Бата – қазақ халқының ежелден келе жатқан рухани қазынасы. Халық «Жаңбырмен жер көгереді, Батамен ер көгереді» деп бата сөздерге аса үлкен мән берген. Этнограф-фольклорист В.В. Васильев «Бата – қазақ поэзиясының ерекше түрі» деп аса жоғары бағалаған. Батаның көптеген түрлері бар.
1. Жол батасы.
Жолыңды Алла қолдасын,
Сапарыңды оңдасын.
Пырақ болып мінгенің
Жорытқанда жаныңда
Қызыр болсын жолдасың...
2. Дастарқан батасы:
Заман тыныш болсын,
Дастарқанға ырыс толсын.
Орындарың төр болсын,
Нәсіптерің мол болсын!
3. Тұсаукесер батасы:
Тұсауыңды кесейін,
Салып ата салтына
Жалтақтамай аяқ бас.
4. Шілдехана батасы:
Құтты болсын бесігің,
Аштың өмір есігін.
Батамды оңдап берейін,
Азамат бол мерейлі!
5. Көш батасы:
Көшің көлікті болсын,
Көлігің сенікті болсын!
Көшбасшың білікті болсын,
Сапарың сенікті болсын!
Үйлену салтына байланысты тұрмыс салт жырлары
Тұрмыс-салт жырларының келесі түрі – үйлену салтына байланысты туған өлең-жырларға жар-жар, тойбастар, беташар, сыңсу, т.б. жатады.
Ұзатылатын қыздың тойында айтылатын тұрмыс-салт өлеңінің бірі – тойбастар. Тойбастар өлеңінде:
Құнан қойын шайлатып сойдырған үй,
Табақ-табақ ет тартып, тойдырған үй,
Сәтті күні сәрсенбі той қылыпсыз,
Құтты болсын тойыңыз, той қылған үй! –деп той бастаушы той иесіне игі тілек білдіре өлеңмен той бастайды. Тойбастар өлеңінде той иесіне жақсы тілек, ұзатылған қызының тойына «құтты болсын» айтылады.
Ұзатылатын қыздың тойында айтылатын тұрмыс-салт өлеңінің тағы бір түрі – жар-жар.
Жар-жарды қыздар жағы, жігіттер жағы немесе қыз алушы мен қыз ұзатушы құдалар жағы болып екіге бөлініп айтысады.
Жігіттер немесе қыз алушы жақ:
Алып келген базардан қара насар, жар-жар-ау,
Қара мақпал сәукеле бетің басар, жар-жар-ау,
Мұнда әкем қалды деп, қам жемеңіз, жар-жар-ау,
Жақсы болса, қайын атаң орнын басар, жар-жар-ау,– десе, қыздар немесе қыз ұзатушы жақ:
Есік алды қара су майдан болсын, жар-жар-ау,
Ақ жүзімді көргендей айнам болсын, жар-жар-ау.
Қайын атасы бар дейді осы қазақ, жар-жар-ау,
Айналайын әкемдей қайдан болсын, жар-жар-ау, – деп жауап береді.
Жар-жар осылайша екі жақтың ата-ана, аға-жеңге, апа-қарындас, аға-іні, т.б. туыстарын салыстыру арқылы бауырмалдықты, қайырымдылықты, мейірімділікті сипаттау үлгісімен жалғаса береді.
Жаңа түскен келінді жаңа жұртымен таныстыру мақсатында айтылатын тұрмыс-салт жырының бір түрі – беташар.
Келін, келін келіп тұр,
Иіліп сәлем беріп тұр, – деп, жаңа түскен келінге ауылдың үлкендерін таныстырады.
Достарыңызбен бөлісу: |