Хикаят (Әпсана) (парсы, апсанс - аңыз, араб, хикаят - әңгіме) - қазақ фольклорлық прозасының жанры. Бұл терминді орыс, Еуропа әдебиеттерінде қалыптасқан легенда (лат. legenda) - ұғымының баламасы ретінде қазақ фольклортануына С.Қасқабасов енгізген. Әпсана - бағзы бір замандарда болыпты-мыс делінетін оқиғаларға немесе пайғамбардың, әулие-әнбиелердің ғажайып істерін баяндайтын діни сюжеттерғе негізделген, сондай-ақ нақтылы тарихи, кітаби дерек, тиянағы жоқ, таза қиялдың жемісі ретінде туған, фольклорлық прозаның көркемдік сипаты мейлінше қанық үлгісі. Әпсанадан аңызға да, мифке де, ертегілерге де тән жанрлық белгілер бірдей ұшырасады. Оқиғаның тым көне, архаикалық сипаты белгілі бір идеялық, тақырыптық бағдарды діттейтін сюжеттік-композициясын шарттылықтың басымдылығы, көп нұсқалық - әпсананың негізгі ерекшеліктері әпсана шартты түрде тарихи-мекендік, діни-кітаби, әлеуметтік-утопиялық деп үшке бөлінеді. Тарихи-мекендік әпсана есте жоқ ескі дәуірде өткен оқиғалар, тарихи тұлғалар жайына арналады (Ескендір Зұлқарнайын, Қызыр, Қорқыт туралы әпсана). Діни- кітаби әпсана құран хикаяларын мазмұндап, әулиелердің тағдыр-талайын, тіршілік тауқыметін, т.б. өзек етеді (Мысалы: Аюп, Мұса, Әзірет Әли, Нұх, т.б. туралы әпсаналар). Ал әлеуметтік-утопиялық әпсаналар халықтың тәңірі қалаған абат мекен Жеруйық хакындағы ой-арманынан туындайды (Асан қайғы, Абат, Өтеген батыр іздейтін Жерұйық, Жиделі-Байсын туралы әпсаналар).
Төрт түлік мал, еңбек кәсіпшілікке қатысты тұрмыс салт жырлары
Тұрмыс-салт жырларының ең бай және кең тараған түрі – төрт түлік малға байланысты туған өлең-жырлар. Төрт түлік туралы өлең-жырлар ерте заманнан бері халықпен бірге жасасып келеді. Ерте кезде адамдарда әр түліктің иесі бар деген түсінік болған, оларға ат қойған, әрқайсысының жаратушы иесі бар деп түсініп, оларға жалбарынған. Мысалы; Қой атасы – Шопаната, Сиыр атасы – Зеңгібаба, Жылқы атасы – Қамбарата, Түйе атасы – Ойсылқара, Ешкі атасы – Шекшеката. Шопанатадан «Тегене құйрық қошқар бер, малды берсең, қойды бер», Қамбаратадан «Айғыр берсең үйірі толған байталды, өңкей мама бие бер», Зеңгібабадан «Сиыр берсең, өңкей сүттісін бер», Ойсылқарадан «Маң-маң басқан, маң басқан, шудаларын шаң басқан, жүнді, сүтті, күшті түйе бер», – деп жалбарынады. Тұрмыс-тіршілігі төрт түлікпен тығыз байланысты болған қазақ халқы әр түліктің ерекшелігін де тани білген және оған байланысты көптеген өлеңдер туғызған. Соның бірі – «Малдың баласын сүюі» өлеңі.
Қой сүйеді баласын «қоңырым» деп,
«Ештеңені білмеген момыным» деп.
Сиыр сүйеді баласын «торпағым» деп,
«Қараңғыда баспаған қорқағым» деп.
Түйе сүйеді баласын «боташым» деп,
«Жаудыраған көзіңнен тоташым» деп.
Ешкі сүйеді баласын «лағым» деп,
«Тастан-тасқа секірген шұнағым» деп.
Жылқы сүйеді баласын «құлыным» деп,
«Тұлпар болар жүгірген жұрыным» деп.
Халық ауыз әдебиетінде аңшы-мергендермен қатар алғыр қыран құстар мен жүйрік тазылар да өлеңге қосылған. Өлеңдерде олардың адам баласына пайдасы, көмегі, атқарған қызметі баяндалған. Халық арасына кең тараған әннің бірі – «Көкжендет».
Көкжендет, тұғырың алтын, жібек баулы,
Бар ма екен Көкжендеттей қыран шәулі?!
Күніне отыз үйрек, қырық қаз іліп
Кеш болса отырушы ең тояттаулы, –деген жолдарда Көкжендеттің алғырлығы, тигізген пайдасы туралы айтылған.
Ертеден келе жатқан тұрмыс-салт жырларының бір түрі – Наурыз жыры. Қыстың ызғары кетіп, елдің ауыр еңбектен қолы босап, аққа аузы тиеді. Оны кәрі-жастың «құшақтасып көріскен, жаңа ағытқан қозыдай жамырасып өріскен Ұлыстың ұлы күні» дейді. Наурыз күні
Ұлыс күні қазан толса,
Ол жылы ақ мол болар.
Ұлы кісіден бата алса,
Сонда олжалы жол болар..
Төрт түлік ақты болсын,
Ұлыс оң болсын!
Ақ мол болсын,
Қайда барсаң жол болсын!
Бәле-жала жерге енсін!..–
деген өлең жолдарымен үлкен-кіші, кәрі-жас бір-біріне игі тілек тілеген.
Достарыңызбен бөлісу: |