Ауыз әдебиетінің бір түрі – аңыз әңгімелер. Аңыз оқиғалары шындық өмірден алынады, кейіпкерлері де – өмірде болған тарихта аты белгілі адамдар.
Аңыз оқиғалары да күнделікті өмірдегі сюжетке құрылады. Халық ауыз әдебиетіндегі аңыз әңгімелердің кейіпкерлері: Қорқыт, Жиренше, Қарашаш сұлу, Алдаркөсе, Қожанасыр. Аңыз кейіпкерлері әсіресе, Алдаркөсе, Жиренше халық атынан сөйлеп, ханға қарсы өз ойын ашық айтып отырған. Халық арасына көп тараған аңыз әңгімелер: «Алдаркөсе мен Шықбермес Шығайбай», «Жиренше мен Қарашаш сұлу», «Жиреншенің хан сынағына түскені», «Сұратқан хан ақымақ па, сұраған сен ақымақ па?», «Асан қайғының Жерұйықты іздеуі», «Ақсақ құлан, Жошы хан», «Алдаркөсе мен Алаша хан», т.б.
Әңгіме, әдебиетте — оқиғаны қара сөзбен баяндайтын шағын көркем шығарма жанры. Әңгіменің жанрлық ерекшеліктері оқиғаны баяндау тәсілі, композициялық, сюжеттік құрылысы, көркемдік жүйесі арқылы айқындалады. Әңгіменің көлемі шағын, кейіпкерлер саны аз, сюжет ұйытқысын құрайтын оқиғаның басталуы, шарықтау шегі мен шешімі болады. Онда адам, оның өмірі мен тағдыры, аса маңызды деген оқиға жинақы беріледі. Мұнда бір айтылған жайларға қайта оралуға, тәптіштеп баяндауға, ұзақ суреттеуге орын жоқ. Әңгіме жанры аз сурет арқылы көп жайды аңғарта білетін айрықша көркемдік шеберлікті талап етеді.
Оқиға көбіне бірінші жақтан баяндалып, әңгімешінің оқиғаға тікелей қатыстылығын көрсетеді. Б. Майлин, Ж. Аймауытов, М. Әуезов, Ғ. Мүсірепов тағы басқа. Әңгімелері — қазақ әдебиетіндегі осы жанрда жазылған үздік шығармалар. Қазіргі әңгіменің бастаулары халық ауыз әдебиетінде жатыр. Сонау көне заманнан-ақ халық өзінің тұрмыс-салты, күнделікті тіршілігі жайлы ауызша әңгімелер туғызып отырған. Мұндай әңгімелер бір рет қана айтылып қоймай, әр жерде, жиын болған кезде айтылған да, ондағы оқиға бірте-бірте тұрақты сюжетке айналған. Сөйтіп, ауыз әдебиетіндегі дәстүрлі жанрға айналған. Жеке адамның басынан өткен оқиға ретінде айтылатын мұндай әңгімелерді халықаралық фольклортануда меморат деп атайды.
Достарыңызбен бөлісу: |