Діни ұғымдарға қатысты туған тұрмыс салт жырлары
Жарапазан (араб.: يَارَمَضَان, парсы: یارمضان) немесе жарамазан — қазақ даласында ислам діні берік орын тепкеннен кейін пайда болған тұрмыс-салт жырларының бір түрі. Ол ел арасында ораза ұсталатын рамазан айында айтылады. Кешкілік ауыз ашар кезінде ауылдың өлең айтуға бейімі бар жастары жиылып, әр үйдің тұсына келіп Жарапазан айтады. Оны ешкім ерсі санамайтын болған, қайта үйден шама-шарықтарына қарай сыйлық алып шығып,
Жарапазанның негізгі мақсаты — ораза айында ел көңілін көтере жүріп, ислам дінін насихаттау, жұртты шариғатқа, иманға ұйыту, береке-бірлікке, ізгілікке шақырудан туған. Оған, әсіресе, жастар мен балалар белсенді ат салыса жүріп, өздері де үлгі-өнеге алған. Кеңестік дәуірдегі шектеулердің салдарынан ұмытыла бастаған Жарапазан ислам дінінің жандануына байланысты қайтадан салтқа еніп келеді. Жарапазан айтуға балалар да араласқан, олар, әрине, үлкендер шығарған өлеңдi жаттап айтатын болған.
Астымдағы танады,
Жатайын деп барады.
Құдайдың күнi еңкейiп
Батайын деп барады,
Қасымдағы бала едi,
Қайтайын деп барады,– деген жарапазан айтушылар тобында балалардың болатындығын бекiте түседi.
Арбау өлең — ауыз әдебиетіндегі тұрмыс-салт өлеңдерінің бір түрі. Адамды немесе малды жылан, қарақұрт, бүйі, шаян шаққанда, уытын “қайтару” үшін айтылады. Халық әр түрлі ырым жасап айтылған Арбау өлеңдері арқылы жыланның немесе қарақұрттың т.б. уытын қайтаруға, өздерін арбап әлсіретуге болады деп түсінген. Әрбір жәндіктің жаратушысы, “тәңірісі” болады деп ұғынған адамдар оларға сөз арқылы әсер етуге боады деп сенген. Арбау өлең — әлем халықтары фольклорының бәрінде бар, түркі халықтарының ауыз әдебиетінде кең тараған. Көбінесе 7-8 буынды шұбыртпалы ұйқасқа құрылады. Ш.Уәлиханов, Ә.Диваев Арбау өлең туралы пікір айтып, оның жекелеген үлгілерін 1862 ж. алғаш қағаз бетіне түсірген. Арбау өлеңнің бір түрі мындай:
“Кер, кер, кер жылан,
Кереге басты мер жылан,
Бір жылан бар — сұр жылан,
Бір жылан бар — сұм жылан,
Бір жылан бар — жеті жылғы ту жылан.
Құралай таудың басынан
Қуып келген қу жылан,
Дегелек келді, шық жылдам!”
Бәдік - тұрмыс-салт жырларының бір түрі. Алғашқыда ауру адамды немесе малды емдеу мақсатында айтылған.
Бәдік “Көш-көш” деп басталып, “көш-көш” деп аяқталады. “Асқар-асқар тауға көш, ағыны қатты суға көш, айнала соққан желге көш, иесіз қалған жұртқа көш” деп, ауру адамның дертін өлеңмен арбап, қуып шығуға тырысқан. Себебі бақсы-балгерлік нанымға байланысты халық әр аурудың “иесі” бар деп түсінген. Бәдік әдетте кешке қарай, іңір қараңғысында орындалған. Бірте-бірте бәдікті қыздар мен жігіттер тобы болып бөлініп айту салты шыққан. Ақырында бәдіктің атқаратын міндеті түбірімен өзгеріске ұшырап, қыз-жігіттің арасындағы айтыс, ойын-сауық түріне айналған. Ә. Диваев жазып алған: “Айт дегеннен айтамын-ау, бәдікті, Қара мақпал тоным бар барша әдіпті. От оттамай, су ішпей, жата берсе, Бәдік емей, немене бір кәдікті. Ай, көш! Бәдік, бәдік деседі, Бәдік желдей еседі. Асқар, асқар тауларға, Ағыны қатты суларға, Айнала соққан құйынға, “Ай, көш!” десе, көшеді. Ай көш!…” деген Бәдік өлеңнің алғашқы шумағы негізгісі де, соңғы жеті буынға құрылған бөлігі әннің қайырмасы іспетті. Көпшілік боп айтатын мұндай бәдік өлеңдерде ауыз әдебиетінің дәстүрлері сақталған.
Достарыңызбен бөлісу: |