(«Қазақстан мектебі» №11, 1973 ж.)
АДАМНЫҢ АСЫЛ ПАРЫЗЫ
Адам еңбекпен – адам, адам еңбекпен сүйкімді. Баршаға ортақ тәлім-тәрбие жұмысы да еңбек үстінде ғана жеміс береді. Бала тәрбиелі болу үшін, ең әуелі ата-ананың, содан кейін ұстаздардың жалықпай еңбек етуі – қажетті нәрсе.
Ата-анаға көз қуаныш, қоғамның ертеңгі белсенді құрылысшысы жас бала алдымен әке-шешеге қарап өседі. Оның ең құдіретті, құрметтісі - әуелі ата-ана, онан кейін мектеп, бүкіл қоғам. Біздің елімізде бала тәрбиесі – бүкіл қоғам ісі. Алайда бұл ата-ана міндетін әсте кемітпейді. Баласы бар ата-ана оған өмірді жасауды үйретуге де борыштар. Сондықтан әрбір ата-ана - өмір ұстазы. Ата-ана - өмір ұстазының ролі қашан да жоғары, басқалардан әлдеқайда маңызды.
Бала тәрбиесі бесіктен басталады. Талпынған бала тамақ іздейді. Тамақты да талғап беріп, татымын сезіндіретін ата-ана. Тамақты қалыппен берудің өзі де тәрбие.
Тіл шыға бастағанда бала білмекке құмар. Құлшына құмарланған баланың тасқындаған талабын өсіру үшін,оның алғашқы сұрақтарына байыппен жауап беріп отыру керек. Өскен сайын өршіген жалынды жігердің жігін тауып, оны өскелең өмірдің пайдасына бейімдеп, ертеңгі ерлерді еңбекке бастап отыру – міне, тәрбиенің үлкені осы.
Бала өзі тамақтанғанда, өз еркімен еңбектенгенде зор қуанышқа бөленеді. Егер баланың бақытындай осы іс-әрекетті ата-ана өзі атқарса, ол қисынсыз қиянат болар еді.
Ойын баласы қызықты ойындарға құмар, сол «ойынның» өзіне де байыпты, басшылық ететін, жалықпайтын жанкүйерлер – ата-аналар.
Балдырғанның ой-сезімі қалыптаса бастағанда оның ойын, тілін дамыту үшін балалар әдебиетінің маңызы зор. Жас бала қысқа-қысқа қызықты тақпақтарды жатқа айтса, жайраңдап мақтанып қалады. Ол жақсы нәрседен жаны тұшынып жарқылдап өседі, жаңылтпаштарды жаттап, тілін дамытады.
Бізде бала тәрбиелеу ісіне жаралық балалар әдебиетінің жақсы үлгілері бар. «Балдырған», «Білім және еңбек» журналдары, « Ұлан» газеті – тәрбие ісінің құнды құралдары. Онда жазылған мақалаларды балалардың дұрыс түсінуіне үлес қосу – ата-ана борышы.
Мектепке келген оқушының ұстазы көбейеді. Егер мұғалім мен ата-ананың мақсаты бір жерден шықпаса онда тәрбие жұмысы бұзылады. Бізде С. деген оқушы шашын алдырмай келгені үшін сынып жетекшісі қатаң ескерту жасаған. Өйткені, мектеп бойынша жетінші сыныпқа дейінгі оқушыларға шаш қоюға рұқсат етілмейтін еді. Басқа мектептен келген жаңа оқушы бұл тәртіпке бірден бой ұсынбады. Ол келесі күні сыныпқа ене алмады: ұстаздың тапсырмасын орындамай сыныпқа енуге оның ары бармады, онда оқушылық ыстық сезім бар. Көшеде тұрған баласын көріп қалған шеше баласына сұрлана жетіп келді:
- Сабаққа неге бармай тұрсың?
- Шашыңды алдырмадың деп жібермейді...
- Ол қайдан шыққан тәртіп! Ержетіп қалған баланы осынша масқаралауға кім право берді бұларға! Жүр бері!...
Бұрқана былапыт сөйлеген шеше мектепке жетіп келді. Мен-мендіктен медеу тапқан оқушы да ұстаздарға одырая қарайды.
- Бұларың қалай, оқытсаңдар жөндеп оқытпайсыңдар ма?!...
Бұрқылдаған шеше «бұл жетінші сыныптың оқушысы, ержетіп қалды» дегенді көлденең тарта берді. Біз оны жеке бөлмеге кіргізіп тоқтау айттық... Әрине, шеше өз қатесін түсінді. Осындай қателік әредікте болса да кездесіп қалады. Ондай «қателіктер» тәрбиеге қанша кесір келтіреді десеңізші!
Оқушы мұғалімін ата-анасынан білімді, мәдениетті адам деп санайды.. Демек ұстаз сол сенімді абыроймен ақтай білуге, міндетіне жауаптылықпен қарауға тиіс. Оқытушы қате жіберсе, оны шәкірт ешқашанда кешірмейді. Мұғалім беделі содан жойылады. Беделсіз ұстаз –қор.
Өз пәнін жақсы игеріп, түсіндіре білетін салауатты мұғалімді шәкірттер аузынан тастамай мақтап жүреді. Мысалы, бізде Әшір Мәдешевті оқушылар қатты сыйлайды. Ол химия, биология сабақтарын өмірмен байланыстырып, сапалы өткізумен қатар, оқушылардың жүрек кілтін тауып, сабаққа қызықтыра біледі, сабақтың тәрбиелік мәнін аша түсіп, білімді практикамен ұштастырады. К. деген мұғалім өз сабағының мазмұнын жақсы білгенмен, оның сабағында оқушылар тәртіпті бұза береді. Өйткені К. сабақ үстінде балалық мінез-құлыққа шыдай алмай, мораль оқығыш, кейде дүрсе қоя беріп ұрса жөнеледі. Педагогтық сабырлық болмаса, оқушы педагогты сылай ма? Шыдамсыздықтың өзі оқушыны сүймеуден шығады. Оқушыны сүймесең оқушы сені сүйе ме?
Оқытушы қанша білімді болғанмен, оның сабағы әдіссіз, іш пыстырарлықтай болса, онда тәрбие де, тәртіп те бұзылады. Тәрбие арқауының бір ұшы сабақта, сабақтың берері көп... Егер сабақты баяндау кезінде мұғалім кілтиіп кітапқа қарай берсе, қандай беделі болмақ. Мораль оқып, маңғазданғаннан түк шықпайды. Егер шәкірттерді сүйе білмесеңіз мұғалімдік жұмыстан аулақ болғаныңыз пайдалы...
Ұстаздық – қасиетті дарын. Ұстазда актерлік, дикторлық өнерден басқа, суретшілік, әншілік, музыканы тұшына білушілік сияқты қасиеттер болуға тиіс. Әдебиетті жаны сүйіп, оны тәрбиеге пайдалана білмеген мұғалім ұстаздыққа үлкен нұқсан келтіреді. Асқар мен Қайырғалиды тек әдебиетші ғана білуге тиіс деп ұғынатын «ұстаз» қателеседі.
Тәрбие үйде де, көшеде де, сабақта да жүргізіледі. Тәрбиеші бүкіл – қауым. Бала кемшілігін көре тұрып кердең басып кете беруді біздің қоғам көтермейді. Қоғам барлығынан да әдептіік пен әдепті талап етеді. Сондықтан да,біздің бәріміз – тәрбиешіміз. Тәрбие жұмысына жеке адамдар, ұйым, мекеме басшылары – барлығы да жауапты. Жалпы жұрттың жауаптылық сезімін молайта беру керек. Біздің қоғамымыз биік мәдениеттілер қоғамы болғандықтан тәрбие жұмысын жеке топтарға бөліп тастамайды.
Ерте кезде халық өзіне қызмет ететін батырларды ойдан шығарды, немесе ерлік еткен ел ұлдарын дәріптеп, олардың іс-әрекеттерін әсірелей суреттеп, келешек ұрпаққа үлгі етті. Қорғаушым деп Қобыландыны, ерім деп Ер Тарғынды дәріптеді халық. Жер жүзіндегі өнерді меңгерген жеті өнерпазды да ойлап шығарған – халық. Енді ер де, батыр да, өнерпаз да халықтың өз ішінде. Тәрбиеге негіз боларлықтай ғажайып оқиғаларға толық алтын ғасырымызда тәрбие жұмысына жұмыла ат салыссақ, қоғам алдындағы қасиетті борышымызды өтеген болар едік.
Ұстаздың да, ата-аналардың да жеке азаматтардың да тәрбиеге күшті әсер ететін тағы бір қасиетті – олардың мәдениеттілігі. Мәдениеттіліктің жоғары түрі – халыққа қызмет ету. Ұстаз да, ата-ана да оған шын беріліп, қызмет ету үлгісін көрсете білсе, тәрбие жұмысының үлкені - осы. Тәрбие еңбекпен жемісті. Белсене еңбек етпесең, тәрбиеде нәтиже болмайды.
Сабақ берумен шектеліп, міндетін атқара алмай, абыржып жүрген ұстаздар да бар: тәрбие мектепте, сол үшін ұстаздар айлық алады деп алшаңдап жүрген ата-аналар да кездеседі. Ондайларға жол бермей, ұстаз беделін, тәрбие дәстүрін қасиеттей қорғап, оны молайтып, ілгері дамыту – біздің баршамыздың міндетіміз. Бала тәрбиесі – адамның ең асыл парызы.
Достарыңызбен бөлісу: |