындарында шекті жүктемелері көрсетіледі.

196. Жоғарыдан заттардың құлау қаупі болған кезде тиеу-түсіру жұмыстарын жүргізу орындарында жұмысшылар қорғағыш каскаларын киеді.

197. Микро қоспалармен, премикстермен, құрама жемдермен және құрама жем шикізатымен тиеу-түсіру жұмыстарын жүргізгеннен кейін душқа жуыну қажет.

Ас қабылдау алдында микро элементтердің тұздарының ішек-қарын жолына түсуін болдырмас үшін жұмысты аяқтағаннан кейін киініп, қолды мұқият сабынмен жуу және ауызды шаю қажет.

198. Тиеу-түсіру жұмыстарын жүргізу орындарында көлік құралдарының қозғалысы белгілерді, сондай-ақ қозғалысты реттеу белгілерін көрсете отырып, көлік-технологиялық сызбасымен шектеледі.

199. Тиеу-түсіру машиналарын басқару пульті жұмысты бақылау үшін ыңғайлы орынға орнатылады, дыбыс дабылымен жарақталады. Басқару пультінің басқарушы органдары пайдалану жазбаларымен жарақталады.

2-параграф. Қоймаларда жұмыс істеу
200. Астық және құрама жем кәсіпорындары шикізаты қоймаларында жұмыс үрдістері үйіп сақтаған кезде механикаландырылған тәсілмен жүргізіледі.

201. Едендері көлбеу қоймаларда жұмысты түптерін дәндерден тазалағаннан кейін ғана жүргізуге болады. Түптерді тазалау кезінде астықты тиеу және түсіру мүмкіндігі болмайды.

202. Үймеден өнімді қазу арқылы алуға болмайды. Өнім үймесін конвейерлік таспаға немесе шығыңқы құрылғыға орналастыру машиналардың көмегімен және үймемен айналысатын алаңнан тыс бос орында жұмыс істейтіндерді бақылаушы тұлға қадағалаған, жатып қалған үймелерді жоғарыдан төменге қарай өрлеме кемерлермен қазған жағдайда жүзеге асырылады.

203. Аэро науалармен жабдықталған механикаландырылған қоймаларда олар жұмыс істеп тұрған кезде едәуір тозаң мөлшері түзіледі, бұл уақытта қоймада басқа жұмыстарды істеуге тыйым салынады.

204. Белсенді түрде желдету арналары мен аэро науаларды тазалау кезінде желдеткіштің жұмыс істеуіне жол берілмейді.

3-параграф. Жылжымалы тетік машиналары
205. Жүк көтергіш тетіктер мен алмалы-салмалы жүк қармау бұйымдарын пайдалану Төтенше жағдайлар министрінің 21 қазан 2009 жылғы № 245 бұйрығымен бекітілген Жүк көтергіш крандарды орнату мен қауіпсіз пайдалануға қойылатын талаптарға сәйкес жүргізіледі.

206. Желдің жылдамдығы машинаның паспортында көрсетілген мәннен артық болған кезде, жұмыс аймағы шегінде көруді төмендететін қар, тұман, жаңбыр жауған кезде жүк көтергіш машинасында (кран, кран түріндегі тиегіш) жұмыс істеуіне болмайды.

Егер ауа температурасы машинаның паспортында көрсетілген шамалардан төмен болатын болса, жүк көтергіш машинасында жұмыс істеуге болмайды.

207. Жылжымалы өздігінен жүрмейтін көлік және астық тазарту машиналарын жаңа орынға ауыстыру электр қозғалтқыштары ажыратылған және желі шлангасы штепсель розеткадан сөндірілген кезде жүргізілуі мүмкін.

208. Жылжымалы көлік және астық тазарту машиналарын басқа орынға ауыстыру және оларды қолмен тасымалдау адамның қалыпты адымынан аспайтын жылдамдықпен жүргізіледі. Осы жылжымалы машиналарды автомашиналардың, тракторлардың көмегімен буксирмен буксирлі қатты тіркеме болған жағдайда орнын ауыстыруға болады.

209. Жылжымалы көлік және астық тазарту машиналарын қоймалардың платформаларына, көпіршелерге және басқа да биік орындарға сырғыту, көтеру және орнату көлбеу, мықтап бекітілген жолдар (басқыштар) немесе өзге де бұйымдар арқылы жұмыс басшысының бақылауымен шығырлардың көмегімен жүргізіледі.

210. Өздігінен жүретін және көлік машиналарын орнату олардың және өзге де машиналардың және ғимараттардың қабырғалары, қақпалар мен басқа да орнату орындары арасында ені 1 м кем емес өту жолы болатындай етіп жүргізіледі.

211. Көтергіш рамалары бар барлық жылжымалы тетіктер «Раманы көтеру кезінде оның астында болуға болмайды» деген раманың екі жағынан бекітілген жазуы болады.

212. Қыстырғыш қоректердің (өздігінен бергіштердің) жоғарғы жүріс тармақтары қоршалады.

213. Өздігінен бергіштердің шығырларында өзекше ілмегін аудармай, қыстырғыш бөлікті түсіруге мүмкіндік беретін тұтқасы болады.

214. Технологиялық желіде конвейермен немесе өзге машинамен бірігіп өздігінен бергіш жұмыс істеген кезде өздігінен бергіштің жетегі орнатылған машинаның алдынан ол тоқтаған жағдайда қозғалтқышпен бұғатталады.

215. Өздігінен бергіш жұмыс істеп тұрған кезде жүргізушіге басқару рөлін қалдыруға, жұмыс органдарын майлауға, олардың ақауларын қалпына келтіруге, қыстырғыш тармақтың көтерілген бөлігінің астында немесе таспалы конвейердің астында тұруға болмайды.

216. Көлбеу бұрышын өзгерту үшін көтергіш құрылғысы бар көтергіш рамалы конвейер жұмыс істеген кезде көтеріліп тұрған раманың астында адамдардың тұруына жол берілмейді.

217. Жылжымалы конвейерлердің орнын ауыстыру кезінде жұмысшылар олардың соңында немесе жүру жолының алдында тұрады.

218. Ыдыстағы жүктерге арналған жылжымалы конвейерлерде таспа бүйірлерінен биіктігі 0,2 м бойлық борттар бекітіледі; транспортерден қаптарды қабылдау үшін қабылдау үстелі орнатылады.

219. Жүріс бөлігінде ақау болған, көтергіш рамада шектегіш бұранда болмаған кезде жылжымалы конвейерлердің жұмыс істеуіне жол берілмейді.

220. Көлбеу орнатылған конвейерлерде жетек ажыратылған кезде жүгі бар жүк тасымалдаушы элементтің өздігінен орнын ауыстыру мүмкіндігі болмайды.

4-параграф. Автомобилден жүк түсіргіштер
221. Автомобилдің қозғалыс жылдамдығы автомобилден жүк түсіргіштің платформасына кірген кезде 3 км/сағ аспайды.

Автомобильден жүк түсіргіштердің жүру платформаларында алға қарай қозғалысы артқы борт арқылы түсіру кезінде автомобильден түсіргіш платформасының дөңгелек тірегінің автомобильдің артқы дөңгелектері өткенге дейін жүзеге асырылады, бұдан соң автомобилді тіректерге жақын артқа шегіндіреді. Автомобилдерді бүйір жағынан түсіру платформаларында-көлік құралының оның габаритіне кіргенге дейін.

Платформаның тұйық жерінде көлік құралы дөңгелек тіректерімен жанасқанға дейін ғана қозғалады.

222. Автомобилден жүк түсіргіштің жүк көтергіштігі автомобилдің (автопойыздың және автомобилдің өзінің массасына) жүк көтергіштігіне сәйкес болады. Автомобилден жүк түсіргіштің ұзындығы оған автомобилдің (автопойыздың) дөңгелек базасын еркін орнатуды қамтамасыз етеді.

223. Автомобилден жүк түсіргішке автоматты қызмет көрсету кезінде жүргізуші «Өтуге болады» деген белгі таблосы жанған кезде ғана автомобилден жүк түсіргішке кіреді.

Авариялық жағдай болған жағдайда «Авария» деген түйме арқылы платформа тоқтатылады. Автомобилден жүк түсіргішті одан әрі басқару тек қолмен басқару пультінен жүргізіледі.

224. Автомобиль кабинасы жүк түсіруге қойған кезде борт ашатын бөліктің жұмыс істейтін аймағынан тыс болады.

225. Бүйірлік көлбеу платформасы бар автомобилден жүк түсіргіште автомобилдің бортын қауіпсіз ашу үшін қызмет көрсету алаңы болады. Қызмет көрсету алаңының ені 0,7 м кем емес болады және биіктігі 1 м тұтқыштармен жарақталады. Автомобилдің ашық борты борт ашқышта тіреледі.

226. Қызмет көрсетуші персоналдың:

автомобилден жүк түсіргіштің платформасы көтеріліп тұрғанда жүк түсірілетін автомобилдің артында;

жүк түсіру жағынан шанаққа жақын автомобилдерден-самосвалдардан жүк түсіру кезінде болуына жол берілмейді.

227. Гидравликалық жетегі бар автомобилден жүк көтергіштермен көтергіштердің гидравликалық жүйесі толық жарамды болған кезде жұмыс істеуге болады. Басқару пульті кранының тұтқалары кранның барлық күйін бекітуді қамтамасыз етеді. Платформаны шанақты босатуды қамтамасыз ететін бұрышқа ғана көтеруге болады. Шанақты толықтай босатпаған кезде оны тек ұзын қырғыштармен ғана тазалауға болады, бұл ретте жұмысшылардың автомобиль шанағында болуына болмайды.

228. Автомобилден жүк түсіргіштердің платформаларындағы автомобилдер тежеуішке қойылады. Бергішті қосу рычагы платформаны түсіру кезінде автомобилдің өздігінен сырғуын болдырмас үшін артқы жүрісіне орнатылады.

Мыналарға: дөңгелектерінің желі шыққан немесе босаған автомобилдерден жүк түсіруге, шофердің платформаны көтеру немесе көлбеу еңкейту кезінде кабинада болуына жол берілмейді.

229. Артқы борт арқылы жүк түсіретін платформадағы автомобиль гидро цилиндрге біркелкі жүктеме беру үшін орташа күйде болады.

230. Платформаның серіппелі тіректері автомобилдердің өздігінен сырғуын болдырмайды; автомобилден артқы борт арқылы жүк түсіру кезінде жүргізуші сақтандыру шынжырын немесе арқан орнатады.

Арқанмен сақтандыру бұйымы диаметрі 25 мм кем емес (жұмыс тармағының ортасымен) сынақ туралы куәлігі бар арқаннан жасалады. Арқанмен жүк асатын орындарда арқан олардың арасындағы қашықтықпен кемінде үш қысқышпен және кемінде алты диаметр бос арқанмен қосылады.

Қысқыштардың орнына созылмалы темірден жасалған дөңгелектерді пайдалануға болмайды.

Шынжырлы сақтандыру құрылғысының әрбір тармағында 29 шынжыр буыны болады.

231. Автомобилден жүк түсіргіштің платформасы көтеріліп тұрғанда жөндеу жұмыстарын сүйеуіштердің немесе металл бандаж дөңгелектері бар, диаметрі 200 мм кем емес бөренелердің көмегімен тіреген кезде жүргізуге болады. Жұмыс рұқсат наряды бойынша жүргізіледі.

232. Гидро қабылдағыштардың тіректеріне қол жеткізу үшін сатысы бар құдық алмалы-салмалы қақпақпен жабылады. Автокөтергіштер жұмыс істеген кезде құдықтың қақпағын ашуға болмайды.

233. Автомобилден жүк түсіргішті орнату орнында жеткілікті табиғи және жасанды жарық беру болады.

234. Автомобилден жүк түсіргіштің қауіпсіз қызмет көрсетуі үшін:

автомобилден жүк түсіргіштің платформасы шеткі төменгі күйде негізгі қораптар мен трамплиндерге біркелкі түсуі бақыланады;

ай сайын дөңгелектердің тіректерінің және шынжырлы немесе арқанды сақтандыру құрылғысының сенімділігі, тежегіштің жұмысы, редуктор мен электр қозғалтқыштың қызуы, ауырлық күші арқанын шығыр барабанына бекіту төзімділігі тексеріледі;

ай сайын тісті доңғалақтар, кареталардың білікшелері, блоктардың шүлдіктері, ауырлық арқаны майланады.



5-параграф. Электр тиегіштер
235. Барлық түрдегі тиегіштердің құрылымдарында жүргізушінің басының үстінен кабина немесе қоршау орнату мүмкіндігі қарастырылады.

236. Жарылу қаупі бар үй-жайларда жұмыс істеу үшін жарылыстан қорғалған күйдегі электр тиегіштер қолданылады.

237. Қоймалар мен көлбеу жолдардағы (пандустардағы) қабат аралық далдалар мен едендер жарамды, майыспаған болады және жүріс бойы жүгі бар электр тиегіштің массасынан (қарқындылық коэффициентін ескере отырып) жүктемені ұстап тұрады.

238. Қоймаға оған жапсарлас алаңдардан электр тиегіштердің немесе автожолдардың (және кері бағытта) өтуі үшін көлбеу жолдар (пандустар) көкжиекке 6º аспайтын бұрышпен орындалады. Электр тиегіштің құлауын болдырмас үшін қоймалардағы рампалар мен платформада берік бөрене орнатылады.

239. Жүктерді тасымалдау машинаның жұмыс органдары мынадай күйде болғанда жүргізіледі: рама артқа қарай әбден жылжиды, ал қармауыш құрылғы жүкті жерден (еденнен) машинаның клиренс шамасынан кем емес және пневматикалық дөңгелектердегі машиналар үшін 50 мм аспайтын және жүк таспасындағы машиналар үшін 250 мм биіктікте көтеруді қамтамасыз етеді.

240. Электр тиегіштерді жүкпен және жүксіз ауыстырған кезде рама көлік күйіне орнатылады.

241. Өнім салынған қап қатарлардың құлау мүмкіндігін болдырмайтындай етіп байланып, қатарларға (тұғырға) қойылады.

242. Қаптарға арналған тұғырлар берік болады және электр тиегіштің ең жоғарғы жүк көтергішіне есептелген. Қаптардың пакеттерін қатарларға қою немесе пакетті қатарлардан алу кезінде қатарлардың жанында электр тиегішінің жүргізушісінен басқа, жұмысшылардың болуына болмайды.

243. Ыдысқа немесе жүкке ең төменгі жылдамдықта айырлармен келу қажет; айырларды жүк біркелкі орналасатындай етіп өткізу қажет. Жүкті көтеру және түсіру дөңгелектер бекітілген кезде жүргізіледі.

244. Егер жұмыс барысында көтергіш тетіктің кареткасы бағыттаушы бойынша қозғалудан тоқтаса және айырмен қармағыш түсірілмесе және көтерілмесе немесе жүргізуші ақаулықты байқаса, жұмысты тоқтатып, бұл жөнінде жұмыс басшысына дереу хабарлау қажет.

Көтергіш тетіктің гидро цилиндрінде майдың аққаны байқалса, гидро цилиндрдің шлангасының штуцерінен майдың ағуын қалпына келтіру көтерілген айырлы қармауышпен тіреу арқылы сақтандырған кезде жүргізіледі.

245. Электр тиегіштердің жабық теміржол вагондарына кіруі және одан қоймаға (немесе рампаға) шығуы үшін ені 1200 мм, қалыңдығы 7-8 мм кем емес болат бұдырлы қаңылтыр түріндегі көпіршелер қолданылады. Қаңылтырдың астынан вагонның есік рамасына көпіршені бекіту үшін екі ілгек дәнекерлейді.

246. Автопойыздың астынан электр тиегіштің автомобиль (тіркеменің) шанағына өтуі және одан шығуы үшін ұзындығы 2-3 м жапсарлас тегістегіш көпіршелер болады.

247. Электр тиегіштермен автомобилге, тіркемелерге, оның ішінде автомобилден ажыратылған тіркемелерге жүктерді тиеу қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оларда түсіру үшін олар тірек башмактарымен тіркеледі.

248. Мыналарға:

машинаның жүк көтергіштігінен және рұқсат етілген жүктеме шамасынан астам жүкті электр тиегіш айырларына көтеруге және тасымалдауға;

адамдарды электр тиегіштің айыр қармауышында көтеруге, түсіруге және тасымалдауға;

жүкті жүргізушінің жұмыс орнын оған жүктің құлауынан сақтандыратын қорғағыш құрылғыдан жоғары оюға болмайды.

249. Аккумуляторларды ажырату және электр тиегішке орнату кезінде олардың электр тиегіштердің металл бөліктерімен тұйықталуы болмауы қадағаланады.

250. Аккумуляторлардың бір мезгілде екі клеммасының қысқа тұйықталуды болдырмас үшін металл заттармен жанасуына жол берілмейді.

251. Аккумуляторлық батареяларды қосу қорғасын клеммалармен жүргізіледі.

252. Аккумуляторлық батареялар батареялардың өлшемдерімен ұяшықтары бар арбаларда тасымалданады.


6-параграф. Теміржол көлігінде астық және өзге де сусымалы өнімдермен тиеу-түсіру жұмыстары.

Сұйық отынды тиеп-түсіру
253. Вагондардың орнын ауыстыру және тиеуге және жүк түсіруге орнату жұмыс басшысының қадағалауымен жүргізіледі.

254. Вагондардың орнын ауыстырғанға дейін олардан жүру басқыштары, көпіршелер мен сатылар алынады, вагондардың қозғалысына кедергі келтіруі мүмкін тиеу-түсіру бұйымдары ығыстырылады.

255. Кіреберіс теміржол жолдары бойымен локомотивтер мен маневрлік құрамдардың қозғалыс жылдамдығы:

локомотивпен бос жол арқылы алға қарай қозғалған кезде-15 км/сағ;

вагондармен бос жол арқылы алға қара й қозғалған кезде-10 км/сағ;

жолы қиын жағдайларда (кіші радиустары қисық, нашар көрінетін), өту жолдарында, өткелдерде, салмақ өлшеу жолдарында қозғалған кезде, құрам кәсіпорын қақпасына кірген (шыққан) кезде, вагондарды тіркеу және тіркемеден ажырату үшін локомотив құрамға жақындаған кезде-3 км/сағ.

Теміржол жолдары бағыт алған кезде және вагондарды бір жолдан екіншісіне ауыстырған кезде маневрлік шығырларды қолдануға болмайды.

256. Жүк тиеу және түсіру фронтының бойымен вагондардың қозғалуы маневрлік локомотивтермен, шығырлармен немесе вагон итергіштермен жүзеге асырылады.

257. Вагондар шығырдың көмегімен қозғалған кезде жұмысшылар арқанның керілген тармағынан аулақ тұрады. Қолды арқанның қармауын болдырмас үшін оны барабанға жақындатуға; қолғаппен жұмыс істеуге болмайды.

258. Вагондар ғимараттардың немесе платформаның бойымен тікелей орналасқан жол арқылы қозғалған кезде жұмысшылар вагондар мен ғимараттардың, платформаның шығыңқы бөліктері арасында қалмауы үшін вагонның қарама-қарсы бос жағында болады.

259. Вагондармен маневрлік жұмыс істеген кезде:

вагондардың орнын ауыстыруға және оларды бір вагонды келесісімен итеру арқылы орнынан жылжытуға;

бір мезгілде бір бағытта бірнеше вагондарды ажыратылған күйде бір жолдың бойымен жылжытуға;

вагондарды айқастырма немесе бағыт ауыстырғыш және шекті баған арасында, тілшелер мен айқастырмаларда қалдыруға;

есіктерді әбден тоқтағанға дейін ашуға және вагондарда болуға;

вагонды тиеу-түсіру нүктесіне беру кезінде және вагонды тиеп түсіргеннен кейін қозғалғанда оның төбесінде болуға жол берілмейді.

260. Габаритті үймелеген кезде жолмен өтуге, вагондарды шығаруға және қоюға жол берілмейді.

261. Маневрлік локомотивтер вагондармен және оларсыз қоймаларға, қатарларға бунттарға жанасатын жолдармен қозғалған кезде машинистер мен құрастырушылар жылжымалы құрамның габариті жанында көлік құралдарының, тасымал кабелдердің, габарит шегіне шығыңқы заттардың болмауын қадағалайды.

262. Жылжымалы құрамда ақау болғанда, жүктер дұрыс орналастырылмағанда немесе бекітілмегенде, ашық платформалардың борттарында тиектердің ақауы болғанда және жартылай вагондардың есіктері сыртқа ашық болғанда маневрлік жұмыстарды жүргізуге болмайды.

263. Вагонға жүк тиеу және жүк түсіру оны тиеу-түсіру нүктесіне орнатқаннан және теміржол жолдарына тежегіш башмактармен бекіткеннен кейін басталады; осы мақсатта бөгде заттарды-тақтайларды, сомындарды, тастарды және басқаларын пайдалануға және вагондардың дөңгелектерінің астына төсеуге болмайды.

Тежегіш башмактарда бояуы, таңбасы, қосымша мәлімет орны болады және техникалық-өкімші актіде көзделген орындарда сақталады.

Ақауы бар тежегіш башмактарды пайдалануға болмайды.

Тежегіш башмактарды тіркемелердің екінші және кезекті дөңгелек жұптарының астынан төсеу үшін айырлар немесе башмак төсегіштер қолданылады.

264. Жабық вагондардың есіктерін немесе мамандандырылған вагондардың люктерін ашу оларды әбден тоқтатқаннан және тежегіш башмактарды орнатқаннан кейін жүргізіледі.

Вагондардың есіктері бұйымдарды (шығырларды) қолдана отырып, олардағы металл тұтқалардың көмегімен ашылады. Сомындарды пайдалануға болмайды.

Мамандандырылған вагон-астық тасығыштардың және цемент тасығыштардың люктері штурвалдардың және рычагтардың жүйелерінің көмегі арқылы ашылады.

Есіктерді ашу кезінде жарақаттануды болдырмас үшін жұмысшы тұтқаны ұстап тұрып, есіктің қозғалуынан алыс тұрады және есік ойығының ашылған кеңістігінен тыс болады.

Есіктерді ашу кезінде тірек ролигі үшін есік бағанына, есік бөресіне немесе төменгі рельске сүйенуге болмайды.

265. Астық қалқанындағы люк ашқышпен ашылады; астық қалқанын басу қалқан басқышпен жүргізіледі.

266. Астық қалқандарын оларды жинау орнына тасымалдау механикаландырылған тәсілмен жүргізіледі.

267. Вагондарды тиеу және түсіру үшін көлік құралдарының орнын ауыстыру және орнату тек жұмыс басшысының нұсқауымен және қадағалауымен ғана жүргізіледі. Тетіктерді жаңа орынға орналастыру электр қозғалтқышы ажыратылған, электр желісінен шланг кабелі ажыратылған және шүлдіктердегі жүріс дөңгелектерінің сенімділігін тексерген кезде жүргізіледі.

268. Көлік құралдарын жүргізу, көтеру және орнату шығырлардың көмегімен немесе қолмен қызмет көрсетуші персоналдың өтуі үшін әр жағынан ені 0,75 м кем емес көлбеу жолмен жүргізіледі.

269. Кішкене қанатша орнатылған вагон тиегіш конвейерде оның өздігінен аударылуын болдырмайтын тірегі болады.

270. Вагон тиегіштердің өздігінен ағатын, телескопиялық немесе басқа да құбырларының көмегімен бүйірлік люктер мен есік жолдары арқылы вагондарды тиеу кезінде толтыру бағытын реттеуді вагонның металл бөліктерімен соғылуына жол бермей, вагоннан тыс аспаптармен жүргізуге болады.

271. Механикалық күрек қалқандарының массасы 5 кг аспайды.

272. Механикалық күрек қалқандарының орнын ауыстыру үшін болат арқан пайдаланылады.

Күректі тасымалдау кезінде ілмектердің түзілуін болдырмас үшін арқанның жұмсақ ортасы болады. Күрек қалқанындағы арқанның ұштары бекітіледі.

Арқанда ілмектер мен түйіндер түзілген кезде кемшіліктерді жою үшін жұмысты тоқтату керек.

Арқандар есік жолының бағандарына жанаспайды.

Механикалық күрек арқандарында күрек қалқаны вагонның ақырғы бұрышында болған жағдайда шығыр барабанында 2-3 қосалқы айыр болады.

Арқанды күректің артынан қолмен жеткізуге болмайды.

273. Арқандар шекті нормадан артық тозған кезде механикалық күректің жұмыс істеуіне жол берілмейді.

274. Жүктерді реттейтін күректің жетек тетігінің қозғалатын бөлшектері, вагоннан тыс өтетін жұмыс арқанының тік және көлденең тармақтар қоршалады.

275. Механикалық күректің шығырының тиек тетігі муфтаны қамтиды, барлық тетіктер қолда еркін қозғалады, шығыр-күректің бос және жұмыс жүрісінде жеңіл айналады.

276. Жұмыс жүрісі кезінде механикалық күрек қалқанының алдында болуға болмайды.

277. Механикалық күректі іске қосу алдында жұмыс арқанының, қалқанның жарамдылығы және шығарушы блоктардың дұрыс орнатылуы, электр жабдығының, іске қосу аппаратурасының және электр тогын өткізуші кабелдің жарамдылығы тексеріледі.

278. Вагоннан жүк түсіргіштерді пайдалану кезінде вагон машинаның платформасына бекітіледі. Адамдардың вагонда және вагоннан жүк түсіргіштің платформасы астында болуына болмайды.

279. Инерциялық вагоннан жүк түсіргіштің теңгеру жетегін іске қосу алдында дыбыс белгісі беріледі.

280. Инерциялық машинаның екі жағынан бағдаршамдар орнатылады. Машиналарды бағдаршамдарсыз пайдалануға болмайды. Вагонды тек оператордың рұқсатымен жасыл бағдаршам жанған кезде вагоннан жүк түсіргіштің платформасына орнатуға болады.

281. Вагонның инерциялық вагоннан жүк түсіргіштің платформасымен 3 км/сағ астам жылдамдықпен жүруіне болмайды.

282. Тіректерді түсіру (вагонды тежеу) вагоннан түсірілетін тетікті шығарғаннан кейін жүргізіледі.

283. Шротты вагондардан жүк түсіру кезінде жұмыстарды жүргізу зертханасымен келісіледі. Шроттың құрамында 0,1 % астам бензин болған кезде ұйымның әкімшілігіне хабарлап, желдету үшін вагондардың люктері мен есіктерін ашу қажет. Жүк түсіру бензин қосылымы 0,1 % төмен төмендеген кезде жүргізіледі.

284. Вагонды тазалау түсірілетін тетікті толықтай тоқтатқан кезде жүзеге асырылады.

285. Астық таситын вагоннан жүк түсірген кезде вагонда вакуумның түзілуін болдырмас үшін екі тиеу люгі ашылады.

286. Вагонда салбырап тұрған өнім дірілдің көмегімен немесе сабы ұзын күрекпен шығарылады.

287. Астық таситын вагонның ішіне онда өнім болған кезде жұмысшылардың өтуіне жол берілмейді.

288. Электрлендірілген теміржол жолдарында жүктерді тиеу және түсіру кезінде вагондардың үстіндегі, тиелген платформалардағы, цистерналардағы барлық жұмыстарды байланыс желісі ажыратылғаннан кейін ғана жүргізуге болады.

289. Төбедегі люктер арқылы вагонды тиеу кезінде теміржол вагонының төбесіне және кері қарай қосалқы алаңнан тек қанаты бар жарамды алмалы-салмалы көпірше арқылы ғана жүргізуге болады. Қысқы уақытта алмалы-салмалы көпірше қар мен мұздан тазартылады.

290. Бір вагонның төбесінен келесісіне өтуге болмайды. Вагон төбесінің бойымен тек басқыш арқылы ғана өтуге болады.

291. Қоршайтын қанаттарсыз және жұмысшылардың монтаждау белдігін арқан аспасына бекітпей, вагонның төбесінде жұмыс істеуге болмайды.

292. Астық таситын вагондардың тиеу люктерінің төбелерін қолды зақымдап алмай, мұқият ашу қажет.

293. Тиеу люктерінің қақпақтарын бекіту үшін әр түрлі ұзартқыштарды пайдалануға болмайды.

294. Штурвалдарды айналдыру үшін рычагтарды қолдануға болмайды.

295. Телескопиялық құбырларды люктердің беттеріне соқпай көтеру қажет.

Телескопиялық құбырларды көтеру кезінде вагонның төбесінде болуға болмайды.

296. Бір тиеу люгі арқылы вагонды тиеу кезінде вагоннан артық ауаны шығару мақсатымен екінші люктің қақпағын ашу қажет.

297. Бұранданы орнату үшін диаметрі 5-6 мм сым пайдаланылады. Бұрау аспаппен жүргізіледі.

298. Вагонды тиегеннен кейін қақпақтың үсті, басқыш және тиеу люктерінің тығыздамасы қалған дәндерден және өзге де сусымалы жүктерден тазартылады.

299. Үзіліс кезінде немесе тиеу-түсіру жұмыстарын аяқтағаннан кейін тиеу және түсіру люктері бар вагондарды ашық қалдыруға болмайды.

300. Босатылған астық тиегіш вагондарды тексеру тиеу люктері арқылы аккумуляторлық шамдармен жарық беріп жүзеге асырылады. Тексеруді құрамында кемінде екі адам бар бригада жүзеге асырады. Осы мақсатта вагонның ішіне түсуге болмайды.

301. Теміржол цистерналарынан сұйық отын шығару механикаландырылады, аспалардың, құбырлардың және олардың қосқыштарының тығыздығы қамтамасыз етіледі.

302. Аумақтағы төгілген мұнай өнімдеріне жоңқа, құм себіледі және жиналады, ал лас жер зарарсыздандырылады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет