«Қазақ әйелі» концептіcінің бейвербалды амалдар арқылы берілуі



бет4/6
Дата03.08.2023
өлшемі57.47 Kb.
#475930
1   2   3   4   5   6
Қазақ әйелі

Ой, тоба-ай, - деді апам ернін сылп еткізіп– Бұ заманның қыздары күтеді әні. Қарны ашып келеді деп шала бүлініп жатысымыз мынау...(Д. Исабеков. Гауһартас).
Көркем мәтіндегі қолданыстан аңғарғанымыздай, аталған бейвербалды амал түрі қазақ әйелі мен кемпіріне тән болғанымен, жас қыздарға жараспайтын, ерсі көрінетін ым-ишарат екені байқалып отыр. Ал «ернін шығару» ишараты негізінде қалыптасқан «ернін шығарды» фразеологизмі әйелге тән әжуалау түрін білдіріп, көркем мәтінде «мазақтады, күлді, келеке етті» деген мағынада жұмсалады. Мысалы, Өрік қырындаған кезінде қатындар біріне-бірі қарап, еріндерін шығарып:


- Мынау бір ындыны жарымаған шіркін ғой! – деп күңкілдесті (Ж.Аймауытов. Ақбілек. 290-б)

-Ағаңыз келіскен екен, - деп Күнікей ернін шығарды (Ж.Аймауытов. Күнікейдің жазығы).
Сонымен қатар көркем шығармада жиі қолданылатын «ернін жымқырды», «ернін қымқырды» ишараттары жақтырмау, құптамау мағынасын«ернін шүйірді» менсінбеуді білдіреді, ал «ернін тістеді» кинемасы бір жағдайда «сөйлеме» деген мағынаны білдірсе, енді бірде аталған мимиканы әйелдер қиналғанын білдірмеу үшін қолданады. Мысалы,


Біз Айшаға қараймыз. Айша бізге қабағын түйіп, астыңғы ернін жымқырады. Алмаңдар дегені (Ш. Мұртаза. Ай мен Айша).

Бұл сөздің бәрі Бозінгенге жарадай тиді. Ләм деуге айтары болмай, тымырайып, жапалақ ернін жымыра берді (Ж. Аймауытов. Ақбілек).

Айша астыңғы ернін тістелеп, басын шайқады. Айша басын тектен-текке шайқамайды. Оны мен біле-е-мін. Әсіресе астыңғы ернін тістелесе – қи-ы-ы-н. (Ш. Мұртаза. Ай мен Айша).
Сонымен қатар «жаулықтарымен көзін сүрту», «етегінен сүю», «ақ орамалын желпілдетіп қоштасу» сияқты бейвербалды компоненттер де қазақ әйелдеріне тән. Мысалы, Кемпірлер жағы оның пошымы бөтен венгеркесінің етегінен сүйіп, жаулықтарымен көздерін сүртіп, тәу етіп жатыр (Ш. Мұртаза. Aй мен Айша).


Ақбілек те ақ орамалын желпілдетіп қоштасты (Ж.Аймауытов. Ақбілек). Балықшылар мұңды жүзбен мүлгіп отыр. Әйелдер қаза үстінде де күйеулерінің қас-қабағына қарап дауыс шығара алмайды. Жаулығының шетімен аузын басып, үнсіз егіліп жас төгіп тұр. (Ә.Нұрпейісов. Қан мен тер).
Қазақ әйелдеріне ғана тән «бет шымшу» ишараты қазақтың ұлттық мәдениетінде ұялудың нышаны, ерсі қылықтан шошыну белгісі болып табылады.



  • Мына Кенже мырзаға не көрініп кетті, тыр жалаңаш қарындасының отауына кіріп? - десті от басында жүрген әйелдер беттерін шымшылап (Ф.Оңғарсынова. Шашы ағарған қыз).

Сонымен қатар әйелдер өздерінің қатты таңқалғанын « сұқ саусағымен бетін бір сызу» ишаратымен де білдіреді:



Әкеме адырая қарап аз тұрған Қазина, бетін оң жақ қолының саусағымен бір сызып, үлкендеу көзін кеңірек ашты да, ернін бір сылп еткізіп:




  • Бетім-ау, мына Kесір болмағай да! – деді (С.Мұқанов. Мөлдір махаббат).

Жоғарыдағы қазақ әйеліне ғана тән бейвербалды амалдардың ішінде «аузын сылп еткізу», «бетін шымшу», «бетін сұқ саусағымен сызу» қимыл­ишараттарының о бастағы шығу төркіні неде, қандай мәнді меңзейді, оның тамырында сакральды, киелі мән жатыр ма, мифтік таным негізінде қалыптасқан ба деген сияқты сұрақтар туындайды. Осыларды ажырату мүмкіндігі болмағанын, аталған мәселені жан­жақты, тереңірек қарастыруды алдағы зерттеулерде ескеретінімізді айта кетуді жөн санаймыз.


Ал төменгі ситуацияларда «шымшу, қыршу» қимылдарымен байланысты бейвербалды амалдар назар аударту, еркінсіп ойнау, сондай-ақ ересек қыздар мен әйелдердің жас баланы жат, ерсі қылығы үшін жазалау тәсілдерін білдіреді.


Екі жас келіншек иіскесті, танысты, қалжыңдасты, білісті. Білісті де сеністі, Ұлпан ақырын ғана Шынардың санын шымшып алды (Ғ.Мүсірепов. Ұлпан).

Бұл сорақы, сорлы ісімді көріп қойған Айша үн-түн жоқ, онсыз да аяздан тырсылдап тұрған құлағымның сырғалығын қолымен қыршып алғандай болды. Құлағым тыз етті (Ш. Мұртаза. Ай мен Айша).
Көркем мәтінде кездесетін төмендегі бейвербалды амалдар да «қазақ әйелі» концептісіне қатысты болуымен бірге қазақ мәдениетіне тән тұрмыс-тіршілікті адресаттың көз алдына айқын елестетуіне жәрдемдеседі. Мысалы,


Сүтін жайлап, ілегенін төгіп, күлін шығарып, ыдыс-аяғын жуып болған соң, Алтынай пештің түбіндегі шекпен жапқан қара аяққа ұн салып алып, жүресінен отырып, тоқыраңдап бауырсақ иледі (Ж. Аймауытов. Ақбілек).



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет