Ата тәрбиесі. Ата - отбасындағы ең ардақты, құрметті тұлға. Ата мейірі немерелеріне, шөберелеріне нұр болып құйылады, Ең әуелі ата немересінің денсаулығына ерекше көңіл бөліп, қадағалап отырады. Баланың уақтылы тамақтануы, іс-әрекет тәртібін сақтауы, ойнауы, оқуы, өнермен шұғылдануы атаның зерлеуінде болады Ата немересіне «Балақан- жалынды немерем, Қаласаң жанымды берер ем» деп жақсы көреді. Ақылды ата немересін өбектей бермейді, өнеге береді. Баланың әрбір әрекетіне байланысты «жылы шырай» көрсету, құптау, сүйіну, демеу, мадақтау – қуану атаның тірлігіндегі тәлімдік көріністер.
Ата немереге өнеге, өсиет айтумен бірге үмітті үлгі көрсетеді. Ол - әдебиетші, психолог, педагог, тарихшы, ақпаратшы, адалниетті, ақжарқын тұлға.
Ата оқытады, жаттатады, үйретеді, әдеп сақтауды талап етеді, өзі сауаттылық пен салтанаттылықты көрсетіп отырады.
Атаның балаға тәрбие берудегі бір игі қасиеті – баланың жақсылықтарын жарқын көрсетіп, қуаныш нұрын төгуі. Ол қасиет баланың үміт пен сенімін арттырып, іс-әрекетте, тіршілікте ол атаның қуанышын молайтып, құлшыну мен жігер-қайратын арттырып отырады.
Атада талап ету ізеттілікпен, мәжбүр ету мейірімділікпен орындалады. Ата немереге дауыс көтермейді, дабырамайды, баланы байыппен басқарып, бақытқа жетіп отырады.
Әже тәрбиесі. Әже - әулеттің аруанасы, аналардың анасы, балалардың панасы. Әлемде әже мейірімінен артық мейірім жоқ. Әже немере тәрбиесіне минут сайын көңіл бөліп, көзінің қарашығындай қадірлеп қарайды.
Ұлттық әдеп бойынша, әрбір немере әженің жүрегі, жадыратқан жаны, өмірінің қызығы. Сондықтан әже бала тәрбиесіне олардың әке-шешесінен де артық, айрықша қарайды. «Сенің жеті балаңа жүрегімді жетіге бөліп беремін» дейтін менің балаларымның әжесі – Дәрдене анам.
Қазақта «өз балаңды өскенше көтересің, балаңның баласын өлгенше көтересің» деген мақал бар. Әрбір әже немересінің киінуіне, сүйінуіне, тамақтануына, жарақтануына, өнерленуіне, шеберленуіне, ойлауына зер салып, зерлеп, қадағалап, қамқорлық жасап отырады.
Қазақ тарихында Абай дананы тәрбиелеген Зере әжені, Албан, Суан, Дулатты тәрбиелеген Домалақ ананы (Нұриланы) т.б. білеміз... Олар немерелерінің табиғатын, талабын, ақылын адамдығын жан-жақты жақсы біліп, аруаналық қадірлі қасиеттерімен, даналық, аналық мейір-шапағатымен әжелік тәрбиедегі өздерінің өрімді тәрбиесімен ұрпағын ұлылық дәрежеге жеткізіп кетті.
Қазақ халқының салтанатты салты бойынша әулеттік сыйласымға ие болған әжелерді ата, ру, ұлт қадірлеген, оларды халық әулие тұтып, әдеппен сыйлаған.
Әжелер ұрпағынан ұлттық салт-дәстүрлерді қастерлеп, қадірлей білуді талап етіп отырған, өзі де өнеге көрсетіп, ұлттық әдептің үлгілерін үдере көрсетіп отырған.
Дүние тіршілігі, адамзаттың өсіп-өнуі аналарға байланысты. Сондықтан, аналардың анасына тәжім етеміз.
Достарыңызбен бөлісу: |