Ақтөбе облысы ғылыми тәжірибелік орталығы


Шеберлікпен өрілген-ши тоқу өнері



бет7/10
Дата16.11.2022
өлшемі120.81 Kb.
#464971
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10
Ғылыми жоба -Бекжанова Гаухар

2.2. Шеберлікпен өрілген-ши тоқу өнері.

Тоқылатын ши мал аяғы баспаған соны жерден, жаздың орта шенінде әбден бойлап өскен кезде тартылады. Шиді таңертең, кешке немесе жаңбырдан кейінгі шың кеппей тарту керек. Мұндай кезде жер жұмсақ, ши суырылғыш келеді. Әзірленген шидің қабығын аршып, бумалап, көлеңкеге кептіреді де, өрнектеп орайды.


Ши ораудың екі әдісі бар. Бірі — тоқулы тұрған даяр шидің өрнегіне сала отырып орау, екіншісі — жаңа өрнек үлгісімен орау. Оралып тоқылған даяр шидің өрнегіне салып орайтын шиді бір-бірлеп өрнек бойынша әр түсті оралған шидің буындарын дәл келтіріп, санап отырып орайды. Оралған шилерді өрнегіне сәйкес өз алдына бөлектеп жіңішке шуда жіппен тізіп отырады. Жаңа өрнек үлгісімен орағанда оралатын шиді үлгінің үстіне салып өлшеп, санай отырып буындарға бөліп орайды. Оралып, өрнектеліп болған әрбір тал шиді сол талдың өзі үйлескен (мұны шеберлер «иындасқан» деп атайды) шиіне шуда жіппен бір шалып байластырып қояды. Соңынан тоқығанда оларды шатастырмай, осы қатарымен алып тоқиды.
Шиді орағанда оның түп жағы мен шашақ жағын үнемі кезектестіре салып отыру керек. Әйтпесе шидің бір шеті жұқа, майысқақ болып, екінші шеті (яғни шидің түпкі шеті) тым қалыңдап кетеді. Ондай шиді жинау да қиын. Шиді тоқуға арналып иірілген жіп екі қабатталып ширатылып, бірнеше домалаққа төгіледі. Домалақтарды салмақты ету үшін жіпті темірге немесе тасқа төгеді. Мөлшері орташа бір қанат шидің өн бойы 9—11 жерден тоқылады. Тоқу ісіне керекті ең негізгі станок-арқалық (сырық). Арқалықты екі басынан жіппен байлап, биіктігі шамамен 1 м. 20 см келетін ағашқа асып қояды. Арқалықтың өн бойын әр жерден тоқылатын жіп ілінетіндей етіп кертеді. Содан кейін домалақталған жіптерді арқалыққа дәл ортасын келтіріп көлденең асады. Осылай қатарына асылып тұрған жіптің ортасына әкеліп бірінші шиді сырықты бойлата салады да, әлгі жіптерді әрлі-берлі айқастырып домалақтарын ауыстырады, яғни тоқушы арқалықтың ар жағындағы домалақты оң қолымен алып, бергі жағына түсіреді, бер жағындағысын сол қолымен ар жағына түсіреді. Осы тәртіппен шидің өн бойы тоқылып шығады. Ши мен шиді тізетін тоқу жібі әрбір шиді ораған сайын екі жіп өзара бір айқасып есіліп отырады. Мұны шебер өз жағындағы домалақты біресе оң қолымен, біресе сол қолымен ауыстыру арқылы оңай орындайды.
Тоқылатын шидің басталған жағы мен аяқталған жақ шетіне үш шиді қабаттап әуелі өз алдына бір рет жай жіппен ерсілі-қарсылы сирек орап байланыстырады. Қара жүннен иірілген жіппен ақ шиге оралған осы бір сайластырудың өзі үшбұрыштардың тізбегі сияқты өрнек болып шығады. Мұны ши ораушылар «шыбын қанат» өрнегі дейді. Тоқи бастағанда бір немесе екі қарыстай жерге ыңғай осыларды салып тоқиды. Сонда тоқылған шидің екі жақ шеті қалыңдап, берік шығады. Ши тоқушылар мұны қарақұс деп атайды. Бұған шидің бауы бекітіледі де, оны басқа бір затпен байланыстыруға мүмкіндік жасайды. Тоқылып болған шидің бас аяғын тегістеп қырқады. Кейбір адамдар қырқылған шидін екі жақ шетін әдемі матамен, киізбен кәмкеріп тігеді.
Өрнектеп ши тоқу өнерін де қазақ шеберлері қолданған. Олардың ши бетіне салған түрлері жүзтеру деп аталады. Әр қайсысы шаршыға тең алты шаршыдан кейін, оның екі жағынан шыбық ши, одан кейін, алақан ши жалғасады. Алақан шиге түр салынбайды. Көшіп-қонағанда түр салынған жағы түтіліп, тез тозып қалмау үшін, алақан ши шым шидің екі жағынан салынады. Кереге сыртынан бір босағадан екінші босағаға дейін, шиді айналдыра тұтуды – ши ұстау деп атайды. Ұсталған шидің екі шетіндегі керегеге байланатын жіпті шибау дейді. Халық шеберлері табиғаттың байлығын өздерінің күнделікті тұрмысында қажетке жаратуға өте ұста болғанын ертеден-ақ білеміз. Оған керегеге тұтылар киізді шимен ауыстырғаны қарапайым ғана мысал бола алады. Даланың шиін өңдеп, тоқып, кәдеге жарату қиын да жұмыс болмағанымен оны көркемдеп, мәнерлеп, әдемі кілем іспетті дүние ету оңай да іс емес. Әйтеуір халқымыздың қалаулы шеберлері жасаған шым ши киіз үйдің керегесін сыртынан жауып, киіз есіктің ішкі жағынан тұтылады. Шидің әрбір сабағына түрлі-түсті жүннен, кейде жібектен оралған белгілі ою-өрнектермен түгелдей безендіріліп өрнекті де әсем заттар мен бұйымдар жасау ертеден мәлім, ши өңдеу мен тоқуға қатысты қалыптасқан терминдер де бар. Мысалы, аршу деп тоқудың алдында ши сабағының қабығын аршуды айтады. Шиді аршумен бірге оның ішінде жүн орауға жарамдысы да, жарамсызы да болады. Сондықтан жарамдысын таңдап, бөлектеп аршып алуды сұрыптау деп атайды.
Сұрыпталған шиді әрбір иненің тұрқы жеткенше өткізіп қоюды тізу дейді, ал шиге өрнек саларда оны алдын ала өлшеп алып, жіп оралатын жерін белгілеуді сызу деп атайды. Оны көбінесе пышақпен, қарындашпен, сондай-ақ отпен де күйдіріп белгілейді. Сызылған белгі бойынша инеге өткізілген шиге түрлі түсті жүннен орап үлгі салып шығуды түр салу деп атайды. Оралған шиді, салынған белгісіне қарай, өрнек бойынша ши сабақтарын дұрыс орналастырудың да шеберлер тізу деп атаған.
Қолөнер саласының басқа да түрлері сияқты шым ши тоқытып, үйретілетін арнаулы орын бұрыңғы кезде болмаған. Тек ұрпақтан-ұрпаққа дәстүр бойынша қалып отырған.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет