Сабақтың әр кезеңін шығармашылықпен өткізіп, оқушы іс-әрекетін ұйымдастыруда инновациялық іс-әрекетті тиімді қолдану жоспары жасалады:
1. Ұйымның іс-әрекет міндеттерін шешу үшін:
- оқушы мен мұғалім арасындағы қарым-қатынасты ұйымдастыру;
- оқушының оқудағы психологиялық және практикалық даярлығын ұйымдастыру, жағдай жасау;
- оқушыларды әртүрлі оқу-тәрбие жұмыстарына баулу;
- шығармашылықтарын дамытуға бағытталған жұмыстарды ұйымдастыру;
- сабақты таңдауға, білімді қабылдауға оқушыларды дайындай білуі.
2. Қарым-қатынас тұрғысындағы әрекетті іске асыру:
- оқушымен мұғалім арасында іскер қарым-қатынас орнықтыру;
- оқу үрдісіндегі ұжымдағы оқушылар қарым-қатынасын жақсарту;
3. Дамытушы тұрғыдағы әрекетті іске асыру:
-инновациялық іс-әрекетті оқушының жасөспірім физиологиясына, педа-гогикалық психологиялық ерекшеліктеріне сәйкес қолдану;
- оқу үрдісіне оқушының ақыл-ой еңбегін ұйымдастыру;
- алдағы қатарлы озық тәжірибелердің оқушы білімін дамытушы әдіс-тәсілдерін қолдану.
Мұғалімнің инновациялық іс-әрекеті 3 кезеңнен өтеді: жаңалық енгізуге дейінгі алғашқы кезең; инновациялық іс-әрекеттің жүру кезеңі; педагогикалық үрдіске жаңалықты енгізгеннен кейінгі соңғы кезең.
Жаңалықты еңгізуге дейінгі алғашқы кезеңде мұғалім жаңа білімді меңгеру әдістерін таңдайды: қандай педагогикалық технологияны пайдалану керек, оны қалай қолдану қажет және т.б. мәселелерді шешеді.Бұл кезең мұғалімнің инновациялық іс-әрекеті репродуктивті деңгейімен анықталады. Мұғалімнің инновациялық іс-әрекетінің репродуктивті деңгейі – мұғалімнің өзін-өзі кәсіби жетілдіруі. Мұғалім инновациялық педагогикалық технологияларға тұрақты көзқарас танытып, оқыту мен тәрбие беруде баламалы технологиялардың қажеттігін түсінеді, мемлекеттік білім стандарты жаңа шешім табуға ізденіс жасайды, әдістемелік – оқу кешеңдеріне аздаған өзгерістер енгізу арқылы, өз тәжірибесінде пайдалануымен сипатталады.
Инновациялық іс-әрекеттің жүру кезеңінде мұғалімнің педагогикалық инновацияны өз тәжірибесінде, жаңалықты педагогикалық үрдісте пайдаланудың әдістерін анықтайды. Бұл кезең мұғалімнің инновациялық іс-әрекетінің екінші эвристикалық деңгейіне сәйкес келеді. Эвристикалық деңгей мұғалімнің оқу-тәрбие үрдісіне жаңалықты белгілі бір мақсатпен жүйелі ендірумен сипатталады. Мұғалім педагогикалық міндеттерді шешу үшін жаңа әдістерді іздестірумен айналысады, мұғалімнің инновациялық іс-әрекетті қамтамасыз етуде рефлексия басты орын алады. Педагогикалық үрдіске жаңалықты енгізгеннен кейінгі соңғы кезеңінде мұғалім өзі қолданған педагогикалық технологияның жетістіктері мен кемшіліктерін айқындай алады, инновациялық іс-әрекеттің өрбуіне кедергі болған факторларды анықтайды, оларға диагностикалық талдау жасайды. Бұл кезең мұғалімнің инновациялық іс-әрекетінің шығармашылық деңгейіне сәйкес келеді. Шығармашылық деңгей мұғалімнің инновациялық іс-әрекетінің жоғары сатылы нәтижелігімен сипатталады. Мұғалімнің инновациялық іс-әрекетінде шығармашылық белсенділік, ізденістер орын алады. Инновациялық іс-әрекет нәтижесінде мұғалім инновациялық педагогикалық үрдісті ұйымдастырушы ортаның әсерін бағалап, инновациялық үрдіске әсер еткен ішкі және сыртқы факторларды анықтайды.
Әдіскер С. Көшімбетова өзінің зерттеуінде оқу-тәрбие үрдіске оқытудың инновациялық әдіс-тәсілдерін қолданудың мынадай ерекшеліктерін атап көрсетеді:
ізгілендіру технологиясында педагогика ғылымының алдыңғы қатарлы ғылыми жаңалықтарды тәжірибеде “бала-субъект”, “бала-объект” тұрғысынан енгізіле бастайды да, ал ғылыми білімдер оның тұрмысының әлеуметтік жағдайы мен іс-әрекеттің әлеуметтік нәтижесінің бірлігінде қарастырады;
ақпараттық бағдарламар оқыту - оқытудың мазмұнын пәнаралық байланыс тұрғысынан ұйымдастыру;
қоғам мен табиғат заңдылықтарын кіріктіру негізінде меңгеруі;
адамның іс-әрекеті тұрғысынан техника жаңалықтарын енгізу;
иллюстрациялы түсіндірмелі оқытуда “адам-қоғам-табиғат” үйлесілдік бағыттағы дүние танымында жүйелі саналы мәдениет қалыптасады;
саралап деңгейлеп оқыту технологиясында оқытудың мазмұны мен әдістері шығармашылық ізденіс іс-әрекет жасау негізінде адамның инновациялық қабілеттерінің қалыптасуына бағытталады;
оқытушы білмейтін шығармашылық ізденіс негізінде өмірге келген жаңа қабілет пайда болады;
дербес оқыту технологиясы оқу-тәрбие үрдісінде ғылымның негіздерін игеру үшін ізгілік, адамгершілік қасиеттерді қалыптастыра отырып, жеке тұлғаның әлеуметтік жауапкершілігін арттырады;
дамыта оқу технологиясы оқу-тәрбие үрдісінде сабақты “оқушы-субъект-мұғалім-объект” тұрғысынан қарастырып, оқушыны ұдайы шығармашылық ізденіске бағыттайды.
Оқу-тәрбие үрдісінде оқытудың инновациялық әдіс-тәсілдерін қолданып, оқушыны субъект тұрғысынан қарастыратын болса, оқытудың сапалы болатындығы және ең бастысы, оқушылардың пәнге деген жауапкершілігі, қызығуы, өз бетінше жұмыс істеу ынтасы ізденушілік-шығармашылық зерттеушілік қабілеттері артады.
Мұғалімнің кәсіптік қызметі арнаулы, пәндік білімдермен ғана шектелмей, педагогика мен психологияның, оқыту мен тәрбие технологиясы салаларының қазіргі заманға білімдерін де қамтитын болғандықтан мұғалімнен арнайы психологиялық-педагогикалық дайындықты талап етеді. Осы негізде педагогикалық инновацияны қабылдау, бағалау және іске асыруға дайындық қалыптасады.
Қазақстан Республикасының “Білім туралы” Заңында оқыту формасын, әдістерін, технологияларын таңдауда білім мекемелерінің мұғалімдеріне, педагогтарына өзіне оңтайлы нұсқаны қолдануға, педагогикалық процесті кез келген үлгімен, типті авторлық үлгімен құруға мүмкіндік береді.
Мұғалім жаңа педагогикалық технологияның теория мен концепцияның авторы, талдап жасаушысы, зерттеушісі, тұтынушысы және насихатшысы қызметін атқарады. Осы процесті басқару мұғалімнің өз қызметінде әріптестерінің тәжірибесі немесе ғылымдағы жаңа идеялар, әдістемелерді дұрыс таңдап, бағалау және қолдануын қамтамасыз етеді.
Қазіргі уақытта педагогика ғылымының бір ерекшелігі – баланың тұлғалық дамуына бағытталған жаңа оқыту технологияларын шығаруға ұмтылуы. Әлемнің әртүрлі елдерінде (АҚШ-та, Ұлыбританияда, Бельгияда, Ресейде және т.б.) жүргізілген зерттеулерде оқытудың технологиялық тәсілінің тиімділігі дәлелденген. М. Поташниктің пікірінше, бұл бір жағдайларда технолог –ғалымдар жасаған “индустриалдық” нұсқасы, оның мәні бекітілген ережелер мен тәсілдері қатаң сақтау болып табылады: ал басқа жағдайларда - құрылымның “жұмсақ” нұсқасы, ол өзгерістер мен түзетулерді қажеттілігіне қарай еңгізуді ұсынады.
В.П. Беспалько, В.М. Шепель, И.В. Волков, М.Чошанов, М.В. Кларин, Г.К. Селевко, В.М.Монаховтың және басқа да көптеген ғылымдардың техноло-гиялары кеңінен танымал.
Бүгінгі таңда П.М. Эрдниевтің дидактикалық бірліктері шоғырландыру (УДЕ) технологиясы Д.Б. Эльконин мен В.В. Давыдовтың дамыта оқыту технологиясы, Ш.А. Амонашвилидің ізгілікті - тұлғалық технологиясы, В.Ф. Шаталовтың оқу материалдырының белгі және сызба үлгілері негізінде қарқынды оқыту технологиясы, М. Чашановтың проблемалық модульді оқыту технологиясы, П.И. Третьяковтың, К. Вязинаның модульді оқыту технологиясы. Қазақстанда осы мақсаттарды іске асыру үшін көптеген ғалымдар ұзақ уақыт талмай еңбек етуде. Бүгінгі таңда Ш. Қаланованың, Ж. Караевтың , Ш. Таубаеваның, Қ.Қабдықайыровтың, С. Лактионованың, М.Жанпейісованың, Қ. Нағымжанова мен Ә. Жүнісбек, С. Көшімбетованың т.б. ғалымдардың зерттеулерінде оқытудың жаңа технологиялары жан-жақты қарастырылады.
Ж.А. Қараевтің, М. Жанпейісова, Ә. Жүнісбектің және т.б. ғалымдардың оқыту технологиялары белсенді түрде қолданылуда.
Осыған орай, оқушының тұлғалық дамуына бағытталған жаңа оқыту технологиялары пайда болуда. Олар “Сын тұрғысынан ойлау”, “Деңгейлеп саралап оқыту”, “Модульдік оқыту технологиясы” және т.б.
М.М. Жанпейісованың “Модульдік оқыту” күнтізбелік жоспарды жасауға және оқушылардың өз бетінше ізденіп, шығармашылықпен жұмыс істеуіне “Модульдік оқыту технологиясы” өте тиімді. Модуль дегеніміз - қандай да бір жүйесінің, ұйымның анықталатын, біршама дербес бөлігі – деген екен С.И. Ожегов.
Оқу модулі - оқу циклі ретінде үш құрылымды бөліктен тұрады: кіріспе бөлімі, сөйлесу бөлімі,қортынды бөлім.
Әр оқу модулінде сағат саны әртүрлі болады. Бұл оқу бағдарламасы бойынша сол тақырыпқа, тақырыптар тобына немесе тарауға бөлінген сағат санына байланысты. 7-12 сағаттан тұратын оқу модулі неғұрлым тиімді.
Оқу моделінің ерекшелігі – жалпы сағат санына қарамастан, кіріспе және қорытынды бөлімдерге 1-2 сағат беріледі. Барлық қалған уақыт сөйлесу бөлімінің меншігінде болады.
Кіріспе бөлімінде мұғалім оқушыларды оқу модулінің жалпы құрылымен, оның мақсат-міндеттерімен таныстырады. Сонан соң, мұғалім осы оқу моделінің барлық уақытына есептелген оқу материалын қысқаша 10-20 минут ішінде, сызба, кесте және т.б. белгілі үлгілерге сүйене отырып түсіндіреді.
Оқушылардың оқу материалын қайта жаңғарту деңгейі, қарапайым білік пен дағдылары және білімін іс жүзінде бірнеше рет қайта қолдануы- сөйлесу бөлімі сабақтарында жүзеге асырылады.
Сөйлесу бөлімінде танымдық процесс сыныпта 2-6 адамнан шағын топтарға бөлу арқылы негізінен оқушылардың өзара әрекет етуіне байланысты құрылған.
Оқытуды ойын түрінде ұйымдастыру және әртүрлі белсенді формаларды (топтық, топтық-жеке және жұппен жұмыс, диспуттар, пікірталастар) қолдану – оқытудың міндетті шарты болып табылады. Сөйлесу бөлімінде алғашында оқу материалын қайта жаңғырту және қарапайым білік пен дағды қалыптастыру мақсатында өтеді, кейіннен алынған білімді талдау, жинақтау және бағалау мақсатында оқытудың белсенді формалары қолданылады.
Бұл технологияның маңызды шарты – оқушылардың кез келген ғылыми көздері, оқулықтарды оқу құралдарын пайдалануына болатындығы, сондай-ақ ұйымдастырушы, көмекші, кеңесші ретінде мұғалімнен жедел кеңес ала алатындығы.
Оқу моделінің қорытынды бөлімі – бақылау. Оқушы білімінің бақылаудың формалары ретінде тестілік тапсырмалар, бақылау жұмыстары, сынақ, шығарма немесе диктант оқу пәнінің ерекшелігіне орай қолданылып, оқу моделінің осы қорытынды бөлімінде беріледі.
Оқушылардың тақырып немесе тарау бойынша білімін, білігін, дағдысын бағалауда оқу моделінің қорытынды бөлімінде алған бағалары қойылады.
Өзін тексеруге арналған сұрақтар мен тапсырмалар:
1. Инновация ,инновациялық іс-әрекет деген не ?
2.Инновациялық іс-әрекеттің принциптері, инновациялық іс-әрекеттің міндеттері қандай?
3. Инновациялық іс-әрекеттің қандай кезеңдері белгілі?
4.Инновациялық іс-әрекетті ұйымдастыруда мұғалімнің рөлі туралы не білесіз?
5.Мұғалімің инновациялық әрекетін тудыруда педагогикалық технологиялар қандай рөл атқарады?
Достарыңызбен бөлісу: |