Джек ЛОНДОН ШЫҒАРМАЛАРЫН
ҚАЗАҚ ТІЛІНЕ АУДАРУ ДӘСТҮРІ
Г.Қ.Қазыбек
Американың ұлы жазушысы Джек Лондон 1876 жылы 14 қаңтарда Калифорния штатының Сан-Франциско қаласында дүниеге келген. Дж. Лондонның мынадай шығармалары қазақ тіліне тәржімаланған: «Ақ азу» (аударған Г.Себенов 1948 ж.), «Жолда жүрген жолаушылар үшін» (1961 ж), «Солтүстік жорығы» (1960ж.), «Өмірге құштарлық» (1951 ж), «Тыртық адам» (1960ж), «Әйел ерлігі» (1960ж), «Махаббат құдіреті» (аударған Ә.Оспанұлы 1977 ж.), «Мексикалық» (аударған Н.Сейілханов 1988 ж.) , «Киш туралы аңыз» (1927ж.), «Күштілердің күші» 1925 ж ., «Телегей теңіз» (аударған Ж.Аймауытов) , «Мойынға алу», «Шыда» (аударған М.Дәулетбаев 1930 ж.) , «Мың дюжина» (аударған Б.Омаров 1960 ж.) т.б. сияқты қысқа әңгімелері. Негізінен, Дж.Лондонның көптеген шығармаларын Б.Омаров аударған.
Мысалы, ол Джек Лондонның «Мартин Иден» романын тәржімалаған. Одан басқа да бірқатар әңгімелерін аударған. 1965 жылы «Алматы» баспасынан Б.Омаров аударған Дж.Лондонның 172 беттік әңгімелер жинағы шыққан. Ол жинаққа мынадай әңгімелер кірген: «Меңіреу мұнар», «Мың дожна», «Күндік тұрақ», «Тұтылу», «Мапуидың үйі», «А Чо», «Сэмюэль», «Ойын» (ұзақ әңгіме).
Б.Омаровтан басқа Дж.Лондонның шығармаларын Н.Сейілханов, Ә.Оспанұлы, Г.Себенов сияқты филолог- ғалымдар, аудармашылар тәржімалаған.
Дж.Лондонды толығымен түсіну үшін, оның шығармаларының құдіретін сезіну үшін аударма түпнұсқаға барынша жақын болу керек. М.Лозинский өзінің «Проблемы теории и практики перевода» деген мақаласында аудармашы мен жазушы арасындағы айырмашылықты бөле отырып былай дейді: «Переводчик – посредник между разными культурами. С Томаса Манна я требую только, чтобы он был немецким писателем. От переводчика Арагона я требую, чтобы он был Арагоном, то есть чтобы он понял всю полноту и глубину этого французкого писателя».
Дж.Лондон шығармаларын қазақ тіліне көптеген аудармашылар аударған. Солардың бірі Ә.Оспанұлының жасаған “Махаббат құдіреті” (“Мужество женщины”) деген атпен аударған әңгімесі.
Аудармашы әңгіменің атын өзгертіп тәржімалаған. Алайда, осы атау шығарманың идеясын ашып тұр. Аударма барысында Оспанов сөзбе-сөз аудармаға берілмеген. Мысалы: “ Мужчина был большой и здоровый, но должно быть, ему мешало то, что ты называл лишним жиром. Женщина была маленькая, но сердце у нее было большое, больше бычьего сердца мужчины ”.
Түпкі тілдегі нұсқасы дәл орысшадағыдай. Ал қазақша аудармасы мынандай: “Еркек – қараса» көз тоятын алпамсадай адам-ды, бірақ, ол сорына қарай, іркілдеген семіз-ді, әйел – құртақандай ғана-тын, ал ондағы жүрек қуаты жалындаған жанартаумен тең десе де болатын”.
Осы жерде “бычье сердце” деген сөз тіркесін “өгіздің жүрегіндей” деп аударса қазақ оқырман қауымына бұл тәржімаланған сөз ерсі болып көрінетін еді.
Немесе мына сөйлемді алайық: “Бір жолы кешқұрым дүкенге келіп, жылан жалағандай боп бос тұрған сөрелерді көргенімізде ішек қарнымыз бұрынғыдан бетер шұрылдап қоя берді” .
Орысшасы: “Однажды вечером мы пришли в магазин и при виде пустых полок еще сильнее почувствовали пустоту в желудке”.
Түпнұсқасы: “Then came we together іn the store one nіght, and the emptіnees the more”.
Аудармашы “пустые полки” деген қарапайым сөз тіркесін қазақшаға “жылан жалағандай боп бос” деп аударды. Көркем әрі жатық.
Немесе мына сөйлем: “Жолсеріктерінің опасыздығына реніші, сыбағалы азығын бермей кеткенін, оразасын ашпағанына бүгінмен үш күн болғанын айтып өтті”.
“Не кушал три дня” деген сөз тіркесін “оразасын ашпағанына үш күн болғанын айтты” деп ұтымды аударған.
Төмендегі сөйлемдерге назар аударайық: “Сен менің шілдемде көрген шырағыма айналдың”.
“Ты был для меня как солнце в разгар лета, когда оно движется по золотой тропе и ни на час покидает неба”.
“You were as the mіdsummer sun, when іts golden traіl runs іn a cіrcule and never leaves the shy”.
“Ұзақ жасарсың, тілінен бал татырған талай сұлуды да құшарсың. Дегенде, соның бірде-бірі сенің бейшара Пассугіндей бола алмас, сені менше пір тұтып, ақ жарыла сүйе алмас”.
“Он приведет тебя к жилищам многих женщин, хороших женщин, но никогда ты не встретишь большей любви, чем была любовь Пассук”.
“Іt leads you to the lodges of many women, and good women, but іt wіll never lead you to a greater love than the love of Passuk” .
А.А.Фет өзінің К.Я.Полонскийге жазған хатында былай депті: “В своих переводах я постоянно смотрю на себя как на ковер, по которому в новый язык въезжает триумфальная колесница оригинала, которую я улучшать – ни-ни. В “Рыбаке” стих кончается – как есть потому, что у Гете он кончается: wіe du bіst (каков ты есть), буквальную передачу которого я считал величайшей удачей”.
Аудармашы шығармаға кіріспес бұрын өзіне жүктелген жауапкершілікті сезінуі керек. Алайда, кейде өзара байланысы аз болатын тілдер болады. Кейде тіпті туыстас тілдердің арасында кейбір ұқсаспайтын тұстары болады. Сондай кездерде, әрине, аудармашының өз шеберлігін танытып, шығарманы шамасы келгенше көркем, әрі жетік етіп аударғаны дұрыс. Жоғарыда келтірілген сөйлемдер осы ойға дәлел бола алады.
Дж. Лондонның шығармаларымен қазақ халқы түрлі аудармалар арқылы жетік таныс деп жоғарыда айтып кеткенбіз. Оның шығармаларын аударуға Ж.Аймауытов та үлес қосқан. Ол жазушының “Күштілердің күші”, “Теңіз телегей аттаныс” атты әңгімелерін аударған.
Ж. Аймауытовтың Лондонды аударудағы жауапкершілігін, көздеген мақсатын анықтау үшін “Күштілердің күші” деген әңгімесінің аудармасына талдау жасадық.
Аударманы оқығанда біз Ж.Аймауытовтың төл туындысын оқып отырғандай әсер алдық. Оны дәлелдеу үшін мынандай сөйлемдерден үзінді келтірейік: “Длинобородый умолк, облизал сальные пальцы и вытер о колени, едва прикрытые потрепанной медвежьей шкурой” деген сөйлемді жазушы қазақ тіліне былай аударыпты “Теке сақал әңгімесін бөліп, майлы бармақтарын жалап, аюдың сабалақ терісі жабылған жалаңаш бүйіріне қолдарын сүртті”. Бұл сөйлемде Ж.Аймауытов әрбір сөзге тиісті эквивалент тауып, сөздердің орын тәртібін дұрыс орналастырып нағыз ұтымды, әрі дәл аударма жасаған. Мысалы “длинобородый” деген сөзге “теке сақал” деген қазақ тіліндегі баламасын тауып “сальные пальцы” деген сөз тіркесіне “майлы бармақтарын” деген тура эквивалентін шебер таба білген.
Енді мына сөйлемін алып көрейік: “Они были похожи друг на друга: худые, нескладные, узкобедрые, кривоногие и в то же время широкие в груди, тяжелоплечие, с огромными руками; на всех троих болтались шкуры какито диких зверей. Грудь, плечи, руки и ноги обросли густой растительностью. Спутанные волосы на голове то и дело космами спадали на черные, точно бусинки, по-птичьи блестящие глаза. Сходство дополняли узкие лбы, широкие скулы и тяжелые, выдвинутые вперед подбородки”.
“Үшеуі үйелмелі-сүйелмелі, біріне-бірі сойып қаптағандай бейнелес. Олардың кигені борбайына әрең жеткен тағы аңның терісі. Бұлар ашаң келген, қырыққан серке борбайлы, имек аяқты, денесі сымбатты, таза кеуделі, алып білекті, бақан бармақты көк өрімдер еді. Олардың білек, қол аяқтың сыртқы жылтыраған, моншақтай тосырайған қара көздерін жапқан. Көздерінің арасы тар, бет сүйектері талпақ, сым темірдей жақ сүйектері алдына қарай итінген .
Бұл үзіндіден Ж.Аймауытовтың шебер аудармашы екенін көреміз. Жалпы қандай да дүниені жазғаннан аударған қиын. Өз бетіңше жазсаң сен өз қиялыңа беріліп кейіпкердің өзіңе ұнаған қасиетін көркейтіп, ұнамаған қасиетін төмендетуге қақың бар. Ал, аудармада сен біреудің жазғанын дәл түпнұсқадағыдай беруің керек. Әсіресе, Джек Лондон сияқты ұлы жазушының шығармасын аударғанда мұндай іске жауапкершілікпен қарау керек. “Кривоногие, тяжелоплечий, с огромными руками, по-птичьи блестящие глаза” деген суреттеулерді аудармашы “имек аяқты, алып білекті, бақан бармақты, құстың көзіндей жылтыраған” деп ұтымды тәржімалаған.
Джек Лондон шығармаларын М. Әуезов те аударған. М.Әуезов – қазақ аударма өнерінің іргетасын қалаушылардың бірі. М.Қаратаев “Мастерство перевода” атты жинағына енген өзінің “Слово о Мухтаре Ауезове” деген мақаласында: “Свою собственную деятельность как переводчика, начатую еще в тридцатых годах, Мухтар Ауззов рассматривал так же в свете задач развития казахской советской литературы. Для Ауэзова переводы были школой мастерства и органической частью собственного творчества.
Характерен уже сам его выбор произведений для перевода на казахский язык: Шекспир, Гоголь, Мольер, Тургенев, Толстой, Чехов... Ни одного второстепенного имени, ни одного среднего произведения”.
М.Әуезов Дж. Лондонның “Қасқыр” атты әңгімесін аударған. Аударма еркін тәсілмен жасалған. Әңгіменің идеясына, мазмұнына бұл фактор ешқандай өзгеріс әкелмеген. Дегенмен, кейбір ойлар қалып қойған. Осы тұста аудармашының “Дворян ұясы” романын аудару барысындағы тәжірибесі жөнінде жазған мақаласына жүгініп көрейік: “Мен шамам келгенше ең алдымен романды дәл аударуға тырыстым. Тек дәл аудару ғана үлкен жазушының тіл, стиль, сөйлем ерекшеліктерін бере алатын болады, бұл жөніндегі дәл аудару дегенді мен сөйлеміне сөйлем орай етіп аудару деп түсінемін” .
Бұл әңгімені аудару барысында тәржімашы сөз ғана емес, ойларды қалдырып кетіп отырған. Мысалы, аударма нұсқада бас кейіпкер Ирвиннің ақын екендігі орысша нұсқадағыдай, түпнұсқа мәтініндегідей суреттелмейді. Яғни, бұл үзінділер аударылмай кеткен. Мысалы, “В то время как Уолт вполголоса читал свое произведение, внизу, в чаще, послышался какой-то шум. Это был шум тяжелых шагов, к которому время от времени примешивался глухой стук вырвавшегося из-под ноги камня” деген сөйлем “Бір күні бұлар сейіл құрып, соқпақпен келе жатыр еді. Қалың түп тоғайдың арасымен бір жіп-жіңішке су ағып жатыр екен. Сол судың соқпақты кесіп өтіп жатқан жеріне бұлар жете бергенде, төмен жақтан бір дыбыс естілді.
Аяғын дүрс-дүрс басып келе жатқан жаяудың дыбысы екен. Анда-санда атас та салдырлайды” . Бұл абзацтың алдында түпнұсқада да, орысша нұсқада да Уолттың өз жұбайымен өлеңдері жайлы әңгімелескені айтылады. Ал, аударма нұсқада бұл аударылмаған.
Біздің ойымызша кез келген аударма еркін жасалса көркем шығады. Әрі оқырманның түсінуіне жеңіл болады. Мысалы, “Волк отличался такой необщительностью, что к нему просто нельзя было подступиться” деген сөйлемді М.Әуезов былай аударған: “Өзі кісі талғайды, бұл үйге кеп жүретін адамның бірде біріне жылы ұшырамайды” .
Қорыта келгенде, атақты американ жазушысы Дж.Лондонның шығармашылығы қазақ еліне кең тараған. Алайда, өкінішке орай, ол шығармалардың аударылу сапалары жете зерттеле қоймаған.
Достарыңызбен бөлісу: |