«Лениншіл жас» газеті. 20.05.1971 ж.
ЕРТЕГІЛЕР ЖИНАҒЫ ТУРАЛЫ ПІКІР
Қазақ балалар поэзиясындағы Ө.Тұрманжановтың «Құмырсқа мен аралар - қиыспас дос құдалар», Ә.Дүйсенбиевтің «Бәтіңке, шұжық, балқаймақ» ертегілері бой көрсетіп, оның қатары біртіңдеп молайып келеді.
Қалай десек те, біздің төл әдебиетімізде ешбір ақынның тек таза ертегілерден тұратын кітап ұсына қоймауы – ертегі жанрының оңайшылықпен оңтайға келе қоймайтындығынан болса керек. Көптен бері балаларға өлең, баллада, аңыз, ертегі жазып жүген белгілі ақын Абдрахман Асылбековтың жуырда «Мектеп» баспасынан «Ерден атайдың ертегілері» атты ертегілер кітабы мен «Жалын» баспасынан «Алтын арай» жинағы жарық көрді. Алдыңғысы түгелдей ертегілерден тұрса, кейінгі жинақтың бір бөлімі де ертегілерге арналған.
Осы орайда Абдрахман Асылбековтің ертегілер кітабын игілікті дәстүрге айналуға тиісті істің бастамсы деп қарауымыз керек.
Әр аптаның сенбі күні өзінің кішкентай тыңдаушыларына радиодан ертегі айтып беріп отыратын Ерден атайдың өмірге келіп, радиокейіпкерге айнала бастаннан бері де он-он бес жыл болып қалды. Оның ертегілерін алғаш тыңдаған балалардың өзі бұл күнде институт қабырғаында жүр.
Кел балалар, тұрмаңдар,
Бізде қызық думан бар.
Атамыздың алуан
Ертегісін тыңдандар.
«Ерте, ерте, ерте екен,
Ешкі жүні бөрте екен...»
Ертегі сөз қашан да
Тамашаның көркі екен,-
деп, ертегі-хабарды бастар кезде СССР халық артисі Роза Бағланова орындап,балаларды ертегі тыңдауға шақыратың әсем әннің өлеңін жазған осы А. Асылбеков болатын.
Осы өлең кітаптың кіріспесі-беташары ретінде өте орынды берілген.
Ақын Абдархман Асылбеков өлең-ертегілерді өрнекті, үйлесімді, нанымды әрі қызықты жазған. Әрбір ертегінің өз ерекшеліктері, тәрбиелік мақсаттары бар. «Кіп-кішкентай тышқанның таңғажайып ерліктері туралы ертегі» деген ертегіде жылы юмор, қонымды концовка көрінеді. Балалардың тілін ұстарту, қиялын дамыту, оларға дүние танытып тәрбиелеу-ертегілердің негізгі мақсаттары. «Кім күшті», « Жаңғақ жыры» сияқты ертегілер балалардың дүние танымын арттырады.
Өлең ертегілердің прозалық, ертегілерден негізгі айармашылығы –онда сөз ойнақылығы, тілге үйірімділік, ырғағы, әдемі әуезі, үнді, үйлесімді, желілі, серпінді желдірмесі баланың ой- қиялын өсіріп, сезімін ұшқырлап, ерекше еліктіріп отырады. Бұл жинақтағы ертегілерде өлең-ертегілерге тән сол қасиеттердің бәрі де бар. Сондықтан да, мұндағы ертегілер оқырманды еліктіріп, қызықтырады . «Балықшы», «Бақыт іздеген бала» ертегісінде адамның бақытты болуы еңбекке байланысты екенің уағыздайды. Байлығы мен дәрежесі болса да хан баласы бақытсыз, асқан байлығы болмаса да, қара шаруа бақытты:
Асыраймын анамды,
Асыраймын баламды,
Бақыттымың, бауырым,
Еңбегіммен табанды,-
дейді шаруа.
Дұрыс айтады. Байлық та, қызық та –еңбекте. Еңбексіз өмір жоқ.
«Кім күшті» деген ертегіде ертегіші-ақын халық ертегісінің айтылу тәсілдерін пайдалана отырып, сатылау әдісімен ертегінің қызықты сюжеттерін астарлы юмормен өзектеп баяндайды. «Мен күштімін» деген маса бақаның алдында жылан, жыланнан кірпі, кірпіден түлкі, түлкіден бүркіт күшті болып шығады. Дәл осы тәсілмен жазылған «Ақымақ қасқыр» ертегісінде әуелі көжекке, одан кейінгі қоян, қозы, қой, құлындарға қанағат қылмаған қасқыр ақырында айғырдан соққы жейді. Ертегі:
Айғыр солай қасқырды
Қайқайты кеп басқа ұрды.
Қанағатсыз қорқаудың
Жанын жайға тапсырды,-
деген түйінмен аяқталады. «Жаңғақ жыры» ертегісі табиғат қорғауға айналған. Бұл ертегідегі оқиға да алдыңғы ертегідегі оқиға да алдыңғы ертегілердегідей сатылап дамиды. Аман қалған бір жаңғақтың өзі келер жылы жайқалып, ағаш болып өседі. Сондықтан ағаштың өзі түлік тұқымын да бейберекет құртуға болмайды деген идеяны ұсынады автор. Оқиға өрбуі де қызық. Бір торғай қарағай жаңғағын шоқи бастағанда, тиін келіп қалады. Тиінді құндыз үркітеді. Құндыз жаңғақты жерге түсіріп алады да, ол тышқанның алдына түседі. Тышқанды сілеусін, сілеусінді түлкі, түлкіні қасқыр үркітіп, қасқырды қойшы атып алады. Жаңғақ солай аман қалады.
Бірнеше халықтың ауыз әдебиетінде бар вариантты ертегінің ең ықшамды, ыңғайлы вариантын ақын өлеңмен жазған. Мұндай ертегілер оқырманды қызықтырып, ықыласын арттырады. Жалықтырмайтын жақсы ертегілер балалардың психологиасына әсер етіп, олардың көңіл- күйін көтереді, ертегідегі жылы юмор оқырманның ыстық ықыласы мен қызығу сезімін арттырып , күлкі ұшқынының отын жандырады , тілін жаттықтырады. Ертегілерді «қызық-ғажайып» дүние дейтініміз – сол.
Қазақ совет балалар әдебиетінің өлең – ертегілер саласы бойынша ұсынылып отырған осы «Ерден атайдың ертегілерінің» тағы бір ерекшелігі – бұл жеке ақынның өз ертегілерінен құрастырылған тұңғыш жинақ. Ертегілердің осндай жыйнақтары баспадан үзбей шығып тұрса, оқу-тәрбие жұмыстарына үлкен себі тиер еді.
«Ақымақ қасқыр», «Ұр тоқпақ», «Қотыр торғай» сиақты халық ертегілерінің қойылымдарын балалар бақшаларының, мектептердің сахналарында қоюға болады.
Балалардың дүние танымы, өмірге көз қарасы мен ой-өрісінің кеңейе түсуіне, тілінің ұстаруына «Мақта қыз бен мысық», «Құйрықшық», «Қанбақшал», «Қотыр торғай» тәрізді ертегілердің де зор әсер ететіндігі туралы М. Әуезов кезінде өте құнды пікір айтқан еді. Осы алуандас ертегілер шынында да, әсіресе, алты-жеті жасар балалардың тез түсінуіне және қайталап айтып беруіне жеңіл келеді. Абдрахман Асылбековтың «Ерден атайдың ертегілері» жинағынан дәл осындай қасиетті аңғарғандай боламыз. Мұндай жинақтарды баспадан шығарып тұра- игілікті іс. «Ерден атайдың ертегілерін» суретші А. Вашенко өте әдемі безендірген.
Достарыңызбен бөлісу: |