Қазақ Ұлт-азаттық ҚОЗҒалысы


§3. Шаруашылық дағдарысы және алым-салықтың



бет3/19
Дата25.02.2016
өлшемі1.8 Mb.
#19925
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   19

§3. Шаруашылық дағдарысы және алым-салықтың

ауырлай түсуі

Шэн Шицай билік басына шығудың қарсаңында Синьцзянның шаруашылық жағдайы өте ауыр дағдарысқа тап болған еді. Неше жылға созылған соғыс аласапыраны салдарынан дихандар егістік жерлерінен қол үзіп, астық егумен шұғылданбайтын болды. Соның кесірінен ел аузында «халық астықты құдайдай көреді» дейтін сөз таралған. Мысалы, сол кезде өлке орталығы Үрімжіде 200 мыңдай тұрғын халық болып, әр күні 200 мың жың /бір жың жарты килограмм/ астық тұтынуға тура келетін. Ашыққан халық сол кезде қымбат бағалы алтын-күміс бұйымдарын көшеге алып шығып, астыққа айырбастауға мәжбүр болған. Бұрхан Шаһидидің жазуынша, кей кезде 2-3 мысқал 20-30 грамм тұратын алтын жүзікке 50 килограмм ұн айырбастап алу қиынға соғатын. Көптеген тұрғындар мен сырт жерлерден қашып келген мүсәпірлер «қайыр-сақауат» қоғамының «ұмаш көжесімен» жан бағатын. Өлке орталығының жағдайы осындай болғанда қалған өңірлердің жағдайы онан да бетер еді. Цзинь Шужэнь үкіметі әскери-әкімшілік қаражатты қағаз ақша жасайтын машинаға сүйеніп табатын. 3 сәрілік /1932 ж./, 10 сәрілік /1933 ж./ құндағы «өлке ақшасы» айналымға шыққаннан кейін, ол барған сайын құнсыздана берді. Бір сәрі алтынның бағасы 1932 жылы 700 сәрі өлке ақшасы болса, кейін ол аяқ астынан өрлеп 4000 сәріге шықты. Бір юаньдық күміс теңгені 40-50 сәрілік өлке ақшасына алмастыруға болатын. Күнделікті тұрмысқа шұғыл қажетті өнімдердің бағасы да соған байланысты тежеусіз кетті. Саудагерлер зиян тартудан алаңдап, қолдарындағы затты сатпай қамбаларына басып қойды, кейбіреулері дүкендерін тарс жауып, басқа жаққа кетті [106,362-363].

Кей мәліметтерге қарағанда, 1933 жылы бүкіл Синьцзянның егістік жер көлемі Құмыл оқиғасынан бұрынғы он неше миллион мудан /ар/ 4 миллион 600 мың муға /арға/ азайған. Мал шаруашылығы да өте ауыр шығынға ұшырап, мал басы 4 миллион тұяқтан азайып, 3 миллион тұяққа кеміп кеткен [106,505].

Шэн Шицай үкіметі құрылғаннан кейін де әкімшілік-әскери қаражат тағы да сол қағаз ақша шығаруға сүйеніп шешім етілді.

Б. Шаһидидің баяндауынша, сол кезде 50 сәрілік ақша айналымға шыққан әрі базарға бірнеше 100 сәрілік чек түскесін, зат бағасы тіпті де өрлеп, кейбір товарлар көзден ғайып болды. Сөйтіп, 100 жың /50 кг/ ақ ұн 12 мың сәрі өлке ақшасына пара-пар болды. Әдеттегі үкімет қызметкерлері мен мұғалімдердің айлығы өз басын асырауға да жетпей қалды.

«Шэн Шицай билік басына шығудың қарсаңында ұдайы соғыс аласапыраны болуы салдарынан малшаруашылығы қатты күйзеліп, жылдар бойы егін егілмей, сауда-саттық үзіліп қалып, қазақ халқы аса ауыр тұрмыс қиыншылығына тап болды. Оның үстіне 1933-1934 жылдары қыста қалың қар жауып, көктемде «егіз тауық» деп аталған үлкен жұт болып, мал қырылып, халық ашаршылыққа ұшырады. 1929-1930 жылдардан бастап, Кеңес Одағындағы «асырасілтеушілік» салдарынан он мыңдаған қазақ шаруалары Синьцзяндағы қазақы аймақтарға шұбырып келіп жатты. Бұл ашаршылықтың оларға тигізген зардабы да адам айтқысыз ауыр болды» - делінеді Н. Мыңжанұлы еңбегінде [73, 581-582].

Ел ішіндегі саяси-экономикалық күйзеліске қоса Кеңес Одағынан көптеген шаруалардың үркіп, босып келуі ондағы тұрғын халықтың, әсіресе, қазақтардың тұрмыс күйін тіптен қиындатып жіберді. Соған қарамастан халық ел басына түскен ауыртпашылықты бірге көтерді. Саяси қуғын-сүргін көріп, сергелдеңге түскен ағайынға ауызындағысын жырып берді. Шэн Шицай үкіметі болса күнне-күнге асқынып отырған саяси-экономиялық жағдайға байланысты Кеңес Одағынан жан-жақтылы көмек алуға мүдделі болды. Ол Кеңес Одағы жіберген мамандардың көмегімен Синьцзянды әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамытудың 10 пунктен тұратын бағдарламасын жасап шықты. Онда: еңбекке орналастыру және жалақымен қамтамасыз ету, ұлттық парықтарды түбегейлі жою, кен көздерін ашу, егіншілерге жәрдем беру, финанс жүйесін ретке салу т.б. шаралар қарастырылған [69, 158-159].

Бұл орайда Кеңес Одағымен болған сауда қатынасы тек Шэн Шицай билік басына отырған соң ғана қолға алынды десек ағат айтқандық болар еді. Кеңес Одағы мен Синьцзян халқының дәстүрлі сауда алыс-берісі бұның алдында да белгілі деңгейде дамып отырған болатын. Оның ішінде, әсіресе, кеңестік Орта Азия мен Синьцзян арасындағы сауда қарым-қатынасы Кеңес Одағы мен Гоминьдан үкіметтері арасында ресми қарым-қатынас орнағанға дейінгі мерзімде тіпті де тығыз болды. 1926 жылғы санаққа негізделгенде Кеңес Одағы Синьцзянның сыртқы саудасындағы үлестің 80-85%- ын иелеген [34,191]. Өлкедегі товар айналымы негізінен Кеңестік базарға бағытталып отырған. Сондай-ақ 1930 жылы 2 мамыр күні Синьцзян үкіметі Қазақ КСР-нің Халық комиссарлары кеңесіне Түрксиб теміржолының ашылуына байланысты құттықтау хатын жолдап, Түрксибтің ашылуы тек Кеңес Одағының халық шаруашылығын ілгері бастыру үшін ғана емес, Синьцзян халқының тұрмыс өресін жоғарылату үшін де орасан зор маңызға ие деп атап көрсеткен еді [69,157].

Бұдан Кеңес Одағы мен Синьцзянның сауда қарым-қатынасының тарихи негізде жүйелі дамып отырғандығын аңғаруға болады. Бұл қатынастардың бір қалыпты дамуына кейінгі кезде 30-шы жылдардың басындағы Синьцзяндағы аумалы-төкпелі жағдай кері әсерін тигізді.

Кеңес Одағы өзіне тиімсіз жағдайдан тезірек құтылу үшін 1931жылы Синьцзян басшыларымен келісім жасасқан тұста оларды өлкедегі «мұсылман бөлшектенушілеріне» қарсы күресте әскери-техникалық тұрғыдан қолдауды мақсат етті. Шэн Шицай билік басына келгеннен кейін, Кеңес Одағының «Синьцзянның қоғамдық өмірін демократияландыру» жөніндегі ойлары жүзеге асқандай болды. Ендігі жерде Синьцзянның халық шаруашылығын дамытуға Кеңес Одағы өз тарапынан мүдделілік танытып, жан-жақты қолдау көрсетті. «1935 жылы 22 наурызда ЦК ВКП(б)-ның Синьцзянға экономикалық тұрғыдан көмек беру мәселелері бойынша арнайы отырысы болды. Онда Синьцзянға қарыз ақша беру және инженер, техниктер жіберу мәселесі қарастырылды. Сондай-ақ Кеңес Одағы тарапынан «Совсиньторг» (Кеңес Одағы-Синьцзян сауда) компаниясы мен Синьцзян «Юйсинь» жергілікті өнімдер компаниясы («Тучан гунсы») арасында екі жыл бойына Синьцзянда тері өңдеу, мақта тазарту, мұнай өңдеу заводтарын салуға, тас жол жасауға, электрстанциясын және басқа да өнеркәсіп орындарын құруға қажетті жабдықтармен қамдау туралы келісімге қол қойылды» [69,159].

Келесі тамыз айында Синьцзян «Юйсинь» жерлік өнімдер компаниясының бастығы Бұрхан Шаһиди СОВСИНЬТОРГ-пен Кеңес Одағынан 5 миллион алтын сом қарыз ақша алу туралы келісім-шартқа қол қойды. Бұдан соң 1937 жылы 27 қаңтарда Кеңес Одағы Синьцзянға тағы да 2 миллион 500 мың алтын сом қарыз ақша берді.

«Шэн Шицай Кеңес Одағымен келісім-шарт жасасып, Синьцзянда алты ірі саясатты жолға қойып, Кеңес Одағынан бас-аяғы 8 миллион юань (рубль) қарыз алып, олармен сауда келісімін жасасты. «Совсиньторг» деп аталатын сауда компаниясын құрып, Ішкі Қытаймен болған сауданы тоқтатып, Синьцзян халқының тұрмыстық қажетін аталмыш компания арқылы қамтамасыз етіп отырды» – дейді. К.Акрам өз естелігінде [4,125].

Осы қарыздар жайлы тоқтала келіп, Б.Шаһиди де мына жайлардың басын ашады: «Шэн Шицай үкіметі құрылғаннан бастап, оның финанс жүйесі ылғи да тұрақсыздық жағдайды басынан кешірді. Аталмыш салада белгілі деңгейде тәртіпке салу, реформалау жұмыстары жүргізілгенімен, бәрібір шығыс кірісті ақтай алмай, шетелден қайта-қайта қарыз алуға тура келді. Мен «Юйсинь» жерлік өнімдер компаниясындағы қызметімнен қол үзгенге дейін Синьцзян өлкелік үкімет мәжілісінің мақұлдауы арқылы «Совсиньторгтен» қарыз алған ақша 8 миллионға жақын АҚШ долларына пара-пар болды. Бұл әкімшілік аппараттарға, өлкелік ауруханаға, «Синьцзян газетханасы» қатарлы орындарының «Совсиньторгтен» сатып алған қатынас құралдары, баспа машиналары, медициналық жабдықтарына және дәрі-дәрмекке кеткен қаражатты қамтиды» [106,560].

Шэн Шицай үкіметі өлкенің күйзелген экономикалық жағдайын түзеу үшін шетелден қарыз ақша алумен бірге, төмендегідей бірсыпыра шараларды қолданды. Біріншіден, бюджетке сүйенетін кадрлар мен педагогтардың тұрмысы мен көңіл-күйін тұрақтандыру үшін үкімет басқарған тұтыну кооперативін құрып, олардың тұрмысына шұғыл қажетті бұйымдарды үкімет есебінен арзан бағада сатып, белгіленген норма бойынша ай сайын жеткізіліп беріп отырды. Екіншіден, шаруашылық жөніндегі кеңесшісінің пікіріне сай мекемелерді тәртіпке салу комитеттері құрылып, мекемелердің жұмыстағы адам саны анықталып, қосымша міндет өтеу және қосымша айлық алу жағдайы өзгертілді. Штаттан артық әскери-әкімшілік саладағы қызметкерлер қысқартылды немесе басқа аудан-аймаққа жіберіліп жергілікті аппараттарды толықтады. Үшіншіден, финанс жүйесі реформаланды. 1934 жылдан бастап Синьцзянда өлкелік бюджет пен оның іске асырылу сметасы жүйелі түрде жолға қойылып, жергілік финанс тарауларының кірісі дер кезінде жоғарыға мәлімделіп отырды. Салықтан түскен қаражатты әркімдердің өз бетінше ұстап қалуына және істетуіне қатаң тосқауыл қойылды. 1934 жылы әр мекеме орындарының есеп-қисабын кез-келген уақытта тексеруге құқылы финанстық бақылау комитеті құрылды. 1935 жылы 1 мамырда үкімет мүшелерінің жең ұшынан жалғасуына, парақорлық пен қиянатқа /казнокрадство/ қарсы арнайы белгілемелер шығарды. Онда:

500 юаньнан астам ақшаға қиянат жасаушылар өлім жазасына немесе мәңгілік қамау жазасына кесіледі;

400 юаньнан 500 юань аралығында қиянат жасаушылар 10 жылдан 15 жылға дейін қамау жазасына кесіледі;

300 юаньнан 400 юань аралығында қиянат жасаушылар 5 жылдан 10 жылға дейін қамау жазасына кесіледі;

100 юаньнан 300 юаньға дейін қиянат жасаушылар 1 жылдан 5 жылға дейін қамау жазасына кесіледі-деп белгіленген.

Шэн Шицай осы белгілемелерге сай кейбір ерекше сот жұмыстарын жүргізіп, қиянат жасаушыларды қатаң жазаға тартты.

Осындай қатаң шаралар арқылы қарыз ақшаның көзделген мақсаттарға жұмсалуына кепілдік етті. Бұл қаражатқа әскери құрал-жабдық, ұшақ, автомобиль, егіншілік техникаларын сатып алды. Сондай-ақ, тас жол жасау, электр станциясын, лампочка заводын, мақта тоқыма заводын және май ажырату заводтарын құруға да жұмсады. Ал Кеңес Одағынан алынған қарыз 5 жыл ішінде «Юйсинь» жерлік өнімдер компаниясы арқылы, жерлік өнімдер есебінен қайтарылатын болады деп белгіленді.

Бірақ Шэн Шицай үкіметі осы кезде әскери дайындықтарға да көбірек көңіл бөлгендіктен, тұралаған шаруашылықты бірден жақсарту мүмкін болмады. Тарихи деректерде жазылғанындай, 1934-1936 жылдары ел өмірінде ептеген өзгерістер болғанымен, оның арты тағы да ауыр экономикалық дағдарысқа дөп келіп тұр еді. Мысалы, 1935-1936 жылдары қазақтар мекендеген «Алтай аймағына ауылшаруашылық саймандары, астық және тұрмысқа аса қажетті бұйымдар – мата, шәй, шекер секілді бұйымдар әкелінген, соған қоса тірі малдың бағасы мен шикізаттың бағасы өсірілген. Сондай-ақ халық егіншілік істерімен шұғылданған, қазақ малшылары да жер жыртып, астық салумен айналысқан… Төменгі бес аудандағы қазақтарға өкіл ретінде Буыршыннан Абдурахман Тоқылов, Шіңгіл, Көктоғай аудандарындағы қазақтарға өкіл ретінде Зателбай, ұйғырларға өкіл ретінде Мамұтбай, Ғопур, Минуәр; қытайларға өкіл ретінде Чжань Бинсинь деген кісілер сол кездегі Алтай аймағының әкімі Шәріпхан арқылы Кеңес Одағымен сауда бітіміне қол қойып, товар алмастырды. Бұлардың бәрі бұрынғымен салыстырғанда дамушылық деп есептелінетін. Дей тұрғанмен, мұнда да халықтың есебінен пайда көрушілік едәуір ауыр еді. Аталмыш саудагерлер елдің тірі малы мен шикізатын арзан бағада сатып алып, Кеңес Одағынан келушілерге өздері келіскен бағада қымбатқа өтікізіп отырды. Мысалы, өткізген қойдан 30% пайда болса, оның 20-25%-ін ғана халыққа берді. Аманатқа мал қосқан адамдардың малынан 15% пайда алды. Кеңес Одағынан келген дайын өнімдердің игілігін тек байлар ғана көрді. Көп санды кедей шаруалардың өткізерлік малы болмағадықтан, келіп жатқан товарлардан құр алақан қалып отырды» [97.44].

Жағдай қиындаған кезде Шэн Шицай үкіметі 5 жылда қайтаруға тиісті қарызды салық есебінен қайтаруға бет бұрды. Оған 1938 жылдардағы салық деңгейінің жоғарлауы айқын дәлел болады. Мысалы, сол кезде ұсақ малға 5%, ірі қараға 3% салық төленді. Оның үстіне салық төлемі үшін, ылғида ісек қой алу белгілемесі шығарылды. Бұл белгілеме жалпы малшылар қауымына, өте ауқаты төмен малшыларға үлкен ауыртпалық болды. Өйткені өздерінің еркек қойлары болмаған малшылар, бір құнан өгізге немесе бір тайға өзгелерден бір еркек қой айырбастап алып, тапсыруға мәжбүр болатын. Оның үстіне одан ілгері болып көрмеген «қан салығы», «айырбас салығы» дегендер пайда болып, айырбас салығының мөлшерін 6%-ке, қан салығының мөлшері 5%-ке жетті. Онан да сорақысы сол, қан салығының алыну көлемін қыстық соғымға, тіпті әйелдердің қалжасына сойған малға дейін кеңейтті [85,12]. Мұны сол кездегі жағдайды өз көзімен көрген Қ.Уәлиев те тілге тиек етеді: «салыққа тапсырар малы болмағанда шаруалар қой үшін байларға жалданып, олардың шөбін шабатын. Ол кезде бір ай шөп шабу ақысы 3 қой болатын» [97,46].

Тарихи деректерге негізделгенде «1935 жылы Алтайда алтын кен мекемесі құрылып, Қара Ертістің басы Сұмдайырық, Жашқарағай, Тойтұғыш, Жаңасай, Жолты сынды Бурылтоғай және Алтай аудандарына қарасты өңірлерден үкімет басқаруындағы алтын кендері ашылды. Кен ашу жұмысын жұрт: өте жақсы ойластырылған игілікті бастама», - десті. Алғашында шынымен де солай болды. Өйткені кендерді ашатын жұмысшылар, негізінен жергілікті жердегі әр ұлт халықтарынан қабылданды да, қолы қысқа еңбекшілердің кәсіппен шұғылдануына, тұрмыс тапшылығын шешуіне әжептәуір тиімділік жасалды. Бірақ арада бірер жыл өтер-өтпестен әлгі «жұмысшылар» қожайындарына тіл қайтара алмайтын басы байлы құлдардың кебін киді. Алғашында белгіленген жалақы қайта-қайта кеми берді. Ең соңғы тұрақтанған жалақының өзі жұмысшылардың кен орнынан кезінде қарызға алған азық-түліктерін, киім-кешектерін қайтаруға жетпей қалып отырды. Мұндай күйге душар болған «жұмысшылардың» басқа бірер әрекет істеп, әке-шеше, бала-шағасын бағуды ойлап үйлеріне қайтпақ болғандарын кен қожайындары жібермей, қарулы бақылауға алып, зорлықпен еңбекке салды [85,12]. Сондықтан бұл алтын қазушы «жұмысшылардың» да кегі қайнап, үкіметке қарсылығы күн сайын күшейе түсті.
Қолыма қалам алайын,

Азырақ сөйлеп алайын.

Алтын қазып Алтайдан,

Азаптың көрдім талайын.

Ит орынына істетті,

Алтыншының малайын,

Баста ерік жоқ сорлымыз,

Қай жерден пана табайын…
-деген өлең жолдары да сол кездегі алтын қазған қазақтың қасіретін бейнелейтін.

Оның үстіне Шэн Шицай үкіметі бұл алтын қазушы жұмысшыларға азық-түлік, киім-кешек, құрал-саймандарды жеткізіп беруге қажетті ат-өгіз, түйе тектес көліктерді қамдауды жерлік қазақ шаруаларының мойнына жүктеген еді. Бірақ үкімет ат-көлікті жалдау (кірелеу) ақысын базар бағасынан 5% кем төлейтін. Солай бола тұрса да, осынау кем төленген кіре ақының өзі кірекештердің тамағына, ат-көліктің жем-шөбі мен тағасына, қом-шомына жұмсалып кетті деген желеумен ақы иесінің қолына тимейтін. Бұл алымдар бай-кедейге бірдей бөлінетіндіктен, ат-көлігі жоқ кедейлер өз соқа бастарын жалдауға мәжбүр болатын [97,246-247]. Яғни, әлгіндей басыбайлы жұмысшылардың келу себебі де осы жайлармен байланысты. Мұның өзі қыр сахарадағы қазақтар үшін құлдықтың жаңа бір түріндей көрінді. Өйткені алтын кендерінде оларды ұрып-соғу, дүрелеу, қарулы күшпен құқай көрсету, тіпті сұрақсыз-сотсыз атып тастау жәйттері үнемі болып тұратын. Оның үстіне Шэн Шицай үкіметі кез-келген уақытта халықты жаныштау және өз үстемдігін қамтамасыз ету үшін 1938 жылдан бастап Алтайға қыруар әскер апарып орналастырды. 1939 жылдың соңында ондағы арнайы бақылаушы әскер саны 2000 адамнан асты. Ал әлгіндей алтын кен мекемелерінде істейтін «жұмысшы-қызметкерлер» делінген шаруа құлдардың саны 5000 шамасында болды. Бұл 30-жылдардың соңын ала Синьцзян қазақтарының әлеуметтік-экономикалық жағдайының тіптен қиындай түскенінің тағы бір көрінісі еді.

Шэн Шицай билік басына келгеннен кейінгі бір мезгілде, яғни, 1935-1936 жылдарда Солтүстік Синьцзянның малшаруашылық, егіншаруашылық аудандарында өндіріс пен тұрмыс қалпына келіп, жақсы жағдай қалыптасқандай болғанымен, шын мәнінде ауыл-аймақтардың жағдайы бірдей жақсарып кетті деуге келмейтін. Мұны Шэн Шицай билік басында болған кездері Синьцзянның сыртпен болған сауда-саттық істеріне жауапты болған Бұрхан Шаһидидің төмендегі сөздерінен де байқауға болады: «Мына бір мәселенің басын ашып айту ләзім, - дейді ол, - Шэн Шицай егін, мал шаруашылығын қалпына келтіру дегенде, халықты емес, қайта өз билігінің тұрақтылығын көзде ұстады. Шэн Шицай кей мәжілістерде Синьцзянның қаржылық кірісі негізінен егіннен, мал шаруашылығынан, кеденнен алынатын салық арқылы жиналады, егін, мал шаруашылығы қалпына келтірілмесе үкіметтің кірісі құриды, мұндай жағдайда халықтың және әскерлердің азық-түлік мәселесі тығырыққа тіреледі. Осы беті кете берсе, әлеуметтік тұрақтылықты сақтау қиындай түсумен бірге, әкімдік лауазымға да ешкім қызықпайтын болады деген еді» [106, 507].

Расында да солай еді. Бұл мейлі халықшыл, немесе халықшыл емес билік иелерінің бәрінің басында болатын уайым болса керек. Шэн Шицайдың билікке қолы жете сала осындай ауыр да, күрделі шаруашылық дағдарысымен бетпе-бет келуі оны белгілі деңгейде өзінің саяси мақсаттарын бүркемелей тұруға итермеледі. Бірақ Синьцзянның онысыз да қиын күйдегі шаруашылық дағдарысы, оны тізгіндеуге әлі де дәрменсіздік танытып отырған үкімет билігі алдында тіпті де тежеусіз кетті. Тарихи деректерге сүйенсек, 1938 жылы Синьцзян өлкесінің жылдық қазына кірісі 13,5 миллион өлке ақшасы, жылдық шығысы 19,5 миллион өлке ақшасы болған. Ал келесі 1939 жылы қазына кірісі 17,6 миллион өлке ақшасы, шығысы 28,5 миллион өлке ақшасы болған. Сол кезде өлкенің бүкіл кірісі Синьцзян өлкелік қазынаға тапсырылатын. Бұл табыстың 90% түрлі салықтардан құралатын. Сол кездегі түрлі салықтан және кәсіпорындардың капитал қосуынан түсетін пайда түрлері төмендегідей еді:

1.Түрлі кен өнімдерінен алынатын салықтан (тұз салығын қамтиды) кіретін пайда;

2.Сауда-саттық /шәй, кәресін, сіріңке, автомобиль салығынан түсетін/ салық пайдасы;

3.Кеңес Одағымен арадағы саудадан алынатын салық пайдасы;

4.Мал басына салынатын тұяқ салығы және жер салығынан, егіншілік салығынан түсетін пайда.

Кеден салығы Кеңес Одағы белгілеген баға бойынша алынатын. Ал экспорт етілетін өнімдерден жергілік өнімдер компанясы, Салық басқармасы, товар алушы саудагерлер, сауда-өнеркәсіпшілер қауымдастығы тектес орындар мен жекелер бірлесіп белгілеген санға сай кеден салығы алынатын. Соған сәйкес, 1938 жылдан бастап импортпен келген заттардан 7,5%, экспортқа шығарылған заттардан 5% салық алынатын болған [103, 269-270].

Тарихи деректерге негізделгенде сол кезде (1938 ж.) Солтүстік Синьцзян бойынша Іле өңірінің егістік жер көлемі 3 миллион му (ар) болып, бүкіл Синьцзяндағы жалпы егістік жер көлемінің 15,1-%-ін, Үрімжі өңірінің егістік жер көлемі 2 миллион 550 мың му (ар) болып, егістік жер көлемінің 12,8%-ін, Тарбағатай аймағының егістік жер көлемі 900 мың му (ар) болып, жалпы егістік жер көлемінің 4,6%-ін, Алтай аймағының егістік жер көлемі 450 мың му (ар) болып, жалпы егістік жер көлемінің әрең 2,4% -ін иелейтін [103, 269-270].

Бұл деректерден сол кезде бүкіл Синьцзян бойынша егістік жер көлемінің 19,867,549 му (ар) болғандығын, оны сол кездегі тұрғын халыққа есептегенде әр адам басына 3,97 мудан (0,26 гектардан) ғана келетіндігін байқауға болады. Мұның өзі қоғамдық өндірістің даму талабынан әлде қайда шалғай жатқан еді. Оның үстіне бұл көрсеткіш 1944 жылға дейін үздіксіз кеміп отырған.

Бұл туралы Н.Н.Мингуловтың «экономикалық жағдай күннен-күнге құлдырады. Ауылшаруашылығы тығырыққа тірелді, мал басы барған сайын кеміді. Егістік жер көлемі жылдан-жылға азайды. Мысалы, 1940 жылы егістік жер көлемі 20 миллион му (ар) болса, өлкені гоминьдан күштерінен тазартқанға дейін оның мөлшері әрең дегенде 12 миллион муға (арға) жетті» [68,68], – деген пікірі де жоғарыдағы сан-цифрларға негізінен сәйкес келеді. Оның пайымдауынша 1942 жылы малдың саны 17 миллион бас болса, 1949 жылы әрең дегенде 12 миллион бас болған. Ал дихандар мен малшы қауымы салықтың 22 түрі бойынша ақша төлейтін. Осы аталған мал мен жердің 70-80%-і ірі-ірі феодал-байлардың қолында болған. Халық оның небары 10-15%-нен ғана игіліктенген. Жері аз немесе жері жоқ дихандар ірі жер иелерінен жоғары қайырыммен алып егуге мәжбүр болатын. Мұндайда жерді жалға (арендаға) алушы дихан күзде алған өнімінің 3/5 немесе 4/5 бөлегін жер майы (аренда ақысы) үшін қайтаруға тиіс еді [68,69].

Соның салдарынан халыққа ішер астық үнемі жетіспейтін болды. Оған қоса 1942 жылдан бастап Шэн Щицай үкіметі Кеңес Одағынан бет бұрып, сауда тоқтамдарын күшінен қалдырғандықтан, Кеңес Одағынан келетін тұрмыстық тұтыну бұйымдары шәй, қант, мата тектес товарлар базарда күрт азайды. Мысалы, Кеңес Одағынан Синьцзянға тасымалданған заттың көлемі мен құны 1937 жылы 23,133 тонна, 34 миллион 735 мың сом; 1938 жылы 29,596 тонна, 43 миллион 381 мың сом; 1939 жылы 27,364 тонна, 33 миллион 107 мың сом; 1941 жылы 33,240 тонна, 47 миллион 97 мың сом болса, бұл көрсеткіш 1942-1943 жылдары күрт азайған. Атап айтқанда, Кеңес Одағынан Синьцзянға тасымалданған заттың құны 1942-1943 жылдары жеке-жеке 21 миллион 900 мың және 11 миллион 600 мың сомға кеміген [82, 149-152].

1944 жылы Гоминьдан билеушілері Синьцзянның әскери-әкімшілік билігін өз қолдарына алғаннан кейін, халық шаруашылығын қалпына келтіруге немкетті қарап, халықтың әлеуметтік, экономикалық қал-ахуалын одан ары қиындатып жіберді. Оны былай қойғанда, гоминьданның әскери офицерлері халықты ашықтан-ашық талап, парақорлық пен қиянатшылыққа жол берді. Сол кезде әкімшілік мәнсаптарды ақшаға оп-оңай сатып алуға болатын. Мысалы, аудан әкімі лауазымы 600-700 сәрі күміске, ауыл бастығы лауазымы 150-200 сәрі күміске сатылатын. Кімде-кім аз ғана мәнсапқа қолы жетсе, ептеп баюына болатын. Оның үстіне гоминьданьшылар басқарған Синьцзян өлкелік үкімет қағаз ақшаны үсті-үстіне шығарып, мұның соңы тағы да ақшаның құнсыздануы мен зат бағасының өрескел дәрежеде қымбаттауына әкеліп соқты. Осының салдарынан 1944 жылғы зат бағасы 1937 жылға қарағанда 8,5 есеге артты.

Ол аз болғандай Шэн Шицай мен гоминьдан үкметі өздеріне шұғыл қажетті әскери ат- көлікті қамтамасыз ету үшін Іле, Алтай, Тарбағатай аймақтарындағы қазақ малшыларынан әскери жәрдем ретінде 10 мың ат жинау туралы жарлық шығарды. Жарлықта ат-көлік бере алмайтындар, аттың базар бағасынан жарты баға жоғары деңгейде ақшалай жәрдем өтейді делінген [112,923]. Бұл айналып келгенде, Шэн Шицай мен гоминьдан үкіметтерінің қарапайым халықты онан сайын қысып, өз айтқандарына амалсыз көндірудің тағы бір тәсілі еді.

Кей тарихи деректерде Шэн Шицай дәуіріндегі жемқорлық жайлы айта келіп, былай делінеді: Кейінгі кездерде үкімет ісінде пәк болу тек басқа мәнсаптылардан талап етілді де, Шэн Шицайдың өз басы мұның сыртында қалды. Оның қиянатшылық істеп, байлық топтау тәсілі басқа әрқандай адамға ұқсамайтын. Ол алдымен адамның өзін жеп құртып, сонан соң байлығын алатын. Бұл жолда ол тәсіл талғамайтын. Ол бұрыннан әкімшілік салада істеп байып алған ірі-ірі чиновниктерді, ірі саудагерлерді, ақұн, ламаларды, байларды іркес-тіркес қолға алып, онан соң мал-мүлкін тәркілеп, түгелдей өзі қымқырып алатын. Қысқа ғана бірнеше жылда ол 10-20 тонна алтын-күміс, бриллянт және сол тектес қымбат бағалы дүниелерді жинаған. Ең соңында Синьцзяннан кетерінде Чан Кайшиге 55.000 сәрі (3 тонна) алтын тарту еткендігіне қарағанда, ол Синьцзяндағы кезінде 200-300 мың сәрі алтынды бауырына басып қалған болуы әбден мүмкін. Мұндай фактілер Синьцзян халқы тәңіріндей табынған «күн көсем» Шэн Шицайдың нақтылы кейіп-кесірін, ашкөздігін ашып көрсетеді.



Қортыа айтқанда, XX ғасырдың 30 жылдарының соңы мен 40 жылдардың басында Синьцзян қазақтарының тұрмыстық хал-ахуалы өте қиын жағдайда еді. Оған себеп, Шэн Шицай үкіметінің шаруашылық саясатының тұрақсыздығы, әрі алым-салықтың барған сайын көбеюі, ұлттық езгі мен қанаудың күшеюі дер едік. Мұның арты қоғамдық қайшылықтардың барған сайын асқынуына және әлеуметтік тұрақсыздыққаалып келді.
§4 Қазақтардың шет-жұрттарға ауып сергелдең болуы
Біз Синьцзян қазақтарының XX ғасырдың 30-шы жылдарындағы түрлі әлеуметтік қиыншылықтарын тілге тиек еткенде, бұл қиыншылықтардың тарихи тамырын тек сол 30-шы жылдардан, атап айтқанда, Шэн Шицайдың террорлық үстемдігінен ғана іздесек жеткіліксіз болар еді. Өйткені қазақ халқының қолынан биліктің кетуі, сол арқылы өзінің тарихи ата қонысында басқаларға кіріптар күй кешуі, қорлық-зорлық көруі тек Шэн Шицай билік құрған дәуірімен ғана шектелмейтін. Бұл кіріптарлықтың тарихи тамыры XIX ғасырдағы Ресей мен Ман-Цин империяларының қазақ жерін сырттай бөліске салуы кезінен басталған-ды. Қазақтардың Қытайға қараған бөлігінің XX ғасырдың алғашқы он жылына дейін негізінен өз билігі өз қолында болып келсе де, Синьхай төңкерісінен кейін ауыр ұлттық езгіге, бөлшектеуге, қанауға және жаныштауға ұшырап отырды. «1900 жылдан кейін, яғни Ян Цзэнсинь, Цзинь Шужэнь дәуірінде /Іледегі/ Күре генералдары қазақ, қырғыз, моңғол, сібе ұлттарын биледі. Қазақ пен қырғыз салық төледі, сібе мен моңғол әскер болып шекараны қорғады» [18, 38]. Ман-Цин және кейінгі «Чжунхуа-миньго» үкіметтері кезінде олардың қазақтарды шекара қорғауға қоймауында да өзіндік себептер бар еді. Өйткені Қытай шекарасының қазақтар қоныстанған шалғай солтүстік-батыс бөлігінің сыртында жасаушылар да олармен /қазақтармен/ тарихи, географиялық және этникалық тұрғыдан бөліп қарауға келмейтін біртұтас этнос еді. Оның үстіне қазақтардың Ресейге қараған бұл бөлігі Қытайға қараған бөлігінен көп еді. Мұндай жағдай Қытай мемлекетінің шекарасының бүтіндігі мен тарақтылығына қауіпті еді. Сөйтіп олар бұл шекараны қорғауға сонау шалғайдан Қытайдың солтүстік-шығыс бөлігін мекендеуші сібе және дағұр ұлттарын көшіріп әкелді. Олар жетіспеген жағдайда шекара қорғауға бұрындары қазақтармен көбірек соғысқан моңғолдарды қойды. Ал қазақ пен қырғыз оларға алым-салық төлеп отыруға міндетті болды. Бұл сол көне кезеңнен басталған қазақтарға қаратылған сенбестік пен ұлттық езгінің бір көрінісі еді. Өйткені бұл дәуірде билік басына келген үкіметтердің қай-қайсысы да ұлттық қайшылықтарды үйлесімді бір жайлы етуге дәрменсіз еді. Оның тағы бір көрінісі ретінде XX ғасырдың алғашқы кезінен басталған қазақ шаруаларының шет-жұрттарға, тіпті шалғай шетелдерге ауа көшкен ауыр тағдырын атауға болады. Мұның өзіне де әміршіл өгей үкіметтің қол астындағы бұқара жұртына қаратқан саяси мәмілесінің дұрыс болмауы себеп болды. Енді бір жағынан аталмыш дәуірдегі жаңа үкіметтердің озбырлығы мен ұлттық алалауы қазақтарды оларға деген сенімнен, сүйіспеншіліктен біржолата айырған еді. Сөйтіп, олар бұл зорлықшыл күштердің қысымынан бұрынырақ құтылып, өзін-өзі билейтін ұлттық билік құруды қалайтын. Бұл жолда жүргізілген ептеген, ішінара қарсылық күрестері тығырыққа тірелген кезде бір бөлім ел ағалары және оларға ерген халық жат өлкелерге, тіпті шалғай шетелдерге дейін кетуге мәжбүр болды. Бұл көші-қонды қазақтар «елдің үркуі», «қызыл қырғын, сар сүргін» деп атады. Қазақтарды туған жерінен, ата-баба қонысынан ірге көтеруге мәжбүр еткен мұндай шектен асқан тағылық саясат 40-шы жылдардың соңына дейін жалғасты.

Қытай қазақтарының арасындағы ірі-ірі толқулар мен шет жұрттарға ауа көшу алдымен Шығыс Синцьзяндағы Баркөл қазақтарынан басталды.

Бүгінде Баркөл ауданы әкімшілік жіктелісі жағынан Шығыс Синьцзяндағы Құмыл аймағына тәуелді. Оның солтүстігі Моңғол Халық Республикасымен, батысы Санжы-дүнген автономиялы облысына қарасты Мори қазақ автономиялы ауданымен, оңтүстігі Тянь-Шань тауы арқылы Құмыл ауданымен, шығысы Құмыл аймағына қарасты Аратүрік ауданымен шекараласады. Онда жасаушы тұрғындардың көпшілігі қазақтар болуына байланысты ҚХР құрылғаннан кейін 1954 жылы 30 қыркүйекте автономиялық аудан статусын алып, Баркөл қазақ автономиялы ауданы деп аталды. Баркөл ауданы Алтай, Тянь-Шань тауларының шығыс сілемдерінің түйілісіне таяу орналасқандықтан, жартылыстық шар-жағдайы мал, егін шаруашылықтары үшін өте қолайлы өңір болып есептеледі. Әсіресе, оның Тянь-Шань тауымен жанасып жатқан оңтүстік бөлігі орман-тоғайлы, жасаң жайылымды келеді. XV ғасырдағы Ойрат басқыншылығына дейін бұл жерлерді қазақтың көне ру-тайпалары мекендеп келгені белгілі.

Қазақтардың Баркөл өңірін қайтадан қоныстана бастауы XIX ғасырдың 80-ші жылдарының бас кезіне тұспа-тұс келеді. Тарихи деректерге негізделгенде 1883 жылы ең алғаш найман Дәлдебай, Көкдархан бастаған жүздей отбасы Алтайдан көшіп, Жемсары, Мори, Бәйтік тауы арқылы Баркөл өңіріне келіп ірге тебеді. Сонымен бірге керей Қамысбай, Жамысбай атты ағайынды кісілердің бастауында біраз елдің осында көшіп келгендігі жөнінде де мәліметтер кездеседі. Онан кейін 1889-1890 жылдары керейдің жәнтекей руынан Әрмит, Жамысбай, Сыдық, Шылғаубай, Тоқпақ, Балпанақ және уақ Шаяхмет, Смайыл бастаған 200 отбасы Алтайдан Баркөл жеріне көшіп барады. 1895 жылы тағы да керейдің жәдік руынан Қайырбай, сарбас руынан Шүленбай тектес кісілер 200 отбасын бастап Баркөлге көшеді. 1912-1913 жылдары Ноғайбай, Буратай, Тарни тектес кісілер 1000 отбасын Баркөлге көшіреді. 1917 жылы тағы 300 отбасы Тарбағатай, Алтай өңірінен көшіп Баркөлге барып мекендейді. 1927 жылға келгенде Үрімжінің шығысындағы Жемсары, Мори, Шонжы аудандарынан көшкен 2000 отбасы Баркөлге барады. 1933-1935 жылы Алтай, Тарбағатай, Шонжы, Мориден көшкен 550 отбасы Баркөлді барып мекендейді. Сөйтіп, 1933 жылы Шэн Шицай билік басына келгенге дейін Баркөлге барып қоныстанған қазақ шаруалары шамамен 4500 отбасы болады [118,46]. Егер әр отбасында 6 адамнан бар деп есептесек, онда 1933 жылға дейін Баркөлді мекендеген қазақтардың саны 27000 адамға жеткен болады.

Сол кезде Баркөл қазақтарына біз айтып өткен ағайынды Қамысбай мен Жамысбай басшылық ететін. Тарихи деректерге негізделгенде «Қамысбай екі әйел алған. Бәйбішесінен 1880 жылы үлкен ұлы Қайса, 1883 жылы кіші ұлы Әліп туады. Тоқалынан 1885 жылы үшінші ұлы Қожаберген, 1887 жылы төртінші ұлы Қожақын туған. Қамысбайдың осы төрт ұлы ат жалын тартып мінгеннен бастап Баркөл қазақтарын билей бастаған. Солардың ішінде Әліптің десі бәрінен басым болған. Оның ақылшылары мен қолғанаттары негізінен Қайса, Шүленбай, Мұнабай, Елекбай тектес кісілер болыпты. Сол тұста Баркөл, Құмыл, Мори, Шонжы тектес Шығыс Синьцзян өңірі түгелдей олардың билігіне қарайтын [3,54].

Синьхай төңкерісінен соң, яғни 1912 жылы Үрімжі әкімі Ян Цзэнсинь шекара дубаны /бақылаушы/, әрі Синьцзян өлкесінің төрағасы қызметіне отырғаннан кейін, Синьцзяндағы жергілікті күштерді әр ұлттың феодал шонжарларын өз жағына тарту үшін Алтайдағы Әлен уаңның /князь/ інісі Шәріпханды, Шығыс Синьцзянның атаманы Әліптің үлкен ұлы Елісхан және Тарбағатайдың мыңбасы Мамырбектің ұлы Қызырды Үрімжіге әкеліп оқытып, оларға қытай тілін үйретеді. Кейін Синьцзянның жағдайы аумалы-төкпелі болып кеткендіктен, Ян Цзэнсинь жергілікті орындағыларды өз шеңгелінде мықтап ұстап отыру үшін Шәріпхан мен Қызырды маңызды қызметтерге тағайындаумен қатар, Елісханды Шығыс Синьцзян қорғаныс отрядының командирі етіп тағайындайды. Сол кезде Елісханда толық қаруланған 200 қол бар еді.

1931 жылы Құмылдың Тухулу деген жерінде Цзинь Шужэнь үкіметіне қарсы Қожанияз (ұйғыр) бастаған көтеріліс басталған кезде, Әліп оны Синьцзяндағы діни күштердің қолдауына ие болып отырған бірден-бір ықпалды діни қайраткер, оған сүйеніп көздеген мақсаттарға жетуге болады деп есептеп, 100 ат және 1000 қой атап, Қожаниязға рухани және материалдық жақтан жәрдем береді. Цзинь Шужэнь қалыптасқан жағдайдан хабар алған соң, дереу қол астындағы Шэн Шицайды Шығыс Синьцзянның бас қолбасшысы етіп тағайындап, Қожаниязға және оған Ганьсу, Циньхай тараптан көмекке келген дүнген қолбасы Ма Чжунинге қарсы аттандырады. Шэн Шицай әскерлері Жетіқұдыққа барғаннан кейін, қасақана Әліптен ат-көлік сұрайды. «Әліп Шэн Шицайды сіңбе, іргесі бос деп есептеді, оның үстіне өзімде төрт мың түтін, неше жүздеген қару бар, Шэн Шицайдың кектенуінен қорықпаймын деп оған көмек бермейді және оның жіберген өкілдерін байлап тастайды. Әліп Моңғолия жақпен де араз еді. Енді міне, Синьцзянды билеп тұрғандарды да шапқа түртіп алды. Сөйтіп ол Синьцзянда Шэн Шицайды қолдап тұрған Кеңес Одағының да кәріне жолықты» [3, 55-57], – дейді К. Акрам өз естелігінде.

1933 жылы 12 көкекте Шэн Шицай Цзинь Шужэньді аударып Синьцзянның әскери-әкімшілік билігінен тұтастай өз қолына алғаннан кейін Кеңес Одағы тарап және Моңғолия, сондай-ақ Синьцзян билеушілері оңтүстік пен солтүстік сауда жолының және шығыс пен батысқа қатынайтын «Жібек жолының» қауіпсіз болуын тілеп, Елісханды Шығыс Синьцзян шекара қорғаныс отрядының командирлігі қызметінен алып тастауды, әрі Әліптің қаруын жиып алуды ұйғарды. Бұл ой Шэн Шицайда бұрыннан болған. Бірақ, Әліптің шығыстағы күші мығым, онда 4000 түтін (отбасы) және мол қару-жарағы бар болатын. Оның кілең қазақтардан жасақтанған қарулы қолы шетінен соғыс өнеріне жетілген жігіттер еді. Оларға бірден төтеп беру қиын болатын. Бірақ бұл берік қамалды ішкі жағынан құлатудың өте оңай болатындығын әбден білетін Шэн Шицай адам жіберіп, Әліптің басқа шешеден туған інілерімен араға от жағып, оларды іштен бөлшектеді: «Бәйбіше балалары Әліп пен Қайса билік жүргізіп, жер-судың шұрайлысын иеленіп алды, ал тоқал балалары Қожаберген мен Қожақын құр алақан қалып отыр» деген секілді өсек сөздерді ел аузына салып жібереді. Мұны көңілдеріне дық алған Қожаберген мен Қожақын іргелерін алыс салып, Баркөлдің басқа жағынан жайлы қоныс іздемек болады. Бұрыннан осы орайды күтіп отырған Моңғолия жағы бұларды ішкі жақтан онан арман бөлшектемек болып, тоқал балалары Қожаберген мен Қожақынды Моңғолияға қарасты Алатау өңіріне барып қоныстануға шақырады. Шэн Шицайдың әскер жіберіп Әліп пен Қайсаны құртпақ болғанын естіп, пәленің өз бастарына да келіп қалуынан қорыққан бұл екеуі, Моңғолия тараптың шақыртуын қабыл алып, 60 отбасын бастап көше жөнеледі. Бұл хабарды естіген Әліп оларды қайтарып келуге 200 адаммен Елісханды жібереді.

Қамысбай балаларының іштей бүлінгендігін жақсы қадағалап отырған Шэн Шицай оларды бір-бірлеп жоятын уақыт жетті деп есептеп, ер азаматтары аттанып кеткен ауылға 1200 адамдық күшейтілген полкпен лап қояды. Осы келген үкімет армиясы әсілінде екіге бөлініп, бірі Моңғолияға қарай көшкен елдің соңынан түскен, енді бірі Әліп ауылын қоршауға алған еді. Тарихи деректерде көрсетілгендей, олар келгенде Әліп үйінде болмайды. Оны өзінің Ма фамилиялы бір досы барып шақырып келеді. Әліп өз үйінің табалдырығын аттай бергенде Шэн Шицайдың жендеттері оны атып тастайды да, басын кесіп алады және сол ауылдан 60 отбасындағы 200-ден астам жанды түк қалдырмай қырып тастайды. Бейкүнә қазақтар кәрі-жас, бала-шаға демей қасап қырғынға ұшырап, қарға-құзғынға жем болады.

Әке-шешесінің және барлық туыс-туғандарының өлтірілгендігін естіген Елісхан көшіп кеткен кіші әкелерімен қайта оралып, өздерін қуа келген жарты полк әскерді Мори өзеніне дейін қуып барып жете алмағандықтан, сондағы Қытай тұрғындарын оққа тұтады. Ендігіде Шэн Шицай мен Әліп арасындағы күрес қытай мен қазақтың ұлттық шиеленісіне айналады. Осы тұста Шэн Шицай одан әрмен өршеленіп, қазақтарды қоршап жою үшін үш мәрте толық қаруланған қол жібереді. Бірақ бұл әскерлер Елісхан қолына беттей алмайды.

1934 жылы мамыр айында Елісхан Алтай, Құмыл, Үрімжі аймақтарындағы әр ауданнан қазақтың атқа мінер, ру басы, игі жақсыларын түгел шақырып, әкесі Әліптің жылдығын (асын) береді. Асқа арнап 100 киіз үй тіктіріп, 300 ірі қара және қой сойдырып, асқа келген 1000-нан астам адамды тегіс күтеді. Асқа Шэн Шицай да адам жібереді және хат жазып, Әліпті өлтіру өз ниеті емес, қол астындағы әскерлердің қылығы екендігін, Әліпті атқан бас қылмыстыны аттырып тастағанын, болар істің болғанын, енді бұдан былай берекеге келу керек екендігін айтады. Алтай аймағының әкімі Шәріпхан да оған хат жазып, Шэн Шицай күштерімен беталды қарсыласа бермеуді өтінеді. Тарихи деректерде айтылуынша Шәріпханның хаты асқа келгендерге оқылып болғаннан кейін Елісхан жиналған елге былай дейді:

«Шәріпхан мені Шэн Шицаймен ымыралас депті. Бұл қолындағы құралыңды тапсыр, әкеңнің қанын ішкен жауға тізе бүк, мойын ұсын, сені де шапсын дегені ғой, мен осыған көнемін бе? Егер Шәріпханның өзі бізбен тізе қосса, бәріміз береке-бірлікке келсек, Шэн Шицай сияқты кезбенің бізге тісі қайтіп батар еді? Біздің қазағымыздың басы бірікпейді, ағайынды адамдардың өзі араз болып, басқаларға жем болуға дайын тұрамыз. Шэн Шицай осындай орайды пайдаланып ауылымды қанға бояп, 200 кісімд өлтіріп отыр. Бұған қайтіп төзейін?! Қожанияз бен Ма Чжунинді де атыстырып қойған осы Шэн Шицай. Оның мақсаты алдымен қолында қаруы бар бізді құртып, онан соң қанды қолын Шәріпхан мен осы отырған бәріңе салмақ. Сондықтанда Шэн Шицайға қаруымды тапсыра алмаймын. Осында отырған бәрің де әр ауылдың сөз ұстар ақсақалысың, сендерді мұнда шақырудағы мақсатым екеу: Бірі — әкеме ас беру. Енді бірі — өздеріңмен қоштасу. Мен Шэн Шицаймен отаса алмаймын. Ол менің бітіспейтін жауым, қара тұяғымнан хал кеткенше онымен жағаласып өткенім өткен. Әрине, менің де шамам шақ, қиратып кетемін деп айта алмаймын. Мен шығыстан сүйеніш іздеймін, қанаттас тірек табам. Онан соң қайта оралып, Шэн Шицайдың өз қылығын өзіне істеп көрсем деймін. Шэн Шицайдың көзін жоймай қазақ баласына, осы отырған бәріңе күн жоқ» [3, 60].

Асқа қатынасып қайтқан Шэн Шицайдың өкілі болған жағдайды түгелімен оған мәлімдейді. Бұдан Шэн Шицай қатты шошиды, әрі оған төтеп берудің амалын ойластырады. Елісханды шығысқа жібермеу үшін төмендегідей орналастыру жасайды:

1. Өз күшінің шамалы екендігін байқап, Кеңес Одағынан кемелді бір полк (бұл полкта екі ұшақ, бес танк бар) алып, оны Құмылға қойып, Синьцзянның шығыс қақпасын күзеттіреді;

2. Құмыл, Үрімжі, Алтай, Іле, Тарбағатай аймақтарындағы қазақ пен моңғолдан 500-ден астам өкіл шақырып жиын ашады. Шэн Шицай оларға Елісханның әкесі, ұлы әкесі түгелімен қарақшы, олар оңтүстік пен солтүстік арасында және «Жібек жолында» жүрген саудагерлерді түгел тонап келді. Менің әскер жіберіп оның ауылын жаныштауым көптің тілегі,-дейді. Ол келген өкілдерге Есілханмен барыс-келіс жасамауды, олай болмаған жағдайда Есілхан секілді қатаң жазаға тартылатындықтарын айтады;

3. Жиынға қатынасқан өкілдерге халық арасындағы қаруды түгелдей жиып алуды тапсырады;

4. Құмыл аймақтық әкімшілік мекемесінің Баркөл басқармасын құрады. Оған Кеңес Одағынан келген Абай деген қазақты бастық етіп тағайындап, қазақты қазаққа салып, өз майымен өз етін қуырмақ болады;

5. «Совсиньторг» арқылы Баркөлге қыруар зат алдырып, жәрмеңке ашып, жұрт көңілін аулайды;

6. Абай бастаған үгіт-насихат отрядын құрып, Баркөлге үгіт жүргізіп, елдің Есілханға ілесіп шығысқа қарай көшуін тосады.

Ел тыныштығы шайқалған сол бір қиын кездерде, яғни 1934 жылы қысқа қарай Баркөлдегі Адубай мен Тұңғышбай ауылдары Ганьсу өлкесі тарапқа көшіп кеткен болатын. Олардың жайынан тың-тыңдап, құлақ түріп келген арттағы ел олар туралы жаманат хабар естімегесін, солай қарай көшуге бел байлайды. Сөйтіп, Шэн Шицай тарапынан қатты қысымға ұшырай бастаған Елісхан 1935 жылы наурыз айында 1000 отбасын, тамыз айында Зайып Тәйжі деген кісі 1000 отбасын бастап арттарынан қуалай соққылаған Шэн Шицайдың әуе күштері мен моторланған бөлімдерімен соғыса жүріп, тау-тас, құла дүздерді басып өтіп, Тибет жағындағы Ганьсу, Цинхай өлкелеріне өтіп кетеді [119,136].

Ал К.Акрамидың естеліктерінде Елісхан 1935 жылы қыркүйекте көшті, сол кезде оған не бары 500 түтін ғана ерді, Елісханның Қожаберген, Қожақын атты екі кіші әкесі көшпеді, – дейді [3,62].

Қожаберген мен Қожақын Шэн Шицайдың Ганьсу, Цинханға көшпегендерінің мал-басының амандығын қорғаймыз деген сайқал сөзіне сеніп көшпей қалған еді. Шын мәнінде Шэн Шицай Әліптің асына қатысқандардың барлығын қара тізімге алып, олардың бір-бірден көзін жоюға сайланып қойғаны болатын.

1935 жылы көктемде Абай 50 атарман-шабарманын ертіп, көшпей қалғандардың көңілін орнықтыру деген сылтаумен Баркөлге келеді. Қожаберген бастаған көшпей қалған ел бастықтары оларға бес киіз үй тіктіріп, күніне бірден қой сойдырып, асты-үстіне түсе күтеді. Әр кісі бас сайын сыйлық береді. Абайдың бір басына 500 қой, жақсы ат және сілеусін ішік, аю терілерін тарту етеді. Жаугершіліктен жүрегі шайлыққан ел Абайдың аузын осымен жаппақ болады. Абай бұл тартуларды қымқырумен бірге, Құмыл аймақтық уәли /әкім/ мекемесінде кеңесетін іс бар деген сылтаумен Қожаберген, Қожақын, Ботабай, Әкімбай, Мұратбай сияқты 17 адамды өзімен бірге ерте кетеді. Баркөл аудан қалашығына барғаннан кейін олардың қолына түгел кісен салдырады да, Үрімжіге апарып Шэн Шицайға табыс етеді. Шэн Шицай ешкіммен кеңесіп жатпай-ақ, бұларды тегіс аттырып тастайды. Сөйтіп Шэн Шицайға сенгендер осылайша қас пен көздің арасында құрдымға кетеді.

Абай Баркөлге Кеңес Одағының 1929-1933 жылдары Қазақстанда жүргізген «үшті құрту» саясатын жүргізеді. Ол қазақтардың көшіп кетуінен және қарсылық көрсетуінен сақтану, сондай-ақ оларды тырп еткізбеу үшін, біріншіден, қарсылық көрсете алмастай етіп қаруын алу, екіншіден, аттап баса алмастай етіп астындағы атын алу, үшіншіден, көше алмастай етіп көлігін алу, өздерін жатақ етіп қоныстандырып, колхоз құру дейтін қатал саясат қолданды. Сондықтан Баркөл қазақтары оны «үшті құртқан құрдым Абай» деп атаған. Шын мәнінде бұл саясатты айна-қатесіз көшіріп, қолданушы Шэн Шицайдың өзі еді.

Бұл жөнінде Су-Бейхай: «1933 жылы Шэн Шицай билік басына шыққаннан кейін, қазақтарға қарата саяси террорлық пен рақымсыз жаныштау жүргізді. Сөйтіп, 1936 жылдан 1939 жылға дейін көптеген қазақ ауылдары Ганьсу өлкесінің Цилянь-Шань өңіріне көшіп барды. Сол кезде қазақ ел басылары мен бір бөлім қарапайым шаруалар, бір жағынан, Ганьсу – Цинхай өлкелері Ма Буфан әулетінің басқаруында, олар да өзіміз секілді мұсылман деп есептесе, енді бір жағынан, олар бізге көмектесіп қол ұшын береді, әрі ойдағыдай орналастырады деп сенеді. Сонымен 1936 жылы Баркөлде қалған қазақтардан 4000 түтін, шамамен 30 мыңдай адам алты бағытпен Ганьсу-Цинхай өлкелеріне қарай көшті» [112, 905-906] - дейді.

Шэн Шицай Баркөл қазақтарының түп қотарыла шығысқа қарай көшкенінен хабар алған соң, дереу зор көлемді қуғыншы жасақ дайындап, оларды алты бағытқа бөліп, көшкен елдің соңынан жібереді. Шэн Шицай әскерлерінің қуғындауында көптеген қазақ шаруалары оққа ұшады. Кәріп-кәсірлер, әйелдер мен балалар аяусыз қырғынға ұшырайды. Қуғыншы қол олардың көптеген ірі қарасын, ұсақ малдарын тартып алып қалады. Бірақ ауған ел алған беттерінен қайтпай, Шэн Шицай әскеріне тосқауылдап тойтарыс бере отырып, оларды да көп шығынға ұшыратты. Ауған ел Лом деген жерге жеткенде, бұрынғы алты бағыттағы көш бір-біріне бірігіп, үш бағытқа айналады, әрі шебер жолбасшылары мен құралды жасақтардың қорғауында алдарына қарауыл, арттарына тосқауыл қойып үздіксіз жылжып отырады. Сол кезде Шэн Шицай жіберген 10 соғыс ұшағы мен 2000-нан астам моторланған әскер күші оларды үздіксіз қуа соққылап, мал мен басты аса зор шығынға ұшыратады. Көшкен елдің тосқауылшы жасақтарының күшті қарсылығының арқасында соғыс 3 күнге ғана ұласып, ауған елдің көп бөлігі тағы да аман қалады. Дей тұрғанмен, жау ұшақтарының әуеден тынымсыз бомбылауының нәтижесінде неше жүздеген адам жол-жөнекей құрбан болады. Біразы өкшелей қуған жаудың қолына түсіп, із-дерексіз кетеді. Ал шығынға ұшыраған малдың есебі тіптен көп еді. Атап айтқанда, сол әредікте бұрын бар 200 мың тұяқ қойдан 140 мың тұяқ, 20000 бас жылқыдан 10000 бас қана қалады. Ал бұрын бар 30 мың бас түйе мен 10 мың бас сиырдың барлығы дерлік жау қолында кетеді немесе жол-жөнекей жоғалады. Бұл ауған елдің тұрмысына аса зор ауыртпашылық ала келеді [106, 907].

Тарихи деректерге қарағанда, 1938 жылдан бастап Ганьсуға өткен қазақтардың басым көпшілігі Циньхай өлкесіне қарай көшеді. Миньго жылнамасының 31-ші жылы (1942) ж. қазан айындағы санаққа негізделгенде, сол кезде Ганьсуда қалған қазақтардың жалпы саны 557 отбасы, яғни 2590 адам болған (мұнда Сайдам мен Ганьсу-Цинхай өлкелерінің шекарасындағы қазақтардың саны қамтылмайды) [120. 5-q]. Ал Цинхай өлкесі шегіне қазақтар ең алғаш 1937 жылдың соңы мен 1938 жылдың көктем айларында көшіп барады. Олар Адыбай, Зайып, Елісхан, Сұлтаншәріп, Исмайыл, Тұңғышбайлар бастаған ел болатын [121, 6-q]. Сол кезде үкімет тараптың алған санағы бойынша Цинхай өлкесіне өткен қазақтардың саны 28000-нан астам адам болған.

Бірақ бұның бәрі 2-3 жылға созылған сергелдең мен қанды қырғыннан аман қалып, сол өлкеге азып-тозып жеткен қазақтардың қалдығы ғана еді. Бұдан сырт жолшыбай тағы да қаншаланған жандардың қанды қырғынға тап болып, аштықтан, шөлден, ауру-сырқаудан, улы газдан өлгені, адасып із-түссіз жоғалғаны белгісіз. Ел ағалары сүйеніш болар деп мұсылманшылығы мен берген уәдесіне сеніп барған Ма Буфан да 1931-1933 жылдары Синьцзяндағы қазақтардың бір бөлігінің Шәріпхан жағында болып өзімен соғысқандығын, әрі Қожаниязбен арадағы келіспестіктерін кек тұтып, оларға тізесін батырып-ақ бақты. Сөйтіп, Елісханның Ганьсу-Цинхай өлкелерінің милитаристі Ма Буфанмен бірлесіп Шэн Шицайды аластап, Синьцзянда мұсылман мемлекетін құру арманы жайында қалды. Есесіне артынан ерген қазақтар азып-тозып, ауыр қырғыншылыққа ұшырап, адам айтқысыз сергелдеңге түсті.

Айрандай ұйыған қалың елдің бір бөлігінің Шэн Шицайдың террорлық саясатының салдарынан бұрындары құлақ естіп көз көрмеген жат жұрттарға ауа көшуі арттағы елді де қатты алаңдатқан еді. Сол кезде Ганьсу –Цинхайға ауған елді насихаттап, ата мекендеріне қайтарып келу үшін Дәлелхан Сүгірбаев бастаған шағын топ олардың артынан барып қайтады.

Дәлелхан оларға: «Ел тынышталып, ата мекендеріне қайтса» деген тілекпен үгіт-насихат айтып, 1941 жылдың тамыз айына дейін Ганьсу-Цинхай өлкелерінде болады. Бірақ олар Дәлелханға: «Жеке өз басыңды сыйлаймыз, ақ ниетіңді білдіріп, адал сөзіңді айттың, үкіметіңнің де сөзін жеткіздің. Бірақ біз сол үкіметіңе сенбейміз. Сондықтан сен бізді қайтарып кетемін деп әуре болмай келген жолыңмен қайтып кет» - дейді. Нәтижесінде Дәлелханның көңілі күпті болып, ауыр ой меңдеп елге қайтты. Аттанар алдында оларға азды-көпті әсері болар ма екен деген оймен бірталай шумақтан тұратын өлең жазып қалдырды. Сол өлеңдерінің кей жолдары былай екен:




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   19




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет