Жұмбақ жанырына тән ерекшелік – көлемі шағын, құрылымы жұп – жұмыр, шымыр болып, аз сөзбен көп нәрсені айта білуге бейімділік. Жұмбақ сөйлемдері көбіне қысқа, жинақы келеді.
Қазақ жалпы жұмбақты адамдардың білім деңгейін, парасатын аңғартатын үлкен өнер деп есептеген, сондықтан ақындар, ел ішіндегі шешен, би, т. б. данагөй, қадірменді адамдар бір - біріне жұмбақ жолдап, ақыл - ой сынасып, таным салыстырған. Жұмбақ қара сөз түрінде де, өлең түрінде де, ақындық айтыс түрінде де кездеседі. Осы жұмбақтардың қай - қайсысы болса да халықтың ғасырлар бойы жинаған тәжірибесіне негізделіп, оның тіршілік тынысымен, шаруашылық кәсібімен, ұлттық дәстүрімен тығыз байланысты туып, дамып, ұрпақтан - ұрпаққа жалғасып отырған.
Қазақ Жұмбақтары ежелгі дәуірде туып, қазіргі кезеңге дейін ұзақ даму жолынан өтті. 13 ғасырдың 2-жартысы мен 14 ғасырдың басында құрастырылған қыпшақ тілінің сөздігі “Кодекс Куманикусте” көптеген Жұмбақтар берілген. Ондағы Жұмбақтардың құрылымы, табиғаты қазіргі қазақ Жұмбақтарына ұқсас. Мысалы, Сенде, менде жоқ, Сеңгір тауда жоқ, Өте берік таста жоқ, Қыпшақта жоқ (құс сүті). Сонымен қатар Махмұт Қашқаридің “Түрік тілінің сөздігінде” де қазіргі қазақ Жұмбақтарының алғашқы үлгілері кездеседі. Қазақ халқы Жұмбақты адамдардың білім деңгейін, парасатын аңғартатын үлкен өнер деп есептеген, сондықтан жар таңдаған жастар, ақындар, ел ішіндегі шешен, би, т.б. данагөй, қадірменді адамдар бір-біріне Жұмбақ жолдап, ақыл-ой сынасып, таным салыстырған. Жұмбақ қара сөз түрінде де, өлең түрінде де, ақындық айтыс түрінде де кездеседі. Жұмбақ бейнелі суретпен айтылады. Мысалы, “Айдалада ақ отау, аузы-мұрны жоқ отау” (жұмыртқа), “Отқа жанбас, суға батпас” (мұз). Заттың сапасына (“Бауыздасаң, қан орнына су ағар” – қауын), қызмет-қимылына (“Жанды сағат айқай салад” – есек) қарай құрылатын Жұмбақтар көп. Кейде Жұмбақ тікелей ашық сұрау түрінде айтылады. Жұмбақ шешендік сөздермен де (“Ағат деген немене? Сағат деген немене?”), мақал-мәтелдермен де (“Сырты жылтырауық болғанмен, іші қалтырауық”) жанасымды.
Қазақ жұмбақтарын жинау ісі 19 ғасырдың 2-жартысында басталып, 20 ғасырда одан ары жалғасты. Қазақ фольклоры мен ауыз әдебиетін жинақтап, алғаш рет жіктеп көрсеткен Ш.Уәлиханов, сондай-ақ, ағартушы Ы.Алтынсарин өз шығармашылығында Жұмбақтарға арнайы тоқталған. Ауыз әдебиетін зерттеуші орыс ғалымы А.В. Васильев, сондай-ақ қазақ ғалымдары С.Аманжолов, Т.Жанұзақов, Қ.Саттаровтардың құрастыруымен қазақ Жұмбақтары жинағы бірнеше мәрте кітап болып шықты. Өзінің бастау көзін, өсіп-өркендеу жолын фольклор қойнауынан алатын Жұмбақ қазақ жазба әдебиетінде жалғасын тапты. Жазба әдебиеттің көрнекті өкілдері Абай, Шәкерім, С.Торайғыров, т.б. Жұмбақ жанрында қалам тартты. Қазақ әдеби жұмбағының өсіп қалыптасуына М.Жаманбалинов, Ж.Смақов, М.Әлімбаев, Қ.Ыдырысов, Қ.Мырзалиев, К.Баянбаев, Қ.Шұғаев, Ә.Ысқабаев, т.б. ақындар қомақты үлес қосты. Қазіргі уақытта Жұмбақ қазақ әдебиеттану ғылымының арнаулы нысаны ретінде зерттеліп келеді.
Достарыңызбен бөлісу: |