Нәрестені қырқынан шығару рәсімі арқылы, нәрестені күміс теңге салып, тазартқан суға шомылдыру, алғаш шашын алып,бойсыбақ жасау, «бой өс!» деп, аяқ-қолын шыңдау тағы басқа гигиеналық (тәртіп) рәсімдері орындалады.
Бесік тәрбиесі. Қырық күн өткен соң нәрестені бесікке салу рәсімі өткізіліп, шілдеханалық тәрбие рәсімдерінен соң, бесік тәрбиесі басталады. Бөбекті құндақтау, бөлеу тәртібі оның ағзасын аялап, денесінің сымбатты өсуіне ықпалын тигізуге тиіс Уақтылы ұйықтату, тербету, әрбір екі сағат сайын емізу, оның ұйқысының қанық болуына қамқорлық жасау, бесік тазалығын сақтау, таза ауаның болуын зерлеу, «бесік жырымен» уату, т.б. тіршілік заңдылықтарын орындау – ананың парызы Онымен бірге, анаға, нәрестеге үзбей қамқорлық жасау - әкенің және отбасы мүшелерінің міндеті.
Бөбек алғашқыда жиырма сағатқа дейін ұйықтау керек. Бөбектің жылап оянуы күту жағдайының жайсыздығынан болады. Бөбектің жайлы жатуы бесіктің құрылымына байланысты. Қазақи бесік - бөбекті бөлей білсе, жайлы да, таза бесік. Ал соңғы кездегі бала құндағы, помпирис қолдану тәсілдері медициналық әрекеттердің жетілуін талап етеді.
Ер баланы тәрбиелеу. "Ер ел үшін туады» деп, халқымыз ер бала туғанда, "жылқышы», "қойшы», "батыр», "сарбаз», "мұрагер» деген сүйінші сөздерін айтып, куанады. Баланы "тепсе темір үзетін батырлыққа, ерлікке, елінің елеулісі, халқының қалаулысы болуға тәрбиелейді. Бақытты балдырған ата-анасының үмітін ақтау үшін, олардың ұлағатты сөздері мен қағидаларын орындауға бейімделеді. "Жігіт адам жыламайды» деп, үлкендер бүлдіршіндерді шыдамдылыққа үйреткен.
Балалар ес біле бастағаннан ел-жұрты, ата-анасы оларға үлгі-өнеге көрсетіп, халық тағылымдарынан тәлім алуға баулиды. Халық ертегілер мен аңыз-әңгімелердегі, батырлар жырларындағы өнегелермен қатар, өмірде болған ұлы адамдардың өмірін үлгі етеді. Мысалы: ұлы ғалым Шоқан 3 жасында хат таныған; ғұлама ақын Мәшһүр Жүсіп 8 жасында "мәшһүр» (білгіш) атанған; Абай дана 13 жасында билікке араласқан; атақты әулие батыр Райымбек 15 жасында керемет ерлік жасаған; қазақ халқының бірлігін сақтап, елдің ел болуына басшылық жасаған бабаларымыз: Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би 14—15 жасынан бастап халыққа әділ билік жасап, өздерінің шешендіктерін, данышпандықтарын танытқан. Ер баланың тәлім-тәжірибесі үшін халық тарихи қалыптасқан дәстүрлердің орындалуын қадағалайды. Ол үшін ең әуелі халық баланың намыс сезімін, «ер намысын» қалыптастырады.
Ер намысы - тәлім-тәрбие арқылы қалыптасқан әулеттік, ұлттық дәстүр, халықтық салт-сананың бір негізі. Бала тәрбиеленіп, кісілікке жеткен соң, ол өз намысын қорғай білуге міндетті. Егер ер жігіт намысын қорғай алмаса, ол азаматтық беделін жояды. "Ерді намыс өлтіреді» деген мақал содан қалған. Ер бала әке жолын қуып, «әкеден де асып туып», қатарынан қалмай, алдына қойған мақсаттарын абыроймен орындауға борышты: елін қорғау, ерінбей еңбек ету, ата-анасын ардақтау, өнер үйрену, күшті, жігерлі болу, айтқан сөзінде тұру, әділетті болу, біреуге жалынышты, кіріптар болмау, әйел адамды құрметтей білу, жасық болмау, оқу оқып, білімді игеру, т.б. ізгі қасиеттерді бойына сіңіру — ер азаматтың намысын ақтап, абыройлы болуы. Әсіресе, ұлттық дәстүрге сәйкес әдепті, иманды, инабатты, ілтипатты болу — ер жігіттің айнымас ары, бұлжытпай орындайтын заңды борышы. "Түсі игіден түңілме» деген сөз содан қалған. Халықтың өкімдік дәстүрін пір тұтқан ер азамат "Жаным — арымның садағасы» деп, арын биік ұстайды. Өз намысын, ел намысын, адамзат намысын қорғайды.
Достарыңызбен бөлісу: |