1.2. Ши тоқуға қажетті шикізаттар, құрал-жабдықтар. Ши тоқу үшін ашасы бар екі ағашты белгілі қашықтықта тіке қадап, екі ашаға көлденең ағаш қойып, арнайы жасалған қарапайым станок пайдаланылады. Станоктарды киіз үйдің ішіне немесе жабық бастырма астына орнатады. Киіз үйдің ішінде станоктың екі жағындағы ашалы ағашы керегеге байланып (екеуінің арасы қандай нәрсеге арналып тоқылатын шидің еніне байланысты) төменгі жағы жай ғана жерге бекітіледі. Ашаның үстінен көлденең қойылған сырықтың биіктігі түрегеліп тұрып істеуге ыңғайлы болуы тиіс. Өйткені, қой жүнінен көбінесе қоңыр жүннен иіріп, тас немесе басқадай салмақты зат байлаған және бір біріне қарама-қарсы орналасқан екі жіптің екеуін екі қолмен ұстап тұрып, кезекпе-кезек қарсы бағытта сырықтың үстінен асырып отырады. Ондай жіптің арасы 10-15 см болады да, саны жиырма-отыз шамасындай болуы мүмкін. Сөйтіп, көлденең сырықтың үстіне қойылған бір ши бастан-аяқ байланып болған соң екіншісі қойылады, осы тәртіп ши тоқылып біткенше қайталанып отырады. Алғаш тоқи бастағанда төрт шиден ғана қабаттап бекіту шарт емес, оны үш шиден де крест салып байластыруға болады. Мұны ши тоқушылар «шыбын қанат» деп атайды. Тоқылған шидің алғашқы бастамасы мен соңғы аяқталу кезеңінде шамамен алғанда 20-40 см болуы керек. Бұл шидің екі шеті қалың болып, тез тозып қалмауына себебі тиеді. Ши тоқушылар тоқылған шидің бұл бөлігін «қарақұс» деп атайды. Шиді байлау үшін қарақұсқа бекітілген бауды «шибау» деп атайды. Ал кереге сыртынан бір босағадан екінші босағаға дейін шиді айналдыра тұтуды «ши ұстау» деп атайды.
Ши тоқудағы ерекше орын алатын материал , шикізат- бұл жүн. Жүннің сапасы жоғары болса, шидің де сапасы ерекше болып шығады. Сапалы да сұлу ши шығуы үшін жүнді өңдеуге бірнеше талаптар қойылады: жүн біркелкі,шебер иірілуі керек, жүн таза қырқылып рет-ретімен дұрыссапталуы керек. Қой қырқатын жердің талапқа сай таза болып, жүнге қоқым араласпай, маусымдық қырқу кезінде өткізілуі керек, қойдың жабағы жүні көтеріліп қырқуға ыңғайлы келеді, арық малдың жүні керісінше сабалақтанып өскін жүндері жетілмей, жабағы көтерілмей қалады.