Дидар:
«... Қазақтың қайсар мінез, түйсікті ұлын,
Қаралауға жетіп тұр қырсықтығың.
Мені емес, алдыменен тезге салып,
Түзеп ал төрелердің қисық тілін.
«Тіл арың» деп қаққанмен таңдай құр біз,
Бұл сөздің байыбына бармайды ұл-қыз.
Ар деген екі әріпті бұл күндері,
Екі бетке сыйдыра алмай жүрміз... » [31, 8].
Бұл, әрине, жазба айтыс нұсқасы болғанымен, қазіргі суырып салма сипатында дүниеге келетін кез келген жыр шумағының деңгейін танытатын үлгі. Қазіргі айтыс ақындары жырдың ішкі құрылымы ғана емес, оның пішіндік (формалық) түрленуіне де ден қойып, оны сөз сайысында мінсіз қолдануда.
Тіл ғылымында «аллитерация» (тілді ажарлап, сөздің реңін келтіретін тәсіл) деп аталатын әдісті де айтыс жырынан мол ұшыратуға болады.
Кәрима Оралова:
«... Мақтанышы Айнұрдай ақыны бар Таразым,
Көрші деп қолқа салатын, жақыны бар Таразым.
Сондықтан исі қазаққа дем беріп тұрған Таразым,
Кем-кетігі түзеліп, жөнделіп тұрған Таразым» [31, 175].
Айтыс жырында жиі кездесетін тәсілдің бірі - «анафора» әдісі. Анафора қазақ поэзиясының табиғатына тән қасиет.
Сара Тоқтамысова:
«... Жақұтым деп көлдегі,
Бақытым деп жердегі.
Маңырап қалма артымнан,
Маралдай қашсам белдегі... » [31, 247].
Қазіргі айтыста, әсіресе кейінгі буын жас айтыскерлер арасында жырды әдемі өрнектеуге ажар, айшық қосып айтуға әуестенушілік басым. Мәселен, «ассонанс» тәсіліндегі төмендегідей жыр жолдары қазіргі айтыста жиі байқалады.
Елмірбек Иманәлиев:
«Амансың ба, ағайын,
Амандасып алайын.
Алатаудың суындай,
Ақтарылып ағайын.
Айтысқанда көрдіңдер,
Ақындардың талайын.
Арғымақтай арынды,
Ағындап бір шабайын... » [31, 195].
Сөз өнерінің осындай сипат-қасиетін танытатын ғылыми ұғым мен термин жүйесінің барлық санатын айтыс жырынан таба аламыз.
Айтыс тілінің тамыры терең, мағыналы да мәнді, ажарлы болуының басты кепілі тақырып өзектілігі мен жырлау нысанының сан салалы екенімен өлшенеді. Айтыста қозғалмайтын тақырып жоқ. Әрі сол мәселенің барлығы ұлттық ұғым аясында өрбіп, көрініс тауып жатады. Тәуелсіздік тұсындағы ақындар айтысының тағы бір бақыты, ой азаттығы мен сөз еркіндігінің шексіздігі еді. Осы критерий айтыс тілінің мейлінше бай, көркем болуына мүмкіндік туғызды. БАҚ арқылы кеңінен насихатталып, ұлттық мүдде тұрғысында жұмыс атқарған айтыс өнері халықты ғасырлар бойы армандаған аңсар-мұратымен қауыштырды.
2 Етістіктің есімше және көсемше тұлғаларының айтыс ақындары тілінде берілуі
2.1 Есімше санатының ақындар айтысы тілінде қолданылу ерекшелігі
Тілімізде бірқатар жұрнақ етістік деп аталатын күрделі сөз табының негізіне жалғанып, олардан етістік қасиеті де, есім қасиеті де бар есімше деп аталатын жаңа санат тудырады.
Есімге де, етістікке де қатысты осы санатқа тән тұлғалар (есімше) колданылу ыңғайына қарай көптік, тәуелдік, септік, жіктік жалғауында жұмсала келіп, сөйлемнің барлық мүшесі де бола алады. Мысалы: Біздің білетініміз – осы. Құлақ есіткенді көз көреді. Айтылар сөз айтылады. Ертең киноға бармақпыз. Аларманға алтау аз, берерменге бесеу көп деген сөйлемдердегі: біл-етін-іміз – бастауыш, есіт-кен-ді – толықтауыш, айтыл-ар – анықтауыш, бар-мақ-пыз — баяндауыш қызметін атқарып тұр [45, 195].
Ал ал-ар-ман-ға, бер-ер-мен ге деген есімшеге жұрнақ (-ман, -мен), одан кейін барыс септіктің қосымшасы жалғанып, толықтауыш болып тұр. Бұдан есімшеге (білетін, есіт-кен, айтылар, бармақ, аларман, берермен) көптік, тәуелдік, септік, жіктік жалғауы мен жұрнақ қосылуы нәтижесінде олардың қолданылу аясы кеңейіп, синтаксистік кызметінің өрісі ұлғаятыны және осы ерекшелік қазақ тіліндегі есімшеге тән екені анық көрінеді. Яғни есімшенің бұл ерекшелігі оның (есімшенің) әуелгі төркіні қимыл атауы болып, бұрын осындай қызметті атқаратын әдеті кейінгі кезде де бойында сақталып калғанын атау керек.
Алайда есімше кимыл атауынан алған әдет-машығын бойында сақтаумен бірге, етістікке тән қасиетін де жоғалтпаған. Яғни есімше, амал-әрекет атауы болуымен байланысты әрі жиі, әрі ұзақ уақыт бойы баяндауыш та болып жұмсалуы нәтижесінде бірте-бірте шақтық мағынаны білдіру қасиетіне де ие болған.
Сөйтіп, бастапқы қимыл атауына тән форма, жоғарыда йтылғандай, әрі есім кабілетін бойына сақтап, әрі етістіктің семантикасы мен шақты білдіру касиетін иеленіп, қазіргідей өз алдына дербес есімше санат болып қалыптасқан.
Қысқаша айтқанда, көптік, септік, тәуелдік, жіктік жалғауында түрленіп, сөйлемде барлық мүше бола алатын морфологиялық және синтаксистік сипаты бар (осы сипаты жағынан есім сөзге ұқсас), амал-әрекеттің атауы болу, семантикасы мен шақтық үғымды білдіру қабілеті де бар (осы жағынан етістікке ұксас) бірқатар тұлға есімше санаты делінеді [46, 195].
Есімшеге үйреншікті сипат болып қалыптасқан субстантивтік (әрекетті істеушінің, аты болу), атрибуттық (заттың әрекеттену белгісі болу), предикаттық (баяндауыш болу) қызметі осы тұлғаның жалпы грамматикалық (категориялық) та, жалқы грамматикалық (шақты білдіруі) та мағынасынан туған. Алайда есімше осы қызметті амал-әрекет түрінде емес, қимылдың белгісі немесе сипаты түрінде көрсетеді, өйткені субъектінің қимылын білдіретін етістік (алды, алады: берді, береді т.б.) есімшеге айналғанда (мысалы: алған, алар, алатын т.б.), сол субъектінің қимылына емес, оның белгісіне көшеді. Дегенмен сөйлемде қандай қызмет атқарса да, есімше өзінің негізгі сипаты – шақтық мәнді білдіру қабілетінен айырылмайды.
Осы сипатына орай, есімше санаты есімдер тобына емес, етістік тобында қаралады. Яғни есімше етістікке жіктелу сипатына қарап жатқызылмайды (өйткені қазақ тілінде баяндауыш болған сөздің бәрі де жіктеледі), шақ сипаты болатынына қарай жаткызылады және есімшені таптастырғанда оның осы сипаты негізге алынады.
Осы айтылған қасиетіне қарай есімше тұлғалары өткен шақ есімше, осы шақ есімше, келер шақ есімше болып үш салаға бөлінеді.
Есімшенің өткен шақ түрі етістік негізіне -ған (-ген, -қан, -кен) жұрнағы мен -атын (-етін) жұрнағы жалғану арқылы жасалады.
Достарыңызбен бөлісу: |