Ұлттық тіл – тӘрбие құралы
Біздің ұлттық тіліміз (қазақ тілі) түркі тектес тілдердің ішіндегі ең бай, ауқымды, келешегі келбетті тіл. Бір кезде профессор Қ. Аханов ің «Дүние жүзіндегі мыңдаған тілдердің ішінде, біздің тіліміз он үшінші орында тұр» деп, ғылыми тұжырым жасаған болатын. Педагог – ақын Мағжан Жұмабаев: «Ұлтқа тілінен қымбат нәрсе болмасқа тиісті. Бір ұлттың тілінде сол ұлттың сыры, тарихы, тұрмысы, мінезі айнадай көрініп тұрады. Қазақ тілінде қазақтың сары сайран даласы, біресе желсіз түндей тымық, біресе құйындай екпінді тарихы, сар далада үдере көшкен тұрмысы, асықпайтын саспайтын сабырлы мінезі – бәрі көрініп тұр. Қазақтың сар даласы кең, тілі де бай. Осы күнгі түрік тілдерінің ішінде қазақ тілінен бай, орамды терең тіл жоқ. Түрік тілімен сөйлеймін деген түрік балалары күндерде бір күн айналып қазақ тіліне келмекші. Қазақ тілін қолданбақшы... Күндерде бір күн түрік балаларының тілі біріксе, ол біріккен тілдің негізі қазақ тілі болмақ, сөз жоқ, түрік елінің келешек тарихында қазақ ұлты төрден орын алмақшы. Келешектің осылай болуына бізд иманымыз берік» деген еді (Мағжан Жұмабаев. Шығармалар. А., 1996 ж. 269-270 б.).
Ғасырлар бойы қалыптасып, барынша байып келе жатқан мемлекеттік тіліміз – ұлттық тәрбиенің қуатты құралы. Қандай тәрбие болса да тәрбие жұмысы белгілі бір ұлттың тілінде жүргізілетіндіктен, біз тәрбиені ұлттық іс-әрекет деп түсінеміз. Тіл қажеттілігі ұлттық тәрбиеде айқын көрінеді.
Тәрбие (жан тәрбиесі, тән тәрбиесі) ұлттық тілдің құдіретімен нәресте дүниеге келмей тұрып, оның ата-анасының «жар таңдау» кезеңінен басталады. Қазақ халқы болашақ отау иелерінің «көргенді», «тәрбиелі», «жаны таза», «тәні таза», «ақылды, саналы» болуын қалап «құдаластық», «шаңырақ көтеру», «үй болу» үрдістеріне аса зор жауапкершілікпен қараған. Осының бәріне ана тілінің шешендігі, өнегелі өрнектері, эстетикалық әсерлері пайдаланылған болатын.
Қазақ халқының ұлттық тәрбиесі қазақ тілінде: отбасында, балабақшада, мектепте, жоғары оқу орындарында, қоғамдық орындарда тәрбиеленушінің жас ерекшеліктеріне қарай (отбасын құруға дайындық кезеңі, ана құрсағындағы даму кезеңі; нәресте, балбөбек, сәби, балдырған, бүлдіршін, өрен, жеткіншек, жасөспірім, жастық кезеңі) жүргізіліп, өмір бойы жалғасады.
Әрбір адам «тал бесіктен» бастап «жербесікке» дейін тәрбиеленеді. Үздіксіз тәрбиеде ана тілінің атқаратын қызметі зор. Ұлттық тіл арқылы жеке адамның ұлттық психологиясы қалыптасады, ана тілі ана сүтімен бірге жеке тұлғаны ұлттық құндылықтармен қаруландырады, ұлттық қасиеттерді қалыптастырады.
Ұлттық тәрбиенің басты құралдары: ұлттық салт-дәстүрлерімен қатар, оның әдебиеті болып табылады. Ғасырлар бойы халықтың іс-тәжірибелері арқылы қалыптасқан салт-дәстүрлері (қыз абыройы, жігіт намысы, сыйласым, ата-ана міндеті, бала парызы т.б.) - ұлттық тәрбиенің алтын арқауы. Олар отбасында, балабақшада, мектепте, ұжымдарда, қоғамда жан-жақты қолданылып жүр.
Ұлттық тәрбиеде халық қазіргі отбасында, балабақшада, мектепте қолданылып жүрген тіл құралын «тілашар» дәстүрін қалыптастырады: бесік жыры, тұсау кесер жыры, санамақ, жаңылтпаш, жұмбақ, мазақтама, тақпақ, мақал-мәтел, ойын өлеңдері баланың эстетикалық сезімін оятып, сан үйретіп, тілін ширатып, ойын дамытып, намысын қозғап, жадын жақсартып, қиялын шарықтатып, сыйласымдық харекетін дамытады. Сөйтіп тілашар дәстүрі арқылы баланың сезімі сергіп, түйсігі түріліп, қабылдау қабілеті қалыптасады. Сөйтіп онда ұят, ар, намыс пайда болып, жігер-қайраты ұшқырланады, зердесі тереңдеп, ұлттық мінез құлқы қалыптасады. Осының бәрі тек ана тілінің құдіретімен іске асырылады.
Ұлттық (мемлекеттік) тіліміздің қажеттілік ауқымы оқу-тәрбие ісінде жоғары дәрежеде екендігін өмір дәлелдеп отыр. Сол қажеттіліктерді өтеу жолында: отбасында, балабақшада, мектепте, жоғары оқу орындарында, қоғамдық орындарда ұлттық тәрбиенің бағдарламалары, оқу құралдары түзілген. «Балабақшадағы ұлттық тәрбие» оқу құралымен қатар,мектептегі ұлттық тәрбиенің оқу құралдары – «Әдеп әліппесі» (І-ІV сынып 1997 ж.), «Әдептілік негіздері» (I-VII сынып 1998 ж.), «Әдеп және жантану» (VIII-X сынып 1994 ж.), «Қазақ этнопедагогикасы» (жоғары оқу орындары үшін 2001 ж.) баспадан шыққан болатын.
Отбасында, мектепте, балабақшада, жоғары оқу орындарында мемлекеттік тілде жүргізіліп жатқан ұлттық тәрбие жұмыстарында қажеттілікті өтеуге лайықты осы оқу құралдары мен бағдарламалары, өкінішке орай, соңғы уақытта (2001 ж. жылдан бері) көптеген мектептерде пайдаланылмай келеді. Өйткені басында (1997 ж.) белгіленген оқу жоспарына кейін бұл оқу құралдары «енбей» қалды. Осындай қиянаттың (қылмыс десе болады) негізгі себептері оқу-ағарту ісінің жоғарғы жыл сайын ауысып келе жатқан басшылығының ұлы іске жауапсыздықпен қарауынан, білім беретін, ғылым үйрететін орындарындағы «мәңгүрттік» үрдістердің кесірінен болып отыр.
Достарыңызбен бөлісу: |