Қазақ Ұлт-азаттық ҚОЗҒалысы


§3 Тарбағатай көтерілісі (1945)



бет6/19
Дата25.02.2016
өлшемі1.8 Mb.
#19925
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   19
§3 Тарбағатай көтерілісі (1945)
Алтай мен Іле халқының Шэн Щицай мен гоминьдан билеушілеріне қарсы ұлт-азаттық күресі осы екі аймақтың арасында тұрған Тарбағатай халқына да зор ықпал етті. 1944 жылы жазда Шәуешек қаласынан Сансызбай, Сайпыл, Мәсхут, Аблахан; Шағантоғай ауданынан Жағда Бабалыков, Балқаш Әлімғазыұлы; Дөрбілжін ауданынан Сығай зәңгі, Мұстапа зәңгі, Әбетай тектес кісілер бас қосып, төңкерістік астыртын ұйым құрды. 1944 жылы мамыр айында Дубек Шалғынбаев, Балқаш Әлімғазыұлы тектес қазақтың жас зиялылары Шәуешекте тұратын Кеңес Одағы консулының көмегімен Шәуешек аудан қалашығында қазақ жастарын негіз еткен күрескер топ құрып, Шэн Шицайға және Гоминьдан үстемдігіне қарсы әрекет жасады. Сонымен бірге Шәуешекте Аблимит Хажиев, Матнияз кари Айсабаев, Аблез Рахманов секілді ұйғыр жастарының басшылығында Шәуешек ауданында жеке-жеке үш бірдей жасырын ұйым құрылып жұмыс істей батады. Осы жайлар туралы Аблимит Хажиевтің өз естелігінде былай делінеді: «Сол кезде Шәуешекте (Тарбағатайда) гоминьданға қарсы әр ұлт жұртшылығынан ұйымдасқан бірнеше ұйым бар еді. Олардың кейбіреулері Еміл шекарасындағы штабқа барып Абла Рамазановпен байланысып әрекет жүргізсе, кейбіреулері өз алдына қимыл жасайтын. жасырын ұйым болып, олар 1944 жылы қараша айында Үрімжі түрмесінен кепілге шығып Шәуешекке келген Дубек Шалғынбаевпен (гоминьданның Шәуешек аудандық партячейкасының секретарымен бірге келген) тығыз байланыс орнатып, оның атынан пайдаланып үгіт-насихат жұмысын жүргізді. 1945 жылы 8 мамырда Дубек гоминьданшылар тарапынан қолға алынғаннан кейін, Жағда, Балқаштар Шағантоғайдағы малшылар арасында партизан қосындарын ұйымдастырып, Қызылтұз, Майлы тектес жерлердегі партизан қосындарымен ұштасып кетті» [104,13]. Бір кезде Шығыс Түркістан армиясы орта майдандық барлау басқармасының сыртқы барлау ісі бойынша орынбасары қызыметін атқарған Ғалым Нөкішев бұл жөнінде: Шәуешек қаласнда Дубек Шалғынбаев, Жағда Бабалыков, Ахметқали Бітімбаев, Балқаш Бапиндер ұйымдастырған «Азаттық ұйымы» жасырын да, ашық та жұмыс жүргізді. Бұл ұйымға Әнуар Жакулин, Қалдыбай Қанапин, Арұп Насиби, Абдылхамит Әжиев (Аблимит Хажиев болуы керек - ав.), Телмұхамбет Қанағатов, Қүсайын Қисамединов, Шаяхымет Тойкин, Іляс Ақшин, Жексенбай Еділов, Сіләмбек Төгісов, Қамаш Айтқазы, Тұрсын Мұстафин, Шәкен Елебаев, т.б. зиялылар қатысып, іске кірісті. Шағантоғайда Балқаш Бапин, Толы ауданында Нұрсапа Айтжанұлы бастаған партизандар ұйымдасты [127,12], – дейді. Сол кезде Тарбағатайдың солтүстігіндегі Қызбейіті және Жың, У-су аудандарының солтүстігіндегі партизан қосындары негізінен қазақтар еді [112, 927]. Олар:
Тарбағатай тауымыз,

Қытай біздің жауымыз.

Сол қытайды жоғалтсақ,

Атқа толар ауымыз.

Бүгін шықтық тор жайып,

Жау шарасын болжайық.

Бесатардың оғындай,

Атылайық ажал боп

Сол дұшпанға долданып!


  • деп атқа қонды.

1945 жылы қыста Сығай зәңгі, Мұстапа Зәңгі, Әбетайлар Шағаноба арқылы Кеңес Одағына өтіп, 300 мылтық алып қайтады. Олар Қырықошақ деген жерге келгенде өз араларынан сатқын шығып құпиялықты гоминьданның жергілікті сақшы мекемесіне әшкерелеп қойғаны себепті, гоминьданшылар оларды құрал-жабдықтарымен қоса қолға түсіреді де, Сығай зәңгіні атып өлтіріп, қалғандарын Үрімжі түрмесіне жібереді.

Кейін Жағда, Сансызбайларды гоминьдан үкіметі қолға алмақ болған кезде Сансызбай Толы арқылы Кеңес Одағына, Жағда Құлжаға қашып кетеді. Ал Толыдағы гоминьдан үстемдігіне қарсы төңкеріске басшылық еткен Нұрсапа, Қисамеден, Қали, Ахметхандар Кеңес Одағына өтіп кеткен Сансызбаймен ұдайы байланысып отырады. Бұл кезде Сансызбай, Қасым Ахун (ұйғыр) Кеңес Одағы шекарасындағы Қызылқайың деген жерде тұрып, Тарбағатай төңкерісіне жетекшілік етеді. Олар Қызылқайыңда жәрмеңке ашып, шекараға мал айдап барған халықты кездеме, шай сияқты тұрмыстық заттармен және көтеріліске қажетті құрал-жарақпен қамдап отырады. 1944-1945 жылдарда Шэн Шицай және гоминьдан үкіметі коммунизмге, Кеңес Одағына қарсы саясат ұстанғандықтан, өлкелік үкіметпен Кеңес Одағы арасындағы сауда байланысы тоқырау халінде еді. Соған байланысты Кеңес Одағының Іле, Алтай, Тарбағатай аймақтарымен шекараласатын өңірлерге әкеліп жәрмеңке ашуы шын мәнінде ұлт-азаттық қозғалысына деген үлкен қолдау еді. Бұл туралы М.И.Сладовский былай дейді: «Синьцзян өлкелік үкіметтің Кеңес Одағына қарсы саясатының шырмауында қалған саудагерлер «Совсиньторгпен» болған сауда байланыстарын үзбеудің жолын қарастырды. Мұндайда халықтық-демократиялық ұйымдардың қол астындағы Кеңес Одағымен шекаралас аймақтардың саудагерлері тіптен белсенділік танытты. Олардың ұсынысына сай Кеңес Одағының Қорғас, Бақты, Май-Қапшағаймен шекараласатын жерлерінде Совсиньторгтің» толайым (оптовый) сату базарлары ашылды. Синьцзяндық саудагерлер онда өз бұйымдарын бұрынғыдай бағамен ауыстырып отырды» [82,153].

Шын мәнінде мұның астарында Кеңес Одағының жергілікті халықтың ұлт-азаттық қозғалысын саяси, әскери тұрғыдан қолдауы жатқан еді. Мұны гоминьданшылдар да сезіп, байқап отырған. Оның бір мысалы, 1944 жылы 14 қыркүйекте Тарбағатайдың Толы ауданынан Ахметхан, Боранбай, Әбілмәжін деген адамдардың шекараға мал айдап бара жатып гоминьдан сақшыларының қолына түсуі еді. Сақшылар ол үшеуін Шәуешек қаласындағы гоминьдан сақшы мекемесіне тапсырып бермек болғанда, олар сақшы бастығын жол ортада байлап тастап, түгел қашып құтылады. Онан соң Қызылқайыңдағы Сансызбайларға жолығып, олардан мата-кездеме, шай және бірсыпыра қару-жарақ алып елге қайтады. Олар Сансызбайдың тапсыруымен 1944 жылы қыркүйектен 1945 жылы наурыз айына дейін тағы да үш рет шекараға мал айдап барып, Кеңес Одағы тараптан мата-кездеме, шай, қару-жарақ алып келеді.

Гоминьдан үкіметі Іле төңкерісі туындағаннан кейін шекара мәселесіне тіпті де сақтықпен қарай бастады. Кей деректерге негізделгенде: «гоминьданшылар Іледегі «құйыршықтан» (бандыдан) сақтанып, Кеңес Одағымен «контрабандылық» сауда жасаушыларды тосу үшін Майлы тауының ең батыс жағындағы Ұзынбұлақ деген жерге бір рота әскер орналастырып, ел шетін күзетуге қойған» [89, 74].

Бірақ, бұған бола төңкерісшіл зиялы қауым өз әрекетін еш тоқтатқан жоқ. Шекараның қатаң бақылау астында екендігіне қарамастан, ары-бері өтіп жүріп, елдің іші-сыртында қарулы күрестің ұйымдық және материалдық алғы шарттарын дайындаумен болды.

Бұған дейін Алтай аймағының Жеменей ауданында қарулы күреске басшылық етіп келген Молла Ислам Сымайловтың (ұйғыр) інісі Қасымхан Сымайлов Кеңес Одағының Шәуешек қаласына шекаралас тұсындағы Бақты қыстағына барып, онда Абла Рамазановтың орналастыруы бойынша шекара саудасын жасау деген атпен партизан қозғалыстарына жетекшілік ететін «Еміл штабын» құрды. 1944 жылы Еміл штабы Тарбағатай аймағындағы әйгілі қайраткерлерге және күрескер үш топтың басшыларына хат жазып, оларды бірлесіп күрес жасауға үндеді. Нәтижесінде А.Хажиев, А.Рахманов, М.Қ.Айсабаев бастаған үш ұйым бірлесіп «Ұлт-азаттығы үшін күрес» ұйымы деп аталды. Бұл ұйымның міндеті Тарбағатайдағы әр ұлт халқы мен зиялыларын бірлесіп күрес жасауға үндеу, Рипов партизандар қосынын ұлғайтуға көмектесу, Еміл штабына ахбар беру болды. Рипов партизандар қосыны – 1943 жылы қыркүйекте ресейлік ақ армия командирі Риповтың Тарбағатайдың солтүстік жақ тау етегіндегі Қызбейітте құрған партизан отряды еді.

Бұдан Кеңес Одағының Іле, Тарбағатай, Алтай аймақтарының шекара тұсына құрған Қорғас, Май-Қапшағай сауда базарлары ондағы партизан ұйымдарының қимылын жандандыруда әуел бастан маңызды рөл ойнағандығын көруге болады.

1944 жылы мамыр айында Рипов басшылығындағы 93 адамдық партизан қосыны Алтай аймағының Жеменей ауданына барып, ондағы Молла Ислам бастаған партизан қосынымен бірге соғыс жүргізді. 1944 жылы қыркүйек айында Рипов өз әскерлерін бастап Тарбағатайға қайтып келді. Сондай-ақ ол бастаған орыс әскерлері мен ұйғыр, қазақ партизандарының арасында өзара достық, қайырымдылық қатынасы орнайды. Нәтижесінде Рипов қолы күн сайын көбейіп, Шәуешек, Дөрбілжін аудандарын билеп тұрған гоминьдан бөлімдеріне күшті соққы береді.

Сол кезде Тарбағатай аймағында ең ықпалы болған партизан қосыны – Қызылтұз (Майлы) партизан отряды еді. Бұл Тарбағатай аймағы мен Бораталаның арасындағы Қызылтұз маңында (немесе Майлыда) ұйымдасқан партизан қосыны болып, оның құрамында көрші Бораталаға қарасты Жың, Шиху (Сиху), Шипайзы (Ципайзы), Боратала аудандарының еріктілері де бар болатын. Сол кезде гоминьданшылар аталмыш партизан қосынын «бандылар» деп атайтын.

Қызылтұз партизан штабының құрылуы жайлы К.Акрам: «1945 жылы ақпанда Жағда Бабалықов, Рамазан, Оспан тектес кісілер Майлыға келіп, ондағы жағдаймен танысып қайтты. Іле-шала Байкенже деген адам 40-50 кісмен келіп, Қызылтұзда партизан штабын құрды. Бұл штаб Тарбағатай, Іле көтерілісшілерінің байланыс торабы, әрі Толы партизандарының уақыттық штабы болды» [4,132] , – дейді.

А.Хажиевтің естелігіне сүйенсек, сол кезде Майлыдағы керей тайпасының Нұрсапа, Қали, Низамеден деген кісілер де өз қарамағындағы елді көтеріліс жасауға үндеу үстінде еді. Енді олар да Байкенже бастаған көтерілісшілер сапына келіп қосылды.

Гоминьдан үкіметі халықты алдап, жұртшылық пікірін өзіне тарту үшін, бұл партизан қосынын әлі де «бандылар» деп балағаттаудан танбады, әрі 1945 жылы маусым айында Тарбағатай аймақтық сақшы мекемесінің барлау бөлімінің бастығы Кәсіпбайдың басшылығында нендей бір «хал сұрау үйірмесін» жасақтап Толының Майлы жайлауына жібереді. Ол үйірме (шағын миссия) Майлының Үштөбе деген жеріндегі Тізгінбай, Ережепбай деген адамдардың ауылына келіп, рубасыларымен жиын ашып, үгіт-насихат айтып, жұртқа мата-кездеме, шай таратады және Толы халқын «қорғау» үшін Тартас деген жерге 100 әскер, Чазы деген жерге 60 әскер қойғандығын жариялап, «қазақтың өзін-өзі қорғауы үшін» бірталай қару-жарақ таратады.

Майлы партизандарының бірінші шайқасы Қызылқайнардағы (Чазыдағы) 60-тан астам гоминьдан әскерлерін бір жайлы етуден басталады. Партизан отряды алдымен Нұрсапаны ет, қымыз, айран секілді «ерулікпен» келген әскерлерден хал сұрауға жібереді. Нұрсапа бұқара атынан үкімет әскерлерінен хал сұраған бола жүріп, олардың бекініс жағдайын, адам санын, қару-жарақтарын көзбен көріп, көңілге түйіп қайтады. Сонымен Байкенже, Қали, Нұрсапалар 150-ден астам адаммен Қызылқайнардағы жау бекінісіне шабуылдайды. Соғыс бір күн бойына жалғасып, гоминьдан әскерлерінің өлгені өліп, қалғаны қашып-пысып жоғалады. Партизандар қыруар оқ-дәрі және қару-жарақ олжа алады. Соғыс аяқталғаннан кейін, ірі көлемді бұқаралық мәжіліс ашып, Майлы партизандар қосынының (отрядының) ресми құрылғандығы жарияланды. Нұрсапа мен Байкенже партизан қосынының басшысы ретінде тағайындалды.

Бұдан үрейленген гоминьданшылар тағы да адам жіберіп, Майлыдағы Назарбек, Әбдештер басқаратын елді зорлықты күшпен Жайыр тауына қарай көшіріп кетеді. Онымен қоймай, тағы да әскер жіберіп Тасты өңіріндегі елді Шағантоғайға қарай көшірмекші болады.

Партизандар Назарбектердің Жайырға көшуін тосып үлгіре алмаса да, Шағантоғайға көшпекші болған елдің алдын тосып, оларды айдап бара жатқан гоминьданшылармен Айыркезеңде атыс жасайды. Нәтижесінде жауды жеңіп, ауған елді олардан айырып алып қалады да, Ұзынбұлақ деген жерге апарып орналастырады.

Осы екі реттегі шайқастан соң партизан қосыны ұлғайған үстіне ұлғаяды. Гоминьдан үкіметі рота командирі Чжаудың басшылығында тағы да 300 кісілік қосынды Майлы партизандарын жаныштауға жібереді. Бұдан хабар тапқан партизандар Байын-Шоқы деген жерде олардың алдын тосып, қайтарма соққы береді. Соғыс өте қиян-кескі болады. Рота командирі Чжау өлгеннен кейін жаудың әптігі қайта бастайды. Партизандар олардың көптеген адамын жойып, 6 адамын тірі ұстайды. 62 ат және қыруар қару-жарақ олжалайды. Өкінішке орай, соғыста партизан отрядының орынбасары Байкенже құрбан болады. Осы жолғы соғыстың жеңісінен кейін Майлы, Қоңыраба, Ұзынбұлақ тектес жерлердегі партизан қосындары бірлестіріліп, оларға қарасты ел гоминьданшылардан біржолата азат болады.

Бұл кезде ШТР уақыттық үкіметінің партизан қосындарын қолдау мен ұйымдастыру мақсатында Тарбағатайға жіберген өкілі Тоқты Әлімов «Еміл штабымен» ақылдасқаннан кейін, Майлы партизандары мен Қызылтұз партизандарын өзара бірлестіріп, Ұзынбұлақта кеңейтілген қолбасшылық штабын құрып, партизан қосындарын тәртіпке салды және әскери тәлім-тәрбие жүргізді. Партизан қосынының бастығы Тоқты Әлімов, орынбасары Нұрсапа Сейітжанов пен Қали Ғизамеденұлы болды.

1945 жылы 5 шілде күні «Еміл штабы» Құлжадағы ұлттық армия бас штабына хат жазып, Тарбағатайды азат етудің барлық алғы шарттары әзірленіп болды, сондықтан дереу әскери бөлім жіберіңіздер деп өтініш білдірді. Көп өтпей, Ұлттық армияның бас қолбасшысы И.Г.Палинов бастаған Кеңсай 3 атты полкі мен Бораталадағы Ерденің моңғол атты батальоны ШТР уақыттық үкіметі төңкерістік комитетінің бұйрығына сай Тарбағатайға жорық жасады.

Алдымен жеткен Ерде басшылығындағы моңғол дербес атты әскер батальоны Ұзынбұлаққа барып, Қызылтұз, Майлы партизандарымен қосылып, Ұлттық армия бас штабының Тарбағатайды азат ету жөніндегі бұйрығын оқыды және нақтылы әскери орналастырулар жасады. Жиында Тоқты Әлімов ШТР уақыттық үкіметі атынан сөз сөйлеп, соғыста мол есе қосқан Нұрсапа, Қали, Низамеден, Қайса тектес кісілерді орденмен марапаттады.

Онан соң Ерде батальоны партизандармен бірлікте Ұтыдағы гоминьдан әскерлерін жойып, Таратас пен Жаматыдағы жауды қоршауға алып тізе бүктірді. Осы кезде гоминьдан әскеріне көмек үшін Шихудан 11 машина жаяу әскер келе жатқандығы мәлім болды. И.Г.Палинов Тоқты Әлімовты Шихудан келетін жауға тосқауылдап соққы беруге жөнелтіп, өздері Ерде бастаған батальон және Нұрсапа басқаратын партизан қолымен бірлікте Дөрбілжінге қарай жорық жасады. Жол бойы Жаматы мен Мауфанда соғыс жасап, Мауфаңды (қазіргі Толы ауданын) азат етті. Әрі Сарғұсын деген жерде Дөрбілжін тарабынан 7 бірдей автомобильге отырып жәрдемге келе жатқан жау қолына тосқауылдан соққы беріп, олардың алда келе жатқан 2 автомобилін күйретіп, ондағы жау әскерлерін түгелге жуық жойды. Мұны көріп үрейленген арттағылар бағдарын бұрып, тайып тұрды.

Бұл кезде Шихудан келе жатқан гоминьдан қолы да 26 шілде күні ұлттық армиядан жеңіліп, кері қайтуға мәжбүр болды. Нәтижесінде ұлттық армия Шиху арқылы Тарбағатайға баратын жолды бұзып тастап, гоминьданның Тарбағатайдағы бөлімдерін қорғансыз, жәрдемсіз жағдайда қалдырды.

Солтүстік бағыттағы И.Г.Палинов басшылық еткен қосын Сарғұсынға келген соң екі бағытқа бөлінді. Жағда Бабалықов бастаған біраз қосын Шағантоғайға, негізгі қосын Дөрбілжінге қарай жол тартты. И.Г.Палинов бастаған қосын 27 шілде де Дөрбілжінді толықтай қоршауға алғаннан кейін, барлау бөлімдері арқылы жаудың негізгі күші орналасқан Еміл өзенінің солтүстік жағасы мен қазақ ота мектебін иеледі. Мектепке бекінген жау қатты қарсылық көрсетіп, ақыр-аяғында қаладан шегінуге мәжбүр болды. Онан соң ұлттық армия Дөрбілжін түбіндегі Қырықошаққа бекінген жауды тазалау үшін Алтайдағы Жеменей партизандарын көмекке шақырды. Ақыр аяғында 29 шілдеде төрт сағатқа созылған қиян-кескі шайқастан соң, ұлттық армия Дөрбілжінді толық азат етті.

Дөрбілжін азат етілген күні Жағда бастаған ұлттық армия бөлімдері Шағантоғай ауданын сәтімен басып алды. Аймақ орталығы Шәуешек қаласы жан-жағынан қоршауға алынды. Сол кезде қалада гоминьданның бір полк әскері мен біраз сақшы бөлімшелерінен басқа ешқандай қарулы күш қалмаған еді. Сырттан келетін жәрдем үзілген, әрі шегінуге еш мүмкіндік қалмағандықтан гоминьданшылар қатты сасқалақтады. Гоминьданның Тарбағатай аймағына тағайындалған уәлиі (әкімі) Пэн Рун Шәуешектегі Кеңес консулымен сөйлесіп, өздеріне Кеңес Одағы жерінен саяси баспана беріп, бас амандықтарына кепілдік етуді өтінді. Кеңес консулы олардың шекарадан құралсыз өтуі шарт екенін алға қойып, талап-тілектеріне мақұл болды. Сөйтіп, 30 шілде күні Шәуешектегі қалдық гоминьдан бөлімдері, аймақтық әкімшілік мекемесі, гоминьданның Шәуешек аудандық бюросы және аудандық үкімет мансаптылары, сақшы және банк қызметкерлері, сондай-ақ олардың үй-іші, бала-шағалары болып, жиыны 4000-ға таяу адам банктегі барлық алтын-күмісті, ақшаны алып автомобильге, арбаға отырып, ат-көлікке мініп 31 шілдеде Кеңес Одағына өтті. Кеңес үкіметі оларды Мақаншы, Үржар, Аягөз төңірегіне уақытша орналастырды. 1945 жылы гоминьданшылдар қашып шыққан күні таңертең ШТР ұлттық армиясы Шәуешек қаласына кірді. Сонымен Тарбағатай аймағы толықтай азат болды. Аймақ орталығындағы ұлттық армия мен оған қарасты Еренқабырға етегіндегі Қалибек, Сопақұн және Қазихан полктерінің жауынгерлері:
Қару — қолымызда,

Жау тұрмас жолымызда.

Алаштың біз әскері

Ай мен жұлдызы бар алдымызда! ...
Немесе:
Аттан! аттан!

Қарап жатпа.

Бетіңді бұр жау жаққа.

Бәріміз бірдей қайраттансақ,

Жетеміз ұлы мұратқа!
Іле, Алтай, Тарбағатай

Бейбіт күнде көңіл жай.

Төңкерісте көп таяқ жеп,

Қалтырады жауыз қытай!
деген мазмұндағы жалынды пафосқа толы төңкерістік әндер мен:
Қазағым, қақтықпа, қамалма,

Ел болар қамыңды амалда.

Атты таң, кетті түн,

Сал жанды, сал малды аянба!

Жай жатқан, мал баққан ел едік,

Елдікте біз кіңмнен кем едік.

Қаны жат, тілі жат, түрі жат

Жат елден таяқты көп жедік...
деп келетін Алаш маршын шырқап, халық арсында үгіт–насихат жұмыстарын жүргізді.

Осылайша, 1945 жылдың тамыз айына дейін Іле, Тарбағатай аймақтары негізінен азат болып, гоминьданның басым әскери күші Алтай, Шиху, Жың тектес жерлерге шоғырланып тұрды. Гоминьдан өлкелік үкіметі бұл айтылған өңірлерді солтүстік Синьцзяндағы маңызды стратегиялық түйіндер ретінде қадағалайтын. Сондықтан ұлт-азаттық қозғалысының ең машақатты кезеңі әлі алда болатын.



III ТАРАУ
ҰЛТ-АЗАТТЫҚ КҮРЕСІНІҢ ЖЕҢІСІ
ЖӘНЕ ТАҒДЫР ТАЛҚЫСЫНДАҒЫ ШЫҒЫС ТҮРКІСТАН


(1945-1950)
§1 Үш аймақтың толықтай азат болуы
ШТР Ұлттық армиясы 1945 жылы тамыз айына дейін Боратала мен Табағатайды бірінен соң бірін азат еткендіктен, гоминьдан билеушілері Алтай, Шиху, Жың сияқты жерлерде ШТР тарапынан соғысу керек пе, әлде ол жерден шегіну керек пе деген мәселе төңірегінде пікір бірлігіне келе алмады. Шәуешек қолдан кеткен күні У-Чжунсинь, Чжу Шаоляндар Чан Кайшиге телеграмма жолдап, Дөрбілжін мен Шәуешектің қолдан кетуі тұтас Солтүстік Синьцзянның жағдайында үлкен өзгерістер тудырары сөзсіз, бізде төтеп берелік дәрмен қалмады, Синьцзян мәселесін реттеуге жоғары дәрежелі әскери-әкімшілік шендегі мансапты жіберсеңіз деп өтініш білдірді [81, 118]. Осыған орай, 5 тамыз күні Чан Кайши дереу жауап телеграммасын жолдап, Жыңды да, Алтайды да берік қорғандар, шегінуге болмайды – деген бұйрық түсірді [81, 122]. Осы күні Алтай партизандары Сарсүмбе қаласын тағы да қоршауға алған еді. У-Чжунсинь мен Чжу Шаоляндар өз қажеті үшін арнайы ұшақ жіберіп Алтайдағы ел беделділері — Әлен-жүнуанды, Жанымханды, Нұрғожайды және Сүлейменді Үрімжіге алдырды. 6 тамыз күні У-Чжунсинь мен Чжу Шаолян Алтай аймағын қорғау әдісін шұғыл ақылдасып, Гоминь үкіметінен Синьцзянға бағытталған әуе тасымалын күшейтуді талап етті әрі Жың мен Сауанды берік қорғап, Манастың батыс тауындағы Қалибек партизандар қосының қимылын тежеу жөнінде шешім қабылдады. Өйткені бұл кезде Үрімжінің батыс бөлігіндегі Еренқабырға бөктеріндегі Манас, Сауан, Майтау тектес жерлердегі қазақ шаруалары да Қалибек, Нұрпай, Сопахұн тектес кісілердің басшылығында гоминьданшыларға қарсы ұлт-азаттық көтеріліс жолына түсіп, қарулы күресті қанат жайдыруда еді. У-Чжунсинь сонымен бірге Алтай аймағының билеушісі Гау Боюйге телеграмма жолдап, «Алтай Солтүстік Синьцзян қақпасы, тұтас жағдайдың тұтқасы, әскери істерге көмектесіп тірек болып, үмітті ақтауларыңызды сұраймын» [81,122], – деді. Мұның өзі Гоминь үкіметінің Синьцзян халқының ұлт-азаттық қозғалысы алдында дәрменсіз жағдайға түскендігінің белгісі еді. Мұндайда гоминьдан әскер басылары қайраттанған үстіне қайраттанып, өздерінен жоғары тұратын әскери-әкімшілік мәнсаптыларына «Отан қорғау жолында құрбан болуға разымын» деген ақтық серттерін жолдап жатты.

1945 жылы 10 тамыз күні Ұлттық армияның бас штабы Шәуешекте дербес атты әскер құрды. Оған бұрынғы Қызылтұз – Еміл партизандар қосынынан өзгертіліп құрылған Тарбағатай 6-шы атты әскерлер полкі, Кеңсай 3-ші атты әскерлер полкі, Дөрбілжін 4-ші атты әскерлер полкі қарады. Атты әскер командирі Ф.И.Лескин болды. Дербес атты әскерлер бригадасы құрылған соң, ол екі бағытқа бөлінді: бір бағыттағы Тарбағатай 6-шы атты әскерлер полкі мен Моңғол дербес атты әскер батальоны оңтүстікке бет алып, Шихуды алу соғысына қатынасты. Ал екінші бағыттағы Кеңсай 3-ші атты әскер полкі мен Дөрбілжін 4-ші атты әскерлер полкі солтүстікке бет алып, Алтайды азат етуге аттанды.

Дербес атты әскерлердің Алтайға бет алған 600 адамдық бұл бөлігі Кеңес Одағынан келген әскери ақылшы Доскеновтың басқаруында 11 тамыз күні Қобық ауданына жетті. Екі күннен соң Жеменей және Қобық партизандарымен бірлесіп Қобық қалашығына шабуыл жасап, онда бекініп жатқан гоминьданның 11-ші атты әскер дивизиясының 31 полкі мен горнизон отрядының қатты қақтығысына тап болады. Ұлттық армия бірнеше дүркін шабуыл жасаса да қаланы ала алмады. 17 тамыз күні ұлттық армия ауыр минометтер алдырып, жау бекіністерін ұдайы атқылағандықтан қалашықтағы жаудың жартысынан астамы жойылды. 21 тамыз күні түнде 31 полктің командирі Сюе Тинфон қалған бөлімдерін бастап, қоршауды бұзып шығып Сауанға қарай қашты. Сонымен дербес атты әскерлер бригадасы Қобықты алып, Алтайға баратын жолдағы үлкен тосқауылды талқандады.

Бұдан кейінгі жерде Ұлттық армияның дербес атты әскер бөлімі Алтай аймағына кіріп, Жеменей, Қобық партизандарының сәйкесуімен 3 қыркүйекте Ертіс бойындағы Буыршын аудан қалашығын алды. Онда тұратын гоминьданның уақыттық дивизиясының бір бөлігі мен 300-ден астам адамы бар гарнизон отряды қарсылықсыз тізе бүкті. 5 қыркүйекте Ұлттық армия Алтай аймағының орталығы Сарсүмбеден 18 километр қашықтықтағы Шеміршекке жетіп, Сарсүмбені қоршап жатқан Дәлелхан Сүгірбаев бастаған Алтай партизандар қосынымен қосылды. Тау қаласы Сарсүмбені берік қоршауға алып, жауды тізе бүгуге насихаттап, арнайы өкіл жібереді. Бірақ гоминьданның әскери мансаптылары Ван Линюнь, Гау Боюйлер тізе бүгуден бас тартып, қаладағы гоминьдан армиясы мен қытай жұртшылығынан 3000-дей адамды бастап, қаланы тастап, солтүстікке қарай қашып Моңғолияға өтіп кетпек болды. Ұлттық армия мен Алтай партизандар отряды 6 қыркүйек күні түн ішінде Сарсүмбе қаласына кірді, әрі Сарсүмбеден қашқан жау армиясының алдын орап соққы беру үшін партизандар мен әскери бөлімдерді жедел аттандырды. Нәтижесінде жау қоршауда қалып, олардың 150 командирі, 1700-ден астам әскері тұтқындалды. 50 ауыр-жеңіл пулемет, 1500 мылтық [85, 102], 300 мың тал оқ [81,138] және басқа да қыруар әскери керек-жарақ олжаға түсті. Сөйтіп Алтай аймағы тұтастай азат болды.

Алтай аймағының азат болуымен бір уақытта, яғни қыркүйек айларының алғашқы 10 күні кезінде ұлттық армияның орта бағыттағы бөлімдері гоминьданның басым әскери күші шоғырланған Жың, Шиху қалашықтарында зор жеңістерге қол жеткізді.

1945 жылы шілде айынан бастап Ұлттық армия бас штабы өлкедегі гоминьдан күштерін түбегейлі жою үшін негізгі үш бағыт бойынша шабуылға өтуді белгілеген болатын. Бұл үш бағыт мыналар: Солтүстік бағыт – Боратола, Тарбағатай, Алтай бағыты; Орта бағыт – Жың, Шиху, Майтау, Сауан, Манас, Үрімжі бағыты; Оңтүстік бағыт – Тектес асуы арқылы Оңтүстік Синьцзянға өтіп, Ақсу, Қашқар, Қотан аймақтарын азат ету бағыты.

4 қыркүйек күні ұлттық армияның бас қолбасшысы И.Г.Палинов Кеңес армиясының көмегінде Шиху қалашығын алу соғысын бастады. Соғысқа ұлттық армияның Сүйдің 1-ші жаяу әскер полкі, Тарбағатай 6-шы атты әскер полкі, Моңғол дербес атты әскер батальоны қатыстырылды. Бір тәулікке созылған қиян-кескі соғыс арқылы Шихуды қорғап жатқан гоминьдан армиясының бірінші қорғаныс шебі талқандалды. Жау күштері қасарыса қарсылық көрсеткендіктен, ұлттық армияның адам шығыны едәуір болды. 7 қыркүйек күні И.Г.Палинов басым күшпен тағы да шабуылға шықты. Бұл ретте Кеңес Одағының 3 соғыс ұшағы, броневик машиналары мен зеңбірекші әскерлері бірігіп соғыс жүргізіп, жаудың екінші қорғаныс шебін талқандады. 8 қыркүйек күні алаң-елеңде жаудың үшінші қорғаныс шебі талқандалып, Шиху қалашығы алынды. Гоминьдан әскерлерінің Шиху соғысына жетекшілік еткен командирі Се И-пин қалдық бөлімдерін бастап, шығысқа қашты. Ұлттық армия бір жағынан негізгі күшті оларды өкшелей қууға жіберіп, жау қолындағы Күйтун, Шиху әуежайларын, Майтау мұнай айыру зауытын басып алды, енді бір жағынан Моңғол дербес атты әскер батальоны мен Тарбағатай 6-шы атты әскер полкінің бір бөлігін Жың тараптағы соғысқа бағыттап, Шихудың батысынан 40 шақырым шалғай орынға барып қорғаныс жасап, Жыңдағы жау армиясының шығысқа қарай қашу жолын үзіп тастауға бұйырды. Шиху шайқасында гоминьдан армиясынан жиыны 900-ден астам адам өліп, 1000-нан астам адам тұтқындалды. Қыруар қару-жарақ, оқ-дәрі олжаға түсті.

Шиху шайқасы жүріп жатқан кезде, яғни, 5 қыркүйек күні Ысқақбек Мононов Кеңес армиясының көмегімен Іле 2-ші жаяу әскер полкіне, Текес 1-ші атты әскер полкіне, запастағы Іле 4-ші полкіне, дүнген дербес атты әскер батальонына – барлығы 4000-дай адамға қолбасшылық етіп, Жың қалашығын алу шайқасын бастап кетті. Ұлттық армия 7 қыркүйек күні қиян-кескі соғыс арқылы алдымен гоминьданның сыртқы бекінісі саналатын Бацзяхуды алып, онан соң күшті шабуыл арқылы тұтас қалашықты азат етті. Гоминьданның Жың соғысына жетекшілік еткен командирі Го Си қалдық бөлімдерін бастап, қоршауды бұзып шығып шығысқа қарай қашты. Ол жол жөнекей ұлттық армияның алды-арттарынан бірдей қуа соққылап, тосқауылдап тойтарыс беруі нәтижесінде Сауан ауданына қарасты Сан даохэцзы деген жерде қолға түсті. Жың шайқасында Ұлттық армия гоминьдан армиясының 1000-нан астам адамын жойып, көптеген қару-жарақ, оқ-дәрі олжалады. Сөйтіп 1949 жылы қыркүйекте ШТР Ұлттық армиясы гоминьдан әскерии бөлімдерінің 20 мыңдай адамын жойып, Солтүстік Синьцзяндағы негізгі үш аймақты толығымен азат етіп, одан әрі Манас өзені бойына дейін жетіп, Үрімжіге қауіп төндірді [124, 6].

Іле, Алтай, Тарбағатай аймақтарының және аталмыш үш аймақтан Үрімжіге қатынайтын маңызды бекіністер саналатын Жың, Шиху, Майтау қалашықтарының қолдан кетуі гоминьданның өлкедегі әскери әкімшілік үстемдігін түбірінен шайқалтты. Гоминьдан қолында Үрімжі маңындағы бірнеше аудан мен Шығыс Синьцзянның біраз жері, Оңтүстік Синьцзяндағы ішінара аймақтар ғана қалды. Гоминьданның ондағы әскери қуаты Солтүстік Синьцзяндағыға қарағанда әлдеқайда әлсіз болатын. Оның үстіне Ұлттық армияның оңтүстік бағыттағы бөлімдері Ақсуды екі рет қоршауға алып, Бай және Вэнсу аудандарын екі рет басып алып, ондағы гоминьдан қосындарына пәрменді соққы берді. Бұл кезе Гансу-Синьцзян тас жолының Синьцзян шекарасы ішіне тән бөлігінің ұзына бойында да партизан қозғалысы жандана түсті. Олар Үрімжінің оңтүстік–шығыс жақ іргесіндегі Тұрпан, Пішән, Тоқсын аудандарындағы гоминьданның әскери тасымал пункттеріне шабуыл жасап, жаудың ішкі Қытайдан келетін әскери көмегін үзіп тастап отырды. Мұндай жағдайда Үрімжінің қоршауда қалғаны айдан-анық еді. Гоминьдан билеушілері қатты сасқалақтап, бір жағынан Чан Кайши үкіметінен әскери көмек тілесе, енді бір жағынан Үрімжіге 150 шақырым жердегі Манас өзеніне салынған үлкен көпірді қиратып, Ұлттық армияның Үрімжіге қарай ілгерілеуін бірер күн болса да кідірте тұрмақ болды. Гоминьданның Үрімжі аймақтық әкімшілік мекемесінің уәлиі қызметін атқарған Бұрхан Шахиди сол кездегі қалыптасқан жағдай жайында былай дейді: «1945 жыл Тянь-Шанның оңтүстігі мен солтүстігінде соғыс өрті лаулағанына бір жыл болды. Гоминьдан қол астындағы Үрімжі қоршауда қалғандықтан, гоминьданның әскери әкімшілік саладағы мәнсаптылары қатты сасқалақтады. Мен олардың бала шағаларын Ішкі Қытайға жіберіп жатқандығын өз көзіммен көрдім» [106, 610].

ШТР Ұлттық армиясы Жың, Шиху қалаларын алып, Үрімжіге қарай жеңіспен ілгерілеп келе жатқан тұста, 9 қыркүйек күні Чан Кайши Үрімжідегі Чжу Шаолян мен У-Чжунсиньге телеграмма жолдап, «Го Цзицяо-ны Үрімжіге барып әскери істерге нақтылы жауыпты болуға тағайындадық, сондай-ақ әр дәрежелі армия, үкімет мансаптыларына соғыс майданынан бұйрықсыз шегінгендердің кім болуына қарамай, соғыстан қашу қылмысын жасады деп есептеліп, өлім жазасына кесілетіндігі жайында жалпы бұйрық жариялауларыңызды үміт етемін», – деді [81,140].

Дәл сол күні гоминьданның 8-ші соғыс округі қолбасшысының орынбасары Го Цзицяо Үрімжіге ұшып келіп, Чжу Шаолян мен У-Чжунсиньге көмектесіп мынандай төрт түрлі жұмыс жоспарын жасады:

1.Соғыстық істерді басқаруға қолайлы болуы үшін 8-ші соғыс округінің Синьцзяндағы бөлімше штабын құру;

2. 5-ші атты әскер корпусының Ма Цининь бөлімін және Шуй Жучэн дивизиясын алдыңғы шептегі әлі толықтанбаған әскери бөлімдерімен қоса Манас өзені жақта шоғырлы іске қосу, одан соң Солтүстік Синьцзянды қайтарып алуға кірісу;

3.Үрімжіден Манасқа, Үрімжіден Құмылға, Үрімжіден Қара-Шәріге дейінгі жол қатынасының бөгетсіз болуына кепілдік ету;

4.Үрімжіні берік қорғау.

Осы аталған жоспарға сәйкес, 10 қыркүйекте Чан Кайшидің бұйрығы бойынша Цинхай өлкесінен Синьцзянға көмекке көшірілген 5-ші атты әскер корпусының алды Құмылға келіп, автомобилдерге отырып, Үрімжіге қарай жолға шықты. Шиху соғысында жеңіліп шығысқа қарай қаша соғысқан Се И-пин қалдық әскери бөлімдерін бастап Манасқа келген соң, Манас көпірін өртеумен бірге өзеннің шығыс жағынан окоптар қазып, берік бекініс жасауға бұйрық берді, әрі Чэнь Гофуды Манас қалашығының қорғаныс қолбасшысы етіп тағайындады. Бұл кезде Үрімжіні гоминьданның небәрі 6 батальон әскері ғана қорғап тұрған болатын.

Осы жайларды баяндай келіп, Кеңес ғалымдары: «екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталар тұсында ұлттық-демократиялық негіздегі ШТР уақыттық үкіметі Синьцзянның солтүстік-батыс аймақтарында негізінен орнығып болды. Ұлттық армия қатары 30 мың адамға жетіп, шығысқа және оңтүстікке қарай соғыс ашты. Гоминьдан билігіндегі өңірлерде партизандық әрекеттер етек алды. Мұндай жағдайда гоминьдан үкіметі ШТР үкіметімен келіссөздер жүргізуге мәжбүр болды» [51, 270] , – дейді.

Осындай қысылтаяң жағдайда гоминьданның Үрімжідегі әскери мансаптысы Чжу Шаолян 8 сағат ішінде Чан Кайшиге 3 рет телеграмма беріп, жедел көмек сұрап: «жағдай өте қиын, Үрімжі хауіп астында қалды, алдағы күніміздің не болары белгісіз, Отан алдында құрбан болуға разымыз» – деп шұғыл көзқарас білдірді. Осыған орай Чан Кайши Гоминьдан үкіметі әскери істер комитеті саяси бөлімінің бастығы, генерал Чжан Чжичжунды (Zhang Zhihong) Синьцзянда қалыптасқан күрделі жағдайды реттеу үшін Үрімжіге жіберді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   19




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет