Қазақстан археологиясы


Усунь археологиялық ескерткіштері



бет55/138
Дата09.11.2023
өлшемі2.69 Mb.
#482791
1   ...   51   52   53   54   55   56   57   58   ...   138
187b333016c4831e2bc3140e58e992b1

Усунь археологиялық ескерткіштері


Б.з.б. ІІІ-І ғасырлардағы ерте кезең. Б.з.б. ІІІ-ІІ ғасырлар шебінде Жетісу мен Тянь-Шаньның тарихында жаңа кезең басталады, ол б.з.б. ІІ ғасырда Орталық Азиядан осында көшпелі юечжи және усунь тайпаларының қоныс аударуымен байланысты да еді. Көп ұзамай усуньдер жергілікті сақ тайпалары мен юечжилердің бір бөлігін бағындырады. Алайда юечжилердің басым бөлігі Орта Азияға қарай жылжып, онда болашақ Кушан империясының негізін қалады.
Усунь одағына жергілікті сақ тайпалары, сондай-ақ юечжилердің бір бөлігі қосыллғаннан кейін бірлестіктегі халықтың саны 630 мың адамға жетті. Дегенмен Жетісу мен Тянь-Шань тұрғындарының негізгі халқы сақ тайпалары болып қала бергендігі әбден мүмкін. Жергілікті тұрғындардың басым болуы археологиялық ескерткіштер құрамынан да байқалуы тиіс болды. Жазба дереккөздеріне қарағанда, Жетісу мен Тянь-Шань тұрғындары этникалық жағынан әркелкі болған. Мұнда сақ, юечжи және усуньдер тіршілік еткен. Мұны бір кезеңге жататын әртүрлі типтегі археологиялық материалдар да толығымен растайды әрі қуаттайды. Тек белгілі бір археологиялық ескерткіштерді нақты бір этностармен байланыстыру азды-кемді қиындықтар туғызып келеді.
Усуньдердің көне мәдениеттерін зерттеумен А.Н.Бернштам, Е.И.Агеева, А.Г.Максимова, К.А.Ақышев, Г.B.Кушаев айналысқан.
Топырақты мола обалары усунь кезеңіндегі жергілікті халықтың негізгі бейіттерін құрайды. Олардан б.з.б. І-мыңжылдық ортасынан бастап сақ кешендерінің тікелей дамуын көруге болады. Бұл б.з.б. V-ІV ғасырлардағы сақ кезеңінің Қызылауыз-1 қорымындағы материалдар мен б.з.б. ІІІ-ІІ ғасырларға жататын Қапшағай-3 ерте усунь ескерткішінің заттар кешенін салыстырғанда анық байқалады. Екі қорымның обалары тізбектеле орналасқан. Үйінді табанында, оның астында немесе үстінде тас сақинасы болған. Қабірлердің негізгі түрін ағашпен жабылған топырақ мола құрайды. Екі ескерткіштегі мүрделер басы батысқа немесе солтүстік-батысқа бағытталған. Молалардан қой сүйектері, бір-екі ыдыс және де аздаған темір мен қоладан жасалған ұсақ-түйектер алынады.
Сақ және усунь кезеңдерінің мәдениеті мен ескерткіштерінің тығыз генетикалық байланысын көптеген зерттеушілер ескерген. Мұны «сақ-усунь мәдениеті», «сақ-усунь ескерткіштері» секілді терминдердің пайда болуы да нақты түсіндіреді. Барлық мәліметтер Жетісу ерте көшпенділерінде ұзақ уақыт біркелкі қарапайым жерлеу құрылыстары, өзара жақын жерлеу ғұрыптары мен құрал-саймандары сақталғандығын көрсетеді. Бұдан шығатын қорытынды, усунь уақытындағы ескерткіштер тобын қалдырған халықты жергілікті сақ тұрғындарының ағынымен сәйкестендіруге, ал қорымдардың өзін кейінгі сақ ескерткіштері ретінде қарастырса да болады.
Жетісудан археологтар мейлінше кең таралған ескерткіштердің тобын бөліп көрсетеді. Біріншісі – құрылысы біркелкі және құрал-саймандары аз, топырақ қабатынан қазылған молалар (үйілген обалар).
Обаларға тізбектеле орналасу тән. Кейінгі кезеңде бұлайша орналасуды жүйесіздік алмастырады. Мүрде топырақ қабатынан қазылған молаға қойылды, кейде оның қабырғалары ағашпен бекітілді. Үсті ағаш жабындымен немесе тас плиталарымен жабылды. Мүрделер ұзынынан шалқасынан жатқызылды, басы әдетте батысқа қаратылды, кейде ол аздап ауытқуы да мүмкін. Молаларға түгелдей дерлік бір қаңқадан қойылған. Қайтыс болғандардың барлығы мола түбіне жатқызылған. Одан әдетте бір-екі ыдыс, анда-санда темір немесе қола пышақ табылады, ал әйел адамдардың қабірінен сәндік заттар мен әшекейлер, соның ішінде айна, темір ине мен кейде жоғарғы жағынан құс мүсіні бедерленген түйреуіш, сақина, алқа, темір білезік, моншақтар шығып отырады. Қару-жарақ өте сирек кездеседі. Кейінгі кездегі молалардан семсер мен сүйектен жасалған жебе ұштары табылады. Көптеген молалардан ғұрыптық астың қалдығы – қой сүйектері алынады. Шет елдерден әкелінген заттар мен бағалы металдан дайындалған бұйымдар өте сирек. Бірқатар молалардан дәнүккіштер алынған.
Қыш ыдыстарының мата қалыпта жиі дайындалғандығы анықталған. Ыдыстың пішіні: жартылай сфера түріндегі тостағандар мен шеттері жалтыратылған табақтар, көзелер мен ілгек секілді сапты немесе сапсыз алмұрт пішінді саптыаяқтар.
Ағаштан дайындалған ыдыстар пен ағаш үстелдер де кеңінен таралған.
Іле Алатауы аңғарындағы өзендер мен Іле алабынан усунь кезеңіндегі ескерткіштердің үлкен топтары анықталған, бұл халық санының артқандығын да көрсетеді. Бұл аудандардан араларын бос кеңістіктер алып жатқан 20-дан астам қорымдардың үлкен шоғыры анықталған. Мұндай таралуды тұрғындардың ру-тайпалық топтасуының көрінісі деуге болады.
Жетісудағы ескерткіштер арасынан қабырғалары таспен қаланған топырақ молалар бар Талғар қорымы (Талғар қаласының шетінде) ерекше көзге түседі. Шұңқырлары ағаш жабындымен жабылған. Молалардың көпшілігі тоналған, алайда алтын әшекейлер, темір пышақтар мен қыш ыдыстары аздап та болса сақталған. Молалардың біренен бұрын қызыл тері киімге тағылған алтын қаңылтыршадан жасалған 500 шақты тоғалар шыққан. Бұл жерден саз балшықтан істелінген мөр табылған, оған тау теке басы салынған қанатты хайуан бедерленген. Келесі бір моладан адамның бет әлпеті схемалы түрде полихромдық стильде дайындалған қапсырма табылған. Қорымның мерзімі б.з.б. ІІ-І ғасырлар шебінде белгіленген.
Жетісу шығысындағы Қаратал өзенінің аңғарында орналасқан Теңлік қорымының обаларынан б.з.б. ІІІ-І ғасырларға жататын бай қабір аршылған. Мұндағы көшпенді ақсүйек киімі жүздеген алтыннан жасалған көркем тоғалармен сәнделген, соның ішінде жабын киген салт атты бейнесі де бар. Осы жерден алтынмен қапталған және мол түрде әшекей салынған аса таяқ секілді істікше немесе түйреуіш табылған. Одан басқа қола айна, алтын қаңылтырмен әшекейленген ағаш қобдиша да шыққан.
Теңліктен алынған қапсырмадағы ат бейнесі жергілікті жылқы жынысы туралы ой түюге мүмкіндік береді. Оған қарағанда жергілікті жылқылар ірілігімен ерекшеленген, олардың кеудесі үлкен, ірі басты және жуан мойынды болып келген. Бұл бейнелер Еуразия аумағынан табылып кеңінен танымал болып отырған жылқы бейнелерінен біршама өзгеше.
Жетісудың басқа аудандарынан да усунь кезеңінің ескерткіштері көптеп ұшырасады. Олар тіпті көрші мемлекеттердің аумағынан да молынан зерттелген (Бернштам, Абетеков, т.б.). Мәселен, Шу аңғарындағы Тоқмақ қаласынан (Қырғызстан) оңтүстікке қарай орналасқан Бұрана қорымынан б.з.б. ІІІ-І ғасырларға жататын қызықты материалдар алынған. Қырғыз Алатауының солтүстік етегінде орналасқан төрт қорымнан 70 шақты обалар қазылған. Мұндағы жерлеу ғұрпы мен алынған материалдар (әшекейлер, керамика, т.б.) Қазақстан аумағындағы ескерткіштерге көп жағдайда ұқсас болып келеді.
Талас аңғарындағы молаларға ақіреттік ас ретінде қой еті қойылған. Табылған қабір саймандары жұпыны: бірен-саран темірден дайындалған бұйымдар (пышақтар, түйреуіштер), әшекейлер мен керамика ғана алынады. Қараша қорымындағы обалардың бірінен рельефті өрнегі бар саздан жасалған мөр табылған, ол да Талғар қорымынан алынған мөр секілді жеке меншік мүліктерін таңбалауға арналған.
Усунь мәдениетінің ескерткіштері Талас өзені аңғары мен Қаратау өңірінен де зерттелінген. Қаратаудың солтүстік-шығыс беткейлеріндегі Берікқара қорымынан обалардың 30 астам тобы анықталған, олардың жалпы саны 450-дей. Бұл жерден 1938-1939 жылдары А.Н.Бернштам 40-тан астам оба аршыған. Мұндағы үйінділер көлемі бойынша жіктелінеді: ірі обалардың диаметрі 50 м-ге, орташа обалардың диаметрі 25 м-ге, кіші обалардың диаметрі 4-12 м-ге дейін жетеді. Үйінділерде сақина, жарты ай немесе сүрлеу түріндегі тас қаландылары қаланған. Молалар қатты тас аралас топыраққа ойылып жасалынған. Олар батыстан шығысқа қарай созылып жатыр. Мүрделер шалқасынан жатқызылған, басы батысқа қаратылған, кейде солтүстікке қарай аздап ауытқушылық та байқалады. Тонау нәтижесінен олжалар аз шыққанымен, табылған құрал-саймандар әрқилы болуымен көзге түседі.
Қабірлердің екі хронологиялық тобы жіктелінеді: ең ерте (І) – б.з.б. ІV-ІІІ ғасырлар және тым кейінгі (ІІ) – б.з.б. ІІ ғасыр мен б.з. І ғасыры аралығы, соңғысына зерттелген обалардың басым бөлігі жатқызылған. Ерте топ ең алдымен қыш ыдыстар түрлері бойынша жіктелінген, олардың арасында түбі дөңгелек тостағандар, ұстағышты саптыақтар мен шүмекті шәйнек тәрізді ыдыстар басым. Бұл топқа жататын қабірлерді мерзімдеуде аузында құс тістеп тұрған арыстан бедерленген қола айылбас олжа негізге алынған. Берікқара қорымындағы ерте кезең хронологиясы б.з.б. ІІІ-ІІ ғасырлар болуы мүмкін екендігі анық.
Б.з.б. ІІІ-І ғасырлардағы материалдар Қаратаудың солтүстік беткейіндегі Тамды қорымынан да табылған. Обалар «мұртты» тас қаландысы бойынша ерекшелінеді. Мүрде топырақ қабатынан қазылған көлемді шұңқырға қойылған, оның беті ағаш жабындымен жабылған. Кейбір молалардан басы солтүстік-батысқа қаратылған төрт мүрдеге дейін кездескен. Тамдыдағы ер адамдардың қабірлерінен темір ақинақ бөліктері, сапты үш қанатты шанышқысы түсіңкі темір жебе ұштарының жиынтығы, жапырақ пішіндес ұңғылы найза ұшы, толыққанды анықтала қоймаған бір зат пен қорамсақ ілгегі шыққан. Қолдан жасалынған екі ұстағышты түбі дөңгелек және шүмекті шәйнек тәрізді құмыралар Берікқара қорымындағы ыдыстарға ұқсас болып келеді.
Б.з.б. ІІІ-І ғасырларға жататын басқа қорымдардан ұштығы дөңгелек темір түйреуіштер мен пышақтар, тас кетпен, түбі дөңгелек тостағандар, құмыралар мен саптыаяқтар табылған.
Қарастырылған ескерткіштерден алдыңғы уақыттардағы сақтарға тән жерлеу ғұрыптарының дәстүрі анық байқалынады. Берікқара мен Тамды материалдары Жетісу үшін белгіленген сақ уақытындағы және одан кейінгі усунь заманындағы жерлеу ғұрпы мен құрылыстары, қабір саймандары арасындағы мәдени ұқсастықтарды екшеген ұстанымдарды нақты бекіте түседі.
Б.з.б. ІІІ-ІІ ғасырлардағы ұңғып қазылған ескерткіштер де пайда бола бастайды, алайда олардың басым көпшілігі біздің заманымыздың алғашқы ғасырларымен мерзімделінеді (V ғасырды қоса).
Ұңғып қазылған қабірлер көлденеңінен қойылған бөренелермен жабылған. Қайтыс болған адам қасына әдетте ақіреттік ас (қой етінің бөліктері), темір пышақ пен қолдан жапсырылған бірнеше қыш ыдыстары қойылады. Кейбір молалардан темір жебе ұштары мен садаққа тағылған сүйек жапсырма да табылған. Сондай-ақ ағаш үстелдер, ет кесетін ыдыс пен ағаш тостағандар да ұшырасады, ал әшекейлер аз.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   51   52   53   54   55   56   57   58   ...   138




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет