Қазақ Ұлт-азаттық ҚОЗҒалысы


§2 Іле төңкерісі (1944-1945)



бет5/19
Дата25.02.2016
өлшемі1.8 Mb.
#19925
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   19
§2 Іле төңкерісі (1944-1945)
1942 жылы көкекте Шэн Шицай коммунизмнен, Кеңес Одағынан біржолата бет бұрғаннан кейін, 1943 жылдың соңынан бастап Кеңес Одағы Алтай халқының ұлт-азаттық күресіне нақтылы қолдау білдіре бастады. Алтай төңкерісі сол негізде Шэн Шицай мен гоминьдан билеушілеріне қарсы ұйымды, тәртіпті түрде жойқын күш болып қалыптасып, шайқасқан сайын шыңдалып, жеңістен жеңіске жетуде еді. Бұл кезде Іле халқы гоминьдан армиясына қарсы ашық құралды күреске шықпай, тек жасырын ұйымдардың қызметін жандандыру жағында болды. Мұнда да негізінен Кеңес Одағының көмегіне сүйенді.

Кеңес Одағының қолдап-қуаттауы мен көмектесуінде коммунистік идеологияның тәрбиесін алған немесе ықпалына ұшыраған кейбір ұлтжанды жастар, Алматы, Пішпек, Тәшкен қалаларынан оқып келген зиялылар және Шэн Шицай мен гоминьданшылдардың үстемдігіне қарсы өзге де қайраткерлер ілгерінді-кейінді Іле, Алтай, Тарбағатай аймақтарында «Азаттық ұйымы», «Жас екпінділер», «Алтай қазақтарын көркейту комитеті» тектес жасырын ұйымдар құрды. Бұлар жергілікті жерлерде бұқараны үгіттейтін және оларды қарулы күреске жұмылдыратын басшылық құрылымына, сондай-ақ, Кеңес Одағымен байланыс жасайтын тіректі күшке айналды.

1942 жылы жаз айларынан бастап Кеңес Одағы дайындаған жасырын ұйымдардың мүшелері Құлжа қаласына жинала бастады. Кеңес Одағының Құлжада тұратын консулы Дабшин (қытайша – Daba’shen ) мен Палисовтың (қытайша – Palisuofu) басшылығында олар қарулы көтерілістің дайындық қызметіне кірісіп кетті. Ең алдымен ұйғыр, қазақ, қырғыз ұлттарының арасындағы ел белсенділеріне, діни қайраткерлерге, зиялылар мен жас буындарға үгіт-тәрбие жұмысын жүргізді. Сондай-ақ мешіт, медреселерді үгіт-насихат жүргізудің орталығына айналдырып, халықты «дін ислам үшін, Мұхаммед пайғамбар үшін қасиетті ұрыс салуға» жігерлендіріп, оларды сөз жүзінде де, іс жүзінде де төңкерісті қолдауға және оған қызу атсалысуға шақырды. Бұл орайда Кеңес Одағы Синьцзяндағы мақсатына жету үшін өздері үнемі қарсы болып келген «исламшылық» пен «түрікшіліктен» өнімді пайдаланды.

1943 жылы Кеңес Одағы Алматы мен Ташкентте «Шығысқа жәрдем комитетін» («Синьцзяндағы түркі ұлттарының азаттық комитеті» деп те аталды) құрып, оның басшылық қызметіне Синьцзянда ұзақ уақыт болып қайтқан Мансұр Розиевті тағайындады. Мансұр Розиев Алматыда туған, ұлты—ұйғыр. ККП мүшесі. 1931жылы Кеңес Одағы оны Қожаниязға ақылшы болуға жібереді [112, 992], ал Синьцзянның «Үш аймақ төңкерісіндегі ірі істері» атты кітаптан оны «әсілі Шэн Шицай үкіметі ұсыныс еткен Кеңес Одағының адамы» дейді. Шэн Шицай билік басына отырған кезде ол «Синьцзян газетінің бас редакторы, «Үш аймақ төңкерісі» кезінде саяси істер комиссары болады [112, 992]. Енді бірде оны 1942 жылы еліне қайтып, 1944 жылы маусым айында Абла Рамазанов деген атпен Кеңес Одағында жасырын ұйым - «Еміл штабын» құрып, Тарбағатай өңіріндегі құпия қимылдарға жауапты болды, 1945 жылы тамызда Тарбағатай аймағы уәлиінің орынбасары болды. 1946 жылы маусым айында еліне қайтты дейді [81 14].

Ол басқарған аталмыш комитет Синьцзяндағы жергілікті ұлттардың оқып пайдалануы үшін «Шығыс ақиқаты», «Қазақ елі» тектес газет-журналдарды, үгіт парақшаларын шығарып тұрды. Олардың бәрі шекарадағы контрабандалық жолмен немесе арнайы адамдар жіберу арқылы Синьцзянға жеткізіліп тұрды.

Таяу мерзімге жоспарланған қарулы төңкерістің қажеті үшін Кеңес Одағы жақтан әр түрлі қару-жарақтар да толассыз тасылып жатты. 1942 жылдан бастап Кеңес Одағының Құлжадағы консулы алдағы күрестің тіректілері деп есептелген И.Г.Палинов (Патшалық Ресейдің Орынбордағы офицерлер мектебін бітіріп, Ресейдің Іледегі консулының атты әскерлер рота командирі болған), Ы.Мононов (Кеңес Одағы Қызыл армия университетін бітіріп, Шэн Шицай кезінде полк және бригада командирі болған), А.Аббасов, Ф.Н.Лескин, М.Патих тектес адамдарды Кеңес Одағына барып әскери тәлім-тәрбие алуға жібереді. 1943 жылы Кеңес Одағының Синьцзянда қызмет істеген әскери, саяси саладағы қызметкерлері еліне қайтқан кезде Үрімжідегі Тоутуньхэ ауылшаруашылық машина заводында жұмыс істейтін бірнеше жүз инеженер-жұмысшыларды Кеңес Одағына ала кетіп тәрбиелейді. Бұлар 1944 жылғы Іле төңкерісінің алды-артында Құлжаға қайтарылып, «Үш аймақ төңкерісінің» командилеріне, қару-жарақ пен техника мамандарына айналады.

1944 жылы 4 көкек күні Кеңес консулының қолдап-қуаттауында және көмектесуінде Шэн Шицай мен гоминьдан үстемдігіне қарсы Құлжа аудан қалашығында (қазіргі Құлжа қаласы) «Құлжа азаттық ұйымы» деп аталатын жасырын ұйым құрылды және оның төрағалығына Әлихан төре сайланды. Әлихан Төре (1885-1976) Қырғызстанның Токмақ деген жерінде діни отбасында дүниеге келген. Ұлты өзбек. Бұрынды-соңды Сауд Арабиясында, Бұхарада діни оқу оқыған және дәрігер мамандығы бар. 1929 жылы Кеңес Одағынан Синьцзянның Құлжа қаласына келіп қоныстанып, дін таратуды, дәрігерлікті кәсіп етеді. 1937 жылы Шэн Шицай тарапынан тұтқынға алынып, түрмеге жабылады. 1941 жылы түрмеден шығып, Құлжа қаласындағы ең үлкен Байтұлла мешітінде бас имам болады.

Төңкеріске жақыннан жәрдемдесіп отыру үшін Кеңес Одағы Іле, Тарбағатай, Алтай аймақтарының шекарасындағы Соңбай, Қорғас, Бақты, Майқапшағай тектес жерлерден арнайы базарлар ашты. 1944 жылы 12 көкек күні Кеңес Одағының Қытайда тұратын бас елшісі Гоминь (гоминьдан) үкіметі әкімшілік палатасының бастығы Сүнь Кэ-ға: «Таяудан бері Синьцзянда туылған үлкенді-кішілі бірсыпыра уақиғалар Қытайдың Кеңес Одағына қарсы тұру пиғылының күн сайын асқынғандығын бейнелейді» [81,10-11] - деген мәлімдеме жасайды. Бұл Кеңес Одағының ендігі жерде Синьцзян мәселесінде өзгеше бағыт ұстанатындығын алдын ала аңғартуы еді.

Ішкі-сыртқы жағдайдың дамуы төңкеріс ауқымының қалыптасуына тиімді бола түскен еді. 1943 жылы көкек айында Іленің Нылқы ауданында Патих Мүсілімов, Әкбар Есбосынұлы, Әбілқайыр төрелер төңкеріс жасау ниетінде өзара ақылдасып, астыртын ұйым құрмақшы болады.

Бұған дейін Әбілқайырдың ағасы Әуелхан гүң (князь) қолға алынғаннан кейін Әкбардың әкесі Есбосын, кіші әкесі Қасым үкімет жандармасы тарапынан түрмеде өлтірілген болатын. Сондықтан Әбілқайыр төре мен Әкбардың Шэн Шицай мен гоминьданшыларға деген өшпенділігі шегіне жеткен. Бұлардың жасырын ұйым құру жөніндегі іс-шараларына Патихтың Құлжада тұратын ағасы Садық, нылқылық Жақамбай, Оразхан, Қанатбек ақалақшы, Лайдин үкірдай (моңғол), Иван (орыс), Оспан тектес сенімді әрі жұрт ішінде беделді делінген адамдар да тартылады. Өкінішке орай, сенімді деп есептелген Қанатбек ақалақшы олардың Патихтың үйінде бас қосатындығын сақшы мекемесіне алдын ала мәлімдеп қойғандығы себепті, олардың Патихтан басқаларының бәрі қолға түседі. Ал Патих сақшы солдаттары үйіне кірген кезде-ақ дайын тұрған атына мініп қашып құтылады. Әбілқайыр төре мен Оразхан ақалақшы сақшы мекемесі бір ай бойы сұраққа тартсада олар төңкеріс жасау ойларын, ұйым құру туралы ақылдасқалы жүргендігін мойындамайды. Ақыры аудан мәнсаптыларына пара беріп, түрмеден шығады [31, 24-25].

Әкбар сұрақ барысында: «тығып тастаған құралым бары рас, оның қайда екенін өзімнен басқа адам білмейді, өзім барып әкеліп берейін»-деп екі сақшыны үйіне ертіп келеді. Қазақ салты бойынша қонақтарға мал сойып беремін деген сылтаумен атына мініп қашып кетеді.

Мұнан соң Әкбардың немере інісі Сейіт қолға алынады. Ол да: «ағамды тауып, құралымен үкіметке тапсырып береміз» деген сылтаумен Ысмайыл атты түрік саудагерін кепілге қояды да түрмеден шығып, Әкбардың қасына барып алады. Сонымен, Әкбар, Сейіт, Науан үшеуі Кеңес Одағына жасырын өтіп, Иінтал деген жердегі Кеңес армиясының 40-шы полкіне барады. Бұларды полковник Шөкеман (?) деген адам қабылдайды, әрі оларды Кеңес Одағына өздерінен бұрын қашып өткен Патих, Хамит (Садықтың баласы), Кеңес Одағында әскери тәлім-тәрбие алған Рапих, Байшорин тектес кісілермен кездестіреді, сондай-ақ Шөкеман олардың ішінен Патих, Әкбарлармен айырым сөйлеседі [31,26].

Кеңес Одағы оларға қазірше құрал-жарақ «сатып» бермекші болады. Соның есесіне Әкбарлар Қытай шекарасына қайта кіріп гоминьданның бағымдағы жылқысынан 10 ат ұстап апарып береді. Сөйтіп олар 8 германка (мылтық), 6000 тал оқ; Патих, Әкбарлар бірден маузер, ал басқалары бірден көне наган алып қайтады [31,27].

Бірақ олар қайтар жолында жолдан адасып кетіп үкіметтің шекара күзетшілеріне сезіліп қалады. Әкбар, Науан, Сейіт, Патих тектес кісілер қашып-пысып Нылқыға жетсе, қалғандары Кеңес Одағының консулын барып паналайды. Кей деректерде «1944 жылы тамыз айында Кеңес Одағында тәлім-тәрбие алған, бұрындары Нылқы аудандық жерлік өнімдер басқармасының орынбасар меңгерушісі болып қызмет істеген Патих бастап, Құрбан, Бұрханиддин, Рапих, Хамит, Нұр, Ошұр, Оспан тектестер қостаған 60 құралды адам Қорғас ауданының Кеңес Одағымен шекараласатын солтүстік батыс бөлігіндегі таулы өңірінен жылыстап өтіп, Дасигоу сайы арқылы Құлжа ауданына қарасты Желжүзді басып, Нылқының солтүстігіндегі Ұластай таулы өңіріне барып, онда Ғанилармен кездесіп, партизандық база құрды»[112,923-924] - делінеді. Мейлі қалай болса да, Әкбар, Сейіт, Патих тектес кісілерден құралған бұл еріктілер ендігі жерде ресми партизан ұйымы болып құрылып, төңкеріске дайын тұрады.

Бұдан бұрын баяндап өткеніміздей, 1943 жылдан бастап Шэн Щицай мен гоминьдан үкіметінің халықтан алынатын алым-салығы тіптен көбейе түсті. Әсіресе, олардың ат салығы Іле халқының арқасына аяздай батты. Халықтың Шэн Шицай мен гоминьдан билеушілеріне қарсы наразылық пиғылы тіптен күшейе түскен осы бір мезгілді тиімді пайдаланғысы келген «Құлжа азаттық ұйымы» дереу қарулы көтеріліс жасаудың дайындығына кіріседі. Олар Құлжа қаласында гоминьдан күштері біршама тығыз орналасқандықтан, ол арадан 100 шақырым қашықтықтағы халқы негізінен қазақтар болып есептелетін Нылқы ауданында көтерілісті бастау керек деген шешімге келеді, мақсат —«жолбарысты шырғалап апанынан шығарып алып соққылау» тәсілі бойынша Құлжа қаласындағы гоминьдан күштерінің назарын Нылқы тарапқа аударып, онан соң қорғаныс қуаты әлсіреген Құлжа қаласына тап беру еді.

1944 жылы 14 тамызда Әкбар, Сейіт, Патих Мүсілімов, Абдұлла Қайнам (Ғани) тектес кісілер Ластайда партизандық база құрғаннан кейін Нылқы ауданына қарасты Жалынқол, Жартоған, Көкебай сияқты жерлерге адам жіберіп, сол жердегі жұртшылықты партизандар қатарына өтуге шақырады. Жарты айға жетпейтін уақыт ішінде көтерілісшілер сапы 650 адамға көбейіп 300 ат, 3-4 мың қой, 360 мөшек ұн жиналады. 17 тамыз күні партизан жетекшілері ораза айт намазын пайдалана отырып, мешітте құралды көтеріліс жасау жағдайын ақылдасады. Осы кезде біреулер гоминьданның Нылқы аудандық сақшы мекемесіне барып құпиялықты әшкерелеп қойғандықтан, Нылқы аудандық сақшы мекемесі қарулы сақшыларды жіберіп тосын тінту жүргізеді. Халық дереу жұмылып Нылқы аудандық сақшы мекемесінің бастығы мен оған ере жүрген құралды 10 адамды атып өлтіреді. Тұңғыш шайқастың жеңісіне қол жеткізгеннен кейін көтерілісші топтың атағы шықты да, сол маңдағы жұртшылық оған топ-тобымен келіп қосылды. Өлкелік үкімет Нылқы көтерілісінің хабарын естігеннен кейін, Өлкелік сақшы істер басқармасы бастығының орынбасары Лю Биндэні Құлжаға барып, Іле аймағының уақытша уәлиі /әкімі/ міндетін өтеп, ондағы қалыптасқан жағдайды бір жайлы етуге жіберді.

Қазан айының соңын ала Лю Биндэ Құлжаға барғаннан кейін бірсыпыра интеллигенция өкілдері мен үкіметке қарсы бұқараны қолға алып, «Құлжа азаттық ұйымның» көптеген мүшелеріне бой тасалауға тура келді. Бірақ өзі Іледе туып өскен Лю Биндэ бұл жердің жағдайын «бүлікшілерді» жазалау арқылы өзгертуге болмайтындығын сезіп, өлкелік үкіметке «тазалаумен көңіл аулау шарасын қатар қолдануды», сондай-ақ ат салығын тоқтата тұрып, жергілікті жердегі жұрт беделділерін талдап алып солар арқылы үгіт-насихат айтуды, әрі недәуір сандағы әскери бөлімдерді дереу жіберіп жаныштау жүргізуді және Іленің қорғаныс қуатын күшейтуді ұсыныс етеді. Бұл кезде Алтай өңірінің жағдайы да ұшығып, өте аласапыран күйде тұрғандықтан Шэн Шицай мен гоминьдан билеушілерінің бұл іске мойын бұруға мұршасы жоқ болатын. Оның үстіне 1944 жылы 29 тамыз күні Чан Кайши басқарған Гоминьдан үкіметі Синьцзяндағы әскери-әкімшілікті реттеуге байланысты бір бұйрық жариялаған еді. Онда былай делінген: «Синьцзян өлкелік үкіметінің мүшесі әрі төрағасы, Синьцзян шекара қорғанысының бақауылы (губернаторы) Шэн Шицай қызметінен босауды өтініш етіп, адал ниет білдірді. Шэн Шицай аталған міндеттерінен босатылсын; Синьцзян шекара қорғаныс бақауыл мекемесі таратылсын; Синьцзянда тұратын барлық әскери бөлім түгелдей әскери істер комитетінің құзырына қарайды. Бақауыл мекемесінің қызметін Синьцзян өлкелік амандықты қорғау штабы өткізіп алсын; егін, орман шаруашылығы министрлігінің министрі Чэнь Хунлэ басқа жұмысқа ауысуына байланысты қазіргі міндетінен босатылсын; Шэн Шицай егін, орман шаруашылығы министрлігінің министрі қызметіне ерекше түрде тағайындалсын; У-Чжунсинь Синьцзян өлкелік үкіметтің төрағалығына тағайындалсын; У-Чжунсинь міндетті тапсырып алғанға дейін Чжу Шаолян уақыттық төрағалық міндетін өтей тұрсын» [81,10-11].

Сөйтіп, 1944 жылдың қыркүйек айынан бастап өлкеде гоминьдан билеушілерінің үстемдігі толықтай орнады. 11 қыркүйек күні Шэн Щицай ұшақпен Синьцзяннан аттанып, Чунцинге барды. Шэн Щицай кеткенімен өлкедегі гоминьдан билеушілері халықпен жауласуын қоймады. 15 қыркүйекте Іле аймақтық бас сақшы мекемесінің орынбасары Чжао Чжумин 300 әскермен үш бағытқа бөлініп Ластай партизандарын қоршап жоюға аттанды. Оның есесіне көтерілісшілер 600-дей адаммен үш бағытқа бөлініп, Нылқы аудан қалашығына шабуыл жасап, бір тәулікке созылған шайқас арқылы аудан орталығын басып алды. Қалашықты қорғап тұрған әскерлер мен сақшылардан 30-дай адамды жойды. Жергілікті чиновниктерден, әскерлер мен сақшылардан 140 адамды тұтқындады. 3 пулемет, 66 мылтық олжаға түсірді. Түрмедегі Әбілқайыр төре, Нүсіпхан Көнбаев тектес 100-ден астам адам босатылды.

Партизандар қосыны қаланы алғаннан кейін Оспанды (басқа Оспан—ав.) Нылқы ауданының уақыттық әкімі етіп тағайындады. Гоминьданшылардың партизан қосынын қоршап жоюына көмектескен Қанатбек, аудан әкімі Ло Цишэн, аудандық сақшы мекемесінің бастығы Чжао Чжунмин сияқты адамдарды атып тастады. Сонымен бірге Құлжа ауданынан Жоңғарияға өтетін Тянь-шань тауындағы Ашалы асуын алуға партизандар жөнелтілді.

Көтерілісшілердің бас штабы 7 қазан күні Нылқы аудан қалашығына көшіп келіп орналасқаннан кейін, қатары 800 адамға көбейген көтерілісшілер қосынын үш ірі отрядқа бөлді. Бірінші отрядқа қазақ халқының батыр ұлы Әкбар, Сейіттер басшылық етті. Олардың қол астындағы 260 адамның бәрі қазақтар еді. Екінші отрядқа ұйғыр Абдұлла Қайнам батыр басшылық етті. Бұл отрядтағы 230 адамының көбі орыстар еді. Бұдан сырт тағыда 200 адамдық өзге ұлттардан құралған әскери қосын болып, олардың бір бөлімі артқы шеп қызметімен айналысатын.

18 қазан күні Синьцзян өлкелік үкіметтің уақытша төрағасы Чжу Шаолян өлкелік запас 7 дивизияның штаб бастығы Сао Жэлинді Іле аймағын тыныштандырушы уақытша қолбасшы етіп тағайындап, осы аймақта тұратын армия мен амандық қорғау бөлімдеріне біртұтас қолбасшылық етуге жіберді. Ол 19 қазан күні ұшақпен Құлжаға барғаннан кейін Нылқы партизандары мен гоминьдан әскерлерінің «тіресу» жағдайына негізделе отырып, Іледегі қазіргі әскери күшті қаладан шығысқа қарай «тазалау жүргізуге» орналастыруды бұйырды. Сонымен бірге Оңтүстік Синьцзянға қарасты Кушарда тұратын армияның атты әскерінің 4-інші полкіне Мұзарт асуынан асып, оңтүстіктен солтүстікке қарай «тазалау жорығын жасауды», запастағы 7 дивизияның 21-інші полкіне Жоңғария жағынан Құлжаға асатын Ашалы асуын алуды бұйырды. Бұл кезде Қорғас ауданына қарасты Кеңсай жол учаскесінің бастығы Фатей Иванович Лескин Үрімжі жағынан келетін гоминьдан әскери бөлімдерін тосу үшін Кеңсай партизандар қосынын ұйымдастыруға кірісті. Ал бұл кезде Ашалы асуы әлі де партизандар қолына түсе қоймаған еді.

Қазан айының соңында Құлжада қарулы көтеріліс жасаудың барлық мүмкіндіктері туып отырғанына орай, «Құлжа азаттық ұйымы» Әбдікерім Аббасовты Кеңес Одағынан көмек сұрауға жіберді.

Бұл орайда көтерілісшілер 3 қараша күні жауды жеңіс сезіміне кенелтіп бейғамдандыру, әрі Құлжаны босатып алу мақсатында үш бағыттан келген гоминьдан әскерлерімен соғыса жүріп, Нылқы аудан қалашығын тастап шығып, Ұластайға қарай шегінді. Жауды тоса соққылап шегіну барысында Әкбар батыр жау оғынан ауыр жараланды. Содан кейін ол бастаған топқа інісі Сейіт басшылық етті.

«Құлжа азаттық ұйымы» 4 қараша күні Кеңес Одағының Құлжадағы консулының ұсынысы бойынша, Құлжада тұратын гоминьданның негізгі әскери күші Нылқы ауданы жаққа жөткеліп кеткен сәтінен пайдаланып, іш пен сырт бірлесіп Құлжаны бір уақытта басып алу үшін Ластайға адам жіберіп, Нылқы партизандарын дереу Құлжаға шабуылдауға үндеді.

Сөйтіп көтерілісшілер Әкбарды және Ластайдағы бас штабты қорғауға біраз партизан қолын қалдырып 300-і қарулы, жалпы саны мың адаммен Құлжаны азат етуге аттанды [67,62-63]. Бұларға Үрімжі жақтан келетін жау әскерінің жолын тосып жатқан Кеңсай көтерілісшілері мен Кеңес Одағы жағынан келген қарулы топ та қосылды.

Көтерілісшілер 1944 жылы 6 қараша күні Құлжа қаласына тұс-тұстан шабуылға шықты. Олар 10 қарашаға дейін Іле аймақтық, әкімшілік мекемесін, гоминьданның бас қолбасшылық штабын, аймақтың сақшы мекемесін, сіріңке және былғары заводтарын, банкті басып алды.

9 қараша күні өлкедегі У-Чжунсинь, Чжу Шаоляндар мынандай қаулы шағарды:

1. Запастағы 7 дивизияның командирі Ли Юйсян Құлжаға әскери істерді басқаруға жіберілсін;

2. Дэн Сянхай Құлжаға хал сұрауға жіберілсін;

3. Цзо Щупин Іле аймағының әкімшілік бақылаушы уәлилігіне тағайындалып, Дэн Сянхаймен бірге барып міндетін өткізіп алсын;

4. Сыртқы істер министрлігінің Синицзян өлкесінде тұратын Төтенше істер бойынша өкілдігінің өкілі 10 қараша күні Цзо Щупин, Ли Юйсян, Дэн Сянхаймен бірге ұшақпен Құлжаға барып, Кеңес Одағымен арадағы дипломатиялық істерге кіріссін.

Сол күні запастағы 7 дивизияның 21 полкінің командирі Цзян Сюаньцюань бұйрық бойынша көмекші әскери бөлімді бастап, Ашалы асуынан Құлжаға барып, түнделетіп партизандар отрядымен соғыс жүргізді. Сондай-ақ запастағы 7 дивизияның 19 полкінің 2 батальоны Нылқы қалашығын қоя тұрып, Құлжаға көмекке барды. Бұлар Құлжа қаласы мен оған қарасты Айранбақ төңірегінде партизандардың қайтара шабуылына ұшырап бөгеліп қалды.

Құлжа қаласында соғыс жүріліп жатқан тұста Сао Жэлин Чжу Шао лянға телеграмма жолдап, «Құлжа оқиғасының» мән-жайын мәлімдейді, әрі оны шешудің мынандай әдістерін ортаға қояды:

1. Әскери бөлімдердің күшін үздіксіз арттырып, мемлекеттен әл-қуат кеткенше шайқасты жалғастыра беру керек. Бұл сырттай «бандыларды тазалау» деп аталғанымен, іс жүзінде халықаралық сипат алатын соғыс;

2. Дипломатиялық арналар арқылы мәмілеге келу. Оны «достық көмек» деп атаса да болады. Бірақ Кеңес Одағының әскери көмегіне қатаң тосқауыл қою керек;

3. Қаладағы бандылар түгелдей орыстар мен татарлар. Олар өздеріне Кеңес консулдығын тиянақ етіп отыр, қару-жарақтары да түгелдей Кеңес Одағында жасалған. Ең бастысы жоғарыдағы екі ұсынысты басшылыққа алған жөн.

Бірақ Гоминьдан үкіметінің бұның бәріне дәрмені жетпеді. Құлжадағы әуежайдың қоршауда қалуына байланысты, үкімет мүшелері мен әскери мансаптылардың онда баруы мүмкін болмай қалды.

Бұл орайда Нылқыны мен Құлжаны азат ету шайқасындағы ең әуелі Әкбар, Сейіт бастаған қазақ жігіттерінің қосқан үлесінің айрықша екендігін атап өткен жөн. Құлжа соғысында Сейіт бір өзі 600 жауынгерге басшылық етіп, гоминьданның Құлжадағы бас қолбасшылық штабын тартып алды. Өкінішіке орай, жеңіс сәті таяу қалған тұста, яғни 10 қараша күні ауыр жараланып Ұластайда қалған Әкбар да, Құлжаны алу шайқасында ерен еңбегімен көзге түскен інісі Сейіт те бір уақытта құрбан болды. Әсіресе, төңкерістің ту ұстаушысы болып алда жүрген 28 жастағы жас жігіттің өлімі тосын, әрі өте жұмбақ жағдайда еді. Кей тарихи деректерге оны әлде біреулердің шырғалап апарып жау нысанасына әдейі түсіргені айтылады. Мейлі қалай болса да Іле төңкерісінің ең машақатты міндеттерін өз мойындарына алып, өмірлерін оқ пен оттың ортасында өткізген олар үшін бұл, әрине, күтпеген жағдай болатын.

Сейіттер құрбан болғар кезде Құлжа қаласында гоминьданның әскері мен офицерлерін және олардың бала-шағасын жиып есептегенде 4000-дай кісі бар еді. Олар әуежай сынды маңызды жерлерге бекініп алып, көтерілісшілермен қатты қарсыласуда еді. Қалған көтеріліс басшылары олармен болған соғысты әрі қарай қалай жалғастыру керектігі жөнінде бас қатырып жатқанда, 12 қараша күні Кеңес Одағы жіберген Иван Григориевич Палинов 60 солдатпен көмекке келді. Оның артынан Ысқақбек Мононов пен Кеңес армиясының офицері Александров бастаған бір атты батальон қазақ пен қырғыз солдаттары келіп соғысқа араласты.

11 қараша күні өлкедегі У-Чжунсинь мен Чжу Шаолян Чан Кайшиге телеграмма жолдап былай деді: «Қазіргі жағдайда Кеңес Одағымен дипломатиялық қатынасты біржолата ретке салу әдісін қолданбағанда, Іле оқиғасы тектес оқиғалар толастамайды, Синьцзян алдағы жерде мүшкіл халге кіріптар болады. Сондықтан Орталық үкімет Вашингтон жақтың Кеңес Одағымен сөйлесіп, Қытай мен Кеңес Одағы шекарасының бұрынғыдай бейбіт жағдайда болуына мүмкіндік жасауы керек, Кеңес Одағы елшісімен шындап кеңесу үшін, жайшылықта Кеңес Одағымен байланысы тәуір адамдарды дереу Синьцзянға жіберу керек. Сондай-ақ Синьцзянның әскери, экономикалық күш-қуатын толықтыруға да ат салысу ләзім» [81,43-44].

Көтерілісшілер Құлжа қаласын басып алғаннан кейін, гоминьданның қалдық армиясы Үрімжі жақтан келетін әскери, экономикалық көмектен жұрдай болды. Алдағы жерде оларға тізе бүгіп бейбіт берілуден басқа жол қалмады.

Осындай жағдайда 1944 жылы 12 қарашада «Құлжа азаттық ұйымы» ұйғыр, қазақ, қырғыз клубында жиналыс ашып, Шығыс Түркістан Республикасы уақыттық үкіметі (төменде ШТР уақыттық үкіметі делінеді – ав.) құрылғандығын ресми жариялады. Мемлекет туы отасында сары ай, жұлдыз орнатылған жасыл ту болады деп белгіленді. Әлихан төре, Әкімбек қожа, Мақсұм Абдыров, Рахымжан Сабырхажиев, Мұхаметжан Мақсұм, Әбдікерім Аббасов, Кабиев Бернашов (татар), Әнуар Мұсабаев, Павел Павлович Москалев, Әбілқайыр төре (қазақ), Ғани Иолдаш, Салжанбай Бабажан, Әбілмит Әли халпе, Петр Романович Александров, Қайнам тектес 16 адамнан «Уақыттық үкімет комитеті» ұйымдастырылды. Әлихан төре Үкімет төрағалығына, Әкімбек қожа үкімет төрағасының орынбасарлығына, Мақсұм Абдыров Үкіметтің бас хатшылығына тағайындалды. Жиналыс ШТР уақыттық үкіметіне қарасты құрылымдарды құруға және оның орталық газетін шығаруға кірісуді, сондай-ақ, әскери қолбасшылық штабын ШТР уақыттық үкіметі партизандар қосыны бас штабына өзгертіп, П.Р.Александровты бас қолбасшы етіп тағайындап, жер-жерде соғысушы барлық құралды күшке біртұтас басшылық етуді тапсырды.

1945 жылы 5 қаңтарда ШТР уақыттық үкімет мүшелерінің төртінші рет мәжілісі болып, онда мынандай жарғы жарияланды:

1.Шығыс Түркістан территориясынан Қытайдың отаршылық үстемдігін түп-тамырымен жою;

2.Шығыс Түркістан территоиясындағы әр ұлт халқының тең құқылығын қамтамасыз ете отырып, шынайы еркіндікке, тәуелсіздікке ие мемлекет құру;

3.Шығыс Түркістанның экономикасын жан-жақтылы дамыту үшін, алдымен өнеркәсіпті, егіншаруашылығын, мал шаруашылығын және жеке кәсіпкерлікті дамыту арқылы халықтың тұрмыс өресін жоғарылату;

4.Шығыс Түркістандағы халықтың мүлде басым бөлігі ислам дініне сенетіндіктен, аталмыш дінге зор маңыз беру, сонымен бірге басқа діндерге де еркіндік беру және оны қорғау;

5.Мәдениет, оқу-ағарту, денсаулық сақтау істерін дамыту;

6.Жер бетіндегі демократиялы елдермен, әсіресе Шығыс Түркістанға көрші Кеңес Одағымен достық қарым-қатынас орнату, сонымен бірге саяси, экономикалық жақтан Қытай үкіметімен болған байланысты да дамыту;

7.Шығыс Түркістанның бейбітшілігін қорғау үшін, әр ұлт халқының құдіретті әскери қосынын жасақтау;

8 Банк, почта, телефон, телеграмма, орман және барлық жер асты ресурстарын мемлекет иелігіне алу;

9.Мемлекет қызметкерлері арасында өзімшілдік, бюрократтық, ұлтшыл экстремистік және коррупциялық пиғылдарға қатаң тосқауыл қою [2, 17. 01.1945].

Ал тарихшылар В.А.Богословский мен А.А.Москалевтердің еңбегінде ШТР уақыттық үкіметі 1945 жылы қабылдаған үкіметтің билік жүргізу бағдарламасының негізгі баптары көрсетілген, олар:

1.Қытайларға бағытталған зұлымдықты түбегейлі жою;

2.Үкіметті демократиялық әкімшілік тұлға етіп құру;

3.Армия халыққа тән болу;

4.Ұлттардың терезесі тең болу;

5.Дінге құрмет ету;

6.Әр дәрежелі мансаптыларды халық өзі сайлау;

7.Кеңес Одағымен достасу саясатын атқару;

8.Оқу-ағартуды дамыту;

9.Ұйғыр жазуына мемлекеттік мәртебе беру [21, 180].

Қалай дегенде де, бұл жарғыдан ШТР уақыттық үкіметінің мемлекет құрудың барлық талаптарына сай жұмыс жүргізе бастағандығын аңғаруға болады. 1945 жылы 12 қаңтарда ШТР уақыттық үкіметінің мүшелерінің кеңейтіген мәжілісінде 6 номерлі қарар қабылдап, әскери істер меңгермесін (министрлігін) құруды бекітті, әрі П.Р.Александровты оның бастығына тағайындады. Тұрақты армия құруды, әрі әскери шен тізімін жолға қоюды да бірауыздан мақұлдады. Әскери шендер жәй әскер, рота командирі (подполковник), аға командир (полковник), жоғары дәрежелі командир (генерал-майор) деп аталатын төрт дәрежеге бөлінді. Пагон мен киім Кеңес армиясынікіне ұқсатылды. Пагонды көк, қызыл, ақ түстермен жиектеу арқылы жаяу, зеңбірекші әскерлерді парықтайтын болды. Шығыс Түркістан Республикасы құрылған соң, 11 қаңтар күні Үрімжіде тұратын АҚШ елшісі Уаррит /Warrit/ У-Чжунсиньге амандаса барып, АҚШ-тың бұқаралық ақпарат құралдары арқылы дүниежүзілік әлеуметтің назарын «Құлжа оқиғларына» аудару үшін, оның мән-жайын білгісі келетіндігін білдіреді [81,70]. Бірақ бұған гоминьдан үкіметі қандай мәміледе болғандығы жайлы деректер жоқ. Кейін келе, яғи 23 қаңтар күні АҚШ елшісінің У-Чжунсиньге тағы да амандаса барып, онымен Құлжа жағдайындағы соңғы 11-12 күннен бергі өзгерістер жайлы сөйлескендігі белгілі [81,77]. Бұдан АҚШ жағының Синьцзяндағы ұлт-азаттық күрес ауқымына жіті назар аударып отырғандығын байқауға болады. Ал Кеңес Одағы болса, бастан-аяқ Іле мен Алтайдағы қарулы күресті қолдау жағында болды, әрі өзінің әскери мамандарын жіберіп, ШТР-ға ұлттық армия құру жұмысына көмектесті. Кеңес Одағынан келген әскери қызметкерлердің көмегімен ақпан айының соңына дейін Жың ауданынан басқа Іле мен Боратала өңіріндегі Құлжа, Сүйдің, Қорғас, Нылқы, Текес, Тоғызтарау, Арасан, Боратала, Нинси, Күнес тектес 10 аудан жау қолынан тазартылды.

Осы кезде бұдан хабар алған Алтайдағы көтеріліс жетекшісі Оспан Батыр ШТР уақыттық үкіметімен байланыс жасау үшін 12 кісілік үйірмені Құлжаға жөнелтті. Олар Шиху Маңына жеткенде Гоминьдан армиясы мен сақшыларының тосқауылына ұшырап, амалсыздан кері қайтты [81,78]. Осыған қарағанда ШТР уақыттық үкіметі бұған кейін Алтай көтерілісшілерімен ресми байланыспаған тәрізді.

Бірақ өлкедегі ұлт-азаттық күресінің ауқымы ұлттық армияның құрылуына байланысты күрт өзгерді. 1944 жылы 8 көкекте Құлжада ұлттық армияның құрылу салтанаты болып өтті. Оған Әлихан төре бастаған «Уақыттық үкімет» басшылары мен 10 мыңнан астам халық қатынасты. Қытайда жарық көрген кей кітаптарда осы салтанатта «Әлихан төре панисламизм, пантүркизм және ұлттық бөлшектеу көз-қарасында желіктіру сипатында сөз сөйледі және әскери бөлімдерге исламдық белгідегі ай-жұлдызды елтаңба салынған, әрі «Шығыс Түркістанның тәуелсіздігі жолында алға!» деген ұран жазылған армия туын және аят жазылған ислам дінінің ақ туын берді» [81,95], - делінеді.

Ұлттық армия жер-жердегі партизан ұйымдары, қозғалыстары негізінде құрылды. Бірақ Алтай мен Тарбағатай аймақтарындағы партизан қосындары алғашында ұлттық армия құрамына кірмеді. Өйткені бұл өлкелер әлі де жау қолынан толықтай азат бола қоймаған болатын. Ендігі жерде ұлттық армияның алдында аталмыш екі аймақты, ең соңында бүкіл Синьцзянды азат ету міндеті тұрды.





Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   19




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет