Кеңес Юсуп кім?
Юсуп Кеңес (Түсіп) 1941 жылы 30 маусымда Шығыс Қазақстан облысының Таврия ауданындағы Баймұр ауылында дүниеге келген.
«Жалын» баспасынан «Ақиқат сапар» (1977), «Қарашадағы көктем» (1981), «Охапка полевых цветов» (1983) повестері мен әңгімелерінің жинақтары, «Желқайық» кітабы («Елорда», 2000) шықты.
Сонымен қатар оның терминология, қазақ тілінде іс жүргізу мәселелеріне арналған «Құжат тілі» кітабы 2001 жылы Павлодар облыстық «Алтын тіл» бағдарламасының аясында жарық көріп, «Жалын» баспасы ұйымдастырған жабық бәйгенің екінші жүлдесін алды.
Мұратхан Кенжеханұлының сұхбатынан үзінді – Аударғаныңызға неше он жыл өтсе де, қазірге дейін оқырман жадынан жоғалмаған «Жүз жылдық жалғыздық» атты кітапты қазақ тілді оқырмандарға ұсынуыңызға не себеп болды? Бұл аудармаға қанша уақытыңызды сарп еттіңіз? – Кезінде, КСРО тұсында, шетел авторларының туындыларын тәржімелеу құқығы жергілікті баспаларға орталықтан беріліп келген тәрізді, соның өзінде орыс тіліне тәржімеленген нұсқасынан ғана рұқсат етілген сыңайлы. Жақында ғана өмірден озған Габриэль Гарсиа Маркестің атақты «Жүз жылдық жалғыздық» романы да бізге осындай жолмен келген түрі бар. Бір күні жолым түсіп, «Жалын» баспасына бара қалған едім. Баспаның мүдірі, марқұм Қалдарбек Найманбаев ағамыз ерекше жылы қабақ танытып (задында адамды баурап тұратын кең мінезді кісі еді ғой), шаруам өзінде болмаса да, неге екені белгісіз, кабинетіне шақырып, әңгімеге тартты. Сөздің сыралғысы ретінде алыстан орағытып, аударма турасында әңгіме қозғап, ақыры суырмасында орталықтан қолқалап сұрап алған «Сто лет одиночества» романының жатқанын, ендігі жерде соны тәржімелеуге қазақ тілінің тәржімешілерінің қуаты жететініне күмандана бастағанын, сол құрғырды сұрап алғанына өкінетінін білдірді. Оның қисындарына қазақ тілінің құдіретіне құлай сенетін басым кейістік білдірдім. Қыза келе, Қалекеңнің «қармағын қалай қапқанымды» өзім де аңдамай қалдым. Содан не керек, мүдірдің баспа табағына қойған орташа ғана бағасына да, қойған талаптарына да мойынсұнып, қолыма ұстатқан шарты мен сұр кітапты арқалап кете бардым.
Достарыңызбен бөлісу: |