Әке тәрбиесі. Әке – отбасының пірі. Әке тәрбиесінің бастауы – құрсақ тәрбиесі. Әке құрсақта жатқан баланың жақсы, қалыпты өсіп, дүниеге келуі үшін, оның анасының жандүниесін жадыратып, қамқорлық жасауға міндетті. Ананың «жерігі» қансын, шаршамасын, уақытылы киініп, тамақтанып, көңілін көтерсін: музыка тыңдап, қызықты көріністерді көрсін, аналық міндеттерін орындап, тынықсын, шынықсын.
Дүниеге келген баланың анадан кейінгі ең жауапты қамқоршысы - әке. Баланың ұйқысы қанық, тамағы тоқ, тазалығы жақсы, көңілі тыныш болса, ол жыламайды, ашуланбайды. Егер бір себеппен бөбек ашулана бастаса, оның әдеппен тілін табу керек. «Жуатам» деп ұрысқан ата-ана (әке) зор қателеседі.
Баланың іс-әрекетін толымды ұйымдастыру үшін, ең әуелі оған ана тілін үйрету керек. Үйрету: қызықтыру, сөз мәнін тұшынту, талап ету, жаттату, жадын ұлғайту арқылы іске асырылады. Ең әуелі бала өзінің ана тілін жақсы үйреніп алсын.
Балаға ұлттық дәстүрлерді, әдептілікті, сыпайылықты, ізеттілікті үйретіп, оны іс жүзінде орындауын жалықпай талап етіп отыру керек. Қайырымдылық, мейірімділік, ізеттілік, инабаттылық, шешендік, өнерпаздық сияқты ұлттық қасиеттерді баланың бойына сіңіріп отыру - әкенің әдеттік нұсқасы, әдептік парызы. «Әке көрген оқ жонады».
Отбасындағы қарым-қатынаста әрбір тұлғаның өз міндеті, әдебі, әдеті болады. Үлкенді сыйлау, әке-шешенің тілін алу мұрагерлік кәсіпті үйрену, әділетті, адал, шыншыл, батыл, сергек, қажырлы болу, тек пайдалы сөз айтып, қарым-қатынаста сөз мәдениетін үйрену баланың міндеті. Сол қажеттіліктердің орындалуын әдепті әке әрқашан талап етіп отыруға міндетті.
Әке ақылды, білімді, әдепті, ізгіниетті, көпшіл, кішіпейілді болу керек.
Ана тәрбиесі. Мынау жарық дүниедегі өрнекті өркендеген өмір Құдіретті Күннің шуақ нұрынан, аяулы ананың ақ сүтінен жаралған. Дүниеге келтірген иеміздің аяулы саясында, саналы саясында өмір деген мың толқынды дүбірлі дүниеде адамдығымыз айқындалып, кісілігіміз толысып тіршілігімізге сәйкес қымбатты ғұмыр кешеміз. Сондықтан да «Ана – біздің Күніміз, Анамыздың гүліміз» деп мақтан тұтамыз.
Ана тәрбиесі ол тату құруды ойлағанынан басталады. Болашақ ана кіммен отау құру керек екенін шешкенде, болашақ ұрпақты тәрбиелеудің қамын ойлайды.
Аяғы ауырлаған ана жатырдағы ұрпақтың қозғала бастаған кезінен (жатырда), оның қалыпты өсуіне қамқорлық жасай бастайды. Жерікті қандыру, шынығу, уақтылы тамақтану, кейімеу, таза ауада жүру, тазалық сақтау, көңіл көтеру т.б. әдепті әрекеттер әр шараның шаттығына себепші болады.
Дүниеге қалыпты келген нәрестенің жататыны жайлы, ұйқың тыныш, тамағы тоқ болса, ол жыламайды. Ашусыз өскен баланың дені сау көңілі көтеріңкі, өсуі қалыпты болады.
Бес айда белгілі, алты айда анық отыра бастаған нәрестенің отыруы, жүре бастауы, тіл үйренуі (ең әуелі анан тілінде) бәрі де ананың тәлім–тәрбиелік тәсілдері арқылы жүргізіледі.
Тіл ширату, оқыту, жаттату, ой–қиялын дамыту, нышандарын байқау, дарынын дамыту, меніз –құлқын қалыптастыру, еңбекке үйрету, денсаулығын жақсарту, әдептілігін, әрін қалыптастыру, болашағына жол көрсету т.б. тәлім–тәрбиелік іс-әрекеттердің тәсілдерін анан жан–жақты білуге тиіс. «Ана көрген тон пішер».
Ана – педагог, психолог, жыршы, әнші, әдебиетші, тарихшы, аса қамқоршы, ерекше мейірімді тұлға. Баланың бақытты болып өсуі, көбінесе, анаға байланысты.
Достарыңызбен бөлісу: |