Қазақстан археологиясы



бет53/138
Дата09.11.2023
өлшемі2.69 Mb.
#482791
1   ...   49   50   51   52   53   54   55   56   ...   138
187b333016c4831e2bc3140e58e992b1

Жетісудың сақ обалары
Обалар Жетісу ландшафтындағы ең көркем бөлшектер болып табылады. Олар көлемі, биіктігі бойынша өзгешеленеді және тізбек, шоғыр мен қорым алаңшаларын құрайды. Араларындағы ең танымалдары – Алматы, Талғар, Новоалексеевский, Қоғалы, Бұрындай, Есік, Түрген, Шелек, Кеген, Мерке, Жетітөбе, Үштөбе, Берікқара қорымдары. Олардың барлығы зерттелген, ішінара қазылған, ал Есік, Бесшатыр секілді қорымдар бүкіл әлемге танылды. Өкінішке орай, қорымдардың көпшілігі қираған, обалардың бір бөлігі жер бетінен сүріліп тасталған, тегістеліп кеткен және олардың орнына құрылыстар салынған.
Жетісу ерте көшпелілерінің тарихын зерттеп, алғашқы талдап қорыту М.П.Грязнов пен А.Н.Бернштамға тиесілі.
Жетісу көшпелілерінің археологиясын зерделеуге К.А.Ақышев, Е.И.Агеева, Г.B.Кушаев, И.И.Копылов, А.Г.Максимова, А.К.Ақышев, Б.Н.Нұрмұхамедов қомақты үлес қосты.
Әсіресе Іле алқабындағы сақтар мен усуньдердің мәдениетін талдап қорытқан еңбектің маңызы ерекше (К.А.Ақышев, Г.B.Кушаев). Онда өткен ғасырдың 60-жылдарының бас кезіндегі барлық белгілі материалдар жүйеленген, мәдениет тарихының кезеңдестірілуі нақтыланған, шаруашылық, қоғамдық қатынастар және де осы халықтардың шығу тегінің сауалдары зерттелген.
Өткен ғасырдың 50-60-жылдары Талас өзені алқабында ерте көшпенділердің обаларын зерттеу кеңінен қанат жайды (А.К.Абетеков, Ю.Д.Баруздин).
Талас алқабымен ұштасып жатқан Қырғыз жотасының солтүстік беткейіндегі ескерткіштер зерттелінді (А.Г.Максимова, 1970; 1972; 1975). Шу алқабындағы (А.К.Абетеков) және Ыстықкөл қазаншұңқырындағы қазба жұмыстары қайта жанданады.
Жетісуда, еуразиялық далалар белдеуінің басқа бөліктері сияқты ерте сақ ескерткіштері жеткілікті дәрежеде зерттелінбеген. Олар көбінесе қабірі онша бай емес және «скиф триадасына» енетін жеке олжалары бар жекелеген молалар түрінде ұшырасады.
Молалар үш түрлі: әдеттегідей шұңқырлар, ұңғыма және тас жәшіктер. Сірә, соңғыларын қола дәуірінен сақталған сарқыншақ құбылысы ретінде қарастырған абзал. Жерлеу мүрдені орналастыру бойынша да ерекшеленеді: солтүстік-батыс және солтүстік-шығыс. Кейде қайтыс болған адам жанындағы жеке шұңқырға жылқы да жерленді. Молаға ғұрыптық (ақіреттік) ас – қойдың еті қойылды. Қабір инвентары бай емес және біртекті, оған тіпті қару-жарақ та қойылған жоқ. Қабірлерден кейде ат әбзелдері (сулық, айылбас, т.б.) де аршып алынады. Бұл кезеңде, әсіресе оның соңғы кезінде аң стилінде дайындалған қолданбалы өнер туындылары белгілі бола бастайды. Тұрмыста халық қарапайым қола пышақтарды, ағаштан және сүйектен жасалған тарақтарды пайдаланды. Түбі дөңгелек жапсырма ыдыс пішіні бойынша бірден өзгеріп, ішінара мата қалыпта, ою-өрнек салынбай дайындалды. Көбелек тәрізді ұштығы бар қола және темір ақинақтар, ұңғымасы бар ромб пішінді тұрпаттағы жебе ұштары және кездейсоқ табылған өзге де бұйымдарды ерте скиф мерзіміне сай келетін ерте сақ уақытына жатқызылады. Сөйтіп, «скиф триадасына» енетін барлық үш құрауыш (қару-жарақ, жүген-ноқта жиынтығы, аң стилі) Жетісу сақтарының ерте кездегі мәдениетінен көрініс тапты деуге болады.
Ерте сақ кезеңіне бірқатар қоладан және темірден жасалған ұштығы көбелек тәрізді және зооморфты қанжарлар да жатқызылады. Мұндай қанжарлар Текеліден, Биже қоймасынан табылған. Бұлар туралы төменде азды-кемді сөз болады.
Б.з.б. Ү-ІІІ ғасырлар. Ерте сақ кезеңіне қарағанда сақ заманының ескерткіштері бірнеше есе көбейе түседі, мұның өзі өлкедегі тұрғындар саны едәуір ұлғайғандығын аңғартады. Жетісу мен Тянь-Шаньның барлық негізгі аудандарын осы уақытта сақтар мекендеген болатын. Байлықтың шоғырлануы нәтижесінде Есік пен Бесшатыр секілді көлемді жерлеу құрылыстарын тұрғызуға жағдай жасалды.
Қорымдардың бірнеше тобын бөліп көрсетуге болады, материалдардың шоғырлануы барысында олардың әрқайсысы дербес археологиялық мәдениеттерді құрауы ықтимал.
Шу мен Талас аңғарындағы сақ ескерткіштерінің тобы патша обаларынан (Жетітөбе) және Іле өзені бойындағы қатардағы қауым мүшелерінің молаларына ұқсас қарапайым халықтың бейіттерінен тұрады. Мүрде жанына бір-екі дана ыдыстар, әшекейлер, қола жебе ұштары қойылған, олардың арасында сапты үш қауырсынды және үш қырлы төлкелі жебе ұштары да кездеседі.
Шу аңғарының түрлі орындарынан сақ заманының жүзі тік, ұштығы көбелек тәрізді және кеспелтек секілді немесе антенна сияқты келген қанжарлар, түбі конус тәріздес құйма қола қазандар сияқты сан алуан қола бұйымдар кездейсоқ табылған.
Бесшатыр қорымы. Бұл қорым Іле өзенінің оң жағалауындағы Желшалғыр тауының қойнауында, Алматы қаласынан шығысқа қарай 170 км жерде орналасқан. Қорым солтүстіктен оңтүстікке қарай 2 км-ге, шығыстан батысқа қарай 1 км-ге созылып жатыр және де ол 31 обадан тұрады, олардың 21-і таспен, ал қалғандары қиыршықтас және топырақ үйінділерімен жабылған.
Обалар қорымда жүйесіз орналасқан, алайда солтүстік және оңтүстік топтарға жіктелінеді. «Үлкен оба» деп аталған ең үлкен оба қорымның солтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан. Оның диаметрі 104 м, орташа биіктігі 15 м. Үйінді төбесі қиық конус тәрізді, жалпақ төбесінің диаметрі 32 м. Обаның тас жамылғысы табаны жағалай тығыз етіп бірнеше қабат теселген, бұл — орасан зор үйінді орнатқан цоколь секілді болып көрінеді. Үйіндінің солтүстік және оңтүстік жақтарында төменге қарай түсетін ордың (ені 2 м) ізі байқалады. Үйіндінің айналасынан 5-7 метр қашықтықтан тас дуал етеді (ені 2 м және сақталып қалған биіктігі 50-60 см). Үйіндімен қатар бір басы кемілген ірі тас бағандардан (менгирлерден) және үлкен кой тастардан қоршау түрінде тұрғызылған дөңгелек қүрылыстар салынған. Үлкен обаның айналасында барлығы 94 қоршау бар. Кейбір тік тұрған тас бағандарға қазақ ру-тайпаларының таңбалары қашап салынған. Обаның солтүстік-шығыс жағында тағы да осындай жеті қоршау бар, олар оңтүстік-шығыстан солтүстік-батысқа карай созылып жатыр. Олардың жанынан қыш ыдыстардың көптеген сынықтары табылды, қыш қазандардың тұтқалары кездеседі. Қазылған қоршаулардың көпшілігінде тайыз жерден күл-ыс дақтары табылды, екеуінен сүйек қалдықтары, керамиканың сынықтары мен моншақтар шықты. Сірә, қоршаулар табыну мақсатына арналып, отқа табынуға және құрбан шалу ғұрпына байланысты болуы ықтимал.
Басқаларынан солтүстікке таман орналасқан Бірінші Бесшатыр обасының диаметрі 52 м, биіктігі 7 м. «Үлкен» оба секілді оның да төбесі жалпақ болды. Үйінді үш қабаттан тұрады. Жоғарғы қабат төбесінен бастағанда қалыңдығы 1 м-ге жететін және негізінен 3 м болатын таспен жабылған. Ең қалыңы екінші кабаты, ол қалыңдығы 3,5 метрден 13 метрге дейін жететін топырақ пен қиыршақтастан тұрады. Үшінші немесе төменгі қабатының астында Тянь-Шань шыршасының өңделген тұтас бөренелерінен салынған үлкен ағаш құрылыс табылды. Сағана үйілген топырақ астына жерленген адамның үстіне тұрғызылған, бұл түгелдей жер бетіндегі құрылыс.
Сағанасы дәлізден (дромостан), тамбурдан (қабірдің алдынғы кірер аузы) және жерлеу камерасынан тұрады. Дәліз ұзын, биік және төбесі жабылмаған ауданы 5,75х1,50 м құрылыс, оның биіктігі 5 м-ден астам. Тамбур жерлеу камерасының шығыс қабырғасына жалғасады. Дәліз көлденеңінен қойылған кеспелтектер арқылы екі бөлек жайға бөлінген. Жерлеу камерасы бұрыс шаршы пішінінде, бұрыштары әлемнің төрт тараптарына бағытталған, 16 қатар Тянь-Шань шыршаларынан тұрады. Төбесі мен шатырына қабырғасын бойлай бөренелер төсеніші қойылған. Төсеніш қалыңдығы 7-8 бөренеден тұрады. Қабырғасын сыртқы және ішкі жағынан тігінен қазылып қойылған 16 бөрене ұстап тұрған. Барлық бөренелері жақсы өңделген: бұтақтары мен бұдырлары тегістеліп, қабығы аршылған. Бөлменің қабырғасын құрайтын бөренелер мұқият тегістеліп, бір-біріне тығыз қиюластырылған. Бөренелерде қашау мен пышақ іздері жақсы сақталған. Тасымалдау үшін олардың екі шеті мен ортасына арқан байлайтын кертік түсірілген. Жерлеу бөлмесінің беренелерден тұратын жалпақ төбесі шиден есілген арқандармен буылған қамыс төсеніш қабатымен жабылған.
Жерлеу ғұрпынан кейін бөлмеге апаратын есікке ірі тастар каланып, дәліз белігі қиыршақ тас араластырған кесек тастармен төбесіне дейін бекітіліп тасталған. Осыдан кейін ғана жерлеу құрылысының үстіне тас пен қиыршақ тас аралас көлемі 5 м-ден астам зор үйінді үйілген.
Жерлеу камерасы тоналған. Еденді үйіндіден тазалағаннан кейін ер және әйел адамдар қаңқаларының, жануарлардың шашылып жатқан сүйектері, беймәлім бір бұйымның ағаш аяғы аршып алынған.
Басқа Бесшатыр обаларында да дәл осындай архитектура сақталған, алайда олар оба мен сағана көлемдері бойынша бір-бірінен өзгешеленеді. Мәселен, «Үшінші» обадағы қазба жұмыстары үйіндінің 17 қабаттан тұрғандығын анықтауға мүмкіндік берді, сонымен қатар обаны айналдыра бастапқыдағы биіктігі 1 м-ден астам қабырға болғандығын дәлелдеді. «Алтыншы» обаның (диаметрі 52 м, биіктігі 8 м) ұзындығы 55 м шамасында жерасты жолдары мен катакомбалары болды. Жолдардың күмбезі жарты шеңбер тәрізді, жерасты жолдарының биіктігі 1,1 метрден 1,68 метрге дейін, ені 75—80 см-ге шейін жетеді.
Қорымдағы обалардан басқа алты қоршау анықталған, оның төртеуі обалардан батысқа қарай, қалғандары солтүстік-шығыстағы төбешікте орналасқан. Қорым жанындағы тігінен қойылған тастардан (менгирлерден) тұратын бұл қоршаулар дербес ескерткіштер емес, олар обалар архитектурасына қосымша құрылыстар болып табылады. Олардың бірқатарына тау ешкі, қабан мен қасқыр бейнелері қашап түсірілген.
Шағын обалардың үйіндісі топырақтан және өзен малта тастарынан тұрғызылды. Үйінді астында ұзынша келген топырақ шұңқыр орналасты, әдетте ол шығыстан батысқа қарай бағытталды. Мүрдені шалқасынан жатқызып, басын батысқа қаратып жерледі. Шұңқырдың беті ағаш кеспелтектермен жабылды. Бесшатыр жанында орналасқан Қызылауыз қорымындағы екі бейіттен ұжымдық жерлеу салты анықталған; олардың біріндегі мүрделер екі қатар (ярус) етіп жерленген.
Әдетте, камераның оңтүстік және батыс жағына ыдыстар, ал солтүстік жағына тақтайдан жасалған еденге мүрде қойылды. Бесшатыр қорымы б.з.б. V-ІV ғасырлармен мерзімделді.
«Есік» обасы. Ол Алматы қаласынан шығысқа қарай 40 км жердегі 40-тан астам обадан тұратын үлкен қорымның оңтүстік шетінде орналасқан. Обаның диаметрі 60 м, биіктігі 6 м. Үйінді көп қабатты (3-4 қабат), малта тас қабаты қиыршық-сазды қабатпен ауысып отырады. Үйінді астында екі қабір: орталық және бүйірдегі (оңтүстік) қабірлер бар. Орталық қабір түгелімен тоналған. Бүйірдегі қабір сол күйінде сақталған.
Жерлеу камерасы немесе лақыт Тянь-Шань шыршасының өңделген бөренелерінен салынған, оның көлемі: ішінен өлшегенде 2,9x1,5 м, сырты — 3,3x1,9 м, бөренелер қабатымен қоса алғандағы биіктігі 1,3-1,5 м.
Қабір құрылысы былайша тұрғызылған: әуелі ұзына бойы батыстан шығысқа бағытталған тікбұрышты қабір шұңқыры (қазаншұңқыр) қазылған. Оның түбіне бөрене қима-лақыт жасалған. Оның құрылымы өте қарапайым: ұзындықтары бірдей бөренелерді көлденеңінен лақыттың қабырғасы болатындай етіп қаластырған. Бұрыштарында бөренелер өзара байланбаған, тек түйісіп қана тұр, лақыттың ұзын және көлденең қабырғаларындағы бөренелердің ұштары қабірдің опырылып түспеуі үшін кезек-кезек ұмсындырылып шығарылған. Лақыттың қабырғаларына бөренелер бес қатар етіп салынып, ол үстінен де ұзын қабырғаларына көлденеңінен қойылған бөренелермен жабылған. Түбіне жақсылап өңделген он тақтайдан бір біріне жақсы қиюластырып еден төселген. Еденге өлік пен неше түрлі нәрселер қойылған.
Еденнің өлік жатқызылған тұсына ұсақ алтын қаптырмаларымен әшекейлеп тігілген мата төсеніш төселген. Төсеніш үстіне тамаша сәнді киімі кигізіліп, бес қаруы түгел асылған елік қойылған. Орныққан салт бойынша, өлік аяқ-қолы созылып, басын батысқа, бетін жоғары қаратып шалқасынан жатқызылған, оң қолының саусақтары кіндігінен төмен қойылып, сол қолы бір жағына созылып жатыр.
Оң жағында бел тұсына ағаш қыны бар темір семсер қойылған. Қару ілетін аспалы белдікке алтын қаптырмалар мен жолбарыс басының бедерлі бейнесі бар өткерме шегелеген. Белдіктің сол жағына шауып бара жатқан бұлан мен ат пішінінде жасалған екі алтын тілігі жапсырылған, қайыспен қапталған ағаш қыны бар темір ақинақ ілінген. Оның әшекейлері арасынан белдіктің аспалары үшін жасалған, бүктетілген қасқырдың бедерлі бейнесі салынған цилиндр формалы екі қаптырма-тоға ерекше көз тартады.
Сол қолының қарында алтын үшты символды жебе, одан жоғарырақ сабы жалпақ алтын таспамен бунақтала оралған қамшы, одан жоғарырақ - ішіне қола айна мен қызыл бояу салынған шағын жібек қоржын жатты.
Лақыттың еденіне өлік тамағы салынған және ғүрыптың ыдыстар қойылған. Жазуы бар күміс тостаған мен оқшауырақ тұрған алтынмен апталған қола тегененің де соларға жататыны анық. Оның ішінде жыртқыш құстың тұмсығы мен тырнақтары түрінде жасалған бірнеше мүсіндік алтын тіліктер жатыр.
Оңтүстік қабырғаны бойлай ағаш ыдыс, оның арт жағында — екі катарда төрт табақша, ал алдыңғы жағында — тегене мен ожау тұрды. Келесі қабырға жанына қыш құмыралар бір-біріне түйістіріліп, бір қатарға тізіліп қойылған, олардың алдында тегенелер орналасқан, тегенелердің арасында екі күміс тостаған мен қасық бірге қойылған. Күміс тостағандардың біріне 26 әріптен (таңбадан) тұратын жазу жазылған. Қола аяқ бөлек, қаңқаның бас жағында тұр. Лақыттың шығыс қабырғасы жағындағы еден бөлігі заттардан бос. Сірә, лақыттың есігі оның шығыс жағында болса керек. Жерлеу ғұрпы жасалып, дене қойылған соң лақыт қысқа бөренелермен жабылып, шұңқыр топырақпен көмілген де, сонан соң топырақ үйілген.
Антропологтардың анықтауынша, Есік обасына жерленген адам 17-18 жасар. Ол алтынмен мол тігілген сәнді киім киінген. Басына түгелдей түрі де, көлемі де әр түрлі алтын қаптырмалармен сәнделген, төбесі шошақ, биік (65-70 сантиметрге дейін) бас киім киген. Бас киім жылқы барыс, тау теке, кұс бейнеленген 150-дей алтын қаптырмалармен және тоғалармен сәнделген. Есік жауынгерінің мойнында - ұшы жолбарыстың басы іспеттес алтын алқа, сол жақ сырғаларында - перузадан жасалған салпыншақтары бар, көз салған алтын сырға болған.
Үстіне мата көйлек кигізілген, оның өңірі мен жеңдері неше түрлі алтын қаптырмалар мен тізбелер араластырып, әшекейлеп, кестеленген; көйлектің сыртынан киілген қызыл бояумен боялған былғары бешпенттің өн бойы жолбарыстың басы бейнеленген алтын тоғалармен және үш сала жапырақ формасындағы кішкене тоғалармен қапталған. Бешпенттің сыртынан зооморфтық стильде жасалған, көздің жауын алатын он алты көлемді қаптырмамен қапталған құрама белдік тағылған. Белдіктің оң жағына қызыл қынға салынған ұзын темір семсер, сол жағына бұлан мен жылқы бейнеленген алтын қаптырмалар шегеленген қыны бар темір ақинақ ілінген. Шалбар тігісі бойымен ұсақ алтын шеттіктермен әдіптелген және балақтары бешпенттегідей алтын қаптырмалар шегеленген саптама етікке сұғындырылған. Сақ жауынгері саусағына екі алтын жүзік таққан, олардың біреуі — сәнді бас киім киіп қырын қарап тұрған адамның бас бейнесі бар алтын (жүзік-мөр). Есік обасындағы қабірдің мерзімі б.з.б. IV ғасырдың соңы мен б.з.б. III ғасыр бас кезі деп белгіленіп отыр.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   49   50   51   52   53   54   55   56   ...   138




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет